Педагогика ғылымының салалары. XIX ғасырдың басында ғылым мен техниканың өркендеуіне байланысты педагогика ғылымы тармақталып, жеке салалары қалыптасты. Педагогиканың ғылыми пән ретінде және өзінің тарихи даму барысында мынадай салаларды қамтиды:
1. Жалпы педагогика – барлық жастағы тұлғаның оқуы мен тәрбиесіне ортақ негізгі заңдылықтар мен принциптерді зерттейді.
2. Мектепке дейінгі педагогика – мектеп жасына дейінгі жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу заңдылықтарын зерттейді.
3. Мектеп педагогикасы – мектеп жасындағы балаларды тәрбиелеу мен оқытудың заңдылықтары мен ерекшеліктерін, оны ұйымдастыру жолдарын қарастырады.
4. Жоғары мектеп педагогикасы – жоғары оқу орындарында оқитын жастарды тәрбиелеу мен оқытудың заңдылықтарын зерттейді.
5. Арнаулы педагогика бірнеше бағытқа бөлінеді:
– сурдопедагогика (лат. «surdus» – саңырау, күңгірт естілетін)
– арнаулы педагогиканың саңырау және құлағының мүкісі бар адамдардың дамуын, оқыту мен тәрбиелеу мәселелерін зерттейді;
– тифлопедагогика (грек. «typhlos» – соқыр, көзі көрмейді)
– соқырлар мен көзі нашар көретіндерді оқыту мен тәрбиелеудің заңдылықтарын қарастырады;
– олигофренопедагогика (грек. «olіgos» – аз, және «phren» – ақыл) – 1) ақыл-ойдың кемдігі; 2) баланың іштен туа біткен не алғашқы үш жыл өмірінде дамымай қалған психикасының әртүрлі формалары кездесетін ақыл-ойы кем балаларды оқыту мен тәрбиелеу проблемаларын зерттейді; – логопедия (грек. «logos» – cөз, ілім, «paіdeіa» – тәрбиелеу, оқыту)
– баланың тіл кемшілігін, оны жою мен алдын алудың әдістері мен қағидаларын зерттейді.
6. Педагогика тарихы – әртүрлі тарихи дәуірлердегі педагогикалық идеялары мен білім беру мен тәрбиенің даму тарихын зерттейді.
7. Оқыту әдістемесі – мектептегі немесе ЖОО пәндердің оқыту әдістемесінің негізгі заңдылықтары мен ерекшеліктерін зерттейді.
Педагогика ғылымының пайда болуы мен дамуы. Педагогикалық ойлардың дамып-жетілуі ертедегі шығыс елдерінің (Ежелгі Мысыр, Вавилон, Үндістан, Қытай) философиялық жүйесінде қалыптасып, ежелгі грек философиясының өкілдері Сократ (469–399), Платон (427– 347), Аристотель (384–322), Демокрит (460–370) еңбектерінде саясат, тәрбие, мемлекет, жеке тұлға туралы құнды пікірлерімен жалғасын тапты. Құлдық қоғам дәуірінің ойшылдары Платон және Аристотель тәрбие мен оқытуды мемлекет тарапынан ұйымдастыру қажет деп, құлдардың балаларына білім беруге қарсы болды, дене еңбегі құлдардың негізгі жұмысы деп санады, тәрбиенің мақсатын өздері өмір сүріп отырған қоғамдағы мемлекеттің саяси міндеттерімен ұштастырды. Дегенмен ғұлама-ойшылдардың өздерінің философиялық еңбектерінде педагогикаға қатысты адамдардың рухани өмірінің кейбір заңдарын ашты, тәрбие қызметінде басшылыққа алуға қажет болатын бастапқы бірқатар ережелерді қалыптастырады. Қайта өрлеу дәуірінде (XIV–XVI ғғ.) оқу-тәрбие мәселелері жайында «гуманистік» бағыт қалыптасты. Олардың қатарында социал-утопистер француз жазушысы Франсуа Рабле (1494–1533), ағылшын Томас Мор (1478–1535), италиялық Томаззо Кампанелла (1568–1639) педагогикалық ойдың көрнекті өкілдері болды. Олар жаңа дәуір үшін жаңа адам қажет деген көзқарасты ұсынды. Гуманистік бағыттың педагогтары балаларға дене тәрбиесін, эстетикалық тәрбие, математика, астрономия, механика, жаратылыстану ғылымдарын оқыту арқылы білім беруді талап етті. Педагогика ғылымының философия шеңберінен өз алдына дербес пән болып қалыптасуына айрықша үлес қосқан чех халқының педагогы Ян Амос Коменский (1592–1671). Оның «Ұлы дидактика» атты еңбегі – педагогика теориясындағы тұңғыш зерттеулердің бірі. Бұл еңбекте ақылой, адамгершілік тәрбиесінің мәселелері, өзі ұсынған жаңа мектепті ұйымдастыру мәселелері зерттелді. «Осыдан келіп ол ортағасырлық мектеп тәртібіне қарсы шықты, мектеп балаға сүйіспеншілікті, адамгершілік жақсы қасиеттерді тәрбиелейтін «адамгершілік шеберханасы» болуға тиіс деген көзқарасты ұсынды. Педагогика ғылым ретінде дамудың ұзақ жолдарын өтті. Қоғамның дамуымен бірге оның бала тәрбиесі жөніндегі тәжірибесі, ойлауы да өсті. Педагогикалық теорияның дамуына одан әрі үлес қосқан «прогресшіл» көзқарастың өкілдері: ағылшын ойшылы Джон Локк (1632–1704), француз ойшылдары Клод Адриан Гельвеций (1715–1771) мен Дени Дидро (1713–1784), француз жазушысы, ағартушы-философы ЖанЖак Руссо (1712–1778), Швейцарияның педагог-демократы Иоганн Генрих Песталоцци (1746–1827), неміс педагогы Адольф Дистервег. XVIII ғасырдың философ-ағартушыларының педагогикалық ойларының дамуына нәтижелі үлес қосқандар XIX ғасырдың социал-утопистері Клод Анри Сен-Симон (1760– 1825), Шарль Фурье (1772–1837), Роберт Оуэн (1771–1858). Олар өз дәуіріндегі капиталистік қоғамды сынап, адамды қанау жойылатын жаңа өркениетті, әділ қоғамды аңсады.
Қазақ халқының ағартушы қайраткерлерінің әлеуметтік-саяси, философиялық және этикалық көзқарастары ағартушылық бағытта қалыптасты. Халқымыздың ардақты ұлдары, қоғам қайраткері Жәңгір хан (1801–1845), ағартушы-этнограф Шоқан Уәлиханұлы (1835–1865), ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсарин (1841–1889) және кемеңгер ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлы (1845–1904) өз елінде білім, ғылым, тәрбие жолымен алға қарай бастады. Олар қазақ халқының өркениетті қоғамға қол жеткізудің бірден-бір жолы – өнер-білім, дін, ұлттық тәрбие мен мәдениетті жетілдіру деп біліп, өз өмірлерін осы мұратқа жетуге арнады. Одан кейінгі толқын халқымыздың біртуар ұлдары Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мағжан Жұмабайұлы және Жүсіпбек Аймауытұлының педагогика саласындағы еңбектері өзінің құндылығымен сипатталады. Ахмет Байтұрсынұлы – ағартушы, ақын, әдебиет зерттеушісі, ғалым, этнограф, түркітанушы, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алашорда өкіметінің мүшесі. Филология ғылымында «Қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін салушы» деген атпен әйгілі зерттеуші. Ол «Оқу ана тілінде жүргізілсін» деген талапты бастаушы болды. 1912 жылы тұңғыш рет қазақ тілінде «Әліппені» жазды, аталған еңбек халықты сауаттандырудың басты құралы болды. Бұл оқу құралы сауат ашу әрі ұлттық дүниетанымды тұлға бойында қалыптастыру мақсатын қойды. 1926 жылы «Әліппенің» жете өңделген жаңа түрі жарияланып, қазақ халқының сауат ашу мектебінің басты құралы болды. Ағартушы-ғалым оқушыларға ереже жаттатудың тиімсіз екенін дәлелдеп, түсіндіру, ой-қорыту, салыстыру әдістерін қолдануды ұсынды. Сол сияқты әдебиет сабағын оқытқанда әсерлендіру, талдау, бейнелеу, тұжырымдау тәсілдерін қолдану қажет екенін «Қай әдіс жақсы» (1928) деген мақаласында айқын баяндайды. Халыққа білім беру ісі үшін халықтың ана тіліндегі жазуы, оқу құралдары болуы керек. Міне, осындай өзекті мәселелерге ерекше мән беріп, ұлттық емлені, грамматиканы ғылыми негізде жаңадан құрып, оны жүзеге асыруға жанашыр болды. А. Байтұрсынұлы 1913 жылғы «Қазақша оқу жайынан» деген мақаласында: «Бала оқытатын адам оған үйрететінін, оның көңіл сарайын және мұғалімдік ғылымды жақсы білу керек», – дейді.
Ағартушылық идеяны насихаттаушы профессор Х. Досмұхамедұлы – тарих, әдебиет, тiл бiлiмi, психология, педагогика, педология, физиология ғылымдары саласында бiрнеше ғылыми еңбектерi бар. Оның қаламынан шыққан қазақ мектептеріне арналған «Өлі табиғат» оқулығы (1920), «Жануартану» (үш бөлімнен тұрады), «Табиғаттану» (1922), «Оқушылар гигиенасы» (1925), «Адамның тән тіршілігі», «Денсаулығыңды сақта» және т.б. оқулықтары кезінде жаңадан ашылып жатқан қазақ мектептеріне өте қажетті оқулықтар болған еді, бүгін де өз мәнін жойған жоқ. Сонымен қатар, психология, педагогика, биология, медицина ғылымдары саласында тұңғыш ұлттық ғылыми терминдердi қалыптастыруда үлкен еңбек етті. Профессор Х. Досмұхамедұлының тарих, әдебиет, тiл бiлiмi ғылымдары саласында да бiрнеше ғылыми еңбектерi бар. Мысалы, «Қазақ халық әдебиеті», «Қазақ-қырғыз тiлiндегi сингармонизм заңы», «КенесарыНаурызбай» еңбектерiнде қазақ ауыз әдебиетi үлгiлерiнiң тәлiмдiк жағына баса көңiл бөлген, қазақ әдебиетiн жинап, зерттеушi орыс ғалымдары В. В. Радлов, Г. Н. Потанин, А. В. Алекторов, Ә. Диваев, т.б. еңбектерiне ғылыми талдау жасаған. Қазақ ауыз әдебиетiне ғылыми тұрғыда тұңғыш классификация жасаған. Ұлттық өнер туындыларына, әсiресе айтыс өнерiне этнопедагогика тұрғысынан ғылыми пiкiр бiлдiрген. Қазақтың ою-өрнек, зергерлiк бұйымдарының жасалу ерекшелiктерiн, Самарқанд шаһарындағы «Тiлләқари» және «Ширдор» медресесiн салдырушы Жалаңтөс батыр туралы тың мағлұматтар берген.
Сонымен қатар, М. Жұмабайұлының педагогика саласындағы еңбектері ерекше болып табылады. Оның 1923 жылы Орынборда жарық көрген «Педагогика» атты оқулығының маңызы зор. Ол өз еңбегінде ұлттық мәселелерді орынды көтеріп, ғылыми мәнді пікірлер келтіреді. Өмірдің өзекті мәселелерін жүректің нәзік қылымен өрнектей білген Мағжан ұлттық тіл, ұлттық тәрбие туралы да өрелі ойлар айтқан. Яғни, «Тәрбиеден мақсұт – адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты», – деп өзінің гуманистік пікірін айтады. Ал Ж. Аймауытұлы педагогикалық оқу орындарында қызмет істей жүріп, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге, ғылымның әр саласынан жан-жақты білім алуға шақырған көптеген еңбектер жазды. Оның «Тәрбиеші жетекшісі» (1924), «Комплексті оқыту жолдары» (1929), «Жаңа ауыл» (1930) атты журналдағы мақалаларында педагогикалық мәселелерге ерекше мән берген, ал «Психология» (1926), «Жан дүниесі және өнер таңдау» (1926) еңбектері – психология ғылымы саласында жазылған тұңғыш төл туындылар. Ағартушы Ж. Аймауытұлы бала тәрбиесіндегі отбасының роліне, онда балаларды тәрбиелеудің жолдарына ерекше тоқталады. Өз еңбектерінде мұғалімге қойылатын талаптарды, дидактика мәселелерін оқытудағы және тәрбиелеудегі ана тілінің мәнін, жекелеген пәндердің оқыту әдістемесін қарастырады. Ж. Аймауытұлының педагогикалық және психологиялық мұрасының ғылыми мәнінің күні бүгінге дейін маңызы зор болып табылады.