Сборник международной конференции «модернизация сознания: характер передачи образа «Әлем»



Pdf көрінісі
бет33/123
Дата24.08.2023
өлшемі2,86 Mb.
#105558
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   123
Байланысты:
конфернция материалы

«Бата» концептісінің
маңызы ерекше. Бата – түркі халықтарының 
тұрмыс-тіршілігіндегі дәстүрдің айрықша көрінісі. Бата алу мен бата беру – халық түсінігінде 
қасиетті ұғым саналған. Әр жыр соңындағы бата берумен Қорқыт образы тұлғалана түскен. Ол 
кітапта Байындыр хан тұсындағы елді ынтымаққа шақырушы ақылгөй болып суреттеледі. Оның 
тілек-батасындағы әрбір сөз салмақты да пәтуалы. Халықтың асқақ арманымен, ниет-тілегімен 
сабақтасып жатады. 
Қаратауларың құламасын! 
Көлеңкелі қаба ағашың кесілмесін! 
Күркіреп аққан суларың сарқылмасын! 
Қанаттарыңның ұшы қырқылмасын! [2;29] 
Қорқыт ата батасы – елді біріктіруші қуатты идеологиялық қаруға айналған. Оқырман 
қызықты, шытырман оқиғалы жырдан соң, киелі тұлға батасымен ой түйіп рухтанады. 
Қорқыт батасы ерекше мағынаға ие. Батаның әрбір жолы елдіктің мәселесін қозғайды. 
«Қаратауларың құламасын!» дегені – Отаныңның шаңырағы шайқалмасын, еліңді жау баспа-
сын, дұшпаныңа жалтақ, кіріптар болма дегені. Бұл тілек – сол кез үшін де, бүгінгі уақыт үшін 
де еш маңызын жоймаған елдік мәселесі. «Көлеңкелі қаба ағашың кесілмесін, Күркіреп аққан 
суларың сарқылмасын!» деп келетін батаның келесі жолдары да терең мағынаға ие. Мұны 
екінші сөзбен тарата айтсақ, табиғатың, өмір кешер ортаң тозбасын дегенге саяды. Түркі халқы, 
оның ішінде ежелден мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы – табиғатты барынша 
құрметтеген, аялаған халық. Табиғаттың ен ортасында табиғатпен сіңісіп тіршілік кешкен 
халық. Жаратылыстың қабағын бағып, сырын, тылсым күшін ұғынған халық. Қорқыт ата 
заманында «қаба ағашың кесілмесін», «күркіреп аққан суларың тартылмасын» деген тілек 
орындалмастай көрінгенмен, қазіргі уақытта орманның оталуы да, судың тартылып, сарқылуы 
да уақыттың шындығына айналып отырғаны сөзсіз. Экология мәселесі – дүние жүзі халық-
тарын, мемлекеттерін алаңдатып отырған күрделі проблемалардың біріне айналып отыр. 
«Қанаттарыңның ұшы қырқылмасын! Бәйгеге жіберген Ақбоз атың мүдірмесін!» дегенде 
рухтарың аласармасын, үміттерің өшпесін, бағың таймасын деген қадірлі ұғымдар ойға 
оралады. «Қара болат қылышың мұқалмасын! Шашақты найзаң сынбасын!» дегенде жауын-
герлік айбарың, күш-қуатың кемімесін, тосын келген жауға төтеп берер қайратың, намысың 
болсын дегенді білдіреді. «Анаңның жатқан жері пейіш болсын! Бабаңның жатқан жері ұжмақ 
болсын!» дегені аруақты сыйла, құрметте, жатқан жері биік, көркем, таза болсын, тілек тіле, 
дұға жаса деген мәнді білдірсе керек. Қазақ халқында өмірден өткен ата-бабаны құрметтеу 
ерекше орын алады. Тәңірлік дәуір әдебиетінің нұсқаларында ел басқарған білікті хан, білекті 
батырлардың аруағын сыйлау, құрметтеу, оларға арнап мәңгілік тас жазуын қою кең өріс алған. 
Бұл сипат қазіргі қазақ халқының дүниетанымында өз ізін жоймаған. «Хақ жандырған шырағың 
жана берсін! Тәңірім сені қара жүрек қарақшыларға мұқтаж етпесін, ей, хан ием!» деген бата 
жолы ұзақ өмір кеш, бейқапыл қазадан сақтасын дегенді аңғартады. Қорқыт ата батасы – түркі 
халқының өмір философиясы. Ол түркі халқының дүниетаным-түсінігіне, тіршілік қағидасына 
негізделген. 


МЕЖДУНАРОДНАЯ КОНФЕРЕНЦИЯ «МОДЕРНИЗАЦИЯ СОЗНАНИЯ:
ХАРАКТЕР ПЕРЕДАЧИ ОБРАЗА «ӘЛЕМ» В ДУХОВНОМ НАСЛЕДИИ
37 
Қорқыт заманынан жалғасқан бата қазіргі қазақ тұрмысында да мәнін жойған жоқ. Дуалы 
ауыздан шыққан бата қиналғанда қуат беріп, бәле-жаладан сақтайды деп саналған. Бата 
тірілерге де, аруақтарға да бағытталған. «Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді» деген 
мақал қазақ тұрмысындағы батаның орнын білдіреді. 
Бата халықтың тұрмыс-тіршілігімен, алқалы топтың мақсат-мұратымен байланысты 
айтылады. Малды кәсіп еткен қазақ халқының ежелгі бата үлгілері көбіне жан, мал 
амандығымен, ел-жұрттың тыныштығымен, ұрпақ жалғастығымен, қас дұшпанға туған жерді 
таптатпаумен қатысты болып келеді. Мәселен, Радлов кітабындағы көне бата үлгілері былай 
берілген: 
Е, құдайым, бала берсін! 
Мал мен басты және берсін! 
Саған қас қылған дұшпанды 
Табаныңның астына сала берсін! 
Аллаһы акпар! [4,24]
Е, құдайым, оңдасын! 
Мың саулығың қоздасын! 
Сегіз түйең боталап, 
Сегіз келін қомдасын! 
Тіленшінің биесін берсін! 
Үйсін, Қоңыраттың түйесін берсін! 
Біткен аруақ бәріне тие берсін! 
Аллаһы акпар! [4,25]
Жалпы, түркі халқының бата беру рәсімі ежелден келе жатқан дәстүр-салт көрінісі екені 
аңғарылады. Мұнда халықтың ұрпақтар арасындағы байланысы көрініс берген. Бата беруші 
қарияның қоғам, белгілі орта алдындағы орны, жауапкершілігі, беделі танылса, екіншіден, бата 
алушы көпшілік қауымның жан-жүрегіне бата сөзімен ізгілік сезімдері дарытылады. Сонау VIII-
IX ғасырлардағы Қорқыт заманындағы бата беру үлгісі қазірге дейін мазмұндық-формалық, 
орындаушылық үлгісін сақтап келе жатқаны байқалады. Сондай-ақ ақ батамен бірге халық 
ұғымында «теріс бата» да бар. «Теріс бата» біреудің өтіп кеткен шектен тыс жамандығына, 
зәбір-жапасына деген ашу-ызадан, қалған көңілден туындайды. Халық түсінігінде «теріс бата» 
алған адамның жолы болмайды, қарғысқа ұшырайды. Түркі халқы, оның ішінде қазақ халқы 
сөздің магиялық қуатына сенген. «Баталы ер арымас» деген мақал сол сенімді білдіреді. 
«Қорқыт ата кітабындағы» үлкен беделге, құрметке ие болған ел ақылгөйі Қорқыт ата 
образының бейнеленуінде бата сөздерінің көркемдік қызметі ерекше. 
