Бағдарламасы бойынша жарық көрді Сәдуақас Т. С 28 Шығармалар жинағы. Алматы: «Сораба» қоғамдық қо



Pdf көрінісі
бет5/19
Дата19.01.2017
өлшемі1,82 Mb.
#2223
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

ҰНАТАМЫН
Мен сенің ұнатамын күлісіңді, 
Сырнайлы, сыңғырлаған күміс үнді, 
Көктемнің үлбіреген гүлі сынды, –
Сиқыры бар ашатын тынысымды
Мен сенің ұнатамын күлісіңді!..
Назданған қылығыңды ұнатамын, 
Мұңайсам жанымды сол жұбатарым; 
Еркелеп атқандай бір бұла таңым, 
Бөленіп шуағыңа бүр атамын, 
Назданған қылығыңды ұнатамын!..

77
Ұнатамын қиылып қарасыңды, 
Тұрғандай сыйлап маған бар асылды; 
Шықпаған тілі де әлі бала сынды, –
Тек қана, жаным, саған жарасымды, 
Ұнатамын қиылып қарасыңды!..
 ТУҒАН ЖЕР – БАҚЫТ БАСТАУЫ
Жырлаған жырау бұлақ дастанын мың, 
Көмейін күй кернеген асқарыңның; 
Аттандыр ақ тілекпен, ата мекен, 
Алдыңда – өрге қадам басқан ұлың.
Өзіңнен нәрін алған гүл өмірдің, 
Сыр құмар, сері көңіл түлегіңмін. 
Атыңды жырға қосам, ата мекен, 
Қабыл ал ниетін ақ жүрегімнің.
ЖҰМБАҚТАС
Жұмбақтасым! Сыр тасым, сымбат тасым,
Өзіңменен ашайын жыр қақпасын;
Атқан таң алтын нұрмен күнде аптасын,
Айдын көл толқынымен сымбаттасын,
Жұмбақтасым, о менің, сымбат тасым!
Жұмбақтасым! Жыр тасым, қымбат тасым,
Мағжан мен өткен Сәкен, жырлап Қасым;
Кеудемді кернеді сол ырғақтас үн, 
Әуенім «Оқжетпестей» сұңғақтасын, 
Жұмбақтасым, о менің, қымбат тасым!
Жұмбақтасым! Құрдасым, құндақтасым, 
Есіміміз ертеңге бірге аттасын; 
Даттаса екеумізді бір даттасын, 
Мақтаса екеумізді бір мақтасын, 
Жұмбақтасым, о менің, құндақтасым!

78
АЙНАКӨЛ
Еркеш Ибраһимге
Айнакөл, айналайын асыл арнам, 
Жас құрақ, жағалауың, жасыл орман. 
Өзіңнен бал бұлақтар басын алған, 
Жайнаттың өңірімді, жасыра алман.
Мөлдірім, жанарларды жасқап тұнған, 
Тасыр жан тас боп қатсын тас лақтырған. 
Сүйсініп сені көріп, марқаяды, –
Аспандап Оқжетпесің асқақ тұрған.
Ғашықтар айдыныңа арнап барып
Сырласқан, армандасқан арна ақтарып. 
Ақ жарқын пейіліңмен сен жатасың, – 
Далиып, дараланып, аруақтанып.
Жан біткен іңкәр болып жағалаған, 
Шабытың шырқау ұшқан шағаладан; 
Толқының туласын деп, шуласын деп, 
Менің де көңілім бұл саған алаң.
Ежелден ырысымдай бөктердегі, 
Көңілім сені көріп көкке өрледі. 
Шалқи бер шабыт буып, Айнакөлім, 
Бірге есіп айдыныңнан көктем лебі!
КӨКШЕМЕ КЕЛЕМ
Көкшеме келем – көгілдір әлем көктемде, 
Көлдері шалқып, көкорай тұнған бөктерге. 
Жайлау боп кеткен жанымның боран-шашыны, 
Көлбеңдеп жеткен көгілдір самал өпкенде.
Көкшеме келем – ақпанда нұр боп қарсы алған, 
Мен үшін қыста құстары тынбай ән салған. 
Кең пейіл далам келді деп ұлым жар салған, 
Мерейім есіп, кеудемде туған қанша арман.
Көкшеме келем – ардақты жұртым осында, 
Осында менің ақ жарқын ағам, досым да. 

79
Аяулы болған ақ махаббатымның мекені, 
Сабырым жетпей сағынып жүрем, сосын ба?!
Көкшеме келем – қыздырған еңбек көрігін,     
Теңіздей толқып егінжай жапқан өңірін.
Шаттығым шығар – аспанға атқан бөрігім,
Көгершін болып самғаған көкке көңілім.
Көкшеме келем – қотарған қырдан алтын дән, 
Ерлері өжет жеңіске дәйім талпынған.
Ұлдарың қанша Оқжетпес сынды нар тұлға,
Айналдым мұндай, айналдым жайсаң халқымнан.
Көкшеме келем – көруге тағы көксеген,
Жаныңның бәрін жаныма жақын дос көрем. 
Ширығып ойым, шыңдалып намыс, жігерім, 
Көңілім өсіп көсіліп қайтам Көкшеден.
Көкшеме келем – ұшырған биік тұғырым, 
Құлының едім сімірген жүзіп тұнығың.
Көкшеме келем – қайнары болған жырымның, 
Ырзамын соған арналса барлық ғұмырым.
Көкшеме келем – бесігім  алтын тербеткен, 
Көкшеме келем – арманға құлаш серметкен. 
Осынша мені іңкәр ғып қойған өзіне, –
Табылмас сендей аяулы мекен жер-көктен!
БОЗТОРҒАЙ
Бозторғайым, өз торғайым, торғайым,
Өлеңімді өзің жайлы толғайын. 
Бабалармен бірге жасап келіп ең, 
Менің-дағы жан серігім бол дәйім.
Жыршы құсым, шежіресі даланың, 
Адам жанын ұйытқандай бал әнің. 
Жырың болды – қуанышы халқымның, 
Сырың болды – елге келген нала-мұң.
Алып келіп қырға нұрлы көктемді, 
Думандаттың төл өрбіген бөктерді. 

80
Серік болып мұңын шаққан малшыға, 
Жас ұрпаққа бердің жырлап өткенді.
Мақтан етіп тауларымның асқарын, 
Көпке әйгілеп елдің мөлдір аспанын, 
Шырқау көкке шығып алып ертемен
Дала таңын – еңбек таңын бастадың.
Үзілмеген сенің әнің қыратта, 
Әсем сазбен сіңіп қапты құлаққа. 
Сенің әнің – елдің арман-тілегі, 
Бастап келген халқымды ізгі мұратқа.
Бүгін де өзің әнге бөлеп өңірді, 
Қуанышпен көтересің көңілді. 
Ел бақытын бар әлемге әйгілеп, 
Жырла, құсым, жырла бейбіт өмірді.
КӨГІЛДІР ӘЛЕМ
Көктемнің нұры шарпыған, – Аспан мен жердің арасы. 
Ән менен күйі шалқыған, Әлемге мынау қарашы:
Белдері неткен кең еді, Не деген биік асқары. 
Желпіген жұпар желегі, Сүйкімді жатқан тас-тағы.
Жасдәурен қырда қырмызы, – Қауызын гүлдей жаңа ашқан; 
Елімнің барша ұл-қызы, Ынтымақ тауып жарасқан.
Шаруасын сайлап күнімен, Қайтса да шаршап жұмыстан; 
Табады рахат үйінен, Тұрмысы, жайы – гүлстан.
Түрлене түлеп аймағы, Бақтары бүрлеп құлпырған. 
Жандары сондай жайдары, Өмірі жарқын нұр тұнған.
Күн озған сайын жақсарып, Көркейіп келед өлкем бұл. 
Аққудай жүзген ақша бұлт, Аспаным қандай мөп-мөлдір.
Жап-жасыл жалпақ жондары, Көлдері қандай көгілдір. 
Жүйткіген асфальт жолдары, Өркенін жайған өңір бұл.
Алқапты бойлай көсіліп, Ну орман қалың найқалған. 
Аялап диқан өсіріп, Егінжай қандай жайқалған.

81
Жырламай қалай өтемін, Келмесін ойға қайғы-мұң; 
Бұл менің нұрлы мекенім, Бақытым менен байлығым!
*   *   *
Туған өңір, орман-таулы, далаңқы,
Құшағыңда құмар болған балаң тұр: 
Аңсап келдім, айналайын, ал аңқы, – 
Жұпар исі, жусан исі, қалампыр!
Аққуларым, аққу мойын киіктер, 
Сені көріп көңіл шыңы биіктер. 
Шалғыныңда шаттанайын, сүйікті ел, 
Ақ жаңбырым, ағыл-тегіл құйып бер!
Шыңдап өскен аязың мен аптабың, 
Туған өңір, өткен бала шақтарым; 
Гүліңді алып шықшы алдымнан, бақтарым, 
Шуағыңа шомылдыршы, ақ таңым!
Көптен аңсап көре алмаған бір-бірін, 
Қасындамын құралай көз құрбының: 
Құшағыңды аш, құмар қылған қыр бүгін,
Сайра-сайра, сандуғашым, бұлбұлым!..
ЫМЫРТ
Қайран ғұмыр, қайта оралмас әр күнің,
Қамсыз жанға алды – шаттық, арты – мұң.
Күн – балапан, ұясынан – нұрлы аспан,
Түлеп ұшып, өтіп жатыр тынбастан.
Күнбатысқа құба жалын тарады, 
Бірте-бірте күн де байып барады. 
Қонды, міне, ұясына келіп күн: 
Ей, ағайын, не тындырып, нені ұқтың?!
Кешіктірмей ай туады, анық бұл, 
Сұрақ белгі сияқтанып алып бір. 
«Балапанды күзде санар» десек те, 
Ертеңіңді ерте тұрып есепте.

82
Сары жалқын басып кетті батысты, 
Неге, неге? Қарама оған атүсті. 
Сайран салып жүргеніңде, жұрағат,
Осы бізден кеткен жоқ па бір ағат?!
Батыстағы деп жүргенің шын алау, 
Ғайып болған жұмыртқа – күн шығар-ау: 
Ғұмырыңнан тағы бір күн батты ма, 
Тектен-текке, бостан-босқа, аққұла?!.
ҚОС ЖҰЛДЫЗ
Әлия, Мәншүк – аяулым! Аз ғана өмір кешірдің. 
Біресе – болып қаяу-мұң, Біресе – көңілді өсірдің.
Кіршіксіз, қайсар арыңды, Шыңдаған халқың жасыңнан.
Мерт күнің – қинап жанымды, 
 
 
 
Мәрттігің – даңқымды асырған!
Мерейін елдің тасыттың, Ерлігің ертегі-аңыздай. 
Арманда кеткен ғашықтың, Аяулы ерке назындай.
Іңкәр боп келіп өмірге, Ізгі үміт, антың ақталған. 
Өздерің – Отан көгінде, Қос жұлдыз жарқырап қалған!
Сән берген ару далаға, Ойнаған қос бұрымсыңдар. 
Өнегең өшпес санада: Ұрпақтың достығын шыңдар.
Рухың бар туған жеріңде, Мөлдірер дала шығындай. 
Есінде сақтар елің де, – Көзінің қарашығындай!

83
Төртінші тарау
АЙНАКӨЛ АЙШЫҚТАРЫ
«ТУҒАН ЖЕР, ЖАСЫЛ ЖҰМАҒЫМ»
Туған жер, жасыл жұмағым, Көктемде гүлдеп, жайнадың;
Қабыл ал, келді ұланың, Асқарым, асыл аймағым.
Орнаған бейжай тыныштық, Тыншу бар тыныс-деміңде;
Алақандарыңмен тым ыстық, – Шерімді тарқат менің де.
Күн қандай жарқын, шуақты, Шарқ ұрған кезі-ай көңілдің.
Көгінде жүзген сияқты, Өркені өскен өңірдің.
Желісін жұлқып жас құлын, Шақ көнген құрық, ноқтаға.
Қызықтап өзен тасқынын, Қызылсу кешкен топ бала.
Белдерге көк пен гүл шығып, Ауылдың маңы бақ тұнған.
Қотанда  қоңыр тіршілік, Дамылдар дел-сал шақ туған.
Төрт түлік жусап еңісте, Ойнаған қунап қозы-лақ.
Моторлар гүрлеп егісте, Еңбектің қызған кезі нақ.
Су алып қайтқан бұлақтан, Келеді сұлу бір әйбат:
Сұлуға, суға құмартқан, Айнасын бұрды күн ойнап.
Сағынтқан көптен бұл сурет, Көзіммен ішіп-жеп барам.
Жөнелді жүрек дүрсілдеп, Қызықтан қалай шет қалам?!
ДИҚАНДЫ СҮЮ
Елін сүйген, көңілін көпке беріп,
Неткен күш, неткен мұрат, неткен ерік!
Даладай кең пейілді, кемел ойлы, –
Сергек дос, диқан осы сертке берік!
Сыр бермес сірі шығар жаны, сірә,
Жабығып, иә мастанбас табысына:
Жігері құм боп жүрген жасық болса, –
Диқанның жанып алсын намысына!

84
Аялап алтын дәнін, ардақтысын,
Ғұмыры адамзаттың жалғапты ісін:
Еңсесі түскен ез де серпіледі,
Сезінсе сол диқанның қайрат-күшін!
Қотарып алтын астық, ақ тарысын,
Халқым деп қара терге батқаны шын:
Сүрінбей өтетіндей сыннан әркім,
Диқанның көрсе алапат аттанысын!
Өң кіріп ол баптаса тақырың да,
Айналған гүлстанға ақырында:
Ойласа бір өжеттік диқанға ұқсап,
Бел бусын тәуекелге батырың да!
Жаны бай жалынға да, арынға да,
Бойына құя салған барын дала:
Үңілсін ғұмырына ер диқанның,
Бір қиял жетпей тұрса ғалымға да!
Аямай асқақ жігер, жалын ісін,
Ырза еткен ырыздығы бар ұлысын:
Жанасып жан шуағын алсын оның,
Суытып алған жандар сағынышын!
Көзімен келер таңды атырғанда,
Кеудесі шабыт селін сапырғанда;
Қыр-сырын тану үшін табиғатты, –
Диқандай сүйе білсін ақындар да.
Күнде ертең нұрға бөлеп күншығысын,
Сайратқан сәрі таңнан жыршы құсын!
Талпынып тау аспақшы табанды ұлан, –
Диқанның таңдай білсін құлшынысын!
Жаны егіз ізгіліктің күй-әнімен,
Молшылыққа мол арна құя білген;
Елге деген парыз бен қарызыңды
Ұғу керек диқанның қиялымен!
Жер жайын, нан қадірін біле білген,
Дәні өсіп маңдай термен, гүлі егілген;

85
Мынау бейбіт өмірдің балғын таңын, –
Сүю керек диқанның жүрегімен!
Өнеге көп үлгі алсаң өмірінен,
Тірлік қоздап, құт өрген өңірінен:
Бұл барақат ғұмырдың ертеңін де, –
Көру керек диқанның көңілімен!..
УАҚЫТПЕН СЫРЛАСУ
Кей сәтте өзіме өзім есеп берем,
Шоқтарын көңілімнің көсеп көрем.
Қынжылсам  сағаттарым мағынасыз,
Қуансам  минуттарым бос өтпеген.
Ұмыт боп ұзақ күнге шаршағаным,
Тәтті өмір  таңдайымда, тамсанамын.
Күрсінсем  өткен күнге өкінгенім,
Серпілсем  келер таңды аңсағаным.
«Ал ертең тындырам, – деп, – бәлем, бәрін»,
Білдірем зор істерден дәмем барын.
Зымыран уақыт бірақ үлгіртпейді,
Лезде парақталып календарым.
Қашалмай тұлпарымның тұяқтары,
Мен жүрмін түк болмаған сияқты әлі.
Қоздырып делебесін дүйім елдің, –
Жарыста қалып қойған ұят тағы.
Жүйрікке сын бәйге ғой бұл дегенің,
Біреудің аты озғанын күндемедім.
Шандоз көрсем шашасы шаң қаппаған,
Шабысына сүйсініп жүрген едім.
Жел қиял жетектеді желіктіріп,
Сиқыр ой әкетті ме еліктіріп;
Амал жоқ бұруға енді аттың басын,
Қосылдым бір нөпірге келіп кіріп.

86
Сыртымнан суық көз де бар сынаған,
Бір тылсым дүниеге қарсы барам;
Қаратпай алды-артыма алып кетті,
Бір үміт, бір тәуекел қамшылаған.
Қолыма қалам алғам түртінектеп,
Жыршы деп те қояды жұртым ептеп.
Соңыра күн не деймін сөреге кеп,
Соққан желдей бұл тағдыр бір күні өтпек.
Өз елім өрге салып байқады ма,
Не олжа салдым далам  байтағыма?
Жақсының мүддесіне жақтастым ба,
Біреудің кеттім бе еріп айтағына.
Айта алсам  налам да бар, назым да мол,
От пен су, бар ма алдымда қазылған op?
Сый емес, сауық емес, сынға түсу, –
Перзенттің маңдайыма жазылған ол.
Асырсын ел мерейін озған ұлан,
Қайран ел нені аясын боздағынан;
Сын айтты, серпін берді, сенім артты:
Көрейін ендігісін өз бағымнан.
КӨҢІЛ КӨКТЕМІ
Көктемің  мен, жаумаған жаңбыры әлі,
Көктерім мен бүршігім балғын әрі.
Бөктерімнен сыршыл үн жаңғырады,
Өр толқыны жастықтың жарға ұрады!..
Жайқалады жанымның әрлі бағы,
Найқалады әнімнің бал құрағы,
Жас қиялдың жамырап сан бұлағы,
Көп құмарын қайткенде қандырады?!.
Тайпалады арынның арғымағы,
Байқалады бәйгеде арлы ұланы;
Бай талабы, байламы, бар құмары, –
Жүрек қана жыр отын жандырады!..

87
БЕЙБІТШІЛІК МЕКЕНІ
Соғыстың өрті кеулеп кең алабын,
Тынысын тарылтса егер жер ананың;
Сол жердің өсіп-өнген перзенттері, – 
Таппайды бұл сұмдықтың неге амалын?!
Асқынған көрмейсің бе жараларын,
Түңіліп тауысқандай бар амалын;
Жуғандай омырауын көздің жасы,
Зарығып шығады енді зары ананың.
Ел аз ба тұрмыс күйі тұралаған,
Ей, адам санаңды не дуалаған?
Бәріміз тумап па едік бір анадан,
Бәріміз дем аламыз бір ауадан!
Арада шыр-шыр еткен ана байғұс,
Перзентін бағып-қағу қарадай күш.
Тілегін тілмен емес, діліңмен ұқ,
Адамзат, санаңа түй, саралай түс!
Табиғат таза еді ғой о басында,
Қозғама қозықасын, қоғасын да.
Ластауды ойлап тапқан настар ғана,
Ізгілік пен сұмдықтың додасында.
Аялап нәр бергейсің құрақ, гүлге,
Шықсын деп шырайланып шуақ күнге.
Ез аз ба ерік тисе ермек іздер,
Күллі өмір күл болсын деп бір-ақ күнде.
Бос қоқыс бола ма әлем қас қағымда,
От шалып, өрт шықпасын аспаныңда;
Азбасын кіршең дүние, абайла, адам,
Басырлар бас көтертпес бас қамында.
Тасыңды таста тыққан қойындағы,
Ынтымақ жолын елдер мойындады.
Құлағымның түбінде тұр, әйтпесе,
Солқылдап содыр заман сойылдары!

88
Қойнында өмір қозған ұлан-асыр,
Қорғайық жер дәулетін – мұраны асыл.
Абай бол, ей адамзат, мойыныңа
Жауапты міндет артқан мына ғасыр!
*   *   *
Жазғырма сен жазым болсаң, Сарыөзек,
Тап болды адам уақытқа бұл тар өзек:
Бір жұмбақты шеше алмай жүр адамзат, –
Әрі дана, әрі нәзік, әрі өжет.
Шоқыңды асып ойға шомған Шоқан да,
Арманы еді оқу, өнер, отарба!
Ракетаны жою үшін, ал бүгін
Тәуекелің керек сенің Отанға!
Өр тұлғаңнан көрем батыр бейнесін,
Ер басына түскен солай кейде сын:
Нар ұлдарың кірген өжет майданға, –
Мерт болса да оққа төсеп кеудесін!
Үркер, бәлкім, туған жердің құстары,
Үзілмесін тек көңілдің құштары.
Адамзаттың ажалына ара түс,
Жер ананың құйттай ғана пұшпағы!
Тәніңді өртеп, осар бәлкім қорғасын,
Топырағың күл боп, гүлің солғасын;
Қару лаңын айғақта айдай әлемге, –
Бұл пәледен құтылмаса болмасын!
Соғыс десе жата алмаймыз жайланып,
Қаншама ана аңыраған қайғы алып.
Бір құдығың жатар бәлкім қоңырсып,
Ракеталар моласына айналып!
Жазғырма сен, Сарыөзегім, сырымды ұқ,
Ол болмаса бір қатерге ұрындық.
Опық жеме, өрт жалмаған сайыңда,
Жер жастанып жатсын күллі зұлымдық!

89
Чернобыльда, Невадада, Семейде,
Атом сыры: абайла адам, демей ме!
Сол қатерді болдырмауға болыс сен,
Жеткізе гөр жеңіс күнгі мерейге.
«Бейбітшілік»  аузындағы тобасы,
Ақпасын деп нақақ көздің сорасы;
Жауынгердей ерлікпенен мерт болған,
Сарыөзекте  ракеталар моласы!..
...Бейбітшілік шатырындай бұл мекен,
Шаңырақты құру  басты міндет ең!
Ракеталар жиі ұшады ғарышқа, –
Сол шатырға уық шаншып жүр ме екен?!
*   *   *
Адам, адам, талпынудан тынбадың,
Қиындыққа қажымадың, қыңбадың.
Құпияның шештің талай жұмбағын,
Дүниенің аштық қанша сырларын.
Қашап мүсін, канал қаздың, қала сап,
Саған біткен ақыл-ой мен парасат.
Махаббатың, мейірімің, өнерің,
Ізгілігің  соның бәрі тамаша-ақ!
Ақыл-ойың бәрін ойлап тауыпты,
Сөйтіп жүріп неге өзара жауықты?
Бір тылсымды біле тұрып тапқан кім, –
Қырып-жояр қаруды осы қауіпті?!
Тыңға салып, тыншытпас бұл құштарлық,
Құштар адам арман туын ұстар нық!
Шыңға өрлеген таяр болса табаның,
Бар қауіпті құштарлық кем тұстан күт!
Жеңістердің бастауы да құштарлық,
Болмасын тек боркемік ой, іштарлық.
Бар жұмбақты шешсін адам, тек қана
Алмасыншы оны өзіне дұшпан қып!

90
ӘН ҚҰДЫРЕТІ
Асқақтап асыл әуен тынбайды-ау бұл,
Тек қана Біржанға тән мұндай «дауыл».
Мамырлай қонып қаз  ән көңіл  көлге,
Маужырап маңайда мың тыңдайды ауыл.
Дүйім жұрт таңдай қағып, тарқамайтын,
Мына әннің асқағын-ай, тарпаңы-ай тым.
Сусылдап бара ма ұшып сансыз құстар,
Көңілден кең жазира, дарқан айдын.
Көкейдің көксегенін тауып тынар,
Дертіңді әсем әнмен сауықтырар;
Салтанат айдынында Біржан  аққу,
Қыр елі қызық халық сауық құмар.
Даусын-ай, қандай ашық, қандай мығым,
Әйтеуір сиқырлы әуен арбайды мың.
Бір ауыз әнге бола халық осы, –
Жіберер айырбастап бар байлығын.
Боздаса бозінгендей дала да иіп,
Аспанға кетеді өрлеп ән ақиық.
Мұндайда мүлдем елтіп тындаған жан,
Өнердің ләззатына қалады ұйып...
Көнсе де қарау заман қыспағына,
Айылын жимай өткен дұшпанына;
Зәрлі күн зарлы қылып тұншықтырса,
Сұңғыла ән самғайды еркін тұста мына.
Әнші мен шерін қозғап Жанботаның,
Зарланып кезді ол елдің әр қотанын...
Асыл ән мирас болып ұрпағына,
Өнерді хан көтеріп алды Отаным!
Асығын асқақ әнші алшы үйіріп,
Елтиді әуеніне жан сүйсініп.
Жүр енді ол жерден қуып жаманатты,
Жонына зұлымдықтың қамшы үйіріп!..

91
ТУҒАН ЖЕР – МӘҢГІ БЕСІГІҢ
Шалт сілтеп тағдыр шалғысын, Бөпемді баудай түсірді:
Басыма қонған бақ құсын, – Үркітіп бақтан ұшырды.
Жалғар деп жолдың үзігін, Ат қойып едік Алтайға:
Сағынтып көрген қызығым, Жетпеді, әттең, алты айға.
Көкөрім көктей қиылған, Жүректе қылық, есімің.
Ұйқтай ғой, бөпем, бұйырған, – Туған жер  мәңгі бесігің...
*   *   *
Тағдыр-ай, жақын тартқан досым едің,
Деп едің талабыңды өсіремін:
Көзге ілмес қызығымды тонап алып,
Ботамда нең бар еді осы менің?!
Нең бар ед құлынымда осы менің,
Қапы ұрдың, қайтып енді көсілемін?
Қулық бар, қиянат бар дегендерге, –
Құлықсыз, құлаққа ілмей өсіп едім.
Саруайым демейікші, бауыр, мұны,
Жел үзді желкенімді дауыл күні.
«Тас түскен жеріне ауыр» десек-тағы,
Кішкентай қазаның да ауыр мұңы.
Тиген жоқ мұның оңай маған аса,
Жөнелдім жаманатпен жағаласа.
Есіркеп жақсы ағалар жатты алыста,
Бір жаман жаныма кеп табаласа...
«Тағдыр бір жапан түз ғой маңайы апан,
Мертіккен ботаң түгіл талай атан», –
Сабырдан сәлем айта жіберіпті,
Алыста жатса-дағы Абай атам, –
«Шырағым, шамырқанба шараға өнбес,
«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес!»
Қара да, хан да  тұтқын, тек қана оған
«Артында сөз қалдырған» дана көнбес!»

92
«Адамдар  бірін-бірі итерген күш,
Бір күйден бір күйге өтер икемделгіш», 
Ит арқасы қияннан ізгілікпен,
Хат жолдап, хабар сапты Ньютон білгіш, –
Жақсыңды жоғалттым деп жаңылыспа,
Атадан келе жатқан кәрі нұсқа:
Абайсыз аяулыңнан айырылсаң, –
Айналып жүре берер сағынышқа!..»
...Құлағымның етін жеп... жалт қаратқан,
Қала аралық телефон-автоматтан...
Айбергенов ағам да, түн ішінде
Толғап кетті: «Біреу мерт  атқан оқтан!..
«Милиционер өледі  ұры ұстаудан»,
Жанам десең жалықпа жыр ұштаудан.
Жан досын жоғалтқан бар тірі өлтіріп,
Жымысқы ойлап жүрекпен ұғыспаудан!..
Тағдыр да бір әккі сұм, епті бұзық,
Бас салар қапияда шепті бұзып.
Аман ба Алматыда...» дей бергенде
Телефоны түскір бұл... кетті үзіліп!..
ТЕҢІЗ
Толқимын көрген сайын көк теңізді,
Дос болып кеткен едік көптен ізгі.
Асыр сап асау толқын асқақтаған,
Маздатқан көкіректе от сезімді.
Аңсадым, алып теңіз, айбыныңды,
Шарқ ұрған шағалалы айдыныңды.
Сағындым құдыретті дауылыңды,
Кеудемнен шайып өткен қайғы-мұңды.
Шалқуға көңіл шіркін неге бейім?
Менің де көз алдымда телегейім;
Өр көңіл өрге жүзген өмір мынау,
Келемін теңіз кешкен кемедейін.

93
Кес-кестеп есер толқын ескегімді,
Долы жел үдей соғып сес те қылды.
Алдымнан алтын балық жарқыл қағып,
Білмеймін қаншама айдын кешкенімді.
Өмірдің сыры ма бұл, қайран қалам,
Қайығың кейде құмда қайраңдаған.
Көмекке келген сонда шарапатты, –
О, достар, жаны жайсаң жайраңдаған.
Жартастар қарауытып қалтарыстан,
Көз алмай көсілесің қатты ағыстан.
Құлшына құлаш ұрам арнасына, –
Ғұмыр бұл  кең дария арпалысқан.
ШЫҒАНАҚ
Быт-шыты шыққан шыныдай, Соғылып сойқан жартасқа. 
Қаймықпас өжет, сыры бай, Толқындар мынау марқасқа.
Шығанақ осы жоқ тыным, Теңізге ұқсап талпынған. 
Көтеріп дауыл шоқтығын, Дамылсыз шулап шарқ ұрған.
Шабытқа мінген кезінде, Шалқымай тыншып жатар ма?! 
Бұл жерден ұлы теңізге, Басталған үлкен сапар да!
Мұнда да сеңдер, шағала, Өрлік пен ерлік мекені. 
Асыққан туған жағаға, Алдымен мұнда жетеді.
Көк айдын сырын толғаса, Досым-ау, нені сезіндің: 
Шығанақ аты болмаса, Шынында шеті ол теңіздің!
ӨЗЕН
Жар астында жарқырап, Пәктігіңді таныттың.
Сайдан аққан сарқырап, Қайратыңа қанықпын.
Тасты өңгеріп тасыған, Тарпаң еді мінезің.
Кең даланың басынан, Еркесіндей бір өзің.
Кейде тулап шарқ ұрып, Көсілесің көңілді;
Көкорайға толтырып, Көгертесің өңірді.

94
Нәр болмаса сән қайда, Қалмасын ну қуарып.
Шабындықты шалғайда, Баптайсың сен суарып.
Айдыныңды күн шалып, Асыр салған ақ шабақ.
Алдыңда тұр мұң шағып, Аптап ұрған бақша-бақ!
Бала-шаға шомылып, Шығар болды құмардан.
Көк теңізге жолығып, Ортаймасын бұл арнаң.
Сенен алдым бір сабақ, Парызымды сезіне:
Арнам толып күн санап, Ұқсап барам өзіңе...

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет