Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін реформалау жалпы алғанда мемлекеттік аппараттың тиімділігін қамтамасыз ету үшін жүргізілген, жүргізіліп жатқан және жүргізілетін болатын мемлекеттік басқару жүйесін реформалаумен тығыз байланысты. Мемлекеттік қызмет саяси институт ретінде мемлекеттің маңызды негізі болып табылады. Мемлекеттік қызметсіз кез келген мемлекет бола алмайды. Сондықтан, қоғамның саяси институты ретінде пайда болысымен барлық мемлекеттер өз мемлекеттік қызметін қалыптастыруды бастайды. Қазақстан Республикасы да тәуелсіздігін алғаннан сәттен бастап өз мемлекеттік қызметін белсенді құра бастады. Мемлекет құрылысының бастапқы кезеңінде мемлекеттік қызметтің негізін бұрынғы партиялықкеңестік мемлекеттік аппарат атқарды. Әрине, тәуелсіздік жағдайында егемен мемлекеттің жаңа болмысына сәйкес бұл аппараттың түрі өзгертілді, сонымен қатар өзінің қазақстандық мемлекеттік қызметін құру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері
Мемлекет пен қоғам өмірінде мемлекеттік қызметтің қажеттілігі мен маңыздылығы аталған институтты конституцияландыруға негіз болды. 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабы 4-тармағында, азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бекітілген. Бұл тармақ, атап айтқанда, мемлекеттік қызмет қалыптастырудың маңыздылығын – аталған институттың ерекше қызметін сипаттайды. Осы нормаға сәйкес, мемлекеттiк қызметшi лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар тек лауазымдық мiндеттердiң сипатына негізделген. Мемлекеттік қызметті ұйымдастырудың осы және басқа да мәселелері, талаптар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгiленген. Осындай талаптардың бірі мемлекеттік қызметшілердің адал болуы. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының практикасы мен барлық мемлекеттік саясаты бүгінгі күні аталған талаптарды іске асыруға бағытталған, олай болмаған жағдайда адалдықтың болмауы нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көбейіп, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төне бастайды. Әрине, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттің негізгі функцияларының бірі болып табылады, 1999 жылдың 23 шілдесінен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметінің құрылуының саясиайқындаушы кезеңінен бастап жүзеге асырылды, оның құқықтық базасы және жеке уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды.