453
Шабыты мен намысын қатар қамшылап,
Тірілтті солар құлаған рухты қансырап.
Керосин шамы жағылған суық бөлмеде
Өмірге келді театр деген шамшырақ.
«Еңлік – Кебек». Сахнада Серке – Еспембет,
Қанына қатып, сазарып мүлде кеткен бет.
Аңғалдар кейбір шын көріп қалып ұмтылды:
«Уай,
қой енді, қатігез мынау неткен!» деп.
Елубай – Абыз алартып көзін, арбайды,
Кеңгірбай болып қаталдығынан танбайды.
Ойнақы күйде Әміре – Жапал шыққанда,
Қабақтар жібіп, сейіліп кетті бар қайғы.
Шулады халық: «Дауысы жетер сан қырдан,
Әміре ғой бұл, мәжіліс отын жандырған.
Парижге барып бәйге алып кепті сабазың,
Қызылордаға Семейден оны алдырған.
Қойылым бітті.
Әсершіл қауым ән қалап,
«Әміре» десіп, дуылдап кетті, анталап.
Биязы әнші ортаға шығып бас иді,
Тұрмады өзін айрықша туған жан санап.
Айғайға басты. Делебесі енді қозғандай.
«Бесқарагерді» тыңдады халық қозғалмай:
«Мынадан кейін ән саламын деу бос әуре,
Арғымақ екен бәйгеден озса озғандай».
Сілтеді сосын «Сырғақты», «Смет», «Үш досты»,
Шырқаған сайын күшіне жаңа күш қосты.
Домбыра шегі үзіліп барып тоқтады,
Отыз ән салу болған жоқ оған түк соққы...
Ортада Иса,
шап-шағын шымыр тұрқы бар,
Қасқалау маңдай, тиектей ғана мұрты бар.
Шабыт қысқанда от шашып екі жанары,
Арыстанға да қаймықпай қарсы ұмтылар.
Бөгелген де жоқ ойларын жұптап, бой баптап,
«Желдірмесімен» қыздырды бірден той бастап.
454
Ақын бір тұлпар,
домбыра бейне шабандоз,
Арқасында жүр, төбесінде жүр ойнақтап.
Содан соң ашты өлеңнің түпсіз сандығын,
Ақынның сондай кім көрген шапшаң, алғырын.
Тақырып берсең жырлауға дайын құлпыртып,
Жаралғандар мен жасалғандардың барлығын.
Осындай болған алғашқылардың екпіні,
Өнерін бұлдап, кергуді білмес ешбірі.
«Бәйбіше-тоқал», «Қарагөзде»
олар ойнады
Күйіп-жанғанды, күңіренгенді, кектіні.
Әйелдер әртіс болғанда тұр деп қораш не,
Әншімен бірге қатысты жары Оразке.
Әміренің де зеректігін ел мақтады,
Рөлдің сөзін ұмытпайды екен ол әсте.
Әртістер тобы аралап жерді қаншама,
Сусаған елге концерттер қойды жан сала.
Құшағын ашты Қарсақбай менен Түрксіб,
Риддер, Кеген, Тарбағатай мен Қарқара.
Дауылдан кейін дамылдап тұрған шақ-тын ол,
Өнерлі қауым халқынан қолдау тапты мол.
Әміре, иса, Қанабек, Күләш, Құрманбек...
«Айман – Шолпанмен» операға да ашты жол.
Әншіні
сонау Майнның жағасындағы
Байырғы Герман жұрты да сүйіп тыңдады...
«Әміре мынау қалайша дара туған» деп,
Даңқына бәрі қызықты биік шыңдағы.
Достарыңызбен бөлісу: