ҚыС СуреТТері
МИЛЛИАРД ҰНЫ
Ырыс тасып кеше бұл қыр, белеңнен,
Ырыздыққа ер елім шын кенелген.
Бүгін енді сол жерде ақпаныңның
Ақ түтегі басталды дүрбелеңмен.
Боран ба бұл, қыс – күйші күймен ашқан,
Той емес пе, тоғайлар биге басқан.
Миллиард ұнын мінекей, жатыр елеп:
Дала – наубай, бұлт – елек, диірмен – аспан!..
ҚАР ЖАУЫП ТҰР
Қонбасам ба, қонсам ба деп, қалықтар,
Көз алдың көп көбелектей мамық қар;
Терезеңнен телміріп құр қамықпай,
Жылымықтың жырына, еркем, қанып қал.
Алақанға қонды, міне, ақ тамшы,
Ұлпа қарым, үлпегіңмен сақталшы.
Тұра тұршы, тұра тұршы, ерімей,
Жақұтсың ғой, жарқ-жұрқ етіп жатсақшы.
Қар дейсің бе, қаптаған бұл кеңістік,
Сезім делік, – Келістік пе, – Келістік.
Онда осы махаббатың алғашқы,
Ең сүйкімді, ең аяулы, ең ыстық!
Көрісті әне, жаутаң жанар ұялшақ,
Сан қарасты, аймаласты қиялша-ақ.
Тіл күрмеліп телміреді тек үнсіз,
Жас жүрегі жалындайды сүйе аңсап.
Осылайша сезім шіркін арбасты,
Мынау әсер ғұмыры естен қалмас-ты:
Ең алғашқы махаббаттай пәк, ұяң,
Қар жауып тұр, қар жауып тұр, алғашқы!..
43
БОРАН
Боран деген бұл да бір бала емес пе,
Сол баланың қылығын салады еске.
Мұңаю да, уайым да ойында жоқ,
Ойын қуған ертеден қара кешке.
Еркелеп ақ пейіл қыс – анаға асыл,
Уілдеп айтатындай далаға сыр.
Сырын білмес жылқының сыртынан кеп,
Жүгіріп жол үстінде салады асыр.
Із-түзсіз жылжиды алға, аттап қадам,
Қолында қалт-құлт еткен аппақ қалам;
Аяз ата үйреткен машығы бар, –
Мәз болып әйнек бетін шатпақтаған.
Жеңілтек, өзін-өзі жиі алдайды,
Көрші қызға қызығып, қиялдайды;
Есігіне еріп кеп есі кетіп,
Кете алмайды қипақтап, қия алмайды.
Гуілдеп тынбай айтар тақпақ-өлең,
Тауды көріп тағы бір тапты өнеге:
Бірте-бірте биіктеп сезбей өзі, –
Айналады айнала ақ төбеге.
Ол өскенше ата-ана – дала да әуре,
Уақыт өтіп осылай арада әудем;
Көктеменің лебі есер бусандырған,
Өте шығып көрген түс – бала дәурен.
Жаңа енді толқын еніп ой-санаға,
Өнеге боп жадында жайсаң аға;
Басталады ұлы өмір, арман қусаң,
Арқырап ағу керек сай-салада.
Терең болсаң теңейді теңізге елің,
Шалшық боп жолда қалсаң өзіңде мін.
Көктемедей көңілім аласапыран, –
Осындай ма жас дәурен кезім менің?!
44
БҰЛҚЫНЫСТАР
Бұлақтар бұлқынады: Бұлғын – қыр құлпырады.
Бүршіктер бұлқынады: Бұлықсып гүл тұрады.
Бүлдіршін бұлқынады: Білуге ынтығады.
Бұла ақын бұлқынады: Бұрқырап жыр туады.
Бұлшық ет бұлқынады: Бақыт пен нұр тұнады.
ҮНСІЗДІК ДАУЫСЫ
– Жасықпысың, үндемейсің, тұйықсың,
Тұйық жаннан тұрғылас не күй ұқсын,–
Жауабым бұл,– деп жазғырған бір досқа,
Үндегенде не дейін мен құр босқа.
Жуастықты – жасықтыққа балама,
Тұйықтықты – менмендікке санама;
Салиқалы сөз қозғасаң жайлап бір,
Ақын кеудем сандуғаштай сайрап тұр.
Сәл нәрседен шаттық пенен табам мұң,
Сезім жеңген мен бір қызық адаммын.
Мәнді болсын деп әр күнім алаңмын,
Қиял кешкен мен бір қызық адаммын.
Дей алмаймын ерлік жасап, егестім,
Көпті көрген көнекөз де емеспін.
Билік айтып бейберекет дауласқан,
Бөспелікке әуес емен әу бастан.
Қайда жетем өсегіңмен қарға адым,
Өтірікті ал ұйқастыра алмадым.
Айт дегенін айтып салып көкейдің,
Асты-үстіне түскен жоқпын дөкейдің.
Құлаққа ерсі құр мақтансам мылжыңдап,
Жұртты ойлантар таппай жүрмін бір жұмбақ.
Еспеден де еншімді алып қашқан ем,
Үлкендерді ұйып тыңдай бастап ем.
Не демекпін басқа мен.
Алқа топта тізгін тежеп қалдым ба:
Аға бар деп іркілгенім алдымда.
Көп алдында көрінсін деп жас адам,
45
Інілерге ізетім ол жасаған.
Ой да емес бұл, болсын деген бас аман,
Мінез де емес мінеп сөйлер тасадан.
Жетегінде желіп кетіп желіктің,
Ей, туысқан, нені ұттың?
Сауық қуып сандалмай бос, сабыр ет,
Даурығумен опық жедік сан рет.
Жұртың мынау қызық тойы қызған дәл,
Онда да ұлы тыныштықты бұзбаңдар.
Тоқта, досым, той екен деп тағы еспе,
Келген шығар өмірге бір нәресте!..
Шабыт буған шадыман шақ бәрі есте.
Бір күн қызық, бір күн шыжық алмасқан,
Сынақ болып сырғиды айлар жалғасқан.
Даңғаза емес, сабыр мұнда керегі,
Ажал – ғайып, аяқ асты келеді,
Даңқ пен дақпырт кімге опа береді?..
Бір құзыңда бұғып қалған бүркітің,
Аққуларды алмасыншы үркітіп.
Көңіл шыны, шытынатып алам ба,
Деп ағайын алаңдасаң, алаңда.
Бір ауыр сөз айтып қалсам кейде мен,
Ренжітіп алдым ба, қап дей берем.
Сүттей ұйып тұрған мынау ортаның,
Шырқын бұзып алам ба деп қорқамын.
Керек боса кеңірдек бар менде де,
Бір жамандық ойлап табам пендеге,
Жамандықтан өмір бірақ кенде ме?!
Сөздің түбін түсірем ал қаласаң,
Дос алдында тасып берем тамаша.
Жуас болсам – жасықтыққа балама,
Тұйық болсам – менмендікке санама.
Табылса да өркөкірек басынған,
Естір тағдыр жан даусымды ашынған...
Тәкаппар деп және ойлама, ол басқа,
Үндемей де сыйласуға болмас па?!
Іштей ұғып сыр ақтарам жолдасқа!
46
Сезе біліп кеудеңе шер қонғанын,
Үнсіз қалсам – қайғыңа ортақ болғаным.
Ел деп жанған бір от көріп көзіңнен,
Тебіренсем – тілегім бір өзіңмен.
Көріп сені шын бақыттан аптыққан,
Толқып тұрсам – шарқ ұрғаным шаттықтан.
Сезім жеңген мен бір қызық адаммын,
Қиялдағыш мен бір қызық адаммын...
БАЛАЛЫҚ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
достарым Сырайыл мен Назкенге
Алтыда ма, бестемін бе сол кезде,
Ағам – шофер, болдым мен бір жол кезбе.
Мен отырмай от алмайтын машина,
Кенжесі боп өстім үйдің бұла тым;
Көрші үйде бір мұғалім қыз тұратын,
Жиі-жиі қыдыратын бізбенен,
Көздерінен мөлдір айдын елестеп,
Көңілінен көктеменің лебі ескен,
Ағам жақсы көретін сол қызды ерен.
Талай рет орайы кеп оңаша,
Гүл теруге шығатынбыз белестен.
Екеуі онда ертектегі ғашықтай,
Абат бақты аралайтын асықпай.
Жетектеп ап тентектерін кекілді,
Айтылатын ғашық сырлар не түрлі.
Менің сәби саусақтарым сол кезде,
Қос жүректі қосып тұрған екен-ау,
Қан тамыры секілді!.. Болса да енді елес тек,
Біз үшеуміз бір махаббат емес пе ек!
Екеуінің тасып жүрдім хаттарын,
Әлі күнге жадымда жүр жатталып;
Барған сайын алып қайтам бір дәптер,
Барған сайын қайтам үйге тәтті алып.
Барған сайын жанарынан жаз күліп,
Үйретеді ол әлденені жаздырып;
47
Шимайлаудан артыққа онда жоқ шамам,
Тек суретті көп салам.
Сиқын көріп сиыр сирақ атымның:
– Мынау жүйрік тұлпары ғой батырдың,
Тағы да сал,– деп жымиып,– ақылдым,
Өскенде үлкен суретші бол деп тұрып,
Жіберетін сан қиялға шектіріп.
Болса да енді елес тек,
Біз үшеуміз бір махаббат емес пе ек!
Әлі күнге жадымда жүр жатталып,
Сол сәтсіз күн дерт боп маған батты анық.
Бақта тағы жүргенде сыр ақтарып,
Шақта тағы жүргенде ойнап шаттанып;
Келіспей қап шатақ шықты күтпеген,
Баламын ғой, түсінбеппін түкке мен,
Өкінді ме, өкпелі боп қалды ма,
Бұрылмастан бетін басып алды да,
Ұзап кетті ол жанарынан жас парлап,
Ұшып кетті ұядан сол қасқалдақ...
Қоштастым ба базарыммен, бақпенен,
Жазылмайтын боп кетті енді хат деген.
Тап сол жерде табыстырар екеуін,
Бала болдым әттеген...
Болса да енді елес тек,
Біз үшеуміз бір махаббат емес пе ек!
Әлі күнге жадымда жүр жатталып,
Сол сәтсіз күн дерт боп маған батты анық,
Жиналды да ішінде сол аптаның,
Алыс жаққа кетті аяулым аттанып;
Баламын ғой бар ұққаным қиналып,
Ол – қимады, мен – қимадым, қимадық:
Сурет сал деп сыйлап кетті ол көп дәптер,
Қимасыңды ал, сәби жүрек жоқтап бер.
Жоқтадым мен сол бір жанды таза шын,
Ал ағамның бердім былай жазасын:
48
Бауыр басып, бала көңіл сағынған,
Барып кел де, алып кел деп сол жанды,
Алдым әбден мазасын...
Болса да енді елес тек,
Біз үшеуміз бір махаббат емес пе ек!
Әлі күнге жадымда жүр жатталып,
Уақыт өзен баяу жылжып жатты ағып.
Сағынумен, сарылумен жыл өткен,
Мектепке де барған кезім хат танып;
Біздің үй де бастап кеткен той қамын,
Баламын ғой, мен баяғы ойдамын...
Той да болды-ау, келді олар,
Қуанышым тасып, сірә, сел болар;
Тұра ұмтылып тұрып қалдым, масқара,
Аңсағаным болмай шықты ол, басқа адам...
Алып келем сол жеңгеңді ардақты,
Деген ағам әбден мені алдапты.
Көлшік едім – көк теңіздей шайқалдым,
Бұл күйімді байқар кім.
Байқар емес ағам, келген сауыққа ел,
Бұл жеңгем де жарқын шығар, ал оны ма, сүйген ем,
Қайда сол жан, қайда сол жан, тауып бер!!!
Деп байбалам салдым-ай кеп үйге мен.
Уатты олар, уанбадым,
Уанғым да келмеді,
Сәби жүрек солай соқты мендегі.
Болса да енді елес тек,
Біз үшеуміз бір махаббат емес пе ек!!!
* * *
Бозбаламын, толғап жүрген бақта сыр,
Со жеңгемнен інім де бар хат тасыр.
Қабағыңа қарай берем, қарағым,
Жас жумасын деп махаббат жанарын;
Өкпелетіп алмайын деп өзіңді,
Маңыратып алмайын деп «Қозымды».
49
АЙЛЫ ТҮНДЕ
Төбеңде самсап қалған, Үбірлі-шүбірлі аспан.
Төменде аңсап қалған, Ғашықтар сыбырласқан.
Ауылды ұйқы басқан, Жастар жүр көл жағалап.
Серуен мен биге ұласқан, Ақ түнді олжалап ап.
Жақтауын ұрған жардың, Тыншыпты көл еркесі.
Жағада тұрғандардың, Жалғыз-ақ көлеңкесі.
Ай төккен шапағат нұр, Шақты олар ұнатады.
Себебі махаббат гүл, Түнде де бүр атады.
СЕНЕН БІЛДІМ
Ақша бұлттың ақ төсінен нұр өпкен,
Сөз арнаймын арыны асқақ жүректен.
Найзағайдай нақыш салған аспанға,
Жарқылдаған от әкелдің жас жанға.
Қашандағы қарсы алатын аңсаумен,
Жұп жүректің сыңары сен, жан сәулем.
Дидарыңнан танығандай таңды аппақ,
Сендей жанды әз тұтамын ардақтап.
Саған арнап толғау – теңіз тереңнен,
Үкілі жыр – інжу іздеп келем мен.
Өрге аттанар сыйласып та сырласып,
Ризамын, сендей қызға болғаныма шын ғашық.
Сенен тауып пәк махаббат мекенін,
Сенен білдім нәзіктіктің не екенін.
Сенен көрдім көңіл көлдің мөлдірін,
Сенен сездім тау толқынның өрлігін;
Сенен ұқтым асқақтығын биіктің,
Сондықтан да, сен шат болсаң бақытым сол, сүйіктім!
СЫРШЫЛ БОЛЫП БАРАМЫЗ
Күннен күнге жақын тартып арамыз,
Түннен түнге сыршыл болып барамыз;
50
Мені сонша табындырып тастаған,
Шыныменен сенбісің, ей, қара қыз!
Өзіңді ойлап өткеремін таңды ұзақ,
Біздің көш те бара жатыр алды ұзап;
Бағымбысың, сорымбысың, әйтеуір,
Маңдайыма біткен менің, жалғыз-ақ!
Сен болсаң сен, сеніп ғайбат-өсекке,
Әлі маған артып жүрсің бос өкпе;
Ортамызға от салады ондайлар,
Сенбе оларға, сұрқия деп есепте.
Шын ғашықты қосылмас деп сен іштен,
Және ойлама, ол өтірік, келіспен;
Сені сүйген шын махаббат – ол ма ол,
Мына менің жүрегімде, періштем!
АҢСАУ
Сенсің маған сыралғы жан, сыйлы адам,
Сенің анау жанарыңды жақұттай,
Өзге түгіл өзіме де қимағам,
Сол ғой мені қинаған.
Өзің еркем қымбатым ең қымбаттан,
Бірақ бақтан үркіп ұшқан бұлбұлдай,
Бақытым боп шықтың жатқа ұрлатқан,
Сол ғой маған мұң батқан.
Жан жүрегім соққан дәйім өзің деп,
Аңсарымның аптығы әсте басылмай,
Тайфундары тулаған өр теңіз боп,
Жатам ылғи сені іздеп.
БЕЙТАНЫС ҚҰРБЫҒА
Беу, менің бұлқынған бұл кезім қандай:
Сен бір сәт қарағанда сезімді арбай,
Дариға-ай, тағат бітіп, төзім қалмай,
Әлдебір айтылмаған сөзім бардай,
51
Байланып қалдым сенен көзімді алмай,
Беу, менің бұлқынған бұл кезім қандай.
Отырсың болып бәрін байқамаған,
Шарпиды демің, қалай жай таба алам,
«Сұқтанба қарап қайта-қайта маған»,
Дей көрме, жүрегімнің сайтаны аман,
Боласың бәрін бірақ байқамаған.
Болдым бір жолыққандай періштеге,
Көз салу көрінгенге жөн іс пе де...
Назым ғой – келіс, мейлі келіспе де,
Көзіңнен тауып тұрмын бір ұқсастық,
Өзім мен пір тұтатын періштеме.
ҚАСҚАЛДАҒЫМ
Көктем келді! Көгінде қаз ұрандар,
Қаңқылынан сағыныш сазын аңғар.
Жеттің бе, аңсап, ән сап, Қасқалдағым,
Өзіңе оңаша айтар базынам бар.
Қанатыңнан ескендей көктем лебі,
Сөйлеттің көңілдегі көп пернені.
Қалқам-ау, қайда жүрдің, сендей құсты,
Көл едім көксеп жатқан көптен бері.
Қона ғой, айналып ең арманыма,
Жаңа-жаңа толысқан арна мына;
Қарамай асықтың ба, қарасуға,
Әйтеуір қанаттарың талмады ма?!
Өттің бе аңшылардан аман-есен,
Пәк жаның құмар шығар далаға әсем.
Қуы – дүр, нуы – өндір, суы – мөлдір,
Көлімді Көкшедегі арала сен.
Адаспай қамысында басқа арнаның,
Бал айыңды базармен баста ардағым.
Паш етіп біздің көктем басталғанын,
Қаға түс қанатыңды, Қасқалдағым!
52
Үшінші тарау
ЖҰМБАҚТАС ЖЕЛІСІ
ДУМАНДЫ ДАЛА
Құлпырған қараңдаршы дала бағын,
Көктемдей нұрға бөккен бар алабым.
Бақыт та, қуаныш та осы жерде,
Ұрпаққа мирас еткен бабаларым.
Танытып туған елдің шат тынысын,
Тербелген алтын масақ, ақ күрішім.
Қайнары – асқақ арман, ізгі мұрат,
Елімнің ерлігі рас, мәрттігі шын.
Өнбойын таңғажайып жалын өпкен,
Халқымның жүрегі – жаз, жаны – көктем.
Каналдар қан тамыры сияқты алып,
Жан беріп, жапандарды жарып өткен.
Кен толғап Қарағанды шахталары,
Мақпалдай оңтүстігім мақта алабы.
Ғарышқа қанат қағып кемел ойлар,
Старт ап Байқоңырдан аттанады.
Сайраған сыршыл көктем құс тілімен,
Төселіп даласына түсті кілем;
Марқайған Екібастұз мың қаланы, –
Жылытып жүрегінің ыстығымен.
Меруертін керуен-керуен үйіп артып,
Қырманға қыр төсінен құйылар құт.
Тыңымда Тынық мұхит толқын атып,
Қотарған жылда астық миллиард пұт!
Кеудемде толған жігер, толған арын,
Ер жайлы, ерлік жайлы толғанамын.
Дәуірдің жүрегіндей күй толғаған, –
Кен болып ақтарылған домналарым.
53
Осындай өлкем – ырыс, аймағым бай,
Шалқыған жер жаннаты қайда мұндай.
Шарқ ұрса шаттық әні, ол халқымның
Жасампаз өр рухының айғағындай.
АНА ТУРАЛЫ
Анажан! Мейіріңді айтсам ба екен,
Нұрлы өмірдің нәрін берген сәбиге.
Пейіліңді айтсам ба екен,
Ізгілікті үлестірген әр үйге.
Махаббатыңды айтсам ба екен,
Құшып-сүйген құшағыңда тым ыстық.
Мархабатыңды айтсам ба екен,
Тіршілікке тілеген тек тыныштық.
Пәктігіңді айтсам ба екен,
Тұмадайын тұнып аққан көңілде.
Мәрттігіңді айтсам ба екен,
Жақсылықтың нұрын шашқан өмірге.
Қайсарлығыңды айтсам ба екен,
Көзі болған ерліктердің ересен.
Жайсаңдығыңды айтсам ба екен,
Балауы жоқ бар асылға теңесем.
МЕЙІРІМ
Аяулы ұстазым Қайша Есімқызына
Жайраңдап өткен өзіңмен, Жадымда сәби шақтарым.
Жылылық тауып көзіңнен, Жауқазын жырлар жаттадым.
Әуенің – әлди, сөзің – бал, Жан едің жайсаң жаны ізгі.
Мейрімге толы кезің бар, Мамырдың айы тәрізді.
Құшағың қандай кең еді, Көңілің неткен мөп-мөлдір.
Жаныңның жасыл желегі, Жамырап бізді өпкен бұл.
Сағыныш лаулар кеудемде, Қоңырау сазын тыңдасам.
Шығатын талай серуенге, Қараймын сонау қырға сан.
54
Жұлқынар кеуде – кермеден, Құлыншақ көңіл сені іздей.
Жоғыңа әсте сенбеген, Тулайды жүрек теңіздей.
Түндігін таңның ашам да, Жылдарға қолды бұлғаймын.
Ақылшым едің қашанда, Анамдай сүйіп тыңдаймын.
Түлетіп талай ұл-қызды, Көтерттің арман желкенін.
Ескерткіш қылып бұл жырды, Толғайды сол бір «тентегің».
АҒА БЕЙНЕСІ
Асықтырса асыл арман, алыс қыр,
– Асуың боп аса қиын жарыс тұр,
Нар талабың болмаса, лапылдаған намыс тұл,
Өр бейнемді өнеге тұт, – дейтұғын
Шын тілектес, шың тектес
Керек екен кеңес құрар арыс бір!
Көкірегі өмір сырын көп түйген,
Көзбен атып, көңіліме дөп тиген;
Жайсаң аға, жүрсем шалқып жаныңда,
Шабыт ойнап қанымда.
Құшағымыз айнымастай қауышып,
Сырласқан сәт бір-бір мектеп тауысып.
Тауға өрлесем, тастары табан қанатқан,
Шыға алдым ба, сенімнен, – деп, – аға артқан,
Отырсам талып иығым, Өз-өзімнен күйініп, –
Олқы соғып соңғы шыққан биігім.
Оңаша қалсақ, сараңдау сөйлеп мәрт ағам,
Сабырмен айтып ақылын,
– Шандозым, – деп, – берік болсын тақымың,
Арқамнан қақса ақырын.
Ер жүрегі елжіреген ел десе,
Тарлан ағам тайғақ кешуге тап болып,
Майырылса болат тұяғы:
– Қолқанат бол, алу үшін мен өрлеген қияны,
Інім едің зиялы, Соңымнан ер ендеше,
Сенім артқан серігімнің бірі сен, – десе,
55
Серпінмен сергек, сертпенен,
Семсерімді сайлап ап, Сәйгүлігімді ерттер ем!
Сыралғы, сырбаз досымдай,
Ғашықпын мен бір ағаға осындай.
Сондықтан ба, саятшыдан із кескен,
Сол ағаға жолығам ба деп жолым боп,
Үмітімді үзбестен,
Сағынышпен құрақ ұшып жатамын
Жүзі игіге жүздескен.
Ағалар, қайран, ағалар,
Шарапатыңды көріп те жүрмін күнде мен,
Жанымнын жапырақтары бүрлеген.
Жапанда жалғыз жабықсам,
Тар жолдарда тарықсам, Өздерің келіп дем бердің;
Алғыс та алдым арқаларыңда сендердің.
Ақ үмітін ақтау үшін мен де елдің
Өркешіме жүк теңдермін.
Мен – қауырсыны қатайып қалған қаршыға,
Қалықтап ұшам қашан деп, Қанатын қаққан сарсыла.
Шыңдалып шыңда түлеген, Көз тігіп биік арсыға.
Қиядан тоят тілеген, Мен – балапан қаршыға.
Мен – көктемде туған бір бұлақ,
Қыраттан сайға құлдырап,
Сабылып сайлы саға іздеп, Қайда сол теңіз сабаз деп,
Тастақты талмай бұрғылап, Кемерін жатқан ұрғылап,
Мен – бұрқанып аққан бір бұлақ...
ЖЫЛҚЫШЫ
Теңейтін әз кеудеңе асыл қайда-ау,
Төріңе жимасаң да жасау, мүлік.
Отауың – кең жазира, жасыл жайлау,
Ерке өстің сол далада асау мініп.
Құтайтып ел дәулетін жүрсің бүгін,
Құрық ап туған жерде құндақтаған.
Елемей қиындықтың қыл шылбырын,
Кездерде аяз сорып, күн қақтаған.
56
Жеткен көп жеңісің де, жемісің де,
Байлығым артқан сенің арқаңда, аға.
Құндыз жал құлыншақтар – желісінде,
Дүбірге толды бүгін дарқан дала.
Риза боп өмірге сен шаттанасың,
Қызық тауып жусаған жылқы ішінен.
Күнде сол жалпақ жонға аттанасың,
Оянып ай арудың күлкісімен.
Тартыпты соған лайық сыйлықты өмір,
Өңірің орден толы жарқыраған.
Жігіт деп жайсаң мінез, жүйрік көңіл,
Дүйім ел құрметтеген жарқын ағам.
Кеудеңнен қайнап шыққан намыс, қайрат,
Сыр тұнған сымбатыңа көп қарадым.
Тұлпарын арманыңның алысқа айдап,
Тағдырдың талай сынын ноқталадың.
Қауым боп құрмет тұтқан арамызда,
Қайратты, қайыспас ер, қайсар жаны;
Құт орнатқан кең байтақ даламызда, –
Аман болшы, жайлаудың жайсаңдары.
ЖИРЕН АТ
Ерекеңнің рухына
«Мың жылқы» ма, мына жатқан кең жазық?!
Кең жазыққа шыға келдік бел жазып:
Тау ауасы аңсап келген елге азық,
Сыбыр-сыбыр сыр айтады жел нәзік.
Сайлап қойған сауынды да сойысты,
Қызық-думан, қызып жатыр той үсті.
Қаны қызған, қаумаласқан қалың жұрт, –
Ел назары ат жарысқа ойысты.
– Аттың басын тарта-тарта талды қол,
– Ал, Ақтабан, бұл бәйгенің алды бол!
57
Тыпыршыған жолың болсын, жүйріктер,
Бақталастар жоқ қой бүгін қанды қол.
– Кетті, кетті! Сол дауысқа қосылып,
Жүйріктер де жұлқи тартты көсіліп;
Делебесін дүйім елдің қоздырып,
Ел мерейін, жер мерейін өсіріп.
Бір айналым өте шықты заматта,
Шын жүйріктер, түсті тағы сарапқа.
Құйрық тістеп келіп қалды бір жирен,
Суырылып дара шыққан қара атқа.
Бұрылыста оза берген ағындап,
Шабысынан әлде оқыс жаңылды ат?..
Шабандозы қала берді шаң қауып,
Өзі кетті қос танауы парылдап.
Ізгі үмітің үзілсе оқыс – сол қайғы,
Өкініштің орны мынау толмайды.
Оқыранып өте шықты жануар,
Амал қанша, аялдауға болмайды.
«Таңба болды-ау!.. таба қылды-ау тамам көз,
Бірте-бірте барады озып баран, боз;
Бағын байлап жануардың, қорламай,
Жетсеңші енді, жетсеңші тез шабандоз!
Бәйгеде сын – басқаларға дес бермеу,
Осы шығар оза шауып, төске өрлеу.
Найзағайдай шықты атылып тағы да ол,
Қайырылмай қалды тағы, бос белбеу.
Озып келу қиын емес пыраққа,
Озар еді жеткізгелі мұратқа,
Озар еді, иесі жоқ даңқтың,
Құны деген көк тиын ғой бірақ та.
Озар еді, намысын кім қорғайды, ә?!
(Бұлбұлыңнан бағы асқан бар торғай да),
«Ер қанаты – тұлпар» дейміз, бұл рас,
Ал тұлпардың қанаты кім! Ол қайда?!.
58
Ақ сорпа боп қиналғаны кім үшін,
Бүйткен азап, бүйткен мазақ құрысын.
Көздерінен ытқып шыққан ыстық жас,
Жирен аттың қыса берді тынысын...
Қайран тұлпар қамшы басып намысқа,
Болмаған бір салып дүлей шабысқа;
Сағымданған сар даланы бетке алып,
Сол бетінде кетті безіп алысқа.
Қаумаласып озып келген қара атты,
Мұндағы жұрт жүлделерін таратты...
Бас бәйгені алып кеткен жирен ат, –
Көз ұшында ғайып болып баратты...
ТОЙДАҒЫ ТІЛЕК
Құлшынып келешекке құлаш ұрған,
Бүгінгі қуанышты сұра Сырдан:
Той бүгін, бір ұлының бақыт тауып,
Бақтардай көктемдегі гүлі ашылған.
Сұлу Сыр, кетпес, сірә, бұл есіңнен,
Арнада көңіл шіркін бір есілген;
Ақтарды ел ата-анаға ақ тілегін,
Мәпелеп қыз өсірген, ұл өсірген.
Құттықтап сүйкімді қыз, сүйікті ұлды,
Аспан да аппақ нұрын құйып тұрды.
Ағарған сүттей болып ақ пейілден, –
Кім көрген мұндай мақпал тұнық түнді.
Достардың жаны – жайлау, тай – астында,
Той қызып, қалқып жүрміз ай астында.
Ер көңіл мерейі өсіп жігіттің де,
Жайнаған жаны гүлдей аяштың да.
Би қалқып, ән шарықтап, жыр қызғанда,
Құмартып түнгі аспан да ұл-қыздарға;
Қондырып ай – қарбызын дастарқанға,
Шашылды бауырсақ боп жұлдыздар да.
59
Сүйсініп ақ көңіл мен пәк санаға,
Марқайған жарқын жеңгей, жақсы аға да;
Қос Сырдың қосыла аққан арнасында,
Шарқ ұрған көңіліміз – ақ шағала.
Достықтың гүлі жайнап жүрегімде,
Ақтарылды менің ақ тілегім де.
Шығандап, шырқап көкке көңіл шіркін,
Бір қызық той боп жатты Сыр елінде...
* * *
О, өлең! Көкейімде сен менің көп түнедің,
Көңілімнен көгершін боп түледің.
Мен өзіңді самғаған ел көгінде, –
Махаббатымның кептері деп білемін.
О, өлең! Жай оғындай от едің, өткір едің,
Жарқылыңмен жайнатқан көк кілемін.
Нұр төгіліп, ақ нөсер құйған шақта,
Жанымды шарпып сенің өтті лебің.
О, өлең! Көңілімнің көк терек, көп тіні едің,
Көктемеде шуаққа өптіремін,
Жас жүрегім өзің деп соқты менің!
Көк терегім, көгеріп көк тірегін!
Көркейіп өс, баққа айнал – көп тілегім!
Достарыңызбен бөлісу: |