Есеналиева жанар е с е н



Pdf көрінісі
бет10/97
Дата17.05.2022
өлшемі10,61 Mb.
#34721
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   97
Байланысты:
Лингвистиканың өзекті мәселелері

Жұбатова Баян
Филология ғылымдарының докторы, профессор
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы
ҚАЗАҚ АРАБТАНУЫНДАҒЫ ЖАҢА БАҒЫТТЫҢ 
ПИОНЕРІ
Есеналиева Жанар Жорабекқызын қазақ арабтануындағы 
жаңа  бағыттың  –  қазақ  және  араб  тілдері  бойынша  арнайы 
типологиялық лингвистика бағытының негізін салушы немесе 
оған түрен салған ғалымдардың алғашқысы, пионері деп айтуға 
болады. Қазақ арабтануында ғылым докторлары көп емес, оның 
ішінде тіл біліміне өмірін арнағандар саны санаулы.  Қиын да 
қызықты, екінің бірі бара бермейтін бағытты таңдауы неліктен 
екен деген сұраққа жауап беру үшін Жанардың араб тілі сияқты 
күрделі тілді таңдауына себеп болған факторлардың кейбіріне 
тоқталу керек секілді. Ең басты фактор ғалымның жеке басында, 
мінезінде, әрине.
Біз  1980  жылы    бұрынғы  С.М.Киров  атындағы  Қазақ 
мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ 
ұлттық университеті) филология факультетіндегі араб бөліміне 
бірге оқуға түстік, студенттік өмірдің бес жылын бірге өткізіп,  
қатар диплом алдық, университеттен кейінгі өмірімізде де білім 
беру мен ғылым саласында үзеңгілес қатар келеміз, сондықтан 
Жанардың азамат ретінде де, ғалым-ұстаз ретінде қалыптасуы 
туралы айтуға толық хақым бар деп ойлаймын.
Жалпы, адамның болашағы оның мінезімен, ұстанымымен 
тығыз  байланысты  ғой.  Мектеп  бітіріп  университет 
табалдырығын аттаған Жанарда берік ұстаным, айқын мақсат, 
сол мақсатқа жетудің нақты міндеттері, міндеттерді орындауға 
қажет қажырлылық, еңбекқорлық, табандылық болғаны анық. 


Лингвистиканың өзекті мәселелері
28
Қазір  ойлап  қарасам,  Жанар  университетке  келген  күннен 
бастап ғылымға баратынын жақсы білген сияқты, болашағын өзі 
жоспарлап, сызып келгенге ұқсайды. Сондықтан университетті 
қызыл дипломға үздік бітірді,  бітіре салысымен көп ойланбай 
Ғылым  Академиясының  Тіл  білімі  институтына  қызметке 
орналасып,  тақырыбы  мен  жетекшісін  таңдады,  таңдап  қана 
қоймай    курстастар  ішінде  ең  алғашқы  болып  кандидаттық  
диссертациясын  қорғады.  Жанардың  ғылымдағы  аяқ  алысы 
осылай  басталды.  Әрине,    осының  бәрі  Жанардың  қажырлы 
еңбегінің, ізденімпаздығының арқасында екенін жақсы білеміз, 
сол кезде көбімізге үлгі болған да шығар. «Ғылым-білім инемен 
құдық  қазғандай»  болса,  бүгінгі  ғылым  докторы,  профессор 
болып  отырған  мерейтой  иесі  осы  дәрежеге  жету  жолында 
аянбай  еңбек  етті,  ізденді.  Әрине,  еңбек  еленді,  ескерілді, 
бағаланды, оған бәріміз куәміз. Нәтижесінде, бүгінгі күні  Жанар 
Жорабекқызы  Қазақстандағы беделді университеттерінің бірі 
-  Абылай  хан  атындағы  Қазақ  халықаралық  қатынастар  және  
әлем тілдері университетінде абыройлы қызмет атқарып келеді. 
Бұл  айтылғандардың  бәрі  Жанардың  адами  болмысының  бір 
қырын танытады.
Ал қазақ тіл біліміне ол қандай үлес қосты, онда қандай 
орын алады деген сұраққа жауап беру үшін Жанардың ғылыми 
шығармашылығына тереңірек талдау жасау қажет болады. Араб 
тілінің  маманы  ретінде  Тіл  білімі  институтына  университет 
бітіріп  келген  жас  маман  Жанарға  тілші  ғалымдардың  сол 
кездегі  аға  буыны  Абайдың  шығармашылығындағы  араб, 
парсы  лексикалық  қабатын  зерттеу  туралы  ұсыныс  жасады, 
сеніп тапсырды. Академик Р.Сыздық, Б.Әбілқасымов бастаған 
жетекші  ғалымдардың  тәрбиесін  алып,  сол  кісілер  бастаған 
зерттеуді Есеналиева Ж.Ж. абыроймен аяқтады. Абай ақынның 
қолданысындағы  араб  және  парсы  сөздерінің  қабатын  алғаш 
рет  толық  анықтап,  оларды  лексика-семантикалық  топтарға 
бөлу, ондағы синонимдер, антонимдер, дублеттер, варианттарға 
талдау жасады, кірме сөздердің тілдік ерекшеліктерін анықтау 
мәселелерін  зерттеуі  ғалымның  қазақ  тіл  біліміне  қосқан 
алғашқы  жаңалықтары  болды.  Жанардың  осы  зерттеуінен 


29
Лингвистиканың өзекті мәселелері
кейін «араб және парсы тілдері құрылымдық жүйесі жағынан 
да, туыстық жағынан да әртүрлі тілдер ғой, біреуі семит-хамит 
тілдер тобына жатса, екіншісі үндіевропалық тілдерге жатады» 
деген  оның  пікірінен  кейін  бұрын  шығыс  тілдері  деп  жалпы 
атаумен  аталып  келген  тілдерді    бір-бірінен  ажыратып,  араб 
және  парсы  тілдеріне  қатысты  жаңа  көзқарастың  қалыптаса 
бастағанын  айту  керек.  Сонымен  бірге  «араб-парсы  түрінде 
дефис  арқылы  жазылып,  қос  сөз  болып  қалыптасып  үлгерген 
тіркестегі араб, парсы тілдері деп, үтір арқылы жазайық» деген 
Жанардың ұсынысы ғылыми қауымды иландырып, осы кезден 
бастап  академик  Р.С.Сыздық  та  осы  ұсынысқа  ден  қойғанын 
білемін. Жанардан кейін бәріміз араб, парсы сөздері деп жаза 
бастадық, Тек бұл ғана емес, жалпы кірме сөздерге, оның ішінде 
араб, парсы кірме сөздерге қатысты теориялық ұстанымдарды 
жүйелеу,  олардың  қазақ  тілімен  байланысы,  ұқсастықтары 
мен  айырмашылықтарын  сипаттау,  талдау  жұмыстарын  да 
жүргізіп, Абай ақынның шығармашылығындағы кірме сөздерді 
арнайы зерттеп, кірме бірліктер теориясына, абайтануға белгілі 
дәрежедегі өз үлесін қоса алды деп айтуға болады.
Араб  тілінің  маманы  ретінде  докторлық  жұмысында 
Жанар  мүлде  жаңа,  соны  бағытты  таңдады,  пионер  деуімнің 
себебі  де  осында.  Докторлық  диссертациясының  тақырыбы 
ретінде  лингвистикалық  типология  мәселесін  таңдады,    қазақ 
және араб тілдерінің негізінде құрылымы әртүрлі тілдерге тән 
типологиялық басымдылық проблемасын зерттеуді қолға алды.  
Типологиялық  зерттеулердің  қазақ  тіліндегі  катего-
риялық-ұғымдық  жүйесін  қазақ  тілінде  сөйлетіп,  лингвис-
тикалық терминдерді қазақшаға аударып қана қоймай, оларды 
түсіндіруімен аталған ғылыми жұмыс маңызды деп есептеймін, 
себебі  әлі  күнге  дейін  араб  тіліне  қатысты  оқу-әдістемелік 
құралдар,  ғылыми  еңбектер  жазуда  ғылыми  терминдерді 
аудару, түсіндіру мәселесі қиындық туғызып келе жатқаны рас. 
«Тілдердің көпөлшемді  классификациясы», «белгілер кеңістігі», 
«басым  белгі»  және  т.б.  терминдер  жүйесі  Ж.Есеналиеваның 
арқасында қалыптасып,  ғылыми айналымға түсіп үлгерді.


Лингвистиканың өзекті мәселелері
30
Жанардың  зерттеулері  лингвистикалық  типологияның 
қазақша  метатілін  қалыптастыруға  көмектесті,  бұл  қазақ 
лингвистикасының  дамуын  ілгері  жылжытқанын  көрсетеді. 
Араб  тілі  мен  қазақ  тілдерінің  салғастыру  арқылы  екі  тілдегі 
фонологиялық,  морфологиялық,  синтаксистік  типология 
мәселесі  зерттелді.  Осы  кезге  дейін  бұл  бағыттағы  зерттеу 
жұмыстары  жазылмады,  алғашқы  еңбек  ретінде  араб  тілі 
бойынша оқулықтар жазуда, оқыту ісінде, лингводидактикада 
қолдануға  сұранып  тұрған  жұмыс  деп  бағалауға  болады. 
Метатіл ретінде қазақ тілі, оның терминдерінің жүйесі, ғылыми 
лексикасы  алынған.  Қазіргі  таңда  бұл  маңызды  себебі  қазақ 
тілін ғылымның тілі ретінде қалыптастыру қажеттігі бар. Қазақ 
тіл білімін сапалық тұрғыдан дамытуға, байытуға үлкен септігін 
тигізетіні дау туғызбайды.
Арабтануда осы кезге дейін араб тілін флективті тілдер 
қатарында  қарастырып  келеді.  Ж.Есеналиева  атақты  ғалым 
Ф.Ф.Фортунатовтың  идеясын  дәлелдей  отырып,  араб  тілін 
флективті-агглютинативті  тілдерге  жатқызуы  -  жаңалық,  енді 
осы  тұжырымды  әрі  қарай  зерттеу,  оның  тарихи-әлеуметтік, 
мәдени аспектілеріне терең бойлау көптеген жаңа да қызықты 
мәліметтерді ашуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Араб тіліне түркі 
тілдерінің ықпалы, тек осман империясы тұсында ғана емес, одан 
да бұрын ХІІ ғасырдан бастап Араб әлемін қыпшақ-мәмлүктер 
билеген  кезеңімен  байланысты  екені  тарихтан  белгілі.  Осы 
тарихи-мәдени  байланыстардың  сілемі  әлі  күнге  дейін  араб 
тілінде  сақталғаны  мәлім,  сондықтан  Ж.Есеналиева  көтерген 
мәселе  жаңа  ғылыми  ізденіске  жол  ашады.  Ж.Есеналиеваның 
ғылымға  қосқан  жаңалығының  бірі  ретінде  оның  тұңғыш  рет 
қазақ  және  араб  тілдерін  салғастырып,  типологиялық  зерттеу 
жүргізуде  оларды  салғастыру  типологиялық  параметрлері 
мен  критерийлерін  жасағанын  айту  керек.  Екі  тілдегі  тілдік 
тенденциялар  тұңғыш  рет  салғастырылды.  Оның  еңбектері 
тілдік  жүйені,  ондағы  универсалийлер  мен  уникумдарды 
анықтау  әдіснамасын  ұсынуымен  де  құнды.  Егер  бірқатар 
зерттеулерде  белгілі  бір  тілді  жан-жақты  сипаттау  көзделсе, 


31
Лингвистиканың өзекті мәселелері
Ж.Есеналиева  араб,  қазақ  тілдік  жүйелерін  жалпы  тіл 
білімінде қалыптасқан тұжырымдар, ұстанымдарды пайдалана 
отырып,  жалпы  тіл  білімінің  позициясынан  кең  тұрғыда 
қарастырады,  «жалпыдан  жалқыға»  деген  ұстанымы  айқын. 
Екі  тілді  салғастыру  арқылы  консонантизм-сингарманизм 
сияқты  бинарлық  оппозицияларды  анықтауы  да  алғаш  рет 
жасалды.  Қазақ  және  араб  тілдерінің  салғастыру  нәтижесінде 
қазақ  және  араб  тілдерінің  жеке  типологиясының  теориялық 
және  практикалық  негізі  алғаш  рет  жасалды.  Ғалымның 
лингвистикалық  типология  әдіснамасын,  зерттеу  моделін 
ұсынуы 
филологиялық 
зерттеулерде 
қолданылатын 
әдіснама  туралы  дәрістер  оқуда  да  септігін  тигізетіні  сөзсіз. 
Салыстырмалы-салғастырмалы әдіс, компоненттік талдау әдісі, 
оппозициялық талдау әдісі, салыстырмалы-тарихи әдіс секілді 
зерттеу әдістері тек қолданылып қана қоймайды, сонымен бірге 
әрбір  әдістің  сипаттамасы,  интерпретациялануы,  қалыптасуы 
туралы  тарихи  экскурстары  -  пайдалануға  сұранып  тұрған 
материалдар,  сонымен  магистранттар  мен  докторанттардың 
кәдесіне жаратуына болады.
Ж.Есеналиеваның  болашақта  атқарылуы  тиіс  зерттеу 
бағыттары  да  назар  аударуға  тұрарлық.  Сондықтан  оларға 
қайта оралып, атап өту, өзектендіру артықшылық етпейді деген 
пікірдемін. Бұл бағдар төмендегідей:
- қазақ және араб тілдерінің фонологиялық деңгейі, оның 
ішінде консонанттар тіркесімі, интонация мәселелері;
- морфология бойынша әрбір грамматикалық категория, 
сөз таптары өз алдына терең әрі арнайы зерттеуді қажет етеді;
-  қазақ  және  араб  тілдерінің  синтаксистік  деңгейінедегі  
изафет,  құрмалас  сөйлем  мәселелері  де  болашақта  зерттеуге 
лайық мәселелер;
- қазақ және араб тілдерінің сөзжасамы да типологиялық 
тұрғыдан арнайы қарастыруды қажет етеді.
Осылайша,  Ж.Есеналиева  салғастырмалы  типология 
саласындағы  зерттелетін  мәселелердің  түсін  түстеп,  қадау-
қазықтарын  қағып,  белгілеп  берді,  бұл  болашақ  зерттеушілер 


Лингвистиканың өзекті мәселелері
32
үшін  құнды.  Жанар  Жорабекқызының  салып  берген  жолын 
шәкірттері  жалғастыруда.  Профессордың  жетекшілігімен 
магистрлік  диссертация  қорғаған  магистранттар:  Толқын. 
«Қазақ және Қытай тіліндегі тыныс белгілерінің ерекшілектері», 
Жанар  «Қазақ  тіліндегі  қалып  етістіктері  және  оның  жапон 
тіліндегі сәйкестіктері» т.б.
Қорыта  келгенде,  филология  ғылымдарының  докторы, 
профессор Есеналиева Жанар Жорабекқызы жалпы тіл білімін 
араб, қазақ тілдерінің материалдарымен толықтырып, жеке тіл 
білімі бағытына алғаш рет түрен салды. Ғалымның зерттеулері 
қазақ тілді аудиторияға араб тілін үйретуде, университеттердегі 
оқу бағдарламаларындағы араб тіл біліміне қатысты теориялық 
курстарды оқытуда, оқу құралдарын, бағдарламаларын жазуда 
таптырмас материалдар ұсынады. Жанар Жорабекқызы ұсынған 
ғылыми  бағдар    болашақ  шәкірттер,  мамандар  дайындауда 
ескеріледі, жүзеге асырылады деп сенеміз. Сондықтан мерей той 
иесі  болып  отырған  ғалымымызға  талантты,  алғыр  шәкірттер 
тілейміз. 
Құрметті  әріптес  құрбым  Жанар,  Сізге  ойыңдағы 
жоспарлаған  жобаларыңызды  жүзеге  асыру  үшін  мықты 
денсаулық тілеймін, өмірдегі және ғылымдағы жаңа креативті 
бағдарламаларыңыз мол болсын, отыңыздың басында амандық 
болсын демекпін!  Мерейтойдан мерейтойға жете беріңіз!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет