Берік Аташ, Қуаныш Әлжан ҒҰмар қараш алматы



Pdf көрінісі
бет20/34
Дата03.03.2017
өлшемі2,54 Mb.
#6482
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   34

Ғұмар Қараш
емес,  сопылардың  надандығының  зиянды  әсерінен.  Надан 
сопылар сөзінің халыққа ғибраты жоқ. Жақсылық адамның өзіне 
байланысты. Мұны өзгермейтін қағида десе де болады. Тереңірек 
ой жүгіртіп қарасақ, әлемде болып жатқан оқиғалардың бәрі осыны 
дәлелдейді» [2, 78 б.]. 
Бұл жердегі шынайы және жалған сенім мәселесіне қатысты 
тұрғылардың  бірі  –  сопылардың  надандығынан  туындайды, 
сәйкесінше, мұндай үрдіс ел ішіндегі рухани керітартпа әдеттерге 
тосқауыл бола алмайды. Бұл тұста, Лутфи мен Қараштың қозғап 
отырған  философиялық  мәселесінің  негізгі  тартысты  қыры  – 
«өркениеттілікке  ұмтылу  дәстүршілдікті  ұмыттырып,  елдің 
адамгершілік-рухани  жақтарын  төмендете  ме,  әлде  оған  еш 
байланысы жоқ па» деген сауалдардан туындайтын, арғы түптөркіні 
өркениет пен мәдениеттің қайшылығына байланысты болып келеді. 
Сондықтан, өркениеттіліктің, яғни, батыстық даму жолы мен өмір 
салтына қарай бет бұрудан олардың жағымды құндылықтарымен 
қатар  жағымсыз  құндылықтардың  да  қоса  ілесіп  келетіндігі  – 
Ғұмар Қараш дәуірінен ғана емес, бірнеше жылдар бойы, шығыс 
халықтарын,  оның  ішінде  қазақ  елін  де,  алаңдатқан  және  бүгінгі 
күні  де  алаңдатып  отырған  дәстүрлі  қоғамның  өзекті  мәселесі. 
Бірақ екі діндар қатысып отырған пікірталастың бүгінгі күнгі осы 
жазықтықтағы  мәселеден  айырмашылығы  –  мұндай  жағымсыз 
құндылықтарды  түзеуге,  одан  арылтуға  деген  дін  иелерінің, 
нақтырақ  айтқанда,  сопылардың  жауапкершілігі  туралы  болып 
отыр. 
Ғұмар  Қараштың  пікірі  бойынша,  надан  сопылардан  еш 
пайда  жоқ,  себебі,  сол  сопы  мұндай  ауытқушылық  (девианттық) 
қасиеттерден үгіт-насихат арқылы жастарды арылта алмайды, көп 
нәрсе  адамның  өзіне  байланысты  болса,  ал  Лутфи  «осының  бәрі 
батысқа  еліктеген  оқу-ағартудан  және  бұл  мәселеде  сопылардың 
ешқандай  ықпалы  жоқ,  тіпті  елді  бұл  қылықтардан  түзей  де 
алмаса,  олардың  көптігінің  қаншалықты  қажеті  бар»  деген 
сияқты  ойларын  ұсынады.  Шындығында,  бұл  күні  бүгінге  дейін 
шешімін таппаған күрделі тартысты мәселе, демек, мұндай өзекті 
түйткілдер ХХ ғасырдың басынан-ақ қазақ қоғамында іргелі сауал 
ретінде  қойылғандығын  аңғарамыз.  Осы  тұста,  Ғұмар  Қараштың 

215
3. Пайымды ойтолғамдар
пікіріндегі соңғы сөйлеміне назар аударсақ, іргелі және барынша 
ұтымды  жауаптың  берілгендігін  байқай  аламыз:  «Тереңірек  ой 
жүгіртіп  қарасақ,  әлемде  болып  жатқан  оқиғалардың  бәрі  осыны 
дәлелдейді». Бұл – мынадай қарапайым ұстанымға келіп тоғысатын 
тәрізді: Дін, мейлі сопылық қаншама жерден дамығанның өзінде, 
ұрлық,  қиянат,  жалқаулық,  құмар  ойнау,  ішімдікке  берілу  сияқты 
керітартпа  әдеттер  мен  аморалдық  үрдістер  бәрібір  түбегейлі 
жойылып кетпейді, бұл дін мен зұлымдық бәсекелесе қатар дамып 
келе  жатқан  адамзат  тарихының  эволюциясының  өн  бойына 
сіңірілген және әзірге болашақта да солай бола бермек. Ал әрбір 
адам  одан  азат  болуға  құқы  да,  еркі  де  бар,  бәрі  жеке  адамның 
өзіне  байланысты.  Бұл  жердегі  Ғұмардың  ескермегендігі  жаман 
қылықтар түбегейлі жойылмаса да, мәселе оны азайтуда екендігінде 
болса,  Лутфидің  ескерусіз  қалдырғаны  сопылардың  көбейгендігі 
жағымсыз әдеттердің көбеюіне тікелей байланысты деп түсінгендігі 
немесе сопылар (діндарлар) олардың алдын-алатын маңызды тетік 
деп ұққандық.
