Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс көптеген елдерде экономикалық және саяси сипаттағы бірқатар проблемалардың туындауына әкелді, саясаткерлер мен ғалымдардан қоғам мен әрбір адамның өміріндегі мемлекеттік басқарудың рөлін жаңаша бағалауды қажет етті. Бүгінгі күні адамзат пен жекелей алғанда әрбір халықтың алдында тұрған мәселелердің күрделілігі мемлекеттік басқаруға қатысты өзге де тәсілдерді қолдануды талап етеді. Әлемдік тәжірибе дәлелдегендей, түрлі себептермен (нарықтың дамуы, демократиялық үдерістердің тереңдеуі және т.б) мемлекет рөлінің әлсіреуі дұрыс ұйымдастырылмауға, хаос, анархия, әлеуметтік қақтығыстар мен шиеленістерге әкеліп соғатыны белгілі. Бұны бірқатар елдердің қазіргі дағдарыс кезеңіндегі сәтсіз тәжірибесінен көруге болады. Жаңа талаптар мемлекетті өмірдің жаңаша талаптары мен жаңа өзгерістеріне бейімделуін қажет етеді. Дағдарыс жағдайларындағы мемлекеттің рөлі дағдарысқа қарсы шара қолданумен ғана шектелмейді, сонымен қатар, қаржы секторы мен экономикадағы дағдарыстық құбылыстарды ескере отырып, кешенді мемлекеттік саясат әзірлеуден көрінеді құқықтық және ұйымдастырушылық сипаттағы заманауи шешімдер мен нақты іс-әрекеттерін қабылдауды көздейді.
Қазіргі жағдайда кез келген мемлекет үшін ортақ мәселе – елдің ұзақ мерзімді даму мақсаттарына қол жеткізудің маңызды факторы ретінде мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құру болып отыр. Әкімшілік реформалар жүргізу бойынша шетелдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру басқару әдістері мен нысандарын өзгерту, басқару деңгейлері арасындағы функцияларды бөлу, сондай-ақ ұйымдық құрылымдарды жаңғырту және оларды жаңа міндеттермен сәйкестендіру арқылы жүргізіледі. Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу, халықтың және жеке тұлғаның тарапынан билікке деген сенімін нығайту маңызды міндет болып табылады. Қазіргі заман талабына жауап беру үшін мемлекет болып жатқан өзгерістерді негізге ала отырып, әкімшілік жүйесін реформалауға, саясаттың басымдықтарын айқындауға мәжбүр. Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесін реформалау бірнеше кезеңдерден өтті, олардың әр қайсысының өз ерекшеліктері болды және олар сол кезеңде мемлекеттік шешуі тиіс міндеттермен айқындалады. Осылайша, тәуелсіздіктің бірінші онжылдығында мемлекетімізге елдің қоғамдық өмірінің барлық саласында болып жатқан өзгерістерді ескере отырып, мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесін жедел құруына тура келді