Салқынбай Анар
филология ғылымдарының докторы, профессор
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы
ҚАЗАҚ-АРАБ ТІЛДЕРІН ТИПОЛОГИЯЛЫҚ БАҒЫТТА
ЗЕРТТЕУШІ ҒАЛЫМ
Бүгінде филология ғылымдарының докторы, Абылай хан
атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері
университеті профессоры Есеналиева Жанар Жорабекқызымен
Лингвистиканың өзекті мәселелері
20
1980-1985 жылдары С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік
университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық
университетінде) біз бірге оқыдық. Жанар - араб бөлімінде, біз
- қазақ бөлімінде. Жанар да, мен де ҚазҰУ-дің жатақханасында
тұрдық. Үздік оқыдық. Есте қалған бір жайт, жатақханадан
таңертең ертелетіп Пушкин атындағы кітапханаға шығып бара
жататынбыз, кешке кештете кітапханадан қайтар едік. Жанар
санаулы ғана студенттердің қатарында университетті қызыл
дипломмен бітірді. Сол жылдарда қызыл дипломмен оқу
бітірушілердің саны қазіргідей көп емес еді, бірақ алған білімде
сапа бар еді.
Араб тілін жетік білетін маманға сол кезде зәрулік
болды, жас маман ретінде Жанар бірден-ақ Қазақ мемлекеттік
мұрағатында бөлім бастығы болып қызметке орналасты.
Қызмет ете жүріп, Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі
институтында аспирантура оқыды. Ғылымда қолына шырақ
ұстатқан ұстазы, ғылыми жетекшісі белгілі ғалым филология
ғылымдарының докторы, профессор Б.А. Әбілқасымов болды.
Ескі түркі әдебиетін оқумен, тілдік құрылымын зерттеумен
айналысып, ғылымға Әбілғазы Баһадүрді әкелген, «Жәми-
ат тауарихтың» тілін зерделеген Бабаш ағаның ғылыми
жетекшігімен 1993 жылы Тіл білімі институтында «Абай
шығармаларындағы араб және парсы сөздерінің қолдану
ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертациясын қорғады.
Абай шығармашылығын зерттеу П.М. Мелиоранский,
С.Торыайғыров, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы еңбектерінен
бастау алып, І. Жансүгірұлы, Қ. Жұбанұлы, С. Мұқанов,
Н. Сауранбаев, М. Әуезов, І. Кеңесбаев, . Нарымбетов,
М. Мырзахметов зерттеулерімен жалғасын тапқанын
орынды атап көрсете отырып, Жанар Жорабекқызы Абай
шығармашылығындағы араб-парсы сөздерінің қолданысының
терең зерттеле қоймағанын, оның өзектілігін атап көрсетеді.
Шынында да, Л. Рүстемовтің «Қазақ тіліндегі араб-парсы
кірме сөздері» атты (1982) зерттеуі мен сөздігінен өзге бұл кезеңде
Абай тіліндегі кірме сөздер жөнінде арнайы ғылыми жұмыс
21
Лингвистиканың өзекті мәселелері
болмаған-ды. Сондықтан Жанардың ғылыми диссертациясы
араб-парсы сөздері деп аталған атауларды жіктеген, араб
сөздері мен парсы сөздерін ерекшелей айқындаған, олардың
қазақ әдеби тіліндегі қолданысын терең зерделеген, Абай
шығармашылығына дейін де қазақ тіліне толық қолданысқа
ие болған ұғымдар мен атауларды танытуда ғылыми маңызды
болды. Абай қолданысындағы «ғашықтық жарасы», «хақ»,
«қайрат табу» т.б. сөздердің мәні мен мағынасын ашады. Жанар
Жорабекқызы «Абай тілі сөздігіндегі» 6000 сөздің 341-і араб-
парсы сөздері екенін анықтап, олардың ішінде – адал, амал,
әдет, береке, заман, қызмет, нұр, талап сынды сөздердің тіпті
араб сөзі ретінде белгі қойылмағанын анықтайды. Ізденушінің
пайымдауында бұның басты себебі бұл атаулардың қазақтың
ауызекі сөйлеу тілінде белсенді жұмсалуы деп дұрыс атап
көрсетеді (автореферат, 10-бет).
Тіпті адамзат, әсемпаз, әуесқой, бейғам, бейхабар, ғұлама,
күнәхар, қауіп, шариғат сынды сөздерде де араб сөзі деген
белгінің қойылмағанын атай отырып, олардың сыңарларының
бірі – араб, екіншісі парсы әлементі екенін талдап жазады.
Осылайша ізденуші Абай тіліндегі сөздікте көрсетілген 6000
сөздің 15 пайызы емес, 16,6 пайызы араб-парсы сөздері екенін
нақты дәлелдейді.
Абай шығармашылығындағы араб және парсы
сөздерінің лексика-семантикалық сипаттамасын зерделеген
зерттеуінде Жанар Жорабекқызы Р. Сыздық еңбектерінде
жасалған тақырыптық талдауларға сүйене отырып, өзіндік
ой-тұжырымдарын да анық талдап, оқушысын да, ғылыми
оппоненттерін де сендіреді. Табиғат (ауа, бақ, гүл, набатат);
адам (аброй, адам, адамзат, әллинсан, әннас), қоғам (заман,
тарих, хакім, хукум); ислам (аруақ, биллахи, қағидат-ул ахир,
мағрифат) сынды тақырыптарға бөле отырып талдайды.
Абай шығармашылығында кездесетін араб және парсы
сөздерінің ену және қолдану сипатын үш жікке бөліп зерделейді:
1) қазақ тілінде бұрыннан белсенді қолданысқа ие сөздер;
2) ауызекі тілде белсенді қолданылмайтын, кітаби
Лингвистиканың өзекті мәселелері
22
тіл арқылы келген ұғымдарды таңбалайтын атаулар (жаһил,
мехнат, сифат);
3) ауызекі тілде де, кітаби тілде де қолданылмаған, тек
абай шығармашылығы арқылы қолданысқа түскен араб сөздері
(ғарафтағ хибаи, хұсусан, халилун, ядкар т.б.).
Жанар Есеналиеваның зерттеуінің ерекше құндылығы
ретінде араб-парсы сөздерінің қазақ тіліндегі мағынасы мен
араб-парсы тілдеріндегі мағыналық ерекшеліктерін салғастыра
зерттеуі дер едік. Мәселен, сұқбат сөзі араб тілінде – сообщества;
общение; дружба, приятель деген төрт мағынада қолданса,
Абай шығармашылығында тек бір ғана – әңгімелесу (беседа)
мәнінде жұмсалады. Кәпір сөзінің араб тілінде 3 мағынасы
болса, Абайда тек бір «дінсіз» мағынасында жұмсалады.
Араб сөздерінің қазақ тіліндегі қолданысында
мағыналық және тұлғалық тұрғыда біраз өзгешелігі де бар
екені диссертацияда терең ашылған екен. Мәселен, араб
тілінде «іңкәр» сөзінің мағынасы «терістеу», «күдік», «сенбеу»
мәнінде жұмсалса, Абай шығармашылығында керісінше, «шын
сенім, шын сезім» (сильное желание, страсть) мағынасында
жұмсалады.
«Қараша» сөзінің талдануы да қызық. Араб тілінде
«қараша» - жер салығы, шығын, салық мағынасында жұмсалса,
қазақ тілінде ол қараша 11-ай атауы ретінде қолданылады.
Абайда:
Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай,
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай…
Жанар Жорабекқызы зерттеуінде араб және парсы
сөздерінің қолданысының жанрлық ерекшелігі кеңінен
ашылады, графо-фонетикалық және грамматикалық ерекшелігі
мен сөзжасамдық сипаты кеңінен қарастырылады.
Жанар 1992 жылы Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл тағылымы»
жинағының шығуына ат салысты. Ахмет Байтұрсыновтың 1914
жылы Орынборда шыққан Тіл – құрал (қазақ тілінің сарфы)
1-жылдық оқулығы және 1925 жылы Қызылордада шыққан
Тіл – құрал (дыбыс жүйесі мен түрлері) 1-інші Тіл танытқыш
23
Лингвистиканың өзекті мәселелері
кітабын араб жазуынан қазақ жазуына көшірген. Бұл қазіргі
кезде көп ескеріле бермей жүрген Жанар Есеналиеваның үлкен
еңбегі деп атар едік. Ахмет Байтұрсынұлы еңбегінің кирилл
таңбасына алғаш рет түсірілуі Жанардың атсалысуымен
орындалды, сөйтіп кирилл таңбасымен оқитын қазақ оқырманы,
қазақ жұртшылығы, оның ішінде барша қазақ ғалымдары да
50 жылдан кейін өз рухани көсемінің еңбектерімен Жанардың
қайта көшіріп жазуы арқылы танысып жатты.
1995-2001 жылдары Қазақ Заң университетінің аға
оқытушы болып жұмыс істеді. 2001 жылдан осы уақытқа дейін
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем
тілдері университетінде қызмет етіп келеді. Жанар Есеналиева
2010 жылы «Құрылымы әртүрлі тілдерге тән типологиялық
басымдылық» атты докторлық диссертациясын филология
ғылымдарының докторы, профессор З.К. Ахметжанованың
жетекшілігімен қорғады. Осы тұрғыда Зәуреш Канашевнаның
да жас ғалым қыздарды ерекше қолдауын, біраз қазақ қыздарын
нағыз ғылым жолына салғанын да ерекше ризашылықпен атап
өткіміз келеді. Докторлық диссертация негізінде «Құрылымы
әртүрлі тілдердің салғастырмалы типологиясы» атты
монографиясы жарияланды.
Өзі кәсіби деңгейде меңгерген араб тілі мамандығына
адал болып қалған Жанар докторлық диссертациясында да
араб және қазақ тілдерін типологиялық бағытта қарастырып,
құрылымы әртүрлі тілдердің көпөлшемді жүйесін саралады.
Құрылымы бірі флективті, бірі жалғамалы болып келетін
тілдердің құрылымын зерттеудің басты ұстанымдарын
айқындап, басты ұғымдық атаулары мен терминдерін (басым
белгі, басымдылық, типологиялық детерминант, тіл типі, тілдегі
тип, белгілер кеңістігі, тілдердің көпөлшемді типологиясы т.б.)
ғылыми тұрғыдан негіздеді.
Жанар жұмысының басты ерекшелігі - туыстығы алыс
қазақ және араб тілдерінің жүйелік-құрылымдық сипатын
салғастырып, тілдердің тұлғалық жүйесі мен мазмұндық
жүйесінің диалектикалық бірлікте екенін таныту дер едік. Бұл
Лингвистиканың өзекті мәселелері
24
жолы да Жанар Есеналиева ғылымда тыңнан түрен салды деп
айтуға толық негіз бар, өйткені араб-парсы тіліндегі сөздердің
қазақ тіліндегі көрінісі мен қолданысы туралы жазылған ғылыми
мақала, сөздіктер авторлары Е. Бекмаханов, Л. Рүстемов, Н.
Оңдасынов, С. Кеңесбаева, Б. Жұбатова зерттеулерінен өзге
қазақ және араб тілдерінің грамматикасы салғастырмалы
типологиялық тұрғыдан жүйелі түрде терең зерттелмеген-ді.
Жалпы тіл біліміндегі лингвистикалық типологияның жаңа
ғылыми үрдістерін қалыптастырған С.Д. Кацнельсон, Э.А.
Макаев, М.М. Гухман, В.Н. Ярцева, В.М. Солнцев сынды
ғалымдардың еңбегінің ізімен Жанар Есеналиева тілдегі басты
құрылымдық басымдықтар саналатын фонетика-фонологиялық,
морфологиялық, синтаксистік салалардың басым белгілерін
талдайды. Мәселен, қазақ тіліндегі басымдықтар ретінде – сөз
басы мен сөз соңында дауыссыз дыбыстар тіркесінің болмауы,
үндестік заңының болуы, үндестік заңымен жалғасатын
фонетикалық сипаттардың болуы деп нақты көрсетеді. Мұны
атап көрсетіп жатқандағы мақсатымыз, қазір уақытта латын
әліпбиіне қайта оралу жағдайында, соның басы-қасында
жүрген ғалымдарымыздың қазақ тілінің осындай фонетика-
фонологиялық басым белгілеріне мән бермей, үндестік заңын
тиісінше бағаламай отырғанын еске сала отырып, ғылыми
зерттеулерде жазылған ғылыми тұжырымдарды тағы да еске
салу.
Жанар Есеналиева «Қазақ және араб тілдерінің
фонологиялық жүйесінің типологиясын» анықтауға арналған
бөлімінде (автореферат, 26-бет) күрделі иерархиялық құрылым
болып саналатын деңгейдің негізгі тілдік бірлігі – фонема
болғанымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің басты ерекшелігі
ретінде фонема ұғымының түркі тілдерінің табиғатына үйлесімді
емес екенін зерделеген Ә. Жүнісбек пікірімен келісетінін де
орынды атап көрсетеді. Яғни үндіеуропа тілдеріндегі фонемаға
оңтүстік-шығыс тілдерінде фонема сәйкес келетінін, ал
құрылым-жүйесі бөлек түркі тілдерінде бұған «сингармема»
деген атаудың лайықтығын дәлелдеген профессор Ә. Жүнісбек
25
Лингвистиканың өзекті мәселелері
зерттеуіндегі ғылыми тұжырымының дұрыс екенін талдап
жазады.
Автор «Қазақ фонологиясы дегеніміз – үндесім
фонологиясы болып табылады. Қазақ фонологиясының ақиқат
табиғатын тек үндесім фонологиясы тұрғысынан талдағанда
ғана дұрыс танимыз», - деп жазады Ж. Есеналиева өзінің
докторлық диссертациясында (27-бет).
Ғалым-қыздың қазақ және араб тілдерінің типологиясын
зерттеуге арналған еңбегі өзінің кешенді талдауымен ғылыми
өзектілігін сақтайды. Тілдердің фонетикалық, морфологиялық
және синтаксистік тұрғыдағы типологиялық басым
белгілерінің талдануы қазақ тіл біліміндегі типологиялық іргелі
зерттеулердің өзектілігін де танытады, болашақта зерттелуінің
маңызын да айқындайды. Жанар Есеналиеваның бұл ғылыми
зерттеуі кейіннен магистратураға арналған «Типологиялық
және салыстырмалы-салғастырмалы тіл білімі мәселелері»
атты типтік бағдарламамен, электрондық оқулықпен жалғасып
жатты.
Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және
әлем тілдері университетінде 20 жылдай қызмет атқаруы
Жанар Жорабекқызының шығармашылығына елеулі дәрежеде
ықпал еткенін де ерекше атап өткіміз келеді. Ғалым жоғары
оқу орындарының студенттері мен магистранттарға арналған
«Лингвистикалық типология негіздері» атты оқулығын (2009),
«Когнитивтік лингвистика теориясының негіздері» оқулығын
(2018), «Салғастырмалы тіл білімі» оқулығын (2020), «Абай
және Шығыс тілдері» (2021) монографиясын, «Лингвистиканың
өзекті мәселелері» (2021) жинағын осы білім шаңырағында
жарыққа шығарды. Есеналиева Жанар Жорабекқызының
ғылыми ізденістерінің дені құрылымы әртүрлі тілдерді жүйелі
салғастыру мәселелеріне, когнитивтік лингвистикаға және
мәдениетаралық коммуникацияға арналған.
Ж. Есеналиеваның 2018 жылы жарық көрген «Когнитивтік
лингвистика теориясының негіздері» атты оқулығы жарық
көрді. Мұнда жалпы тіл білімінде терең зерттеліп келген
Лингвистиканың өзекті мәселелері
26
когнитивтік тіл білімінің теориялық қағидалары, ұғымдық
аппараты, негізгі бағыттары, басты категориялары, концепт
түрлері мен құрылымы талданған.
Қазақстанда когнитивтік, концептологиялық зерттеу-
лердің басталуы өткен ғасырдың 90-жылдарынан басталғаны
белгілі. Қазақстандағы когнитивтік зерттеулердің сипаты,
жеткен жетістіктері қандай дәрежеде, жалпы қандай бағытта
болғанын Жанар Жорабекқызы шартты түрде бірнеше топқа
бөліп қарастырады. Тілді антропоцентристік парадигма
бағытында зерттеудің маңызды саласы - этнолингвистика,
лингвомәдениеттану, лингвоелтану ұлттың мәдениетімен, салт-
дәстүрімен рухани болмысымен сабақтастыра қарастырылады.
Қазақ ғылымында когнитивистика жайында көзқарас білдірген
ғалымдар Ә. Қайдар, Е. Жанпейісов, М. Копыленко, Р.
Сыздықова, Ж. Манкеева сияқты ғалымдарды орынды атап
өте отырып, Ж. Есеналиева бұл ғалымдардың этнолингвистика
шеңберінде концептілер туралы да айтқан пікірлерінің маңызын
талдайды. Ұлттық тілді әрбір этностың дүниетанымымен,
ұлттық мәдениетімен, өткен тарихы мен, салт-дәстүрлерімен
бірлікте қарау мәселесі тіл ғылымында ерекше өріс алып
келе жатқан когнитивтік лингвистика сияқты жаңа бағыттың
тууына себепші болды. Қазіргі кезеңде тіл ғылымы жаңа
антропоцентристік бағытта дамып келеді. Тілді жаңаша
кешенді түрде зерттеу, соның ішінде танымдық бағытқа баса
назар аударылып отыр, - деп жазады Ж. Есеналиева.
Ж. Есеналиева кадрлар даярлау ісінде де өз үлесін қосып
жүрген ғалым. Оның жетекшілігімен 10 аса магистрлік жұмыс
қорғалды.
Ғалым қазіргі уақытта көптеген магистрлік жұмыстарға
жетекшілік етумен қатар, ұстаздық жұмысты да жалғастырып
келеді. Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және
Әлем тілдері университетінде талай жылдар бойы «Әлеуметтік
лингвистика», «Мәдениетаралық коммуникация», «Когнитивтік
лингвистика», «Дискурс теориясы», «Салғастырмалы тіл
білімі», «Жалпы тіл білімі» пәндерінен лекция оқиды.
27
Лингвистиканың өзекті мәселелері
Бүгінгі 60 жылдық мерейтойында филология ғылым-
дарының докторы, профессор Жанар Жорабекқызына мықты
денсаулық, шығармашылық табыс, бақытты ғұмыр тілейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |