Мемлекеттік қызметтің қазақстандық жеке моделін құру бойынша белсенді жұмыс атқарылумен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін қалыптастыру бойынша жұмыстар да жүргізілді. Жұмыстың жүйелік сипатын қамтамасыз ету үшін, бірқатар нормативтікқұқықтық және ұйымдастырушылық-практикалық іс-шаралар қабылданды, атап айтқанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесін жетілдіру және оның алдын алуға бағытталған, Қазақстан Республикасы Президентінің мынадай бірнеше Жарлықтары шықты: - 2000 жылғы 20 сәуірдегі № 377 «Қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы»; - 2002 жылғы 2 сәуірдегі № 839 «Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия құру туралы»; - 2005 жылғы 14 сәуірдегі № 1550 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметiндегi тәртiп пен реттiліктi нығайту жөнiндегі шаралар туралы» және басқалар. Осы және өзге де нормативтік құқықтық актілерге негізделген шаралар сол уақытта кең ауқымды сипатқа ие болған (өкінішке орай, осы күнге дейін жойылмаса) сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталды.
Шет елдің озық тәжірибесі көрсеткендей, мемлекеттік басқару жүйесінде, тиісінше мемлекеттік жоспарлауда және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда сыбайлас жемқорлықтың пайда болуына ықпал ететін негізгі факторлар дегеніміз бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және көптеген жағдайларда тек қаражатты игеруге бағдарлану болып табылады. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде сыбайлас жемқорлықтың тууына себеп болатын факторлар, жоспарлау процесінің күрделілігі, еңбек және қаржы ресурстарының шектеулігі, ақпараттардың қолжетімсіздігі және және т.б. болып табылады. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары мемлекеттік экономикалық, индустриялық және әлеуметтік саясатты іске асыру үшін тиімді құрал болуы мүмкін. Олар жалпы республикалық, салалық сипаттағы белгілі бір міндеттерді орындауды және әлеуметтік процестерге мақсатты түрде, кешенді әрі жүйелі ықпал ету мүмкіндігін береді. Оларда белгілі бір қоғамдық мәселелерді шешу бойынша алдағы уақыттағы іс-әрекеттер алгоритмі көрініс табады. Стратегиялық бағдарламалық құжаттарды іске асыру тиімділігін бағалау қажеттілігі, шығындарды бақылаумен ғана байланысты емес. Стратегиялық немесе бағдарламалық құжаттардың атқарылуын бағалау орындаушылардың нақты нәтижелерге қол жеткізуге баса назар аударуына, ағымдағы үрдістерді талдауға; заманауи түзетулерді қамтамасыз етуге; қызмет нәтижелерін табу арқылы жұртшылықтың сеніміне ие болуға көмектеседі.