Қалас жамалов әлемдік өркениет іздері: ежелгі шығЫС



Pdf көрінісі
бет52/113
Дата01.12.2022
өлшемі36,74 Mb.
#54227
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   113
Байланысты:
алас жамалов лемдік ркениет іздері ежелгі шы ЫС

Ежелгі Үнді философиясы. Ертедегі Үнді философиясы белгілі 
бір құрылым немесе мектептер шеңберінде дами отырып, үлкен екі 
түрлі топқа: ортодоксалдық (Вед әдебиетінің беделін мойындайтын) 
және бейортодоксалдық (Вед әдебиетінің беделін мойындамайтын) деп 
бөлінеді. Ортодоксалдық негізінен діни бағыттағы мектептер: ведан-
та, миманса, санкхья, йога, ньяя, вайшешика болса, бейортодоксалдық 
философия – ортодоксалдыққа балама, өзге ой көрінісін тапқан 
ұстанымдар: буддизм, жайнизм, чарвак-локаятиктер еді.
Ортодоксалдық ілімдер Вед әдебиетіне сүйеніп қана қоймай, 
оны қасиетті кітап ретінде қарастырды. Мысалы, миманса ведалық 
мәтіндерді ең жоғарғы бедел ретінде қабылдап қана қоймай, одан 
абсолюттік, мәңгі өмір сүретін өте жоғарғы сезімтал әмбебап суб-
станцияны да көреді.
Миманса философиялық мектебінің өзіндік ерекшелігі – 
ведалық салт-жоралғыларды ардақтап, таным теориясы мен қисын 
сұрақтарына үлкен көңіл бөледі. Таным теориясы көмегімен зат-


150
тарды дұрыс пайымдап, мәніне жетіп қоймай, оған негізі болатын 
метафизикалық түсініктер сырын, мазмұнын ашуға ұмтылады. 
Сезімдік таным білімнің айрықша бастауы ретінде қарастырылады. 
Қабылдау нысандары әртүрлі шынайы объективтік белгілерге ие 
болады деп сипатталады. Сезімдік қабылдаудан өзге қисындық 
тұжырымдар, салыстыру, қасиетті кітаптардың беделді куәліктері 
де таным бастауы деп есептеледі.
Осы бағытта дамыған Веданта мектебінің негізін Бадараяна 
қалаған. Жан мен құдайдың қатынасына жасалған пайымдаулар бұл 
ілімнің сан алуан түрінің өмірге келуіне себепші болды. Солардың 
бірінің негізін қалаған Мадхва жан мен құдайдың шын мәнінде 
айырмашылығы бар екенін, екіншісінің бастауында тұрған Шанкара 
олардың толық бірлігін мойындайды. Философиялық құрылымның 
мазмұны оның атында бейнеленген, веданта – тікелей аударғанда 
«Веданың соңы» дегенді білдіреді. Өз негізінде веданта – упани-
шадты, вед мәтіндерін мистикалық негізде жүйелі қайта өңдеуге 
жасалған талпыныс.
Веданта материалдық күштердің өзара әрекеттестігінен әлемнің 
пайда болғанын жоққа шығарады. Брахма барлық затты туындата-
тын жалғыз нақтылық (реалдық) деп мойындалады және ол әлемнің 
абсолюттік рухани мәні деп түсініледі. Шанкараның пікірінше, 
құбылыстар әлемі – біздің сезім мүшелеріміз қабылдайтын 
бұлдыр үміттің әсері. Құбылыстар әлемі – тек қана білмеуден ту-
ындайтын елес. Білместіктен әлем адамға уақыт пен кеңістікте 
нағыз шындық сияқты елестейді. Сондықтан брахма – әлемнің 
анықтауға келмейтін абсолюттік мәні, ең жоғарғы жан иесі. Қайта 
айналып дүниеге келуден шығудың жолы тек қана білімде, басқаша 
айтқанда, бәріне жоғарғы Шындық көзімен қарауда. Әлемнің барлық 
өзіндік өзгергіштігі – жаппай алдану салдарынан тұратын түсінік, 
өзгермейтін шындық – брахма, мұнымен теңесетін тек жеке өзіндік 
Жан (атман). Бұл ілімнің пайымдауынша, өз тәнімен тығыз байла-
нысты жанның еркіндігі жоқ, ол тек сезімдік ләззат алуды аңсайды. 
Жанды езгіге, құлдыққа ұшырататын білімсіздікті жеңуге Веданта 
ілімін игерумен ғана жетуге болады.
Патанджали 
негізін 
қалаған 
Йога 
философиясының 
шығармалары біздің дәуіріміздің II ғ. бастап жарық көреді. Оның 
қысқа, ықшам стильде жазылған еңбектеріне Вьяса (ІV ғ.), Вачаспа-


151
ти сияқты авторлар жиі түсініктеме береді, мектеп ілімін ой елегінен 
өткізіп, терминологиясы мен басқа да ұстанымдарын байытуға 
талпынады. Психологиялық оқытулар және психологиялық кате-
горияларды зерттеуге назар аударған йога философиясы ертеден 
келе жатқан әртүрлі кұрылымдардың медитация қағидаларынан ба-
стау алады. Кең көлемде «йога» сөзі медитациялық тәжірибелерді 
белгілеу үшін қолданылады.
Бағытты психологиялық жаттығулар ережелерін баяндау – барлық 
құрылымның маңызды элементі. Оның жекелеген элементтерінің 
ішінде өзін ұстай білу (яма), дененің белгілі бір жағдайда тыныс 
алуды меңгеруі (асана), сезімді сыртқы әсерлерден айыру, оқшаулау 
(пратьяхара), ойды жинақтау (дхарана), медитациялар (дхьяна) 
және соңғысы, күшпен тартып алу күйі (самдхи) – денелік сыртқы 
қабықтан босану бар. Бұл жаттығулардың техникалық аспектілерін 
жете зерттеген йога философиясы өзінің соңғы даму деңгейінде 
абсолюттік жан иесінің өмір сүретінін, яғни ишвараны мойындайды. 
Ол өз мәнінде жетілген және өз мектебі жақтастарының жанының 
карма мен самсара ауыртпалығынан құтылуына көмектеседі.
Тағы бір үнділік құрылым – вайшешика мектебінің негізін Ка-
нада (б.д. І ғ.) қалайды. Вайшешика құрылымында нақты ғылыми 
дүниетанымдық тенденциялар бар. Мектептің негізгі тезистері –
тоқтаусыз, үздіксіз өзгерістер, циклдік үдеріс, пайда болу мен 
құлдырау мәңгі дегеннен басталады. Дегенмен, бұл үдеріске тұрақты 
элемент атом (ану) тән. Вайшешиктер түсінігінде атомдар мәңгі, жоқ 
болып кетпейді, ешкім жасамаған. Осыған қоса, олар он жеті түрлі 
сапалыққа (гуна) ие. Атомдардың барлық уақытша қосылуларынан 
біздің сезіміміз оңай қабылдайтын, түсінетін жанды және жансыз 
денелер пайда болады және өмірге қайта келу – атомдардың үздіксіз 
қосылуы мен ажырауының нәтижесі. Вайшешиктер мәтіндерінде 
атомның шар тәрізділігі (паримандала) айтылады. Категориялары 
бойынша жалпыға (саманья) және жекеге (вишена, мектептің аты 
да осыдан) бөледі, әрқайсысы барлық денеде болады және соның 
негізінде денелер бір-бірінен ажыратылады. Барлық сапалық және 
мөлшерлік айырмашылығында денелі және денесіз заттардың ортақ 
мәні бар, өйткені олар субстанциялардан тұрады. Бірінші кезекте 
материалдық негізі бар субстанциялар сөз болады (су, от, жер, эфир). 
Дегенмен, вайшешика материалдық емес субстанциялардың болаты-


152
нын да мойындайды, бұл – психикалық сапалықтардан тұратын жан 
(атман). Жан материалдық емес, мәңгі және шексіз, екі түрде өмір 
сүреді: ишвара немесе параматман (абсолюттік немесе жоғарғы жан). 
Өз мәнінде жетілген және барлық жерде бар жандар өмірдің шексіз 
айналмалы құйынында қыдырып жүреді.
Ньяя мектебі ұстанымдары вайшешиктермен тығыз байланы-
сты. Ньяя вайшешиктердің метафизикасын қабылдайды, бұл екі 
мектеп мәтіндері қайшылыққа келмей, белгілі бір жағдайларда бір-
бірін толықтырады. Шығармашылық қызметі біздің дәуіріміз басы-
на тұстас келетін Акшапада Готама ньяя мектебінің негізін қалаушы 
деп есептеледі. Ньяя – логиканың көмегімен метафизика сұрақтарын 
зерттеуге ден қойған құрылым.
Ньяяның таным теориясында логикаға, соның ішінде сенімді 
үдерістерге, ақиқат танымға (прамана) айрықша көңіл бөлінеді, оған 
сезіну және ұқсастық тәсілімен қорытындылау тәрізді танымның 
бірнеше бастауы енгізіледі. Кейбір мектептерде бұл бастауларға шаб-
да (сөз) қосылады, вед мәтіндері мен басқа да мектептердің беделіне 
сілтеме жасалады. Таным түрі ретінде тек сезімдік таным қолданылады. 
Ньяя мәтіндерінде әртүрлі категориялар егжей-тегжейлі зерттеледі, 
мысалы: жете түсіндіру, таным нысаны. Логикалық талдау мен ақиқат 
критерийі мәселесі, қағидалары қарастырылады.
Үнді елінде пайда болып, әлем дініне айналған Буддизм – 
философиялық ілім. Оның негізін қалаушы – Үнді елінің шакья тай-
пасынан шыққан Гаутама Сиддхартха (б.д.д. 563-483 жж.). Аңызға 
қарағанда, ол гүлдеген бақ ішінде құрбыларының ортасында мұңсыз 
өмір сүреді. Бір күні қалаға келіп, халықтың шексіз азабын көріп,
28 жасында ләззатты өмірден бас тартып, брахмандармен 
сұхбаттасып, дүниенің терең мәнін іздеудің жолына түседі. Бірде са-
ялы, қасиетті бодхи (таным) ағашы көлеңкесінде отырып терең ойға 
шомып, кемел көрегендікке қол жеткізеді. Сол күннен бастап ол 
Буддаға, яғни рухани тазарған, даналық деңгейге көтерілген әулиеге 
айналады, ашқан ілімін халық арасында кеңінен тарата бастайды. 
Будда ашқан «Төрт ақиқат»:
– бұл жалған дүние зардапқа толы, адам ауырып азап шегеді; 
әке-шешесінен, ағайын-туғанынан, сүйген жарынан, жолдас-жо-
раларынан айырылып, қайғырады. Өмірде тілегеніне жете алмай, 
қиналады, «өтпелі пенденің өмірі азапқа толы» болады. Азап-


153
ты жеңу үшін оның шыққан қайнар көзін, келесі себептерді жою 
көрсетіледі;
– өмірге деген құштарлық, өмірге деген іңкәрлік, ләззатқа 
тоймаушылық. «Құмарлықтан күшті от жоқ; жек көруден артық 
жамандық жоқ; тәннен артық бақытсыздық жоқ; тыныш өмірден 
артық бақыт жоқ». «Ол мені аяғымен таптады, ол мені ұрды, ол мені 
жеңді, ол мені жалаңаш қалдырды» деген тәрізді ойларды ішінде 
сақтаған адам ызалы, кекшіл;
– азаптың себебі анықталғаннан кейін оны жоюға болады, 
өйткені «бұл дүниеде ешқашан жек көруге, кек алуға, өшпенділікке 
шек қойылмайды, тек оның негізін, жек көруді тоқтату арқылы оны 
шектеуге болады... Адам құмартудан құтылса, надандық пен жек 
көруден арылса, еш нәрсеге байланбаса ғана әулиелік жолға түседі!»;
– азаптан құтылудың жолдары бар. Олар: дұрыс көзқарас, дұрыс 
сөйлеу, дұрыс бағытта ойлау, дұрыс өмір салты, дұрыс жүріс-тұрыс, 
дұрыс бетбұрыс, дұрыс күш салу, дұрыс зейін қоюда.
Ләззат пен құмарту жолына түскен адам тұрпайы, дөрекі, пайда-
сыз, осымен қатар, өз денесімен күресіп, оны қинаған адам да азаптан 
құтыла алмайды. Тек ортаңғы жол, дүние ақиқатын ашатын білім 
ғана адам жанын тыныштыққа, даналыққа алып келеді. Тек Будда 
көрсеткен жолға түскен адам азаптан толық құтылады, нирванаға 
жетеді.
Ақиқат жолымен өмір сүретін оқушы, сезімдік құмартудан 
арылса ғана жетілу жолына түседі. «Дүниеде жел бар ма?» «Бар». 
«Онда маған желдің түсін, бітімін, көлемін, үлкен әлде кіші ме, ұзын 
ба әлде қысқа ма, көрсетші», – дейді Будда. Шәкірті: «Ол мүмкін 
емес, мен оны көрсете алмаймын, желді қолмен ұстауға, құшақтап 
қамтуға болмайды, бірақ ол бар», – дейді. Будда: «Сол сияқты, нир-
вана бар болғанымен, саған оны көрсете алмаймын», – дейді.
Буддизм ілімі азап шегуді тоқтату үшін адамды бұл жалған 
өмірдің қызығына байланбауға шақырады. Өмір адамды өзінің бір-
бірімен байланысты шексіз ағымына салып, дүниеге келу заңының 
шеңберінен шығармайды, бітпейтін зардап шектіреді. Бұл дүние – 
«Мая» – ұлы сағым, елес, алдамшы.
Буддизм – бірінші болып адам рухын, оның құдіретті күшін 
көрсеткен философия. Оның гуманистік-адамгершілік жақтары – ой, 
іс-әрекет тазалығы, тіршілік иелеріне жәбір көрсетпеу, зұлымдыққа 


154
соған тең күшпен қарсы шықпау, дүние қумау, кемтарға қол ұшын 
беру... 
Ежелгі және ортағасырлық Үнді елінде әртүрлі, көптеген діни 
философиялық бағыттарға балама ретінде бейортодоксалдық неме-
се натурфилософиялық бағытта дамыған мектептер де бар. Деген-
мен, бұл мектептерден осы заманға ешқандай түпнұсқа мәтіндер 
жетпеген.
Үнді философиясының натурфилософиялық көзқарастары 
дүниені бес тұрақтыдан құралады деп есептейді. Олар – жер, су, от, ауа, 
кеңістік. «Осы дүниеде бес тұрақты қосылған, оған джива (джива –
жан, жан дүние) неге керек? Егер бес тұрақтының бірі болмаса, бұл 
дүние (қосынды) жоқ. Ет, қан, май, сүйек және бұларды біріктіретін 
сіңірден дене құралады. Алайда, дживаны (жанды) ешкім көрген жоқ. 
Жұрт «джива естіледі» деп айтады. Бірақ құлақпен естиміз бе?» –
деген пікір кездеседі. «Джива (жан) дегеннің өзі – тән. Ал тәннің 
бәрі жетіледі, өзгереді, қартаяды, жойылады. Ең алдымен ескіріп, 
қабырғасы қақырап, кейін құлайтын үй тәрізді. Сезім, ақыл (манас), 
ет пен қан, сүйек те үгітіліп, әрқайсысы өзін туындатқан заттарға 
айналады».
Ежелгі Үнді философиясының ең ерте нұсқасының бірі – санк-
хья ілімі. Осы кезге жеткен мәліметтерге сүйенсек, оның негізін 
қалаушы Капила б.д.д. 600 жылдар шамасында өмір сүрген.
Алғашқы жазба деректерде санкхья «дүниенің негізінде санасыз 
белгісіздік жатқандығы» туралы ілім деп аталады. Онда дүниенің 
алғашқы материалдық (пракрити – материя, табиғат) себебінің бар 
екендігі дәріптеледі. Алғашқы пракрити аморфты, бөлшектенбеген 
түрде өмір сүреді. Оның сезіммен қабылданатын мәндер мен 
дүниелер әлеміне айналуы үш сапалық элементтің әсерінен жүзеге 
асады. Олар: раджас (талап, ынта), тамас (қараңғылық) және саттва 
(тазалық, пәктік). Әрбір затта оның өзіндік ерекшелігіне байланысты 
айтылған элементтердің біреуі басым болады. Әсемдікке, ақылға, 
шындыққа бет бұрғанда, саттва басым болады, ал тамас – енжарлық, 
шектеулілік пен қараңғылықтың шешуші элементі. Белсенділік, 
айбындылық, жігер, қайраттылық негізінен раджаспен байланысты-
рылады.
Пракритидің осы үш гуны бір-бірімен күресте болады. Егер 
раджас пен тамас жеңілсе, онда саттва үлкейеді. Раджас пен сат-


155
тва жеңілсе, онда тамас ұлғаяды. Тамас пен саттва жеңілсе, рад-
жас күшейеді. Саттвада жасы ұлғайған адам өмірден озғанда, таза 
әлемге жетеді. Раджаста жасы ұлғайған адам өмірден озғанда, карма 
шеңберінде өмірге қайта келеді. Тамаста жасы ұлғайған адам өмірден 
озғанда, адасқандар арасында дүниеге қайта келеді.
Санкхья философиясында пракритимен қатар, әлемнің 
материалдық негізіне тәуелсіз абсолюттік жанның (пуруши) бар 
екені мойындалады. Барлық зат пен жан иелеріне қатысты бола-
тынына қарамай, оны бақылауға, танып-білуге болмайды. Пра-
крити мен пурушидің (табиғат пен жан, рухтың) қосындысынан 
25 алғашқы негіз, түпкі бастама өмірге келеді, олардың ортасын-
да материалдықпен (су, ауа, жер және т.б.) қатар, жан, руханилық 
та өмір сүреді (парасат, сана-сезім). Объективті түрде өмір сүретін 
нақтылықтың (реалдықтың) осы екі элементінің қарым-қатынасы 
күрделі, өзара салмағы да бірдей емес. Мұны жалпы дуалистік фило-
софия десек те, оның дамуының бастапқы негізінде материалистік 
ұстаным басым.
Орта ғасыр (XIV ғ.) философы Мадхава Үнді материализмі 
туралы толық мәлімет береді. «Барлық философияның жинағы» 
еңбегінде ол философияның он алты бағытын көрсетеді. Осылардың 
бірі – локаята ілімі (осы әлемге бағытталған деген мағына беретін 
ілім). Локаята мектебінің негізін қалаушы Чарвака деп көрсетіледі 
(кейде бұл ілім чарвака деп те аталады), дегенмен оның өмір сүрген 
уақыты туралы ешқандай мәлімет берілмейді.
Локоятиктер ойынша, адам төрт түрлі минералдық элементтен 
тұрады – жер, су, от, ауа. Олардың пікірлеріне қарағанда, сығылу, 
қысылу арқылы дене, сезім мүшелері және осылардың негізінде 
рухани бастау пайда болады. Адам өлгеннен кейін өмір сүретін 
еш нәрсесі болмайтындықтан, локоятиктер осы ақиқат өмірді пай-
далана білу қажеттігін, оның әкелгенінің бәрін қабылдау, өмірдің 
жағымды жақтарын, жамандық пен қасірет шегуді теңестіретінін 
мойындау керектігін айтады. Мәтінде «Тіршілікте қуанышты өмір 
сүр, өйткені өлімнен ешкім де қашып құтыла алмайды. Дене отқа 
жанғанда, күлге айналады, одан қайта тіріліп, өмірге келу ешқашан 
жүзеге аспайды» немесе «өлген адамдардың жаны неге тірілмейді, 
жаман іс-әрекеттерден неге сақтандырмайды?» деп айтылады. Бұдан 
локаятиктер өмірден тек ләззат алуға ұмтылған деген жаңсақ пікір 


156
айтуға болмайды. Олар көзқарастарын логикалық ой желілерімен 
дәлелдеп, дәстүрлі доктриналарға күмән келтіреді. Локаятиктер 
касталық құрылымға қарсы шығып, абыздардың салт-жоралғылар 
тәжірибесін және қасиетті кітаптардың беделін сынға алды...
Бірінші мыңжылдық ортасында ведалық брахман дінінің 
дәстүрлі философиясына қарсы шыққан көзқарасты жариялағандар 
ортасында көрнекті орынды Аджита алады. Сол уақыттың 
ортодоксалдық көзқарасына балама бағытқа жайнистер еңбектері 
де қосылады. Шығармалары үзінді түрінде жетсе де, одан сөздің 
жоғарғы күштердің өмір сүретінін мойындамайтын және бүкіл 
әлемнің тек қана материалдық элементтерден тұратындығын 
қабылдайтын құрылым туралы екенін түсінеміз. Жайнизм (жеңіс 
деген сөзден шыққан) философиясының негізін Махавира қалаған. 
«Адам кімді жеңуі керек?» деген сұраққа «Шынайы жеңіс – адамның 
өзін-өзі жеңуі» деген жауап беріледі.
Дүниеге келгенде пенденің денесімен бірге пайда болатын, ал 
дене өлгеннен кейін қазаға ұшырайтын, алдағы уақытта ешқашан 
қайта өмір сүрмейтін жан да осы элементтерден құралады. Адам өз-
өзін жеңуі үшін бірнеше қағиданы ұстануы керек. Олар: апариграха –
дүниедегі заттарға қызықпау, байланбау, самарқау қарау; сатья – 
әрқашан қандай қиын болса да, шындықты айту; астея – ұрламау, 
өлейін деп жатса да, еш нәрсені рұқсатсыз алмау, сұрап алу; ахимса –
ешбір жан иесіне зәбірлік жасамау.
Мәтіндер сол тарихи дәуірдің философы Паясидің ойлары ту-
ралы деректер береді. Самсара мен адам жанының мәңгілігі жайлы 
ілімнің жалғандығын дәлелдеу үшін, ол қатал эксперименттер жо-
лын ұстанады. Мысалы, үстем тап өкілі болған князь Паяси денеден 
жанның шығатынын және осыдан кейін дене салмағының кемитінін, 
болмаса кемімейтінін анықтау үшін, өлтірілетін адамның салмағын 
дарға асқанға дейін және дарға асқаннан кейін өлшеуге бұйрық бер-
ген. Немесе өлі денеде рухтың бар-жоғын табу үшін оны сойып, 
жарып қарап, егжей-тегжейлі зерттеген ол ешқандай мәңгі өмірді 
дәлелдейтін деректерді таппағанын көрсетті.
Мұндай бағыттар үшін о дүниенің бар екенін, карма, самсара 
заңдарын жоққа шығарушылық ортақ. Осыдан ортодоксалдық ұстаным 
жақтаушылары оларды настиктер (терістеушілер) немесе жанның, ру-
хани болмыстың өмір сүрмейтінін мақұлдаушылар деп атайды.


157
Үнді философиясында дүниені екі бастамадан – пракрити (ма-
терия) және пурушадан (жан) шығармақ болған ағымдарды да 
кездестіруге болады. «Білгің келсе, пракрити мен пуруша екеуінің 
де бастауы жоқ; сана өзгерісінің пракритиден шығатынын біл; себеп 
пен іс-әрекеттің қайнар көзі пракритиде. Пуруша пракрити тудырған 
гундардан (қасиеттерден) ләззат алады» [68].
«Вед кезеңінің» шарықтау шыңы егін шаруашылығының, 
әлеуметтік теңсіздік, варналық құрылым, алғашқы мемлекеттік 
белгілердің пайда болғанын білдірді. Арийлік және жергілікті 
мәдениеттердің белсенді бірігуі нәтижесінде б.д.д. І мыңжылдық ор-
тасында ежелгі үнді мәдениеті өз дамуында жоғарғы дәрежеге жетті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   113




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет