Қалас жамалов әлемдік өркениет іздері: ежелгі шығЫС



Pdf көрінісі
бет41/113
Дата01.12.2022
өлшемі36,74 Mb.
#54227
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   113
Байланысты:
алас жамалов лемдік ркениет іздері ежелгі шы ЫС

«Топан су» туралы ассириялық аңыз нұсқасының Інжіл 
нұсқасынан айырмашылығы аз. Құдайларды жерге топан су жіберуге 
мәжбүр қылған себеп Інжілде айтылатын нұсқаны еске түсіреді. 
Адамдардың қылығы Ассирия құдайларының зығырданын 
қайнатады. Адамға деген өзінің жеккөрушілігін топан суға себепкер 
болған ауа құдайы Энлиль былайша түсіндіреді:
«Адамдар шуылы мені шаршатты,
Олар аз емес, көбейді.
У-шу менің мазамды алды, 
Осындай азан-қазанда тынығу мүмкін емес...» 
Ұйқысыздықтан ашу кернеген Энлиль құдайлар кеңесін 
шақырады. Ол шуылдаған беймаза адамдарды құртқанда ғана 
тыныштық орнайтынына басқалардың көзін жеткізеді. Қаһарланған 
құдайлар алдымен жерге бәрін күйдіретін аптап, құрғақшылық, со-
сын топан су жіберу туралы шешім қабылдайды. 
Адамдардың қамқоршысы, мұхит тұңғиығы мен парасат құдайы, 
қайырымды Эйаға басқа құдайлардың зұлымдық ойы ұнамайды. Ол 
адамдарға көмек көрсете бастайды. Құрғақшылық пен аштықтан 
құтқарады. Тақуа, данышпан Утнапиштимді топан судан алдын-
ала сақтандырады. Парсы шығанағында, Тигр өзенінің сағасында 
орналасқан Шуруппак қаласындағы Утнапиштим үйіне жасырын 
келіп, ескен самал желдей сыбырлайды:
«Тыңда, лашық! Қабырға, есіңде сақта!
Шуруппалық Убар Туту ұлы!
Үйіңді бұз, кеме жаса,
Молшылықты тастап, өмірдің қамын же, 
Байлықты елең қылма, өз жаныңды құтқар!»


121
Утнапиштим кеме жасап, Нұх пайғамбар сияқты кемеге барлық 
өсімдік тұқымы мен үй жануарларын, жабайы аңдарды жинайды. 
Жерді топан су баса бастайды. Қаһарланған Нинурта – соғыс 
құдайы, Эррагаль – тозақ құдайы, қорқынышты дауыл-құс Анзу 
құйын тәрізді жерге төніп келеді. 
«Құдайлардың екі дөңгелекті күймесінен дауыл тұрады,
Алға ұмтылып өлтіреді, езеді.
Су тоғанын ашып, Нинурта келеді,
Анзу тырнақтарымен аспанды жыртып.
Су көтеріліп, тасқын басталғанда,
Елдің ақылы құмыра тәрізді тозады,
Оның қуаты адамдарды ұстарадай қырқады. 
Жайпалу кезінде ешкім бір-бірін танымайды, 
Бір-бірін ешкім көре алмайды.
Жабайы бұқа тәрізді, су тасқыны құтырынады,
Ақырған есек тәрізді, жел ұлиды» [56]. 
(В.К. Афанасьева аудармасынан тәржімаланды).
Жеті күнге созылған дауылдан Утнапиштим мен оның кемесі 
аман қалады. Дауыл тоқтаған соң, Утнапиштим алыстан жалғыз 
аралды – Ницир тауының шыңын көреді. Тау басына тоқтап, су 
тасқынының соңын күтеді. Су деңгейінің түсе бастағанын көрген 
Утнапиштим құдайлар қаһарының қайтқаны жайлы ойға келіп, 
оларға алғысын білдіру үшін құрбандық береді. 
Ғалымдар зерттеу жұмыстарында топан су туралы осы 
мәліметтің Інжіл мәтінімен салыстырғанда уақыт жағынан көнелігі 
туралы қорытынды жасалған. Дегенмен, Қосөзен мәліметтері осы 
аңыз мазмұнының шығуы туралы пікір білдіруге болатын ежелгі 
бастаудың бар екенін көрсетеді. 
Су тасқыны туралы ежелгі шумерлік мәлімет Ассирия, Вавилон 
нұсқаларымен сәйкес келеді. Вавилондық және ассириялық құдайлар 
мен батырлар есімдерінің шығу тарихы, соған сәйкес аңыздар 
мазмұны да уақыт жағынан бұрын өмір сүргендіктен, шумерлік деп 
есептеледі. Ассириялық Утнапиштимге түптұлға ретінде ежелгі 
Шумер данышпаны Зиусудра мойындалады. 
Ассириялық өнер билік иелерінің күш-қуатын, табыстары 
мен жеңістерін мадақтады. ІІ Саргон патшаның Ниневияға жақын 


122
жердегі әйгілі Хорсабад сарайы алдында алыстан көзге шалынатын, 
аса үлкен қанатты, бес аяқты айбынды, зор бұқалар тұрған. Тіршілік 
иесінің бәрін табанына салып, таптап тастардай әсер қалдыратын 
аяқтар, патша сарайын көзге көрінетін және көрінбейтін жаулар-
дан қорғайтын күзетшілер іспетті. Сарайға кірген адам бұқалардың 
салмағынан, қозғалысынан, айбарынан жасқануы үшін, оларға 
артық аяқ жасалғаны арнайы әдебиеттерде көрсетілген. Сарай 
қабырғаларына салынған бедерлер мен әшекейлерде дінге табыну 
емес, осы дүниелік сюжеттер басым. Қорған қабырғаларына мұнара 
тәрізді, бірқалыпты қайталанып отыратын сарайлық, қамалдық 
үлкен күмбездер тән. 
Патшалар – тәңірлік күш те емес, құдайдың өзі де емес, ең 
жоғарғы заңмен қаруланған, жердегі билігі мен қызметі дәріптелетін 
құдіретті әміршілер. Сарай рельефтерінде олардың аңшылықта, 
соғыста, серуенде жүрген және тойлап отырған кездері, жеңген 
жауының басын ағаш діңіне іліп қойып, қаһарлы қалыпта тұрған 
сәттері бейнеленеді. Қасында бұлшық еттері шиыршық ата, бұлтиған 
батырлары мен жауынгерлері тұр. Патша киімдері, қолданатын 
ыдыстары мен тағатын әшекейлері сән-салтанатымен суреттелген. 
Тұтқындардың тілін суырып алу, терісін сыдыру, қазыққа тағандау 
сияқты сұмдық қатал көріністер қаз-қалпында берілген. 
Үстіндегі адам мен жүктен белі қайысқан шөл даланың қуатты 
жануарлары – түйелер, кәрін төккен қаһарлы арыстандар және жел-
мен жарыса шапқан жылқы көріністері табиғи түрде керемет әсер 
қалдырады.
Патшаның аң аулау кезі, сондағы айбарлы жабайы жануарлар 
бейнесі асқан дәлдікпен, нәзік суреттелген. Ашшурбанипал сарай-
ынан табылған, денесіне садақтың жебесі қадалған, соңғы күшін 
Суретте: Аңшылық сәті [58]


123
жиып, орнынан көтерілуге ұмтылған «Өліп бара жатқан ұрғашы ары-
стан» (б.д.д.VІІ ғ. Лондон, Британ музейі) – теңдесі жоқ өнер туынды-
сы. Соғыс олжалары – бағалы заттар, сарай, ғибадатхана мүліктері 
адаммен салыстырғанда құнды болып, құдай үлесіне, яғни оның 
жердегі өкілі – патшаның еншісіне тиеді. Ассирия патшаларының 
ғасырлар бойы жұртты тонаумен жинаған қазынасы Салманасар 
қорғанында сақталды. Тарихта ең бір қатал, аяушылықты білмеген, 
адамгершіліктен жұрдай үстемдік пен қанау нышаны деп көрсетілетін 
Ассирия мемлекетін, оның астанасы Ниневияны б.д.д. 612 жылы Ва-
вилон мен Мидия әскерлері тізе бүктіріп, қаланы қиратқан.
Жеңімпаздар піл сүйегінен жасалған ондаған мың мүсінді отқа 
жаққан. Салманасар қорғанында қазба жұмыстарын жүргізген ар-
хеологтар оның адамзат тарихындағы піл сүйектерінен жасалған ең 
үлкен қалдықтар орны болғанын мәлімдейді [43. 177 б.]. 
Христос дүниеге келгенге дейінгі 713 жылы Наум мен Исая, 
ал 630 жылы Сафония Ниневияға қатысты сәуегейлік болжам 
айтады. Пайғамбарлар сәуегейлік аянда қаланың жансыз шөл 
далаға айналғанын көреді. Осы оқиғаны пайғамбар Наум Інжілде: 
«Қанға бөккен қала қайғылы... Бишіктің соғылған даусы, айналған 
дөңгелектің тарсылы, аттардың кісінегені және соғыс күймелерінің 
салдыры есітіледі. Шапқылаған атты әскер, жарқыраған сем-
сер, жалтылдаған найза; шегі мен шеті жоқ сансыз төбе-төбе бо-
лып үйілген өліктерге сүрінесің... Ниневия тоналды, оны енді кім 
мүсіркер екен? Сен үшін жұбатушыны мен қайдан табамын?.. Сен 
жайлы естігеннің бәрі де қол шапалақтайды, өйткені сенің қаһарлы 
тоқтаусыз жазалауыңа кім ұшыраған жоқ?!» – деп суреттейді. Қала 
Мидия мен Вавилон әскерлерінің екі жылға созылған қоршауында 
қалды. Шабуылмен қалаға кіргендер оны талқандап, қиратындыға 
айналдырғаны соншама, қазіргі Ирак жерінде, Тигр өзенінің бойын-
да орналасқан, осыдан екі мың жыл бұрынғы «Әлем астанасының» 
енді қай жерде орналасқанын көрсетудің мүмкіндігі болмаған. 
Жеңімпаздар Ассирияның мұрасын бөлуге кірісіп, мидиялықтар 
оның 
көмбесіндегі 
қазынасына 
қызығушылық 
танытса, 
вавилондықтар үлкен жер үлесін қамтып қалған...
Сауаттылар қай заманда да үлкен сұранысқа ие болды. Олар 
ғибадатхана, мұрағат, кітапханаларда жұмыс істеп, билік иелері 
мен патшаларға қызмет көрсетті. Археологиялық жұмыстар 


124
кезінде табылған жәдігерлер шумерлердің саз кітапшаларға жазу-
ды алғашында жоғарыдан төмен қарай, сосын оңнан солға қарай 
жазғандарын көрсетеді. Аморейлер шумерлер елін жаулап алғаннан 
кейін, жазу өнеріне өзгеріс еніп, енді ол көлбеу жазық бойымен сол-
дан оңға қарай жазыла бастайды. Осыдан жоғарыдан төмен қарай 
(Қытай), оңнан солға қарай (Араб елдері), солдан оңға қарай (Еуропа) 
жазылатын жазу өнерлерінің негізі пайда болып, бүгінге дейін жетті 
десек, артық болмас. 
Жазу өнерінің алғаш пайда болған жері Шумер елі екенін 
археологиялық зерттеулер дәлелдеді. Дегенмен, «финикиялық Кадм 
немесе Адм деген кісі Грецияға жазу өнерін алып келді» деген грек-
терден жеткен мәліметке сүйеніп, осы күнге дейін батысшыл көзқарас 
ықпалымен, жазу өнерін финикиялықтар ойлап тапқандығы жөнінде 
жаңсақ пікірлер айтылады. Ал расында, финикиялықтар жалпы жазу 
өнерін емес, жазу өнерінің әріптік (алфавит) түрін жетілдірген.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   113




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет