Болжау әдісі – педагогикалық жүйе немесе білім беру жүйесінің қозғалысын көрсету үшін қолданылады. Зерттеу нәтижесінде алынған нақты ғылыми деректерді сандық көрсеткіштерге, графиктерге, сызбаларға, диаграммаларға, формулаларға, түсініктер мен заңдарға айналдыру үшін зерттеушінің ойлау абстракциясының жоғары деңгейі мен дәрежесі қажет. Педагогикадағы математикалық жəне статистикалық əдістер. Сауалнама, эксперимент жолымен алынған деректерді өңдеу үшін, сондай-ақ зерттеліп жатқан құбылыстар арасындағы сандық тəуелділіктерді анықтау мақсатында қолданылып, эксперимент нəтижесін бағалауға, қортындылардың нақтылығын арттыруға, теориялық тұжырымдарды негіздеуге жəрдемдеседі. Математикалық əдістер арасында педагогикада ең көп қолданылатыны тіркеу, өлшемге түсіру және т.б. әдістер. Статистикалық əдіспен көрсеткіштердің орташа сандық шамасы айқындалады: орта арифметикалық (салыстырып бақылау жəне эксперименттік топтардың жазба жұмыстарында жіберілген қателердің орташа санын шығару үшін); медиана – тізімдердің орта тұсындағы көрсеткіш (топта он екі оқушы болса, бағаның өсу дəрежесімен өрнектелген тізімде алтыншысының бағасы – медиана); таралу дəрежесі – дисперсия немесе орташа квадраттың ауытқу, баламалар коэффициенті жəне т.б. Мұндай есептерді жүргізу үшін белгілі формулалар, анықтама кестелер қабылданған. Осы əдістермен жинақталған көрсеткіштердің сандық нәтижелері графиктер, диаграмм кестелер түрінде беріледі.
ПЕДАГОГИКА АДАМ ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМ ЖҮЙЕСІНДЕ
Педагогика пәні – адамтану ғылымының ішіндегі жетекшілерінің бірі ретінде өте ертеден қалыптасқан ғылымдардың бірі. Сондықтан педагогика ілімінің адам баласының саналы өмірімен ұштасып, оның көне заманнан бастап орын алып келе жатқанын түсінуге болады. Адамзат қоғамының дамуына байланысты ғылым-білімнің дамуы, тәрбиенің шығуын, оның даму заңдылықтарын ғылыми жолмен түсіндірудің қажеттігі туды. Жинақталған ғылыми мәліметтерді пайдаланып, педагогика адам тәрбиесі туралы мәселелерді жан-жақты түсіндірудің ғылыми және әдіснамалық бағытын қарастырады. Қазіргі кезде тәрбиенің ықпал ету факторлары кеңейе түсуде. Олай болса педагогика тек балалар тәрбиесі туралы ғылым ғана емес, қоғамның дамуымен қатар білім беру, өркениетті мәдениет, тұлғаның кәсіби дамуы мәселелерін зерттейтін кешенді ғылым. Педагогиканың ғылыми танымдық саласы – тәрбие. Педагогика қоғамдық өмірдегі тәрбиенің мәні мен ролін анықтайды. Педагогика (грек. «paіda» – бала, «gogos» – жетектеуші) – 1) жеке адамды тәрбиелеп, қалыптастыру үшін белгілі мақсатқа бағытталған жүйелі тәрбие мен білім беру туралы ғылым; 2) тәрбиені, білім беруді және оқытуды зерттейтін теориялық және практикалық ғылымдардың жиынтығы. Педагогикалық институттарда профильді бағдарламалар бойынша оқылатын оқу курсы да педагогика деп аталады. Қазіргі кездегі педагогика оқу-тәрбие жұмысының мәселелерін қамтиды. Ежелгі Грекияда еңбекке, қолөнерге және соғыс өнеріне үйретуші құлдарды педагог деп атаған. Педагогикалық ойлар алғашқыда философияда, діни ілімдер жүйесінде, саясаттануда, құқықтануда, әдебиетте дамыды, кейін XII ғасырдың басында жеке ғылым болып бөлініп шықты. Ф. Бэконның, Я. Коменскийдің еңбектерінде педагогиканың дербес ғылым ретінде маңызы арта түсті. Олардың ізінше Д. Локк, Ж. Ж. Руссо, И. Песталоцци, И. Гербард, А. Дистервег, т.б. еңбектері жарық көрді. Орта ғасырларда жастарға білім және тәрбие беру ісі діни орындардың қолында болды. Мешіт жанынан медреселер, шіркеу жанынан приходтық, соборлық, монастырьлық мектептер ашылды. Олардың бәрінде дерлік құдай заңы, төрт амалды есеп, таза жазу, еңбекке үйрету пәндері оқытылды. Кейіннен өндіріс пен сауда-саттықтың өркендеуіне орай гильдейлік мектептер ашылды, онда тауартану, заттың өзіндік құны мен сапасын анықтау, геодезия, топография сабақтары енгізілді. Педагогика пәні қоғамның талабына сай өскелең жас ұрпақтың тәрбиелеу, білім беру және оқытудың жалпы заңдылықтары мен ерекшеліктерін зерттейді. Сонымен қатар, педагогика тәрбие туралы ғылым ретінде тәрбиенің мәнін анықтау, түсіндіру, тәрбиенің өзіне тән заңдылықтарын көрсету, қоғамның, жеке тұлғаның мүддесіне сай болуы туралы жан-жақты зерттеулер жүргізеді.