«Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары



Pdf көрінісі
бет34/161
Дата19.05.2023
өлшемі1,69 Mb.
#95066
түріБағдарламасы
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   161
Байланысты:
5 том Құтадғу білік толық түсіндірме

Еліктің Айтолдыға сауалы
Көтерді бас, қаншама тұрып Елік:
— 
Тербет тілді! Бер, — деді, — тіліңе ерік!
775 Сақаудай бір сен неге тіс жармайсың,
Жалғыз қалған сəтімді еске алмайсың!?
Айтолдының Елікке жауабы
Айтолды айтты: — Ай, Елік қадірменді,
Сөз сөйлерге дəрмен жоқ қазір менде!
Бүгінгі құлқың бөлек, ісің ерсі,
Соны көріп, имендім, түсінерсің.
Білімдіден тəбəрік — қалған ақыл:
«Ашу буған бектерге барма жақын!»
Бұдан да ойлы бек сөзі жеткен маған:
«Ашулы бектер болар өрттен жаман!
780 Ай, момын! Бектер мінсе қаһарына,
Жақын тұрма. Қаларсың шатағына!»
Ашу қысса бектерді, ол бір қатер,
Алыс тұрғын — кеселі тиіп кетер.
(Буырқанып бектерді ашу қысса,
Алыс жүр — күнді айнала ұшқан құсша.)
Мұны меңзер бір сөздің жөні, міне,
Келді, мықтап түйіп ал көңіліңе:
«Ашу мінген бектерге барма жуық,
Барсаң, кетер қадірің — қайта қуып.
Арыстандай айбатты, гүр-гүр етер,
Қаһарына іліксең — басың кесер!»
Еліктің Айтолдыға сауалы
785 Елбасы айтты: — Өз сөзіңді түсіндір,
Неге имендің, сұры қашып түсіңнің?!
Айтолдының Елікке жауабы
Айтолды айтты: — Таң қалғаным бəрінен,
Күміс күрзі — орның, соның мəні не!?
Бұл не отырыс? Күрзің не? Енді сұрайын,
Айтып берші, мағынасын ұғайын.
Екіншіден, пышағы не Еліктің,
Түгел білсем, түгі қалмас сезіктің.
Үшіншіден, оң жақтағы шекер не?
Солыңдағы — у, бəрі осының бекер ме?
790 Байқап көрдім, өзің қабақ ашпадың,
Содан менің есім шығып, сасқаным.
Бұл түріңді көріп өзім имендім,
Тіл аша алмай, тілдесе алмас күйге ендім.


 122
123
18. КҮНТУДЫ ЕЛІК АЙТОЛДЫҒА ƏДІЛДІКТІҢ 
СИПАТЫНЫҢ ҚАНДАЙ ЕКЕНДІГІН АЙТАДЫ
Елік айтты: — Ұқтым. Құлақ асайын,
Үлгілеп мен сөздерімді ашайын.
Алғашқы күн шақырғанда мен сені,
Құрметтедім, орын бердім еңселі.
Көрсеттің де маған таңсық ісіңді,
Ашу-ызаға будың бермей ішіңді.
795 Ашуландым — тұншықтырдың төзімді,
Кəрленіп ем — тұйықтадың сөзіңді.
«Мен құт болам! — дедің, — біліп, танып ал,
Ұқтырдым мен, ұғын бəрін, қанып ал!»
Бар сырыңды айттың келіп бабыңа,
Мен түгелдей түйіп алдым жадыма.
Құзырыңды ұғып, сонда кешірдім,
Құрметтедім, мəртебеңді өсірдім.
Айтам бүгін қылық, сипат салтымды,
Біле жүр сен барша қайрат-даңқымды.
800 Міне, мені көргін, заңмын, əділмін,
Тұрқымды сен байқа, барла — бəрін біл.
Мен отырған күрзі мынау, төрімде,
Үш сирақты, көр де тоқы көңілге.
Үш тағанды нəрсе берік, мызғымас,
Үш аяғы тұрғанда ұстап, жылжымас!
Егер үштің бірі тайса, жетеді,
Қалған екеу өзі-ақ ұшып кетеді.
Үш сирақты нып-нық, түзу тұрады,
Төртеу болса, бірі қыңыр шығады.
805 Бірі түзу болса — түзу бəрі де,
Бəрі түзу болса — түзу мəні де.
Бір қыңырдан — бəрі қисық шығады,
Бар қисықтан — əмəн, қырсық туады.
Қай тұғыр да қисық болса тұра алмас,
Түзу нəрсе — орнықты, ешкім жыға алмас.
Құлқымды көр, түзулікте жоқ міні,
Заң қисынсыз болса, тозақ — сот күні...
Əділдікпен жаза кеспей тоқтаман,
Құл ма, бек пе, еш айырма жоқ маған.
810 Бұл пышақты қолына алса кімде-кім,
Кесер, турар нəрсе ғой ол, біл, серім!
Пышақтай мен кесем аршып əр істі,
Кесімін тез берем, біліп мəністі.
Шекер жəбір көргендерге бұйырар,
Қақпама кеп, əділ заңға ұйыған.
Бал-шекерді татқан кісі жадырар,
Жүзі жайнап, уайым-мұңнан арылар.
У бұйырар қара жүрек кісіге,
Заңнан қашқан, зəрін түйіп ішіне.
815 Келсе алдыма тезінде əділ жазаның,
У ішкендей тартар қылмыс азабын.
Суық қабақ, кісі шошыр сұрым бұл —
Сыбағасы күштімсінген зұлымның.
Ұлым ба əлде жақыным ба, алыс па,
Кештеу жүрген қонақ па əлде таныс па?
Заң алдында бəрі бірдей мен үшін,
Кесем əділ, болмайды ешбір келісім...
Біл, əділ заң — басшылықтың тұғыры,
Бегі əділ ме?! Берік елдің жұлыны!
820 Мұны меңзеп есті кісі бүй дейді,
Есті сөзді кім тұтса, ісі өрлейді:
«Бектік берік — əділ заңның жөнімен,
Бектік тегі — əділдікпен көрінер.
Бек елінде тура заңды ұстаса,
Бар тілекке жетер қолы, қысқасы!»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   161




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет