Курстық жұмыстың мақсаты: Бастауыш сынып математика сабағында ҚМЖ-ның ерекшеліктерін зерттеу.
2.1. Бастауыш сыныптардағы математика сабағы Математика сабағы – математика пәнінің өзіндік ерекшелігін ескере отырып, оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың негізгі формасы ретінде дидактика анықтаған сабақтың өзіндік көрінісі, дербес түрі. Сондықтан бастауыш мектептегі математика сабақтарында білімдік, тәрбиелік, дамытушылық және практикалық сияқты міндеттер іске асырылады.
Математика сабақтары ең алдымен, оқушыларды математикалық білім, білік және дағдылардың жүйесімен қаруландырады, яғни ол білімдік міндет атқарады. Математика сабақтарында математикалық білімнің мазмұны және оқытудың әдіс-тәсілдері, оқушының іс-әрекетін ұйымдастырудың формалары мен орындалатын жұмыстың түрлері, оқушының бойында қандай да бір сапалық қасиеттердің қалыптасуын жүзеге асырады, демек математика сабақтарында тәрбиелік міндет те шешіледі. Сондай-ақ сабақ барысында оқушыларға әралуан іс-әрекеттер, соның ішінде ақыл-ой іс-әрекеттерін (салыстыру, жалпылау, абстракциялау, топтастыру, жүйелеу және т.б.) орындауға тура келеді. Ендеше, математика сабақтары дамытушылық міндет те атқарады. Осының бәрі баланы өмірге бейімдейді, дайындайды, демек математика сабағы практикалық міндеттерді де атқарады.
Бұл міндеттер, ең алдымен, сабақ барысында қарастырылуға тиісті іріктеліп және таңдалып алынған білімнің мазмұны арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, сабақтың тақырыбы «қосудың ауыстырымдылық заңы» болсын делік. Сабақта «қосылғыштардың орнын ауыстырғаннан қосындының мәні өзгермейді» деген қосу амалының заңын игерту мақсаты көзделеді, яғни бұл жерде оқушынын, игеретін білімі - қосудың ауыстырымдылық заңы. Демек, сабақтын білімдік міндеті оқушыларға осы заңды игерту болып табылады. Ал, осы заң оқушыларға бірден хабарлануы мүмкік, яғни оны мұғалім оқушыларға дайын күйінде айтып бере алады. Мұндағы оқытудың әдісі – әңгіме. Ал, бұл заңды нақты мысалдарды қарастыра отырып, әңгімелесу арқылы да баяндауға болады.
3 + 2 = 5
2 + 3 = 5
деп жазып қойып, оқушыларға осы мысалдарды салыстыруға мүмкіндік береді. Осының нәтижәсінде балалар олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтайды. Осылайша берілген мысалдардағы әр санның қосудың компоненті ретінде қалай аталатындығын анықтау жұмысы жүргізіледі. Соның нәтижесінде тиісті қорытындыны балалардың өздері жасайды. Демек, бұл жағдайда әңгімеден өзгеше оқыту әдісі қолданылады. Олай болса, оқыту әдісі сабақтың негізгі міндетінің шешілуіне өзіндік әсер етеді, яғни оқыту әдісі аркылы да сабақ міндеттері жүзеге асырылады. Осы тақырыпты оқып-үйрену кезінде 30 оқушылардың іс-әрекеті әр түрлі нұсқада (бүкіл сыныппен, топпен, жекелеген оқушылармен) ұйымдастырылуы мүмкін. Оның қей түрінің таңдап алынуына байланысты сабақтың міндеті де түрліше шешіледі. Демек, сабақтың мақсаты оқушылардың іс-әрекетін тиімді ұйымдастыру формалары арқылы да жүзеге асырылады. Ендеше сабақтың білімдік, тәрбиелік, дамытушылық және практикалық міндеттерін дәл анықтау және соларға орай оқытудың мазмұнын, әдіс-тәсілдерін, ұйымдастыру формаларын және құралдарын анықтау мен іріктеу сабақтың нәтижелі де сапалы, сондай-ақ қойылып отырған талапқа сәйкес болуының алғы шарты болып табылады екен.
Математика сабағы туралы айтқанда, оның типін анықтап алу ең басты мәселе болып табылады. Сабақтың типі қойылып отырған дидактикалық мақсатқа орай анықталуы тиіс. Олай болса, өткен материалдарды қайталау, жаңа материалды оқып-үйрену, оқып-үйренген мәселелерді тиянақтау, бекіту, оқып үйренген материалды қорытындылау және жалпылау, оқушылардың білімін тексеру және т.с.с. міндеттердің қайсысы нақты сабақтың негізгі мақсаты болуына орай қайталау, жаңа материалды игеру, білімді тиянақтау және бекіту, білімді қорытындылау және жинақтау, білімді тексеру сияқты сабақ типтерінің болуы мүмкін. Алайда, сабақта жоғарыда аталған міндеттердің әрқайсысы жеке-жеке алынбай, олардың бәрінің де бір сабақтың өзінде қамтылуы мүмкін. Осы тұрғыдан алып қарағанда, типін аралас сабақ деп атайды.
Математика сабағының мазмұнын, құрылымын және ұйымдастыру формасын анықтаудағы ең басты құрал оқулық болып табылады. Бастауыш сыныптардың жаңа буын математика оқулықтары жекеленген сабақтарға лайықталып жасалған. Оқулық әр сабақтың үлесі болып табылатын жаттығулардың бірнеше тобын қамтиды. Атап айтқанда:
1. Өткен материалды (алдыңғы сабақта өткен, екі-үш күн, бір апта, бір ай немесе бір жыл бұрынғы –П.С.) қайталаумен және пысықтаумен байланысты жаттығулар тобы.
2. Сабақта қарастырылуға тиіс мәселеге оқушыларды дайындаумен байланысты жаттығулар тобы.
3. Тікелей жаңа материалмен байланысты жаттығулар тобы.
4. Ілгеріде қарастырылатын қандай да бір күрделі мәселеге оқушыларды алдын ала дайындауды және танымдық қабілеттерді дамыта түсумен байланысты жаттығулар тобы.
5. Шығармашылық деп аталатын, балаларға бұрыннан белгілі үйреншікті түрде ұсынылатын жаттығулардан өзгеше стандарт емес, үйреншікті емес түрдегі жаттығулар тобы.
Математика оқулықтарында әр сабақтың үлесіне тиетін жаттығулардың осындай жүйемен берілетіндігіне сүйеніп, бастауыш сыныптардағы математика сабақтары, негізінен, аралас сабақ деуге толық негіз бар. Алайда, бұған қарап бастауыш мектептегі математика сабақтарының барлығы да бірдей аралас сабақ болуы тиіс деуге болмайды, яғни ара-тұра сабақтың басқа типтері де кездесіп отырады.
Кейінгі уақыттардағы педагогикалық және әдістемелік мерзімді басылымдарда математика сабақтарының әр алуан жаңа түрлері де жиі кездесіп жүр. Олар панорамалық, интеграцияланған, сайыс, жарыс, аукцион, саяхат, концерт, ертегі сабақтар және т.б. Бұл атаулар сабақтың типін емес, оның түрін анықтайды.
Жалпы алғанда, сабақтың түрі оның белгілі бір типіне орай, әр түрлі орындаушының жүргізетін сабақтары бойынша анықталуы тиіс. Мысалы, бір ғана тақырып бойынша өткенді қайталау деп аталатын сабақ типіне орай әр мұғалім өзінше сабақ өткізуі мүмкін. Сондай-ақ бір ғана тақырып бойынша әр түрлі сабақтар да өткізілуі әбден мүмкін.
Бастауыш сыныптардағы математика сабақтарының нәтижелі болуы, ең алдымен оған қойылатын негізгі талаптарды ескеруге тікелей байланысты болып табылады. Бастауыш сыныптардағы математика сабақтарына қойылатын мынадай негізгі талаптар бар:
1. Математика сабақтарында жалпы сабаққа қойылатын психологиялық, гигиеналық және педагогикалық талаптар ескерілуі тиіс, өйткені математика сабақтарына қойылатын талаптар педагогика ғылымында анықталған талаптардан туындайды және математика пәнінің өзіндік ерекшелігіне орай жүзеге асырылады.
2. Сабақ мақсаты комплексті түрде жоспарлануы және бағдарлануы тиіс.
3. Сабақтың мазмұны оның мақсатына орай тиімді түрде іріктеліп алынуы керек (сабақта қарастырылатын оқу материалы сабақтың білімдік, тәрбиелік, дамытушылық және практикалық тұрғыдан анықталған нақты мақсаттарды шешуге бағытталуы тиіс).
4. Сабақта қойылатын оқыту әдістерінің ара-қатынасы дәл анықталуы керек, өйткені сабақтың сапасы оқытудың бір ғана әдісін әмбебап (универсал) әдіске айналдырумен анықталмайды, керісінше, әр түрлі әдіс-тәсілдерді үйлесімді ара-қатынаста қолданумен анықталады.
5. Оқытуды ұйымдастырудың тиімді формасы таңдап алынуы керек, яғни бүкіл сыныппен, жекеленген оқушылармен немесе олардың топтарымен орындалатын жұмыстар үйлесімді болуы тиіс.
6. Сабақ нақты нәтижеге жетуге бағытталуы тиіс және сол нәтижеге қол жеткендігі сабақтың үстінде айқын көрінуі керек те, соған сүйеніп дәлелденуі тиіс.
7. Сабақ үстінде оқушылардың өздігінен жұмыс орындауы ұйымдастырылуы тиіс және оған ұсынылатын тапсырмалар әр оқушының дайындығының деңгейіне сәйкес болуы керек.
Сондай-ақ бастауыш сыныптардағы математика сабақтарына оқу материалының мазмұны жағынан және қолданылатын әдістер жағынан қойылатын талаптарды да көрсетіп беруге болады:
1. Материалының мазмұны жағынан дұрыс құрылған сабақ мынадай болуы керек:
а) теория жағы толық болғаны, яғни оқылатын нәрсені негіздеу үшін керекті барлық материал болуы тиіс;
ә) мазмұны түрліше болуы керек (яғни теориялық және практикалық материалдардың бір-біріне қатысы дұрыс болу керек);
б) тиісті жерде оның материалы басқа пәндермен ұштастырылып отырылуы керек, яғни пәнаралық байланыс ескерілуі тиіс.
2. Қолданылатын әдіс жағынан алғанда математика сабағына қойылатын талаптар мынадай:
а) бір сабақ үстінде әртүрлі әдістерді қолдану сол сабақтың ерекшеліктеріне (оқу материалына, оқушылардың дайындық деңгейіне, оқушылардың сол сабақ кезіндегі күйіне т.б.) сәйкес болуы керек;
ә) оқыту әдістерінің дұрыс кезектесіп отырылуы (мәселен, сұрақ-жауап әдісі, әңгіме әдісімен -П.С.) жан-жақты ескерілуі тиіс;
б) оқыту әдістері балалардың сабақ барысындағы белсенді іс- әрекетін ұйымдастыруға ықпал жасайтындай болуы тиіс;
в) сабақ барысында қандай әдіс қолданылса да мұғалімнің сөйлеу мәнері, тілі жеңіл, нақтылы түрде болуы тиіс.
Жоғарыда келтірілген талаптар математика сабақтарын дұрыс ұйымдастырудың негізгі шарттары болып табылады. Алайда, олар математика сабағын қалай ұйымдастыру керек? деген сұраққа толық жауап бере алмайды. Сондықтан, біздің ойымызша, осы талаптар негізінде математика сабағын тиімді ұйымдастырудың жалпы қағидаларын тұжырымдау қажет.
Бірінші қағида: сабақта қолайлы психологиялық ахуал туғызу. Мұғалім кез келген сабақты оның өзі мен оқушыларының бірлескен іс-әрекетінің жиынтығы деп түсіне білуі керек. Сабақ нәтижелі болу үшін өзара ынтымақтастыққа негізделген мұғалім мен оқушылар арасындағы жақсы қарым-қатынас орнатылуы тиіс. Ынтымақтастықтың негізгі көрсеткіштері мыналар:
1) Баланың жан-дүниесін сезіну.
2) Әр баланың жеке-дара, жас және психологиялық ерекшеліктерін білу.
3) Әр балаға үлкен адамша қарап, оған әріптес ретінде қарым- қатынас жасауға тырысу.
4) Әрдайым оқушының жеке басының кемшіліктерін емес, табыстары мен жетістіктерін көрсетіп отыру.
5) Әр оқушының математикалық дайындығының деңгейін біліп, соған сәйкес қарым-қатынас жасау.
6) Сабақтың нәтижелі болуы тек қана мұғалімге байланысты емес, тікелей оның (оқушының -П.С.) өзінің орындайтын іс-әрекетіне де тәуелді екенін сездіру, т.с.с.
Екінші қағида: оқушылардың сабаққа, математика пәніне көңіл қойып, ынталы болуын қамтамасыз ету. Бұл үшін мұғалім педагогикалық әдеп пен әзіл-қалжыңды шебер үйлестіру, кейбір қызықты оқиғаларды баяндай отырып, оқушыларды әсерлендіру және т.б. арқылы математика пәніне деген қызығушылықты үнемі оятып отыруы қажет.
Үшінші қағида: педагогтық әдепті қатаң сақтау және оқушылардың алдында өзін дұрыс ұстау. Мұғалімнің бойында байқағыштық, ілтипаттылық және әділдік, оқушыларға сенім арту, төзімділік және сабыр сақтау сияқты қасиеттер мол болуы керек. Сондай-ақ ол өзінің сөзіне есеп бере біліп, сөйлеу мәнері логикалық және стиль жағынан дұрыс болып отыруына назар аударуы қажет.
Төртінші қағида: сабақтың мақсаты мен міндеттерін дәл айқындау. Оқушы сабақта қандай мақсат көзделіп отырғандығын айқын түсінуі тиіс. Бұл оқушының сабаққа, оқу материалына деген саналы көзқарасын қалыптастыруға игі әсерін тигізеді.
Бесінші қағида: мұғалім математикалық материалдың мазмұнын терең білуі керек. Мұнда ол оқу материалының мазмұнына терең талдау жасап, оның көлемін сабаққа қойылып отырған мақсат пен оқушылардың танымдық мүмкіншіліктеріне сәйкестендіруге, сондай-ақ ұсынылатын тапсырмалардың оқушылардың интеллектуалдық қиналуын туғызатындай, бірақ оның қиындығы оқушылар өздігінен іздену арқылы шеше алатындай дәрежеде болуына назар аударып отыруы қажет.
Алтыншы қағида: сәйкес математикалық жаттығуға байланысты атқарылатын жұмысты бастан-аяқ өзі орындаудан немесе оны үздік оқушыға тапсырып, оқушыларға дайын нәрсені көшіріп алуға мүмкіндік беруден сақтануы керек. Мұнда мұғалім танымдық процестің логикасын терең сақтап, оқытуды дамытушылық сипатта ұйымдастыруға көңіл бөліп отыруы керек. Қажет болғанда оқушылар алдында жиі проблемалық ситуациялар туғызып, оны оқушылардың өз беттерімен шешуіне қолайлы жағдайлар туғызуы қажет.
Жетінші қағида: әр оқушының сабаққа белсене қатысып отыруын қамтамасыз ету тиіс. Тек үздік оқушыларға көңіл аудара бермей, үлгермейтін, дайындық деңгейі нашар және сабаққа деген ынтасы төмен оқушылар да мұғалімнің назарында болуы керек. Ол үшін мұғалім ырғақты қарқында жұмыс істеуге, сондай-ақ оқушылардың белсенділігін арттыратындай әдіс-тәсілдерді ұтымды пайдалануға тырысуы керек.
Сегізінші қағида: оқытудың қазіргі заманғы техникалық құралдары мен технологияларын пайдаланып отыруы қажет. Бұл сабақ барысындағы жұмыс өнімділігін арттырады, уақытты тиімді пайдалануға көмектеседі, сабақ барысын жетілдіреді.
Тоғызыншы қағида: оқушылардың әрқайсысының математикалық дайындығын үнемі бақылап отыруы, сондай-ақ математикалық білімдерін жүйелі түрде тексеріп, бағалап отыруы қажет. Мұнда оқушылардың пән бойынша оқу үлгерімдерін тиянақты есепке алып қана қоймай, жекеленген оқушылар кездескен қиындықтарды жоюдың жолдарын үнемі іздестіріп отыруы қажет.
Оныншы қағида: математика сабағы барысында мектеп гигиенасы талаптарының қатаң сақталуын қадағалап отыру керек.
Он бірінші қағида: математика сабақтарында мұғалім 6-10 жастағы балалардың жас және психологиялық ерекшеліктерін, олардың көбіне нақты түрде ойлап, дерексіз ойлауға әлі де төселе қоймағандығын, математикалық білім қорының шағын екендігін ескеріп отыруы қажет.
Он екінші қағида: математика сабақтарында оқулық материалымен ғана шектеліп қалмай, әр алуан қосымша оқу құралдарын (дидактикалық материалдар, қызықты жаттығулар мен дидактикалық ойындар, баспа негіздегі дәптерлер, т.б.) тиімді пайдалана білу керек.
Он үшінші қағида: математика тарихынан алынған мәліметтерді кеңінен пайдаланып отыру керек.
Он төртінші қағида: мұғалімнің сабақты түрлендіруі оқушылардың жазып отыруымен дұрыс ұштастырылуы керек. Бұл орайда мұғалім сынып тақтасын тиімді пайдалана білуі керек, өзі тақтаға дұрыс жазып, балалардан да соны талап етуі тиіс. Тақтадағы жазуларды дұрыс көрінетіндей етіп жазуы керек. Ондағы жазу ірі, анық болуымен қатар, ұқыпты жазылған болуы керек. Әсіресе, тақтада цифрлар мен математикалық таңбалардың дұрыс жазылуына ерекше кеңіл бӛліп отырған жөн.
Он бесінші қағида: үйге тапсырма бергенде оқушыларға шамадан тыс күш түсірмеу жағдайын ескеру керек. Математика оқулығындағы шығармашылық жаттығулар үй тапсырмасы ретінде берілмеуі керек. Математикадан үйге тапсырма бергенде, үй тапсырманы орындау жөнінде қысқаша нұсқау беріп, үй тапсырмасын оқушылардың күнделіктеріне жазып алуларын қадағалау керек. Сондай-ақ үй тапсырмасының коңырауға дейін берілуі керектігі мұғалімнің басты назарында болуы тиіс.
Он алтыншы қағида: оқушылардың танымдық, логикалық және шығармашылық қабілеттерін дамыта түсуге ұдайы көңіл бөліп отырылуы керек.
Он жетінші қағида: математика сабағы міндетті түрде қоңырау соғылғанға дейін қорытындылануы керек. Мұнда мұғалім сабақ алдына қойылған мақсаттың орындалуы жӛнінде әңгіме қозғап, оқушылар білімін бағалауы, сабаққа белсенді қатысқан оқушыларды мадақтауы, сондай-ақ сабаққа ынта қоймаған оқушыларды атап керсетуі керек. Бұл қағидалар бастауыш сыныптар мұғалімі математика сабағына дайындалғанда және оны жоспарлағанда жан-жақты ескерілуі тиіс.
Жоғарыда атап көрсетілген қағидалар математика сабағын тиімді жоспарлау мен оны сапалы өткізудің шарты болып табылады.