Өмірзақ айтбайұлы



Pdf көрінісі
бет17/27
Дата20.01.2017
өлшемі1,46 Mb.
#2304
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   27

«ЖаНСеріГім ДОмбыра»
(Профессор Сапарғали Омарбеков туралы эссе)
Жаздың  бір  жайма-шуақ  кезі.  Алатаудың  баурайы  құй-
қылжыта күй төгіп жіберетіндей демін ішіне тартып алған. 
Мәңгі-бақи үнсіз түнеріп тұрып алатын сұр тас та, тұңғиық 
ой  түбіне  батып  кеткен  шыңырау  құз  да,  әлдебір  құпия 

232
сырдың  ақтарылар  шағын  күтіп  сақ  тұрған  тәрізді.  Енді  
бірде ән шырқалып еді, айналаға жан біткендей бар тіршілік 
селт етіп тәтті ұйқысынан оянып кеткендей болды. Табиғат 
сан  құбылып,  құлпырып  қоя  берді.  Далада,  таудың  баура- 
йында ән тыңдағандарыңыз бар ма? Тегінде ән, өнер табиғи 
нәрсе ғой. Сол әнді табиғаттың төсінде еркін отырып тың-
дағанға не жетсін!.. Әннің бар құдыреті, бар ләззаты сонда 
біліне ме деймін.
Неткен  тамаша!  Ән  әуені  табиғаттың  алуан  түрлі  әше-
кейімен астасып алысқа кетіп жатыр. Қыздар дауысы бара-
бара үзіліп-созылып құлаққа әрең жетеді.
Далада Татьяна әнін шырқап,
Барады белден асып қарындастар, – 
деген Сырбай өлеңінің екі жолы еріксіз еске түсіп, ойыңды 
алай-дүлей  етеді.  Ән  сызылып  барып  үзілгенде  тәтті  се-
зімнен  еріксіз  айырылғандай,  «Оһ,  шіркін!»  деп  өкіне  дем 
аласың. Тағы да ән. Бұл жолы хор, көп дауыс тау аңғарла-
рын күңірентіп жіберді. 
Алатаудың  тамаша  бір  етегіне  жайғасқан  осынау  топ- 
тың көңіл күйі де дәл қазір табиғаттың құлпырмалы мінезіне 
дөп  келіп,  кілем  түрін  ашар  жарқырама  әшекейі  жараса 
қалған.
Бір  мезгілде  домбыраның  жанға  жайлы  қоңыржай  үні 
келді  құлаққа,  манағы  шулаған  көңілді  топ  бір  сәт  тыныс 
алды. Сыбдыр қағып сусылдай жөнелетін «сөзшең аққайың 
жапырақтары» да саябырсып сабырлы қалпына түскен. Бір  
орында  тұрақтай  алмай  тынымсыз  жортар  шымшық  та 
шоршып, сол орнында қатты да қалды. Күллі табиғат: тау, 
тас, орман-тоғай, күллі алқап, бар тіршілік домбыра әуенін 
елти  тыңдап,  тәжім  еткен  тәрізді.  Адамды  баурап  алғаны 
осыншалық, тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің келеді.
Күй  сізді  алысқа,  қазақтың  кең  сахарасына  жетелейді. 
Кең  даладан  орын  таппай  тынымсыз  жортқан  күй  атасы 
Құрманғазы келеді көз алдыңа. Ол – ақ жолды, әділет жо-
лын өнерімен, өр кеудесімен өмір бойы іздеген, халық үшін 

233
қызмет  еткен  киелі  баба.  Алып  тұлғасы,  асқан  өнерімен 
қазақтың ұлан-ғайыр даласын дүр сілкіндіріп, әрбір кеудеде 
адамгершілік, ерлік отын маздатқан.
Мынау  күйші  жігіт  тартып  отырған  күймен  бірге  Құр-
манғазының  ұлы  тұлғасы  өсіп  шығып,  қалың  топтың  ор-
тасында тұрғандай сезінесің. Күйші атаның бар өмір жолы 
алдыңыздан  өтеді.  Әне,  ол  халықты  ту-талапайға  салған 
аузы алты қарыс шонжарлармен алысып кетіп барады. Ұлы 
күйшінің  күреске  толы  өміріне  қызығасың  да,  сол  ортада 
жалғыз қара боп тыңдаушысын таба алмай ел кезіп жүрген 
ер адамды көріп, көңілді мұң басады.
Домбыраның екі шегін жебелеп, жеп қоярдай-ақ күйші 
саусақтары  сағаға  қарай  шүйіліп  барып,  қия  беттен  құйы-
лып кеп сұр қоянды іліп әкеткен қыран құстай қайқаң етіп 
өрлеп кетті де, кілт тоқтады.
Күйге елтіген көпшілік маужырап кеткен. Әркім өз ойы-
мен өзі боп, тәтті қиялдан арыла алмай отыр. Тек әлдекімнің: 
–  Өркенің  өссін,  көп  жаса,  –  деуі  мұң  екен,  ду  қол  со-
ғылған шапалақ кең даланы жаңғыртып, кәрі таудың заңғар 
биігіне  ұласып  кетіп  жатты.  Дуылдаған  қол  соғудың  ара-
сында: 
– Айналайын, рақмет! 
– Япырау, саусағың толған күй екен ғой. 
– Шіркін, күй деген көп нәрсені айта алады екен-ау, – де-
ген дауыстар естіледі.
Күйші  жігіт  әлденеге  ыңғайсыздана  домбыраның  қа-
сында  отырған  кексе  адамға  ысыра  берді.  Бақса,  күйдің 
әсерімен өзі де ешнәрсені аңдай алмай қалған екен, соны-
сынан  ұялады.  Бір  бұл  емес,  бұдан  бұрын  да  дәл  осылай  
күйге  елтіп,  өзге  дүниені  ұмытарлықтай  дәрежеге  жеткен  
еді.  Жас  жігіттің  қиялы  шарқ  ұрып,  сан  түрлі  сезімнің 
әсерімен  дүниені  шарлап  кеткендей  болатын.  Бүгін  де  дәл 
солай болғанын енді ғана аңғарып отыр.
Онысын  елер  адам  жоқ,  тұс-тұстан  сұрақтар  мен  ұсы-
ныстарды  жаудырып,  өзді-өзі  күйден  алған  әсерін  айты- 
сып кетті. 

234
– Өнер институтына неге түспедің? 
–  Жоқ,  осынысының  өзі  дұрыс,  ғылым  кандидаты,  әрі 
өнер иесі. Ғажап емес пе? 
– Тек, қол үзіп қалмасын деңіз! 
– Е, шіркін, мұндай өнерім болса, өзге дүниені қояр едім.
Осылай деп жамырасып әлі біраз отырар ма еді, егер егде 
тартқан көсем кісі: 
–  Жә,  немене  түге,  өзді-өзді  даурығып…Көп  сөзден 
күйдің  өзін  тыңдаған  артық.  Қане,  Сапар,  бұған  не  айта- 
сың, – демесе.
Қайтып ұсынылған күрең домбыраны күйші жігіт биязы 
қимылмен сыпайы алды да: 
– Енді не тартсам екен? – деп домбыраны олай-бұлай ау-
дарып, тиегін түзеп, жан-жағына ілтипатпен қарады. 
Әркім әртүрлі күйді ұсынып жатыр. Біреу Құрманғазы-
ның  «Серпері»  десе,  енді  біреу  Тәттімбеттің  «Сылқыл-
дағын»  айтады,  ал  үшіншісі  Қазанқаптың,  Динаның  күй-
лерін де ұмытпа дейді. Не керек, бұл күні қазақ күйлерінің 
қазынасы ақтарылды. Сан күй тартылып, күллі қазақ жерін 
аралап,  халқымыздың  өткен  өмір  жолын,  тарихын  шолып 
шыққандай болды.
Күйші  кім,  күйші  жігітті  қоршаған  адамдар  кім?  Бұл 
ғылым дүниесінің өкілдері еді. Апта бойы, ай бойы, жыл-
дар  бойы  архив  қазынасын  ақтарып,  ғылыми  зерттеу  жұ-
мыстарын  жүргізуші  лингвист,  әдебиетші  ғалымдардың 
тобы  еді.  Олар  қайсыбір  жексенбіде  тау  бөктеріне  сейілге 
шығып  серуендеп,  өнер,  ғылым  жайында  әңгіме  шертіп, 
демалысты  көңілді  өткізіп  қайтатын.  Сылдырап  аққан  бұ- 
лақ  басына  алқа-қотан  отыра  қап  ән  шырқайтын,  күй 
шертетін. Бұл алғашқы серуеннің бірі еді. Ғылым соңында 
өзімен-өзі боп қияли ойда жүретін адамдар мұндайда басқа 
бір  қырынан  көрінеді.  Оның  адамгершіл  қасиеті,  ерлігі, 
қайраттылығы, өнері әйгілі болады. Тіпті, қызмет бабында 
жүріп  біле  алмаған  нәрсеңді  біліп,  көре  алмаған  нәрсеңді 
көріп, еңбектес жолдасыңның өзгеше қыры мен сырын та-
нып, біліп, бағалап қайтасың.

235
Жаңағы  күйші  жігіт  осы  көптің  жаңа  тауып,  жаңа  та-
нып  отырған  адамы.  Бұл  жолы  олар  Сапарғали  Омарбе-
ковты  Қазақ  ССР  Ғылым  академиясы  Тіл  және  әдебиет 
институтының  ғылыми  хатшысы  ретінде  емес,  үлкен  өнер 
иесі, күйші азамат ретінде танып отыр.
Адам  көңілін  ырза  ету  әркімнің  қолынан  келе  бермей-
тін іс қой. Ол өнерлі адамның ғана қолынан келеді. Тегінде, 
өнерлі  азаматы  мол  ел  әрқашанда  әлуетті.  Қилы-қилы  мі-
незді  адам  баласын  бірқалыпта  ұстап,  бір  күйге  келтіріп,  
уысынан  шығармай  үйіріп  әкететін  өнерден  күшті,  одан 
сиқыр не бар екен, дүниеде?!
Сол  өнерлі  елдің  өкілі,  өнерлі  көптің  бірі  Сапарғали.  
Ол  алғаш  мектеп  қабырғасын  аттасымен-ақ  есіл-дерті 
домбыра,  ән-күй  болды.  Қазақтың  кез  келген  қара  баласы  
сияқты ол да, ең алғаш «Елім-айды» салған еді. Бұл бір елдің 
елдігін,  қайғы-қасірет,  мұң-шерін  қабырғаңды  қайыстыра, 
өзегіңді  өртей,  сай-сүйегіңді  сырқырата  жырлайтын  бүкіл 
халықтық  ән,  мұң,  шер  еді.  Сондықтан  да  кез  келген 
қазақ  баласына  бұл  әнді  үйрену  парыз  іспетті  боп  кеткен. 
Сапарғалидың да өнерге сапары осы әнге байланысты.
Оның  ол  кездегі  ұстаздары  өнер  сүйген  өрендер  – 
мұғалімдер, ауыл қарттары еді. Қарттардан халық күйлерін 
үйренді. Дегенмен Сапарғалидың өнерге, өмір жолына сапа-
ры университет қабырғасында басталған еді. Қазақстанның 
жер-жерінен  жиылған,  өнер-білімді  аңсап  келген  жастар 
келе оқуды еңсеріп, өнерді де меңгере бастады. Оларға ас-
тананың өнер қайраткерлері көмекке келді. Өнерпаздар кол-
лективі ұйымдастырылды.
Әйгілі  домбырашы  –  артистер  Қали  Жантілеуов,  Үріс-
тембек  Омаровтардың  басшылығымен  ҚазМУ-де  халық 
аспаптар оркестрі ұйымдасқан болатын. Сапарғали осы ор-
кестр құрамында жүріп, тек күй үйреніп қана қоймай, дом-
быра  дегеннің  халық  қазынасы  екеніне,  оны  көздің  қара-
шығындай сақтап қастерлеу қажет екенін түсінді.
Әсіресе  Динаның  шәкірті  Ығылман  Әлжанов  Сапарға-
лидың  күйші  ретінде  қалыптасып,  шеберлігін  арттыруда  

236
зор еңбек етті. Сапарғали көптеген күйді осы кісіден үйрен-
ді. Мысалы, Ұзақтың «Ақжелеңі», Қазанқаптың «Торы аты»,  
Динаның  «Бұлбұлы»  мен  «Көген  түбі»  осының  айғағы. 
Сапарғали Тәттімбет, Дәулеткерейдің күйлерін де сылқыл-
дата  шерткенде  айызыңыз  қанады.  Күйшінің  бұл  күнде 
өзіндік орындаушылық стилі қалыптасқан. Әрбір күйді ба-
бымен шебер тартуға тырысады. Талғамы күшті.
Университетті  бітірген  соң  Сапарғали  Қазақ  ССР  Ғы- 
лым академиясына қызметке келді. Өзінің күйшілік өнерін 
мұнда  да  тоқтатқан  жоқ.  Қайта  репертуарын  толықтыра 
түсті. 
Сапарғалидың кейбір жолдастары ғылым ордасына кел-
ген соң домбыраны қояр, ол жастық шақтың ермегі ғой деп 
те ойлады. Бірақ, олай болмай шықты. Сапарғали өнер мен 
ғылымды қарсы қойған жоқ, қатар ұстап, қабат алып жүрді. 
«Қайта  домбыра  шертсем  басым  тынығып,  шабыттана  тү-
сем.  Ғылыми  жұмысқа  ерекше  жігермен  кірісіп  кетемін.  
Мен  үшін  домбыраның  көмегі  мол.  Бұл  –  менің  жансері-
гім», – дейді ол. Мұнысына кәміл сенемін.
Ол  осы  ұстанымынан  өмірден  өткенше  айныған  жоқ. 
Өнерін  де  өрлетті,  ғылымын  да  селдетті.  Домбырада  күй-
лерді  қалай  шебер  шертсе,  ғылыми  ізденістерге  келгенде 
қаламын да солай көсілте жөнелуші еді. Ол екі тілде (қазақ, 
орыс тілдері) бірдей еркін жазатын.
Сапекең  «Дарақ  бір  жерде  көгереді»  деген  тәмсілді  өз 
өмірімен дәлелдеген ғалым. Бар саналы өмірі осы Тіл білімі 
институтында  өтті.  Осында  көктеді,  өсті,  жетілді,  жетекші 
ғалым дәрежесіне еңбекпен көтерілді. Шығарған кітаптары 
халық  тілінің  құбылыстарын  тарихи-салыстырмалы  аспек-
тіде  байланыстыра  сөйлейді.  Лингвистикалық  география 
саласындағы  ізденістері  тұңғыш  лингвогеографиялық  мо-
нографияға айналды. «Диалектологиялық сөздік» (1996) пен 
«Қазақ  тілінің  аймақтық  сөздігі»  (2005)  кітабының  негізгі 
авторларының бірі. Ол лингвистиканың бір саласымен ғана 
шектеліп қалған жоқ. Оның ғылыми өрісі кең болатын. Тіл 
білімінің сан саласында қалам сілтеп, ой тастады.

237
Сапарғали Омарбеков қазақ тіл білімінің нәтижелі еңбек 
еткен, ойлы да зерек сардарларының бірі еді. Марқұм проф. 
Е. Жанпейсов көбіміздің көкейіміздегі бір кезде Ғабит Мү-
сірепов  айтқан  Ілияс  Омаров  туралы  «Үлкендер  арасында 
кіші  емес,  кішілер  арасында  үлкен  емес»  деген  сөзін  дөп 
келтірген екен. Сапарғалидың ғылыми, адами өмірі де осы 
сөздің шындығын әйгілейді. 
қазму – білім меН біліК ОрДаСы
Бала кезімнен Алматыдағы Қазақ университетінде оқу-
ды  арман  еткенмен,  Алматыға  жетуім  оңайға  түскен  жоқ. 
Әуелі  бірге  оқыған  мектептес  балалардың  кеу-кеулеуімен 
Ташкентке  жол  түсті.  Бұл  қаланың  әйгілі  оқу  орындары  
көп қой, бәрін аралап көрдік, бірақ ешқайсысы көңілге жат-
пады. Алматыны аңсадым да тұрдым. Содан Ташкент вок-
залына  қайта  келіп  билет  іздедік.  Аңқау  ауыл  баласы  бір 
ересек  алдамшының  арбауына  қалай  түсіп  қалғанымызды 
білмей  қалдық.  «Әй,  жігіттер,  билеттерің  жоқ-ау  шамасы, 
чемоданды маған беріңдер де, пойыз жүрген соң төбесімен 
маған  келерсіңдер,  мен  осында  болам,  сендерді  күтем»,  – 
деді. Билет таба алмай аңырап жүрген екі бала қайырымды 
аға  табылғанына  қуанып  кеттік  те,  айтқанын  екі  етпедік. 
Пойыз зулап келеді. Айтқан вагон түгілі, барлық басқа ва-
гондарын да аралап шықтық. Іздеген «ағамыз» зым-зия жоқ. 
Чемодан жоқ, онымен бірге бүкіл құжаттар кетті. Екі қолды 
мұрынға  тығып,  Темір  стансысынан  түстік.  Оқимыз  деген  
арман көзден бұлбұл ұшты. Емтихан уақыты жақындап қал- 
ған.  Барлық  құжаттардың  көшірмесін  (дубикатын)  жасап  
үлгере  аламыз  ба,  жоқ  па,  белгісіз.  Тәуекелге  бел  байлап  
аудандық,  облыстық  мекемелерге  шапқылаумен  болдым. 
Мақсат:  аттестат,  комсомол  билеті,  паспорт  т.б.  қайта  қал-
пына  келтіру.  Бұл  екі  ортадағы  сарсаңға  түскен  күндерді 
еске алсам, әлі күнге жүрегім дірілдейді. 
1954  жылғы  шілденің  25-26-да  әрең  дегенде  барлық 
құжаттарымды қамдап арманды Алматы, Қазақ университе-

238
ті қайдасың деп тағы да жолға шықтым. Темір шағын стан-
сы. Пойызға билет бола бермейді. Тағы да солай, Базарбай 
деген кассир ағамыз аузын қу шөппен сүртіп отыр. Айтаты-
ны  «жоқ»,  «жоқ»…  Иә,  жоқты  қайдан  табасың.  Арманым 
орындалмастай,  үміт  кесілгендей  болып  Мәскеу  пойызын 
күтіп тұрмыз. Осы пойызға ілінсем іліндім, ілінбесем бәрі 
әурешілік  боларын  сезіп,  дегбірсізденіп  тұрмын.  Бір  кез-
де  менің  арманымды  арқалағандай  болып,  Мәскеу  пойы- 
зы  келіп  тоқтады.  Вагондардан  кілең  спортшылар  топыр-
лап қарғып-қарғып түсе бастады. Бұлар Мәскеудегі жастар 
спартакиадасына  қатысып  келе  жатқан  спортшы  студент-
тер екен. Ішінде мені жолға шығарып салып тұрған мұғалім 
аға  Құрманбайдың  таныстары  да  бар  болып  шықты.  Олар 
Семейдің  жігіттері  екен.  Мән-жайды  білген  соң:  «Мына 
спорт  костюмін  ки  де,  біздің  вагонға  кір»,  –  деді.  Әлгіні  
киген соң менің олардан айырмам болмай қалды. Ұмытпа-
сам, шілденің 28-ы күні болатын. Сөйтіп жеттім-ау, әйтеуір, 
Алматыға… 
Қазақстанның  түкпір-түкпірінен  ілім  іздеп  келген  ба-
лалар  басы  көк  майсаға  көміліп,  оранып  тұрған  Алматы 
шаһарында түйіскен еді. Қаланың көркем көркін суреттеу- 
ге  тіл  жетпейді.  Мың  бір  түн  хикаясындағы  бір  тамаша  
шаһарға еніп кеткендей күй кеше бастадық. Тау бұлақтары-
нан басталып, көше қуалай сылдырай ағатын мөлдір судың 
салқын  сазды  лебі  денені  балбыратып,  бойды  балқытады. 
Көше бойлай жасыл желегін желбіретіп тұрған алуан түрлі 
жеміс  ағаштары  өзгеше  құлпырып,  жас  түлектер  жүрегіне 
неше алуан ән-әуен ырғақтарын құя түседі. 
Діттеген  жерім  қазақтың  сол  кездегі  маңдайалды  оқу  
орны – С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік универси-
теті. Филология факультетіне жас талапкерлермен қатарла-
са кезекке тұрып, құжаттарымды тапсыра бастадым. Суре- 
тім жоқ екен. Тез жасап бере қоятын суретші тек Көкбазар-
дан төмен, қазіргі орталық мешіттен жоғары тұратын бір ев-
рей екен. Барсақ, ол да жоқ, ертеңінде істейтін болып шық-
ты. Сөйтіп, ертеңінде сурет пен керекті құжаттарды түгелдеп 
тапсырдым-ау,  әйтеуір.  Ертеңіне  өзім  сияқты  басқа  бала-

239
лармен  бірге  шығарма  жазуға  отырдым…  Кейін  байқасақ, 
бір  орынға  он,  он  бір  баладан  таласқа  түскен  екенбіз.  Әр 
емтихан тұсында сейіле келе, ең соңында екі адамнан ғана  
қалдық. 
Менің  оқуға  деген  талпынысым  осындай  тауқыметтер-
мен басталған еді. Әйтсе де, қызығы да, қиындығы да мол  
ғажайып күндер осыдан былай қарай басталды. Бұған қоса  
университет  және  дәрісханалар  аурасы  біздің  ықылас-
ынтамызды  мүлде  байлап  алды.  Бірінен-бірі  ерекше  мұн-
дай  дәрісханаларды  тұңғыш  көруім.  Дәріс  бере  бастаған 
ұстаздардың  әдіс-тәсілдері  алуан-алуан.  Біріне-бірі  ұқса-
майды. Тіл мен әдебиеттің үздіктері екен. Алғашқы сәттер- 
де  лекция  жазу  орнына  аузымызды  ашып,  аңқиып  тыңдап 
отырып  қалатынбыз.  Сол  ұстаздарымыздың  көбі  бұл  күн-
де  жоқ.  Артына  асқан  үлгі  тастап,  елдің  бәрі  барар  баян-
ды  мекенге  аттанып  кеткен,  жарықтықтыр!  Олардың  әр-
қайсысының  болмыс-бітімі,  іс-әрекеті  неше  алуан  мақала, 
кітаптарға негіз болар еді. Олар жайында жазылған дүние-
лер  де  аз  емес,  жетерлік.  Бірақ  тауысып  айта  алған  ешкім 
жоқ.  Түгел  жазып  бітем  деу  де  мүмкін  емес.  Олар  ұстаз- 
дық  міндетін  азаматтық  парызбен  ұштастыра  білген,  бар  
өнегесін  шәкірттеріне  қалтқысыз  беруге  тырысқан  аяулы  
жандар еді. Олардың арасында Қазақстанға ғана емес, бүкіл 
әлемге  аты  әйгілі  профессор  ұстаздар  сабақ  береді  екен.  
Атап  айтқанда,  Ұлттық  Ғылым  академиясының  академик-
тері, профессорлар М.О. Әуезов, І. Кеңесбаев, М. Балақаев, 
Б.  Кенжебаев,  Е.  Ысмайылов,  Т.  Нұртазин,  Ы.  Маманов,  
К. Аханов, О. Төлегенов, Т. Амандосов, З. Қабдолов, Х. Сүй- 
іншәлиев,  Герпсман,  Мадзигон,  Рубинова,  Н.  Киікбаев,  
Ж. Қарағұсов, А. Тілеубердин, т.б. 
Мына  ғажайып  өмірде  менің  және  мен  сияқты  жас  тү-
лектердің жолын ашқан, көкейімізге ғылым мен білім кәу-
сарын  құя  білген  аяулы  ұстаздарымды әрдайым еске  алып 
жүремін.  Міне,  бүгін  де  осы  мен  оқыған  университеттің 
абырой-беделін көтере білген ұстаздарыммен қайта тілдес-
кендей болып отырмын. Ұстазға деген ықылас-пейілден әлі 
күнге танған емеспін...

240
ұСтазДарым меНіҢ 
МҰХТАР ӘУЕЗОВ
Бұл  есімді  естігеннің  өзінде  жүрегім  елжіреп,  өзгеше 
күйге  түсемін.  Мұхтар  Әуезов  бізге  абайтанудан  дәріс 
оқыды.  Алғашқы  сәт...  Кең  дәрісханада  студенттер  толып 
отыр. Адам әлі толастар емес. Факультет студенттері түгел 
жиналғандай.  Сұрастыра  келсек,  басқа  оқу  орындарынан 
да келген жандар бар сияқты. Бір кезде есікті айқара ашып, 
төртбақтау келген толық денелі қара торы кісі «Сәлеметсіз- 
дер  ме?»  деп  кіріп  келді.  Бәріміз  жапа-тармағай  тік  тұрып 
қарсы алдық. Жайлап қана ырза көңілмен «Отырыңыздар» 
деді. Бас кескіні мүлде бөлектеу, ешкімге ұқсамайтын жан 
екен.  Бала  көңілмен  жарқыраған  маңдайына  көзім  түсе  
берді. Ол кісі сәл ғана жымиып алды да «ыһа, ыһалап!» тұ- 
рып, Абай дана туралы толғай бастады. Үні мейлінше жа-
ғымды, қоңырқай екен. Тоқтаусыз, толассыз, соншама әсерлі 
сөйлейтін кісіні тұңғыш рет көруім. Үнсіз құлақ қоюдамын. 
Байқаймын  менен  басқалар  да  үздіге  тыңдап  отыр.  Ұлы 
Абайдың  өмірі,  өлеңдері  туралы  мектеп  қабырғасында  да 
оқығанбыз.  Оның  бәрінің  атүсті  өткен  сабақтар  сияқты 
болғандығынан  ба,  немесе  өзіміздің  ықтияттап  назар  сала 
алмағандығымыздан  ба,  Абайдың  мұншалықты  ғажайып 
тұлға екенін енді ғана біле бастадық. Абай өлеңдерін жат-
қа айтатын адамға таңғала отырып, ондағы мағына арқалап 
тұрған  әрбір  сөзді,  сөз  үйірлерін  талдап  түсіндіруіне  тәнті 
болатынбыз.
Мұхаңды алғаш көрген күннен бастап, біз ол кісінің дә-
рістерінен  қалмауға  тырыстық.  Ол  кісінің  кескін-кейпінде, 
үнінде,  сөз  сөйлеу  мақамында  адамды  арбап  алар  қасиет 
барын  біртіндеп  біле  бастадық.  Әрбір  дәрісі  өткен  сайын 
өзі төгілдіріп, тамсана сөз ететін ұлы Абай бейнесін танып, 
көзіміз ашылғандай болатын. Тіпті кейде Мұхаңды Абайдың 
өзімен салғастырып, ол кісі кіріп келгенде Абайдың өзі ен-
гендей  әсерленетінбіз.  Ұлы  ақын  өлеңдерін  соншама  бері- 

241
ліп, төгілдіре жатқа айтқанда, ол шумақтар оның өз жүрегі-
нен,  өз  кеудесінен  шығып  жатқан  дүниедей  көрінетін.  Тек  
бұл өлеңдер өмірдің қандай сәтінде, нені меңзеп жазылғанын 
таратып  талдай  бастағанда  Абайдың  алып  тұлғасы  кес-
кінделіп шыға бастайтын. 
Кейде  жеке  өлеңдердің  мәнін,  мағынасын  талдай  келе, 
оны  Пушкин,  Лермонтов,  Бунин  туындыларымен  байла-
ныстырып,  тіпті  ой  ағымымен  әлемдік  әдебиет  тарланда-
рын  шарлап,  шығандап  шығып  та  кететін.  Соның  бәрінен 
де  бірінен-бірі  туындап  жататын  үздіксіз  даналық  ойлар 
жалғасын  сезініп  отыратынбыз.  Біз  Мұхаңның  дәрістері 
арқылы Абайды ғана танып қойғанымыз жоқ, бүкіл әлемдік 
әдебиет пен мәдениетке жол ашқандай едік. Бала кезімізде 
кемел  қарияларды  көп  көріп  ем.  Солардың  «көзің  ашыл- 
сын,  қарағым!»  дейтін  батасын  көп  еститінмін.  Шамасы 
елдің көзін ашу дегеніміз осындай-ақ болар. М. Әуезов дә-
рістерін тыңдай-тыңдай бүкіл қазақ баласының көзі ашыл-
ды деп айтуға болар. 
Мұхаң шешен сөйлейтін. Шешендігі ділмәрліктен емес, 
алуан  түрлі  деректерді  қазақтың  кестелі  сөздерімен  көм- 
керіп  отыруынан  байқалатын.  Ол  кісі  сөйлеп  тұрғанда 
шыбынның ызыңы ғана білінетін. Сөзін бөлуге болмайтын. 
Бір  жолы  Мұхаңның  қатты  кейіген  түрін  көріп  шошын-
ғаным  бар.  Төгіліп  дәріс  оқып  тұрған  бір  тұста  арт  жақта 
отырған студенттер ортасынан оқыс күлкіні құлағы шалып 
қалған ұстаз сөзін кілт үзіп біртүрлі тотығып, тоқтап қалды. 
Анықтап  қарасам  өзінің  «Абай  жолы»  эпопеясындағы  Құ-
нанбай, Абай, Оразбайлардың бейнесін суреттегенде үнемі 
қолданатын  «қанын  ішіне  тартып  сұрланып»  дейтін  сөз 
орамындағыдай түтігіп, тотығып кеткен екен. Әлгі бір-біріне 
қалжың  айтып,  оқыс  күлген  қыз  бен  жігітке  түтіге  қарап: 
«Қарағым, қандай мамандықты таңдап келгеніңді білемісің. 
Қазақтың жүрегімен, өзімен тікелей байланысты дүние ғой 
оның  тілі  мен  әдебиеті.  Соның  бүге-шүгесін  түгел  бойға  
дарытатын  үлкен  білім  ордасы  –  Қазақтың  университетіне 
келіп  отырсыңдар.  Мұсылман  баласы  мешітке  игі  ниет-

242
пен,  иманды  жүрекпен,  таза  оймен  арылып  шығардай 
енетін болса, филология факультетінің студенттері де осы-
нау  дәрісханаға  сондай  оймен,  сеніммен  келуі  тиіс.  Бұл 
жерге адам ілім іздеп келеді, басқа қылыққа орын жоқ…». 
Біраз  толғанып  тұрды  да,  үзіліп  қалған  дәрісті  ары  қарай 
жалғастырып  әкетті.  Содан  кейін  Мұхаң  сөйлеп  тұрғанда  
бір де біріміз бөтен қылық көрсетпейтін болдық. 
Есейіп,  егделенген  сайын  әрбір  іс,  тірлікті  бастар  ал-
дында  ұлы  ұстаз  бейнесі  үнемі  көз  алдымда  тұрады.  Ол 
ұстаздығын мәңгілікке қалдырғандай. 
ІСМЕТ КЕңЕСБАЕВ ПЕН МӘУЛЕН БАЛАҚАЕВ 
Университет  қабырғасында  студенттер  есінде  қалған 
ерекше  тұлғаның  бірі  –  Ісмет  Кеңесбаев  болса,  екіншісі  – 
Мәулен  Балақаев.  Екеуі  де  Ұлттық  академияның  мүшесі, 
екеуі  де  профессор.  Екеуі  де  тіл  маманы,  әлемге  әйгілі 
түркологтар.  Қазақ  тілі  білімінің  негізін  бірге  қаласқан, 
үзеңгі қағысып қатар жүрген құрдастар. Ғылым, білімде де, 
өмірде де бірге жүріп, ақтық сапарға да бірінен-бірі қалмай 
уәделескендей бірінен соң бірі қалмай аттанды. Өздері кет-
кенмен қазақ тілі білімінде өшпес іздері қалды, қаншама шә-
кірт  тәрбиелеп,  солар  арқылы  тағылым,  тәрбиенің  үлгісін 
қалдырды. Екеуі де университеттің айтулы ұстаздары еді. 
Екеуінің сабақ беру үлгісі екі басқа еді, сондай-ақ тың-
даушыны  ұйытарлық  қабілет-қарымы  да  әрқилы  болатын. 
Секеңнің  сөйлеу  мақамынан  мәселені  аумағымен  қопарып 
қисындата  түсіндіру  жағы  басым  көрінетін.  Қай  мәселеде 
де  алғырлығы  байқалып  тұратын.  Қаздың  дауысындай 
саңқылдай шығатын қоңыр үні кімді де болса ұйытып әке-
тетін. Сөзінің ара-арасында әзіл-қалжыңын да араластырып 
отыратын.  Қалжыңның  көбі  өзінің  қатар-құрбы  достарына 
бағытталып  жататын.  Ондай  әзіл-оспақтың  садағы  әсіресе 
М. Балақаев пен Ғ. Мұсабаевқа тураланады. 
Ал М. Балақаевтың тақылеті мүлде басқашалау. Ол еш 
уақытта  дауысын  көтеріп  сөйлеген  жан  емес.  Соған  қа-

243
рамастан,  оның  айтқаны  діттеген  жеріне  жетпей  қойған 
емес. Қазақ сөзінің майын тамызып сөйлеуге шебер-ақ еді. 
Өйткені, ол кісінің сөзінде артық-ауыс ештеңе болмайтын. 
Мәкең  әзіл-қалжыңға  тіпті  шебер  болатын.  Мақтамен  ба-
уыздайтын кісінің өзі. 
Қазақ  тілі  сабағының  өзінде  уытты  қалжың  сөзін  тұз-
дықтап,  тыңдаушысын  сергітіп  алып,  мақсатты  ойын  ары 
қарай жайлап жалғастыра беретін. Содан да болар, ол кісі- 
нің  дәрісінен  ешкім  жалығып  көрген  емес.  Ұстаздан  ұят 
болмасын деп сабағынан қалмай, берген тапсырмасын бұл-
жытпай орындауға тырысатынбыз. 
Секең  мен  Мәкеңнің  университетте  дәрісін  тыңдап  өс-
кен  көп  шәкірттерінің  бірімін.  Тағдыр  бұйыртып,  кейін 
екеуімен де қызметтес болып, шәкірттік ісімді жалғастыра 
бердім.  Ісмет  Кеңесбайұлы  Тіл  білімі  институтының  ди-
ректоры  да,  Мәулен  Балақайұлы  сол  институттағы  Тіл 
мәдениеті  бөлімінің  бастығы  болды.  Мен  ғылыми  жұмыс- 
қа  осы  бөлімде  баулындым.  Екеуі  де  ұстаздық  өнерін  тоқ-
татқан жоқ. Екі ұстаздың тәрбиесін көп көрдім, тағылымын 
алдым.  Кандидаттық  жұмысты  да,  докторлық  жұмысты 
да  ұстаздарымның  батасын  ала  отырып  қорғадым.  Аяулы 
ұстаздар  қасында  көбірек  болғандықтан,  олардың  адами 
қалжың-әзілдері,  адами  ара  қатынасы  жадымда.  Солардың 
қайсыбірін қайталап еске алған артық болмас. Білген кісіге 
олардың тәрбиелік мәні болар деймін. 
Жалпы  Мәкеңнің  қазақы  тілмен  айтқанда  жатып  атар-
лығы  басымдау  еді.  Қисыны  келген  тұсын  қалт  жібермей- 
тін.  Жамбасқа  салып  тартып  жіберетін.  Қайсыбір  тұста 
аңғалдық  пен  қопалдық  жасап  алғанмен,  Секең  де  есесін 
жібермейтін.  Елге  әлдеқашан  аңыз  боп  тарап  кеткен  мына 
бір қалжыңды қалай ұмытарсың?!.
Бірде  Ісмет  Кеңесбайұлы  қатты  науқастанып  аурухана-
да жатып қалады. Ежелгі досының көңілін сұрауға Мәулен 
барып: «Ә, сабазым, ол жақтан да аман қайтқанбысың?», –  
дейтін  көрінеді.  Сөйтсе,  әрең  сөйлеп  жатқан  Секең:  «Құ-
лағыңды жақындат, – дейді де. – Кетіп-ақ қалатын рет бол-

244
ған еді. Бірақ ол жақта да адамды алфавит тәртібімен алады 
екен. К-нің әзірге керегі жоқ, бізге б керек деп саған мені 
шақыртуға  жіберді,  Балақаев»,  –  деп  жайлап  езу  тартқан 
екен. 
Жарықтықтар  қисыны  келген  жерде  қалжың  сөзден  
екеуі де бас тартпаған. Тіпті Қаныш Имантайұлы қайтыс бо-
лып, ол кісінің мәйіті салынған табытты бүкіл ел орталық 
бейітке дейін жаяу апарғаны жадымызда. Сол қаралы шеру-
дің  бір  тұсында  Секең  Мәкеңді  нұсқап,  ежелгі  әдетіне  
басып: «Қашанғы қазақ қырыла береді осы? Сенің де кезегің 
келген  жоқ  па  өзі?»,  –  дейді  жайлап.  Сонда  Мәкең  қолын 
жоғары  нұсқап:  «Ісмет,  ол  бізге  байланысты  емес.  Оның  
билігі  жоғарыда,  ол  кісі  бәрін  біледі.  Әзір  кілең  игі  жақ-
сыларды алып жатыр. Ендігі игі жақсымыз Сен деп жүрміз 
ғой», – депті. Жұрт ашық күле алмай, іштен булығыпты. 
Екеуінің  бір-біріне  деген  қимастық  сезімі  терең  болға-
нын  Ісмет  Кеңесбайұлы  қайтыс  болғанда  көрдім.  Мәкең  
ескі досының басында отырып егіл-тегіл жылады. Ол кісі-
нің жылағанын бірінші рет көруім. Опасыз, жалған, дүние-ай! 
 
 
БЕйСЕНБАй КЕНЖЕБАЕВ
Бейсенбай  Кенжебаев  өмір  бойы  осы  университеттің 
қазақ  әдебиеті  кафедрасының  меңгерушісі  ретінде  тама-
ша шәкірттер тәрбиелеген мейлінше терең білімді патриот 
ғалым болатын. Бір қарағанда оның дәрістері соншама бір 
кісі  тартарлық  болып  көріне  қоймайтын.  Алайда  әдебиет 
тарихының  терең  тұңғиығына  Бейсекеңдей  үңіле  алған  
ұстаз  көп  емес  еді.  Ол  кешегі  Сәкен  Сейфуллин,  Бейімбет 
Майлин,  Ілияс  Жансүгіров,  Мағжан  Жұмабаев,  Жүсіпбек  
Аймауытовтай  алыптарынан  айырылған  әдебиеттің  әлде-
неше  ғасырлық  тарихы  бар  екеніне  көзімізді  жеткізді. 
Әдебиет  пен  мәдениеттің  түп  негізі  сонау  орхон-енесей 
жазуларынан  бастау  алатынын  дәлелдеді.  Сөйтіп,  оның 
асықпай,  анық,  сабырмен  баяндалатын  дәрістерінен  қазақ 

245
дейтін халықтың рухани жан дүниесі мейлінше бай екенін, 
оның  тарихы  әлі  зерттелмей  жатқанын,  оны  зерттеушілер-
дің  болашақта  өз  шәкірттері  арасынан  да  шығатынын  
болжай отыратын, кейін оның бұл болжамы шындыққа ай-
налды.
Мәселен,  Бейсекеңнен  тағылым  алған  Ә.  Қоңыратбаев, 
Қ.  Сүйіншіәлиев,  Р.  Бердібаев,  З.  Қабдолов,  Н.  Ғабдуллин, 
Т. Қожекеев, Т. Кәкішов, Ш. Елеукенов, сондай-ақ ұстаз ба-
уырында  өз  құлындарындай  таласа-тармаса  өскен  А.  Қы- 
раубаева,  М.  Жолдасбеков,  Н.  Келімбетов,  Р.  Нұрғали, 
М.  Мағауин  және  өзінің  төл  баласындай  болып  кеткен  
Қ. Ергөбек ұстаз үмітін ақтаған қазақтың айтулы азаматта-
рына  айналды.  Қазір  ойлап  отырсам,  Бейсекең  қалдырған 
мұра  ұшан-теңіз  екен.  Дүниеден  өткеніне  біраз  болғаны- 
мен, оның кітаптары мен жазған мақалалары қазіргі ұрпақ-
тың да қажетін толығымен өтеп отыр. 
Ендеше, Бейсекең сияқты ұлы ұстаздың өнегесі әлі та-
лай жылдарға азық болатыны хақ.
ТЕМІРҒАЛИ НҰРТАЗИН
Бұл  кісі  қазақ  кеңес  әдебиетін  барынша  жетік  білген 
адам  еді.  Сабақ  беру  үлгісі  де  басқашалау  көрінетін. 
Басқашалау болатыны қазақ әдебиеті өкілдерінің өмір тари-
хын, шығармаларын жетік білетіні байқалып тұратын. Тіпті 
кейбіріне  өзі  куәгер  болғандай  баяндайтын.  Әсіресе  олар- 
дың  жеке  шығармаларын  талдап  түсіндіруде,  әрбір  жа-
зушының  қалыптасу  тарихына  байланысты,  шығарманың 
жазылу  сырына  байланысты  деректерді  келтіріп  түсіндіруі 
қызықты  еді.  Тіпті  жазушының  жеке  өмірінен  қызғылық- 
ты  мысалдар  келтіру  арқылы,  кейде  тіпті  олардың  мі-
нез-құлқына  да  сипаттама  беріп  отыратын.  Аздап  сайқы-
мазақтанып та кеткендей тұстарын байқасақ та, ұстазымыз-
ды елітіп тыңдайтынбыз. Жалықтырмайтын.
Мәселен, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ә. Тә-
жібаев, А. Тоқмағамбетовтың шығармашылық өмірлері жа- 

246
йындағы  дәрістерінің  қайсыбір  тұстары  есімде  қалып 
қойыпты.  Жазушы  шығармасын  талдар  алдында  сол  жазу-
шы басынан өткен кейбір қызықты оқиғаларды баяндай оты-
рып, студенттер ықыласын тартып алатын.
– Мұхаң мен Сәбеңнің мінездері қызық қой, – деп бас-
тады  бір  жолы  әңгімесін  ұстаз.  Елтіп  құлақ  түре  баста- 
дық.  –  Жолсапармен  Мәскеуге  барған  тұсы  екен.  Екеуі 
қонақүйге жайғасады. Бір күні күнделікті шаруамен Сәбең 
қонақжайға  кештеу  оралады.  Есіктегі  күзетші  Сәбеңнің 
осында  тұратындығын  куәландыратын  рұқсат  қағазды  сұ-
райды. Сәбең оны қайбір қадағалап қалтасына салып жүре- 
ді. Мұхаң ондайға ұқыпты, куәлігін көрсетеді де, кіріп ке-
теді. Сәбеңнің қағазы жоқ болып шығады. Соған қарамастан 
ол  «Мен  белгілі  жазушы  С.Мұқановпын  ғой!»  деп  омы-
раулап  кіре  береді.  Мұнысын  әбес  көрген  кезекшінің  кес-
кестегеніне  қарамай  өтіп  жүре  береді.  Бұған  ызаланған 
кезекшінің  аузынан  «Өй,  надан  азиаттар!»  деген  дөрекі 
сөз  шығып  қалады.  Бұған  жасынан  Балуан  Шолақ  атанған 
Сәбең қалай шыдап тұрсын?! «Не дедің сен, оңбаған?» деп 
майданды салады ғой. Бұл кезде сұлу, сыпайы торы аттай, 
ізетті қалпымен Мұхаң нөмірге көтеріліп кеткен. «Но зато, –  
дейді Темкең, – 6-шы қабатта Асқар Тоқмағамбетов жатыр 
екен. Төмендегі майданды естіген ол дамбалшаң жатқаны- 
на  қарамастан  «сүзетінім  бар  еді,  жіберші  жібер,  төменде 
Сәбит  төбелесіп  жатыр  дейді»  деп  жүгірген  екен...».  Біз 
Темкеңнің  бұл  әңгімесіне  шек-сілеміз  қатып  күліп  алдық., 
үш  ұлы  жазушының  адам-пенде  есебіндегі  айна-қатесіз 
кескін-кейпі көз алдымызда қалып қойды.
Жамбыл жәкеміз жайында, оған хатшы болған Әбділда, 
Ғали,  Тайыр  т.б.  жайында  айтатын  естелік  әңгімелері  де  
мейлінше қызық болатын. Әсіресе сол хатшыларына Жам- 
былдың бір ауыз сөзбен мінездеме беретін қасиетін Темкең  
риза  бола  отырып  айтатын.  Студент  кезімізде  ұйымдас-
тырылатын  кездесулерде  бұл  әңгімелерді  ол  кісілердің  өз  
аузынан да естіген едік. Темкеңнің де және Ғали Орманов-
тың, Әбділда Тәжібаевтың да айтуларына қарағанда, Жам-

247
был  жәкеміз  інілеріне  мінездеме  беруде  қазақ  тілінің  шұ- 
райлы,  бейнелі,  кестелі  сөздерін  дөп  қолданады  екен. 
Мәселен,  ол  кісінің  Ғали  Ормановқа  берген  сипаттамасын 
Темкең де айтты және Ғалекеңмен болған кездесуде өзіміз-
дің де көзіміз жетті. Жәкең Ғалекеңе қарап тұрып, «Өй, суға 
тойып  тыңқиған,  қара  шұнақ  бұқадай  қайдан  шықтың?» 
дейді  екен.  Шынында,  сол  кездегі  кескінім  Жәкең  айтқан-
дай  екен  деп  Ғалекеңнің  өзінің  де  риза  бола  әңгімелегені  
бар.  Сондай-ақ  Әбекеңе  (Тәжібаев)  қарап  тұрып,  «Барып-
келіп, батып-шығып жүрмісің?» деген тәрізді теңеуді айтады 
екен Жәкең.
Міне,  осы  тектес  мысал,  деректер  Темкең  ұстазымыз-
дың дәрістеріне тән құбылыс еді.
Бір ғажабы, әңгімеге дәйек болған М. Әуезов, І. Кеңес-
баев,  М.  Балақаев,  Б.  Кенжебаев,  Т.  Нұртазин  тәрізді  ұлы 
ұстаздарымыз тар заманның талай тауқыметі мен теперішін 
көрсе  де,  өздерінің  адамдық,  азаматтық  болмыс-бітімін 
жоғалтпаған  қайсар  жандар  еді.  Бұлар  өмір  бойы  талмай 
жинаған білік-білімін шәкірттерінің бойына қалтқысыз да-
рытып,  түгел  сіңіруді,  беріп  кетуді  мақсат  еткен,  аяулы  да 
ардақты ұстаздарымыз болатын. Рухтарына мәңгі тағзым!
ЗЕйНОЛЛА ҚАБДОЛОВ
Бізден  бір  мүшелдей  үлкен  жас  ұстазымыз  да  болды. 
Ол  Зейнолла  Қабдолов  болатын.  Зекеңнің  кескін-кейпі, 
киім  киісі,  сөйлеу  мәнері  бізге  бірден  қатты  әсер  етті.  Бір  
қарағанда, оның сөз саптауында, дәрісханаға келіп кіру қи-
мылында,  өзін-өзі  баппен  ұстауында  өмір  бойы  өзі  табы- 
нып  өткен  Мұқтар  Әуезовке  ұқсауға  тырысатыны  байқа-
латын.  Сонымен  бірге  өзіндік  болмыс-бітімін  әйгілейтін 
сөз саптау жүйесі, кербез керім тұрысы, қимыл қозғалысы 
ерекшеленіп тұратын. Әсіресе қазақ сөзінің құны мен пар-
қын біліп, оны терең түсіндіруге келгенде Мұхаңша төгіле 
жөнелетін.  Қазақ  сөзінің  астарлы  сұлу  сазын,  жаныңды  

248
баурап  алар  мағынасы  мен  үнділігін  бұл  кісідей  ашып,  
ұқсата  білетін  жан  көп  емес  еді.  Көмейінен  төгілген  сөз-
дердің  көркемдігіне,  әсер-пәрменіне  әрдайым  таңғалумен 
болатынбыз. Ол кісінің оқыған дәрістеріне тәнті бола жүріп, 
әдебиет  дейтін  ғажайып  пәннің  теориялық  негіздеріне  қа-
нықтық.  Зекең  сөйлеп  тұрғанда  қазақ  сөзіне  қанат  бітетін- 
дей көрінетін. Сонысынан да болар, ол кісінің дәрісіне ба-
рынша  қызығатынбыз.  Көбіміз  әлімізге  қарамай  Зекеңе 
ұқсауға  тырысатын  едік.  Бұл  кісінің  әдебиетке,  сөз  өне-
ріне  деген  ынты-ықыласында  шек  болмайтын.  Әдебиет 
теориясының  ең  күрделі  мәселелерінің  күнделікті  өмірдің 
қызықты оқиғаларындай әңгімелейтін. Әдебиетті өнер деп, 
өнерді өмірдің өзі деп түсіндіруге бейіл еді. Ол әрбір шәкірт 
бойынан бір жақсылықтың нышанын көргісі келетін, соны 
іздейтін және табатын...
Кейін  ұстазымызбен  заманымыз  бір  болған  соң,  ғы- 
лым-білім  әлемінде  қатарлас,  қанаттас  қызметте  жүрдік.  
Бұл тұста да Зекең бойынан адамдықтың, адамгершіліктің, 
ізгі  ниет  пен  ықыластың  иісі  аңқып  тұратынын  байқаушы 
едік. Ол өмірге ізгіліктің ұрығын себу үшін, адамдарға жақсы 
сөз  айту  үшін  келгендей  еді.  Өйткені  ол  кісінің  аузынан 
сіздің бойыңызға жылылық дарытатын ғажайып сөздер легі 
ағылатын. Ол кісімен кездескен адам бойында жақсылыққа 
деген ұмтылыс сезімі пайда болатын. Иә, З. Қабдолов өмір 
бойы  жақсылықтың  ұрығын  себумен  айналысқан  ғажайып 
тұлға  болды.  Соның  бір  дәлелі  ретінде  өз  өміріме  байла- 
нысты бастан кешкен бір ғана сәтті еске ала кеткенді жөн 
санадым. 
...Ғалымдардың Ғылым академиясының мүшелігіне ұм-
тылып  жатқан  кезі  еді.  Мен  де  араласқым  келіп,  екі  ойда 
жүргенмін,  өйткені  менен  жасы  да,  бітірген  еңбегі  де  ба-
сымдау деп есептейтін біраз адам бар еді. Солардың алды-
на  түспейін  деп,  тартыншақтап  жүрген  едім.  Сайлау  күні 
жақындап  келеді.  Қажетті  құжаттарымды  тиісті  жерге  әлі 
тапсырғаным  жоқ.  Бір  жолы  осыны  біліп  қалған  ұстазым 
Зекең:  «Сен  неғып  құжаттарыңды  тапсырмай  жүрсің?»,  – 

249
дегені.  Мен  біртүрлі  ыңғайсыздана:  «Рахмет,  аға,  менен 
бұрын  өтуге  тиісті  ғалымдар  бар  еді.  Солармен  таласқа 
түсудің жолын таппай жүрмін», – дедім. Ол кісі маған ба-
жайлап қарап алды да: «Мұның қызық екен. Менің білуім- 
ше, сендер бір орынға 11-12 адам таласады екенсіңдер. Кім-
нің озып шығарын дауыс шешеді. Бұл – бәйге, оған әркім-
нің-ақ таласы бар. Сенің ойлап отырған адамың екеуің та-
ласа келіп соңғы турға дейін жетіп, қатар тұрғандай болсаң- 
дар ғана, сенің жол «мына кісінікі еді» деп шығып кетсең, 
мұндай  «жестіңді»  мен  түсінген  болар  едім.  Ал  мына 
тірлігің ақылға онша сия қоймайды. Бағыңды сен де сына. 
Құжаттарыңды  тапсыр!»,  –  деп  бір-ақ  кесті  Ұстаз.  Мен 
шынында да, солай еттім, бағымды сынадым. Ұстазымның 
сенімін ақтағандай болдым, сөйтіп бірінші турда-ақ қажет-
ті дауысты алып шықтым. Зекең, шамасы, менің бойымнан 
да өзінің талап-талғамына жақын келеді-ау деген нышанды 
байқады  ма  екен  деп  ойлаймын.  Жоғарыда  айтқандай,  бұл  
кісі  әйтеуір  адамның  бойынан  жақсылықтың  нышанын  
іздейтін. Ол ешқашан ешкімнен жақсы сөзін, жақсы ниетін  
аяған  емес.  Оның  кеудесі  ізгілік  пен  жақсылықтың  қой-
масындай  боп  көрінетін.  Сондықтан  шәкірттерінің  көбінің 
оған ұқсауға тырысатыны тегін емес-ау деп ойлаймын.
Мен  білім  ордасы  –  әл-Фараби  атындағы  Қазақ  мем-
лекеттік университетінің ұстаздары арқылы көкейімде қал-
ған  ізгілік  нышандарын  әңгімелеуге  тырыстым.  Ұстаздар 
туралы сырдың бұл кейбір нұсқалары ғана.
Ендігі  бір  әңгіменің  желісі  осы  университеттің  бүкіл 
Қазақстан түлектерін түлетіп, тәрбиелеп, ғылым мен білім, 
мемлекет  және  қоғам  қайраткері  боларлық  тағылым  тара-
та  білген  дәрежеге  жеткізген  ұйымдастырушылық  іс-тір- 
лік басында тұрған адамдар туралы да бірер сөз айта кетуді 
өзіме парыз санадым. Ең алдымен осы университеттің қаз 
тұрып қатарға қосылуына ғана емес, озық, айтулы білім ор-
дасына айналуына да өлшеусіз зор үлес қосқан әйгілі ака-
демик, дипломат Төлеген Тәжібаев, академик, профессорлар 
Темірбай  Дарханбаев,  Асқар  Закарин  сынды  білімгерлер 

250
мен  Өмірбек  Жолдасбеков  тәрізді  тарландарды,  сондай-ақ 
Төлеген Қожамқұловтарды да еске алмай өтуге болмас еді. 
Біз университетті Дарханбаев пен Закарин басқарған тұста 
оқып бітірдік. 
Ал  университетті  академик  Ө.  Жолдасбеков  басқарған 
кездің біз тірі куәгерлеріміз. Бұл білім ордасының бүгінгідей 
гүлдену  жолының  басы-қасында  Өмекеңнің  тұрғанын 
қалай ұмытарсың?! Егер кезінде елімізге Г. Колбин тәрізді 
қараниет  адам  келмегенде,  ғылым  мен  білімнің  бағы  одан 
сайын  жандана  түсер  еді-ау  деп  армандаймыз.  Өйткені  
Ө.  Жолдасбеков  сияқты  ғылымды,  білімді  ұйымдастыра 
білер,  қабілеті  айрықша  жандардың  басы  баршылық  еді. 
Солардың  біразының  жолы  кесілді.  Құдайға  шүкір,  қазір 
тәуелсіздігіміздің  арқасында  Өмірбек  тәрбиелеп  үлгерген  
талантты шәкірттер білім, ғылым жүгін белі қайыспай көте- 
ре  бастады.  Солардың  бір  де  болса  бірегейі  академик  Ба- 
қытжан Жұмағұлов бастаған Қазақ университетінің жетек-
шілері  Ө.  Жолдасбековтың  игі  бастамасын  жандандырып 
әкетті. Университет өмірінде күнделікті атқарылып отырған 
іс-әрекеттер  жемісін  көре  отырып  ел  үміті  мен  Елбасы 
сенімін  ақтай  білудің  жөні  осындай-ақ  болар  деген  ойда-
мын. Университет ендеше өзінің 75 жылдығын үлкен абы-
роймен қарсы алғалы отырғанын айбынбай айта аламыз.
Байырғы  шәкірт  есебінде  өрбітілген  азын-аулақ  ой 
ағымы  осындай  еді.  1954-59  жылдар  аралығында  Қазақ 
университетінде өткен өмір мен үшін және сол кездері бірге 
оқыған  қазақтың  ұл-қыздары  үшін  ғажайып  көрген  түстей 
болып  өте  шығарын  кім  білген.  Сол  сәттерді  аңсаймын, 
қайта бір соғып өтсе, шіркін, деп армандаймын!.. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет