Пән бойынша оқыту бағдарламасының (Syllabus) титулдық парағы



бет20/33
Дата29.09.2023
өлшемі0,59 Mb.
#111396
түріБағдарламасы
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   33
17-тақырып Ә.Нұрпейісов
Жоспар
1. «Қан мен тер» романы
Кейбір көркем шығармалар қоғамдағы идеология қанша өзгерсе де, құндылығын жоймайды. Мәселен, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романын алалық. Бұл шығарма қазақ әдебиетіндегі классикалық шығармалардың бірі болып қала береді. Бірақ, романды бұрынғыдай таптық тұрғыда талдамайтынымыз бәріне белгілі.
Кезінде роман тақырыбы туралы З.Қабдолов былай деген болатын ; «Нұрпейісов таңдаған тақырыбы қаншама шиырланғанмен, өнер өрісін өзінше тапты. Өзіне дейінгілердің бәрі қалың бұқараның революцияға келу жолын, сол арқылы бас қаһарманның күрес эволюциясын , өсу сапарын көрсетсе, Нұрпейісов осыларға қоса тағы бір бас қаһарманның халық келешегіне кереғар қарсы әрекеттерін, сол арқылы оның өшу себептерін көрсетті» (3,161).
Осы үзіндідегі «таңдаған тақырыбы қаншама шиырланғанмен, өнер өрісін өзінше тапты» деген пікірге қосыламыз. Жазушының ешкімді қайталамай басқа қырынан келгені рас. Ал «тағы бір бас қаһарманның халық келешегіне кереғар қарсы әрекеттерін, сол арқылы оның өшу себептерін көрсетті» деген талдауды бүгін дәл сол күйінше қайталамайтынымыз анық. Себебі, Тәңірбергендерді күйрету қызыл империяға керек болмаса қазақ жерінде қажет болған жоқ. Роман кітаптарының «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атаулары қазақ халқының басындағы ымырт, сергелдең, бостандыққа деген үмітінің күйреуі боп шығады.
Бұрынғы кезде «Қан мен тер» дағдылы әдетпен, «Абай жолын» талдаған секілді, ескі мен жаңаның күресі деп, Еламанды революционер, Тәңірбергендерді үстем таптың өкілі етіп талодап келдік. Кеңес үкіметі кезіндегі зерттеулердің түгелінде солай жазылған.
«Қан мен терді» қайта оқи отырып, Еламан мен Тәңірберген бейнелерін нағыз шыншылдықпен сомдалған тұлғалар ретінде қарастыруға болады.
Тәңірберген монологы арқылы қызылдардың шын бейнесі танылады: «Ал бір жанды бет-жүзіне қаратпай, жолындағы қайрат көрсеткендердің бәрін қырып-жойып, жаныштап, тапап келе жатқан қызылдар осы мына ойраны шығып жатқан дүниенің ертеңгі анық қожасы, келешекте қара борбай кедейлерді қанша қарық қыларын кім білсін, ал бірақ билік қолына тиген күні бұлардың байды құртары анық»(6,592).
Басқа шығармаларда қызыл әскерлер туралы дәл осылай айтылған жоқ. Әрине, кезінде Тәңірберген ұнамсыз бейне болғандықтан ғана оған жоғарыдағыдай ойды ойлатуға мүмкіндік болды.
«Қан мен терге» тақырыптас басқа шығармалардан тек қана Х.Есенжановтың «Ақ Жайығындағы» Халел Досмұхамедовтың қызылдарға қарсы айтқан сөздері ғана Тәңірберген пікіріне ұқсас.Мысалы: «Қазақты жіктеу, алауыздыққа айналдыру – ел етпеу. Қазақ бауырмал халық, рақымшыл халық. Атаны бала, ағаны іні жағадан алатын зұлымшылдық қазақтың қанында жоқ. Қазақ қарындасқа жақсылық етумен қазақ атанған. Қай қай заманда аштан өліп, көштен қалған қазақты көріп едің? Жақынды жұтып, ағайынның жүнін түтіп жеу ашынған қарашекпен мен жанынан безген заводшыдан шығады. Ол сені ертең алдымен жұтып қояды. Өз тілін, өз абыройын сақтамаған, өз жақсысын таптап келе жатқан, өз байлығын обып келе жатқан көп тобыр қолыңды қол, бұтыңды бұт етіп жоқ етеді»(2,144).
Халел Досмұхамедов кезінде «Алаш» құрамында болғандықтан «Ақ Жайықта» қызылдардың қарсыласы ретінде бейнеленген. Бірақ, жазушы Халелді сөйлету арқылы біздің қазір ғана танып жатқан шындығымызды көрсетіп кеткен, ол кезде басқаша айту мүмкін де емес еді.
Тіпті Х.Есенжанов өзі де Халел Досмұхамедовке қосылмады дегеннің өзінде бүгінгі күнге сай пікірлер боп тұр. Философия заңы бойынша айтсақ, «терістеуді терістеу».
Сонда бұрынғы кезде айтылатын «төңкеріске дейін байлар кедейлерді қанап, теңдік бермей жатыр еді, төңкерістен соң бостандық таңы атып, тепкіден құтылдық» дейтін ертегі сөздердің Халел күл-талқанын шығарған.
Тәңірберген секілді байлардың қазақ жерінде ешкімге зияны тимегенін, олардың «күйреуінің » де қажет болмағанын мына үзіндіден аңғарамыз:
«Күндердің күнінде қазақтан қара қылды қақ жаратын әділ төреші туып, ақ-қарамызды ашар заман болса, кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз болғанына кейінгі ұрпақтың көзі жетер: қазақ баласына біздің қылдай жазығымыз жоқ-тұғын, жазықсыз едік. Тек адамды адамға қасқыр қып айдап сап қойған біз емес, заман еді ғой. Зманым қасқыр болса, мен қалай көгендеулі қозы болам» (6,593).
Осы жерде романдағы бүкіл тартыстың жауабы берілген. Барлығына заман кінәлі. Ақбаланың бақытсыздығына да, Еламанның қиын тағдырына да, Тәңірбергеннің азапты өліміне де себепкер - заман . Тәңірбергендер заман көкпарының лағы боп тартылып кете барды. Жазушы большевиктік идеядан аулақ, социалистік реализмді айналып өткен. Ресейдегі төңкеріс пен оған қазақ жерінің қатынасын боямасыз, жасандылықсыз ашып берген. Оған кейін Еламан бейнесін талдағанда көз жеткіземіз.
Иә, бәріне де әділ төреші – уақыт. Тарихи оқиғалардың ақ-қарасы ашылды. Кім кінәлі, кім жазықсыз екенін де білдік. Тәңірбергендердің де қылдай жазығы болмағанын айтып жатырмыз. Осының бәрін жазушы көркем шындыққа шеберлікпен айналдыра білді. Осы арада бір айта кетеріміз: жазушы суреткерлігінен, шеберлігінен көз сүрінеді (З.Қабдолов та бекерге тамсанбайды ғой). Оған көптеп мысалдар келтіруге болады. Шығарма финалындағы мына үзіндіге назар аударалық : «Тәңірберген бойын билей алмай, аяғын аннан-саннан бір басып, тәлтіректеп барды да қалт етіп тұра қалды. Тек әлсіз буыны қалтырап бойын билей алмай талықсып кете береді. Сол кезде төбедегі көл-көсір аспан мен аяғы астында ақ шаңдағы шығып борап жатқан жер де бұның өзімен бірге теңселіп шайқалып тұрды. Шайқалған аспанның кейде жерге ана шалғайы, кейде мына шалғайы бір соғып қайқаң етіп қайта көтеріліп кететін сияқты. Басы айналды. Көк жүзінде репетсіз ірі құстар әлгіден де гөрі көбейіп қаптап кетіпті. Қанатын үсті-үстіне сілтеп, далп-далп қағады. Қара құстардың арғы жағында тұңғиық көк аспан мөлдірейді» (6,662).
Осы арадағы аспанның шайқалуы – деталь, аспан емес, Тәңірберген шайқалып тұр. Жазушы Тәңірберген халінің қаншалықты қиындағанын, соңғы үзілер сәтін біздің көз алдымызға елестетумен бірге, түйсіндіреді.
Құстардың арғы жағынан тұңғиық көк аспанның мөлдіреуі – жерде қаншама өлім боп жатқанымен ,біреу жеңіп, біреу жеңілгенімен, өмір мәңгілік дегенді білдіреді. Қара құстар - өлім белгісі.
Ал, қара құстардың далп-далп ұшуы – құстардың ірілігін көрсетеді. Торғай немесе шымшық қанатын далп-далп қақпайды. Жазушының әр құбылысқа кеоек өз бояуын жұмсауы, бір ғана кейіпкерді бөліп алмай, оны пейзажбен қоса алуы, пейзаждың өзіндік философиялық мән атқарып тұрғаны – барлығы шебер психолог қаламгерді таныта түседі.
Б.Майтанов осы үзінді туралы былай дейді: «Романның идеялық-философиялық концепциясында пейзаждың психологиялық дәлел орайындағы қызметі айрықша... «Қан мен тер» трилогиясындағы пейзаждың басты ерекшелігі осы тәрізді табиғат диалектикасына адамдар образын сомдауда атқаратын идеялық-ұждандық компонент ретінде, негізінен, саналы түрдегі философиялық-психологиялық, символико-аллегориялық маңызына зор мән артылуынан байқалады »(5,241).
Жазушының Кеңес өкіметі кезіндегі зұлымдықтар туралы ойы Тәңірберген монологы арқылы былай беріледі: «Өзінің осы өмірден мықтап түйген бір шындығы бар: неғұрлым кісі тілі тәтті болса, соғұрлым тасбауыр, қатал. Олар қолымен қан шеңгелдеп тұрып та жұртты сыртымен алдап, адам адамға бауыр, дос деп даурығатынын кәйтерсің» (6,619).
Осындағы «Адам адамға дос, бауыр» деген сөздер Кеңес өкіметінің ұраны болды. Бұл сөздерді Тәңірберген емес, жазушы айтып отыр. Өйткені, Кеңес өкіметінің қандай ойран жасағанын, қолдарына қан шеңгелдеп тұрып, жұртты бос сөзбен алдағанын бәріміз білеміз.
Тәңірбергеннің тағы бір монологынан да заман шындығын аңғарамыз: «Адам өмірінің қалай да көкпарға ұқсайтын бір жері болса, бұл өзін күштінің қолында кететінкөкпардың лағы емес, аты мықты, қолы қарулы, тақымы темірдей көкпаршының нағыз өзімін деп ойлайтын. Енді қараса, дүниеге келген кісі басынан бақ тайған күні білегі мықты біреудің тақымы астында көкпардың лағындай тартылып кете барады екен» (6,593).
Кезінде ақтар мен қызылдардың саяси көкпарында талай Тәңірберген сияқтылар көкпардың лағы боп кетті.
Қазір Тәңірберген бейнесі Еламанмен қарым-қатынасы тұрғысынан емес, жалпы аласапыран кездегі тоз-тозы шыққан қазақтың дәулетті, бай адамдарының жиынтық бейнесі ретінде, қилы заман құрбаны ретінде талдануы тиіс.
Еламан да роман басталғанда-ақ бірден таныла бастайды. Әсіресе, есігі алдындағы Тәңірберген атын көргендегі өзін-өзі ұстауы (бұл жердегі Қабдолов айтатын «масқара» детальға тоқталып жатпаймыз. Детальдың керемет үлгісі ретінде ол көпшілікке белгілі деп ойлаймыз), одан соң үйіне кірер кездегі әрекеттері әсерлі. Мысалы: «Өз үйіне өзі әзер кірді. Және кірер жерде күйбектеп жөтелді» (6,10). Еламанның нағыз жігітке тән қасиетін, ұждан тазалығын байқаймыз. Ақбала мен Тәңірберген емес, өзін кінәлі адамдай ұстайды. Себебі, Ақбала мен Тәңірбергеннің баяғы ғашықтық хикаяларын біледі ғой.Бұрынғы жүректер табысып, өзін артық адамдай сезінеді. Басқа бір еркек болса, келгенін білдіртпей, есіктің сыртынан тың тыңдаушы ма еді немесе қызғанышпен Тәңірбергенді үйінен қуып шығушы ма еді. Бірақ Еламан ондай пасықтыққа бармайды, өз қадірін қашырмайды. Бұл – оның жуастығы, қорқақтығы емес, адамшылығы.
Еламанның Федоровты өлтіруінен кедейлерді жеп жатқан қазақ байлары емес, Федоровтар екенін, отаршыл патша өкіметінің қанаушылығын көреміз.
Еламан түрмеден қашып келгенде Ақбаланың Тәңірбергенге кетіп қалғанын естігендегі күйі былай суреттеледі:
«Судыр Ахмет:
-Құрысын, айтатыны жоқ. Тәңірбергенмен ыржыңдасып жүрді де, ақыры бір күні тайып тұрды.
Еламанның уысында қысып отырған кесе кенет күтір етті. Алақанына төгілген ыссы шайды сезген жоқ» (6, 131).
Еламанның алақанына төгілген ыссы шайды сезбеуі- деталъ. Шығарма басындағы деталъда, иттің мұздай тұмсығын ол сезген еді, ал мынадай ауыр соққы болған жағдайда оның қолының ыстық шайды сезбеуі нанымды. Жазушы Қабдолов айтқандай, езіп түсіндіріп жатпайды. Кейіпкер психологиясын сәтті деталъмен көз алдымызға жайып салады.
Жалпы бір ғана Еламан бейнесінен сол кездегі қазақ елінің тағдырын көреміз, Еламанның тартпаған бейнеті жоқ.
Еламан Шалқардағы депоға жұмысқа тұруға барғанда оған Ознобин:
-Түйең қайда? Түйеңді неге бақбайсың? – (6, 261) дейді. Қазақтың қолынан түк келмейді деген түсінік, кемсітушілік байқалады. Шығармада «Жолдас, азамат, товарищ» дейтін создер атымен жоқ. Қазақты кемсітушілік, мал бағудан басқа түк білмейді деу Ғ. Мұстафиннің «Қарағанды» романында да кездеседі.
Жазушы Еламанды жасанды революционер етіп көрсетпейді. Тіпті оның үстіне шинелъ киюінен көп жайтты аңғарамыз: «Еламан мына шинелъден бөтен кісінің иісін сезді. Талай мойынның кірі мен шайыры сіңген жағаға қанша қарамаймын десе де, көз қиығы шалып қалды. Кір-кір жаға тақым қажаған терліктей жылтырап, жазатайым желкесіне жанасса да мұп-мұздай боп басылады. Еламан жиіркенетінін байқады. Сұр шинельдің өңіріндегі саусақ сыйғандай тесікке қарап қапты. Оқ тесті ме, әлде шоғы күйдірді ме? «Өліктің үстінен шешіп алған жоқ па екен» деген түйсікшіл көңіліне тікендей қадалды, сұр кебініңді иініңе жамылып тұрмасаң нетсін» (6,383).
Еламанның шинельден жиренуі оның амалы жоқтығынан, басқа жол қалмағандықтан қызылдарға қосылуын байқатады. Оның оқ тескен шинель киюі өлімінен алдын-ала хабар беріп тұрғандай, алдағы тағдырын аңдатып тұрғандай.
Қызылдардың ақтардан айырмасы болмағанын, қазақтарды жарылқай қоймағаны Еламан ойы арқылы көрінеді. Ауылдан келген қазақтардың малын қызылдар ұрлық мал деп алып қойғанда Еламан мынадай тұжырым жасайды: Осы бейшаралар өмір бойы баққан малының рахатын көре алмай-ақ қойды. Қазақ малы қашан да қолды боп бұйдасынан тізіліп, достың да, дұшпанның да жетегінде кетіп жатады. Ісі оңалып ілгері баса ма деп дәмеленген тұсы мынау. Не қылса да бағы жанбайтын таланы тастай халық. Келдектің кай басын басса да қайырылып кеп осы сорлыларға тие беретінін қайтерсің (6, 397).
Осындағы «Ісі оңалып ілгері баса ма деп дәмеленген тұсы мынау» дегені ақ патшадан құтылып, қызылдардан көрген жақсылығы мынау ма дегені.
Қорыта айтқанда, «Қан мен тердегі» Еламан, Тәңірберген бейнелерінен қазақ ұлты тағдырын көреміз. Бұл шығарма Кеңес үкіметі кезінде жазылса да, жазушының сол бір тарихи шындықты бүгінгі көзқарасымызға, қазіргі тауелсіз ел әдебиетіне лайықты етіп жаза алғандығы қаламгер мерейін асқақтата түседі.
Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Ш. Елеукенов. Замандас парасаты, 1997 ж.

  2. Х. Есенжанов. Ақ жайық.

  3. З. Қабдолов. Жебе; Көзқарас, 1996 ж.

  4. М. Қаратаев. Революция рухымен, 1978 ж.

  5. Б. Майтанов. Қазақ романы және психологиялық талдау, 1996 ж.

  6. Ә. Нұрпейісов. Қан мен тер, 1991 ж.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет