Сұрақтар:
1. Педагогикалық психологияның ғылым ретінде пайда болуына қандай жағдайлар себепші болды?
2. Педологияның бала туралы ғылым болып қалыптасу кезінде қандай алғышарттар қойылды?
3. Қазіргі педагогикалық психологияның қандай ерекшеліктері бар?
4.Оқу теориясының қалыптасу тарихы қайдан бастау алды?
Әдебиеттер:
1.Зимняя И.А. Педагогикалық психология. /орыс тілінен ауд. Құсайынова М.А. Алматы:2006. -365б.
2. Солсо Р. Қиял. Ұғымдарды қалыптастыру, логика және шешім қабылдау. Психология. Адамзат ақыл-ойының қазынасы. 7-ші т. Алматы, 2006.
3.Петровский А.В. Педагогикалық және жас ерекшелігі психологиясы. Алматы, 1987.
4.Давыдов В.В. Іс-әрекет категориясының қазіргі теориялық психологиядағы орны.
5. Тұрманова Ж.Е. Педагогикалық психология. Оқу құралы. Қарағанды,2013.
Қосымша әдебиеттер:
1.Ә.Алдамұратов. Қызықты психология. А.,1992
2.В.Богословский ред. Жалпы психология. А.,1980
3.Т.Тәжібаев. Жалпы психология. А.,1993
4.Р.С.Немов. Психология. I том. М.,2002
Практикалық сабақта өздігінен ұғыну және талдау:
1. Қазіргі уақытта психологияның өзекті мәселелерімен айналысатын ғалымдар,олардың тақырыбына сәйкес зерттеу жұмыстарын атаңыз және оларды жоғарыда аталған ғалымдардың ізбасарлары ретінде не айтар едіңіз?
2.С.М. Жақыпов зерттеулерінің мәні
3. Педагогикалық психология пәнінің тарихы және оның өкілдері мен еңбектері
4.Педагогикалық психологияның тарихында А.С. Макаренко еңбегінің тәлімдік мәні
3-Дәріс . Педагогикалық психологияның негізгі зерттеу әдістері
Біз оқушының психологиялық ерекшеліктерін білу үшін, осы ғылымның зерттеу әдістерімен таныс болуымыз керек. Психологияда зерттеу объектісіне, бағытына, нені зерттеуіміз керектігіне қарай дербес зерттеу әдістері болады, осы әдістер арқылы оқушының сан алуан ерекшеліктері мен оқу-тәрбиеге қатысты заңдылықтарды зерттеуге мүмкіндік туады. Белгілі педагог әрі психолог ғалым Қ.Жарықбаев «Егер ғылымда өзіне тән әдіс, яғни зерттеу әдістері болмаса, ол нағыз ғылым болудан қалады» дегендей, педагогикалық психологияның зерттеу әдістері осы ғылымның көп жылғы даму жолында түрлі тексерулерден өтіп, сұрыпталып қалыптасқан.
Ғылыми психологияда адамның ой-өрісі, сана сезімі, ерік-жігері іс-әрекеттен, оның нәтижесінен байқалатыны айтылған. Адам санасы оның іс-әрекетін бағдарлайды. Сана мен іс-әрекет тығыз байланысты. А.О. Пинт: «Баланы дұрыс тәрбиелеу үшін, оны өте жақсы білу керек. Ол үшін баланың жаңа қалыптасып келе жатқан мінез-құлқына сәуле түсіретін жүріс-тұрысындағы болмашы жағдайды байқап, баланың ойындағы өзгерістерді бақылап, көңіл-күйінің нәзік толқуларын сезіне білген жөн» дейді. Мұнда бала ішкі жан дүниесін басқаға айтпауы ықтимал, сондықтан оның психологиялық ерекшеліктерін жете білу үшін оның психикасын объективтік жолмен зерттеуде біз психологиядағы зерттеу принциптерін ұстануымыз керек. Психологияда адамның психикалық ерекшеліктерін зерттейтін бірнеше әдістер бар. Олар: негізгі әдіс және қосалқы әдіс деп бөлінеді. Негізгі әдістің біріне бақылау әдісі жатады. Мысалы: оқушылардың мамандықты меңгеруге бейімділігін анықтау үшін сынау (тест) негізгі әдіс деп саналса, ал оқушының өз қолымен жұмыс жасауы барысында жасаған заты немесе құралдары қосалқы әдіс деп аталады.
Педагогтық бақылау ол – күдіктену мен аңду емес, ол – баланың жүріс-тұрысын, ақыл-ойын, қылығын үнемі бақылап жүру қажеттілігі, оларды әділ, тілектестікпен түсіну. Мұндай бақылау ата-анаға көп көмегі тиеді. Баланың ішкі құбылыстарын, оның сезімдерін, әр қылығының себептерін түсінуде, баланы жақсы көріп, оны қолдау керектігін және жаман қылығын көріп, оны болдырмай, жөндеудің керектігін түсінуге жәрдем етеді.
Бақылау әдісі. Белгілі жоспар бойынша жүйелі түрде ұзақ уақыт зерттелуші адамның психикалық ерекшеліктерін қадағалауды бақылау әдісі дейді. Бақылау арқылы байқалған фактілер мен құбылыстардың табиғаты психологиялық тұрғыдан түсіндіріледі. Өмір тәжірибесінде әдеттегі бақылаудан ғылыми бақылаудың негізгі айырмашылығы құбылыстардың себеп-салдар принципі бойынша әр нәрсенің сыры ашып көрсетіледі. Ғылыми бақылау мынадай сатылардан тұрады: а) сырттай бақыланған мінез көріністері мен әрекеттерді түсіндіру; ә) оның ішкі психологиялық мәнін ашып көрсету; б) жорамал жасап, оның анықтамасын танып білу[Алдамұратов Ә]. Мысалы, мектептегі оқушының ойлау және сөйлеу ерекшеліктерін зерттеу керек болса, ол үшін зерттеуші оқушының әрбір сабақ үстіндегі жеке сөздерін, сөйлемдерін стенографиялап, күнделікке түсіреді, кейін оны тиянақты талдап, тиісті қорытынды шығарады.
Бақылау әдісі нәтижелі болып шығуы үшін мынадай шарттарды орындау керек: а) бақылау белгіліленген уақыт бойынша жүргізілуі және қайталанып зерттелуі тиіс; ә) зерттеу объектісін айқын белгілеу, бақылау мақсатын қоя білу; Мысалы: бақылау объектісі нашар үлгермейтін оқушы болса, мақсатыңыз – оның оқу үдерісі кезінде ойлау ерекшелігін білу; б) байқалған фактілерді дер кезінде жазып отыру; оған уақытымен талдау жүргізіп отыру;
Соңғы кезде балалар ұжымын зерттеу кезінде социометриялық әдістеме қолданыла бастады. Ол ұжымның бағытын, ұжым ішіндегі қарым-қатынасты, ұжымды кіші топтардың жағдайын және мүшелерінің жағдайын анықтауға көмектеседі. Сырттай қарағанда бұл әдістеме өте қарапайым. Мысалы, ұжымның әрбір мүшесі өз атын атамай, келесі сұрақтарға жауап береді: «Сыныбыңда қай үш адаммен келесі әрекеттерді жасағың келеді және келмейді?: а) бір партада отырғың келеді, б) лагерде бір шатырда тұрғың келеді, в) бір топта болғың келеді, г) қоғамдық жұмыстарды бірге орындағың келеді» және т.б. Жауаптарды өңдеу, сыныпта әйгілілерді анықтауға көмектеседі, сонымен қатар сыныпта жетекшілер, атақты емес оқушылар, ұжымда кіші топтардың барлығы және олардың қарым-қатынасы анықталады.
Психолог А.В.Петровский кейбір жеке көрсеткіштерді зерттеуде келесі әдістемені қолданады. Жоғары сынып оқушыларына сөздер тізімі беріледі, ол тізімдегі сөздер тұлғаның өнегелі сипаттары, оқушылар ең құнды деп есептейтін қасиеттерден бастап, аз бағалайтынына дейін тәртіпте жазады(азаю тәртіпте). Біршама күннен кейін (екі апта өткен соң) тізімді жазу қайта беріледі. Алынған екі тізімді салыстырады. Егер де қасиеттер тізімдері толық сәйкес келсе, ол оқушы өзін жоғары бағалайтынын білдіреді. Ал тізімдегі сөздер орны бір-біріне қарама-қарсы болса, оқушы өзін төмен бағалайды, өзіне-өзі сенімсіз екендігін білдіреді. Ал екі тізімдегі сөздер орыны кей жерлерде бір-біріне сәйкес келмесе, оқушы өзін жағдайға қарай бағалайды.
Достарыңызбен бөлісу: |