АБЫЛАЙХАН АУЫЛЫНЫҢ ЖIГIТТЕРI
Абылайхан ауылының жiгiттерi,
Тағдырың талқыға сап iрiктедi:
Мiнi жоқ озып бәйге алғаныңның,
Мiнгенiң Құлагердей күлiк пе едi?!
Ол рас, Абылайдың ақ ордасын,
Ардақтап деген бабаң бақ орнасын;
Ол рас, патшаға ерте бодан болып,
Килiктi тар ноқтаға тағы өр басың!?
Ұрпаққа ақ тiлегiң бағышталып,
Аттандың әр қиянға намыс жанып:
Жеткiзбей Әзiреттiң Көк сарайы,
«Арғынның Ақ сарайы» алыс қалып…
Ағылып алты алаштан алқалы елiң,
Алдынан Абылайдың тарқап едiң;
Уытын өз бойына дарытқан көп,
Елiңнiң терiстiкте қалқаны едiң!
Хан жұртын қасиеттi етiп орын,
Шыңдауға ел бiрлiгiн бекiп едiң;
Ақтабан-Шұбырынды тауқыметiн, –
Көп тартып бес мейрам мен жетi момын!..
Еркiңдi бодандықтың жеп кiсенi,
Тағдырдың тап кеген бұл тепкiсi едi;
Қазаққа келетұғын пәле-жала, –
Алдымен езiп-жаншып өттi сенi.
Жаттадың уставыңды, дұғаң қалып,
Күманданып тастадың құранды алып;
183
Сары ит сарып кеттi ғой сағанаңа,
Сағы сынған сабаз аз мұны аңғарып?..
«Уралап» өткен аз ба улап елдi,
Батырақ итжеккенге қуған ердi;
Асың жеп, аяғыңды тепкен де бар, –
Туғанға тура айтуға тура келдi!
Тарланың тамсандырып тамам елдi,
Бәйгеде талай рет дара келдi.
Бекiткен ел iргесiн ерлер қанша, –
Ұлылар ұмытылып қала бердi…
Саралап өткенiңе мән де бермей,
Бiр дертке душар болдың әлденендей;
Құтпаның Құдайбердi, Әйтiмбет би,
Қарасай, Қанай билер қалды еленбей!
Ол рас, тидi талай көпке себiң,
Кеткен жоқ төккен терiң текке сенiң.
Ол рас, өз олжаңды ойламастан,
Қолы боп қожайынның от көседiң!?
Әдiлдiк, ақиқат боп досың баста-ақ,
Ол рас, жүрдiң елдiң көшiн бастап.
Жалбарып жалынбадың, жасқанбадың,
Кермедiң керемет боп төсiңдi асқақ.
Ол рас, мiнездемең «тәртiптi, оңды»,
«Тамырың» тәңiрiңнен артық болды.
Әулетiң әулиесiн жатырқаумен,
Дәулетiң дей алмаймын шалқып-толды.
Ол рас, тұрды арманнан арың биiк,
Көп үшiн құрбан болдың жаның қиып.
Елiм деп емiренген елгезегiм, –
Халқыңа бере бiлдiң барыңды иiп.
Ол рас, жоспарды артық орындадың,
Тең түсiп таразыда сорың, бағың:
Қорықтың көлеңкеңнен атаңды айтса, –
Қор болды-ау аруағым деп қорынбадың?!
184
Бұлжытпай орындадың тапсырманы,
Жанымның жете ме айтқан пәк сырлары:
«Алға» деп тарта бермей, аллаңды да айт, –
Алаштың айбын болған жақсы ұлдары!
Абылайхан ауылының жiгiттерi,
Басқаның артық па ақыл, бiлiктерi:
Өрледiң жеке-жеке шың басына,
Бәтiр-ау, басың неге бiрiкпедi?!
Естiлген дүниеге ен дүбiрi,
Елiңе небiр дана бердiң iрi;
Жағаңа жармасқан да жетiп жатыр,
Тартып жүр етегiңнен ендi бiрi.
Ат басын тұрсың неден iркiп бүгiн,
Жанысын намысыңды бұл құтты күн;
Өрiне Оқжетпестiң құлаш ұрып,
Басына шықсаңдаршы Бүркiттiнiң!
Ол рас, арман қудың аңсап қана,
Малға да қызықпадың, мансапқа да!
Тура би, туғаныңды шырамыттың, –
Алдыңа алты айналып барсақ қана!
Ол рас, өрге бастар мәрт талабың,
Ақ жолың жасқа мәлiм, қартқа мәлiм;
Соқпақсыз соңыңа ерген жас талапты, –
Ол рас, бауырыңа тартпағаның!?
Ол рас, сыйлық берiп, пара алмадың,
Қарныңды қампитпадың, қамалмадың;
Ол рас, зейнеткер боп соңыра күн –
Союға соқыр тауық таба алмадың!?
Ол рас, қашағанды құрықтадың,
Қамы деп қара бастың құнықпадың;
Жетiлем, жетемiн деп жетекке ерiп,
Жетедi жетi атаңды ұмытқаның!..
Сағалап жатпасаң да сая ағашты,
Саяқты сұм тағдырың аямас-ты;
185
Атаққа малданып сен жүргенiңде, –
Атаңның тамы қалды аяқ асты…
Атадан қалған iзгi ғұрып па едi,
Аруақты қай адамзат ұмытты елi?
Атақ ал, ат бапта, ескер ата салтын, –
Абылайхан ауылының жiгiттерi!..
ЖАДЫМДА ЖАЙСАҢ ЖАНДАР БҰЛ
Атаның жолын жалғап кейінге,
Әулеттің ортан қолындай бекем:
Сыралғы елге, салмақты өмірде,
Болыпты алғыр Қоңырбай көкем.
Әпикөн, Сәкең, бауыры Қожкен,
Болған Мапыраш, Өрімқай мекен...
Сындарды көріп дәуірі кешкен,
Ешкімнен қорқып-қорынбайды екен.
Шолақ белсенді ор қазған көкіп..,
Ел бұзған езді көк ұрмай ма екен?!
Қорлыққа көніп, колхоздан кетіп,
«Тоқтамыс» барған Қоңырбай көкем...
Жақсы жар сүйіп, жүйрік ат мінген,
Уәдесін айтқан орындайды екен.
Келте боп ғұмыр, бұйрық әттеген?!
Көз жұмған ерте Қоңырбай көкем...
Армансыз ғұмыр – далбаса бәрі,
Қайғысыз, қамсыз өмір қайда екен?
Артында тұяқ қалмасадағы, –
Аузында жұрттың – Қоңырбай көкем!..
Бірде оздырып, құлатқан бірде,
Өрен жүйрікке өмір бәйге екен;
Жете алмай жүрсем жырақтан күнде,
Иманды болсын Қоңырбай көкем!..
186
* * *
Жақанға
Жарқылдап жүретұғын пәк сырымен,
Жақаным – жақыным ең, жақсы iнiм ең:
Қиянда қияға өрлеп жүргенiмде,
Сендердi перiштеге тапсырып ем.
Бақиға ерте неге көштiң, iнiм,
Баршаға жағымды едi дос қылығың:
Аңырап қалған жарың медет тауып, –
Асқарға ұшсын биiк қос құлының!
Қанатын, мертiккендей, қаға алмай құс,
Көз жұмды және солай Жамал байғұс;
Опынып отырамын оңашада,
Жеңетiн көп сындарды таба алмай күш.
Тағдырдың түрмесiн де, бүргесiн де
Көп көрген әкем сонда тұрды есiмде;
Қызықтан құр қалғандай қайран анам,
Қарызбын әрбiр осы нұрлы есiмге.
Сияқты суға кеткен тал қармайды,
Тап болдым тағдырға бiр тар маңдайлы;
Түңiлсем түн ұйқымды төрт бөледi,
Iшiмде ұлып жатқан арлан – қайғы.
Қажимын, жар кешкендей жалаңаяқ,
Бермеді тағдыр олжа маған аяп;
Бір ісім әупірімдеп алға басса,
Бір қырсық төтеден кеп шалады аяқ.
Менiң де сыртым бүтiн, iшiм – қайғы,
Iшiмді ыстаған шер ысылдайды;
Соңымнан санасы бар санат берiп,
Сұм тағдыр неге биiк ұшырмайды?..
Менiң де жан дүнием, аңғарсыңдар,
Әкемнiң қорасындай аңғал-саңғал;
187
Жортқанда жар бола гөр, Жанғал шалдар
3
,
Жолымды жарық еткей, жанған шамдар!..
ШҰҒЫЛА ШАШҚАН ЖҰРТЫНА
Қалиолла Тұрғынбайұлының рухына
Көмбе алтын сақтап көңіл сарайыңа,
Шұғыла шашып өттің маңайыңа.
Марқайған жақсы ісіңмен маңғаз едің,
Өрлеуді жазған тағдыр-талайыңа.
Ойламай атқа мінсең бас қамын да,
Жоқ еді сасқаның да, тасқаның да;
Білімнің ақ ордасын қалап едің, –
Өлкеңе өнер нұрын шашқаныңда.
Дос тауып ханнан-дағы, қарадан да,
Төріңнен қызық-думан тараған ба?!
Көп еді шарапатың ағайынға,
Жоқ еді жаманатың жан адамға.
Атадан келе жатқан салтың да арда,
Жолыңды жалғап жастар талпынды алға;
Сарқылмас көл-дария көпшіл рухың, –
Талапты ұрпақ пенен халқың барда...
ҚАТАР ҰШЫП КЕЛУШІ ЕДІК ҰЯҒА
Қуатқа
Қанат қақтық бауыр болып қияға,
Қатар ұшып келуші едік ұяға;
Қайттім енді, жоқсың бүгін қасымда,
Жамандыққа жан бауырын қия ма?!
Жүруші едік жұбымыз бұл жазылмай,
Сексен көлдің қанат қаққан қазындай;
Талай арман топшысынан үзіліп,
Қанша сырлар қалды айтылмай, жазылмай?..
3
Жанғал – батыр, би болған елағасы.
188
Жолыңды ашып, шықсын деуші ем сені өрге,
Баулып едім өлең менен өнерге;
Сайлап едім сүңгісін деп тереңге,
Тағдыр бірақ айтқаныңа көнер ме?!.
Биік болсын деп тілеуші ем тұғырың,
Шайқалмасын деп тілеуші ем тұнығың;
Ажал неге ерте салды құрығын,
Әттең неге қысқа болды ғұмырың?!.
Неге ұрындың кенеуі жоқ кеселге,
Ердің неге ескен желдей есерге;
Өзегімді өртейді сол өкініш,
Бейнең бірақ жадымыздан өшер ме?
Адастырып кетті алдамшы дүние,
Адасқан соң азаматтың күйі не?
Қапияда айрылып өзіңнен,
Қала бердік күңіреніп, күйіне?
Мына қайғы жеңілдемес жуырда,
Қайрат берсін бізден соңғы буынға;
Жақсы ісіңді солар алға апарып,
Жасай берсін атың, тіккен туың да!..
189
Сегізінші тарау
АСТАНА – АСҚАҚ АРМАН,
АСЫЛ МҰРАТ
АСТАНА – АЛАШ АРМАНЫ
Астана қаласының әкімі, халқымыздың рухани
қазынасының жанашыры Иманғали Тасмағамбетовке
Астана – жақсы тiлек, жарқын үмiт,
Шаншылған шаңыраққа алтын уық.
Көшiмен жаңа ғасыр бой түзедi,
Қадiрiн, қасиетiн халқым ұғып.
Келешек кесiп айтар кең өлшемiн,
Астана – кемеңгер ой, кемел шешiм.
Астана Бәйтерегi бой түзеген, –
Биiкке көтередi ел еңсесiн!
Алланың апппақ нұры құйып көктен,
Бәйтерек – Астананы сүйiктi еткен.
Бәйтерек – ырысымдай үйiп-төккен,
Бәйтерек – ел мерейiн биiктеткен!
Қонады Бәйтерекке қыран ғана,
Қызығып қарайды жұрт құмарлана.
Жетiсу, Сыр-Қуаң мен Едiл-Жайық,
Есiлмен тоғысқандай бiр арнаға!
Бәйтерек – айбарым да, айбыным да,
Биiгiм бой ұрғызбас қайғы-мұңға.
Күлiмдеп күн сәулесi күмiс шашқан,
Еркелеп Есiлдiң ен айдынында!
Қас батыр қасыма кеп қасқа маңдай,
Елдiкке, ерлiкке елдi бастағандай.
Тамылжып нұрға тұнса туған өңiр,
Адамда болады арман басқа қандай!
190
Ер болса сынады елдiң неге сағы,
Бiткен жоқ елдiк-ездiк егесi әлi;
Бәйтерек түлегi өссiн рух берiп, –
Бөгенбай, Қабанбай мен Кенесары!..
Айналып Бәйтерегiм қара орманға,
Басына бүкiл елдiң бақ орнар ма?
Асқақтап Астананың Бәйтерегi,
Алтын күн шашсын нұрын Ақордамда!
Астана – ел рухына тамаша айғақ:
Елбасы тапқан оны данаша ойлап.
Астасқан алашымның арманы бұл, –
Ақжолдап, Ағатайлап, Қарасайлап!
Өшпейді ерлер елін қылған разы,
Махамбет, Мағжан, Сәкен – жыр маңғазы;
Тербейді елдік рухы Астананы, –
Бас қосқан Біржан, Жамбыл, Құрманғазы!..
Тұлғалар тұғыр болып тұрғанда ізгі,
Маңына мыңды үйіріп, жиған жүзді:
Елімнің жүрегіндей елжіреген, –
Астана «нұр» бейнелі, «иман» жүзді!..
Шын ғажап түлеп елдің ұл-қыздары,
Ел рухын шыңдап, қала тұрғызғаны!
Барады Мәңгілік ел көшін бастап,
Жарқырап Астананың жұлдыздары!..
АСТАНА АСПАНЫ
Сұм заман сұғын қадап Сарыарқаға,
Сызы оның батқан талай жон-арқама;
Туған ел тәуелсiздiк туын тiгiп,
Астана келдi оралып сол ортаға!
Абылай, Тәуке менен Қасым хан да,
Көш бастап шыққан биiк асуларға;
Қараөткел – Ер таңдауы, ел қолдауы, –
Жол ашты бүгiн де тың ғасырларға!
191
Аспаны Астананың арайланған,
Тамылжып таңы болған талайға арман;
Өсiрiп көңiлiңдi аңсап келген,
Қол бұлғап Бәйтерегi қарайды алдан!
Асқақтап Бәйтерегi тұр Астанам,
Алаулап ауласы жоқ гүл ашпаған;
Есiлiм еселенiп, есiле ағып,
Ер халқым өр теңiзге құлаштаған!
Сағым боп Сарыарқаның сардаласы,
Заманда аз ба көрген зар-наласы?
Бөгенбай, Қабанбай мен Қарасайлар, –
Ізі бар Ақмоланың айналасы.
Тарихы талай сырды білдіреді,
Ұл-қызы ұлтын сүйген дүлдүл еді:
Нияз би, Иманжүсіп, Қажымұқан,
Ыбырай, Қоңырқұлжа, Тұрлыбегі!..
Ел десе, ерлік десе алда тұрар,
Рақымжан, Сағадат пен Талғаты бар;
Баяғы сағым құшқан самұрық құс,
Барады елдің даңқын самғатып ал!..
Аспаны Астананың нұрға бөккен,
Орнатып ойда – орман, қырда көктем.
Жалғаған жаңа буын ел дәстүрiн,
Құлтума, Ғазиз, Шолақ жырлап өткен!
Астана – ел бақытын ашқан алаң,
Толысқан топырағын басқан адам;
Сарп етіп ақыл-ойын талай дана,
Қаншама құрыш қолдар тас қалаған!..
Аспаны Астананың ашық қандай,
Бойда – күш, ойда шабыт тасытқандай.
Жас ұрпақ бақыт тауып жарасады,
Табысқан бiр-бiрiмен ғашықтардай!
Болашақ бой көтерген іргеде бұл,
Жарасқан жаңалықпен күнде небір.
192
Есіктен есіп жаңа кірген өмір,
Жас ұрпақ, жаныңды сал, үлгере біл!
Астана асқақтаса – өрiсiм кең,
Аялау оны мiндет, борышым мен;
Бағалап мәңгіліктің бір мезетін,
Қосуым керек үлес сол үшін мен!..
«Бәйтерек» – айдарынан жел еседi,
Аспанда ақша бұлтпен теңеседi.
Түлектер сол тұғырдан түлеп ұшқан, –
Халқымның жайнап өскен келешегі!
Асқақтап Бәйтерегi тұр Астанам,
Алаулап ауласы жоқ гүл ашпаған;
Жұлдызы жарқыраған елдігімнің,
Ұл-қызы болашаққа құлаштаған!..
ҰЛЫ КӨШ
Туған ел, мұраты зор, арманы асқақ,
Саяңда ұрпақ өсiп, жан жараспақ.
Арқаны дүбiрлетiп алашым деп,
Ұлы көш келедi елдi алға бастап.
Артынып Алатаудан көш келедi,
Арқа да арқа-жарқа төс кередi.
Қай заман мына заман – еркiн заман,
Өркендеп, өрiс тауып өскен елi!
Елiне ерлерi – айбын, данасы – айбар,
Келедi ғажап жылдар, тамаша айлар.
Абылай, Бөгенбай мен Қабанбайлар,
Кешегi өткен жол ғой Қарасайлар!
Ұмытып замандардың қайғы-азабын,
Өспеген мәртебесi қай қазағың?
Болады Жерұйығың жаңа астана,
Толады берекемен тайқазаның!
Ерлiгi ертеңгi ұлға әлi де айбын,
Ер жеткен ер киесi дарымай кiм?
193
Тәукенiң тiккен туын асқақтатып,
Аруағы аунап түстi-ау Абылайдың!
Шығармай аталардың сырын естен,
Бұла боп қызың өскен, ұлың өскен;
Туған ел, тұғырыңды ол биiктетiп,
Толады ырыздығың ұлы көшпен!..
ЕСIЛ ЖӘНЕ ЕСIМ ХАН
Осы судың «есiмi», –
Есiл ме, әлде Есiм бе?
Көшiм ханның – Есiмi, – Қалған ғой ел есiнде!
Сiбiр, Арқа төсiнде, Өрiс тауып ер Көшiм:
Оның ұлы Есiм де, – Бұрған берi ел көшiн?!
Ханға жақын жұрт па екен, –
Сүйенген ел, сүйген жар…
Болды оларға құт мекен,
Қорғалжын мен Күйгенжар!
Көп сыры бар жасырған, Көне тарих іздерін:
Моншағы ма шашылған, – Сұлу ханша Сүзгенің!
Есте қалған тұстар ма, – Есiле аққан Есiл деп;
Есе бермей дұшпанға, Ес жиған ба Есiм кеп!
Тарихы да мол екен, Бекiткен ел iргесiн:
Бұрып айтар орекең, – Бiлiп айтып жүрмесiн?!
«Ишим» деген ат қайдан, Шықты деп ал бағамда?
Басынан ел бақ тайған, Басылды ғой табанға!?
Етсе тарих куәлiк, «Ишим» – Есiм хан шығар?!
Содан берi су ағып, Тамды қанша тамшылар!..
Орда сайлап бұл маңда, Бұрын да сан хан тұрған:
Жер иессiз болған ба, – Не дейдi кей антұрған?!
Еңсегей бойлы Есiм де,
Елдiң қамын жегесiн;
Буырқанған Есiлге, Бұрған шығар кемесiн?!
194
«Елiм-айлап» босқан шақ, – Есiл жұрттың есiнде:
Түркiстаннан көш бастап, Ту тiккен бе ел Есiлге?!
Азаттықтың жолында, Атпайды деп таң неге?!
Қамал бұзған о мұнда, – Қаһарланып хан Кене!
Көк байрағын көтерiп, Көк түрiктiң ұрпағы:
Көп бейнетi өтелiп, Көкте еркiн шырқады!
Өрге қанат серметкен, Ақордамсың Есiлiм!
Жас ұрпақты тербеткен, Сенсiң алтын бесiгiм!
Еркiн аққан Есiлiм, Есте тұрар зор тұлғаң:
Ашып бақыт есiгiн, Есемiздi толтырған!
БҰЛ МАҢДА АБЫЛАЙХАН ОРДАСЫ БАР
Құтпаны – Құлсарыдай қолбасылар,
Бұл маңда Абылай хан ордасы бар;
Рысқұл, Жанғал батыр мекенi бұл, –
Ұрпағы Әйтiмбет би жорға шығар!
Азаттық болған елге кәнiгi арман,
Бұл жерде бабалардың тамы қалған.
Есiмде Ескене де, хан Кене де,
Жаныма мен де өшпестей жарық алғам.
Алаштың ел қылған жер босқан ұлын,
Сал Бiржан көкте аққуға қосқан үнiн.
Айдапкел, Балуан Шолақ, Қуанышбай, –
Жұп жазбай бiлген ел мен дос қадiрiн!
Өткердi ел қорлық, зорлық – бәрiн бастан,
Елбасы орда сайлап, бағыңды ашқан!
Қызығын ұзағынан сүйiндiр деп,
Тiлеймiз тәңiрден де, қарындастан!
Ақмола, түсiп оңнан жолым саған,
Бiр сенде болғаны рас көңiл, санам.
Самғайды қанат қаққан жырым сенен,
Асқақтап ақ дидарың көрiнсе әман!..
195
әнге АрнАлғАн өлеңдер
АСТАНА – АЛТЫН ТҰҒЫРЫМ
Арайланып астананың ажары,
Өзiне ауған бар әлемнiң назары.
Еркiн өсiп ұл мен қызы елiмнiң,
Жайнағандай жаңа өмiрдiң базары.
Құлаш ұрған ертеңге,
Халқымыз бар өр кеуде;
Алтын тұғыр Астана,
Өркендей бер, өркенде!
Асыл арман асқақтайды көңiлде,
Құлшынады құлаш ұрып өмiрге.
Елдiгiмдi танытады астана,
Сайын дала Сарыарқаның төрiнде.
Есiл, Нұра – тұнығым,
Ерлiк толы ғұмырым;
Елдiгiмдi танытқан,
Астана – алтын тұғырым!
ЕРЛIК ПЕН ЕЛДIК МЕКЕНI
Бөгенбай, Қабанбай мен хан Абылай,
Ерлерiң ерлiктi еске салады ұдай;
Қастерлеп Қарасайдай қас батырлар,
Ақтарған алтын дәнiн алабың бай.
Алатау – аспанмен таласқан,
Атырау – мұнаймен бағы асқан;
Астана – мерейлi мекенiм,
Достығы, жастығы жарасқан.
Ортаңа орда тiккен алыптарың,
Бiледi, бағалайды халық бәрiн;
Астана, асқақтаған асыл мекен,
Жұлдызың жарқырайды, жанып бағың!
196
АСТАНА ЖҰЛДЫЗЫ
Аида Ғалымқызына
Жайнап қала, ауылым, Жаңғырады дәуірім:
Туған елім, ту тiккен, – Тарқамасын сауығың!
Арманымның айғағы, Шаттығымның қайнары,
Арайланған Астана, – Жеңiсiмнiң байрағы!
Аялаған ұл-қызын, Арманымдай бас қала:
Жайнай берсiн жұлдызың, Нұрлы Астана, сырлы Астана!..
Ұландарға талап бер, Қырандарға қанат бер!
Махаббаттың мекенi, – Алтын аймақ, абат төр!
Жақсы өмірің нұр шашқан, Жас өркенің гүл ашқан.
Дәстүрің бар осындай, Ғасырларға ұласқан!
Қызың гүлдей құлпырған, Ұлың өрге ұмтылған,
Айналайын, Астана, – Айналасы нұр тұнған!
Жақсы атағың жаңғырып, Жырлайды ұрпақ ән қылып,
Жас өркенің жайқалып, – Жасай бершi мәңгiлiк!
ЕСIЛ ЖАҒАСЫНДА
Сырлы қала Сарыарқаның төсiнде,
Сыр ақтарып сырғи аққан Есiлге;
Бiрге жүрген, өрге жүзген гүлдәурен, –
Қалқатайым, қалсын мәңгi есiңде.
Жасыл шырша, ақ қайың, Ғашықтарға жақ дайым.
Есiлдiң ерке сұлуы, Есiмде мәңгi сақтайын.
Аяз сорған қызыл алма шырайың,
Жаныңа кеп жан сырыңды ұғайын;
Өмiр қайнап, көңiл жайнап өзiңмен,
Аязға да, боранға да шыдайын.
Асыл ерлер ат суарған бұлақтан,
Қанып iшiп, сескенбейiн сынақтан;
Жас дәуренмен, дос таңдаумен жарасып,
Шұғыласын шашсын елге шуақ таң.
197
Есiп бiрге жаңа өмiрдiң ескегiн,
Қызықтайық зәулiм үйлер өскенiн;
Аппақ нұрға, ән мен жырға бөлейiк,
Ақмоланың мамыражай кештерiн.
АҚМОЛА АРУЫ
Кең даланың кермаралы керiлген,
Сенi көрмей серi көңiл не бiлген:
Сұлу бейнең сезiм қылын қыдықтап,
Шарасынан шалқып көңiл төгiлген.
Жайнап өсiп жаңа қала, жас қала,
Ақ нұрымен аймалайды астана.
Қиялымды баурап алған, жан сәулем,
Қия алмаймын, қия алмаймын басқаға.
Жас қаланың желбiрейдi желегi,
Жасыл бақша жастарға да керегi.
Махаббатқа куә болып астана,
Жас дәуренмен бiрге есейiп келедi.
Таныстырған, табыстырған талайды,
Астананың атқан таңы арайлы.
Ақ дидарың айдай жайнап аяулым,
Ажарыңнан алтын сәуле тарайды.
ЕСIЛДIҢ ЕРКЕ СҰЛУЫ
Есiлдiң ерке сұлуы, Есiмнен кетпес наздарың.
Жаныңның жарқын жылуы, – Жырлайды жастық саздарын.
Арбаған ойды сен ғана, Айдында жүзген аққудай;
Куә боп бiзге кең дала, Тербелген қырда ақ бидай.
Сыр айтып сырбаз ақ қайың, Ой салар қайсар қарағай;
Достардай бiзге жақ дайым, Пейiлi дарқан даладай.
Ойнаған нулы өңiрде, Лағындай ерке киiктiң;
Сағыныш толып көңiлге, Шықпайсың естен, сүйiктiм.
198
Астана қолын бұлғайды, Ертеңге нұрлы асыққан;
Махаббат әнiн тыңдайды, Өмiрге iңкәр ғашықтан.
Шарқ ұрып шыңға шығайық, Шалқытып ән мен жыр кешiн;
Астана өссiн нығайып, Елдiктiң шыңдап iргесiн!
АСТАНА АЖАРЫ
Көз жетпейдi кеңiстiк, кеңдiгiңе,
Сөз жетпейдi ерлiгiң, елдiгiңе.
Айналып Ақордаға арайланып,
Ақмола, бағың жанды ендi, мiне.
Есiл, Нұра суындай, Сары алтынның буындай;
Жайнап өсшi, Астана, Жеңiсiмнiң туындай.
Аңсап өткен жер ме едiң Асанқайғы,
Сағынышын сүйген жан баса алмайды.
Шуағыңа бөленiп туған елiң,
Шүйгiнiңнен төрт түлiк бас алмайды.
Атқан таңмен нұрланып, Асу-асу шыңды алып;
Өсе бершi, Астана, Өрендерiң шыңдалып.
Қыздарың – гүл, ұлдарың нар тұлғалы,
Кең пейiлдi ақжарқын халқыңдағы.
Төлежiп төл өрбiген төскейiңде,
Далаңның ақтарылған алтын дәнi.
Жалын берiп жастарға, Шығар биiк асқарға.
Тура бидей ту алып, Туған елдi баста алға!
ЕСІЛ МЕН ШҰБАР ШУАҒЫ
Астананың төрінде, Ақбұлақтар тербеліп;
Асқақтайды көңіл де, Асыл арман жел беріп.
Есіп шаттық самалы, Есіл менен Шұбардан;
Ғашық жандар сырласып, Шығады олар құмардан.
Егіз жүрек гүл ашқан, Екеуінде – бір арман.
Ләззат күндер ұласқан, Ғашық сырын ұға алған.
199
Нәр алғандай мол нұрдан, Өркен жайып өндір бақ.
Бақыт құсын қондырған, Бәйтерек тұр қол бұлғап!
Махаббатпен марқайып, Ғашықтардың көңілі;
Жапырағы жайқалып, Жайнайды Есіл өңірі.
ТУҒАН ЕЛ
Туған елім, дарқаным, Гүл жайнаған алқабың:
Асқақтайды Астана, Төскейінде Арқаның!
Алатау, Сырдың сағасын, Атырау, Алтай арасын,
Мекен етіп туған ел, Тапқан жарқын жарасым!
Арман қуған ұл-қызың, Самғап ұшқан құстарың:
Жайнай берсiн жұлдызың, Қазақстаным, Қазақстаным!..
Өткен талай сындардан, Өрге жүзіп шыңдалған:
Туған елім өзіңсің, Шырқау биік шыңды алған!
Қуат алып ғасырдан, Болашағың ашылған:
Ерлерімнің арқасы, – Елдің даңқын асырған!
Ата-баба арманын, Ерлікпенен жалғадың:
Елге бақыт сыйласын, Арайланған таңдарың!
Бағын ашып өлкенің, Өсіп-өнді өркенің:
Таңдай нұрлы бүгінің, Қандай ғажап ертеңің!
НАУРЫЗ НАҚЫШЫ
Бастауындай ырыстың, Күлімдейді күміс күн:
Құтты болсын, әлеумет, Ұлы күні ұлыстың!
Құтты болсын Наурыз, Гүлденеді бауымыз.
Шығатұғын жыл сайын, Биік болсын тауымыз!
Ел ұмытып үрейді, Жер-дүние түлейді.
Бір-біріне адамзат, Ақ тілеуін тілейді.
Төл көбейіп төскейде, Жеткіншектер өспей ме!
Тату-тәтті дүйім ел, – Табысқандай дос бейне!
Дәм ұсынып қонаққа, Ел кенелер мол аққа.
Бақыт боп кел, Наурыз, Жамандықты жолатпа!
200
Наурыз тойы басталды, Шақырамыз достарды.
Дастарқанды кең жайып, Даярладық ас дәмді.
Наурызды қарсы алып, Би билейміз, ән салып.
Жаңа күннің келгенін, Барша жұртқа жар салып.
Жеті түрлі тағамнан, Таусылмастай нәр алған,
Жеткен ізгі дәстүр бұл, Жеті жұртқа таралған.
Тойдың дәмін татыңыз, Қызығына батыңыз.
Достығымыз нығайып, Берік болсын сапымыз.
Күн менен түн теңелді, Ел қызыққа кенелді.
Топқа кіріп, достарым, Той тойлайық кел енді!
АЛМАТЫ
Алып ең, Алатаудай еңселім ең,
Алматым, қоштаспаймын мен сенімен:
Қарасай, Райымбектей ерлерің бар,
Қара тас қақ айырылған семсерінен!..
Наурызбай, Бектемір мен Сатай, Бөлек,
Сүйінбай, Жамбыл да оны атайды ерек:
Амал не... Сталин деп жырлағанда, –
Кім білген өркеніңді ол отайды деп?!.
Ілияс, Тұрар, Сәкен арыстарың,
Кіндігі болып елдің қарыштадың:
Тасытқан мерейіңді топты жарып,
Ахмет, Мұхтар, Мұқан, Қаныш дарын!..
Алашқа тарап атың ұрандайын,
Төріңнен түлеп ұшты қыран дайым:
Күләш пен Ермек, Шәмші, Нұрғиса мен, -
Бауыржан, Мұқағали, Тұманбайың!..
Көкке өрлеп қыран даңқың, жыр сұңқарың,
Алатау биігіне мың шырқадың:
Өзіңді өрге сүйреп ер Жұмекең,
Топ жарған Димекең мен Нұрсұлтаның!..
201
Ел өсті, заман түлеп, алмасты лек,
Қол созды тәуелсіздік алғашқы рет:
Сен сонда Ақмолаға төр ұсындың,
Елдіктің сара жолын жалғастыр деп!..
Елдіктің ерлер құрған өлшемі кең,
Жанымның айырылмастай бөлшегі ме ең:
Аман бол, ақ дидарың арайланып,
Алматым, қоштаспаймын мен сенімен!..
Достарыңызбен бөлісу: |