42
ҰМЫТЫЛМАС ДӘРІСТЕР
Бауыржан Жақып
Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары, филология
ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
Алматы қ., Қазақстан
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – қазақ еліндегі киелі шаңырақ,
талай марқасқалар дәріс беріп, талай таланттылар түлеп ұшқан ұлы орда. Оған ешкімнің
дауы жоқ.
Біз университет есігін 80-ші жылы аштық. Сондағы атынан ат үркетін Ұстаз –
академик – жазушы Зейнолла Қабдолов болатын. Ол кісі «Әдебиет теориясы» пәнінен дәріс
беретін. Бірақ дәл сол жылы журналистика факультетіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен
жиналған елу жасқа, Зекең өзі ертіп келіп, қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырзалиевті
таныстырды. «Сендерге «Әдебиет теориясын» осы Қадыр ағаларың оқиды», – деді.
Қадыр аға сабақты өте қызық өткізетін. Ақын-жазушылар тағдыры жайлы, әдебиет әлемінің
небір құпия-жұмбақтары туралы, шығармашылықтың теориясы мен тәжірибесі хақында
өте әсерлі баян ететін.
Бірақ біз кейде филология факультетіндегі Зейнолла ағай лекциясына да қатысып
жүретінбіз.
«Асылы, жер бетінде университет секілді қастерлі орын сирек. Университет –
адамдар зердесінде ұшқын атып, жалын шашып, мәңгілік маздап тұрған Прометей оты. Бұл
аз. Университет –елдің есеюі. Қазақ университетінің білім мен тәрбие, ғылым мен мәдениет
тарапындағы өлшеусіз қасиеттерінің үстіне айрықша бір аяулы жайы бар: заманымыздың
ұлы жазушысы Әуезов Мұхтардың жарты ғұмыры осында өтті.
Қазақ университетінде біз де оқыдық. Бірақ, біздің бүгінгі шәкірттерден бір
айырмамыз, аздап мақтаныңқырап айтсам, артықшылығымыз – Мұхтар Әуезовтің
лекциясын тыңдағанымыз дер едім. Несін айтасыз, ғажап еді ғой!..». Бұл шашын
толқындата артқа тараған, отты жанары ұшқын атып, ерекше мейірім сәулесін шашып
тұратын, аса ажарлы да бөлек бітімді Зейнолла Қабдоловтың өз сөзі. Бүкіл ғұмырын Қазақ
университетіне, қазақтың талапты жастарының жолын ашуға арнаған асыл ағаның алдын
көріп, ақыл-кеңесін тыңдағанымыз үшін біз де бақытты ұрпақ екенбіз. Біз – Зейнолла
Қабдоловтың шәкіртіміз! – деп біз де өз артықшылығымызды жасқанбай айтатын болдық.
«Асылы, Жан-Жак Руссоның байлауы дұрыс. Ұстаздық – ұлы нәрсе! Ұстаздық ету – уақыт
ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау!», – деген қанатты сөзін жиі
қайталайтын. Қазақ ұлттық университетінің кейінгі жылдары сөзімен де, ісімен де мәр-
тебесін биіктетіп, абыройын асқақтатқан тұлғалардың бірегейі де Зейнолла Қабдолов
екенін айтуымыз керек. «ҚазҰУ Бұл – мен үшін атамның атынан кейінгі ыстық атау. Осы
сөз не көзіме түссе, не құлағыма тисе болғаны, жүрегім елжіреп, көкірегім күйге толып қоя
береді. ҚазҰУ – өзінен бөлініп шыққан көп институттар секілді отау емес, орда», – деген
сөзінің әр әрпін қалдырмай, тайға таңба басқандай етіп айтушы еді. Енді бірде:
«Шырақтарым, әдебиет дегеніміз – ардың ісі», – деген терең мағыналы ойын сөз өнерін
төңіректеп келген әрбір шәкірттің құлағына құюшы еді. Әдебиетке деген неткен тазалық,
неткен қастерлеу десеңізші! Асыл Зекең әр лекциясында әлем, орыс әдебиетінен небір
мысалдарды, ұлы Абайдың: Сылдырап өңкей келісім Тас бұлақтың суындай…
...Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар Айға алыс.
немесе, Махамбеттің:
Ах, Арқаның қызыл изені-ай,
Басы бір күрдек, түбі арал,
Қыдырып шалар аруана,
Кәрісі кімнің жоқ болса,
43
Жасы болар диуана.
Бір сынаған жаманды
Екінші қайтып сынама.
Тіріде сыйласпаған ағайын,
Құм құйылсын көзіңе,
Өлгенде бекер жылама!
- деп төгілте бастап, Қасым, Мұқағали, Төлеген, Қадыр, Тұманбай, Сағи, Жұмекен,
Фариза, Мұхтар өлеңдерінен ғажайып шумақтарды үзілдіріп үзбелеп, тізілдіріп тізбелеп
жатқа оқығанда, поэзия деген сиқырлы әлемнің тұңғиығына әр шәкірт жүрегі сүңгіп кететін
еді-ау! Сырбаз сөйлейтін, сымбатты жанның әр сөзі тасқа басқандай сұлу көрінетін. Тілінен
бал тамызғандай бипаздап бастап, кейде жарасты әзіл-қалжыңмен аудиторияны дүр
сілкіндіре күлдіретіні және бар. Шешеннің шешені еді. Кейіннен университетке оқытушы
болып, кандидаттық диссертациямды Зекең өзі жүргізген Кеңесте қорғадым. Зекеңнің
соңғы докторантының бірі болғанымды да мақтан тұтамын. 80-ші жылдың аяқ шені. Ұлы
ұстаз «Әдебиет теориясы» пәнінен дәріс береді. Мен жүргізген «Әдебиет және
журналистика» пәні ол кісінің сабағымен қапталдаса жүрді. Зекеңнің лабораториялық
сабақтарын жүргізетін қазіргі Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев екеуміз
204-дәрісханада емтихан алып отырмыз. Жауабы әлсіздеу болған 2-3 студентке «3» деген
баға қойып қойғанбыз. Аудиторияға Зекең кіріп келді. Орнымыздан ұшыптұрдық.
– «Иә, емтихан қалай өтіп жатыр, – деп ведомостьқа үңілді де, қабағы түйіліп кетті.
– Лекцияны академик Қабдолов оқыса, бұл балалар қалай үш алады!», – деді.
Біз
үнсіз,
кінәлі
адамдай
басымызды
төмен
салбыраттық.
Зекеңнің сол сөзінен кейін «3» деген бағаны қоймайтын болдық.
2001 жылы 38 жасымда факультет деканы болып тағайындалдым. Сонда мен
отырған кабинетке, Зекең әрдайым бір соғып өтуші еді. Қасында міндетті түрде бір-екі адам
жүреді. Есікті айқара ашады да: «Әулие аттаған оңбас», – деген!» деп бүкіл оқытушы,
студенттерге естірте, сөйлей кіретін. Қазір ойласам, мен Абай, Мұхтар елінің перзенті
болғандықтан ба, менің абыройымды көтеру үшін айтады екен-ау, ұлы ұстаз!
Бір есте қалғаны – Зекеңнің ұстаздық қызметіне 50 жыл толуы КазГУ-де ерекше
аталып өтті. 15-қабаттағы мәжіліс залы халыққа лық толы. Академик-жазушыға сол күні
айрықша құрмет көрсетілді. Зекеңді жақсы көретін шәкірттерінің өзі қаншама десеңізші!
Мәжілісті сол кездегі университет ректоры Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұлов жүргізді.
Академиктер Серік Қирабаев, Сейіт Қасқабасовтар, жүзінен ерекше шуақ төгілген Сәуле
апа Зекеңнің қасында төрде отыр. Бір мезетте Төлеген Әбдісағиұлы Қырғыз мемлекеттік
университетінің журналистика факультетінің деканы, профессор Жылдыз Бақашеваға сөз
берді. Қырғыз ағайындар Зекеңнің шәкірті екендігін айтып, зор ілтипат көрсетті.
Ректорымыз ғажайып ақынжанды азамат, Жамбыл – Жәкеңнің тікелей ұрпағы. Өзі ерекше
шабыттанып тұр.
– Енді біздің журналистер не дейді екен? – деп, мені ортаға шақырды. Ол жерде сөз
сөйлеп тұрып алу артық еді. Мен бірден «Бәйтерек» деген Зекеңе
арналған өлеңімді оқыдым:
«Ұшқын» болып ұштың да,
«Жалын» болып лауладың.
Әуелеп бір ұшқанда,
Әуезовтен аумадың.
Тебіренттің Каспийдің
Толқын-толқын тауларын.
Өрімтал жас өскіннің
Жан-жүрегін жауладың.
Ақ самалдай аңқылдап,
Тербеп шабыт орманын.
Найзағайдай жарқылдап,
44
Ақ жаңбырдай жауғаның.
Күннің алтын нұры боп,
Күміс шыққа аунадың.
Махамбеттің сөзіндей,
Ағыл-тегіл сауладың.
Ұлы Абайдың өзіндей,
Аулақтан ой ауладың.
Мұхтар болып мұңданып,
Сәбит болып сыр бағып,
Ғабит болып шыңдалып,
Ғабиден боп нұрланып.
Қайсар жырдың күймесін,
Қасым болып таныттың.
Өлең сөздің түймесін,
Әбділда боп ағыттың.
Мөлдірлікке құлшынып,
Өстік біз де көктедік,
Зеңгір көкке шаншылып.
«Айналайын!» – деп келіп,
Құштың бізді қаусырып.
Атбегілер сипаған,
«Құлын!» көрсе, кекілден.
«Айналайын!» – деп келіп,
Сүйдің менің бетімнен.
Ардақты аға, сол сөзбен,
Сыйладыңыз бар бақты.
Сол сөзіңіз біздерге
Қанат беріп, самғатты.
Айдынына ойыңның
Аққу менен қаз қонып,
Жүріп келе жатасың.
Үнін естіп қайыңның
Сұлу, сырлы саз болып,
Кіріп келе жатасың.
Өлең сөзбен айшықтап,
Қара сөзбен жырладың.
«Адамның кейбір кездерін».
Зейін қойып тыңдадым,
Зейнағамның сөздерін.
Түн ұзақ та, күн – қысқа,
Басыңды бұлт шалмасын.
Сізге арнаған Шыңғыс та
Күздің «Қызыл алмасын».
Сыбдырласқан өзді-өзі
Жапырағың жетеді.
Сіз кіргенде КазГУ-ім,
Жарық болып кетеді.
Күннің түскен шуағы,
Бәйтерегім, теңселме.
Биік болып тұрады,
Өзіңменен еңсем де…
45
Зал ду ете қалды. Зекеңнің үлкен көздері төңкеріліп, ғажайып бір сүйсініспен маған
қарады. Факультеттің атынан қылыш сыйладым. «Қылыш», – дей беріп едім, академик
Қасқабасов «Махамбеттің жебесі», – деп түзетті. Сол сыйды Зекеңе беріп едім, ол кісі ор-
нынан тұрып, айналып–толғанып, бетімнен сүйді.
Мен орныма барып отыра беріп едім, залдағы жұрт шулап қайта ортаға шығарды.
Салт бойынша қару бергенде, сатып алу керек екен. Зекең қалтасына қол салды да, маған
ақша ұстатты. Не керек, өлеңді аудитория керемет қабылдады. Кейіннен Зекең Атырауға
барғанда, актерлер сол өлеңді жатқа оқыпты. Келген соң Зекең бір жолыққанда : «Атырауда
сенің өлеңіңді оқыды. «Сен кіргенде КазГУ-ім, Жарық болып кетеді» дегенді «Жап-жарық
боп кетеді» деп қате оқыды. Қойшығұл Жылқышиевке айттым: Бауыржанның өлеңінің бір
сөзін де өзгертпей оқыңдар дедім. «Жап-жарық» – деген лап етіп жанады да, тез сөнеді. Ал
«Жарық» дегеннің сәулесі ұзаққа барады, – дедім», – дегені бар.
Зекең дүниеден өткеннен кейін, Сәуле апайдың «Көрген түстей, сағымдай» деген
күнделік-кітабы 2009 жылы жарық көрді. Сонда мынадай жолдар бар: «12 желтоқсан … Бұл
күні таңертең атасын құттықтауға Абылай атаанасымен келіп, Бауыржан Жақыптың Зекеңе
арнаған «Бәйтерегін» жатқа айтып берді. «Сен кіргенде КазГУ-ім жарық болып кетеді»
деген жолдарын естіп, босады… (147-бет). Абылай немересі сол ұзақ өлеңді ылғи жатқа
айтып жүреді.
Ағамыз дүниеден озғанда, қайғырып жазған өлеңім «Ғұлама» деген атпен «Қазақ
әдебиетінде» жарық көрді. Ұстазды жерлеп келгеннен кейін «Ритц-Паласта» оқығанда, те-
біренбеген жан қалмады. Жүректен шыққан сөз жүрекке жететіні рас-ау!
Әр дәрісімізді Зекеңнің «Адам», «Өмір ұшқыны», «Ұшқын», «Жалын», «Жанр
сыры» «Сыр», «Жебе», «Әдебиет теориясының негіздері», «Әуезовтің әсемдік әлемі», «Сөз
өнері», «Арна», «Көзқарас», «Менің Әуезовім» кітаптарын жаңа буын, жас толқынға зейін
қоя оқуға ұсынамыз, Зекең жайлы естеліктер айтамыз. Академик-жазушы Зейнолла Қаб-
долов бүкіл қазақ халқының рухани әлемін байытып, өз соңына мол әдеби мұра қалдырып
кетті. Оның роман, повестері, драмалық шығармалары, публицистикасы, сыни еңбектері,
әдебиет теориясын негіздеген іргелі еңбектері бүгін де, ертең де ескірмейтін, көнермейтін
асыл қазына. Сондықтан да «Қазақ энциклопедиясы» баспасы Зекеңнің таңдамалы
туындыларын көптомдық етіп көпшілік оқырман назарына ұсынып отыр. Алғашқы томда
қаламгердің «Ұшқын» романы мен «Қабеннің құбылысы» драмасы, екінші томда «Жалын»
романы мен «Сөнбейтін от» драмасының сахнаға лайықталған нұсқасы, үшінші томда
болашақ ақын, жазушы, сыншы, драматург, журналист болатын жастардың қолға ұстар
әліппесіндей «Сөз өнері» еңбегі, төртінші томда Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев,
Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов және Махамбет Өтемісұлы, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мү-
сірепов шығармалары туралы іргелі ғылыми зерттеулері, бесінші томда ғылыми зерттеу
және әдеби-көркем сыни мақалалары жинақталған. Келесі томдарда «Менің Әуезовім» ро-
маны мен көсемсөзі, пьесалары топтастырылып жария көрмекші. Зекеңнің қаламынан
шыққан дүниелерді әдебиетсүйер қауымға, жас ұрпақ, жаңа буынға жарқ еткізіп, жаңғырта
қауыштырып отырудан жан-дүниеміз байыған үстіне байи түспек. Бұл – біздің шәкірттік
парызымыз. Ендеше, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов лекциясы жалғаса бермек…
Достарыңызбен бөлісу: |