«Ер бала» концептісі «Дірсе хан ұлы Бұқаш хан әңгімесінің баянында» ерекше көрініс 
береді. Түркі халқында ер баланың орны өзгеше. Жырлардағы түсінікте ол әулет жалғасы, 
шаңырақ иесі ғана емес, батырлығымен, күш-қайратымен елге қызмет жасап, айбынын 
арттыратын батыр болуы тиісті деп саналған. Бірде хандардың ханы Байындыр той жасап, оғыз 
бектерін қонаққа шақырады. Ұлы барларды ақ отауға, қызы барларды қызыл отауға, ұл-қызы 
жоқтарды қара отауға қондыруға бұйрық береді. Ақ отау, қызыл отау, қара отау – символдық 
бейнелер. Ұл-қызы жоқ Дірсе хан бұл тойда қатты қорланып, күйзеліске ұшырайды. Бір 
перзентке зар болу желісі қазақ эпостарына да тән. Дірсе хан қатынының ақылымен қайыр-
садақа беріп, аш-жалаңаштарды тойындырады. Тәңіріден күндіз-түні тілек тілейді. Сөйтіп, аузы 
дуалы біреудің қайыр дұғасымен қатыны жүкті болып, Тәңірі оларға бір ұл береді. Дүниеге ұл 
келген соң, Дірсе ханның айбыны асып, мерейі тасиды. Бала өсе келе Байындыр ханның бұқасын 
жығып, күш-қайратын танытады. Қорқыт ата оған Бұқаш деп ат қойып, батасын береді: 
Ей, Дірсе хан, 
Бектік бер бұл ұғланға, 


«САНАДАҒЫ ЖАҢҒЫРУ: «ӘЛЕМ» БЕЙНЕСІНІҢ РУХАНИ МҰРАЛАРДА БЕРІЛУ СИПАТЫ»
АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ
38 
Тақ бер астына, өнерлі екен! 
Қаз мойынды бедеу ат бер бұл ұғланға, 
Мінер болсын, өнерлі екен! [2,20] – 
дейді. Бұқаштың ел данасынан бата алуы – оның азаматтығының, ер жеткендігінің белгісі. 
Екінші ескерелік мәселе – баланың өсе келе қайратымен танылған соң есім алуы. «Ол заманда 
бір бала бас кесіп, қан шығарса, ат қоятын еді» [2,20] дейді «Қорқыт ата кітабында». Балаға ел 
ақылгөйі Қорқыт ата есім береді. Бұл – балаға үлкен құрмет. «Байындыр ханның ақ алаңында 
ерлік көрсетті ол. Сенің ұлыңның аты Бұқаш болсын, атты мен бердім, жасты Тәңірім берсін!» 
– [2,20] дейді. Бұл дәстүрдің жұрнағы бүгінге дейін қазақ халқында сақталынып қалған. Қазақ 
отбасы дүниеге келген сәбиіне құрметті адамға есім қойдыруды мақсат тұтады. Сол күндері үйге 
келген құдайы қонақ та, қадірлі көрші де, сыйлы туыс та сәбиге ат қоюы мүмкін. Бұдан соң 
Бұқаш талай сыннан өтеді. 
Қай заманда да жақсылық пен жамандық, көреалмаушылық, қызғаныш қатар жүрген. Дірсе 
ханның қасындағы қырық нөкері түрлі айла-шарғымен оны баласына қарсы қояды. Алданған 
әке аңшылықта ұлын садақпен атып өлімші қылады. Жырда ананың баласына деген шексіз 
аналық махаббаты өрістетіліп суреттелген. Өз баламды өз қолыммен өлтірдім деп еңсесі түсіп, 
күйзеліп келген күйеуінің алдынан шығып, әйелі зарланады. 
Екеу барып, біреу келдің, қайда менің жан ұлым! 
Қараңғыда жұлдызым, қайда менің жан ұлым! 
Көрер көзім шықса игі, көзім неге тартады? 
Уа, Дірсе хан, менің сіңірім кесілсін, 
Ұлым емген емшегім неге сонша сыздайды? 
Жалғызым менің көрінбей, жүрек тулап барады, 
Сары жылан шаққандай тәні улап барады [2,23], – 
деп келетін зар өлең жолдарының эмоциялық қуаты зор. Ана көңілі қайғыдан тасынып, жүрек 
шерін төгеді. «Көрер көзім шықса игі, көзім неге тартады?», «Ұлым емген емшегім неге сонша 
сыздайды?» деп келетін сұраулық мағынадағы өлең жолдары жырдың көркемдік, әсерлілік 
қуатын арттырып қана қоймай, психологиялық-физиологиялық нақтылығымен кейіпкер 
басындағы көңіл-күйдің шынайылығын күшейткен. «Көздің тартуын» жақсылық-жамандыққа 
жору күні бүгінге дейін қазақ халқында сақталған. Ана зары – «Қорқыт ата кітабындағы» 
орындалуы биік жыр. Зарлана жыр толғау (жоқтау) – өзге халықтарда қаншалықты дәрежеде 
екені қайдам, бірақ қазақ халқында қазірге дейін ерекше дамыған ғұрыптық жыр. Ауыр қаза 
үстінде ет жақын әйелдер зарлана жоқтау айтқанда, кім-кімнің де сүйегін сырқыратады. Жоқтау 
жай ғана өлең сөз емес, бүгінгі өткен арыстың өмірдегі орны, жайсаң мінезі, бауырмалдығы 
айтылғанда, мазмұны байып, өмірден озған адамның бейнесі көз алдыңа келеді. Жоқтаудың 
адамға сезімдік-әсерлілік қуаты орасан. Дірсе хан әйелінің баласын зарлана жоқтауы да сондай 
қуатқа ие. Баласының қайда екенін, қай жерде қалғанын сұраған әйел зары енді жалынышқа 
ұласады. 
Жалғызымны хабарын, уа, Дірсе хан, айт маған! 
Қарсы жатқан Алатаудан құлады ма, айт маған! 
Тасып аққан ағын суға кетті ме әлде, айт маған! 
Арыстан мен қабыланға жем болды ма, айтсаңшы! 
Қара киімді, азғындарға тап болды ма, айтсаңшы! [2,23-24] 
Нөкерлерін қасына алып, баласын іздеуге шыққан ананың сезім, көңіл-күйі қысы-жазы 
қары арылмаған Қазылық тауына келгенде өрістетіле жырланады. Қан жоса болып, ессіз жатқан 
баласын көргенде есі шыққан ана Қазылық тауына қарата тіл қатады: 


МЕЖДУНАРОДНАЯ КОНФЕРЕНЦИЯ «МОДЕРНИЗАЦИЯ СОЗНАНИЯ:
ХАРАКТЕР ПЕРЕДАЧИ ОБРАЗА «ӘЛЕМ» В ДУХОВНОМ НАСЛЕДИИ
39 
Кеудеңде жаның болса тіл қатшы, ұлым менің! 
Құрбан болсын қара басым жолыңа, ұлым сенің! 
Аққан ағын суларың, Қазылық тауы, ақпай қалсын! 
Шыққан өсіп шөптерің, Қазылық тауы, шықпай қалсын! 
Жүгірген сенің киіктерің, Қазылық тауы, жүгірмей қалсын! [2,25] 
Қиналған кейіпкердің табиғатпен тілдесуі, ішкі мұң-зарын ақтаруы – әдебиетте, оның 
ішінде фольклорда бұрыннан жиі қолданылатын көркемдік тәсілдердің бірі. Дегенмен бұл 
аралықта халықтың Қазылық тауын киелі деп тану наным-сенімі көрінеді. Түркілік дүние-
танымда жаратылыстың өз иесі, киесі бар деп қабылданған. Сондықтан да онымен жарасымды, 
келісімді өмір кешуді ойлаған. Арадағы байланыс – сөздің магиялық қуаты болған. Жаратылыс 
иесімен тілдесу, жақсы, жылы сөз арқылы мейірімін түсіруді, ықыласын аударуды мақсат 
тұтқан. Жаны қиналған ананың қайғы-қасірет үстінде киелі жаратылысқа тілі тиіп жатса, 
анасының үнімен есін жиған Бұқаштың да алғашқы сөзі жаратылыс киесіне сөз тигізбеші деген 
өтінішпен басталады. 
Келші бері, ақ сүтіңді емізген, жаным ана! 
Ақ шашты, ізетті, жаным ана! 
Ағып жатқан суларын қарғамашы, 
Қазылық тауының кінәсі жоқ. 
Желкілдеген шөптерін қарғамашы, 
Қазылық тауының кінәсі жоқ. 
Киіктерін жүгірген қарғамашы, 
Қазылық тауының кінәсі жоқ. 
Арыстан мен қабыланын қарғамашы, 
Қазылық тауының кінәсі жоқ [2,25]. 
Жаратылысқа тіл қату, онымен өздерінің арасында көзге көрінібейтін аралық күшпен 
байланыс барын сезіну – көне түркі халқының өзіндік дүниетанымының бір көрінісі деп білеміз. 
«Қорқыт ата кітабындағы» «Дерсе хан ұлы Бұқаш хан әңгімесінің баянында» бұл наным-сенім 
өз бейнесін ана мен бала арасындағы диалогте көрініс берген. Бұқаштың бұл жарақаттан 
өлмейтіні түсінде Боз атты Қызыр бабаның аян беруімен нақтыланады. Ол: «тау шешегі мен 
анаңның сүтін жақсаң, шипа болады» дейді. Анасы екі мәрте емшегін сығып сауғанда, сүт 
шықпайды. Үшінші мәрте қатты қысып, зорлап сауғанда, сүт аралас қою қан шығады. 
Ананың мейірімі мен жанкешті тірлігі Бұқаштың аман қалуына сеп болады. Ана мен бала 
арасындағы қарым-қатыс, ананың баласына деген еш нәрсе тосқауыл бола алмайтын зор 
махаббаты баянда осылай асқақтата жырланады. Бұл сарын қазақ эпостарына да тән мотив. 
Түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының қоғамында ананың орны ерекше, әрдайым 
биік болған. Ана – шаңырақтың ұйытқысы, елдің бірлігін сақтаушы болған. 
Сюжеттің екінші арнасының дамуында әкенің өкініші суреттеледі. Бұқаштың тірі қалғанын 
сезген қырық қарақшы Дірсе ханды қолға түсіріп, кәпірлер еліне жаяу айдап әкетеді. Анасының: 
«Тұр, балам, әкең сені өлімге қиса да, сен оны өлімге қима» деген ақылымен Бұқаш қырық 
серігімен соңынан қуып барып, әкесін қауіптен құтқарады. Баласының тірі екенінен хабарсыз 
Дірсе хан бұл кезде қарақшыларға ақырғы өтінішпен қолын шешкізіп, қолына қыл қобызын 
алып, ішкі күйінішін жырлап отыр еді. 
Қаз мойын жүйріктер жоғалса, менікі еді ғой, 
Ішінде тұлпарың кетсе, айтшы маған. 
Соғыссыз, ұрыссыз-ақ алып берейін, қайтшы балам! 
Қой қорадан мың сан қой жоғалса, менікі еді ғой, 
Ішінде сенің қойың кетсе, айтшы маған. 
Соғыссыз, ұрыссыз-ақ алып берейін, қайтшы балам! 


«САНАДАҒЫ ЖАҢҒЫРУ: «ӘЛЕМ» БЕЙНЕСІНІҢ РУХАНИ МҰРАЛАРДА БЕРІЛУ СИПАТЫ»
АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ
40 
Түйелерден қызыл түйе жоғалса, менікі еді ғой, 
Ішінде сенің де жүк артарың кетсе, айтшы маған, 
Соғыссыз, ұрыссыз-ақ алып берейін, қайтшы балам! 
Алтын баулы отау үйлер кетсе, менікі еді ғой, 
Ішінде сенің де үйің болса, айтшы маған, 
Соғыссыз, ұрыссыз-ақ алып берейін, қайтшы балам [2,27], –
дейді ішкі дүниесін өксік буып. Дірсе хан зарынан, біріншіден, оғыз-қыпшақ халқының 
көшпенді тұрмыс-тіршілігі көрініс берген. «Қаз мойын жүйріктер», «тұлпар», «мың сан қой», 
«қызыл түйе», «алтын баулы отау үйлер» – көшпенді жұрттың сән-салтанаттары. Содан кейінгі 
екінші үлкен мәселе – елдің бірлігі, шаңырақтың шайқалмауы. Қарақшылардың азғыруына 
сенген Дірсе хан өкінеді, кеш те болса, баласына қастық жасағанына қайғырады. «Соғыссыз, 
ұрыссыз-ақ алып берейін, қайтшы балам!» деп толғанады. 
Бұқаш әкесін өлімнен құтқарады. Қарақшылардың кейбірін өлтіріп, кейбірін тірілей қолға 
түсіріп, қалың қолды кейін шегіндіріп, ерлігімен, күш-қайратымен танылады.
«Дірсе хан ұлы Бұқаш хан әңгімесінің баянында» 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   123




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет