ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУДІҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ МЕН ӘДІСТЕРІ
Әрбір ғылым өзінің дербес әдіснамасынан, зерттеу әдістерінен тұрады. Педагогиканың да өзіне тән ғылыми-зерттеу әдістері бар. Әдіснама – әдістер туралы ілім. Әдіснама – грек сөзінен алынған, «зерттеу» деген мағынаны білдіреді, яғни әдіс туралы ғылым. Ғылымның әдіснамасы ғылыми-зерттеу әдістерін, белгілі бір ғылымның пәнін зерттеу кезінде басшылыққа алынатын ұстанымдарды анықтайды. Ғылыми әдіснаманың негізін Гегель салды. Гегель әдісі дегеніміз – мазмұнның қозғалысы, құбылыстың мәнін ашып көрсету және жасалмайтындығын баса көрсету.
Әдіс термині гректің «мetodos» деген сөзінен алынған, ол «білімге жол ашу» дегенді білдіреді. Әдіс қандай жоба, жол, көмек арқылы мақсатқа жетуді анықтайды, шешеді немесе дәлелдейді.
«Методология» (грек тілінің «methodes» - зерттеу жолы, таным, ілім, білім дегенді білдірсе, «logos» - ұғым дегенді білдіреді) – «әдіс туралы ғылым» деген мағынаны береді. «Метод» (әдіс) термині тікелей нақты бір нәрсеге деген жол ретінде анықталады, яғни методология мағынасы бір жағынан бір нәрсені тану туралы ғылым болады. Сондықтан методология зерттеу процесі туралы ілім ретінде де түсіндіріледі. Әдіснама, әдіс және теория әрқашан бір-бірімен тығыз байланысты.
Теория – педагогикалық құбылыстардың кез келген әдіснамасының негізі болып табылады және сол әдістеменің көмегімен табылған деректер нәтижесі кеңейеді. Теория – таным үдерісінің нәтижесі, ал әдіснама болса, осы танымға жету мен оны құру тәсілі болып табылады. Ол теориялық және практикалық ғылыми-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыру мен құрастырудың негізі мен тәсілдер жүйесін таным жолы деп атайды.
Оқыту, тәрбиелеу мен дамыту теориялары педагогика ғылымы әдістерінің негізгі мазмұнын құрайды. Қазіргі уақытта таным әдістері, олардың қалыптасуы мен даму үдерісі, зерттеу объектісін тану мен өлшеудің анық ғылыми нәтиже бере алатын нақты әдістерін талап ететін деңгейге жақындап келеді. Сондықтан ғылыми-педагогикалық зерттеу әдістерінің дамуы мен жетілдіру үдерісі тұтас педагогика ғылымның дамуының ең басты құрамдас бөлігі болып табылады.
Қазіргі кезде ғылыми-әдіснаманың теориялық негізін құрайтын бірнеше құрылымдары бар:
• фактологиялық материалдың бастапқы эмпирикалық негізі, ол теориялық түсіндірмені талап етеді;
• бастапқы теориялық негіз, ол зерттеу объектісін суреттейтін алғашқы анықтамалардан, аксиомалардан, болжамдардан және теориялық ыңғайлардан тұрады.
Зерттеу әдістері педагогика ғылымының дамуының басты құрамды бөлігі болып табылады. Педагогикалық ғылым мен тұтас педагогикалық білімнің дамуы педагогикалық зерттеу әдістерінің даму деңгейіне байланысты. Кез келген педагогикалық зерттеу белгілі ғылыми білімдерді дәлелдеу емес, ол жаңа білімдерді табу үдерісі болып табылады. Ол адамның зерттеу объектісі, заттар мен құбылыстардың мәнін ашуға бағытталған жан-жақты танымдық іс-әрекеті болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |