Әдеби KZ
елеуреген Жәнібек бір мезет аужайын байқай алмай қалды. Қастарынан жанай
қашқан ақ бөкенді көре сала, атын борбайлап тұра қуды. Күнімен аң соңынан
шапқан серіктерінің аттары әбден болдырған-тын. Тек түске дейін ұдайы шапса
тері ғана шығатын Жәнібектің көкбуырылы ғана әлі тың еді. Атбегі әбден жаратқан
екен, қабақ қаққанша жолдастарынан ұзап кетті. Ол ақ бөкенді қуып келе жатып,
төтеден қосылған хан тобы мен әлгі үш қоңырды көрді. Хан атын жаңа ғана
ауыстырған. Ал Сарыбай тек Жәнібекті аңдумен ғана жүріп астындағы жүйрігін тың
ұстаған. Әрі-беріден соң Жәнібек, хан, Сарыбай үшеуі өзгелерден қарасын үзіп,
үздік кеткен. Бие сауымдай жер шапқанда ғана бұл үшеуі қалжырауға айнал-
ған бөкенге бірдей таянған. Әбден дымы құрып етпетінен құлаған дала еркесінің
үстіне аңшылар бірдей жеткен. Аң құмар Жәнібек сойылын лақтырып жіберіп,
бөкенді бірінші боп бауыздайын деп, қынабынан кездігін ала атынан секіріп
түскен. Дәл осы сәтте: «Жоқ, олжа менікі!» деп Сарыбай да сойылын ыңғайлап
бөкенді бауыздауға еңкейген Жәнібектің ту сыртынан ұрмақ боп таяй берген.
Бірақ Жәнібек барыстай атылып, Сарыбайды ат үстінен жұлып алған, Жәнібектің
тізесінің астына түсіп қалғанын бір-ақ білген Сарыбай ханға:
— Ау, ұрсаңызшы көк желкеден! — деген, ханның қолындағы сойылға көзі
түсіп.
Неге екені белгісіз, ханның бойы дірілдеп кетіп, Жәнібекті сойылмен ұруға
қолы көтерілмеген.
Дәл осы кезде шапқан ат дүбірі кенет естіліп, бір бүйірден Керей сұлтан шыға
келген. Тізесімен Сарыбайды бір-екі нығарлап жіберіп Жәнібек: «Бір жолға
қастығыңды кештім, екінші мәртебе қолыма түссең өзіңнен көр» деп түрегелген
де, жатқан аңға қараған. Өкпесі өшіп әбден орнынан тұра алмай қалған бейшара,
сол мойнын созып етпетінен құлаған қалпында әлі жатыр екен. Жәнібек оны аяп
кеткен. «Жазықты жауыма тіршілігін қиғанда, жазығың жоқ, ақбөкен, сені несіне
өлтірем», деп анандай жерде жатқан сойылын алып атына мінген. Осы сәтте
Керей де жеткен. Болған оқиғаны айтпаса да түсінген Керей сұлтан, інісін қасына
23
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
ертіп, ханға бұрылып та қарамастан, шауып келе жатқан топқа қарсы ақырын
аяңдап жүре берген.
Бұл кезде тәлтіректеп орнынан Сарыбай да түрегелген. Атының үзеңгісіне
аяғын салып жатып:
— Бекер сойылмен ұрмадыңыз, хан ием, — деген алқына сөйлеп, егер де
жығылғанда мойын омыртқасын бұрап үзіп алатын едім де, атынан құлап өлді
дейтін едім. Қалай өлгенін көзімен көрген ешкім жоқ... — деп келе жатты да, —
тақсыр хан, кешіріңіз... — деп басын қолымен қорғай берген.
Бірақ құлаштай сілтеген көк құрыш алдаспан оның мойнын қиғаштай кесіп,
зәресі ұшып көзі адырайған басын анадай жерге ұшырып түсірген.
Қайтып оралған Жәнібек пен Керей Сарыбайдың әлі де болса жаны шыға
қоймай, анадай жерде ақырын қимылдап жатқан басы мен қан-қан болып діріл
қаққан денесін көрген. Бұйрығын орындай алмаған құлы енді тірі куәге айналмас
үшін, ханның әдейі өлтіргенін екеуі бірдей ұққан. Бірақ Әбілқайыр:
— Жәнібек сұлтанға қастық ойлағаны үшін басын алдым! — деген.
Ана екеуі оған жауап қайтармаған, үн-түнсіз аттарының басын бұрып, келе жатқан
адамдарға қарсы аяңдаған.
Хан қазір өзінің сол күнгі қылығын ойлауда. «Он алты жасымда Едігенің
немересі Қазы биді өз қолыммен бауыздағанда, он жеті жасымда аталас туысым
Дәшті Қыпшақ ханы Жұмадүкті туған баласындай боп қолында өскеніме
қарамастан, жекпе-жекте шоқпармен ұрып өлтіргенде шімірікпеген басым,
қастасқан жауым Жәнібекті қара құстан сойылмен бір салып өтуге қалай
жарамадым? Кезі келгенде қандай құрбандыққа да болса бара алатын жүрегім,
сол жолы қалай дауаламады?
Иә, өзгелер айқай-сүрең салып жеткенше, сойылмен бір-ақ періп өлтіруім
керек-ақ еді, ар жағында аттан құлап ажал тапты деп көрсету — Сарыбайдың
шаруасы. Ал мен... Міне, сондағы сәл бөгеліп қалғанымның күнәсін енді тартып
жүрмін... Жауыңа деген сойылды дер кезінде соқпау — үлкен қылмыс! Енді міне
24
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
Жәнібектің басын қалай алудың жолын таба алмай, аңыс-аужайым азаптануда...
Ашық кетуге болмайды, қазір олар жағындағы ел аз емес. Әттең, әттең, сол бір сәт
қайта оралар ма еді! Апырай, сол жолы қолымдағы сойылымды бір сілтеуге
жүрегім қалай дауаламады екен. Дауалатуым керек-ақ еді».
Әбілқайыр ойына өлім жазасына бұйырмақ жігіті қайтадан түсті. «Иә, бұл жолы
тағы мен үкім айтуым керек. Айтпасқа амалым жоқ. Орда маңына топталған
Арғын, Қыпшақ арасындағы дау-жанжал бүгінгі күні осы жігіт арқылы шешілмек.
Егер бұл жігітті өлім жазасына бұйырсам, Қыпшақ қуанады. Босатсам Арғын мәз
болады... Қандай шешім алу керек? Орда бүтіндігі осы бір жігіттің тағдырымен
байланысты. Қастасқан Жәнібек, Керей, Абақтардың да күтіп отырғандары менің
шешімім, қандай үкім айту абзал?» Әбілқайыр терлеп кетті. Бір қара қазақтың
тағдырының өзіне осыншама салмақ салғанына таң қалды. Ал өткен заман
болса... «Иә, иә, Шыңғысхан бабамыз кезінде, бір адамның өмірі түгіл мың
адамның тіршілігі де ұлы ханның бір қабақ қаққанынан шешіліп жатпас па еді? Иә,
сөйтер еді-ау! Жоқ, Шыңғыс бабамды қойып, бертініректегі Мөңке ханның
тұсында да, бір кісінің тағдыры ешкімнің ойына ойран салмас еді!».
Оның есіне Мөңке ханды жерлеу жайындағы аңыз түсті.
Өзге жұртқа қарағанда монғол халқының өздерінің бекзадаларын жерлеуде
екі айрықша дәстүрі болған.
Бірі — қабірге өлген сұлтанымен бірге бекзаданың құлын салу дәстүрі. Терең
зираттың бір бүйірінен қуыс қазады. Оған өлікті түсіреді. Өліктің астына
бекзаданың тірі кезінде ең жақсы көрген құлын жатқызады. Құл бірнеше сағат
өліктің астында жатып тұншыға бастағанында оны бейіттен алып шығады. Есін
жиғаннан кейін, құлды өліктің астына қайта жатқызады. Осылай үш рет істейді.
Егер құл тірі қалса, оның сұрағанын беріп, құлдықтан біржолата босатады.
Монғолдардың түсінігі бойынша құл бекзадаға шын берілген адам болып шығады.
Қожасы өліп, құлы тірі қалғанда ол өмір-бақи қожасының бар күнәсін арқалап
өтеді-міс. Сондықтан оны тірі қалдырады. Астоданға салынған өліктің денесін
25
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
қуысқа тығады. Зираттың ішіне қазан толы ет, құмыра толы сүт қояды. Садақа етіп
көптеген күміс, алтын білезік, сақина, алқа тәрізді қымбат заттар қалдырады.
Бұндайда егер бекзада бай адам болса, алтын, гауһарлар зиратқа аянбай
салынады. Бекзаданың жанын қинауға келген періштелер алтынды алып, өлікке
тимей кетеді деп ойлайды монғолдар.
Екіншісі — қойылған бекзаданың зиратын тірі жан білмеуі керек. Бекзада
қойылғаннан кейін оның көрін білетін адамдар тегіс өлтіріледі, қабір үстінен үйірлі
жылқылар өткізіліп жер бетін теп-тегіс етеді.
Мұндағы ойлары — қабірге салынған асыл мүлікке қызығып бекзаданың
моласын қазып, өлік сүйегін қорлаудан сақтау ғана емес, монғолдардың басқа да
себептері бар. Римнің бір императоры «тарих менен басталады» деп өзінен бұрын
өткен, капитолияның астында саркофагта жатқан жиырма тоғыз императордың
бальзамдалған денелерін алып өртеп жіберген. Тірі кездерінде өшіккен
патшаларының сүйектерін өлгеннен кейін қазып алып қорлау, бөтен елдерде де
сан мәртебе кездескен. Мұндай сорақылық өткен замандарда жиі болып келген.
Ескі монғол заңы бұндайға орын бермеген. Тірі — өлі жаннан өшін алуға тиісті
емес. Сондықтан оның зиратының қай жерде екенін тірі жауы білмеуі керек.
Білетін құл өлтіріледі, зират үстінен жылқы айдалып қабір беті жермен-жексен
етіледі.
Бір мың екі жүз елу тоғызыншы жылы Қарақұрымдағы Шыңғыстың ұлы
тағында отырған Мөңке хан өлгенде, оның інілері Арық Бұғы, Құбылай
Құлағулардың әмірі бойынша осы ханды жерлеуге қатысқан он мың адам тегіс
бауыздалған. Ондағы ойлары — тірісінде қатігез болған ханның өлігінен Шың-
ғыстың өзге балаларының ұрпағы өшін алып жүрмесін деген және монғол хал-
қының отқа табынатын кездегі діни түсінігі бойынша бекзаданың жаны о дүние-
де тыныш серуен құруға тиісті-міс.
Інілерінің Мөңке ханды аталары Шыңғыстан да артық етіп былайша
дәріптеулерінде бұл екі салттан да басқа бір мақсат бар-ды. Ол мақсат — бүкіл
26
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
әлемге, қала берді өздерімен бақ күндес жауларына, он мың адам қаза тапқан
қанды қырғынмен сес көрсету болатын.
Сөйткен Шыңғысхан ұрпағынан шыққан Әбілқайыр хан болса, енді мынау, бір
жігіттің тағдырын шеше алмай жаураған торғайдай құты қашып тұр. «Бір
Шыңғыстан тараған екі ұрпақтың біреуі он мың адамды бауыздағанын мақтан
етеді, ал екіншісі бір адамды ажалға бере алмай, күні бойы әуре-сарсаң ойға
берілуде. Бұл қалай? Расымен-ақ бір кезде бүкіл дүниені тітіреткен айбынды
«әлем иесі» тұқымдарының уақтап кеткені ме? Солай тәрізді.
Әбілқайыр тағы да ауыр күрсінді. Расында да бұл оған Төле балаларының он
мың адамды құрбанға шалғанынан шешуі қиын кесік еді. Пышақ кесті үкімін
шығара алмай қиналуы да содан туған.
Қара қазақ жерін жаулап алған Шыңғыс балаларының арасы қым-қиғаш бір
тарих. Әбілқайырдың дағдаруының өзі де осыдан еді.
Үгедей балалары монғолдың өз жеріне Ұлы Ордаға ие болып қалғанда,
Жағатай балалары мен Төленің кіші ұлы Арық Бұғы осы күнгі Орта Азия өлкесі —
Жейхұн мен Сейхұн өзендерінің арасын — Мауреннахрдың бай алқабына ие
болған-ды. Ал Төленің екінші баласы Құбылай Қытай жерінің Солтүстігі мен Батыс
жағын жаулап алып, енді дені Дәшті Қыпшақ пен алан
1
1 әскерлерінің күштерімен
сол Қытайдың Оңтүстік жағын жаулауға кіріскен. Үшінші баласы Құлағу осы күнгі
Кавказ жерінің бүкіл Оңтүстік тұсын шауып, Иранды алып, енді сонау Египетке қол
соза бастаған-ды. Құлағуды жергілікті ел ықпалына түсіп кетпес үшін, будда
монахтары — ұйғырлардан, тібіттіктерден, қытайлықтардан құрылған кілең
сенімді адамдармен қоршаған. Бұлардың бәрі ұлы хан Мөңкенің қарамағында
болатын.
Үгедей, Жағатай, Төле балаларының басшылық саясаты қан төгіспен, бағынған
елді қыру, талаумен аяқталатын-ды. Қорқыту, қорғансыз елді тек найзаның
ұшымен, айбалтаның күшімен бағындыру — бұлардың негізгі саясаты еді.
1
Орыс пен Дәшті Қыпшақ жауынгерлерінен құрылған «әлен асы» атты әскер құрамасы.
27
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
Өртенген, қираған қала, құлазып бос қалған егін даласы, тау-тау болып үйілген
адам сүйегі, қашқан, босқан жұрт — міне, монғол қанды балақтарының бір
кездерде гүл-гүл жайнаған өлкелерге алып келген үлесі осы болатын...
Ал қазақ жеріне келген Жошы да осы саясаттан танбаған. Тек ойын орындау
тәсілі өзгеше еді.
Қият руының батыры Есугейден туған Шыңғысхан Қоңырат Дай-ноянның қызы
Бөртеден бес қыз, төрт ұл көрген. Солардың бір қыздан кейінгі ең үлкені Жошы.
Монғол ғұрпы бойынша өз руынан әйел алуға болмайды. Жігіт қалыңдықты басқа
рулардан, әсіресе нағашы жұртынан іздеуі керек. Осы дәстүрге қарап, Жошы да
өзінің заңды төрт қатынының үшеуін Қоңырат руынан алған. Үлкен бәйбішесі
Жүке-бегімнен үлкен баласы Орда, екінші әйелі Үкі-бегімнен Бату туған. Бұлар да
нағашы жұртынан бір-бір әйелден алған. Осылай атадан әкеге, әкеден балаға
ауысқан ғұрып бойынша Жошы ұрпағы Қоңырат руына күйеу жұрт боп кеткен. Ал
бір кезде Керулен, Онон, Орхон өзендерінің бойымен көшіп жүрген Найман,
Керей, Уақ рулары тәрізді монғол жеріндегі Қоңырат руы, енді бірінші боп Жошы
ұлысына кіреді. Бұның үстіне «Шыңғыс монғолда хандыққа таласып жүргенде,
Бөрте Керейдің бір батыр жігітімен көңілдес болған екен. Жошы содан туыпты»
деген де қауесет бар. Бұл қауесет қисынға да келетіндей. Оған дәлел: Шыңғысхан
енді өлетініне көзі жетіп, орнына Жошыны қоймақ боп бір мың екі жүз жиырма
алтыншы жылы Ұлы құрылтайды шақырғанында, монғол жыраулары хан алдында
«Жошыны қойма, ол сенің нәсілің емес», деп жыр айтады.
Осындай себептерімен Жошы Қоңырат, Керей руларын іштей қанап жатса да,
сырттай жақын ұстаған болып көрінеді...
Жоқ, қарамағындағы жұртты Жошы қандас болдым деп аяған емес. Оған
басқаратын, әмірін жүргізетін ел керек. Ал Дәшті Қыпшақ Жошы хандығының туын
тігетін негізгі жері болуға тиісті еді.
Демек, қазақ шежірелері Жошыны Шыңғыстың өзге балаларындай қанішер
атамайды. Жыр, аңыздарда кейде қаһарымен бірге сөзге тоқтайтын, ашуын
28
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
ақылға жеңгізе білетін адам етіп көрсетеді. Бұған «Ақсақ құлан — Жошы хан»
аңызы куә.
Қайткенмен де осы Жошы Жағатайдай басып алған елін құртып жіберуге
құштар болмаған. Оның бүйтпеске амалы да жоқ еді. Қазақ жерінде қалған
монғол басқыншылары сан жағынан жүздің біреуіндей-ақ аз-тұн. Шыңғысхан
жаулап алған жерінде төрт басына төрт ұлыс етіп бөлгенінде монғол әскерінен
әрқайсысына он санадан
1
бар бергені төрт мың әскер деген ақпар бар. Монғол
нояндары да, бір шелек суға салынған бір уыс тұздай қалың қазақтың арасына
кіріп біржолата оның тілін, дінін алып өздері де қазақ болып кетеді. Тек Шыңғыс
ұрпағымыз, төре тұқымымыз дегенді өздерінің үстемдігін қорғауға ғана
пайдаланады.
Тағы бір еске алатын жағдай: қазақ жерінде, Хорезм, Киев тәрізді үлкен
қалалар болмағандықтан, Жошы тұқымы қан жоса етіп алатын бекіністер де аз
еді. Дәшті Қыпшақ рулары да монғол тәрізді көшпелі жұрт, қашып жүріп, босып
жүріп соғысып өз теңдігін оңайға бермеді. Жошы ұрпағына бұнымен де санасуға
тура келді. Тиімді болса қазақтан қыз алып, қыз беріп кетуден де тайынбайды.
Осындай жағдайда Бату өзінің бір қызын Маңғыт жігітіне береді. Одан Ноғай
деген инал
2
туады. Ноғай асқан батыр, ақылды кісі болады. Хан тағына отыруға
хақы жоқ, әке жағынан Шыңғыс тұқымынан емес, бірақ Батухан өлген кезде оның
әскерін басқарады. Осы Ноғай қырық жылдай бүкіл Жошы тұқымына айтқанын
істеді. Алтын Орда хандарын өз қолымен отырғызып, өз қолымен алып тастай
алатын әмірші болады. Ақырында Алтын Ордаға Мөңке ханның бесінші баласы
Тоқтағу (қазақтар оны Тоқтайхан деп атаған) хан болады. Бұл кезде Ноғай
батырдың қартайған шағы. Жас ханмен кәрі тарлан айқаса кетеді. Дәшті Қыпшақ
елінің ру-руға бөлінген алауыздығын пайдаланып, Тоқтағу әскері Ноғайды жеңеді.
Ноғай он жеті нөкерімен Башқұрт жеріне қашады. Жолай оны Алтын Орда
1
Б і р с а н а д а — жүз адам.
2
И н а л — көне түркі тілі, шешесі хан тұқымынан, әкесі қара қазақтан шыққан кісі. Бұның да хан тұқымынан
шыққан ақсүйек адам екенін білдіріп, арнаулы «инал» деген ат берген.
29
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
қызметіндегі бір князьдің жауынгері ұстап алып өлтіреді. Басын Тоқтағуға әкеп
береді. Бірақ жауынгер қылығынан шошынған Тоқтағу «Қарапайым адам хан
тұқымына қол көтермес болар» деп өзінің басын алдыртады.
Хан атын алмағанмен, Ноғай Ұлы би аталған. Дәшті Қыпшақ жерінің батыс
бөлегі Ноғайлының хандығына айналады. Бұл хандықтың негізін қалаған Маңғыт
руы.
Әбілқайырдың да өзінің қол астындағы Арғын, Қыпшақ руларының белді
адамдарынан сескенуінің де бір себебі осында. Ноғай батыр секілді Ақжол бидің
де (бұл ел қойған аты, шын аты Дайырқожа) артында тұрған қалың Арғын елі бар.
Ал Майсара Қобыланды батырдың соңынан ерген Қызыл бас елін шауып, қисса
жырына айналған арғы бабасы Қара Қыпшақ Қобыландыдан қалған жау жүрек
бықыған айбарлы Қыпшақ жұрты тұр... Қайсысының сөзін жақтау керек. Бұдан
қиын хан басына сын бар ма?
«Жалғанда не қиын, қазақтың ру таласын шешу қиын. Бірақ оны шешудің
қандай қажеті бар? — Әбілқайыр хан мырс-мырс күлді. — Шыңғыс тұқымының
хан тағына осыншама ұзақ отыруының себебі де осында емес пе? Егер ру-ру боп
бөлінген бар қазақ бірігіп кетсе не болар еді? Жоқ-жоқ, бұл жұрт — абайлап
ұстамасаң қолыңды алып түсер қылшылдаған ұстара. Абайлап ұстаудың жалғыз
жолы — біріне-бірін бақтырып қою. Сонда ғана бұл өткір ұстара қауіпсіз».
Бұл — Әбілқайырдың ойы. Ал Жәнібек болса, осынау ру таласына өзгеше
қарайды. «Қазір Әбілқайыр қиын халде, — деп болжайды ол, — Ордасының да
айбары бұрынғыдай емес, жан-жағы түгел аш қасқырдай талауға әзір жаулары.
Оңтүстік-күнбатыс жағынан Қорасан қайтадан бас көтере бастады. Мауреннахр
бұқарасының да өшпендігі күшеюде. Ақсақ Темір ұрпақтары іштен тынып, сәтті
күнін күтіп отыр. Солтүстік-батыс тұсы да жауар күндей түнеріп тұр. Ал Еділ
өзенінің арғы бетіндегі Ноғай Ордасы күннен-күнге іргесін әрі салып бара жатыр,
достықтан қастық тілеуі басым. Ежелден бәсекелес жаулары Қазан мен Қырым
хандықтары да бел алып кеткендей. Астрахань сұлтандары Әбілқайырдан көрі,
30
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
соларға қарай иек артпақ... Бұның бәрі құр доңайбат емес, бір хандықты жүн етер
қаһар. Ал Алтын Орданың өзінің іші қалай? Жиди бастаған теріге ұқсас. Хан салған
алым-салықтың зардабына шыдай алмай әбден ауаланып алған. Күні бүгін
Әбілқайырдан бөлінгелі тұрған қазақ рулары аз емес... Тек солардың санын
көбейте түсу керек».
Жәнібек, қырға шыққан сайын, ел тауқыметін көріп, ордасына үнемі ренжіп
қайтатын. Әсіресе, өткен жылғы, бір оқиға сұлтанның көз алдынан кетпей-ақ
қойған. Ол аңнан келе жатып Әбілқайыр лашкерлері шауып кеткен бір ауылдың
үстінен шыққан. Шаңырағы күйрей жерге түскен үйлер... Ұлдары сойылға
жығылып, ботасы өлген інгендей боздаған аналар...
Жәнібекті таныған ақсақал:
— Шырағым, Жәнібек, — деген, — бөтен елдерді шабуға жігіттеріңді
бермедіңдер, мерзімінде алым-салықты төлемедіңдер деп ханның аш бөрілері
аулымызды шауып кетті. Еділ бойында да көрген күніміз осындай болатын.
Құтқара көр енді бізді бұл қорлықтан!
— Қалай құтқарам?! — деген Жәнібек.
— Әбілқайырдан бізді бөліп ал, — деп жауап қайырған қарт. — Өзгенің жер-
суына қызықпайтын, өз елінен жат жұрттай ауыр алым-салық салмайтын жеке
шаңырақ көтер.
Қытай мен Жоңғар жеріндегі рулар да осындай ой білдірген. Осының бәрінен
Жәнібек жеке хандық құрудың көптің арманы екенін және өз басының қамы мен
ел-жұрттың тілегінің сабақтаса бастағанын көптеп түсінген. Бұл — мұрат-
қа жетудің даңғыл жолы. Бүгін болмаса ертең шаруашылығы, жер-суы, әдет-
ғұрпы, тілі, тілегі бір Дәшті Қыпшақ даласының көп руының бір жеңнен қол, бір
жағадан бас шығарып, бір ел болып құралып, бір халыққа айналатынына шек
келтірмеген.
Осы себептен де Әбілқайыр хандығы — Алтын Ордаға бағынышты екі белді ру
— Арғын мен Қыпшақтың арасындағы дау, таластың өрши түсуінен қатты
31
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Әдеби KZ
үміттенген. Әбілқайырдың ойы, бұл рулардың бастарын біріктіртпей билеу болса,
Жәнібектің ойы Әбілқайырдың Ордасын құлату үшін сол рулардың арасындағы
Алтын Ордаға деген өшпенділік өрши түсуі керек. Ескі Орда таластан әлсіресе,
жаңа Орда тігудің жеңілге түсетініне ол күмән келтірмеген. «Қазақтың көшпелі
рулары алмас қылыш, — деп ойлаған сұлтан Жәнібек, — егер жұмсай білсең — ол
жауыңа айбар, жер-суыңа қорған. Қара халық өз бетімен бірімен бірі соғыспайды,
тыныштықты, достықты тілейді. Бар пәле бізде, хан, сұлтандарда. Қолыңдағы
осындай күшті аужайлап пайдалана алсаң, ойыңдағыдай хандықты құруға
болады. Ноғай, Қазан, Қырым, Астрахань хандары мен сұлтандары таламасын
десең, арғы жағыңдағы ұлы жұрт — орыс елімен тіл тауып, одақтасқан жөн. Бірақ
ондай күнге жету үшін ең алдымен Әбілқайыр Ордасынан бөліну қажет».
Ал Әбілқайыр Дәшті Қыпшақ хандығын күшейтудегі алғашқы күрестерінде
өзіне сенімді құрал еткен көшпелі рулардың қазір теріс қарай бастағанын тек
сұлтандардың қастандығынан көретін. Орынсыз соғыс-жорықтан, басқа елдерді
шабудан кешегі алмас қылыштың жүзі қайтып, іске алғысыз боп мұқалатынын
ұққысы келмейтін. «Жыланның үш кессе де кесірткелік қауқары бар, — деп
ойлайтын ол, — егер де сұлтандардың өшпенділігін жойсам, Алтын Орда әлі де
талай елді бағындыра алады. Тек соңыңнан ерген тобырды өткір қайрап жауыңа
сала біл! Аужарлық етпе!».
Әбілқайыр тағы ауыр күрсінді. «Тобыр! Бірақ сол тобырға ерік берсең, ол
қожасының да басын алатын қаһарлы күшке айналады... Ерік беріліп еді, Мысырға
құлдыққа сатылған Бейбарыс не істемеді? Атақты Құлағудың өзін Египет жерінен
қуды...».
Шыңғыс шапқыншылығы тегеурінді екпінімен қазақ руларының быж-тыжын
шығарды. Көпшілігі өз жерінде қалғанменен, бірталайлары басқа елдерге қашып,
жан сақтауға мәжбүр болды. Бір мың екі жүз қырық бірінші жылы Қыпшақтың
біраз ауылы бастығы Қотан хан болып мадиярлар жеріне ауып кетті. Бұларды
мадиярлардың королі қоныс беріп, алдарына мал салып жақсы қарсы алды. Бұған
32
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Достарыңызбен бөлісу: |