Бағдарламасы бойынша жарық көрді Сәдуақас Т. С 28 Шығармалар жинағы. Алматы: «Сораба» қоғамдық қо



Pdf көрінісі
бет1/19
Дата19.01.2017
өлшемі1,82 Mb.
#2223
түріБағдарламасы
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

ТорТай 
СӘДУаҚаС
ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ
«Сораба» қоғамдық қоры
алматы
2014

ТорТай 
СӘДУаҚаС
ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ
1-том
 
Алматы – 2014

УДК 821.512.122
ББК 84 (5 Қаз)
С 28
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» 
бағдарламасы бойынша жарық көрді
Сәдуақас Т.
С  28      Шығармалар  жинағы.  –  Алматы:  «Сораба»  қоғамдық  қо- 
ры. – 2014. ISBN 978-601-80410-1-3
Т. 1. – 384 б. ISBN 978-601-80410-2-0
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, зерттеуші 
Тортай  Қазиұлы  СӘДУАҚАСтың  осы  шығармалар  жина- 
ғының  1-томына  бұрын  жарық  көрген  және  жаңадан  жа- 
зылған өлең-жырлары, аңыз-хикаялары мен жыр-дастандары 
топтастырылған. Кітапта табиғат пен адамның арасындағы 
үйлесімді байланыс, сол табиғатты молайтушы қарапайым  
адамдарының жарқын бейнесі, жаңарған тәуелсіз еліміздің 
жетістіктері мен арман-мұраттары, махаббат сезімдері, сан 
алуан көңіл күйлері өлең өзегіне айналса, аңыз-хикаяларда 
өмірдің мың бір мысалы кең түрде кестеленеді. 
УДК 821.512.122
ББК 84 (5 Қаз)
ISBN 978-601-80410-2-0 – (Т. 1)                       © Сәдуақас Т., 2014
ISBN 978-601-80410-1-3                                    © ҚҚ «Сораба», 2014

5
Бірінші тарау
«ТҰҢҒЫШ» ТОПТАМАСЫ
ЖҮРЕК YHІ
Отан – ана, туған ел, ата мекен,
Өр өлеңге өзіңді балап өтем.
Сол үшін белді будым, нар тәуекел,
Ер жігітте екі сөз бола ма екен?
Жыр беттерін балауса парақтаған,
Енді ғана сол өрге қанат қағам.
Маздаған оты болса өлеңімнің,
Керегіңе әйтеуір жарат, далам!
*   *   *
Арманға жетем бе деп жалықпасам,
Балдырған сырларымды халыққа ашам:
Балаң жыр болашаққа шашуым деп, –
«Ақырын жүріп, мен де, анық басам!..»
Жалынды жыр тусын деп, өмірлі өлең,
Шабыттанам, шалқимын, көңілденем.
Қастерлеп, қасиетті поэзия,
Мен саған жүрегімнің төрін берем.
АУЫЛ ҚОТАНЫНДА
Ырыс елі, бұл ауыл, тоқтық елі,
Тыныштық қой – мұндағы көп тілегі.
Туыссырап бір үйге келсең де сен,
Күллі ауыл мейманымыз деп біледі.
Суытпаған сыйластық сенімдерін,
Нұр шашады жарқырап көңілде күн.
Қауым болып қыздарын ұзатып сап,
Ауыл болып түсірген келіндерін.
Шаттық енсе бір үйге жұрты жайлы,
Тай қазандар ошақта бұрқырайды.

6
Қайғысына бір жанның қапаланып,
Сексен үйдің сүйегі сырқырайды.
Бәріне ортақ сауығы, сайрандары,
Шүкірлік деп, дастарқан жайған бәрі:
Тілек қосып әжелер, бата берер,
Абзал қарттар, ауылдың пайғамбары.
AT ЖАРЫС
«Алысқа айда, аттарды алысқа айда,
Желдей жүйткіп жүйріктер жарыспай ма?
Жіберетін ат басын – жұлдызша ағып, 
Жігер қайда-ей, жігіттер, намыс қайда?!»
Қиқулаған естисің, шуды аңғарып,
Алқа топтан, берілген думанға анық.
Жиналыпты тойына шопандардың,
Ат жалында ән салып туған халық.
Кең даланы күй кернеп кеткен бе еді,
Көптің бүгін ат жарыс бопты ермегі.
Осында жүр шау тартқан шалдарың да,
Қалыппыз деп сағынып көптен бері.
Сері көңіл шіркін-ай, қыр қазағы,
Кім озар деп шетінен жүр мазалы;
Атқа мінген алқа топ аруақтанып,
Ата салтын жаңғыртқан бір ғажабы.
...Кенет қырдың дүбірлеп бар алабы,
Соғылып кетті бәйге барабаны.
Құлагерлер құлаған құба белден,
Қас жүйріктер құйғытып барады әні...
ҰCTA3
Көкірегіңнің аршыған тұнбасын кіл,
Тәлімгердің таудай зор тұлғасын біл:
Ұлы міндет атқарған ұстаз деген,
Ақылгөйің әрі дос, сырласың бұл.

7
Білім беріп, арманға жол бастаған,
Ұрпақ үшін бейнеттен ол қашпаған;
Ұстаз деген – тілеуқор әкең сынды,
Қиынға сап, мәпелеп, қорғаштаған!
Бағып-қағып ұрпағын ұясында,
Әр баланы балайтын шын асылға:
Ұстаз деген – мейірбан анаң сынды,
Қанат беріп ұшырған қия-шыңға!..
ШІЛДЕДЕ, ШІРКІН, ҚЫР ҚАНДАЙ
Жолаушым, орақ кезінде, Арқаға келсең аралап;
Шалқыған ұқсап теңізге, Шалықтап жатар бар алап.
Қырлары қыздай құлпырған, Шілдеде, шіркін, қыр қандай?!
Масақтар күліп мұртынан, Масаттанып тұрғандай.
Қойнында толған ырыс бар, Осында майдан – жұмыстар.
Сол үшін салған ұрыстар, Қырдағы туған құрыштар.
Құмартып келсең қырманға, Көңілің шалқыр көкке өрлей.
Белестер сайын бұл маңға, Бекеттер орнап кеткендей.
Тоғысып тоқсан торабы, Түйіскен мұнда жол қилы:
Толтырып дәнге қорабын, – Толассыз «Газдар» жөңкиді.
Елімнің көріп ерлерін, Кеудеңде сол сәт тасыр күй;
Ұғынып диқан еңбегін, Ізетпен оған басыңды іи!..
ЕГІНЖАЙ СУРЕТІ
Алтын нұр аймалап алапты, Шапағат сәулесін таратты.
Шығыстан шырайлы күн шығып, 
 
Таң атты, таң атты, таң атты!
Жұпарың жел есті қоңыржай, 
 
Қоңыржай самалмен көңіл жай;
Төңірек теңіздей тербелген, Егінжай, егінжай, егінжай!
Танаптан ерлікті танисың, Сан түрлі қызыққа жарисың:
Сүйсіне иіскейсің алқаптан, Нан иісін, нан иісін, нан иісін!

8
Орақтың науқаны бұл таңдар, 
 
Жандар жоқ жабырқау, күй таңдар:
Халықтың қамы деп қарбалас,  
 
Диқандар, диқандар, диқандар!
Сазы мен аспабы сан қилы, Оркестр ойнайды ән-күйді:
Ен қырдан еңбектің әуені, Шалқиды, шалқиды, шалқиды!
Жүрегі лаулаған алауша, Қарт та бар, жас та бар балауса;
Озаттар  – тұғырға қондырған, Жалауша, жалауша, жалауша!
Жігерлі жігіттер жаси ма, Көңілде көл-шабыт тасиды, ә?
Жол бойы қырманға ағылған, Машина, машина, машина!
Алқапта дамылсыз шарқ ұрған, 
 
Диқандар шын ерлер, нар тұлғам!
Сусылдап құйылған қорапқа, 
 
Алтын дән, алтын дән, алтын дән!
Бәрі де тынымсыз жүр ызғып, (Соларға арналсын жыр үздік).
Қамбаға еселеп құйылған, Ырыздық, ырыздық, ырыздық!
ЖИҺАЗДЫ ӨҢІР
Көкшетауым, Көкше деген ат қандай!
Көрген адам қалмас, сірә, шаттанбай;
Сексен көлі сексен ауыл секілді,
Тарқамас той төрінде өтіп жатқандай.
Қандай ғажап нұрға бөккен ертеңі,
Бозторғайлар бабам күйін шертеді.
Жұпар ескен желі неткен ерке еді,
Гүлзар бақта жүргендей жан елтеді.
Біржан көмей бұлбұлдары сайрап бір,
Жиһазды өңір жас отаудай жайнап тұр:
Масаты – қыр, әбдіре – тас, гүл – өрмек,
Таңданбас кім табиғатқа әйбат бұл.
Шоқан текті oйғa шомған шоқылар,
Тұлғасынан терең сырлар оқылар.

9
Қарағайлар өрендері өңкей өр,
Жанарында жарқылдаған оты бар.
Әз табиғат қалай шебер зерлеген,
Сені көрсем сезім көлі селдеген:
Сұлулықтың конкурсы өтсе егер,
Ой-хой, Көкшем, лауреаты сен дер ем!
ЖОЛАУШЫ ТОЛҒАНЫСЫ
Япырмау, неткен ғажап өңір едің,
Тапқандай саған келіп көңіл емін.
Тотыдай тоғай жапқан төңірегің,
Толайым дүниенің төрі ме едің?!
Жайнаған жарқын қандай жарасымың,
Жаһанның жамылғандай бар асылын.
Шалқиды шат көңілдің шарасы мың,
Қазақтың көріп сендей қарашығын.
Келісті көктемедей ніл түсіңменен,
Тартатын магниттік күшің де ерен.
Көргендей ғажайыпты түсімде мен,
Таң қалдым табиғатқа мүсіндеген.
Бұл қазақ сұлулықты көксегенде,
Қиырдан қонақ – турист, дос келерде,
Зерлеткен көру үшін көп шеберге,
Екен ғой Көкше – музей, Көкше – көрме!
БУРАБАЙ БАУРАЙЫНДА
Армысың, ардагер жер, ардақты шың,
Сен сері – сымбаттысың, салмақтысың;
Рахатқа батырасың келген жанды,
Сіміртіп самал – саумал, шәрбат – шырын.
Сепкенде күннің көзі таңғы нұрын,
Суреті қандай керім сал қырыңның:
Жондарың құлпырады құндыздайын,
Желкілдеп қайың – бантик, тал – бұрымың.

10
Көлбеңдеп көз алдымда қойтастарың,
Кеудеме түйдек-түйдек ой тастадың.
Бикештей Биші қайың ырғалады,
Шортанды шырқағандай той бастарын.
Жер бар ма маған сендей қымбаты асқан,
Сиқырлы сыр ұғамын Жұмбақтастан;
Оқжетпес жырау бабам сияқтанып,
Тұр, әне, ұрпағына жырлап дастан.
Манаурап жататұғын алып тыным,
Киең де, елге мәлім, алыптығың!
Уа, айым, нуға байым, Бурабайым,
Жәннәтім, жерұйығым, жарықтығым!
АЙНАКӨЛ АЖАРЫ
Толқытып толқындарың торғын жайған,
Айнакөл, ажарыңа болдым қайран.
Суреті жүрген көптен жүрегімде,
Япырмау, бұл бейнеңді көрдім қайдан?!
Ағызып ақбоз қиял алағыздым,
Келеді қызыл тілден бал ағызғым.
Бәтір-ау, мені көптен іңкәр қылған,
Өзіңе ұқсаймысың дара қыздың?
Ұмытып бауды – кілем, тауды кілең,
Ынтығым бір өзіңе ауды білем.
Тұп-тұнық, дөп-дөңгелек, көргем сені,
Сол қыздың жанарынан жәудіреген.
Сол қызға ұқсатамын өрлігіңді,
Тек саған сыйлар едім мен гүлімді;
Ылайым «Айнакөлдер» тілеп жүрем,
Ылайлап алмайын деп мөлдірімді.
*   *   *
Айдыны асау, айбынды қандай көл еді,
Ақынның талай арналған әйбат өлеңі;

11
Айнашым менің, Арқаның кенже бөбегі,
Ажырап қалған аспанның әлде бөлегі?!
Төңірек кейпін төріңнен керіп тегістей,
Тебіренгенмін телміріп, Айнам, мен іштей;
Теңдесің жоқ-ау, тегінде сенің кеніштей,
Теңселген арнаң тербелген әлде егіс пе, ей?!
Көз алмай тұрмын келісті мынау қалпыңнан,
Қырманың сенің  – сусылдап аққан алтын дән;
Жұмбақтас – «ДТ-ың», шағалаң – шабыт шарқ ұрған,
Оқжетпес болса,  ол – Диқан сенің нар тұлғаң!
*   *   *
Ғашықтар! Қудай жүзіп жүресің де,
Ойнайсың су шашысып, күлесің де;
Сендердей: Айна да қыз «гүл» есімді,
Жұмбақтас – жампоз жігіт, білесің бе?!
Ертеде еткен бір хан мұнда мекен,
(Хан емес, қанға құмар мұңдар екен).
Болыпты жалғыз қызы, ол ұнатқан,
Елінде өнерпаз бір ұл бар екен.
Сүйгенге берген ол кез ерікті кім,
Айырар оларды да келіпті күн:
Қараға қыз бермеске кәрленіп хан,
Байғұстың көзін құрт деп беріпті үкім.
Қыз – әнші, жігіт – күйші жастар екен,
Екеуі сөз байласқан баста бекем.
Сол күні іздемек боп басқа мекен,
Екі жас желмаямен қашқан екен.
Желмая! Жел! Жастардың халін ескер,
Желмесең жетімектер тағы не істер!?
Жеткенде Оқжетпеске, қалың әскер
Қоршапты қос ғашықты, жарыместер!
Соңғы рет аймаласып жан жарымен,
Бақытын бақты қорғап бар жанымен;

12
Қорғапты! Жігіт арын арманы мен
Жасанған жаудан жалғыз қанжарымен.
Сонда қыз: – Құтыл депті, – құрдасына,
Ешкімді теңгермеспін бір басыңа;
Ал жігіт өрлей берген шың басына,
Ер – емен, қоймапты жау сынбасына.
Құтылмас болып жаудан қызбасынған,
Тағдырды ол талақ етіп жүзде ашынған;
Аман бол, – деп, аяулым, – қызға шыңнан,
Қарғыпты ол Оқжетпестен – құз басынан.
Кетіпті ол болмайын деп жастай ғарып,
Иесі, түйесі де тасқа айналып...
Қыз қарғап құзғындарды қашты айналып,
Жанға – мұң, жанарына жас байланып.
Жүрегін өрт боп шарпып қайғы алыпты,
Қайғы алыпты, іштей ол қайралыпты;
Ғұмырда мәңгі бірге боламыз деп,
«Айнагүл» Айнакөлге айналыпты!!!
Аймалап содан бері Жұмбақтасын,
Жатады ол: таң атпасын, күн батпасын;
Ашып сап ғашықтарға сыр қақпасын,
Сүйсініп бақытты бұл ұрпаққа шын.
КӨКШЕДЕН ҰШҚАН  КӨП ҮЙРЕК...
Жерлес қыздарға наз
Үлпілдеген үкілі қоғалары,
Үзілдіріп көк айдын, көгал әні;
Көктем сайын келетін керуенімен,
Көкшетауға көп үйрек көкалалы.
Қошеметпен Көкшенің көлі күллі,
Қарсы алатын қондырып қоңыр үнді:
Туған жерге оралған құсты көріп,
Тұратұғын жыр кернеп көңілімді.

13
Көп үйрекпен көрікті болады аспан,
Тобың қонған тоғаның тола дастан.
Сыртыңнан сүйсініп мен сақтанушы ем,
Тимесін деп мергеннің оғы адасқан.
Таласуға бола ма, таласуға,
Маусым жетіп ұштыңдар сан асуға.
Қайтар кезде қатарың қалды сиреп,
Қалдыңдар ма, қонақтап «қара суға?»
Ешқайсысың мені ием демесең де,
Періштеге сендерді теңесем бе.
Қайтқан құстан, – деп сұрап жүрмісіңдер:
Көл аман ба, көрікті, ел есен бе?
Ұя салып сол жақты таңдасаң да,
(Туған жерді сағыну бар қашанда).
Көкшетаудың көліне, көп үйрегім,
Көшіңменен қонып жүр анда-санда.
КӨК МАЙСА ЖЕРДІ КӨМКЕРДІ
Көктем мен көк мұз айқасып, Көмекке Көкек жеткенде;
Көксоқта болар кәрі қыс, Көндіге алмай от демге;
Көмпиген қарлар шегініп, Көлеңке деген шептерге;
Көк сүңгі қалар шытынап, Көбесін мұздың сөккенде;
Көкдолы тасқын соқтығар, Көнтерлі дейтін өткелге;
Көп дауы Ақ пен Қараның, Көк ту боп жайнар бөктерде!..
Көзайым болған ағайын, Көрісіп аман жеткенге;
Көрпесін төсер Наурыз, Көжесін сыйлап текті елге!
Көнекөз берер батасын, Көш түзеп, сапар шеккенге!..
Көз сүзіп туған жеріне, Көштері құстың өткенде;
Көлшіктің көне көздері, Көлбақа толғап кеткенде;
Көбелек бастар думанын, Көк өніп, саздар кепкенде;
Көлбеңдеп ұшар көгіңде, Көгершін менен кептер де;
Көкек пен бұлбұл жырлар кеп, Көмейге таққан көп перне.
Көктің де иіп інгені, Көл-көсір нұрын төккенде;
Көнетоз тонын шешіп ну, Көйлегін жаңа еткенде;
Көнтақа тоңдар жіпсіген, Көшеттер баққа еккенде;

14
Көсіліп жатқан жондарға, Көп диқан меруерт сепкенде;
Көлкісе нөсер моншағы, Көз жауын алған шөптерде;
Көк иісі жарар қолқаны, Көлеңдеп самал өпкенде!
Көшірі мамыр, маусымның, Көсемдеп сағым жеккенде;
Көк ала жылқы байланып, Көнектер сүтке бөккенде;
Көделі жайлау жарасар, Көгендер тартса көк белге.
Көшелер, кербез даңғылдар, – Көлденең керіп көк перде;
Көзәйнек киіп көз алдың, Көгілдір тартып кеткен бе?!
Көкірек тұнған сезімге, Көңілсіз жүрген жоқ пенде;
Көзайым болған ғашықтар, – Көксеген ойға жеткенде;
Көріктім, шығам алдыңнан, Көрімдігім бұл деп мен де.
Көпіріп айтты демеңдер, Көргенім осы көктемде;
Көркейіп бірге қалайын, Көгершін – көңіл көкке өрле!
КӨКШЕТАУ
Қашаннан қияға үкі, далаға айдар,
Қарағайлар, секілді нар ағайлар;
Ақ қайың, құшағыңды аш, анама айнал,
Сағынып салып келдім араға айлар,
Кеудемде шымырқанып бала қайнар.
Егісі ен шалқыған дәулетті елім,
Еңіс пен жапқан түлік тау бөктерін;
Еліне сәуле шашқан сәулет керім,
Есепсіз орден таққан әулетті ерің,
Ертеңнің егіп жатқан бау көктемін.
Ежелден тауы – пана, тасы – қорған,
Бұлқынған бал бұлақтың басы болған;
О-о, менің алтын бесік, асыл ордам,
Жарқын қыр, жәннәтті алқап, жасыл орман,
Ұлыңмен бірге шалқып, тасы, толған.
Табиғат тартқан арда сый-шырайын,
Аңқыған жұпар ауа, иісі майың;
Жел – жігіт, желек – қобыз: күйші дайын.
Беу, қалай бұраңдайды биші қайың.
Бар жанды сен осылай сүйші дәйім.

15
Қасыңдай қас арудың қиғаш біткен,
Өрнегің өлеңіме сыймас тіптен.
Музейім, қалған маған мирастықпен,
Көрген жан меймандай боп сыйлас күткен,
Арнайды ақ тілегін қимастықпен.
Мағжан мен Сәкенді де ғашық қылған,
Іледей Ілиясты тасыттырған;
Қасымды қайраған от шашып тұрған,
Өзіне бар ақынды асықтырған,
Шабытпен жүрген шашу шашып тыңнан.
Құбылып тұрған қысы-жазы, көктем,
Саңқылдап көлінде – қу, қазы – көктен,
Сұңқылдап сал-серілер сазы жеткен,
Би-бағлан шежіресін жазып өткен,
Халқымның Хан ордасы тәжім еткен!
Саин – сұс, Мәлік – айбын ерен, дүрім,
Имантау, Бурабайлым, Зеренділім;
Кербезім, кереметтім, кемел күнім,
Кеудеде толқын атып кемер бүгін,
Қызырым, қызығыңа кенелді ұлың.
Сырлы әуез сымбатыңа серік екен,
Ақан – тіл, Біржан – көмей сері мекен,
Сезімнің сексен көлің селі ме екен,
Жаһанда жер бар ма екен жеріңе тең?
Айбарлы Абылайдың ақ ордасы,
Жырымды байғазы ғып беріп өтем.
КӨҢІЛІМНІҢ КӨКШЕСІ
Сүйем сені! Арым таза, сөзім шын,
Көңілімнің Көкшетауы өзіңсің!
Асылынан алқа таққан көріктің,
Бақытымның Бурабайы деп ұқтым.
Күміспенен күптегендей кемерін,
Арманымның Айнакөлі сен едің.
Сезімдегі Сексен көл боп толғадың,

16
Ойларыма Оқжетпес боп орнадың.
Қос аққудай жаным оған егіз бе,
Биші қайың боп тербелдің сезімде.
Жүрегімде Жұмбақтас боп жатырсың,
Жадымдағы жүрген Жекебатырсың!..
СЕН ҰЯЛШАҚ ҚЫЗ ЕДІҢ
Сен ұялшақ қыз едің, Мен ұяңдау ұл едім.
Сен деп соғып жүрегім, Сел боп тасып жүр едім.
Сен алманың гүлі едің, Мен қайыңның бүрі едім.
Жанымда боп бір бақта, Жайнауыңды тіледім.
Сен балапан қаз едің, Мен айдынды жаз едім.
Көлімнен ұшып кеттің сен, Көркіңді көріп мәз едім.
Сен Баянның өзі едің, Мен ұнатқан Қозы едім.
Өртенсе де өзегім, Бәріне де төземін.
СОЛ ТҮНДЕ
Жандырған жүрегімді өртіңменен,
Түстім сан тебіреніске сол түнде мен.
Алтын ай сәуле шашқан жасыл бақта,
Көрдім мен жанарыңды мөлтілдеген.
Мені енді жылап тұрып ұмыт дедің,
Ұмыт дедің, өзіңше үгіттедің.
Жолымыз қосылмайды деп налыдың,
Мен болсам, сол баяғы үмітте едім.
Өзіңсіз ортам да олқы, күлкім де кем,
Дидарың үлбіреген гүл-гүлге тең;
Сен менің жүрегіммен бір біткенсің, –
Жүректі жұлып тастау мүмкін бе екен?!
ӨТКЕН КҮННІҢ ЕЛЕСІ
Е-е, достым, елес пе еді ол, ертек пе еді,
Еске алсаң еспе көңіл елтед тегі;

17
доп қуып кететінбіз, асық атып, 
үй-үйдің тентектері.
Бәтір-ай, батқан күнді байқамастан,
Базармен жазды өткеріп жайдары асқан;
Мектепке беттейтінбіз сосын күзде,
Құшағын айқара ашқан.
Шіркін-ай, шат-шадыман күнді кілең,
Шалқытып, сыр ақтарып бір-бірімен;
Жаңғырып жас жүректер жататұғын,
Қоңырау күмбірімен.
О, пәлі, он сегіздің тарқар ма әні,
Оның да озған күнмен артар мәні.
Қасқиып қас биікте жүрмісіңдер,
Ауылдың арқарлары...
ҚАЛАДАҒЫ ДОСЫМА
Бала ғашық ежелден, дана ғашық,
Далаға асық, досым-ау, далаға асық.
Құпиясын өзіңе қалады ашып,
Ақ селеумен кетсең ғой араласып.
Қырат қандай мұндағы, бұлақ қандай,
Көрген сәтте көңілің бүр атқандай!
Желпір саған желегін ұнатқандай,
Ақ қайыңдар арудай бір ақ маңдай.
Жырласа бір бұлбұлдар, тыңдаса қыр,
Сазды әуезбен сен өзің сырласа біл.
Қалмайды ғой мұндайда қырда сабыр,
Сүйеді кеп самалы мың жасағыр.
Қалшы үңіліп, сырларын алшы ұғынып,
Сәйгүлігін сезімнің алшы мініп,
Саф самалын сүйсіне ал сіміріп,
Сал кеудеңді жіберсін әнші қылып.

18
Екінші тарау
ЖАРТАСТАҒЫ ЖАҢҒЫРЫҚТАР
ҚОЛЫМДА БАЛҒЫН ҚАУЫРСЫН
Уызын емген анамның, 
Сырларын түйген даламның, 
Асылын терген бабамның, 
Туған ел, сүйген балаңмын, 
Алдағы күнге алаңмын.
Асығып айтсам жырымды, 
Асырып айтты демеңдер, 
Ашынып айтсам сырымды, 
Асылық айтты демеңдер, 
Ағайын, жұртым кемеңгер!
Бағамды бергін қауым шын, 
Айтыңдар ақыл, тәуір сын, 
Өздерің асқар тауымсың, 
Жолымда бар мың ауыр сын, 
Қолымда балғын қауырсын!
ҚАРАҒАНДЫ КЕНІШТЕРІ 
(Толғау)
Құландар жортқан құба жон едің кешегі,
Маңдайының соры бес елі.
Сүйікті ұлдарың сен дескен,
Сүйекке түскен таңба деп,
Сүйем жеріңді сұрқия жауға берместен,
Сағыңды сындырмай келген деседі.
Көміріңнен бе, көңіліңнен бе, ал бүгін
Көшелеріңнен ақпан айында да бір жылылық еседі.
Кенішім менің, кемеңгер жұртым қорыған,
Келешек ұрпақ қамы үшін,
Аяулы кезге аңырап жеткен арысым;
Түндігіңді ашшы айқара,

19
Өркені жоқ, ертеңі жоқ деп тантыған,
Шімірікпейтін шіркіндер, жарқын жамалыңды танысын!
Жететін желпіп желегін, көркіңе сондай құмар таң;
Не көрмедің, тарихтың
Тауқыметін тартып талай мына арқаң.
Шыңырауда шырағданың тұтанбай,
Шындықты іздеп шарқ ұрдың, Қолына батып қыл арқан.
Атқанша солай арайлап нұрлы жарық таң,
Құтылмай қойдың қамыттан,
Тамұққа кіріп тамұқтан.
Құдық та қаздың құл болып, Көмір де тарттың көнекпен, 
Тірлігің үшін пұл көріп, Тағдырға төздің зор, өктем.
Көбейіп таныс-тамырың,
Дос пенен қасты саралап енді таныдың;
Жапанның жалпақ жаңғыртып тау мен тастарын,
Қайлаңды енді қайратпен серпе бастадың.
Әр аулыңнан ал бүгін, әуені кезген Мәдидің,
Бақытты жұрттың базарлы сәтін танимын.
Сыңғырлаған күлкісі мен сәбидің,
Шаттықтың әні шалқиды шаңырағынан әр үйдің.
Кеудеңді кернеп ыза-кек, өзегіңді өртеп отты арман,
Ояндың енді, ояндың,
Бақида болып көрмеген ұлы барымта,
Өмірі өтіп көрмеген ұлы көкпардан.
Төңкерістің дүмпуімен дүбір сап,
Ақсорпа болып аты ердің,
Тайсалмай кешіп тарихтың тайғақ кешуін,
Қиясын асып қиямет пенен қатердің,
Асқарға тіккен асқақ ту болып желбіреп,
Жалпақ далаңа жаңа бір мазмұн әкелдің;
Болашаққа енді толғана қарап тұрсың сен
Тұлғасы сынды Қазыбек, Бұқар, 
 
 
 
 
Әлихан, Нығмет, Сәкеннің!..
Шалқар далаңа шадыман заман шапағы болып шашылдың,
Сарыарқаға түскен бір қолтаңбасы секілді,
Жасампаз мына ғасырдың.
Салтанатың мен сәнің бұл,
Әлем астаналарынан бір кем бе, ей,

20
Арманшыл мына ұрпағың,
Жүрсін деп мәңгі қайғының бұлтын бүркенбей,
Қырағы қыран, тыныштықты қорып тұрсың сен
Қаһарман ұлың Нұркендей!
Сан ұлтпен сенің төріңде, тілеулес болып табыстым.
Сен бүгін достық бағысың ғажап бүрлеген,
Сол бірліктен нәр алып, алып комбинаттар гүрлеген;
Қайнары-сынды табыстың,
Кен қопарған тереңнен, кемеңгерлігіндей Қаныштың!
Солардың ақыл-ойымен кемел ойлап, кең піштің:
Арманың болған арнасын бұрдың Ертістің,
Мың жылдар күткен махаббат,
Құшақтарың қауышып, қаншама сырлар шертістің.
Өркенді өлкем, осылай дәйім жайнап бақ,
Алаштың даңқын айдай әлемге айғақтап.
Қойнауыңда кеше қой қуған
Кім білуші еді Апақты?!
Ал бүгін сенің ой қуған,
Әйгілі болған әлемге, ұланың қанша атақты.
Жасампаз менің жас қалам,
Қарқынмен осы қарыштап алға бас қадам.
Көгілдір болашаққа бастаған,
Керемет даңғылдар жатыр алдында ал,
Көшінді бастап жөнелген сондай парадта,
Тарғындар сынды Арғындар
1
, –
Жұмысшы табы шыңдалған, 
Шығатын талай қаһарман!..
Балғаның үнін естірткен байтақ әлемге,
Теміртау атты шаһардан!
Шыңдалып осы сындарда,
Перзентің шығар ел бастап!..
Ұлысын сүйген ұл барда,
Арманың болар енді асқақ!..
Құшағыңа еніп қиялыңа сыймас домналар,
Солар бүгін толағай кеуде толғанар;
Тебіренген сәтін жеткізіп айту күш тіпті,
1
Арғын Жүнісов – атақты металлург.

21
Бұрқ та сарқ қайнаған балқымамен салыстыр
Кеудесіндегі оның ыстықты.
Еңбек адамының осыдан, елене бермес сырын ұқ,
Осы болар қарапайым ұлылық.
Біз көбіміз заңғарға ал,
Тек төменнен қарауға әдеттеніп алғанбыз,
Сондықтан да алынбайды арман құз.
Ғибрат ап осыдан, түйсігіңе түйіп бер,
Барласаң ғана биіктен, білдірер бәсін биіктер!
Ал, мына жайсаң жандардың мәрттігінде жоқ па есеп,
Бәлен мың градус ыстықта, қолымен жатыр от көсеп!
Осы қолдар – сертке берік, сүйіктісін аймалар.
Осы қолдар – дұшпан төнсе, жұдырыққа айналар.
Осы қолдар – гүл сыйлаған туған күні қыздардың.
Осы қолдар – сопроматтарды ақтарған,
Кітапханасында «ВУЗ»-дардың;
Келелі небір кеңесте,
Қара қылды қақ жарған осы қолдар емес пе!
Дүниеден бір ұлылық көрсем алдымен,
Осы қолдар құдыретіне саямын.
Осы қолдарды көргенде,
Доллар ұстауға ғана икемді, ақсаусақтарды аядым.
Әжім-әжім, мүйіз басқан осы қол,
Күніне мың амандасқан досы мол,
Қулық баққан мансапқордың емес,
Адал еңбекқорлардың қосыны ол!
Осы қолдар сыры кетпес сынымен,
Осы қолдар ханға бермес шынымен.
Осы қолдар қазанында қайнатқан, 
Лавада жатқан лапылдап,
Индустрия жүрегі – құрыштар әлгі шыныққан;
Бұрқылдап қайнап, бұлтылдап ойнап оттықта,
Ағады болат өзені, ағады тынбай лақылдап.
Шашырап ұшып шарасынан шалқар селдеген,
Зымыран болып жұлдызға қарай самғайды ол, –
Аспанның төсін зерлеген.
Төстерден өтіп көптеген,

22
Құяды алып цехтарға,
Бұлшық еті ойнаған жоғары вольтті токпенен.
Ол көрмеген бар ма сын,
Көреді құрыш білектің, құлаштай соққан балғасын.
Тартады сосын толқыны тулап қиырға,
Алып құрылыстарға бұрып арнасын.
Күркіреп ағып жатады солай жапандар төсін жаңғыртып,
Сияқты шойын рельстер.
Тыңдардың тоңын айырып,
Көк түрен болып тартады байтақ егіске ол,
Орден де болып қадалып жатыр кеудесіне өр асқақ
Жандардың әлгі жеңіскер.
Ыстығымен ерітіп үскірік пенен ызғарды,
Мұзды мұхитта да жүйткиді олар мыңқ етпей,
Омырауымен опырып, мың жылдап қатқан мұздарды.
Әз өлкем менің!
Әлемде әлі бұғауда жатқан бұлқынып,
Әлем де жәлем сауықшыл кенттер аз ба екен,
Өзіңсің бірақ базарлы бағың құлпырып,
Сұлу өмір сүріп жатқан әз мекен.
Қалалар қанша, үйлері заңғар тіреп көк,
Алып вокзалдары көрмеген ешбір толастап,
Бәрінде соның бар ма екен арман зор асқақ;
Азғындар қанша апиын басын айналтқан,
Болашағының өзі түнек боп.
Жаңарса күндер, жаңғырып өзің шалқыдың,
Көзіңнен күнде көремін еңбек жалқынын.
Жүрекке бақыт, білекке шабыт әкеліп,
Ұландар салған ұрандар,
Барады бүгін көтеріп биік еңсеңді,
Қырандар қонған крандар.
Келеді шалқар шулап бақ,
Көшелеріңді көк желегімен шумақтап.
Ақсұңқар құстар, Самұрық құстар тынбастан,
Айдыныңа қонады, жазып тың дастан! 
Іздеген талмай бағыңды бүгін таптың кеп,
Кезіңе осы көз салса бір сәт ұйқы ашып,

23
Не дер еді Мәди менен Тәттімбет!
Онда ғой шіркін,
Моторлар даусы сатыр да гүтір ұйқасып,
Көшелеріңнен жатар еді-ау топан күй тасып.
Өнер қуған өренің көп бірақ та,
Сезімнің селін тасытар есті құлаққа.
Көгіңде жүзген көгершін, көк өрімі көп елсің.
Алтын ұяға асыққан, алаулап жүзі ақ таңда;
Қалғыған түндер жатады шошып оянып,
Мектеп атаулың қоңырауларын қаққанда. 
Университеттен дәріс ап, Жаңғырып солай жас кеудең,
Тоятты тағы іздейсің Париж бен Лондон, Мәскеуден.
Көз ілмей шығып түнімен,
Келешек ғасырлармен жатасың тағы сырласып,
Ғаламтордың тілімен.
Сымбаттым, сәнім, сәулеттім,
Осынша байлық, дәулеттің, –
Олжаны ғана ойлаған, обыр құлқыны тоймаған,
Басқалар көрмей қызығын;
Игілігін көрсе ел игі еді!..
Еліне дайым тұратын тартып бүйрегі:
Тәті, Сапақ, Шоң, Ағыбай, Тәшенов, 
Нұрмақов пен Ермеков, – 
Жұртыңды алға сүйреді!.. 
Жалындап өскен жас ұрпақ, солардың жолын ұстанып,
Талабы тағы ұшталып,
Адалдық болсын көкірегіне түйгені!
Жаңғырып жаңа заманмен, жайнады қанша жанұя;
Түледі талай түлектер!
Букетов пен Сағынов, Тоқтар менен Жәния!..
Өнеге болып ұрпаққа, жетеді солай тілекке ел!
Жайсаңым менің, жап-жасыл етіп маңайды,
Бүрледі бақтар қаншалық.
Солардың балғын жүзіне барша ел қарайды
Таңдайын қаға тамсанып.
Сен болсаң тұрсың шаттықтан әсем ән салып,
Ұлы ана – жердің атынан – Ғарышкерлерді қарсы алып.

24
Аттаған сайын оң менен солға қарай қал –
Сәулетті зәулім Сарайлар.
Жазсам деп осы жасампаз шағың хақыңда,
Толғайды жырын ақын да,
Таба алмай әсем балауды;
Шығыстан әне, қып-қызыл өрт боп лаулаған,
Таң да атып кетті алаулы.
Іңкәр боп осы қалаға, 
Домна пешінің аузынан әсте аумаған,
Аспанға өрлеп барады алып балқыма!..
Құрышты – құрыш жаниды,
Талантты – талант таниды. 
Шуағын құйды ол төгілтіп 
Даңқ қосқан сенің даңқыңа, 
Риза боп жайсаң халқыңа. 
Шаттықтан мен де шарқ ұрдым, 
Шашуым осы шалқыма!


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет