жоқ», деп еді. Қойнынан алып мына бір шақпақ тасты берді.
«Жапан түзде жүріп тоңғанымда, не болмаса ашыққанымда от
тұтатып жылынып, ет қақтап жеуші едім», – деп саған берді.
Міне, сол аманатты енді өзіңе тапсырайын, мойнымда қарыз
болмасын.
Жылқышы жігіт ұсынған шақпақ тасты алақанына салып
салмақтап отырған Дархан әкесінің нені меңзеп, нені аманат-
тағанын көкірегіне түйді.
– Сіз қазір аттанбақшысыз ба, аға? – деді Гүлия. – Боран
болса мынау, түннің ортасында қайда барасыз асығып?
– Қайда барарымды өзім де білмеймін, қалқам. Қайда жүр-
генім ғана аян. Қазақ даласы – адастырмас, қазақ арасы – алжас-
тырмас. Күннің суығы, боранның ұлуы үйренген жауым, жалғыз
жортқандағы жолдастарым. Менің қорқарым табиғаттың дүлей
күші емес, ондай күш өзімде де бар, менің қорқарым ел ішінің
ысқаяғы, өсек-аяңы. Оспан секілді пысықтары ертең осы
үйден аттанғанымды көрсе кесірім сендерге тиер. Аттанайын.
Ал жазғытұрым қайта айналып соғармын. Уәде – Құдай сөзі.
211
Әкеңнің қабірін көрсетіп қайтармын. Сау болыңдар. Екеуіңнің
өміріңе қызығамын, бірақ қызғанбаймын.
«Апырай, әкем де аттанар алдында дәл осылай егіліп
қоштасып еді. Аман жүрсе екен азамат», – деп күбірледі Гүлия
көңілі іріп. Соңғы кезде көңілі жоқтан өзгеге босай беретінін
және ойлады.
Қарақасқа атына үзеңгіге аяғын тигізбей жалғыз-ақ секіріп
мінген Бати ұйтқып соққан ақ түтек боранның арасына сіңіп
жоқ болды. Оралар ма екен? Оралатын шығар...
Түске дейін соққан боран жол салушыларға кесапатын
тигізді. Мардымды жұмыс болған жоқ. Әсіресе, рельс төсеу-
шілер барын киіп, бақанын қолға алып шығып еді, бет қарат-
пай қар бүркіп сабалағанда жандарын қоярға жер таппай
баспаналарына қайта қашып тығылған. Баспана дегенде
Құландыдағы біртіндеп отырықшылыққа айналған ескі
там, жер кепе, айналасын қар тұтқан қараша киіз үй. Басқа
қалалардан көмекке келген әр ұлттың өкілдері, тәжірибелі
жұмысшы мамандар Омар байдың қыстағында үш бөлмесіне
нар төсеп сол үйде жатады. Жергілікті қазақтар ауыл-ауылдан
қатынап, ертеңді-кеш қыр асып, жаяу-жалпылы құндыздай
шұбап бара жатар еді. Кейбір ағайын-туғаны, тамыр-танысы
барлар Құландының тоқал тамдарынан шығып, кайда ұйықтап,
не ішіп жүргендері белгісіз әйтеуір уағынан қалмай жұмысқа
келер еді. Қыр жайлап, шет қонып, жаздай қымыз ішіп, бағлан
жеп нағыз қол жұмысына түспеген қазақы жігіттер ә дегенде
көбеңсіп, төтеден келген ауыр жұмысқа көндіге алмай жүрді.
Тиіп-қашып төбе көрсеткен болып, қосақ арасында тек
жүргендері де бар. Кейбірі қолын бір сілтеп артельге кіріп,
«көрмегенім шойын жол болсын» деп сырғақсып кеткен.
Әйткенмен де кеңдігін, осы еңбекті ерттеп мінген табанды
қазақ жұмысшылары даланың завод, фабрикасы жоқ салқар
төсінде-ақ қалыптаса бастаған. Дархан-сынды жалпақ табан,
құрыш білектілер шойын жол бойындағы ұсақ разъездерде
түкпілікті ірге теуіп, өмірімнің күре тамыры болды деп кешпей
де қонбай, бар қарекетін қайладан тапқан.
Бүгін үдей соққан боранға қарамай қасарысып көріп
еді, табиғаттың мылқау күшіне қарсы келе алмаған соң,
толастағанынша жұмысты қоя тұрған. Көкжиекті жалмап-
жұтып, ақ көбінге оранып сұлаған қайран даланың апшысын
212
қуырған жынды боран сап болғанда әр үйдің есігінен інінен
шыққан суырдай әркім-әркім сығалай бастады. Қылтиған
бастардың қайсыбірі меңірейіп шойын жолға қарады. Кешегі
арқандай шұбатылған жолдың сорабы бітеліп, қоянжонданып
жатыр. Енді сол шойын жолды қымтап тастаған қасат қарды
тазалау үшін күрек, саймандарын сайлап сабылған жұмыс-
шылардың қарасы молая түсті. Дархан да осылардың арасында.
Үлкен ағаш күректі иығына салып солай қарай беттеп барады.
Кеңсе жақтан Оспанның төбесі көрінді. Үстінде кімнен алғаны
белгісіз қасқыр ішік, басында құндыз бөрік, бейнебір Омар
бай көрден тіріліп келгендей алыстан тым оғаш көрінеді.
Сонадайдан қарағанда шонжар тұқымынан тәргіге ілінбей
аман қалған жұрнағы іспетті. Атасында көрмегенді ботасында
көрген Оспан аз күндік семіздікті көтере алмағандай ырғалып,
ата қаздай қаздаңдай басады. Оны көрген жұрттың бәрі таң
қалды. Ылғи да бір малақайын баса киіп, екі білегі сорайып
дірдектеп жүретін Оспан бой жасағандай, үлде мен бүлдеге
оранып шығуы қай қыры, анау асыл киімдерді қайдан алды?
Бәрі де жұмбақ еді. Ауыл ортасында жалғыз құдықтан су
алғалы шыққан Гүлия ғана бригадирдің үстіндегі Долдаш
ағасының ішігін таныды. «Жазған осы киімдерін үстіне іле
алмай-ақ кетті-ау».
Осы кезде бір қызық уақиға болды. Атандар мен іңген-
дердің барлығы көлік жұмысына жегіліп, ыңған тайлақ,
боталардың арасында қалған бұл ауылдың ноқта, жіп көрмей
тағы болып кеткен жалғыз бурасы аузынан ақкөбік ағып,
уілдеп Қызылегіз жақтағы жотадан қылаң берген. Алғашында
ешкім мән бермей өз қаракетімен әуре еді. Наурыздың басын
ала жарап, жынын шашып жынданатын бура талай сойқанды
бастайтын. Бұрынырақта мұндай жынын шақырар бураларды
тас қылып байлап тастайтын. Әйтпесе көзіне не көрінсе соны
қуып, шайнап, тізесімен езгілеп тапап өлтіретін-ді. Ақбас
бураның алғаш рет бос жүруі әмбесінде іңгеннің бәрінен
айрылып, шамданып буырқанған кесапатты шағы еді. Жер
қазып, жол төсеген жұрттың хайуанменен ісі болмады. Ақбас
бураның әсіресе биылғы жылы қысастайып, шабынуының
өзіндік себеп-салдары бар-ды. Кеше ғана тілерсек тістесіп,
бұла боп ескен тобынан бір-ақ күнде көз жазып, айырылып
қалғанын кеш, осы наурыз басталғанда ғана шындап ұққандай
213
құтырына бастаған. Өткенің сол өкініші жоқ өтпелі өткенінің
қимас қым-қуыт шақтарын іздеп, шудасын жел қағып маң-маң
басқан Ақбас бура үлпілдек үміттің жетегінде бұлыңғыр сапар
шекті. Хайуан екеш хайуан да аңсап сағына алады-ау... Тек,
анау темір жолдың бойында қараңдап, құмырсқаша қыбырлап
жүрген екі аяқтылар ұға бермейді. Кеңгірдің жотасына шығып,
жауын мүжіп, уақыт қажаған көне мазарды иіскелеп біраз
аялдады. Бұл тұстан қарағанда етектегі ел аяғының астында
қалады. Ақбас бура туған ауылын көптен бері көрген жоқ еді,
қар басып, томпайып-томпайып, анасы атылып қалған қаздың
жұмыртқасындай бұйығы жатыр екен. Ой-қырдың бәріне
құрықтай мойнын созып, үздіге қарап боздады. Ауыздан ақ
көбік ақты. Дала мелшиіп, мәңгілік ұйқыға кетіп, сарыңсыз
жатыр. Итше ұлыған алақаншық боран жаңа ғана толас тауып,
сан болған. Шабынған бура аппақ буалдыр дүниеде өз ағайын-
жұрағатын іздеді, көз қарықтырып ұзақ іздеді, таппады. Жүк
арта-арта әбден ығыр болып, мылжа-мылжасын шығарып
тастаған атан мен іңгендер шөгіп-шөгіп жатыр еді, көзіне түсе
қоймады. Осы кезде үйден шығып, аюдай қорбаңдап, шойын
жолдың қарын аршып жүрген тамам жұмысшыларға беттеген
жұп-жұмыр пәлені көрді. Көрді де шам шақыра долданып,
бұл әлемнің бар билігін өзі алғандай өжеттікпен буырқанды.
Аузынан ақ көбік пен будақ-будақ бу атқылап, сол қорбаңдаған
домалақ пәлені қарауылға ала тұра безді. Қасқыр ма, адам
ба бәрібір сазайын тарттырмақ ниетте тайраңдап бастап,
тапырақтай шапқылаған көзінен жас саулап, артына ақ боранды
үйіріп шапқылаған.
Төбенің басынан қосаяқтап құлдыраған бураны алғаш
байқаған Дархан еді. Сасқалақтап қалды. Құтырған түйені
талай көргені бар. Дәл қазір анау аңдыздаған бураға істер еш
қайлалары жоқ-ты. Осы үркердей үйірілген жұмысшыларды
түгел таптап, кеудесімен қағып мыжғылап тастауы оп-оңай.
Атып өлтіретін мылтықтары жоқ. Мұндайда не істеу керек?
Ауылды бетке алғаны анық. Ең қолынан келгені: «Бура,
жынданған бура шапты! Сақтаныңдар! – деп саңқылдап жұртқа
ескертумен болды. Оқтай зулап келе жатқан бурадан қорықпаған
адам қалмады. Кейбірі ауылға қарай тырағайлап жөнелген.
Оспан делдиіп қарап тұрды да, кеңсеге қарай безді. Әне, сып
етіп кіріп кетті, есіктен сығалап тұр. Екі шелек суды есік көзіне
214
қоя берген Гүлия ақбас бураның ағып келе жатқанын жаңа
байқады. Малды ауылда өскен ол құтырынған бура бойында
жаны бардың бәрін шайнап, езіп тастайтынын бұрыннан
білетін. Үй-үйге тығылып жан сақтамаса қашан айдалаға
лағып кеткенше тыныштық жоқ. Оның әсіресе шошынғаны,
анау жолдың бойында үріккен қойдай үйме-жүйме болып ес-
ақылдан айрыла шошынған жұмысшылардың шарасыздығы,
астында ат, қолдарында қаруы жоқ дәрменсіздігі еді. Ал олардың
ішінде Дархан да бар. Күректерін көлденең ұстап, не болса да
тосып алмақ тәуекел байқалады. Осы кезде Гүлия кеңсенің
бұрышында байлаулы тұрған әкесінің бозжорғасын көрді.
Ойланбастан тұра ұмтылып шапшаң шешіп, лып етіп қарғып
мінді де жұлдыздай аққан Ақбас бураның алдынан шықты кес-
кестеп. Түйеге керегі де осы еді. Туралап барып бозжорғаға
қамшыны басып-басып жіберіп көлденеңдей шапқылағанда
аузынан көбігі бұрқыраған бура қуа жөнелді. Ауылға шапқан
алпауытты әлдеқайда бұрып әкетті.
– Ол кім?
– Кім де болса ер екен.
– Жаулығы желбіреген әйел, – деп шулаған жұмысшылар
ілгерілі-кейін зулаған аттылы адамға көз жазбай қарап тұр.
Бозжорғаға мінген әйелді Дархан ғана таныды. Танығанымен
істер айла жоқ, әбден жарап ширыққан ызалы түйені жаяу
қуатын емес, бар сенгені бозжорға, «жеткізбей кетсе екен»
деп күбірлейді. Тақымын қыса құстай ұшқан Гүлияның да
тілегені осы – астындағы аттың төрт тұяғы ғана. Әкеден
қалған бозжорғаның шабысы перен, қолтығын сөге жөнелген.
Ә дегенде қасат қарды омбылап текіректеп қалған ат жел
ұшырып, жалаңаштап тастаған қатқаққа тұяғы ілінуі мұң,
сілтеді-ай дерсің жануар. Үстінде отырған қазымыр бригадир
емес, нәзік жанды әйел екенін сезгендей, сол әйелдің басына
төнген қауіптен құтылу керегін білгендей жер танабын қуыра
зымырады. Тұяғынан ұшқан жентек-жентек қар аралас
топырақ бұршақша жауып, бурадан оқ бойы озып-ақ кетіп
еді. Гүлия артына енді бір қарағанда арқан бойы жақындап
қалғанын байқады. Атына қамшыны қайта басты. Тағы да
қара үзіп кетпесе екі аралықтың тым жақын қалғанын сезген.
Екі көзінен парлап аққан жасты жеңінін ұшымен сүртейін
деп қанша оқталса да тізгінге қарысып қалған қолдарын жаза
215
алмады. Бозжорға болдыруы мүмкін, бірақ бура райынан
қайтар емес. Ауылдан ұзаңқырап кеткен сәтте жол бойындағы
жұмысшылар да тым-тырақай бөзіп баспаналарына қашып
тығылған. Бұдан әрі төзуге шыдамы жетпеген Дархан қолына
үлкен сойыл ұстап, қорада шөп жеп тұрған көп тырақының
біріне мініп әлгілердің артынан қоқырақтап шығып еді. Әбден
жүк тартып екі қапталы саталақтанған торшолақ мың салса
бір баспайтын шабан екен, құйрығын шыжбыңдатып әрі-бері
шегіншектеп алды да шоқырақтап жөнелді. Қызылегізді бетке
алып бірін-бірі қуып кеткен хайуан мен Гүлия төбеден асып
зым-зия жоғалған. Қабыршықтанған қар бетіне ойылып түскен
іздері ғана сайрап жатыр.
Бозжорға болдырайын деді. Ақбас бура өкшелей қуып
қалар емес. «Өлген жерім осы шығар» деп ойлады Гүлия.
Басына қауіп төнгенде адамның ойына қай-қайдағы келеді
екен. «Егер мен өлсем Дархан басқа біреуге үйленер ме екен».
Енді ол әлгінде Қеңгірдің мазарына бұрылмай жанынан зулап
өте шыққанына өкінді. Бозжорғаны бос қоя беріп, қарғып түсіп
ішіне кіріп кету керек еді. Арқасындағы адамнан айрылған
жылқының қашып құтылуы сөзсіз. Кері оралуға кеш болды.
Қайта қайырылса Ақбас бура қарсы алдынан шығады. Ие істеу
керек? «Шаршамашы, бозжорға, шалдықпашы, атар таңым алда
еді ғой; тым болмағанда паровозды көріп, үстіне бір шығып жан
тапсырсам арман не... шаршамашы, бозжорғам, шалдықпашы...
көрер қызығым алда еді... ең болмағанда Дарханымды жалғыз
қалдырмай, сәби тауып берейін, кіндігі үзіліп қала ма...»
Қадау-қадау ши басқан дала жүйткіп келіп бозжорғаның
бауырына кіріп жатыр, кіріп жатыр. Үстінде қаршығадай қонып
отырған Гүлия сол қырбақтанып көз қарықтырар даладан өзге
дүниені көріп те, сезіп те келе жатқан жоқ. Осы кезде анау бір
дөңестің үстінен жалғыз атты жолаушы шоқытып шыға келді.
Оның кім екенін білмесе де бозжорғаның басын солай қарай
жалт бұрып еді, екпіндей жетіп қалған бура ағып өтіп, қайта
қайрылғанша ұзаңқырап кеткен. Жалғыз атты жолаушы да
бұларды көріп көлденеңдей шапты. Гүлия жалғыз емес екеніне
есі шыға қуанды.
Боран басылған соң қансонар қуып, түлкі қағуға шыққан
Бати бозжорғаны шабысынан таныса да, үстіндегі жаулығы
ағараңдаған әйелді әбден жақындағанша шырамыта алмады.
216
Ендігі ойы Ақбас бурадан екеулеп жүріп құтылу. Жынын
шашқан құтырық түнеден тірідей босанып шығу мүмкін
еместігін сезген жылқышы қанжығасынан бір елі тастамай
байлап жүретін қыл арқанды асығыс шешіп, шиыршықтап
ұстады. Аттың екі рет аттағанын жалғыз-ақ қарғитын бура
шудасы желбіреп тура жанынан өте бергенде өкпе тұсынан
келігін қатарласа шауып қолына ыңғайлап ұстаған шалманы
көздеп тұрып лақтырып, бір ұшын тақымына орап ала
қойған. Өлген-тірілгеніңе қарамай шаптыға шапқан Ақбастың
мойнына сарт етіп іліпген арқан қайта буындыра түскенімен
екпінін баса алмай мұрттай ұшты. Тақымына арқан оралған
Батидың батырлығы түкке аспаған. Арыстанша атылып келе
жатқан алып түйенің күші мұны да ат үстінен жұлып алып
допша домалатты. Ә дегенде хайуан да, адам да тоң жерге
тоңқалаң аса құлап ауырсына жатып қалған. Ғажабы, адамнан
түйе бұрын тұрды. Тұрды да керіскедей аузын жалмаңдата өз
жынын өзі шайнап, астыңғы ернін салпита уілдеп ақ көбігін
ағызды-ай. Содан соң анадай тұста итше бұралып жатқан
Батиға тап берді. Не істерін білмей сасқалақтаған жігіт мойнына
асынған мылтығын іздеп еді, таппады. Құлаған кезде өзінен
бұрын ұшып кетсе керек. Жалма-жан пышағына жармасты.
Мойнына түскен қыл арқанды сүйретіп маң-маң басқан Ақбас
тіпті асығар емес, жаяу қалған жауының енді қайтып қашып
құтылмасын білгендей омыраулап келеді. Жылқышының
жүрегі аузына тығыла алғаш рет қорыққаны осы шығар-ау,
кездігін кезеп «айт! шөк-шөк!» – деп айбаттана ақырды. Көзі
қанталап әбден шабынған бура алдында адам түгіл аю тұрса да
сасар емес; аузын арандай ашып бақырып, қарпи тістеп шайнап
тастамақ. Олай бұлтарып, бұлай бұлтарып маңайлатпаған
Бати аяғын бура қағып құлағанын өзі де байқамап еді. Қайта
тұрамын дегенше дәл екі қарасаннан Ақбастың шөкелеген қос
тізесі басып тырп еткізбеді. Алпамсадай түйе шапшаң шөгіп
езгілеп, екі тізесін ырғап жынын шашқылады. Басы мен екі
қолы бос қалғанына қуанған Бати сармойын пышақпен түйенің
қолтығынан сұққылай берді, сұққылай берді...
Қашықтап кеткен Гүлия қайта айналып келгенде бураның
да, Батидың да жанарлары жылтырап, бір нүктеге қадала қатып
үнсіз жатыр еді... Аттан домалап түсіп, ағатайлап ұмтылды.
Бура қауіпсіз, мойыны иір-иір болып ақ көбік аққан басы оң
21
қапталға қылжиып қалған. Қолтығынан саулап аққан қып-
қызыл қаннан бу шығады. Жылқышы да қыбыр етпеді. Бар
қуатын жинаған Гүлия шидем шекпенінің омырауын ағытып
жіберіп, күн тимей ағарған алып кеудеге құлағын тосып еді,
әлсіз дүрсіл естігендей болды. Тамырын ұстады – сұп-суық
екен... Түйені аударып астынан суырып алуға дәрмен жоқ.
Өркешінен ұстап тартқылады. Мизете алмады. Сонан соң өлі
түйенің мойнындағы арқанды ағытып, шалмалап бозжорғаның
омырауына байлап шу дей қалғанда ғана Ақбас бура былқ етіп
қабырғасына құлап түскен.
Түйенің қанына малшынған Батидың денесі де бурадан
кем емес, соншалық ауыр көрінді Гүлияға. Арыстан азаматты
алдына алып сұлатып салып, жылаудан өзге қолдан келер
қайран жоқ дағдарыста отырған. Түйенің қанталаған үлкен көзі
жұмылмай, қорғасын бұлт туырлықтай тұтастырған аспанға
қадалған қалпы мәңгілікке қатып қалған-ды. Аспанның суреті
түскен қимылсыз жанардан жып-жылы жас ағып жатты... Таза
да тәкаппар жас... Аппақ қардың бетінде ұйыған қанға қарауға
Гүлияның дәті шыдамады. Лайсаңға айналған осыншалық
мол әрі қап-қара қанды тұңғыш рет керуі еді, жүрегі лоблыды.
Алақанына салып бас бармағымен басып отырған Батидың
сіңірмен жарысып білеулене біткен тамырына жан жүгіріп,
бүлкілдеп соға жөнелді ме қалай? Соға бастады!
«Ағатай-ай, тірі екенсіз ғой. Кеудеңіздегі шыбын жан
шырқырап жатыр екен-ау».
Осы шақта астындағы торшолақты сабалап тепең қаққан
Дархан да келіп жетіп еді. Астындағы тырақының мардымсыз
жүрісі әбден жанына тиген ол қарғып түсіп, сонадайдан жаяу
жүгіре басып ұмтылған. Ес-түссіз жатқан жылқышыны емес,
шоқайып жігіттің басын сүйеп жылаған Гүлияны бас салды.
– Тірі екенсің ғой, Гүләйім. Кұдай сақтаған екен ғой.
– Құдай емес сақтаған, Бати аға!
– Ер екен. Бойында жаны бар ма өзінің? – Ол да ашықтау
қалған кеудесіне құлағын тосты: – Тірі, талықсып кеткен
секілді. – Шүберектенген бет сол жыбырлап, ашылып барып
жұмылған көзі қозғалғандай болды, кірпігі қимылдап сәл
ауырлап жатты да жанарын ашты. Әншейінде байқамайды екен,
жылқышы жігіт соншалықты келбетті, азаматың қайсы десе,
мынау дейтіндей сұлу... енді ғана, жаны қиналған минутта ғана
218
қалқып бетінен көрінді. Қабағын шытып барып «уһ» деп ауыр
дем алды.
– Бати аға, қай жеріңіз ауырады? Мені танисыз ба? – деді
Гүлия қасқайған аппақ маңдайына алақанын басып. Дархан
бетіне қар суын сығып тамызды.
– Алақаның қандай ыстық еді, қалқам, – деді кеберсіген
ернін әрең қозғап. Содан соң қозғалайын деп әрекет жасап еді,
ышқынып барып көзін қайта жұмды.
– Денесінде сынық бар. Ауылға жеткізу керек. Көзін жалма-
жан ашқан Бати басын шайқады:
– Керек емес, – деді тілге келіп. – Керек емес.
– Олай демеңіз, аға. Құландыға жегкізсек онда орыс дәрігері
бар, емдейді, жазылып кетесіз. Сіз керексіз бізге, керексіз! –
Гүлияның көзінен тағы жас бұршақтады.
– Ер жігіт аттан жығылмай жер танымайды деген, Бати. Сауы-
ғарсың, ауылға апарайық, – деді Дархан.
– Құландыға емес, – деп басын шайқады. – Ақшидегі
артельге барайын шамам жетсе. Кеудемді көтеріңдерші.
Екеулеп жүріп еңсесін көтеріп еді, шытқынып қатты ауыр-
сынды.
– Сынық бұғанада, – деді кеберсіген ернін қанын шығара
тістелеп. – Дархан, анау қыл арқанмен кеудетұсымды мықтап
тұрып таңып тасташы. Аяғым ештеңе етпес, сіңірім созылып
қалған секілді, қасқа құлындай қауқарым бар шығар.
Дархан жылқышының белінен жоғары қарай шыр айналдыра
иығынан айқастыра шандып матай бастады.
– Қаттырақ, – деді Бати тістеніп. – Қаттырақ ора! – Байлау
аяқталған соң басын көтеріп отырды да: «Моқ-моқ» деп анадай
жерде бірінің сауырын бірі қасып жаны кіріп, шұрқырасып
тұрған қара қасқасын шақырды. Оқыранып жанына келген аты
иесін иіскеп еді, Бати «жат, жат» деп әмір берген. Кәдімгідей
шөкелеп барып, тұра іргесіне тақала жатты. Аттан осыншалық
ақылдылықты күтпеген Дархан мен Гүлия таң-тамаша.
– Ал енді, Дархан, мені мінгізіп жібер. Ақшиге ептеп-септеп
өзім де жетермін.
– Жоқ, болмайды, біз де ере барамыз, – деген сөзді екеуі
бірдей жарыса айтты. Қара қасқа үстімдегі ием құлап қалар
дегендей жайлап тұрғанда Бати да сау аяғын үзеңгіге салып,
бұғанасы сынбаған жақтағы қолымен тізгінді ұстады.
219
– Әй, Дархан, мылтығымды иығыма іле салшы, – деді.
– Апырай, Батеке-ай, бізді серік қылсаң етті. Жолда
бірдеңеге ұшырап, – дей берген Дарханның сөзін бөліп жіберді.
Ат үстіне шыққан соң аруақтанып, мерейленіп қалды ма, даусы
қар үстінде жатқандағыдай емес саңқылдап шыққан.
– Бірдеңеге жалғыз-ақ рет ұшырайтын адаммын мен.
Әуре болмаңдар. Егер артымнан ерсеңдер өкпелеймін, қайтіп
көрмеймін беттеріңді. Мені қойшы, Ақшидегі оташы шал
жазады ғой, Құландыда қалған ақырғы бураға обал болды,
тұқымы жақсы еді хайуанның. Бауыздап таста, Дархан. Арам
өлген жоқ, қаны шыққан, етін жеткізіп алыңдар. Жұмыс-
шыларыңа бір апта азық етерсің. Құтырған бураны қамшымен
қақ басқа бір салып етпетінен түсірген бұл елде сенің әкең
Таңатар ғана еді. Мен пышақ жұмсадым, осалдығым да. Ал,
қош аман болыңдар. Гүлия қалқам, ептеп тәуір болсам отыз-
қырық күнде қайтасоғып, тілегіңді орындармын, – деп қара
қасқаны тебініп қалып шоқыта жөнелді. Артынан қарап қалған
Дархан мен Гүлия жылқышы жігіттің тіп-тік болып иіні иілмей
сау желе жөнелгеніне қайран қалды.
«Япыр-ай, бір адамның бойына осыншалық күш-қуат
қайдан дариды екен», – деп ойлады Дархан.
«Жігіттің нарқасқасы едің, аға, аман бол, аман бол», – деп
күбірледі Гүлия.
Осы оқиғадан кейін зымырап талай уақыт өтті. Наурыз,
көкектің айы суалып, мамырдың көгі қаулай бастаған шақ.
Жарықтық көктем адамзат, жан-жануардың кем-кетігін толты-
рып, өлмелі нәрсенің бәріне жан салғандай жайната құлпыр-
тып жіберер құдіреті бар-ау. Қыстың, әсіресе, биыл сұлап
жатып алған ұятсыз қыстың қомағай қонағынан құтылып,
кеудесін көтерген дала, әне ол да алжасылданған шөптен
көйлек киіп төркініне баратын қыздай жетіседі. Күні кешеге
шейін бораны қасқырша ұлып, қары қапалақтап жауған
қыстың зияны мен пайдасы бірдей болды. Ойпат-ойпаттың
бәрі көлшікке айналып, шолақ сай біткен құйын-перен
тасыды. Ой-қырдан кұлдырап қағып, бұлақ ақты саулап. Қар
суына тоғайған Ащысу, Аякөз секілді арналы өзендердің
сағасы өткел бермей, жайылған су тіпті Шарға салған жаңа
көпірдің деңгейіне дейін көтерілген. Жердің дымқылдығы,
кенет жылыған күн – осының бәрі көктің ерте шығып, мамыр
220
айы орталамай тұрып-ақ сайын даланы майсап бөлеп жіберіп
еді. Тескей-тескей, жота-қыратта бәйшешек гүлдеп, сайлау,
қолаттарда көкек гүлі бас жарды. Еңірекей, Бесшоқы, Ақши,
Жарма секілді жаңадан ұйымдастырылып, қаз тұра бастаған
артельдің қыстан, қыстайғы соғымнан аман қалған арық-
тұрық бірлі-жарым малдары ербиіп қырға шықты. Әсіресе,
кұйрығы саталақтанған тоқты-торымның аузы үркіп-үркіп тез
шығып, тез ұшатын тарлауға тиген соң жілігіне май жүгірген.
Кеш келген көктемге көп нәрсе ілінбей арманда кетті. Ал ілді-
алдалап аман-есен ілінгені күншуақтап, өмір жырын айтуға
көптің бірі боп қатысқанына мәз.
Аякөз өзенінің жылдағыдан әлдеқайда қатты тасуы, әсіресе,
өзеннің өргі ағысында мекендеген елдің әңгімесіне айналды.
Шапағынан асып, жағалауға жайылып кет-кен топан су иін
тірей қоныс тепкен біраз жұрттың тынышын алып, берекесін
кашырды. Екі ернеуін жұлып жеп, ақ көбіктенген аққұла өзен,
өңірге қадаған түймедей орналасқан елдің тоқал тамдарын
тып-типыл алып кеткен. Жағалауға жыртып сепкен артельдің
ұлтарақтай-ұлтарақтай егін алқабын жаңа кектеген жас
қалпымен шайып әкетті. Баспанасыз қалған диқандар қырға
қашып шығып, бас сауғалаған. Төбе-төбенің басында бестек,
қомшаларын үйіп қойып, шоқайып, қарайып отырған қазақтар
төтеден келген табиғат апатына көрсетер қарсылықтары жоқ,
жетімсіреп, тағдырдың тәлкегіне ұшырағандай қапалы еді. Осы
кезде Түркісіб құрылысында жүрген жұмысшылар қолұшын
берді. Ақши артелінің баспанасыз қалған жұртына жүздеген
қайлашы ұйымдасып келді де, екі-ақ күнде балшықтан соғып
там тұрғызды. Осы істің басы-қасында жүрген Дархан әкесінің
моласын көріп қайтуға шыққан Гүлияға ере алмады. Аяқ артар
ат тауып берді де өзі өзен апатынан зардап шеккен ауылға
аттанған. Бұл көмекті жолшылар жұмыстан сәл қалт еткен бос
уақытта жасап жүр.
Гүлияның қуанышында шек жоқ. Тағы да бір туысы қайтып
оралды. Егіздің сыңары, Дүрияны қалада рабфакта оқып жүрген
Қамбар алып қашып келіп еді. Шешесі мен ағайын-туғанының
қарсылығына қарамай, салт басты, сабау қамшылы жігіттің
етегінен ұстап кете барған. Үш жылдық советтік партия мектебін
толық аяқтамай, еліне қайтып оралған Қамбар Ақши ауылдық
Советінің председателі болып сайланды да, Дүрия мектепке
221
орналасқан. Баяғы Ақжайлаудағы қыз-жігіттер үйірлерін
қайта тауып, мәре-сәре қуанған-ды. Қамшысын сартылдатып
қолынан тастамай, ұшып-қонып жүрер жан досының ертерек
қайтып келуі Дарханның төбесін көкке жеткізгендей болды.
Ақылдасып кеңесер, сыбырласып сырласар жан таба алмай,
адасқан қазша қаңқылдап, жалғыз жүргенде бала жастан
телі ескен Қамбардың қасында болғанын шыншыл көңілмен
көксеуші еді. Жылқы екеш жылқы да жануар кісінесіп,
сауырын қасысар қосағын іздемей ме... мерейі өсіп, кәдімгідей
мәз болып жасап қалды.
Күн көтеріле атқа қонған үш жолаушы желе аяңдап
сыдырта тартып келеді. Күн шайдай ашық, теңгедей бұлты
жоқ көктемгі аспан заңғар тартып, қысты күнгіден әлдеқайда
биіктеп кеткендей. Көк пен жер біртұтастанып, жігі ажырамай
қалыңдық ойнағандай қойындасып алған. Сол Көк тәңірі
мен Жер-ананың жұбайлығынан өмір деген ұл жаралғандай.
Көгі жетілген даланың қазіргі қалпы нілденген аспанның
жерге саулап түскен бейнесі іспетті. Жазаңданып басталған
тақтайдай тегіс дала бірте-бірте қайқаңға ұласып, алдарынан
төбелер, түбі көгеріп, сабағы әлі де сарғайыңқы тартып тұрған
шилі адырлар көріністене бастады. Күзеуде отырған былтырғы
жұрттың тұсына ілінгенде Гүлияның көңіліне жабырқау бір
сезім пайда болды. Бағанағыдан бері екілене аяңдап, аттарын
сипай қамшылап келе жатқан қос жүргінші, тізгін тежеп қайта-
қайта артта қала берген Гүлияны тосады. Батидың өңі сынық,
батырға лайық сом тұлға солыңқырап, жақ сүйегі шодырайып
шығып тұр. Аясы үлкен көзі баяғысындай жалт-жұлт етпей,
неге болсын оймен, мұңмен жүдеу қарайды. Мінез-құлқы,
қимыл-әрекеттерінде шаршау бар. Келіншектердің әр сұрағына
қысқа ғана жауап қатқаны болмаса, өздігінен шешіліп сөйлемей
томаға-тұйық келеді. Ақбас бурамен арадағы сойқанды
шайқастан оңбай сынған бұғана сүйегі шодыр біткен, аяғын да
аздап сылти басады. Оташының мықтылығынан ғана шыбын
жаны аман қалғандай. Сол кеткеннен қайтып Құландыға
жоламаған, қарада бой, қарда ізімді көрсетпейін-ақ деп еді,
Гүлияға берген уәдесін бұза алмай, міне амалсыз ертіп келеді.
Баяғыдағы өр кеуде, ә десе, мә деп тұратын арыстан ашу бүгінде
жоқ, сары аурудан сары жамбас болып жаңа ғана тұрғандай
тұла бойы дел-сал, ұйқылы-ояу ілбіп, терісіне ілініп жүре берер
222
ынжықтық билеген. Таудан да, тастан да қайтпас суық қайрат,
жайын жүз жылқышының болмысындағы жылт еткеннің бәр-
бәрін Ақбас бура тапап, мыжып, құртып тастағандай, немесе
өзімен бірге арғы дүниеге мәңгілікке ала кеткендей еді. Көзін
жұмса болды, аузынан ақ көбігі аққан бура өзіне қарсы қарап
шабынып тұрады, көзі ілінсе болды жер бетінде жосылған мың-
миллион жылқылар айға қарай кісінеп жер тарпып тұрады.
«Жазған-ай!» деп аһ ұрып жанарын уқалап қарғып тұрып кетер
еді.
– Қазір не істеп жүрсіз, аға? – деген Дүрияның даусы ұй-
қысынан теуіп оятқандай болды. Үзеңгілес, тепең қағып келе
жатқан Омардың екінші қызы Гүлиядай емес тентек, қәпер-
сіздеу ме деп ойлаған. Қаладан шашын қырқып, жаңаша киініп
шабыттанып оралған секілді. Бұрыннан да ашық-жарқын еді,
қазір тіпті таңдайы тақылдап құлпырып алған. Атқа сидам, әрі
нық отырады, бұтында шалбар, тар тігілген жеңіл желбегейді
теуіп, тебіне біткен омырауы ат желген сайын әдемі солқылдап,
қадала қараған кісінің делебесін қоздырып, қытығын келтіреді.
Бірақ, Бати осы өзгерістің бірін де көріп, сезіп келе жатпаған
таскерең сыңай танытады.
– Тарбағатай артеліндегі он шақты малды бағушы едім.
Ыңғай жылқы емес, сиыр, қой-ешкісі аралас болған соң, одан
да безіп шықтым, қалқам. Енді міне, барар жер, басар тауым
жоқ қаңғылестеп жүргенім.
– Шойын жолға жұмысқа тұрмадыңыз ба?
– Құдай сақтасын, көрмегенім темір жол болсын деп ант
бергенмін.
– Оныңыз мүлдем қате, – деп кесіп айтты Дүрия. Көзі
күлімдеп Батидың өне бойын тінте қарады. Мынау үзеңгілес
келе жатқан аңқау да адал жігітті мазақ еткендей.– Бүкіл ел сол
жол үшін жанталасып, ендігі тағдырын сол жолға тапсырып
отырғанда қашаған жылқыдай лақпалығыңызды дұрыс дей
алмаймын. Менің ағайым да «Түркісіб» десе төбе шашы тік
тұрып ұшынып қалатын. Түсінбеймін сіздерге.
– Ағаңызды білмеймін, мен қайла ұстап жұмысшы болуға
емес, құрық ұстап жылқышы болуға жаралған адаммын. Ал
өз кәсібімді жақсы көру – анау жаңа кәсіпті жек көруім емес.
Салғысы келген адам сала берсін жолын.
223
– Өзгерте салу қиын ба? Ешкім де іштен жылқышы да,
жұмысшы да болып тумайды ғой, аға.
– Қиын, өте қиын, қарағым, – деді Бати күрсініп. – Туатыны да
рас... Көрінген жерге күл төге беретіндер көп, олар мінезсіздер.
Ондайлар қайсыбір жұмысты да қарық қылып істемес.
– Қызық екен, – деді Дүрия. Бірақ, өзі ойланып қалды.
– Ерекең қазір қайда?
– Семейде ғой. Қызметінде.
– Көп болды көргенім жоқ, әкесінің өлер алдында айтқан
аманаты бар еді, мойнымда қарыз болып жүр, бұл жаққа келмей
ме?
– Білмедім, аға, бұрынғыдай емес, ашылып ештеңе айта
бермейді. Менің Қамбарға тұрмысқа шыққаныма қарсы болды.
Тегімізді тентіреп жүрген қайдағы бір қаңғыбасқа былғаттың
дейді.
– Өз тегінің кім екенін біле ме екен... – деп айтып қалды да
Еркін мырзаның ата-бабасын қазбалау қыз бала алдында ұят
екенін ұғып, сөзінің соңын бұрып әкетті. – Қамбар жақсы жігіт.
Сері ғой ол, сері... бақтарың ашылсын.
– Айтқаныңыз келсін, аға.
Осы кезде кейіндеп келе жатқан Гүлияға екеуі бірдей елең
етіп жалт қарап еді, атының басын тежеп, үнсіз қалшиып тұр
екен. Қайта қайрылып қасына барғанда ботадай боздап жылаған
Гүлияны көрді.
– Не болды саған, Гүлия? – деп қапталдаса келіп қалтасынан
алған орамалымен көзінің жасын сүртті. Дүрияның бәйек
болып жасаған қамқорлығын мүлдем көрмегендей, білмегендей
жанарынан саулаған жас аттың жалын жуып, көпке дейін уана
алмады.
Қой, қарағым, босама, – деді Бати келіншектің жылау
себебін түсінбей.
– Есіңде ме, Дүрия, – деді Гүлия өксіп. – Қалай ғана ұмыта
қалдың? Менің бетімді осы тұста тіліп жіберіп еді ғой.
– Ұмытып қалыппын. Кешір, сіңлім, кешір. Дарханыңа
бәрібір қосылдың ғой, ештеңе етпес.
– Ештеңе етпес, қалқам, жүрелік ерте күнді кеш қылмай.
Барар жер әлі алыс.
Күн тастөбеге көтерілгенде былтыр күзеуде отырған ескі
жұрттың үстінен басып өтті. Омардың киіз үйі тігілген жерге
224
әлі де болса шөп шыға қоймай, сақинадай дөңгеленіп сарғайып
жатыр екен.
– Аттан түсейік, Дүрия, – деді Гүлия. – Әкемізді ең ақырғы
рет осы жерде көріп едік, осы жұртта келмес сапарға шығарып
салып едік.
Үшеуі де жаяулап, атадан қалған қонысқа тағзым жасап
үйсіз жүрді. Әр тұста ескіден қалған, тозығы жетіп қаңсып,
тот басқан мүліктер жайрап жатыр: түбі тесілген қазан, бір
сирағы сынған үш бұтты ошақ, жарық астау, суырылмай қалып
қойған адалбақан, ат байлайтын мама ағаш, шұжығы үзілген
ескі қомыт, кеуіп қалған сүйек-саяқ, итке ас құятын итаяқ,
жүн-жұрқа, қираған бесік, желі байлаған қазықтар – бәрі-бәрі
қыстап, қар астында жатып, есен-сау көктемге ілініпті. Бұл
жерде де ел болғанын, мәре-сәре өмір болғанын, будақтап
түтін шығып, қазан асылғанын, дүниеге сәби келіп, ұлыжіңгір
шілдехана, ұлан-асыр той болғанын айғақтайтын көненің
көздері әне, жетімсіреп жатыр. Осы мезетте былтырғыдан
қалған жіліктің басын қажалап, етпетінен жатқан иттен жетекке
алған үш ат бірдей қорс етіп үркіп, тізгіндерін тартып қалды.
Дүрия көлігінен қапелімде айрылып қалып еді, Бати атына
қарғып мініп қуа жөнелді. Алдындағы сүйекті тастай беріп,
тұра ұмтылған иттен енді олар да шошына шыңғырып жіберді.
Маңқасқа төбет қабуға ұмтылмаған екен. Құйрығын бұлғап
тастап қыңсылай еркеледі. Өлі жүні әлі түспей сабалақтанған,
өте жүдеу.
– Оу, мынау біздің ит қой. Бөрібасар ғой, – деп қуана
айғайлап жіберді Гүлия. – Құдайым-ау, бұл қайдан жүр.
– Түу, құтырған ит екен деп зәрем қалмады ғой, – деді Дүрия
әлі де аптығын баса алмай.
– Ит екеш ит те ескі жұртқа оралған екен. Иесін іздейді-ау.
– Қыңсылай еркелеп, етегіне сүйкенген Бөрібасардың басынан
сипады.
– Қалай ғана аштан өліп қалмаған.
– Ит аштан өлмейді, Дүрия, ол адам емес. Дүзден тышқан
ұстап, өлексе жеп өз азығын табады.
Қаша жөнелген құлагерді жетелеп Бати да жетіп еді,
Бөрібасар екеуі бірін-бірі таныды.
– Қысты күні аң аулай жүріп алыстан сан рет көріп едім.
Саяқсып жоламаған. Ауылдың қаңғыбас кей итінің біріне
225
жорығанмын. Екеуміздің тірлігіміз бірдей екен, – деді Бати.
– Биылғы жылдан аман шықтық. Ендігісін Алла білсін. Ал
аттанайық, айналайындар. Бөрібасар енді бұдан былай өзі де
еріп қалмас.
Бөрібасар расында да құйрығын қайқайтып, аса бір риза
қылықпен жолаушылардан бір елі қалмай еріп келеді.
Сағымжол жайлауының оңтүстік батысын жанасалай өтіп,
асудың етегіне ілінгенде күн екіндіге еңкейген. Жайлаудағы
жұртқа бұрылалық деп екі келіншек қанша қолқаласа да, Бати
қасқарайып кетеді деп көнбеген. Сабалақ қарағайлар мен бүршік
жара бастаған қайыңды сайлардан, тал көмкөріп, қар суына
тоғайып сылдырап аққан бұлақтардан өтті. Тағы бір белестен
асып, тау беткейіне тырмысқанда алдарынан атқа мініп, мылтық
асынған шекарашы жігіттер жолықты: Екі жігіттің бірі қазақ
екен, тілге келді, түсіндіріп айтқан соң рұқсатын берді. Бірақ,
«біз аңдып жүреміз, арғы бетке өтіп кетпеңдер, ондай әрекет
білінсе атып тастаймыз», – деп және ескертті.
– Арғы бетке өлігімді апарса да жер астымен қайта қашып
келермін, – деп қалжыңдаған Бати.
– Әне, Ақшоқы деген атақты тау, – деді Бати қамшысымен
нұсқап. – Сол шоқының бауырында өскен көктеректің түбінде
Омекең жатыр. Көлікті ойға қалдырып жаяу бармасақ болмайды.
Тым қия. Атты бостан-босқа шалдықтырып аламыз.
Батыс беткейін батар күннің алауы шапақтап қанқызылдан-
ған Ақшоқыға Гүлия мен Дүрия қатарласа қарады. Жақпар
тас, мүкті бұталар, тастың жарығына өскен шынар ағаштар
өртеніп жатқандай алау тартып, қарағайдың қабығын қайнатып
жаққандай балқиды. Қос теректің орта белінде тұрған батар
күннің сәулесі біртіндеп жоғары өрлеп, ептеп жел тербеп
шайқаған ұшар басына ілінгенде үш жолаушы да ентіге жетіп
еді. Орталарында жүрегі алқынып жүре алмаған тек Гүлия ғана
болды. Екі жағынан қолтықтап сүйрегендей болып әрең-ақ
шығарды тау бауырындағы теректі текшеге.
– Астапралла! – деп дауыстап жіберді Бати. Былтыр күзде
ғана теректің түбіне жерлеп, тас қалап, томпайтып кеткен
Омардың бейіті ашылып, топырағы шашылып жатыр. Өз көзіне
өзі сенбеді. Дүрия мен Гүлия да шошынып қалған еді, қарай
алмай теріс айналып кетті де солқылдап жылай бастады.
226
– Кім екен, аруақтың бетін ашқан? Имансыздар-ай! – деп
тісін қайрап күбірлеген Бати мүрденің шетінде үйіліп қалған
топырақ, тастарды үңгірге жандәрмен құлата берді...
Шұңқырдың беті тегістелгенде ғана екі жерде шоқайып
ботадай боздап отырған келіншектерге:
– Көз жасымен қайтып келер дүние жоқ, қарақтарым.
Шамаларың жетсе көмектесіңдер, тас тасып Омекеңнің
моласын тұрғызайық, – деді. Бөрібасар Омар байдың қабірін
иіскелеп, иіскелеп алды да жер тырмалап ұзақ ұлыды. Дүрия
«өзіңе көрінсін, жаман ырым бастағаны несі» деп тас дәлдеп
қуып еді, анадай жерге қаша барып шоқиып отырды да тағы
ұлыды.
– Тиме, – деді Бати. – Ұлысын, иесін жоқтағаны ғой.
– Қайран әкем-ау, Бөрібасар да сенің мұнда жатқаныңды
сезеді... – деп Гүлия өксіп-өксіп қайта еңіреді.
Бұл беткейде не көп, тау басынан домалап түскен қойтастар
көп. Кейбірі жұмыр, кейбірі айрылған шақпақ-шақпақ тасты
мейлінше тегістеп жинап, Омар байдың бейітін қалпына келтір-
генде сүт пісірім уақыт өтіп еді. Жылқышы жігіт өзі білетін
дұғасын оқыды. Омардың қос қызы беттерін сипап, әке рухына
тәуап етті. Қайта айналып етекте қалған аттарға келгенде
бағанағы шекарашы жігіттер де қыдиып тұр екен. Аңдып
жүрген жүргіншілердің аман-есен қайтып оралғанына олар да
қуанысып қалған-ды.
– Бұл кімнің бейіті? – деп сұрады қазақ жігіті.
– Мына екі қыздың әкесі, – деді Бати. – Бізден бұрын осы
қабірге келген адамды байқамадыңыздар ма?
– Менің көзіме түскен жоқ. – Содан соң жанындағы орыс
жігітінен бір нәрсені сұрап анықтап алды. – Мына жігіт айтады,
осыдан бір апта бұрын бір кісі келген көрінеді. Жөн сұраймын
деп айғайлап шақырған екен, атына қамшы басып жеткізбей
кетіпті.
– Қап, әттеген-ай, – деп өкінді Бати. Шекарашылармен қош-
тасып жолға қайта шыққанда қас қарайып, көз байланған еді.
Көпке дейін ләм демей үнсіз аяңдады. Әркім өз ойын малталап,
оңаша келеді. Осы бір кілкіген үнсіздікті Батидың жуан даусы
бұзды.
– Омекеңнің ескіше-жаңаша мол ақшасы, аздаған асыл зат-
тары болған. Әуелі өлер алдында маған «сен ал, керегі болар»
22
деп көп қолқаласа да алған жоқ едім, өзімен бірге көмгенмін.
Кім де болса соны сезіп білген, білген де қазып алып кеткен.
– Қандай айуандық, итше тіміскілеген жауыз екен, – деді
Дүрия.
– Ақылдылардың айуандығында шек бар ма, қалқам. Ол
да бір түпсіз тұңғиық, қарасаң, қарап тұрып ойласаң басың
айналады.
Түн жамылып, түсі қашып келе жатқан үш жолаушы Құлан-
дыны бетке алып қаттырақ аяңға басты. Әлі де салқындықтан
құлантаза арыла алмаған көктемнің күні көзге түртсе көрін-
бейтін қараңғы. Ай туған жоқ.
– Шаршаған жоқсыңдар ма, шырақтарым? – деп сұрады
Бати.
– Шаршағанмен ат шалдырар жеріміз жоқ, аға, – деді Дүрия.
– Бұл күнде ауыл арасы алыстап кетті ғой. Баяғыдай асықтай
бытырап жатар мал, жер ошақтағы оты жылтырап, күмпілдете
саба пісіп отырар ел жоқ... бәрі бірігіп бір жерге жиналып
артель болып кеткен.
– Иә, ауыл арасы алыстап кеткені рас.
– Ауыл арасы алыстаған сайын ағайынның арасы да суысып,
бір-біріне жат болып кете ме деймін.
– Ағайынның алыстан сағынысқаны дұрыс қой, – деді
Дүрия.
Сар желіп келе жатқан үш жолаушы ішектері шұрылдап,
ептеп қарындарының ашқандарын сезді. Егер жылқышы
жігіт болмаса, әлдеқашан адасып-ақ кететін түрлері бар екен.
Бірде көсіліп, бірде өркештеніп, айдаһарша ирелеңдеп қашып,
зықыңды шығарар алдамшы жолдың сорабы тіпті қолыңа
шырақ ұстап іздесең де көрінер түрі жоқ, марқасқалана
тартқан Батиға ілесіп зорға келеді екі келіншек. Қара сандары
талып, арқасы ұйып, белдері сыздағанда ауып қала жаздайды,
ердің қасынан қапсыра ұстап әрең отыр. Атсоқты болғандары
соншама, қарғып түсіп, қара жерге етпетінен жата қалуға әзір.
Алғашқы болып сыр берген Дүрия.
– Аға, шаршадық.
– Сезіп келемін, қалқам.
– Енді не істейміз?
– Амал жоқ, аяңдай береміз.
– Ендеше әңгіме айтыңыз, жол қысқарсын.
228
– Не айтайын сендерге. Көргенімді ме, естігенімді ме...
– Сіз көргенді біз де көрдік қой, аға, естігеніңіз, – деп
Гүлия жолға шыққалы алғаш рет тілге келді. Әңгімеге еріксіз
араласты. Бағанағыдан бері көз алдында көлеңдеп тұрып алған
бет топырағы ашылып, үңірейіп, аңырайып қалған әке бейіті
жоғалып, ендігі сәтте Дарханды ойлай бастап еді. «Шаршап
келіп, тамақ істеп ішуге де мұршасы келмей ұйықтап қалған
шығар-ау». Жалығуды білмейтін, жапы сірне қара нардай
қасқайған күйеуі жайлы ойлау, оның әр қылық, әрекетін еске
алу Гүлия үшін рахат дүниесі. Қара күшінен өзге түгі жоқ
Дарханды осыншалық адамдық ет-жүрекпен құлай сүйіп,
соның құрмалдығы болам деп ойлап па еді. Екеуарасын
мәңгілік матап-байлаған қандай күш, қандай құдірет? Ойлап
қараса, сүйдім-күйдім деп, зар еңіреп өтер ғашықтық емес,
жоқ-жоқ, одан әлдеқайда биік, қасиетті де қастерлі ұғым.
Кез келгеннің басында бола бермес, болмыстың өзі қазылап,
таразылап барып сыйға тартқан ұлы күш, қисапсыз қасиет,
маңдайға біткен талант. Гүлия осыған шүкіршілік ететін. Иен
далада көзге түртсе көрінбес қараңғыда қараңдап келе жатып та
тек Дарханды ойлады. «Ұзағынан сүйіндірсін, – деді күбірлеп.
– Ұзағынан сүйіндірсін».
Әлгінде «әңгіме айтыңызшы, аға» деген сөзден соң арада
орнаған сәл үнсіздікті Батидың қоңырлап бастаған даусы
бұзды.
– Қазір Үркер жерге түскен мезгіл, – деп алқаракөк аспанға
қарады. – Бұл жөнінде ел аузында мынандай әңгіме бар: Үркер
жерге түскен кезінде, мамырдың аяғы мен маусымның басында
жер көктейді. Жерге түскен Үркер жер астынан көк шөпті айдап
шығарып жатады екен. Үркер неғұрлым көп жатса, солғұрлым
жан-жануарға жайлы, жыл жақсы болады. Жылқы, түйе, сиыр,
қой Үркерді жерден шығармай басып тұрмақшы болып келіседі.
Өз кезегі келген ешкі шошаңдап тұрғанда Үркер тұяғын жарып
аспанға шығып кетіпті. Егер ешкінің ұшқалақтығы болмаса,
Үркер үнемі жерде жатып, шалғыны шалқыған мәңгілік жаз
болып тұрады екен...
– Ешкіңіз маған ұқсайды екен, – деп күлді Дүрия.
– Біз қазір Барлы өзенінің аяққы ағысынан өтеміз, – деді
Бати атының басын ірке түсіп. – Бағана, күндіз басқа төте
жолмен келгенбіз. Қараңғыда адасып кетпес үшін айналма
229
жолға әдейі келіп түскенмін. Адасып кетпеспіз де, соқпақ қия,
шақпақ тастар тұяғын тағаламаған атқа ауыр тиетін болды.
Әйтеуір түні бойы жүретін болған соң асықпай осы алыс жолды
таңдадым.
– Бәсе, күндіз мұндай жермен жүрмеген секілді едік.
Ағамыз адастырып, алып қашып бара ма деп сезіктенемін. –
Дүрияның жеңіл қалжыңын Гүлия жаратпады. Әке моласынан
ат шаптырым ұзамай жатып уайым-қайғысыз самбырлап
сөйлегені қытығына тиді. Бірақ, бетін қайтарған жоқ. Тағы да
Дарханды ойлаған. «Мұратты құшақтап, аштан-аш ұйықтап
қалды-ау».
– Алып қашу қолымнан келер болса қырыққа келгенше
қыртып бойдақ жүрер ме едім, қалқам.
– Қолыңыздан келеді ғой, аға, тек таңдаған қызыңыз жоқ
болғаны да...
– Бар еді, – деп күрсінді Бати, – бар еді, алыста емес еді...
Оның ықыласы болмаған соң әуре болып керегі не?
– Қайдам әйтеуір, Оспан аға екеуіңіз үйленбеуге
бәстескендей-ақ, салт жүрсіздер.
– Ол екеумізден айырма көре алмағаның-ау, Дүрия... Ол
да рас шығар. Әрекетіміз, мінез-құлқымыз басқа болғанымен,
созған қол, көздеген адамымыз бір екендіктен де ұқсатып
келесің бе...
Гүлия селк ете түсті. «Кұдай-ау, мынау кісі қалай-қалай
қиғаштайды». Өне бойы дірілдеп, қысты күні суға түсіп
кеткендей, қалшылдаған суық қорқыныш биледі. Өз құлағына
өзі сенбей, Батидың соңғы сөзін іштей пысықтады. «Созған
қол, көздеген адамымыз біреу... Ұят-ай... Бұл кісі осыншалық
жұмбақтап, толқып сөйлемеуші еді ғой. Бекер, барлығы жалған,
жол қысқарту үшін айтыла салған сандырақ. Қазанның ішінен
құрт шықты деген сол... сол. Сонда кімге сену керек?.. Ешкімге
де, ешкімге де...» Оның көз алдына етегіне жабысып еңбектеп,
жаман болса да әйтеуір өз жүрегі болған соң жайып салған
Оспан елестеді. «Ешкімге де... ешкімге де...» – деп тез-тез
қайталап, астындағы ілби аяңдаған атты шаужайлай тебініп,
ана екеуінен оза берді.
«Бекер айттым, – деп ойлады Бати. – Байқамай білдіріп
алдым, не деген сезімтал еді. Енді онымен осылай үнсіз
қатар жүрудің өзі арманға айналар. Бірақ менің жазығым не?
230
Жазығым... егер шыдамды адамға сый-сияпат берер болса
менен өткен бақытты жан табылмас та еді. Шыдамды адамнан
сорлы жоғын енді білдім».
Қырыққа келгенше қатын алмай, тентіреп жүрген жылқышы
жігіттің ой құрығын қайда тастағанын Дүрия да аңдады. Бірақ
қазбалап, «ол кім» деп сұраған жоқ. Өзінен оза туған сіңлісінің
артықша бақытын күндемеді де. Дегенмен, әйелдік қызғаныш
жүрегін шабақтап, ішін тырналағандай-ды. Қызғаныш иті
қыңсылап болмаған соң:
– Аға, әңгіме айтыңыз! – деді саңқ етіп. Даусы біртүрлі
дөрекі шықты. Тіпті, қәперсіз аяңдай келе жатқан аттар да оқыс
естілген үнге селк етіп, құлағын тігіп қалып еді.
– Айтайын, – деді Бати тығырықтан құтылғанына қуанып.
– Әлгінде Барлы өзенінің төмен ағысынан өтеміз дедім-ау бір
сөзімде.
– Иә, айтқансыз! – деді Дүрия зіркілдеп.
– Ендеше сол өзеннің жоғарғы жағын – Биесимас, Балтақара
деп атайды.
– Естігенмін.
– Естісең сол жақты әкең Омардың қандыбалақ бақталасы
әрі қандыкөйлек кәрі досы – Көкебай жайлаған. Жарықтық он
сегіз мың жылқы айдаған атақты бай еді. Бар малын ортаға
салып, қыстағында тісінің суын сорып әлі күнге тірі отыр.
Арғы бетке өткен жоқ, бергі бетке алжыған шалдың керегі не.
Тоқсанға келген шағында жер аударып береке таппасын білді ме
жаңа өкімет тиіспеді ғой. Тіпті, ептеп алжи бастапты. Былтыр
кәмпіске кезінде осы кісіні Оспан тәргілепті.
– Ол соқырдың да жүрмейтін жері жоқ екен. – Дүрияның
ойда-жоқта туған қыжылы әлі де басылмаған сыңайда. Әр сөзі
түйеден түскендей, сызылу, сынықсудан ада, ұрысқақ естіліп
келеді. Бати оған мән берген жоқ.
– Сол Оспан әкіреңдеп ат ойнатқанда: «Шіркін, Осағасы, ел
боларыңды білсем, тұқымыңды баяғыда құртып жіберер едім,
керуен кері кетерде ақсақ түйе көш бастайды, саған қараған ел
оңбас, оңбас», – деп таяғына сүйеніп, ешбір қарсылықсыз тұра
беріпті. Ал, Оспанды түп-тұқиянымен құртып жіберер күш
Көкебайда бар еді-ау баяғыда... Атақты ақын Абаймен дәмдес
болған ол шал кезінде бүкіл Семей дуанын аузына қаратқан ірі
кісі деседі.
231
– Менің әкемнен де мықты болған ба?
– Иә, мықты болған, қалқам... Жас кезінде алысып алжың-
қыраған шалды алып жығармын деп күш сынасып көрген.
Оңайшылықпенен берілмейтінін білген соң Көкебайдың
қолтығына өзі барып кіріп еді, жарықтық. Сол Көкебай... айдай
әлемді аузына қаратқан шонжар енді әне... өзінің баласындай
Омекеңді алдына салып, құзда қалған құзғындай тірі отыр
мәлкілдеп.
– Құдай алмаған соң қайтеді енді.
– Оның рас, Дүрия. Атыңды айдай түс. Гүлия ұзап кетті
ғой. Жол білмеуші еді...
Бұлар бастырмалата желіп қуып жеткенде Гүлия ат басын
іркіп, енді бірте-бірте кейіндей қалды. Үзеңгі қағыстыра қатар
жүргісі келмегені де. Оңаша жалғыз жүргіншілікті тілеп келе
жатқанын ана екеуі де сезді ме, аялдамай оза берді. Гүлияда
жалғыз-ақ ой бар: «Дархан тамақ ішпей ұйықтап қалды-ау».
– Баяғыда, – деді Бати қоңыр үнмен, – осы қаракерей
елінде Қисық хан деген би өмір сүріпті. Ол өзі Орта жүздің ең
соңғы ханы – қарадан шыққан хан, жақ жоқ шешен, алмастай
өткір адам болыпты. Оның хан сайланған тарихы да қызық.
Алдымыздағы Барлы өзенінің басында бір төбені жастанып
ол да жатыр... Иә, бірді айтып, бірге кеттім-ау, сол Қисық хан
жас көзінде Байыстан өрген он жеті болыс Мұрынсыбанның
сөз ұстап, дау-шарға араласқан қарапайым биі ғана болыпты.
Қалың қаракерейдің бір жігіті Арқа жақтағы арғыннан қыз
алып қашып, соңынан түре қуған азаматтар қолға түсіріп,
ұрып өлтіріпті. Содан екі рудан қырық бір би жиналып
үлкен мәжіліс құрады. Оған Қисық та қатысқан екен. Үш күн
айтысқан билер жігіттің құнын бес жүз жылқыға кескен екен.
Осы төрелікке риза болып, бітімге келген билер өре түрегеле
берген кезде бағанадан жақ ашпай отырған Қисық орнынан
атып тұрады. Өзі де келбетті, қатар тұрған кісісінен басы озық
көрінетін жігіттің сұлтаны екен. «Ерімді тауып бер! – деп айғай
салыпты. – Тура сондай біреудің аяулы ұлын алып кел алдыма,
өз қолымнан өлтіремін, әйтпесе адам құнын малмен өтеуге
келіспейміз. Ал әкелмесең, тұрысатын жеріңді айт. Білектің
күші, найзаның ұшымен сөйлесеміз». Алқа-қотан отырғандар
аңтарылып қалады. Амал жоқ, біреудің жалғызын шырылдатып
алдына алып келгенде: «Арғын, найман бәріміз бір атаның
232
баласы едік, қанды қанмен жуар жаулыққа бармайық. Өлген
артынан өлтіре берсек Орта жүзде азамат қала ма, кешірдім»,
– дегенде қаптаған ел, қырық би: «билігіңнен айналайын, – деп
ақ киізге орап, хан көтереді. Міне, осы күннен бастап Қисық
хан аталады. Осы күннен бастап «қырық би бір жақ, Қисық би
бір жақ» деген сөз тарайды.
– Оны неге айттыңыз, аға? – деп Дүрия оқыс сауал қойды
есінеп.
– Оны айтқаным, біріншіден, өз қолқаңды орындап, әңгіме
айтып жол қысқартқаным; екіншіден, ел мен жердің тарихынан
хабардар болсын дегенім; үшіншіден, өзім ұнатқан қызды алып
қашсам, айыбымды кешер Қисық би секілді зерделі адамның
қалмағанын, сондықтан жазықсыз жапа шегерімді ескерту еді.
– Түсінікті.
– Ал енді түсінікті болса Барлы өзеніне де келіп жеттік.
Маған қатарласыңдар, тізгіндеріңді бері әкеліңдер. Өздерің
ердің қасынан мықтап ұстап, көздеріңді жұмыңдар.
– Неге, аға?
– Түнде судан өткен қорқынышты болады.
– Биссімілла, су иесі Сүлеймен, жар бола гөр, – деп екі
келіншекті ық жағына алып, өткелге түсе берді. Көктемгі еріген
қар суымен тоғайған өзеннің ағыны қатты екен. Ә дегенде
аттары тәлтіректеп қалды. Қабырғадан келіп ұрған ағысты
гүрпілдете кешіп, кеудесімен қақ жара қасарысқан аттар кей
кезде тағасыз табанға тиген малта тастардан тайғанақтап
сүріне жаздап барып қалады. Ондай сәтте Дүрия жанұшыра
шыңғырып жібереді. Гүлия тіпті көзін де жұмған жоқ еді.
Беті қарауытып, тұлан тұтқан судың бетінен өлімнің асығыс
ағысын көргендей болды, көрсе де қорыққан жоқ. Қайта
мынау мың-миллион жыланның қаз-қатар қозғалғанындай
суси шулаған тірі ағыс қас-қағымда қағып әкетсе қайда
апарарын, қай жерге соғарын соншалық салқынқандылық-
пен ойлады. Қап-қара шашын жайып, жүздеген әйелдің жоқтау-
ындай дауыс салып, өлім үйіріп аранын ашқан судың екінің бірі
байқамас қорқыныштылау сұлулығына қайран қалды. Қауіпті,
бірақ әдемі құбылыс. Арғы жағаға өтіп шыққанда өгіздей
өкірген өзеннің әп-сәтте таусылып қалғанына өкінгендей,
әлгіндегі қызық әсерді тағы бір қайталауды көксегендей...
233
– Уй, Аллам-ай, зәрем қалмады-ау, – деп Дүрия ес-ақылын
жинады.
– Иә, аман-есен өттік әйтеуір, екеуіңнен қапияда айрылып
қалсам, Дархан мен Қамбарға не бетімді айтам деп қорқып
едім.
– Сіздің де қорқатын кезіңіз болады екен-ау, аға, – Дүрия
еркелей айтты.
– Сайтан, не болмаса періште емеспіз, батырға да жан
керек.
– Мен сізге бір сауал қойсам ба деп едім, аға?
– Айта ғой.
– Өміріңізде пір тұтатын нәрсе бар ма?
– Бар ғой, қалқам, бар. Неге болмасын...
– Ендеше айтыңызшы, – деп тақылдады Дүрия. Гүлия тағы
да үнсіз ілесіп келеді.
– Адалдық...– Дүрия күліп жіберді. – Неге күлдің, қалқам?
– Сіздің аңқаулығыңызға, ағатай. Адалдық деген әртүрлі
ғой. Адам адалдыққа емес, қайта адалдық адамға қызмет етпей
ме? Сол адалдықты керек жеріне пайдалана алсаңыз ғана
мұратқа жетесіз.
– Адалдықтың керексіз жері бар ма еді?..
– Бар, ағатай, бар. Айталық, бір адамды құлай сүйдіңіз
делік... – Гүлия тағы да елең етіп, атының басын тарта берді.
Тапырақтап, судан өткен соң ширағандай еліте аяңдаған аты
әлсіз тартылған тізгінге дес бермей, ауыздығымен алысып еді,
Гүлия қаттырақ тежеп, жүрісінен жаңылдырды.
– Сүйген адамыңызға қосылу үшін әрекет жасамау, яғни
күреспеудің өзі – қорқақтық қой. Ал сіз сол қорқақтығыңызды
жанұшыра жасырып, адалдықпен алмастырғыңыз келеді. Қай
қазақ сүйген қызын алып қашпап еді...
– Сүю екі түрлі. Біреу құшағын жұмсаса, енді біреулер
пышағын жұмсайды...
– Қиналған сәтінде кісі не істемейді. Бірақ, сүю сіз айтқандай
екі түрлі емес, бір-ақ түрлі. Сүюдің аты – сүю. Осы қазір мені
алып қашар ма едіңіз, мен келістім делік...
– Жоқ.
– Ал, Гүлияны ше?
– Қайдағыны қазбалай бердің-ау, қалқам. Осынша
пысықтықты қайдан үйреніп жүрсің. Қаладан ба?
234
– Қаладан десем де болар. Ауылда жүргенде де ойымды
айтып салар өжеттігім бар еді. Бықсытып ішке сақтағанша,
ақтара салсаң, бойың жеңілдеп таза жүресің. Әрине, өкінерімді
де білемін, бірақ айта алмай ішке сақтау да қиын. Қайтеміз,
әкеміз Гүлия екеумізді екі түрлі ғылып жаратты. Ол менен
гөрі сұлу, бірақ тұйық. Мен оған қарағанда өңсіздеумін, бірақ
ашық-жарқынмын. Сіз... Гүлияны ұнатасыз, тіпті өлердей
ғашықсыз...
– Қой, олай деме, Құдай сақтасын. Күнәға қалма. – Бати
сасқалақтап қалды.
– Мен емес, күнәға бататын, сүйген адамыңызға сүйемін
деп айта алмай, азамат басыңызды қорлаған, өз сезіміңізді
өзіңіз тұтқындаған мына сіз күнәлі. Артық айтсам айып
етпеңіз, аға, қауқайған денеңіз болмаса, ынжықсыз. Өткелден
аман өтіп алған соң айтқаным емес, өз бақытынан өзі безін-
ген сіздей қорқақты көрсемші жер бетінен. Егер сіз қазір
Гүлияны алып қашсаңыз мен түк қарсылық білдірмес ем.
Қайта, міне жігіт, міне нағыз ер деп қуанар едім, қоштар
едім. Ал, Дархан мықты болса қуып жетіп, іздеп тауып,
жекпе-жекте сізден қайта тартып алсын; арпалыспай, айтыс-
тартыссыз алған дүниенің несі қызық, аға. Менің Қамбарға
қосылуыма үй-ішім соншалық қарсылық көрсетіп, жанта-
ласпағанында мүмкін, сонау Семейден салулы төсек, даяр
тамақтан қашып келмес едім.
– Ырықсыз алған адамнан не қайыр, не үміт, шырағым. Ол
әншейін қойным құр жатпасынның кері, – деп, әлсіз қарсылық
көрсетті Бати. Бүгін ол осынау қаршадай келіншекті мүлдем
танымай келеді. Бұл ойлағандай жеңілтек, көзсіз көбелек секілді
ұшып-қонған ұшқалақ көрінбейді. Бағанадан бері қызбалана
айтқанмен түп та-мыры тереңде жатқан сөзі тым негізсіз де
емес-ау деген ойға жүгінді жылқышы жігіт. Өз бақыты үшін
ерлікке барудың айыбы не?
– Менің шешем Рахия әкемді менсінбегенін, әкесінен
қорыққаннан тигенін білесіз бе?
– Білем ғой, қалқам, білемін. Бірақ оның ақыры не болды?
– Бәсе не болды? Біз болдық, яғни Еркін және мені мен
Гүлия болды. Үйренісе келе бір бүтін қимас жандар болды.
– Дегенмен Рахия бәйбіше... – деп үлкен сырдың ұшығын
аңғартып қалды да өткенді қазып жас жүрегіне жара салғысы
235
келмеді. Таңатармен арада болған хикаяны айтпай іркіп қалған.
Ал, бұл сырды Омардың екі қызы білмеуші еді.
– Иә, айта беріңіз, менің шешем... – деп ежетекірекке алған
соң, әңгіменің ақырын насырға шаптырмай:
– Сенің шешең егер Омекеңді қимаса, арғы бетке бірге
қашар еді ғой, – деп бұрып әкетті.
– Ол біз үшін бергі бетте қалды және әкемнің ықыласымен
қалды. Бірге тұрмақ болғанымен, бірге өлу жоқ, бәрібір Хабар-
асуынан жылап-еңіреп қайтып оралар еді. Солай, аға, алды-
мен әрекет жасау керек, адалдық атып алар аң емес, ешқайда
қашпас. Гүлияға қолқа салу қазір тым кеш екенін де білемін,
бірақ, аға, ер жігіт болып жаратылған соң жалғыз рет тәуекел
жасап жан тапсырғанға не жетсін. «Адам үш күннен соң көрге
де үйренеді» дейді бұрынғылар. Табалдырықтан аттаған соң қай
қазақтың қызы үйіне оралып еді. Үлкен қателік жібергенсіз, аға,
енді міне, анау бүлкектеп еріп келе жатқан Бөрібасар секілді...
– Жетер, шырағым! – деді Бати Дүрияның соңғы сөзіне
шыдай алмай шатынап. – Кеш екенін, кеще екенімді біле тұра
несіне миымды шұқи бересің!
Дүрия сықылықтап күлді.
– Міне, міне, ағатай, сізге осы мінез жарасады. Ұрсыңыз!
Құдай үшін ұрсыңызшы, арқамнан қамшымен салып
жіберіңізші...
«Мынау әйел емес сайтан шығар, – деп ойлады Бати. – Шыр
етіп жерге түскенінен бастап білуші едім, оным бекер болды.
Бұлар өсіп, мен өшіп барады екенмін. Ой, заман ақырдың
балалары-ай. Аттың басын қайда бұрсаң да алдыңнан шығып,
алды-артты орап тұрсыңдар-ау».
Осы шақта шығыс ағараң тартып, сібірлеп таң атып келе
жатыр еді. Таң алдындағы салқын ауада бұлаңытқан жеңіл бу
бар. Жер бетін қайта жайылып, аққабыршықтаған шық тебіндеп
өскен мәстек көкті қымтап тастаған. Дала бедері айқындалып,
аспандағы мың сан ұсақ жұлдыздарды әлдекім бір-бірлеп теріп
таусыла бастаған. Жүргіншілердің көлігі түні бойғы тынымсыз
жүріске қанша бел талдырғанымен, елге жақындағанын сезді
ме, жануар, таңғы сергек аяңға басады. Ал, жолаушылар әбден
шаршап еді. Шаршағаны соншама, аттың үстінде бекерден-
бекер қатқайып отырғаны болмаса, құр сүлдері – қол да, аяқ
та, бүкіл он екі мүше өздерінікі емес, салдырап бос қалғандай.
236
Бос қалған дене ғана ма екен, ойлары да: таң аппақ ағарып,
күн шыққанша ұрысқандай жақ ашпады. Дүрия ептеп қалғи
бастаған соң Бати қатарласа жүріп, басын иығына сүйеп сақ
келе жатқан. Ал, Гүлия міз бақпады. Бағанағы аяулы ағасының
жанына тиер сөзінен соң қайтып тіл қатпай өзімен-өзі болып,
қашаңдау тартып жатсынғандай-тын. «Қатты екен, – деп
ойлаған Бати. – Тым қатал». Ертеден, тым ертеден дерт болып
жабысқан адал махаббатын дізгіндеп, көңіл торынан шығармай
қамап ұстап келген-ді. Осы сапарда байқамай айтып қалған
екен, бір кезде оның шыбын жанын арашалап, ал, өзі Гүлия
үшін мертігіп, Ақбас бураның астында қалған ағасын «мені
неге сүйесіз» деп жазғырса ақылсыздығы емей немене... Жо-
жо-жоқ, сүюге әркімнің де хақысы бар. Аюдай азамат, жаны
жайсаң Батиды қойып, соқыр Оспан да өлердегі сөзін айтты
ғой. Ендеше, жылқышы жігіттің жуас та мәңгілік махаббатын
сезінудің, өз аузынан естудің өзі әйел заты үшін үлкен мерей-
ау... «Дархан біліп қойса... ұят-ай... ұят-ай... түк те ұят-намысы
жоқ дегендей болды ішінен бір мүлдем бөтен дауыс. Қайта
мақтан тұтып, қуануы керек. Әлемдегі ең сұлу қыздың өзіне
бұйырғанына шүкіршілік етуі керек. Әне, жұлдызы оңынан
туған жігіт деп соны айт».
Бозторғай шырылдап, күн шықты. Күн бұрынғыдай емес,
асығыс шыққандай болды... Көкті көмкеріп жатқан шық
күннің сәулесіне шағылысып, көз қарықтыра жарқырайды.
Жер беті сорпаланып, маңдайы жіпсігендей буға оранды. Ат
тұяғының астында шұбатыла иіріліп, жер бауырлана жыл-
жыған мамық тұман арасындағы қауырсындай қалқыған
адамдар алыстан қарағанда аспанда ұшып, бұлт көшіп бара
жатқандай әдемі көріністенетін. Күн қыза әлгі мамық бу жоға-
лып, көкжалқынданған төбе-қыраттар жалаңаш қалды. Ендігі
сәтте, бұларды жетелеген соқпақ суыртпақтала сайлауға
түсіп, жылып аққан жылғасы бар, тал-бұтасы ербиген өзекті
құлдалата сүйреледі. Тал басы байыған, бүршіктері күшіктеп
жапырақтана бастаған, табиғаттың алашабыр шағы.
Жолаушылар Қызылегіздің өкпе тұсына келіп, ат басын бір-
ақ ірікті. Қанша бой алдырып шаршаса да ауылға жақындаған
соң екі әйел өздерін сергек ұстауға тырысты. Керісінше,
Батидың көңілі пәс, сынған бұғанасы сыздап мазасын кетіріп,
таң шапағы сорған жүзінде бозарған жүдеулік бар.
23
– Дүние күйіп кетсе де аттан түсіп демалайықшы. Құланды
қол созым қалды ғой, – деп Дүрия қамдана бастап еді, білегінен
ұстай алған Бати рұқсатын берген жоқ.
– Аттан түспеңдер, егер түссеңдер қайтып міне алмайсың-
дар. Ал, қарындастарым, – деді бұдан соң мұң ұялаған алақан-
дай көзімен қимай қинала қарап: – Мен міндетімнен құтылдым.
Сендерді білмеймін, Омекеңнің аруағы риза шығар. Енді
қоштасалық.
– Неге, аға, ауылға жүріп шай ішіп, демалмайсыз ба? – деді
Дүрия жанары жаудырап.
– Рахмет, қалқам. Мен енді қайтып Құландыға ат ізін
салмаспын. Өз көңілім қалған жоқ, өзгенің көңіліне дақ салдым
ба деп қорқамын. Гүлия шырағым, туған ағаңдай болып
едім, артық айтсам кеш. Аға-қарындас қалпымызда қалайық.
Дарханға менен сәлем айт, маңдайдағы бармақтай бақытын
ардақтай білсін де... Бұл дүниеге енді сендей адам туар, тумас,
бірақ «қазақтың қызы қайсы» десе «міне» деп көрсетер асыл
жанды алақанға салып, жібек перденің артына ұстап жасырып
өтсе де артық болмас еді. Амал не, өмір бар жерде көмір бар...
ластап, бүлдіріп, не болмаса ерте айрылып қаламыз ба деп
шошынамын... Қош, Дүрияжан, сен де аман жүр. Аман жүрсең
– заман сенікі. Сіңісіп кетесің ғой. Қош!
Атының басын шұғыл бұрды да, құйын-перен шапқылай
жөнелді: Артына қайтып қайрылған жоқ. Мәңгілікке өкпелеп,
көкжиекке сіңіп кеткендей, көзден әп-сәтте ғайып болды.
Екі келіншектің көзінде жас бар еді...
Жүріс өтіп кетті ме Гүлия сал болып, үш күн бойы тұра
алмай төсек тартып жатты. Сабаққа да бара алмаған. Дархан
күні бойы жұмыста, жарғақ құлағы жастыққа тимей, ертемен
кетіп, қас қарая әрең келеді. От жағып, шай қойып кұрақ
ұшып жүрген жалғыз Мұрат қана. Аз уақытта бауыр басып,
осы үйдің өз баласындай сіңісіп кеткен-ді. Дарханды – әке,
Гүлияны – шеше деп еркелейді. Өмірдің тауқыметіне жастай
ұрынған бала пысық, ширақ болып өсе бастады. Ол келгеннен
бері аласа тамның шаңырағы биіктегендей, аядай үйді бір
жылы нұр ұялағандай еді. Жұмыстан шаршап оралған Дархан
алдынан тұра жүгірген Мұратты бауырына басып, бір жасап
қалатын. Балалы үй базар деген-ау, айқасы кепкен моладай жым-
жырттықтан арылып, ұлар-шу, ду-ду күлкі шанағынан асып
238
төгіліп жататын. Қазір де Гүлияның айналасынан шырғалап
шықпай жүгіріп жүр.
– Мұратжан, үй суып кетпесін от жағып қой.
– Мұрат, әкеңе шай қой.
– Мұрат, маған сусын әкеліп берші...
– Мұрат, ақсақ құлынды болжап кел, ұзап кетпесін.
Міне, осы тақылетті тапсырмаларды тізгін ұшынан қағып
алып, тырағайлай женеледі. Баланың істегені біліне ме тәйірі,
әйтпесе осы үйдің бүкіл шаруасы осының мойнында. Әсіресе,
Гүлия жатып қалғаннан бері тыным жоқ. Түнде жығылып-
ұрынып аузы аңқайып ұйқыға кететін.
Мұрат келгеннен бері ақсақ кұлынның да жаны кіргендей
еді. Қайдан тауып әкелері белгісіз, алдын жем-шөпке толтырып
тастайтын. Мезгілінде суарады. Жал-құйрығын тарап, кекілін
өріп, малсақ бала әуре болып жүргені. Құлынға құлын қосылып,
Дарханның жаман лашығы байып қалғандай-тын.
Дархан жұмысынан оралғанда маздап от жанып, пеш
үстінде қақпағы билеп шай қайнап тұр еді. Мұрат «әкем келді»
деп бас салды.
– Құлыншағым, – деді, жерден тік көтеріп алып, бетінен
сүйді.
– Түу, мұртың бетімді қытықтап жіберді ғой.
– Енді қайтейін, балам, сақал-мұртты күзеп сәнденіп отырар
уақыт бар ма.
– Мен алып берейін бе, әке.
– Пейіліңнен айналдым. – Баланы жерге түсіріп Гүлияның
жанына жантайды. – Бәйбіше, Мұрат келгелі еркелеп алдың
ғой. Ақбас бурамен жарысқанда қыңбап едің, күншілік жолға
шыдай алмай мұрттай ұшқаның не?
– Бір тәулік ат үстінде жүргеннен, бір ай жер қазған әлдеқайда
оңай шығар-ау. – Езу тарта күлді. Ерінің қырдың көгіндей
қаулап өсіп кеткен сақалынан ептеп қана сипады, – қатты ғой
өзі. Енді біраз күнде орыстың попына ұқсап кетерсің.
– Не болса ол болсын, қоя берсем деймін, қайда барар
екен.
– Онда аузыңды таба алмай қаласың ғой, әке, – деді дас-
тарқан жасап жүрген Мұрат.
– Қой, онда аштан өлер жайым жоқ, қырып тастармын.
Вагон-үйде жатқан орыс жігіттерінде ұстара бар, ертең жыл-
мақтай болып жасарып келгенде танымай қаларсыңдар.
239
– Екеумізге енді жасару қайда... – деді Гүлия.
– Қарттықтың ауылы да тақап тұрған жоқ. Мен қырыққа,
сен отызға толған жоқсың.
– Адам уақыттан қартаймайды, Дархан, уақиғадан қар-
таяды.
– Оның да рас. Бүгінгі зобалаң қашанға созылар дейсің.
Біздің ауылда да ұлыжіңгір той болар. Шойын жол бітсін,
Мұратымыз ер жетсін.
– Мен құлынды қораға қамап келейін, – деп Мұрат шыға
жөнелді.
– Ақылды бала, – деді Дархан сүйсініп. – Әкесі Долдаш
та қолды-аяққа тұрмайтын шапшаң, қағылез адам еді, тартқан
екен.
– Мұратта ес болмағанда қайтер едік.
– Аспан ала бұлтты екен, ертең жаңбыр жауады-ау деймін,
– деп қайта кірді Мұрат. – Шай ішелік, суып қалар. Лапылдатып
жаға берер отын жоқ, қоры азайып қалды.
– Кішкентай ғана ақсақалым менің, әкеңе қолыңнан шай
құйып бер. Отынды уайымдамай-ақ қой, өлмеген құлға жаз
келді ғой, тезек теріп жағармыз.
– Бұл күнде тезек те азайып барады, – деді Дархан.
– Әке, – деді Мұрат шай үстінде. – Жаңбыр жауса да жұмыс
істейсіңдер ме?
– Істейміз, ұлым.
– Егер шелектеп құйып тұрса ше?
– Сонда да істей береміз.
– Неге асығасыңдар?
Дархан кеңкілдеп күлді:
– Темір жолды тез, әрі мерзімінен бұрын бітіру үшін
асығамыз.
– Асықпас үшін бұл жолды баяғыда бастау керек еді, әке.
– Бастатпады ғой.
– Кім?
– Кім дерің бар ма. Патша, бай-кулактар...
– Сонда қалай, Омар атам да қарсы болғаны ма?
Дархан ойланып қалды. Оның орнына Гүлия жауап берді.
– Ол кісі қарсы болған жоқ. Патша салғысы келмеген ғой.
Итке темір не керек деген шығар.
240
– Қазақ даласында темір жолдың жұрнағы бұрын да болған.
Баяғыда 1905 жылдарда ма екен... Ағылшын миссионерлері
алмалы-салмалы темір жол салып, Жезқазған жақтан алтын-
күміс тасыған көрінеді, Түркістан-Сібір темір жолының
жобасы бұрын да жасалған. Бірақ іске асыра алмады. Тіпті,
олардың жобасы мүлдем қате, жергілікті ел мен жердің
жағдайын ескермеген қиқы-шойқы екен. Совет ннженерлері
қайта жасаған көрінеді.
Ертіс үстіне көпірді олар енді мың жылда да сала алмас
еді.
– Сіздер қалай салдыңыздар, әке?
– Біз бе, біз бір-ақ айда апай-топайын шығардық. Сенім
мен ықылас біріккен жерде аса алмайтын асу бар ма, ұлым. Тек
өз ісіңнің әділдігін, кімге, не үшін керектігін ұғу ләзім. «Құм
жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас» дегендердің аузы
қисайсын. Бір жылдан соң көрерсіңдер. Құландының үстінен
түтіні будақтап поездар ағылып жатады.
– Мені мінгізесің бе, әке?
– Елдің алды болып сен мінесің, ұлым. Шешең үшеуіміз
жеке бір вагонға отырып Семейге барамыз, Аякөзді басып
Алматыға аттанамыз. Жайлы да жұмсақ нарда отырып дәл
осылай шай ішеміз. Енді бұдан былай Гүлияның денесі сал
болып ауырмайды, өйткені мінгеніміз жүрісі қатты ат емес,
поезд... маған десе он апта сапар шексең де қара тырнағың
сыздамайды.
– Қандай рахат, – деді Мұрат көзі жайнап. – Шіркін, сол күн
ертерек туса екен.
– Сондықтан да жаздың жаңбыры, қыстың боранына
қарамай жұмыс істейміз, ұлым.
– Мен де көмектесейін де.
– Сен әлі жассың, бұғанаң қатқан жоқ.
– Төсектеріңді салып жатыңдар, поезға дәл қазір мініп
кететіндей айкұлақтандыңдар-ау. Ғұмыр берсін де... Кімнің
мініп, кімнің мінбесін уақыт көрсетер.
– Енді... Гүлияжан-ау, өзіміз табан ет, маңдай термен салған
жолдың игілігін көре алмайтындай не қара басыпты.
– Бұйырса көрерсіз, бұйырмаса көрмессіз, жол кесіп, бал
ашуға бола ма. Ең әуелі бітсін де... күнәлі болып қайтеміз.
– Бұйырмаса да мінеміз, иә, Мұрат.
241
– Мінеміз! – деді бала аса уыздай таза сеніммен. – Сіздей
болып өскенде сол поезды мен жүргіземін.
– Иә, сен жүргізесің, ұлым. Сен жүргізу үшін салып
жатырмыз.
Гүлия күрсінгендей болды.
Ертеңінде расында да жаңбыр жауды, әрі ұзақ жауды. Мұн-
дай сылбыраң күндерде шпал төсеуге болмайды. Итжондап
үйген құм-тасты қаншалықты тегістеп, келсап ағашпен
түйгіштесең де жаңбырлы күндері су шайып, аласарып
қалатын. Ал, оқтай атылып келе жатқан рельстің жалғанда
да бір жері еңкіш, екінші тұсы еңселі болуы мүмкін емес-ті.
Ондай қиқы-шойқы жолмен арба болмаса, паровоз жарықтық
ақсақ аттай аттап баса алмас еді. Шойын жолдың осы бір
кірпияздығы әсіресе, нөсерлі күндерде қолбайлау болатын.
Сондықтан, бүгін Дархан бастаған рельсшілер түгелдей дерлік
топырақ, қиыршық тас тасып, жол биіктету жұмысына көмекке
аттанған. Ол Құландыдан бес-алты шақырым алыста, Аякөзге
қарай қашаңдап кеткен тұста болған соң, сорғалаған жаңбырға
қарамай күрек, қайлаларын арқалап, қол арбаларын сүйреп
жаяу тартты.
Жер лайсаң. Ұзыннан-ұзақ созылған жол сілемінің өнбо-
йын қуалаған қоқырлар мен босап түсіп қалған топырақ жаң-
быр суына тиіп қойбатпақтанып, ілгері басқан аяғыңды кері
кетіреді. Оның үстіне мойныңнан сорғалаған су, қойны-қон-
ышыңды қуалап, зықыңды шығарады. Аспанның түбі тесіліп
кеткен секілді. Көктемнің алғашқы жаңбыры жолшылардың
берекесін қашырғанмен кенезесі кеуіп, шөліркеп жатқан
даланың таңдайын жібітті.
Дархан бастаған бригада жолдың жонарқасын көтеріп
жүрген халыққа келіп косылғанда өне бойларының сау-
тамтығы қалмай сүңгілесе су болды. Жуық маңда баспана
жоқ, тіпті болған күннің өзінде ешкіге ұқсап, қорғалап тұрар
уақыт қайда. Жапа-тармағай жер қазып, қопарып, қол арба,
зембілдермен қиыршық тас тасуға кірісті.
Осы Дархан бастаған топтың ішінде Ақай атты қушыкеш,
өзі сөзуар шал бар еді. Алпысты алқымдаған шынашақтай
шал Түркісібтің дүмпуі естілгеннен күрегін арқалап келіп
жұмысқа тұрған. Кемпірі ертеректе өліп, бала-шаға жоқ қара
басы қалған соң, шойын жолдан кәсібін тауып, жанын сақтап
242
жүрген жайы бар. Қолымен бірге аузы қоса қимылдайтын,
адам болып шаршауды, құйрық басып демалуды білмейтін
мазасыз шал қайда жүрмесін айналасында қыран-топан күлкі,
қызу еңбек маздап тұрушы еді. Қазір де зембілдің бір жағына
жабысып, екінші басындағы еңгезердей мұртты жігіт Қадырды
дедектетіп жүр. Тау төбе ғылып үйіп алған қиыршық тастарды
жол үйіндісінің үстіне тасып төгіп, дамылсыз қимыл үстінде.
Қары талып, аздап тізе бүгіп демалуға ыңғайланған мықты
жігітке айғайды салады.
– Өгіздей болып екі күрек топырақ көтере алмайсың ғой.
Айда кеттік!
– Кішкене демалайықшы. Аға, алақаным ұйып қалды.
– Өй, алақаныңды сенің... Мына мен құсап зембілдің екі
сабына жіп тағып мойныңа іліп ал. Сонда қолыңа күш түспейді,
пәтшағар.
– Мынандай құйып тұрған жаңбырда жіпті қайдан іздеп
табайын.
– Белбеуіңді тағып көр.
– Ышқырымды қайтемін.
– Шалбарыңды шешіп таста бәрібір пайдасыз, текке су мен
батпаққа былғап қайтесің.
– Сіз де қайдағыны айтасыз-ау, ішінде лыпам жоқ еді... –
деп күлді Қадыр атты қара мұртты жігіт.
– Іштанның қажеті не? Бұл жерде ұрғашылар жоқ. Өңкей
өзің секілді өгіздер.
– Анау... мейшайт болар... шешпей-ақ қояйын, ақсақал.
– Өй, мен қыртпын ба десем менен өткен сен қырт екенсің.
Айда кеттік, қысыр әңгімеге уақыт жоқ.
Аяқтарына кигендері: көнетоз қисық табан, шоқай өкше әр
түрлі етік. Бірен-саран орыс жұмысшыларының қайсыбірінде
бәтіңке. Сары балшықпен араласқан батпаққа батып тайғанақ-
тап, сүрініп-жығылып, ат боп жегіліп қол арба сүйреп жүр.
Балшық желім болып жабысқанда аяғыңды аттап басудың өзі
азап. Бірақ, ауа райының қолайсыздығы, жердің лайсаңдығын
сылтауратып қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ. Баяғыда...
қыс кезінде Семейден өкіл келіп, темір жолға жұмысшы
жинағанда осы Ақай шал біраз қыңыр-қисық сұрақтарды әдейі
төпелетіп еді. «Бұл жолды салып біткен соң қайда барамыз?»
– деп қадалып Соболевтің жаналқымына жармасқан. Енді
243
міне, сол шалың маңдай алды жұмысшы болып тас тасып,
топырақ үйіп жүр. Шынында да, бұл қарияның поезға мініп
қыдырар алыста жатқан ағайын-туғаны жоқ, жалғыз басты кісі.
Тағдырынан қашып құтылар ма, елмен бірге ерінбей еңбектеніп
жүр.
Үсті-үстіне әкеліп төгіп жатқан қиыршық тастарды жайма-
лап тегістеп тұрған Дархан сақалынан су сорғалап, кеңірдек
тамырлары адырайып кеткен Ақай шалдың қапшағай шап-
шаңдығына қайран қалды. «Не деген жаны темірден жаратылған
адам. Егер әр қазақ осы Ақай шалдай қимылдап, жұмыс істесе
Түркісібті биыл-ақ бітіріп тастар едік-ау...»
Жер қайсы, көк қайсы айыру мүмкін емес, қойындасып
бұлт-көрпенің астына тығылып алған. Жолшылардың сілікпесі
шықты. Су өтіп әбден талыққан. Шексіздікке созылған жолдың
бойын қуалай қыбырлап жүрген жүздеген жұмысшылардың
бірде-біреуі күрек-қайласын жерге тастаған жоқ, мәңгілік
қозғалыспен құмырсқаша қыбырлап, ұлы жолдың бойына қаны
мен терін төкті, аямай төкті.
Түркістан-Сібір темір жолын салуға қатысқан жұмыс-
шылардың тең жартысынан көбі қазақтар еді. Ғасырлар бойы
ұйқыда келген, ұмыт өмір кешкен ұшы-қиырсыз даланың
төсінен күре тамыр тартып, қан жүгіртерін, үлкен өмірмен
жалғасарын шынайы сезген өлермендік бар. Ас ішіп, аяқ
босатуды ғана білетін еріншек қазақ атанған елдің осыншалық
көмпістігі, қара жұмысқа да қаражон мықтылығы жалғыз Ақай
шалдан-ақ аңғарып алуға болар. Даласы қандай кең болса,
терісі де сондай кең жылқымінезді ағайын айғай шықса, ұран
тастаса елеңдеп тұрар жаңалыққа құмарлығы осы ретте игілігін
тағы бір танытты. Алып техниканың қуаты жетпес жойқын
құрылысты білектің күші, жүректің түктілігімен-ақ бастап
кеткен. Енді міне, өзгені қойып, табиғаттың мылқау күшіне де
дес бермей қасқая тартып жүргені.
Зембілге үйген ұсақ тастарды мықшия көтеріп келген
Ақай шал тура Дарханның алдына жетті де, етпетінен құлады.
Алғашында зембілдің екінші: сабын ұстаған Қадыр да жолды
тегістеп тұрған Дархан да қыңыр шалдың тағы бір қалжыңы
шығар деп мән бермеп еді.
– Үндемейікші, қанша жатар екен, – деді қара мұртты жігіт
күліп. Бірақ, Ақай басын қайтып көтерген жоқ.
244
Әлденені іші сезгендей Дархан ұмтылып барып аунатып
қалғанда, шалдың балшыққа батқан жансыз денесі былқ етіп
шалқалап жатты. Төпелеп жауған жаңбыр, топырақ жабысып
былғанған шалдың бір уыс бетін әп-сәтте тазалап жуып
тастады.
– Ақа, сізге не болды? – деп екі жігіт қатар ұмтылып, басын
көтергенде өздеріне тура қарап, бақшия адырайған нұрсыз
жанардан шошынғандай қолдарынан түсіріп алып еді. Осы
сәтте айдаладағы жұмысшылар жамырай жиналып, абыр-сабыр
көбейіп бара жатты. Шалдың кеудесін қайта көтерген Дархан
сабаудай жіңішке тарамыс жіліншіктегі білеуленіп барып сола
бастаған тамырды басып көрді де, алайған көзді алақанымен
жаба салды.
– Ақаңнан айрылдық, – деді. Мұртты жігіт «қайран атам-
ай» деп дауыс қойып, бас салғанда барып қазақтар жағы бетін
сипап, орыс жұмысшылары бас киімін шешті.
Нөсер құйып тұр. Белгілі бір үзігі ғана жалқы сәтке тоқтал-
ғанымен темір жолдың тұла бойындағы қызу қарбалас
толастаған жоқ.
Алыстан ой бауырымдап келер, аза тұтып, ақыретке орап
арулап жерлер ағайыны жоқ, томаршадай жетім шалды ертеңге
қалдырмай бүгін жерлеу қамына кірісті. Әркімдер ауылға
апарып, ата-бабасы жатқан қалың бейітке көмелік деп еді,
Дархан көнбеді. Темір жол бойынан қағаберісте шошақ бар
еді, сыпыра жазықтың шоқпар тиіп ісініп кеткен маңдайы
секілді төбе алыстан менмұндалап оқшау көрінетін. Шүйкедей
шалды Дарханның қарамағындағы жиырма шақты жігіт
солай қарай ала жөнелгенде бүкіл жол үстіндегі жұмысшылар
қолдарындағы қайла-күрек, құрал-санмандарын көтеріп,
қайғыға ортақтастықтарын білдірді. Нөсердің беті қайтар емес,
үдей түскен. Кұландыға түйемен кеткен жігіт алдына ескіше
оқыған молданы өңгеріп жеткенде Ақай ақсақалдың мәңгілік
мекені қазылып, ақырғы сапар із сақадай сай тұрған. Жер
қазып әбден төселіп алған азаматтар моланы әп-сәтте даярлап
үлгерді. Дауыс салып жоқтар артында қалған адамы жоқ, тек
тоқтамай жауған жаңбыр ғана табиғаттың көз жасындай Ақай
шалды арулап, жуып-шайып тазалады-ай... Үсті малмандай су
болған молда түйені шөгерер-шөгерместен қарғып түсіп, алды-
артына қарамай құранын зәукілдете жөнелген. Өліктің аты-
245
жөнін сұраған жоқ, жаназаны кімге бағыштап оқып жатқаны
белгісіз... Нөсер толастар емес.
Жас қабірді алқақотан қаумалап тұрған жігіттер молдамен
бірге беттерін сипап, сүйекті сусытып түсіре бастағанда
Кұланды жақтан бозжорғамен ағызып Оспан да келіп еді.
Ауыздығымен алысқан аттан түскенде жоқ, сыңар көзімен
қадала қарап айғай салды:
– Қисық ханды жерлеп жатқандай қара тұтқандарың не?
Жеңді білектей шалды көмуге екі-ақ жігіт жетпес пе еді.
Қайтыңдар, тоқтатпаңдар жұмысты!
– Әй, Оспан, – деді Дархан зығырданы қайнап. – Кет жаның-
ның барында, әйтпесе саған да көр қазуға қинала қоймас мына
тұрған жігіттер.
– Бұл немене, бунт па? Көрерміз, кімді-кім көмерін. – Бозжор-
ғаны шұғыл бұрып, жолшыларға қарай құйын-перен шапқылай
жөнелді.
Темір жолдың шығысындағы жалғыз төбенің басында
қарайып жалғыз мола қалды. Ол – Ақай шалдың мәңгілік
мекені. Бұл өңірде тіс шұқырлық ағаш жоқ болған соң қолының
таңбасы қалған жан жолдасы күрегін басына сайғақ қылып
шанышты да жым-жырт аяңдап келе жатты жұмысшылар.
Бәрінің көкейін бір-ақ ой мазалаған; бәрінің жүрегінде дақ
қалды; бәрінің қаупі жалғыз-ақ – егер біз өлсек те осылай
жерленеміз-ау...
Жаңбыр құйып тұр...
Дархан осы күні су өтті ме, әлде суық тиді ме қатты ауырды.
Ыстығы көтеріліп, екі өкпесі қысқанда демалудың өзі күшке
айналды. Кешке осы ауылға кеңес болып орналасқан жан досы
Қамбар мен Дүрия келіп көңілін сұрады. Қанша өкімет болдым
дегенмен, Қамбардың аусар мінезі қалмаған, есіктен сөйлей
кірді. Бұзаутіс қамшысы қонышында жүр салақтап.
– Баяғыдан осал едің. Ақайдың артынан аттанайын деп
жатсың ба, жаназаңды өзім шығарамын. Қорықпа, ақырет те
табылар...
– Қайдағыны айтпашы, Қамбар, – деп Гүлия кейіп қалды.
– Бұл өлмейді, – деді қамшысын сарт еткізіп. – Көпір салып
жүргенде қопарылыс болып, аспанға он метр ұшып барып
қайта түскенде де өлмеген. Құдайға сәлем беріп қайтып жерге
оралған әзірше осы ғана.
246
– Сен де қайдағыны қазбалайсың-ау, Қамбар, – деді булық-
қан жөтелін әрең басқан Дархан. – Семейге барып ақыл жинап
келді ме десем, барынан айрылып қайтқан екенсің ғой.
– Әне, бұл екеуінің дауы бітпейді, – деп Дүрия Мұратты
ертіп тысқа шығып кетті. Гүлия болса шай қамымен әуре
болып жүр.
– Оспан сенің үстіңнен арыз жазып әкелді, – деді Қамбар
қамшысын бұлғақтатып отырып.
– Иә, тағы да не бүлдіріппін?
– Ақай шалды әдейі өлтіріп, байкот жариялаған дейді.
– Әдейісі қалай?
– Шал тура сенің табаныңның астында жан тәсілімін беріпті
ғой. Тіпті, өмірінде «Алла, белім» деп ауырмаған екен.
– Соған сен сендің бе?
– Сенейін, сенбейін, алдыма арыз түскен соң тексеруім
керек қой.
– Тексер, – деді Дархан қабағын шытып. – Бірақ, жол құры-
лысындағы жұмысшылар сенің советіңе қарамайды ғой. Біз
Семейдің, яғни солтүстік жол басқармасына ғана бағынамыз.
– Жоқ, шырағым, кеңес – қайда да кеңес. Өкімет – біреу, заң
– жалғыз. Ол жұмысшыға да, артеліңе де ортақ.
– Е, солай де... Ендеше қашан қамайсың түрмеңе?
– Жә, жетті, былжырама. Қайтер екен десем, өтің жа-
рылғалы барады ғой. Оспан соқырдың арызын жыртып қолы-
на ұстаттым. Ешқандай қисынсыз, доказательствосы жоқ,
бақай есеп, ескінің кегін қуу дедім. Семейге жазам, екеуіңнің
де көзіңді құртамын, бажалар, – деп бажылдап кетті әйтеуір.
Әттең, әлдеқашан-ақ табанын жалтырату керек еді, бір мықты
тірек бар ол итті ұстап тұрған. Жұмысын да жаман істемейді.
Қарғайын десең жалғызың, қарғамайын десең – жалмауызың.
– Иә, – деп ойланып қалды Дархан. – Жұмысын жаман істе-
мейтіні рас. Бәрінен бұрын бір айлық оқуын бұлдай береді.
– Сол бір айлық курсқа сен барып келуің керек еді.
– Мен бұл ақылды баяғыда айтқанмын, – деді дастарқан
жасап жүрген Гүлия.
– Иә, тоқу емес, өтірік болса да оқып алу керек болып
тұрған кезең ғой... Енді кеш...
– Ешқандай кеш емес, барып кел, – деді Қамбар қамшысын
сарт еткізіп.
24
– Мен білім алып оралғанша Түркісіб аяқталар.
– Түркісіб ешқашан аяқталмайды, жарқыным. Түркісіб енді
ғана басталды. Күні ертең Құланды станцияға айналса, соның
начандігі болып тағайындалар едің.
– Ой-бо-ой, қашпаған сиырдың уызынан дәметтірдің-ау.
Төрелікті сендерге бердім, мен – қарапайым жұмысшымын.
– Жарқыным! – деп ұша түрегелді Қамбар. – Пролетариат
көсемдерінің көпшілігі-ақ қарапайым жұмысшылар болатын.
Бірақ, қай-қайсысыныңдағы мықты білімі бар болатын.
ТӨРТІНШІ САЛА
Достарыңызбен бөлісу: |