— Апырым-ай десейші...
Осындай әңгімелерді сөйлескелі төрт-бес күн болды. Әкесінің
қабағы түзелгеннен бері, Ақбілек күйеуін есіне ала бастап еді.
Бекболаттың жараланғанын, қалада жатып емдетіп жазылғанын
әнеугүні Ұрқия естірткен ғой. Бірақ ол кезде Ақбілек етжей-
тегжейін сұрағандай болған жоқ, жатса, тұрса, әкесінің
өзгеруіне уайымдады ғой. Енді көңілі бір жайлы болды. Келімді-
кетімді кісі азайды. Оңаша үйде Ұрқиямен отыруы көбейді.
Ұрқиядан бүгетін сыры бар ма? Күйеуін сөз қылғанды сүйетінін
сезіп, оңаша болса, Ұрқия да әңгіменің бетін солай бұра беруші еді.
Бекболаттың көңілі бұрынғыдай ма екен, жоқ, өзгерді ме екен?
Екеуінің шеше алмай жүрген жұмбағы сол еді. Сол жақтан келген
бір жігітке — білші — деп тапсырып жіберіп еді. О жігіт
қатынамағалы бірсыпыра боп барады. Түзге шықса екеуі
төңірекке көз салады: Кісі қара көрінер ме екен... дейді ғой.
Соңғы күндерде, не екенін қайдам, Ақбілек күйеуін көп ойлайтын
күйге ұшырады. Бұрын бозбалаға да онша телміре қарамаушы еді.
Еркекті аға, өзін қарындас деп санаушы еді. Күйеуінен өзге
бозбаламен, берісі: әзілдесуге, әрісі: орамал тастасып, бетінен
сүюге болады, бірақ қойнына жатқызуға болмайды деп ойлаушы
еді. Енді еркек көрсе, қойынға жатқаны, құшақтағаны қандай екен
деп ойлайтын болды. Киімшең еркекті жалаңаш түрінде көзіне
елестеткісі келді. Ол ойынан өзі ұялып, безейін десе де, безе
алмады. «Япырым-ау, мұным қалай? Ұят-ау? Шынымен бұзылып
кеткенім бе?! Қатын болғаным ба?!» деп таңданар еді. Әйел
біткеннің бәрі осылай ойлай ма екен? Жалғыз мен бе екем? деген
сұрау келсе де, Ұрқиядан сұрауға батылы бармаушы еді. Кім біледі,
Ұрқия да бұзылған екен деп ойлар деп, сақтанушы еді. Өйткені
Ұрқияның көзінде әлі бала ғой; кеше ғана қолында өсті ғой.
Күндерден күн асқан сайын, Ақбілектің күйеуін көксеуі толғақша
жиілене берді. Күйеуін ойламаса отыра алмайды. Ойлау тұрсын —
тілейді; тілеу тұрсын — ынтық болады. Үй оңаша болса, Ақбілек
керіліп-созылып, шалқасынан жатып, көзін жұмып, қиялына
күйеуін әкеледі. Күйеуін құшақтаса, сүйсе... сонда құмары
тарқайтын тәрізді. Енді Ұрқияны көрсе:
— Ана жақтан хабар жоқ па? Жасаған-ау, неге кешігіп жатыр?—
деп, серт байласқаннан жаман Бекболаттың келуін күтті.
— Хабар жоқ... кім біледі, о жақтағы елдің не деп жатқанын,—
деп, Ұрқия күдік сөйлесе де, Ақбілек ол ишараға түсінбей:
— Неге хабар бермейді екен?.. Неге кісіні әуре қылады екен?..
Қыздың күні де бар болсын!— деп, өз ойын сөйлей береді...
Бір күні апақ-сапақта Ұрқия келді. Шам жағудан гөрі ерте, алайда
үй жарық та емес. Ақбілек бұрыштағы кішкене кілемнің үстінде
жастық шынтақтап, жантайып жалғыз жатыр еді.
— Шырайлым-ау! Бейуақта неғып жатырсың; Шам жағатын уақ
болды ғой,— деп еді, Ақбілек енжарлана есінеп, еркелі, назды майда
үнін созып:
— Жа-ғы-лар,— деді.
— Шам қайда еді? Мен жағайын...
— Жеңеше, несіне асығасың, ерте ғой,— деп, Ақбілек еңсесін
бұраңдатты.
«Жақпағаныңды көремін!» дегендей, Ұрқия қасына таянып, қолын
созып:
— Мына қолымда не бар? Тапшы,— деді.
Достарыңызбен бөлісу: |