54
Шәкәрім өзінің “Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі”
атты кітабын 1911 жылы Орынборда өз қаражатымен шығарған.
Бұл жөнінде С.Мұқановқа жазған хатында да айтқан. Ал
осы шежіремен Сәбит Мұқанов жақсы таныс болған. Белгілі
әдебиетанушы, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов өзінің
“Шаһкәрім” атты мақаласында: “Сәбит Мұқанов “Жарқын
жұлдыздар” (1964) атты монографиясында Абайға арналған
бөлімінде Шаһкәрім шежіресіндегі тарихи мағлұматтарды
мол пайдаланған. Бірақ ешбір жерде Шаһкәрім шежіресі
аталмайды, шежіреге сілтеме жасалмайды” – деген. Содан
соң “Жарқын жұлдыздардың” 159, 166-167-беттеріндегі және
Шәкәрім шежіресінің 61-62, 44-беттеріндегі сәйкестіктерді
нақты мысалмен көрсеткен. Тек Сәбиттің ғана емес, Әлкей
Марғұланның да осы шежіреге сілтеме жасамай кітабында дайын
деректерді пайдаланғанын айтады. Мұның басты себебін – “кінә
тағылды, аты аталмайтын болды” деген пікір анықтап, дәлелдеп
тұр. Шежіреге сілтеме жасамаса да, С.Мұқанов “Жарқын
жұлдыздарда” әлгіндей деректерді пайдаланар алдында, мысалы:
“Арғын” деген аттың қайдан шыққаны туралы ғылымда мынадай
жорамал бар…” (159 б.) деп бастайды. “Ғылымда” деген сөз
әлдебір түпнұсқаға мегзеп тұрғаны анық. Ал оны нақты көрсете
алмауының себебін айттық.
Шәкәрім орыстың ұлы жазушысы Лев Толстоймен хат
жазысып, пікір алмасқанын Сәбетқазы Ақатай, Ғарифолла Есім,
Ғалым Боқаш, т.б. ғалым-зерттеушілер талдап-таразылап жүр.
Мынаған назар аударайықшы: “Үшінші сұрағыма Толстой: -
Жазушының артық қасиеті – өз қатесін көріп, оны түзей алуы.
Бұл әркімнің қолынан келе бермейді. “Біреудің қатесін біреу
көреді” деген бар. Бәрінен де адам өз қасиетін өзі түзегені артық.
Өз қатесін өзі түзей алатын қасиет адамның өз бойында бар. Ол
– адамға біткен ақ жүрек. Егер адам өзі істеген ісін, жазған сөзін
ақ жүрегіне сыната білсе, ақ жүректің нәзік сезімін ашып бере
алады. Ақыл толғауынан өткен қорытындыны жүрек елегінен
өткізу керек. Жүрек ықпалына беріліп дағдыланған адам өз
мінін де, біреудің мінін де көре алады. Сондықтан, әділ сыншың
– ақ жүрегің, - деп жауап берді. Осындай ақыл, кеңес берген
Толстойды мен ұстазым деп бағалап, ардақтаймын, – дейді
Шаһкәрім”
Осы өзінің қатесін өзі көріп, өзі түзететін қасиет – қазақ
жазушыларының ішінде Сәбит Мұқановқа ерекше тән. Бұған
сәбиттанушы ғалымдардың көптеген пікірлерінен дәлел келтіруге
болады. Ең берісі, Шәкәрімді ақтауға белсене атсалысуынан да
ақ жүректігі байқалып тұр ғой.
Шәкәрім 1912 жылы “Айқапта” (№5) білімділерге өтініш-хат
жариялайды. Бес сауалдың жауабын сұрайды. “Бес сауал мынау:
1. Алланың адамды жаратқандағы мақсұды не? 2. Адамға тіршілік
ең керегі не үшін? 3. Адамға өлген соң мейлі не жөнмен болсын
рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма? 4. Ең жақсы адам не қылған кісі?
5. Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма,
бұзылып бара жатыр ма? Қай түрлі жауап берсеңіз де дәлеліңіз
не? Шаһкарим Хұдайбердіоғлы.” Бұл сауалдардың әрқайсысына
жеке-жеке еңбек арнауға болады. Қазіргі кезде қазақ ғалымдары
арасында ондай ізденістер бар. Академик Ғарифолла Есім
өзінің “Шәкәрім” атты еңбегінде осы бес сауалдың да жауабын
іздейді. Толыққанды толғамдар жасайды. Ой тарқатады. Пікір
жарыстырады. Жауап демейді, “сауалға ізденіс” дейді. Мәселен:
“Байқап отырсақ, адам баласының жауапқа қанағаттанған кезі
болмаған. Бәрі уақытша. Сұрақтың жауабы дәл сәтінде дәлелді
болғанмен, заман оза, күндер өте сол дәлел дәлелсіздене бастап,
адамның күдік сезімін оятып, жаңа жауап іздеу басталады”, –
дейді философ-ғалым.
Шәкәрімнің бес сауалын тілге тиек етудегі мақсатымыз
– Сәбит Мұқановқа 1931 жылғы жазған хатында ол өзінің
кітаптары мен қолжазбаларын таныстырумен қоса, өзін мазалап
жүрген өзекті сауалдарды да, көзқарастарын да білдіреді.
Шәкәрімнің хаты былай жалғасады: “Бұлардан басқа да
аудармаларым, өлең, сөздерім бар, бірінші уақыт тығыз болып,
екінші қырық бес жасымнан бергі өлең, сөздерім философия
жағына салынып: об отвлеченного
вопроса объективное
рассуждение болғандықтан, үкімет басуға рұқсат қылмас және
бұл кезде халыққа тарату да лайықсыз ба деп жібермей қалдым.
Себебі: жан сыры, жаралыс сыры, дүниедегі тәмам шатақ діндер
туралы жазылған. Қырықтан аса бергенімде: Жан не? Дін не?
Барша әлем қалай жаралған, адамға жаратушы жағынан не
өзінің ар, нысабы жағынан салынған міндет бар ма? Болса ол не?
Адамда толық ерік бар ма? Жан өлген соң жоғалатын зат па? Адам
бұл өмірде не ғылған жөн? деген сияқты ылғый дене сезімімен
сезілмей іш жаққа: әдетіне, дініне, нанғанына, құмарына
бұрылмай ойлайтын ноқтасыз – таза ақылмен ғана білетін істер
туралы: дін ғалымы, ғылым ғалымы, ойшыл философтардың
бұл туралы жазған кітап, айтқан сөздерін өзімше сынға алып,
дұрысын алып, терісін тастап шығарған қорытындыларым еді.
Мен: пәлен пайғамбар, түгілен профессор айтты дегенге тоқтап
қалмаймын. Өз ақылым қабыл алмағанды кім айтса да теріс
көрем. Бірақ ақыл қабыл аларлық дәлел айтса ол кім болса да
бас ұрам. Мақтанып кеттім. Мақтан емес іздегенім, тамам адам
пайдасы болғандықтан, ақылым айтқан хақыйқатты айтпай тұра
алмаймын. Еріксізбін.”
Міне, С.Мұқановқа жазып отырған хатында Шәкәрім
өзінің білімділерге сонау 1912 жылы қойған сауалдарын басқа
бір қырынан алға тартады. Осы сауалдарға өзінің “философия
жағына салынып” жауаптар іздегенін де жасырмайды. Жан
сыры, жаралыс сыры, жаратушы міндеті, дін сыры, адамның
ары, әдеті, нанымы, құмары, нысабы, т.б. жөнінде “қырықтан
аса бергенінде” ой кешіп, Абай секілді дүние сырына үңілуге
бет бұрғанын ашық айтады. Шәкәрімнің ойшылдығы әлгі сұрақ-
сауалдарды қоюынан-ақ аңғарылады. Қ.Мұхаметхановтың:
“Шаһкәрім сыншыл еркін ойдың, өз сөзімен айтқанда, “ноқтасыз
ойдың”, “сау ақылдың” адамы” деуіне толық қосыламыз.
Шәкәрім арнайы оқу орындарында оқымаса да,
зерттеушілерінің пікір тоғыстыруынан аңғарылатындай, оның
ең үлкен мектебі – Абайдың мектебі екендігіне дау жоқ. Ол,
тіпті, қажылық сапармен екі рет Меккеге сапар шеккенде,
мұсылмандық парызын өтеумен қоса, ілім-білім жинап
қайтқандығын, Меккеден, Мәдинеден, Стамбұлдан, Парижден
қаншама кітаптар арқалап әкелгендігін шәкәрімтанушылар
салыстыра пайымдайды. Шәкәрімнің діни ұстанымдары,
философиялық көзқарастары енді зерттеле бастады. Сондықтан,
оның қазақ білімділеріне қойған сауалдары, Лев Толстойға қойған
сауалдары, С.Мұқановқа жазған хатындағы сұрақтар өзара
сабақтасып жатқандығын байқаймыз. Дала ойшылы оңашада,
елсізде, қалың жұрттан шеттеп, кеңестік өмір салттарын жан-
дүниесімен қабылдай алмай, саяқ ғұмыр кешіп жүрген кездерінде
қоғамның, адамның, жаратылыстың құпияларын өз бетінше
ашуға әрекет жасайды.
“Шәкәрімнің тағдыры нағыз кәсіби ойшылдың тағдыры.
“Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда” деп Абай ұстазы
айтқандай, ойшылдық еш адамға тыныштық, бейбіт-рахат өмір
әкелмеген, ойшылдық – рух мазасыздығынан туатын шексіз
талап. Біреулер айтады: ойшылдықтың негізі – білмекке құмарлық
деп, тегі, бұл толығымен қабылданатын шындық болмаса керек.
Білмекке құмарлық ғылым жолы, ойшылдық ғылымнан тыс,
бәлкім жоғары немесе сапалық ерекшелігі өзгеше. Ойшыл адам
тек біліп қана қойып, онымен қанағаттанбайды, ол білгенін
түсінікке айналдырумен харекеттенеді” – деп Ғ.Есім Шәкәрім
ойшылдығының терең сипатын аша түскен.
Шәкәрімнің хаты былай аяқталады: “Міне, осыны айтып
отырғанымда адамшылық арым: барша адам баласына пайдалы
деп 30 жыл инемен құдық қазып тапқан хақыйқатты неге жіберіп,
алдымен осыны басуын неге тіленбейсің деп еркімді билеп, “Жан
сыры, Жаралыс сыры” деген қысқаша қорытындымды тағы
жібердім. Әттең, дүние, осыны құры қазақша ғана басып қоймай,
орысшаға да жақсы переводпен (смыслен.) переводтап, ғылымды
азаматтың бірі еңбек етіп, переводын өзіме көрсетер ме еді?
Қазақшасы тез басылып шығар ма еді? Тірі күнімде не қарсы
айтылған дәлелді сындарын, не білімді ойшылдардың қабыл
алғанын біліп өлсем армансыз болар едім. Бұл “Жан сыры”,
“Жаралыс сыры” басылмайтын болса, тез қайтарғаныңызды
55
өтінемін. Лажы болса, қолжазбаларымның бәрін қайтарып
отырарсыз. Тағы бір тілегім: менің қай жазбам басылса да,
басылысымен баспахана қаражатымен маған әрқайсысынан елу
данасын жіберсеңіз екен. Балаларыма, достарыма мирас деп беру
үшін. Қайсысы басылса да Мұтылған деген атыммен басылғаны
жөн болар еді. Бір сөзім: менің кейбір өлеңдерім қазақтың
бұрынғы өлең, жырларының әнімен айтылмайды, әрқайсысының
өзім шығарған әні (матифы) бар. Әнді хатпен ұғындыруға
болмайды. Өзім барып ұғындыруға, жергілікті үкімет басындағы
кейбіреулердің қараңғылығынан қолда қаражат, баста бостандық
қалмай тұр. Хош! Бақытты болыңыз! Мұтылған.”
Лев Толстой елуден асқан шағында “Жан сыры” және “Менің
дінім қайсы?” дейтін ой-толғауларын жазған екен. Шәкәрім де
өзінің ғұмырының соңғы отыз жылын тұтастай дерлік дүние
сырын ұғуға арнағанын екпін түсіре ескертуінде үлкен гәп
жатыр. Енді сол еңбегінің тасқа басылып, жарық көргенін
армандайды. Өзінің 8 айлық қана көрер жарығы барын сезгендей,
“тірі күнімде”, “біліп өлсем” деген сөз тіркестерін қолданыпты.
“Баста бостандық қалмай тұр” деуінен қауіп ойлап, алаң көңіл
бола бастағаны да байқалады. Шәкәрім “Мұтылған” – яғни
“Ұмытылған” деген әдеби бүркеншік атты таңдауында да терең
астар бар. Бірақ, ол ұмытылған жоқ, ұмытылмайды да.
“Шәкәрімнің мейір мен зорлық, әділет пен зұлымдық, ғылым
мен мораль, адам мен заман туралы толғаныстары екі ғасыр
шегіндегі қазақ қоғамдық ойының марқайған қалпын, бүкіл
Түркістан өңіріндегі алдыңғы қатарлы, биік өресін айғақтаса
керек”, –
дейді көрнекті жазушы, ғалым Мұхтар Мағауин.
Елсіздегі Саятқорадан жолданған хаттан суыртпақталған
сыр сорабы тармақталып барып, Шәкәрім мен Сәбит
қарым-қатынастарын
жаңаша
байыптауға
ұласатынын
байқаймыз.
С. Мұқановтың мұражай қорындағы аталған хат, фотосурет
және кітап Шәкәрімнен қалған жәдігерлер ретінде аса бағалы,
құнды.
2. ШОҚАН ШЫҚҚАН ШЫҢ
Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың музей-үйінде
келушілердің назарын ерекше аударатын бір жәдігерлік бар. Ол
– қазақтың ұлы ғалымы – шығыстанушы, ағартушы, саяхатшы,
этнограф Шоқан Уәлихановтың бәкісі. Иә, ұшы сынған, жүзін тот
басқан, сабы перламутрмен қапталған, сабының жоғарғы жағы
металлмен өрнектелген, үш жерден ұсақ шегемен бекітілген,
ұзындығы 17 см., ені 1 см., көнерген кіп-кішкентай бәкі. «Бұл
бәкі мұнда қалай келген?» деп сұрайды музейге келушілер
көбінесе...
Академик-жазушы
Сәбит Мұқанов Шоқан
Шыңғысұлының өмірі
мен шығармашылығын
зерттеуге бүкіл саналы
ғұмырын арнаған. Ол ел
ішінде Шоқанның ата-
бабаларының шежіресін
таратып, арғы Абылай,
бергі Уәли, Шыңғыс
туралы айтылатын аңызға
бергісіз әңгімелерге де
жасынан құлағдар болып
өскен.
Ш.Уәлиханов
туралы
«Ариадна
арқауы» атты алғашқы
пьесасы 1945 жылы
Мәскеу-Ленинградтың
«Искусство» баспасынан
жарық көрген. Орыс
тіліне
аударған
В.Шкловский.
Пьеса
1953 жылы «Шоқан
Уәлиханов» деген атпен жаңадан жазылған. Н.Погодин атындағы
Солтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры «Шоқан
Уәлиханов» спектаклін Мәскеудегі Кіші театр сахнасында да
көрсеткен. Республика театрларының репертуарларына еніп, көп
жылдар бойы қайталана қойылып келді. С.Мұқанов Шоқанның
өмірі мен шығармашылығын талдаған ғылыми зерттеу еңбегін
(«Шоқан Уәлиханов») 1962 жылдың 1 тамыз – 2 қарашасы
аралығында жазып шыққан. Кейін Шоқан мен Абай туралы
монографияларын жинақтап, «Жарқын жұлдыздар» деген атпен
жарық көрген бұл бағалы зерттеу еңбегі (1964ж.) Қазақ КСР
Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығын
да иеленген (1967ж.).
Музей кешенінің қорында Сәбеңнің Шота Уәлихановтың
әкесі Ыдырысқа жазған хатының көшірмесі сақталған. Енді
содан үзінді келтірейік: «... Шоқан туралы: халыққа адал атқарған
еңбек өлмек емес қой, әсіресе, біздің елде. Шоқанды көбірек
зерттеп жүрген адамның бірі менмін. Бірақ, ол туралы әлі үлкен
еңбек жаза алған жоқпын. Жазылған біраз мақалаларымды,
Москвада орыс тілінде шыққан «Нить Ариадны» атты пьесамды
Шоқанның зор образына лайықты киім демеймін. Бірақ
олармен тынып отырған мен жоқ. Ойым – үлкен романда. Оған
біраз материалдарым бар, бірақ жеткіліксіз. Жеткізу үшін: 1)
Шоқанның туып-өскен жерлерін аралауым керек. 2) Омбы
архивінде біраз отыруым керек. 3) Қашқарияға барып қайтуым
керек. Осы үшеуінің алғашқы екеуіне өткен жаз аттанам ба деп
ем, қол тимеді. Ойым сізді де көру, кеңесу еді. Енді тіршілік
болса, алдағы жазға жиналам. Ол-пұлдарды сұрап (Шоқанға
байланысты) сізді әурелегім келеді де, сұрайтындарымды
хатқа сыйғыза алмаймын. Осында алдыртуды да ойлаймын.
Академияға бұл жөнінде сөйлесіп те жүрмін., нәтижесін
хабарлаймын. Жалпы хатпен хабарласып тұрайық, ағай! Інілік
сәлеммен – Сәбит Мұқанов 30. 10. 1948 жыл. Алматы».
Бұл хат Сәбеңнің ішкі сырын сыртқа жайып салып тұр ғой.
Шоқан туралы роман жазуды әу бастан-ақ ойға алғандығына
бұл да дәлел. Ал Ыдырыс Уәлихановпен Сәбең жолығысқан,
әңгімелескен, Шоқан туралы көп деректер алған.
С.Мұқанов
Мәскеудің,
Ленинградтың,
Омбының,
Алматының мұрағаттарынан Ш.Уәлихановқа қатысты мол
мағлұмат жинақтаған. Шоқанның күнделіктеріне шолу жасай
отырып жазған дәптерінің көшірмесі де Музей кешені қорында
сақтаулы. Бұл жөнінде: «Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов»
пьесасы драма театрында қойылатын болып, Шоқан рөлін ойнау
міндеті маған жүктелді, – деп еске алады Қазақстанның халық
артисі Нұрмұқан Жантөрин, – Сәбең мені ертіп, үйіне әкелді.
Өзінің жұмыс кабинетіне өткізді де, шкаф тартпасынан бір
қолжазба шығарды. Соны маған ұсынып тұрып: – Мынаны қазір
осы кабинеттен шықпай оқы. Бітірген соң сөйлесеміз! – деді.
Бұл он сегіз жасар Шоқанның күнделігі екен. Мен құныға оқып
шықтым». (Кітапта: «Кәдімгі Сәбит Мұқанов. Естеліктер кітабы.
– Алматы: Жазушы. 1984 – 392б.).
Осыған сабақтастыра өрбітер ойды қазақ театр өнерінің
негізін қалаушылардың бірі, халық артисі Қапан Бадыров жазып
қалдырыпты: «Сәбит Мұқановтың драмалық шығармалары
негізінде қойылған құнды спектакльдің бірі – «Шоқан
Уәлиханов». Спектакльде жұртшылық сүйіп қарайтын, жақсы
бейнеленген – Нұрмұқан Жантөрин ойнаған Шоқан рөлі. ... Біз
актер Нұрмұқанның өнер жолында бағын ашқан рөль – осы Шоқан
деп танимыз. ... 1956 жылғы май айында «Шоқан Уәлихановтың»
премьерасы болды. Театрға жұртшылық тарапынан ризалық
пікірлер, зор алғыстар айтылып, спектакль қабылданды. «Шоқан
Уәлиханов» пьесасы қазақ драматургиясында классикалық
шығарманың бірі болып қалды. Қажырлы еңбек, жігерлі
шабытпен жазылған Шоқан образын сахнадан көріп, Сәбеңнің
қатты қуанғанын білеміз. «Шоқаным қайта туғандай болды-
ау! – деп шаттанатын Сәбит аға» (Кітапта: «С. Мұқанов туралы
естеліктер». Астана, Елорда. 2001. – 480 б.).
«Жол таптым бар қазақтың жүрегіне» деп батыл байлам
жасаған Сәбит Мұқанов шығармашылық жолының үлкен бір
асуын Шоқан өмірінен көркем роман-тетралогия жазуға арнайды.
«Аққан жұлдыз» деп аталған бұл роман-тетралогияның екі кітабы
ғана жарық көріп (1967, 1970ж.ж.), үшінші кітабын бастаған