Бірақ  бұл  тұста,  Ғұмар  біріншіден,  оқу-білімге  бет  бұруды 
қорғаушы болса, екіншіден, надан сопыларды, діни сауатсыздықты 
сынаушы. «Надан сопы халыққа ғибрат айта алмайды ғана емес, 
олардың  зиянды  әсері  де  бар.  Жалпы  діндегі  екіжүзділік  пен 
надандық көпшілік ойлағандай өзімен-өзі бейтарап құбылыс емес, 
халыққа  кері  әсер  етуші  қауіпті  нәрсе»  деп  түйіндеп  қоюымызға 
болатындай  пікірді  ниеттеген  ойшыл,  діни  сенім  мәселесінің 
нәзік тұстары бар екендігін ишаралайды да, теріс қоғамдық пікір 
қалыптастыратын  «надан,  екі  жүзді  діндар  болғанша,  мүлде 
болмаған абзал» деген сияқты тұжырымдарын тұспалдап тұр десе 
де болады. 
Ғұмар  Қараш  екіжүзділікті  қатты  сынайды.  Оның  «Екпей 
егін күту әкесіз бала үміт ету болады, мұндай адамдардың намаз, 
оразасы  да  өзіне  әсер  ете  алмаған  рухсыз  (жансыз)  бір  ғибадат 
болады»  деген  пікірін  сараптасақ:  «жалған  діншілдік,  түптеп 
келгенде, өзгені ғана емес, өзін де алдаусырату, оның құлшылығы 
мен  орындаған  парыздарының  өзіне  де  еш  пайдасы  болмайды. 
Өзін-өзі  алдап  жүргендігін  білмегеннің  және  білгеннің  өзінде 
де  бұл  парыздардың  ішкі  қуатты  күші  іске  қосылмай,  жай  ғана 

216
Ғұмар Қараш
құрғақ  құбылыс,  физикалық  қозғалыс  ретінде  ғана  қалады» 
деген  қисынды  тұжырым  ала  аламыз.  Ендеше,  бес  парыз  тек 
құрғақ  құбылыс  қана  емес,  өзіндік  ішкі  рухы  бар,  бірақ  оны  тек 
психологиялық нәрсе деп түсінбеу керек, өзінен шыққан және өзіне 
айналып келетін нәзік жан, рух тәріздес әсер ететін Жаратушымен 
байланысты нәрсе. Нақтырақ таратып түсіндірсек, бес парыз адам 
әрекеттері арқылы орындалады және ол Жаратушыға шын ниетімен 
құлшылық етумен нұрланып, сол адамның өзін нұрландырады. Ал 
шын ниетті Жаратқан ішкі рухани тазалық, яғни, өзгелерге деген 
адамгершілік  пен  сыпайылық  қатынас  арқылы  қабылдайды.  Ал 
ниетсіз құлшылықтың рухы болмайды, ол әкесіз бала күту сияқты. 
Ал  шын  ниетпен  Аллаға  иман  келтіру  өзінің  сөзімен  айтқанда, 
«ғылым-өнер үйреніп, орнына қолдану». Түптеп келгенде, Ғұмар 
Қараш жалған діншілдікті халыққа қарапайымдап түсіндіріп отыр. 
Ойшылдың  «Адамның  жақсылық  жасауы  Алладан  емес, 
өзінен»,  «Жақсылық  адамның  өзіне  байланысты»  деген  сияқты 
тұжырымдары  Ж.П.  Сартрдың  адамның  абсолютті  еркіндігін 
ұсынатын  көзқарасына  ұқсас,  бірақ  оның  көздегені  «бәрі  де  бір 
Алладан  деп  қол  қусырып  отыра  беруді,  мұның  бәрі  тағдырдың 
жазғаны  деп  өмірдегі  қиыншылық  жағдайлармен  күреспеуді» 
қолдайтын жалған діншілдерге қарсы бағытталған үгіт-насихаттық 
ұстанымға көбірек келіңкірейді. 
Жалған діншілдіктің тағы бір тұсы – адам өз кемшілігін дінге 
апарып  жасыру  екендігі  туралы  көзқарасын  ақын  поэзиялық 
тілмен шендестіру арқылы дәйектейді. Мысалы, «Көреміз бе» атты 
өлеңінде: 
«Әулие деп көрінгенге бас ұрмауын, 
Дін деп қорқып ақиқатты жасырмауын, 
Ешнәрсені өлшеуіне асырмауын, 
Тірілікте көзімізбен көреміз бе?»
,
 – деп толғанады [100]. 
Бұл  өлең  жолдарын  қысқаша  былайша  түсіндіріп  өтуімізге 
болады. Діни сауатсыздық «дін деп қорқып ақиқатты жасырады» 
деген  жолдардың  мағынасы,  шындығында,  діни  мәтіндегі 
айтылғандарды дұрыс түсінбеуден, ондағы ұстанымдардан қорқып, 

217
3. Пайымды ойтолғамдар
өзінің  түсінігін  де,  оны  қалай  түсінгендігін  де  айтпайтындар 
туралы  болып  отыр.  Сондықтан,  ондай  адамның  айтқан  ақиқаты 
өзі үшін дінге қайшы сияқты болып көрінеді де, ол өзінің діннен 
түйген ақиқатын жасырады. Бірақ дінде мүлде олай емес екендігін 
түсіне алмайды, егер ол шынайы ақиқатты айтса, ол түптің түбінде 
дінмен  қабысып  жатқандығын  түсіне  алмайды,  себебі,  ол  дінді 
толық түсінбейді. Сондықтан, діндардың «діннен қорқып ақиқатты 
жасыруы»  діннің  артына  өзінің  жасырынуы  болып  шығады. 
Яғни,  сауатсыздығы  мен  білімсіздігін  жасырып,  ол  өзінен-өзі 
қорқа бастайды. Міне, Ғ. Қараштың дін философиясының өрнегі 
мен  қиюласқан  тұжырымдары  біздіңше  осындай  және  ол  дін 
психологиясы саласына да сәйкес келетін түйінді тоқтамдар. 
Ал  жалған  діншілдік  жалған  әулиелікке  алып  келеді  немесе 
діндар оны әулиеге айналдырады. Бұдан «Әулие» деген мүлде жоқ» 
деген  пікір  Ғұмар  дүниетанымында  орныққан  екен  деген  түсінік 
тумайды. Ол Әулиелікті жоққа шығарып отырған жоқ, әулиеліктің 
шынайылығын қолдап отыр, сондықтан көрінгенге емес, шынайыға 
ғана бас ұру керек деген ұстанымды ниеттейді. 
Жалған  құр  формалдық-догматтық  исламды  сынауда  Ғұмар 
Қараш  көп  жағдайда  оның  нақты  көріністері  ретінде  көбіне 
молдаларды мысалға алады. Бірақ, ол тек дүмше молдалықты ғана 
емес, жалпы барлық молдалардың ақылға сиымсыздау әрекеттерін 
әшкерелейді де, түбегейлі өзгерістер қажет екендігін, дін ұстаған 
адам  мүлде  олай  болуы  тиіс  еместігін  үнемі  назарда  ұстайды. 
Олардың  сауатсыздығын,  алым  алатындығын,  еуропалық  білімге 
қарсы  шығатындығын  т.б.  әшкерелеп,  әрекеттері  дінге  жасалған 
қиянат деген тұжырым жасайды: 
«Бақсылық құрып елді жеп, 
Кітап ашып, дінді жеп, 
Тәртіпті оқу залал деп, 
Дінге қосып күнді жеп, 
Қотыр ешкі, ақсақ қой
Пидиядан келген деп, 
Осы күні бір пара
Білімі жоқ көңілі зор

218
Ғұмар Қараш
Дін мен күнге бірдей сор
Моллаға қалған күн құрсын..» [2, 43 б.]. 
Бұл  поэтикалық  туынды  болғандықтан,  оның  негізгі 
мағынасын  былайша  түсіндіріп  өтуімізге  болады.  «Бақсылық 
құру»  бұл  шынайы  бақсылар  туралы  емес,  жалған  экстрасенс 
деген сияқты қазақтардағы «сәуегейсіп», «бақсылық құрып» деген 
сияқты  түсініктерді  білдіреді.  Ол  –  бақсыға  құр  еліктеушілік, 
жалған  бақсылық  деген  мағынаны  білдіреді.  Сондықтан,  діни 
оқу оқыған адамдардың кейбірі, өзінің мүмкіндігі жете бермейтін 
істерге  барып,  ем-дом  жасап,  ел-жұрттан  еңбегі  үшін  қаражат 
жинайды (бұл қазір де бар). Мысалы, «кітап ашып дінді жеу» де 
осыған ұқсас, кітап ашу, яғни, құранды оқу немесе түсіндіру жалпы 
алғанда, қалыпты құбылыс, ал бұл жердегі «кітап ашу» Құран мен 
дінге сүйеніп, өзінің қарекетін ақтап, халықты алдаусырату дегенді 
білдіреді. 
Ақынның «тәртіпті оқу» (қалыпты оқу) деп отырғаны еуропалық 
үлгідегі қалыпты (стандарттар) білім беру жүйесі. Жалған діншілдік 
пен  теріс  бағыттың  өкілдері  сол  кезде  жалпы  мұндай  білім  алуға 
қарсы болған. Ғұмар Қараштың айтып отырғаны – осы. 
«Күнді  жеу»  теңеуі  –  уақытты  босқа  өткізу,  күн  сайын  бос 
нәрсені  қайталап,  біреудің  және  өзінің  уақытын  зая  кетіру  деген 
мағыналарды  береді.  Молдаларға  берілген  ақсақ  қой  мен  қотыр 
ешкі кемсітушілік пен сарказм үшін алынған, жалпы оларға тегін 
пидияға  берілетін  мал  деген  мағынада  қолданылып  тұр.  Мұны 
Ғұмар Қараш параға жатқызады. Себебі, алып отырған малы адал 
емес, жұртты алдау мен өздері қалыптастырып алған жалған ереже 
екендігінің бет пердесін ашады. Оның түсінігінше, молда жаназа 
шығару, құран оқу т. б. сәттерінде ақы алмауы тиіс, алған ақысы 
адал  емес  болғандықтан,  ол  –  пара  болып  саналады.  Бұл  тұста, 
ойшылдың реформаторлық көзқарасы мен ащы шындықты ашып 
көрсеткен өткір ойлары байқалады. Олардың надандығын бұл тұста 
ашық айтады: «Білімі жоқ, көңілі зор». «Көңілі» деп тұрғаны өзіне 
сенімділігі мен «пара» алуға келгендегі дәмесінің зорлығы болса 
керек. Олардың «Дінге де, күнге де сор» болатын себебі, дүмшелер 
арқылы  діннің  асыл  қасиеттері  тарамайды,  керісінше,  ол  ислам 

219
3. Пайымды ойтолғамдар
дінін халыққа жеккөрінішті қылып көрсетеді деген сияқты ой ниетін 
білдіріп  тұрғандығынан  көрінеді.  Дүмшелер  діннің  жебеушісі 
мен  уағыздаушылары,  демеушілері  мен  қолдаушылары,  халыққа 
түсіндірушілері мен өздері де терең түсінушілері емес, керісінше, 
«соры»  деген  өткір  пікірін  тиянақтайды.  Күннің  де,  яғни,  әрбір 
өтіп жатқан күннің (уақыттың) соры, халықты алдаусыратып, оны 
босқа өткізу деген ойды ұсынған автор әрі қарайғы тебіреністерін 
осы  бағытта  жалғастырады.  Білдірілген  бұл  пікірдің  мазмұнын 
бағамдап қарасақ, бүгінгі заманға да тұтасымен сай келеді. 
Ғұмардың  құқықтық-діни  идеяларын  зерттеушілер  де  оның 
сыни көзқараста болғандығын және өзінің ойтұжрымдарын батыл 
ұсынғандығын былайша атап көрсетеді: «Керісінше, дүмше, шала 
сауатты молдалардың шариғат заңына қайшы келетін көзқарастары 
мен  қимыл-әрекеттерін  батыл  сынға  алды.  Бұл  көріністер  Ғұмар 
Қарашевті  прогресшіл,  діни  реформаторшылдардың  қатарына 
жатқызылатыны дау туғызбайтын аксиома» [96, 81 б.]. 
Ғұмар  Қараш,  ендеше,  бұл  мәселеде  дін  экологиясын  жолға 
қояды,  ол  үшін,  діннің  беделін  көтермелеуге  емес,  түсіруге 
бағытталып  жүргендерді  –  екіжүзділер,  сауатсыздар-дүмшелер, 
дінбұзарларды атап көрсетіп, оларды сын тезіне алады. Әрине, бұл 
кезде қазақ даласында молдалардың барлығы сондай болды деген 
біржақты көзқарас ұстануға болмайды, дін оқуын тәмамдаған және 
өзінің ақыл-ойы мен ерекше қасиеті арқылы «әулие» атанған, елге 
үлгі  көрсетіп,  жәрдем  берген,  елді  жаудан  сақтандырған,  ауру-
сырқауды  емдеген,  болашақты  болжаған,  халықты  дұрыс  жолдан 
тайдырмаған ірі-ірі тұлғалар да болды.
Ғұмар  Қараш  өзінің  бағытын  ұстануда  жалғыз  болған 
жоқ,  жалпы  ХІХ  ғасырдың  аяғы  мен  ХХ  ғасырдың  басындағы 
жәдидшілдік  көзқарастағы  қазақ  зиялыларымен  танымда  – 
пікірлес,  саяси  қызметте  –  мүдделес,  тұрмыста  –  дос  та  болды. 
Себебі, ол тек қана діндар, діни ағартушы, ахун ғана емес, өмірдің 
басқа да салаларында белсенділік көрсеткен жігерлі айтулы тұлға 
болғандықтан,  әр  саладағы  адамдармен  қарым-қатынас  жасап 
тұрған және жалпы айтқанда елге сыйлы болған адам. Қараштың 
батылдығының  себебі  де,  осындай  беделі  мен  артында  тұрған 
жәдидшілдік күш болған сыңайлы. 

220
Ғұмар Қараш
Діндегі  келісімпаздық  (конвенционализм)  пен  төзімділік 
(толеранттылық)  және  реформаторлық.  Жалпы  алғанда,  Ғұмар 
Қараштың  саяси-әлеуметтік  ахуалдарға,  сол  кезеңдегі  қазақ 
жұртшылығының  тағдырына  қатысты  мәселелері  тек  төзімділік 
пен келісімпаздық арнада өрбіген жоқ, қажет кезінде, ағымға қарсы 
шығып, ұлттық рух серпілісі арқылы өзіндік пікірлерін де батыл 
жеткізумен де шешімін тауып отырды. Ол тек діни құндылықтарды 
ғана  емес,  ұлттық  рухани  құндылықтарды,  барлық  наным-
сенімдерді де тексереді (верификациялайды), қайта бағалайды. Осы 
тұста, қандай сыртқы және ішкі құндылықтар мен құбылыстарға 
келісіп, қайсысына келіспейтіндігін діни тұрғыдан бағалайды. Бір 
ерекшелігі,  Ғұмар  тек  шариғаттағы  ұстанымдар  мен  шарттарды 
ғана басшылыққа алмайды, өзіндік көзқарасын да өлшем ретінде 
бекітеді. С. Өзбекұлы мен А. Исмайлов атап өткендей: «Жоғарыда 
көрсетілгендей,  ол  шариғат  заңдарының  да  сай  өзгерістерге 
ұшырайтын  ілім  екенін  нақтылы  дәлелдермен  дәлелдеп,  құран 
кәрімнің  сүрелері  мен  аяттарына  жаңа  мағынада  түсінік  береді», 
–  деп  байыпталған  көзқарастар  да  [96,  76  б.]  осының  айғағы. 
Бірақ  мұндай  танымға  философиялық  көзқараспен  қарасақ,  ол 
реформатор, екінші бір қырынан алғанда, діни канондарды өзінің 
көзқарасына ыңғайлап түсіндірудің асқан шебері десе де болады. 
Келесі бір толғаныстарында, сопылықтың тек қана құр аскеттік 
өмірге ғана ыңғайласқан жүйесін сынайды: 
Сопысып надан жүргені-
Қанахаға кіргені.
Құлаш жарым тас тізіп, 
Мойнына орап ілгені
Шартын білмей қолданып, 
Шатасып әбден бүлгені.
Риязат шегіп ұйықтамай, 
Карамат түрлі көргені
Хлуетте зікір айтам деп, 
Тірілей көрге кіргені
Мұның бәрін ойласам, 
Надандықтың келгені
 [2, 52-53 бб.]. 

221
3. Пайымды ойтолғамдар
Яғни, ол өзі атап өткендей, сопылықты «Шартын білмей қолдану» 
құр әбігершілдік пен надандыққа, халқына еш пайдасы жоқ аскеттікке 
алып барады. Яссауи түркі даласына алып келген «Жер астына түсу» 
екінің  бірі  бара  бермейтін,  тіпті  кез-келген  адам  арнайы  рухани 
сатылардан өтпей жатып, ондай іске ұмтылуға да болмайтындығын, 
олай  істеген  күнде  оның  бәрі  надандыққа  айналатындығын  батыл 
айта білген Ғұмар Қараш өзінің терең философиясын байыптайды. 
Бұл,  шындап  келгенде,  Сопылық  ілімге  жасалған  реформаторлық 
емес,  ол  ілімнің  мүлде  терең  екендігін,  қлуетке  түсудің  өзі  бейне 
бір  тек  қана  Яссауиге  жазылғандай  екендігін  ниеттейтін  көзқарас. 
Демек,  дәл  сол  Яссауидің  дүниетанымы  мен  сопылығы,  тұтас 
болмысы қазіргі күні қайталанбайды дегенге келіп саяды. Тарихта 
мұндай қайталанбайтын дара тұлғалар жеткілікті. Біріншіден, осы 
қайталанбайтындықты  өзіне  қайтадан  көшірмелеу  надандықтың 
белгісі  болып  табылады.  Мысалы,  қарапайым  тұрпайы  түрде 
айтқанда,  қазіргі  кезде  физикамен  шұғылданып,  «Мен  Эйнштейн 
болам» деп алба-жұлба киініп, тілін шығарып суретке түскен адам 
сияқты.  Екіншіден,  қазіргіге  және  Ғұмар  Қараш  заманына  да  әлі 
ашылмаған құпия ілім (эзотерия) сол күйінде қалып отырғандығы 
да жасырын емес. Ол ашылған кезде де жарияланбайды. Сондықтан, 
кейінгі  жер  астына  түскен  сопысымақтар  тек  айсбергтің  көрінетін 
бөлігін  ғана  иеленіп,  Яссауишілдікке  еліктеу  ғана  болып  шығады. 
Себебі,  Ғұмар  Қараштың  Яссауиді  білмеуі  мүмкін  емес  екендігін 
ескерсек, ол тура Яссауиді сынап отырған жоқ. Үшіншіден, сопылық 
дәстүрге  өзінің  реформаторлық  көзқарасын  осылай  ұсына  отыра, 
оларға деген өзінің сезімдік сыни сараптамаларын ашып көрсетеді. 
Оның  бұл  тұстағы  реформаторлық  көзқарасы  біздіңше  былайша 
өрбиді:  дінге  беріліп,  Риязат  шегіп,  Хлуетке  түскенмен,  оның 
деңгейіне жетудің өзі әлі мүмкін емес екендігін сезіне отырыпқұр 
формалық  пен  құлшылыққа  елікпеу  керек,  сондықтан,  бұл  істің 
бәрі құр бекершілік болып шығады. Оның ілім-біліміне адастырмай 
үйрететін  мектеп  те,  діни  бағыт  та  қазір  жоқ,  ол  біздің  елімізде 
келмеске кеткендей болатын бұл жағдаятты түйсінетін уақыт келіп 
жеттіСондықтан, мұндай сопылықты ұмыту керек. Оның қоғамға 
еш  пайдасы  жоқ.  Егер  шынайы,  таза  сопылық  болса,  онда  қажет 
болуы мүмкін

222
Ғұмар Қараш
Діндегі  төзімділік  пен  зайырлылық  көзқарастарында 
да  тереңірек  ұстанымдарға  қарай  бет  бұрады:  «Парқы  жоқ 
мұсылмандық,  кәпірліктің.  Дегенге  мен  мұсылман  нана  берме, 
Жүрген  көп  ар  жағында  батылдықтың».  Бұл  тұстағы  Ғұмар 
Қараштың  пікірлері  барынша  нақты,  қазақ  халқы  мұсылман 
болғанмен,  «мұсылман-кәпір»  деп  өзі  мен  өзгелелерді 
ажыратқанмен, құр батылдықтан немесе өзгеге соғыс жариялауды 
құп көретін мұсылмандардан пайда жоқ, кәпір де, яғни, мұсылман 
еместер  де  жалпыадамзат  деген  қауымға  бірігетін  адамдық  түр 
болып табылады. Сондықтан, соғысшыл исламнан гөрі бейбітшіл 
кәпірге  де  (христиан)  төзімділікпен  қарау  керек  деген  сияқты 
ұстанымдарын батыл білдірген. Оның бұл тұстағы бағыты қазіргі 
кездегі  діни  төзімділік  пен  зайырлылық,  барлық  ұлттар  мен 
ұлыстардың діни сенімдерінен қарамастан, олар өзара тең екендігі 
туралы көзқарастарға келіп жуықтайды деп айта аламыз. 
«Бұрында  бір  қазақ  қартының  керуенмен  Бұқар  барғандағы 
көргені»  деген  туындысында  [2,  53–54  бб.]  жалпы  қазақ 
қоғамындағы  діни  климаттың  және  дінге  деген  сенімділіктің 
жалпылама  сипатын  ашып  бергендей  болады.  Оқиға  Бұқардағы 
мешіт басындағы азан шақырушы мен ол қалаға барған жай ғана 
бір  қазақ  арасындағы  қарым-қатынас  туралы  болып  келеді.  Азан 
шақырушыны екі жыл қатарынан көрген қазақ өкілі оны жоғарыдан 
түсе алмай тұр екен деп ойлайды, түсе алмаса, мініп несі бар екен 
деген ойға қалады. Бұл бір қарағанда, сарказм, екінші бір қырынан 
алғанда,  қазақтың  өзінің  ішкі  дүниесіне  қолайлы  болып  келетін 
аңғалдығы,  үшінші  бір  қырынан  алғанда,  сарттардың  діншілдігі 
туралы  оқиға.  Дегенмен,  бұл  тұстағы  Ғұмар  Қараштың  айтқысы 
келген  түпкі  ойы  –  жалпы  қазақ  халқының  ислам  дініне  деген 
сенімінің  деңгейі  туралы  болып  отыр.  Азан  шақырушыны  өмірі 
көрмеген психология мен өзінің оған деген қатынасы сол дәуірдегі 
қазақтардың  дінге  деген  өзіндік  қатынасының  шынайы  келбетін 
білдіре  алады,  әрине,  барша  қазақтың  емес,  жалпы  көпшіліктің 
жиынтық  бейнесін  сипаттаған  бұл  шығармада  да  сыртқы  діни 
төзімділік пен адамның ішкі діни төзімділігі туралы сөз қоғалады. 
Ендеше, Ғұмар Қараш жалпы қазақ халқының психологиясы мен 
тұтас  діни  санасының  келбетінің  қандай  екендігін  және  қандай 

223
3. Пайымды ойтолғамдар
болу  керектігін  сипаттап  тұр.  Бұл  жерде,  ол  қазақты  да,  сартты  да 
сынамайды, өзінің көзқарасын жырға қоспайды, тек оқиғаны бейнелеп 
береді. Шындығында, сол дәуірде дәл осындай өмір шындығының бір 
үзіндісін (эпизод) кез-келген сәтте көруге болатын сыңайлы. 
Ал «Сырым батыр» туындысында да дін туралы диалектикалық 
сұхбат  пен  реформаторлық  көзқарастар  анық  байқала  бастайды. 
Оқиға  елден  қашып  барып,  Хиуаға  паналаған  тарихтағы  Сырым 
туралы  ғана  емес,  оның  діни  сенімі  мен  Хиуалықтардың  діни 
санасы  туралы  өзара  пікірсайыстар  арқылы  өрбиді.  Бұл  жерде 
Сырым батырдың шешендігі басты назарда болғанмен, сұхбаттың 
мазмұнының  бәрі  де  діни  тақырыпқа  қатысты  болып  келеді. 
Сырым  батыр  арқылы  айтылған  дін  туралы  көзқарастардың 
барлығы,  түптеп  келгенде,  адам  мен  діннің  арақатынасының 
шынайы  келбеті  қандай  болу  керектігі  туралы  болып  отыр.  Бұл 
тұста, дінге деген жалған сенімді түбегейлі өзгерту қажеттігі, адам 
мен дін арасындағы байланыстың бір-біріне өтпелілігінің тіптен-ақ 
бұзылғандығы туралы сөз болады. Ғылыми философиялық тілмен 
айтсақ, диалектикалық теология өрбиді. 
Бірінші тартыс Сырым батырдың тонын теріс айналдырып киіп 
келгені, оған хиуалық бір молданың ескерту айтқаны және оған Сырым 
батырдың берген жауабы туралы болып келеді. Ол былай деп жауап 
қайырған болатын: «Рафиғы Алла Ысмағұл, Аның үшін көк қошқар, 
Көктен жерге еніпті. Ысмағұлды құрметтеп, Тәңірім пида қылыпты. 
Сенің сөзің жөн болса, Оның жүнін сыртына, Жалпылдатып өсіріп, Не 
себепті беріпті». Осы сәтте молда сөзден жеңіліпті. 
Екінші  тартыс  Батыр  дұға  қылғанда  жеңінен  қолын 
шығармағандықтан, оған да молданың жалаңаш қолмен дұға қылу 
керектігін  айтқанда,  Сырымның  оған  былайша  берген  жауабы 
арқылы  өрбиді:  «Рахматы  кең  құдайым,  Ақ  жүрекпен  тілесем, 
Кемдігімді  жоқтар  ма?!  Тас  бинаннан  бері  өткен,  Тәңрінің  өткір 
рахматы,  Тоқтышақтың  өте  алмай,  Терісіне  тоқтар  ма?!  Көңлім 
тура Аллаға, О деп, бұ деп сен мені, Шатастырма жоқ, барға» [2, 56 
б.]. Бұл жерде де молда тосылып қалады. Сырымның түпкі ойы ең 
бастысы ниеттің таза болуы қажеттігіне келіп тоғысады. 
Үшінші тартыс былайша өрбиді. Батыр аяғын шешпестен үйге 
кіргенде, «Аяғың лас, әй қазақ, Етігіңді таста» деп ескерту береді. 

224

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   34




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет