Пән бойынша оқыту бағдарламасының (Syllabus) титулдық парағы



бет23/33
Дата29.09.2023
өлшемі0,59 Mb.
#111396
түріБағдарламасы
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   33
20-тақырып Оралхан Бөкей
Жоспар
1. Әңгімелері
2. «Қайдасың, қасқа құлыным» повесі
Оралхан Бөкей шығармашылығы алпысыншы жылдардан басталады. «Кербұғы», «Ардақ», «Айпара-ана», «Апамның астауы», «Құмар қол бұлғапты», «Тортай мінер ақбоз ат», «Тоқадан қалған тұяқ», «Күлпәштің ұршығы», «Құлашаның шоты еді», «Қасқыр ұлыған түнде», «Жесірлер» әңгімелері мен «Бәрі де майдан», «Сайтан көпір», «Қар қызы», «Атаукере», «Қайдасың, қасқа құлыным» повестерінің авторы.
Қуанышбай Құрманғали О.Бөкей шығармашылығы туралы алғы сөзде былай дейді:
«Оралхан Бөкейұлы - әдебиетке бірден өз бетімен, өз жолымен келген жазушы. Ол ешкімге еліктеген, солықтаған жоқ, яғни шәкірттік кезеңді аттап өтті. Оралханның өңделген, өзгерген, қайта жазылған не жарамсыз, жарияланбай қалған бірде-бір шығармасы болмауы осы пікірімізге толық дәлел. Бұл – оның әдебиетке таланты толысып, дарыны дараланған тұста келгендігінің нақты көрінісі, Оралханның әдебиетке үлкен даярлықпен келуінің бір сыры, оның ел ішінде көбірек. Алматыға - әдеби ортаға жазушылық көзқарасы, дүниетанымы әбден қалыптасқан шақта қосылғаннан да болар.
Бөкейұлының барлық шығармаларында кездесетін тұрақты тақырып, ортақ желі бар. Ол адам мен табиғат, олардың әлімсоқтан туыстығын, тұтастығын жазушы тап болып тани біледі, сүйсіне суреттеп, жарқырата жазады. Оралханның көптің көкейіндегісін тап басып, айрықша сүйіспеншілігіне бөленуі, атының алыс елдерге танылуы да осынау шығармашылық шеберлігінің нәтижесі.
Қаламгердің көптеген шығармаларынан жолығатын кісілер типтік кейіпкерлер галереясын құрайды. Олар бір-біріне мүлде ұқсамайтын, мінездері де, көзқарастары да, іс-әрекеттері де әр алуан адамдар. Өздері қалай өзгеше болса, тағдырлары да сан тарау. Жазушының ерекшелігі, өзінің қолтаңбасы деген осы болар.
Жазушының тағы бір қыры – оның романтика мен реализмді шебер қиюластырып, оқырманның жан-дүниесін байытатын, көңілінің қалауын табатын тамаша әдеби тәсілді шебер меңгергендігі. Бұл да Бөкейұлының бір өзіне ғана тән шығармашылық ерекшелік» [1,200].
Оралхан секілді ешкімге еліктемей, өз стилін қалыптастырған жазушы сирек кездеседі. Көбісі шетел немесе қазақ әдебиетінің классиктеріне еліктейді.
Оның повестеріндегі кейіпкерлер романтикалық әдіспен сомдалады. Романтикалық дегеніміз жатып алып, бір нәрсені қиялдай беру емес, мінезі, іс-әрекеттері оғаш, қоғамға наразы, екінің бірі емес, сирек кездесетін адамдар.
Мысалы, «Қайдасың, қасқа құлыным» повесін алайық. Повесть бірінші жақтан, автордың өз атынан баяндалады. Бұл повесть те жанры жағынан лирикалық-философиялық. Бала атынан әке бейнесі ашылады. Әкесімен жолға шыққан баланың бар ойы әкесі туралы. Аналитикалық тәсіл арқылы (оймен сезім арқылы) әкесі – Бөкеш бейнесі ашылады.
«Дүниедегі ең мықты, әрі ақылды, әрі мың жасайтын тек қана менің әкем екенін, менің әкемнен асқан адамды осы жасыма дейін көрмегенімді, талай ауылды, талай қаланы аралап сандалсам да таптағанымды, тіпті енді мың жылдан соң да таба алмайтынымды, өйткені әкем мені дүниеге әкелгенін, өйткені менің әкем …

  • Биенің екі өкпесін тепкілеп, тебіне берме, қызбай келеді ғой, былай шыққан соң көсемсіп аяңына басар», - деді.

Әкемнің иығындағы осынау бас маған ес білгеннен бермен таныс, көз алдымнан күн-күн сайын кетпейтін жұмыр жердің өзі сықылды.
Әр бала үшін өз әкесі өзіне асқар тау секілді, әр ұл өз әкесін өзінше пір тұтады. Мұндағы кейіпкер үшін де жер бетінде әкесіне тең келетін ешкім жоқ. Оның әкеге деген құрмет, сүйіспеншілігін, балалық сезімін көреміз.
«Маған әкем: найзалы шың, жақпар-жақпар тас қоржындаған кәрі таудың – табиғаттың тағы құбылыстарының қалтарысында оқыстан туып қалған, жез топшылы қаршығаға тым ұқшасатын; маған әкем: Алтайдың арда еркесі, бұғысы сықылданатын» [1, 136].
Оралдың әкесінің тұлғасы осылай біртіндеп биіктей береді. Ол әкесін Алтай табиғатына ұқсатады. Алтайдың қаршығасына, еркіндікті сүйетін тағы бұғысына ұқсатады. Жоғарыда айтылған адам мен табиғат үндестігі туралы меңзеп отырғанын аңғарамыз.
«Біздің шешемізден гөрі Бәкемді әлдеқайда жанымыздай жақсы көретініміз талай жұртты таң қалдыратын. Бірақ әкемді ғұмыр бойы сүйіп өтуді сол айналайын анамыздың өзі үйреткен еді. Көңілі қалып, сезімі суымайтын, қайта ерінің амандығын мойнына бұршақ салып тілейтін, ерінің алдында бұл дүниеден аттанып-ақ кетуін тілейтін, өз күйеуінің ғана ма, иісі ер адамның амандығын тілейтін. Анам айтатын: еркектер болмаса, қай-қай дұшпанның күңі болып кетер едік, қай-қай елдің етегіне жабысып, етігін жалап кетер едік; ерлер болмаса, батқан күніңнен, атқан таңыңнан не пайда, ерлер болмаса, тар құрсағың кеңи ме, тас емшегің жіби ме…
Әрине, әкем бұл пәниден қателеспей, сүттен ақ, судан таза өмір кешуде десем, онда ол тіпті де адамнан гөрі періштеге ұқсар еді. Ал менің әкем періште емес, қуана да, қайғыра да білетін, әрі қателіксіз жүрмейтін Адам ғой! Ендеше, жығылды, сүрінді, бірақ түңілген жоқ» [1, 146].
Орал әкесін құрметтеуді анасы үйреткенін айтады. Баяғының әйелдері әйел секілді, еркектері еркек қасиеттерінде болды. Сыйлауға тұрарлық ері болса, оны қандай әйел сыйламайды. Қазақ ғұрпында әйелі күйеуінің бетіне тіктеп қарамаған, атын атамаған, алдын кесе көлденең өтпеген. Оралдың әкесі мен шешесі сол баяғы жақсы ғұрыптың жұрнағы секілді. Қазір ондай адамдарды сирек кездестіресің және Орал әкесін періште сияқты етіп көрсетуден аулақ, әкесінің талай қателесіп, сүрінгенін біледі, мына өмірде қай пенденің болсын сүрінбей өмір сүруі мүмкін емесін түсінеді, бірақ, әкесі – адал адам.
Орал Қаршығаға былай дейді:
- Бүгінгі біздің қуанышымыз солардың қайғысынан, қанынан көктеген гүл секілді [1, 172].
Орал әкесінің соғысқа барғанын, одан кейін де талай қиындықтар көргенін, өздерінің өмірі оған қарағанда әлдеқайда жеңіл екенін бейнелі сөздермен түйіндейді. Қуаныш қайғы мен қаннан көктеген гүлге ұқсатылады.
Жазушы барлық шығармаларында Алтайдың әсем табиғатына табынып отырады. Сол табиғат аясындағы адамдарды суреттейді. Осы табиғаттың еркін жүрген еркесі – бұғыға адамдардың қатыгездік жасап отырғанын, олардың еркіндігін алып, ағаш қоршауда қамап ұстап отырғанын былай суреттейді:
«Арбиған аша мүйіздің түбінен дырылдатып кескенде, мүйізім жоқ менің төбе құйқам шымырлап кетті. Мен үшін бұғының мүйізін кесуден қатыгездік жоқ болып сезілді.
Кербұғының бүкіл басы қан, ал көзінен, жаудыраған тұнық қара көзінен – Аналықтың көзі іспетті өте әдемі жанарынан жас ағып тұр; және мен осынау жасқа толған аяулы да ардақты көздің аясынан өзімді, әкемді, Қаршығаны көрдім» [1, 161].
Талай жылдан бері адамдар табиғатқа үстемдік етіп, аздырып-тоздыруда. Мұны Ш.Айтматов «Жан пида» романында да айтқан. Оралдың бұғының жанарын Аналықтың жанарына ұқсатуы, оның жанарынан өздерінің бейнесін көруі бұғы да бірдей табиғат перзенті, оған қатыгездік жасағаның анаға қатыгездік жасағаныңмен бірдей дегенді білдіреді. Бұғылар емін-еркін өмір сүру үшін жаралған, олар да – табиғатты көріктендіріп тұрушы сұлулық, еркіндік символы. Бірақ адамдардың көзі қанталап, ештеңені көрмейді. Бұғыларды мүйізіне бола қамауда ұстайды. Мұның бәрін жазушы «Кербұғы» әңгімесінде өте шеберлікпен айтып кеткен.
Осы повестегі Қаршығаның атасы Сарқынды шалдың өзі ерекше кейіпкер. Тоқсандағы шалдың сипаты былай беріледі.
«Шал бері аунағанда, менің жүрегім біз сұғып алғандай дір ете қалды. Аппақ боп сұлаған аруақ көргендей сезіндім. Маған шал әлдеқашан өлген, тек рухы ғана жарық дүниені қимай, қиналып жатқандай еді. Әдемі, әрі таза аппақ сақал бүкіл өңірін жауып, ол көзі қартайған қыранның жанарындай тым-тым шыңырау тереңнен жылтырайды. Мынау көз, дәл осы қалпында, сарғайған сары даладағы жалғыз құдықтың әбден суалып, тек түбінде ғана бір ұрттам суына оқыстан нұр түсіп, жылтырағаны секілді еді. Мүмкін мынау қаңсыған ақсақал Алтайдағы ең кәрі адам ғана емес, жүзге шығар енді қалған ең ақырғы шал шығар» [1,149].
Жазушы Сарқындыны бұрынғы қазақ өңірінің, бұрынғы байлық, еркіндіктің сарқындысы ретінде беріп отырған секілді. Сарқынды өзін өліп қалған ретінде көрсетіп, соғысқа да бармаған. Ол – хан тұқымы.
«Сырбаз қимыл, тәкаппар да кербез қылықтарының жұрнағы-ақ шалдың жас шағында сал-сері болғанын аңғартса, әкем екеуміз әрең көтерген алпамсадай денесі атан жілік сіңірлі батыр болғанына куә іспетті» [1, 151].
Сарқынды – баяғы батырлардың соңы. Оның ішінде шемен боп қатып жатқан шер бар.
Әдебиет
1. Бөкей О. Кербұғы. А., 2003.
2. Уақыт және қаламгер. А, 1990 (Е.Аманшаев).

7 Тәжірибешілік сабақтардың мазмұны






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет