Берік Аташ, Қуаныш Әлжан ҒҰмар қараш алматы



Pdf көрінісі
бет12/34
Дата03.03.2017
өлшемі2,54 Mb.
#6482
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   34

3. Пайымды ойтолғамдар
кей  жағдайда  ақсүйектікке  қарсы  қойылатын  кемсітушілік 
мағынасынан  гөрі  «жалпы  халық»  деген  де  ұғымды  білдіретін 
және рәміздік мағынасында «көп», яғни, «көпшілік» деген түсінікті 
де жамайтын түсінік. Ендеше, екі ел – зиялыларымен қоса, тұтас 
халқының да ұраны бір деген ойды толғайды. Әрине, қазақтарда 
тұтас халық емес, негізінен әрбір рудың ұраны бөлек-бөлек, олар да 
бір емес, бірақ бұл жердегі Ғұмар Қараштың саяси-психологиялық 
түйіні  –  қазақтың  «ұраны  бір»  деген  философиясы  арқылы  екі 
халық арасында бауырмалдық сезімін оятуды ниеттейді. Әрі қарай 
ойшылдың философиясы тереңдей түседі: 
«Қала-еке, тең бауырды жұтам деме, 
Теңдіксіз сақау күйде тұтам деме.
Бүйректен сирақ шықпай, қоңсы қонып, 
Айрылса-ақ кеңінен ұтам деме.
Дала-еке, сен де сұмдық бастай берме, 
Бір туған дос қаланы тастай көрме.
Түндігім күнбатыстан ашулы деп, 
Шамыңды түнге жаққан тастай көрме.
Қашаннан бірің қала, бірің дала, 
Емшектес егіз өскен екі бала. 
Жүре бер, абыз аға, қатар түзеп
Гүлденер тұрмыс сонда ғана».
Бұл тұста ақын қазақ халқын – далаға, татар халқын – қалаға 
теңейді. Шындығында, сол дәуірде көшпелілік өмірді әлі де сақтап 
келе жатқан қазақ халқы дала архетипіне сәйкестенсе, бұрынырақ 
отырықшы  өмірге  көшіп,  қала  салып,  қазақпен  салыстырғанда 
орнығып  қалған  татар  жұрты  «қала»  деген  атаумен  беруге 
лайықтандырылған  болып  шығады.  «Қашаннан  бірің  қала,  бірің 
дала»  деген  шендестіруі  тұтастай  екі  халықтың  өмір  салтына 
байланысты  ажыратылған  дихотомия  десе  де  болады.  Ендеше, 
бірінші  шумақтың  бастауындағы  «Қала-еке»  татарларға  қарата 
айтылғандықты  білдірсе,  екінші  шумақтың  бірінші  жолындағы 
«Дала-еке» деп басталатын бірінші сөз қазақтарға қарата айтылған. 

128
Ғұмар Қараш
Яғни, ақын бұларды бөле жармай, екеуіне де бірдей және кезекпен 
үн қатады. 
Әрі  қарай  ойшыл  «тең  бауырды  жұтам  деме»  деп  өз  ойын 
батылырақ  жеткізеді.  «Татарлар  сіздер  үшін,  қазақтар  тек  қана 
бауыр  емес,  терезесі  тең,  яғни,  саяси-әлеуметтік,  мәдени-рухани 
жағынан  алғанда  да,  өзара  деңгейлес,  аға-інілік  тұрпатты,  ұлы-
құлылық  қатынаста  емес»  дегенді  білдіреді.  Сонымен  қатар, 
бұл  сөздердің  мәтін  астарында  өз  елінің  рухын  түсірмейтін 
психологиялық келісімпаздықты басшылыққа ала отырып, аз-мұз 
айбат көрсету де жоқ емес. Екінші шумақты қазақтарға арнайды: 
бауыр сөзінің орнына «бір туған» деген тіркесті қолдану арқылы, 
олардың да ішкі бауырмалдық сезімін оятуды көздейді. Ақын «Дос 
қала» деп сабақтайды, демек, қаланың өзі татарлармен, татарлардың 
өзі даламен теңескен, ол қазақтармен дос дегенді меңзей келе, бұл 
тұста  да  батыл  пікірлерін  тиянақтайды:  «Түндігім  күн  батыстан 
ашулы». Бұл тұстағы күнбатысы Ресей мен Еуропа мемлекеттері 
болса керек, түндігінің ашулы күйі – тек ақпараттық қана емес, игі 
істер, қорғаныс, мәдениет пен өркениеттің келіп құйылар арнасы 
іспетті тетік деген пайымдауды рәміздік түрде беретін таза ұлттық 
философиялық  ойтолғамның  көрінісі  және  поэтикалық  шеберлік 
деп айта аламыз. 
Ал «Түнде жаққан шам» ауыспалы мағынасында қолданылған, 
ХІХ  ғасырдағы  діни  ағартушылық  қызметте  белсенді  ықпал 
еткен  және  қазақ  жастарының  білім  алуына  жәрдемдескен,  оқу 
орындарына  қабылдаған  татарстанның  халқы  дегенге  келіп 
саяды.  Яғни,  өркениетке  қол  жеткізгеннен  кейін  де  сол  жұртты, 
сол халықты ұмытпа деген сияқты өсиетнаманың лебі байқалады. 
Келесі  кезекте  ақын  өзгелерге  сәл-пәл  кішіпейілділік  танытады: 
«Жүре бер, абыз аға қатар түзеп». 
Бұл жердегі қала мен даланың қатар қойылуының екінші бір  қы-
ры – Н.  Бердяев, О. Шпенглер сынды ойшылдардың көзқарастарына 
сәйкес,  өркениет  пен  мәдениет  айырмашылықтарының  көрінісі 
түрінде  белгіленген.  Татарлар  өркениетке,  қалаға,  еуропалық 
үлгідегі ағартуға, егін шаруашылығын қолға алуға бет түзегендер 
болса, қазақтар көшпелі өмір салты мен дәстүрлі ауызша біліммен 
қаруланған  ұлттық  мәдениеттің  шынайы  келбетін  паш  етіп  тұр. 

129
3. Пайымды ойтолғамдар
Шындығында  да,  өркениет  пен  мәдениеттің  үйлесімділігі  мен 
бірлігі,  бірін-бірі  қарсы  қою  арқылы  күресуші  жақтар  емес, 
керісінше  өзара  үндестік  бойынша  өрлеуді  білдіретін  дамудың 
үздік нұсқасы болуы шарт. 
Бұл  нұсқа  шығыс  елдері,  оның  ішінде  Қазақ  Елі  де  қолдайтын 
барынша  жетілген,  адамзат  өркениетінің  мәңгілік  өрлеуі  үшін  де 
қажетті  парадигма  болып  отыр.  ХХ  ғасырдың  орта  шенінен  бастап 
қарқынды  дамып  келе  жатқан,  дәстүршілдік  пен  жаңашылдықты 
бітістірген Жапония мемлекеті бұл нұсқаның барынша айқын үлгісіне 
айналды.  Демек,  дала  мен  қаланың  бірлігі  тек  сол  дәуір  үшін  ғана 
емес, бүгінгі Қазақ Елі үшін де болашаққа бой сермеудің игі қадамы 
болмақ және әзірге одан басқа жол жоқ екендігі де баршаға аян.
Әрі қарай ақынның ойтолғамдары екі халықтың бауырластығы 
мен  мүдде  бірлігінің  тек  саяси  ғана  емес,  табиғи  объективті 
жағдайларын да сипаттап көрсетуге арналады: 
Екі жол екі тұстан жосылып тұр, 
Шықпай-ақ көрінім жер қосылып тұр.
Бір түптен екі бұтақ өскен жоқ па?
Шет көріп несін мұның шошынып тұр.
«Көрінім жердің қосылып тұрғандығы» географиялық жағынан 
да  жақын  шекаралас  екендігі,  шекаралас  жолдардың  екеуіне 
ортақ  жүретіндігі  туралы  ойды  білдіреді  де,  «көршілестіктің» 
өзі  олардың  мәдени-әлеуметтік  жағынан  да  сұхбаттастығына 
себепші  болатындығын  толғайды.  Сондықтан,  да  қазақ  балалары 
Ресейдің  басқа  шалғай  қалаларына  бармай,  Уфа,  Қазан  сияқты 
географиялық  орналасуы  бойынша  да  жақын  тұрған  қалалардан 
білім  алып  отырған.  Тарихқа  көз  жіберсек,  бүгінгі  ақпараттық-
виртуальді қоғамға дейін географиялық жағынан көрші және жақын 
орналасқан  мемлекеттер  мен  ұлыстар  арасында  мәдени-рухани 
байланыстар ерікті-еріксіз түрде орнағандығының куәсі боламыз. 
Бұл әсіресе, дін, ғылым, өнер сияқты арналарда анық байқалады. 
Ендеше,  қазақ-татар  мәдени-рухани  сұхбаттастығы  өздігінен 
біртіндеп  жүзеге  асып  отырған  шақта,  достық-ынтымақтастық 
байланысты орнықтыру және оны күшейте түсу заман талабы. 

130
Ғұмар Қараш
«Бір түптен екі бұтақ өскен жоқ па?», – деп түркілік қандастық 
бірлік  идеясын  қозғауы  Ғұмар  Қараштың  эволюциялық  дамудың 
дифференциациялануы (жіктелуі) үлгісінен де хабардар екендігін 
көрсетеді.  Мысалы,  бүгінгі  күнгі  біз  бейнелік  түрде  нұсқасын 
ұсынып  (модельдеп)  жүрген  Түркі  тілдерінің  генеалогиясының 
жалпы  картасын  терекке  ұқсатып  көркемдеуіміз  бір  қырынан 
алғанда формальді логикадағы конструкция, дифференциацияның 
бірден-бір  мінсіз  үлгісі.  «Терек»  дамудың  барынша  әмбебап 
конструкциясы,  сондықтан  да  ол  әлемдік  мистерияда  бүкіл 
ғаламның  үлгісі  (моделі)  болып  есептеледі.  Тұтас  дүниенің  әу 
баста бір негізден тарағандығы, оның төменгі, бастапқы, орталық 
діңгегіне сәйкестенеді, яғни, субстанция, ал бұтақтары және оның 
таралуы  барлық  заттар  мен  құбылыстардың  бір-бірінен  туындап, 
түпкі байланыстар арқылы өрбіп отырғандығын паш етеді. 
Олай  болса,  түркі  халықтарының  таралуы,  қазақтардағы 
шежіренің  тұтас  жүйесі,  түркілік  тілдердің  шығу  тегі  мен 
дамуы  т.б.  барлығы  қазіргі  кезде  көркемдік-бейнелік  түрде  осы 
«терек»  үлгісінде  ықшамдалған,  жүйеленген,  ыңғайластырылған. 
Түркі халқы тек татар мен қазақ емес, олар көп, бұдан бұл екеуі 
теректің  көптеген  бұтақтарының  бір  жұбы  іспетті  екендігін 
орнықты пайымдаған ақынның логикалық кескіндемесі өте шебер 
айшықталғандығын  көре  аламыз.  Бұл  –  жай  ғана  құрылым  емес, 
түпмәні  жалпы  түркілік  идеяға  келіп  тоғысады.  Ойшыл  осындай 
түркілік бірлік пен ынтымақтастықтың, әсіресе, патшалық Ресейдің 
қол астында тұрғанда аса қажеттігін де терең түйсінген сыңайлы. 
ХV–ХІХ  ғасырларда  патшалық  Ресейдің  империялық 
саясатымен  жойылып  кеткен  түркі  жұрттарын:  Сібір  (Көшім) 
хандығы, Қазан хандығы, Ноғай ордасы т.б. білімді-сауатты Ғұмар 
Қараштың білмеуі мүмкін емес десе де болады. Сондықтан, түркі 
халықтарына  бағытталған  шабуылшыл  және  құртушы  саяси  күш 
әлі де қауіпті екендігін ақын іші сезеді, олай болса, түбінде саяси 
тұтастыққа  айналуы  тиіс  рухани-мәдени,  достық-ынтымақтастық 
бірлік сол дәуір үшін аса өзекті болғандығы түсінікті жайт. Ендеше, 
ХХ  ғасыр  басындағы  Алашордашылар  бастаған  жалпытүркілік 
идея да осындай бастапқы-қозғаушы ойлардан туындаған деп айта 
аламыз. 

131
3. Пайымды ойтолғамдар
Шындығында,  Ғұмар  Қараш  мәселелік  алаңға  шығарған  бұл 
идея  дәл  бүгінгі  күні  де  көкейкестілігін  жойған  жоқ,  сондықтан
ақынның бұл жердегі саясат философиясы бізге неғұрлым түсінікті. 
Ақын  бұл  өлеңінің  соңғы  шумақтарында  тек  ынтымақтастық 
қана емес, бірігу идеясын паш етеді: «Біріксе жөней барар айқын 
жолда, жарық таң алдарынан жайнап атар». Демек, «Бауырластық-
достық-бірлік» үштігін (триадасын) ұсынғандығын байқай аламыз. 
Бірінші  бауырластықты  сөз  етіп,  екінші  достық  қатынаста  болу 
қажеттігін  айта  келе,  үшінші  бірлік  идеясын  қозғаған  ақынның 
философиясы, сәйкесінше, «биологиялық-рухани-саяси» түзілімді 
паш етіп тұр. Бұл теорияның іске асқан жағдайдағы практикалық 
нәтижесі – автордың сөзімен айтқанда, «жарық таңның алдарынан 
жайнап  атуы»,  яғни,  жарқын  болашақ  деген  тұжырымды  береді. 
Мұның үштік сипатын, үшеуінің бірлігін ақын қайтадан былайша 
дәйектеп қояды: «Бір жүріп, қол ұстасып, сапар шексе, Бауырлас 
жақындықтың дәмін татар». Автордың бұл тұстағы философиялық 
түйіні нақты: «Қол ұстасу» (саяси) бірлігі «бауырлас жақындықтың» 
(биологиялық) шынайы мағынасын ашады.
Өлең  1916  жылы  жарыққа  шыққандықтан,  сол  бір  жылдары 
ақын  діни  ағартушы  болғандықтан,  жеке  адамдар  арасындағы 
моральдік қатынастарды негіздейтін ислам қағидаттарын жалпылап, 
бейбітшілік  пен  ынтымақтастық  идеясын  жалпыадамзаттық 
деңгейге дейін кеңейтуге ұмтылыс жасаған деп те айта аламыз. 
Бұл ұстаным отандық ғалымдардың негіздеуімен қазіргі кезде 
де өзара түсіністік философиясы ретінде көрініс тауып келеді [86, 
240–340  бб.].  Жалпы  алғанда,  бұл  туынды  –  сарыуайымшылдық 
емес,  оптимистік  бағдарлы  және  жігер  мен  шабыт  тудыратын 
болашаққа  сенімділікті  жариялайды:  «Гүлденер  тұрмыс  сонда 
ғана», «Жарық таң алдарынан жайнап атар» т.б. Бұл – сол кездегі 
қиыншылық  жағдай  мен  ауыр  тұрмыс  тауқыметінен  шаршаған 
халық  үшін  қуат  беруші,  үміттендіруші  түрткілер  еді.  Негізінен, 
ақын  шығармашылығына  тереңірек  бойлаған  сайын,  оның 
философиялық  ойтолғамдары  түгелге  дерлік  оптимистік  бағытта 
екендігін аңғара аламыз. 
Сондай-ақ  «Екі  бауырға»  атты  толғаудың  кең  философиялық 
мазмұнымен  қатар,  оның  ықшамдалған  мағынасы  бар  екендігін, 

132
Ғұмар Қараш
керісінше, ол екі ұлтқа емес, екі адамға арналғандығын ұсынатын 
көзқарастар  да  кездеседі.  Бұл  ойды  жеткізуші  туындының  шығу 
тегінің  қате  түсіндіріліп  жүргендігін,  шындығында,  ол  –  өзінің 
облысында,  яғни,  Батыс  Қазақстан  аумағында,  Темеш  және 
Құмаш деген екі атасына байланысты айтылғандығын, «Түндігім 
Күнбатыстан  ашулы  деп»  дегені  ол  Құмаш  атанған  туған  жер 
екенін,  «Абыз-аға»  дегені  сол  кездегі  аймақта  мектеп  ашқанда 
көмек  қолын  созған  Жарқаш  ата  деп  аталған  тарихтағы  болған 
адам деп тұжырымдап, басқа да осы сияқты айғақтарды мысалға 
ала отырып өз пікірін басқаша дәйектейді [87, 4 б.]. 
Ғұмар  Қараштың  «Екі  бауырға»  атты  өлеңі  біріншіден, 
ынтымақтастық қатынасты негіздейтін саясат философиясы және 
екі жаққа қарата қатар айтылғандықтан, ресми емес түрде бекітілген 
өзара ынтымақтастық туралы пакеттің жобасы немесе ресмиленген 
құжатқа алып баратын бастапқы халықшылдық дайындық десе де 
болады, екіншіден, түркішілдік-мұсылмандық идеясын негіздейтін 
ресми  емес  бірлік  «тұжырымдамасының»  поэтикалық  үндеуі, 
үшіншіден,  ел-жұртқа  үміт  пен  болашаққа  сенімділік  туғызатын 
психологиялық  көтермелеу,  төртіншіден,  мәдениет  пен  өркениет, 
дала  мен  қала  туралы  мәдени  антропологиялық  көзқарас  және 
өркениетке  ұмтылуды  қолдайтын  өзіндік  таным  парадигмасы, 
төртіншіден,  ел  ішіндегі  бауырмалдық  пен  туысқандықты 
негіздейтін этикалық ілім де болып табылады. 
Қоғам  өмірінің  өзекті  мәселелерін,  оның  кемшін  тұстары 
мен жетістіктерін көре білген Ғұмар Қараш өзінің философиялық 
ойтолғамдарын әлеуметтік философия бағдарына қарай бұрады. Ол 
келесі кезекте, қазақ халқының дүниетанымындағы категория деп те 
атауға болатын «заман» ұғымын нысанаға алады. «Заман» – Ғұмар 
Қараш идеяларында кең толғанған көріністердің бірі. Сондықтан 
оның  кейіннен  жарыққа  жинақталып  шыққан  шығармаларының 
жинағы  да  «Замана»  деп  аталған.  Тарихилық  тұрғыдан  алғанда, 
«Заман» ұғымы – Асан қайғы дәуірінен бастау алып, бүгінгі күнге 
дейін  жалғасын  тауып  келе  жатқан  кең  философиялық  категория 
десе де болады. Оның заман туралы толғаныстарының мағынасын 
кеңірек  ашу  үшін  алдымен,  біз  осы  мәселенің  тарихи  және 
теориялық жақтарына қысқаша тоқталып өтуіміз қажет.

133
3. Пайымды ойтолғамдар
Халқымызда  «заман»  түсінігі  оптимистік  (жаңа  заман, 
қой  үстіне  бозторғай  жұмыртқалаған  заман),  пессимистік  (зар 
заман,  ақыр  заман)  және  бейтарап  (заман  өзгерді)  жазықтықта 
түсіндіріледі. Олай болса біз «Заман дегеніміз – тарихи-әлеуметтік 
шындықтың  сол  дәуірдегі  тұрмыстық-өмірмәнділік  жалпы 
сипатының концептуалдық көрінісін беретін ұлттық пайымдаудағы 
философиялық  ұғым  (категория)»,  –  деп  анықтама  беруімізге 
болады. 
Асан  Қайғының  заман  ұғымының  бір  қыры  –  «ақыр  заман 
формасында»  пессимистік  сипатта  жарияланады.  Бұл  түсінік 
кейіннен  зар  заман  ақындарымен  жалғасын  тауып  (Заман  ақыр 
болғанда),  Абайға  дейін  сабақтасып  (Ақыр  заман  жастары, 
қосылмас  ешбір  бастары),  Мағжан  сынды  ақындарымызбен 
тұжырымдалып  отырылды.  Халқымыздың  дүниетанымындағы 
ақыр  заман  деген  түсініктің  мағынасы  –  қазіргі  діни  танымдағы 
адамзаттың  сөзсіз  құритындығы  туралы  апокалипсис,  дүниенің 
қирайтындығы  хақындағы  катаклизм,  тұңғиық  үмітсіз  құлдырау 
емес, көшпелілік өркениеттің қасіретті ақырының келіп жететіндігі 
мен  ұлттық  құндылықтардың  орнын  батыстық  құндылықтардың 
кейбір  жағымсыз  жақтары  алмастырып,  тұрмыс  пен  таным-
түсініктің өзгеруінің келеңсіз көріністерінің белең алуы туралы. 
Осындай  заман  туралы  қайғылылық  толғаныс  Асан 
Сәбитұлының  дүниетанымындағы  орталық  түсініктердің  біріне 
айналған. Өткен мен сол дәуірдегі заманның жалпылама келбетін 
терең  меңгерген  Асан  қайғы  –  халқының  тыныс-тіршілігін 
байыпты тұрғыдан таразылайды – келешекке үңіледі – өз халқының 
болашағына  күйзеліспен  қарайды:  «Әй,  Жәнібек  ойласаң,  Қилы-
қилы заман болар, Суда жүрген ақ шортан қарағай басын шалар, 
Балшықтан үй болар, Сиыр малы пұл болар, Шай деген ас болар, 
Шай асынан бермесе, Екі үйлі жан бірімен-бірі қас болар».
Жоғарыдағы, оның толғауына назар салсақ, болжау үлгілерінің 
бәрі бүгінгі шындыққа жанасады, бірақ «Шортан қарағай басын әлі 
шалған жоқ». Бүгінгі замандағы адам сенбес оқиғалар, логикамен 
түсіндірілмейтін құбылыстар, ғылыммен дәлелденбейтін үдерістер 
т.б. «ауытқушылықтар» рәміздік түрде «қарағай басына шортанның 
шығуын» меңзеп тұрғандай. Сарынның сипаты – пессимистік, бірақ 

134
Ғұмар Қараш
философиялық-өмірмәнділік  құндылығы  –  маңызды  әлеуметтік 
болжам  екендігі  және  оның  ақиқатқа  сәйкес  келуі.  Қазіргіше 
ғылыми тілмен айтсақ, оның этнофутурологиялық болжамдарының 
мәдени-әлеуметтік-тұрмыстық-ғұмыр  кешушілік  парадигмада 
шындыққа жанасуы. Әзірге, мәлім болған зерттеулер бойынша, ол 
«заман» ұғымын (әлеуметтік философияның категориясын) алғаш 
енгізуші. Сондықтан да заман туралы мұндай кейінгі толғаулардың 
барлығын  жинақтап,  біз  «Асан  қайғы»  мектебі  деп  атауды  жөн 
көрдік. 
Осындай  мектеп  ХІХ  ғасырдағы  ақын-жыраулық  мәнермен 
және  ағартушылық  идеялармен  жалғасын  тапты.  «Зар  заман» 
ақындары деп аталған ойшылдар тек Ресей отаршылдығы ғана емес, 
Еуропалық  дәстүрлерге  де  іштей  психологиялық,  идеологиялық 
қарсылық  көрсетумен  өз  идеяларын  еркін  таратты,  әрі  ұлттық 
құндылықтарды  сақтауды  өздерінің  орталық  түсініктеріне 
айналдырды.  Бұлар  өз  идеяларын  іске  асыратын  практиктер 
емес,  көп  жағдайда  сары  уайымшылдыққа  бет  бұрады,  барлық 
өзгерістерді заманның объективті ағымы деп түсіндіреді. «Зар заман 
ақындары» деп аталуы да осы себептен. Бірақ бұлардың тағы бір 
ерекшелігі футурологиялық болжам жасауда батыл ұстанымдарын 
еркін  жеткізуі,  болашақ  қоғам  туралы  көріпкелдікпен  толғану. 
Осы болжамдардың бүгінгі күнге сәйкес келгендігін уақыт ағымы 
дәйектеді.  Дулат,  Шортанбай,  Әбубәкір,  Мұрат  сынды  ойшылдар 
осы көзқарастың көрнекті өкілдері ретінде танымал тұлғалар. 
Зар заман ақындарының толғауларының пессимистік бағытта 
өрбуінің  негізгі  себебі  –  отаршылдықтың  зардаптарын  мәлімдеу: 
ұлттық  құндылықтар  жүйесіне,  халқымыздың  дәстүрлері  мен 
сенімдеріне Ресей мен батыстан мүлде жат жағымсыз элементтердің 
енуі,  көшпелі  өркениеттің  тәмамдалуы,  дәстүр  мен  салттың 
канондық,  заңдылық  үлгісінен  ажырай  бастауы,  тарихилықтың 
сақталмай бара жатырғандығын баса көрсету т.б. сайып келгенде, 
ұлт тағдыры мен болашағы мәселесіне ойысты. 
Заманның  азуы  тек  әлеуметтік  ортада  ғана  емес,  табиғи 
ортаға  да  әсер  ете  бастайды,  азу  мен  азғындау  тұтаса  келе, 
бүкіл  болмысты  қамтиды  және  кері,  жағымсыз  сипатта  өрлейді, 
субъективтіліктен  объективтілікке  қарай  бағдарланады.  Мәселен, 

135
3. Пайымды ойтолғамдар
«Қырсыға  туған  қыз»  (Дулат  ақын  ілімінде)  түсінігінде  қыз  сол 
заманның ықпалымен ерген, тумысынан-ақ қырсық болып келеді. 
Бұл  неліктен?  Халқымызда  генетика  ілімі  арнайы  еуропалық 
парадигмалар бойынша дамымаса да, «қандық» деген ұғым арқылы 
білімдендіріледі.  Осы  қанмен  берілген  ақпараттар  заманның 
шынайылығын  және  анасының  өмірге  көзқарасын  бойына 
жинақтай  бастайды.  Дулаттың  ойтолғаныстары  осындай  терең 
мағыналарды қамтып тұр, «адам мен тіршіліктің ырқы заманның 
ағымына сыйғыздырылған» болып шығады. Оның толғауларының 
жалпы идеясы – көшпелілік өркениеттің аяқталуының қайғысы, ал 
нақты мазмұны – мыңдаған жылдар бойы сабақтасып келе жатқан 
және  тәжірибе  сынынан  өткізілген  ұлттық  құндылықтардың 
күйреуі,  батыстық  және  орыстық  таным-түсініктердің  оның 
орнын алмастыруы. Осыдан заманнан ешқайсысы оқшау, тыс бола 
алмайды, ол – объективті үрдіс деген тұжырым анық байқалады. 
Ал  Шортанбай  Қанайұлының  Заман  туралы  толғанысы 
бойынша ол объективті емес, субъективті сипатта, бәрі сол дәуірдегі 
адамның өзіне байланысты деген түйінді ойға келеді: «Заман азып 
не  қылсын,  Ай  орнынан  туады,  Күн  орнынан  шығады,  –  Мұның 
бәрі адамнан».
 
Ендеше,  Ғұмар  Қараштың  заман  ұғымын  толғауы  жалпы 
жыраулық  дәстүрдегі  заман  туралы  сарындардың  заңды  табиғи 
жалғастығы  болып  шығады.  Әрине,  олардың  барлығының 
пікірлері  тура  сәйкес,  бірін-бірі  қайталап  отырмайды,  өзіндік 
ерекшеліктерімен  ажырайды.  Ғұмар  Қараштың  зар  заман 
ақындарынан бірінші ерекшелігі, ол – кер заман туралы айтқанмен, 
оны ақырзаман ретінде сипаттамайды, екінші ерекшелігі – Ғұмар 
Қарашта тек өткенді аңсау ғана емес, қазіргі кезде және болашақта 
не істеу керектігі туралы нақты бағдарлар айтылады. 
Бірақ, өткен дүние туралы мүлде айтылмайды деген пікір де 
тумауы  тиіс,  мұндай  толғаулар  тарихи-салыстырмалы  әдістермен 
жүріп отырғандықтан, өткен уақытты бүгінгімен салыстыру үшін 
арнайы алынады. Бұл халқымыздағы философиялық ой жүйесінің 
өзіндік  бір  қисыны  десе  де  болады.  Ғұмар  Қараш  та  халқының 
жайбарақат,  кең  даладағы  емін-еркін  өмірін  сипаттайды  және 
оның  өмірлік  сұлулығы  мен  үйлесімділігін  әдемілеп,  қызықтыра 

136
Ғұмар Қараш
суреттеп  береді.  Бірақ,  өзге  жыраулардан  бір  ерекшелігі:  белгілі 
бір  деңгейде  жүйелілік  бар.  Бірінші  кең  қазақ  сахарасы  туралы 
геосаяси мәселені толғайды:
Атаңа сенің қазақ-ай, 
Бар еді-ау болған күндерің, 
Көп еді дәурен сүргенің.
Кеңшілікті, тарлықты
Дәулет пенен бейнетті
Талай бастан кешіріп, 
Өз көзіңмен көргенің.
Еділ Жайық суынан
Жем, Сағыздың бойынан
Қысырақтап жаз жайлап, 
Көше қона жүргенің.
Алатаудан өткенше, 
Ыссы көлге жеткенше
Кіндік кесіп, кір жуып, 
Мекен еткен жерлерің... 
[2, 76 б.]. 
Мұнда қазақ сахарасына деген сүйіспеншілік, даланың әсемдігі 
мен сұлулығын ұғыну, шаруашылық пен байлық, қуанышты және 
сәтті  өмірге  жасалған  географиялық  жағдай  осылайша  толғау 
дәстүрі  бойынша  әрі  қарай  жалғасын  табады.  Мысалы  Дулат 
Бабатайұлы  да  қазақ  халқының  еркіндіксүйгіш  сезімін  терең 
толғай отыра, өткенді аңсайды, оның қайталанбас қалпына келісіп-
келіспегендей болады: «Қызық  дәурен  сүргенде.  Еркінше  өскен 
қайран ел, Дәулетің бейне шалқар көл» 
Көшпелілік  рухтың  еркіндігі  мен  кеңдігі  дала  қазағын  қала 
шеңберінде  үнемі  ұстаумен  үндесе  бермейді,  байырғы  қазақы 
адамның «даламен» тұтастығы оны белгілі бір заңдылықтар аясына 
сыйғызады.  Мәселен,  Шортанбай  Қанайұлының:  «Әзірет  қонған 
Қаратау, Аса алмаған онан жау, Болмаған онда қанталау, Ел соқпағы 
даңғыл  жол,  «Қасымның  қасқа  жолы»  екен»,  –  деп  пайымдаған 
ойтолғамдары осының үлгісі. 
Еділ-Жайықтан  бастап,  Ыстық  көлге  дейін  созылып  жатқан 
жерді  Ғұмар  Қараштың  арнайы  атап  өтуі  –  Асан  қайғы  сияқты 

137
3. Пайымды ойтолғамдар
ел  аумағын  үнемі  ұрпақтардың  есіне  салып  белгілеп  отыратын 
мәнеріне сәйкес келеді. ХV ғасырда өмір сүрген Асан қайғы Қазақ 
сахарасын  шарлап,  әр  жерге  баға  берген  болса,  сол  кездегі  қазақ 
жерінің аумағын белгілеп кеткен және оны ұрпақтарына «Сақтай 
біліңдер!» деп өсиет қалдырғандай ниетті мәтін астарында қамтып, 
геосаяси мәселені қозғаса, бұл сарын ХХ ғасырдағы Ғұмар Қараш 
идеясынан сол қалпында жалғасын табады. Себебі, Ғұмар Қараш 
та бұл тұста Асан Қайғы мектебінің өкілі болып табылады. Демек, 
бұл тұстағы туған жер мен оның аймағы туралы арнайы айтып өту 
жай ғана сипаттама немесе өткенді аңсау емес, келер ұрпаққа Қазақ 
Елінің өзіне тиеселі «Еділ-Жайықтан Ыстық көл-Алатауға» дейінгі 
меншікті аумағын (территориясын) қайталап ескерту, «осы далаға 
ие болыңдар, оны сақтай біліңдер» деген тәрізді өсиеттің нышаны 
(подтекст) болып табылады. 
Екіншіден,  қоғамдағы  әлеуметтік-саяси  өмірдің  жарқын 
келбетін  сипаттайды.  Оны  да  қатаң  әлеуметтік  қабаттар  мен 
мәртебелер бойынша тізбектеп-жүйелеп көрсетеді: хан – би – батыр 
– байлар – арулар – жігіттер:
Хан бар еді сол күнде, 
Ақ сұңқарға ұқсаған
Билер жүйрік бар еді
Хас тұлпарға ұқсаған, 
Батырлар ерлер бар еді
Аш маралға ұқсаған.
Байлар момын бар еді
Аузынан уызы төгілген.
Кербездер ару бар еді
Ши жібекке көмілген.
......................................
Жігерлі жігіт бар еді
Ауызға жастан ілінген, – 
дей келе, Ғұмар Қараш өзі өмір сүрген кезеңдегі осы сапалардың 
бәрінен айрылған заман келбетін өкінішпен толғайды:
Өте шықты аз уақыт, 
Өң мен түстей көрінген.

138

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   34




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет