АЛТАИСТИКА ЖӘНЕ ТҮРКОЛОГИЯ, №2, 2012 университетінде, кейін Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық
университетінде отыз жыл бойы шәкірттерге дәріс оқыды. Осы жылдары ол
ұстазы Б.Кенжебаев аманат еткен қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі бойынша
оқулық жазуды мықтап қолға алды. Сөйтіп, көп жылғы ізденістің нәтижесінде
атақты «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты оқулығы дүниеге келді. Бұл кітап алғашында
«Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» деген атпен 1986 жылы «Мектеп» баспасынан
жарық көрді. Аталған еңбек жайында белгілі шығыстанушы ғалым Л.Рүстемов
сол уақытта төмендегідей пікір білдірді: «Әйтсе де, бүгінге дейін қазақ әдебиеті
тарихының ежелгі дәуірі бойынша жазылған арнайы оқулық жоқ еді. Мұның өзі
жоғары оқу орындарында ежелгі түркі жазба ескерткіштерін оқыту ісін біршама
қиындатып келеді. Міне, осы тұрғыдан алғанда әдебиет тарихының ежелгі
дәуірін зерттеу әрі оны жоғарғы оқу орындарында оқыту саласында едәуір
тәжірибе жинақтаған педагог-ғалым Немат Келімбетовтің біз пікір айтқалы
отырған оқулығы осындай бір олқылықтың орнын толтырған сияқты» [2, 180 б.].
Кітап жарық көрген жылы коммунистік идеология ежелгі әдебиеттің жоғарғы
оқу орнында оқытылуын, насихатталуын қаламағаны айдай анық еді. Сөйте
тұра, білгір ғалым өзінің өмірлік басты еңбегін қиындықтарға қарамай, жари-
ялап шықты. Тұтас бір буынның сана сезімінде серпіліс жасаған, көне мұраға
зор құрметпен қарауға шақырған, ұлттың шөгіп қалған рухын оятқан, түркілік
тамырды түгендеген осы бір тарихи кітаптың бағасын біз әлі берген жоқпыз.
Н.Келімбетовтің талантты шәкірті, белгілі алаштанушы ғалым Д.Қамзабекұлы
аталған еңбектің құндылығын былай сипаттайды: «Немат ағай 1986 жылы,
яғни желтоқсан оқиғасы қызып тұрған кезде – коммунистік идеологияның
қылышынан қан тамып тұрған шақта мұсылман әлемінің рухани көсемдері
Насреддин Рабғузи, Ахмет Йүгінеки, Ахмет Йассауи сияқты ғұламалардың
хикметтерін талдап, «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» деп аталатын жоғарғы
оқу орындары студенттеріне арналған оқулық жазып шықты. Мұның өзі сол
кезең үшін азаматтық ерлікке тең болатын. Сол үшін Немат ағай кезінде сынға
ұшырап, бақылауға алынған болатын» [2, 194 б.].
Қазақ халқы рухани оянған 1986 жылы алғашқы нұсқасы жарық көрген осы
кітап еліміз тәуелсіздік жариялаған 1991 жылы екінші рет толықтырылып қайта
шықты. Осының өзінде символдық мән жатқан секілді. Ел азаттығын, халық
бостандығын жырлап өткен ақын-жырауларымыздың, баһадүр бабаларымыздың
асыл сөздері, ардақты бейнелері жинақталған оқулық жас буынды азаттық рух-
та тәрбиелейтін, оған еркіндіктің не екендігін мысалмен көрсететін, сөйтіп
тәуелсіздіктің нығаюына қызмет ететін бірден-бір құрал болып табылды. Содан
бері қанша уақыт озса да, заман өзгерсе де, халықшыл еңбек, халықтың мұң-
мұқтажын жоқтаған зерттеу өзінің өміршеңдігін танытып, студенттеріміздің
бағалы кітаптарының біріне айналды.
Немат Келімбетов зиялы қауымға ғалым ретінде тұңғыш іргелі зерттеуі,
ақын Шәді Жәңгірұлының өмірі мен шығармашылығынан жазылған еңбегімен
танылды деп көрсеттік. Ғалымның содан бері тынымсыз жүргізген сан жылғы
зерттеулерінің нәтижесінде «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» (1986), «Ежелгі
50