І. Ұйымдастыру кезеңі. Бұл қандай типтегі сабақ болмасын оның алғашқы кезеңі болып табылады. Ұйымдастыру кезеңінің негізгі мақсаты - сыныпта қалыпты жұмыс жағдайын туғызу. Бұл кезеңде оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, олардың зейінін сабаққа аудару жүзеге асырылуы тиіс, өйткені зейіннің тұрақсыздығы мен тез шаршау бастауыш сынып оқушыларына тән қасиет. Сондықтан оқушылардың зейінін сабаққа аударудың әдіс-тәсілдерін үнемі түрлендіріп отырған жөн, әсіресе бастауыш сыныптарда ойын элементтерін кеңінен пайдаланған дұрыс.
ІІ. Өткен материалмен жұмыс. а) Үйге берілген тапсырманы тексеру.
Әр оқушының тапсырманы қалай орындағанын білу үшін әр түрлі әдістер қолданып отырғаны жөн. Мәселен, оқушылар жаңа материалды бекітумен байланысты өзіндік жұмыс орындап отырғанда олардан үй тапсырмасын орындаған дәптерлерін партаның үстіне ашып қоюларын талап етуге болады, мұғалім бұл жағдайда үй тапсырмасының (сонымен бірге өзіндік жұмыстың) орындалуын бір мезгілде тексере алады, ал тексеруге үлгермегендердің дәптерлерін жинап алады.
Әр оқушыда математикадан үйге берілген тапсырмалар орындауға арналған екі дәптер болуын талап ету керек, өйткені оның біреуін мұғалім жинап алғанда, екіншісі оқушыларда қалып отырады.
Кейбір мұғалімдер әр қатар бойынша жақсы оқитын оқушылардан алдын ала кеңесшілер белгілеп алады. Олар өз қатары бойынша сабаққа дейін үй тапсырмасын тексеріп, оның орындалу нәтижесін мұғалімге хабарлайды.
Сондай-ақ кейбір мұғалімдер оқушылардың үй тапсырмасын орындамай келгенін өздерінің хабарлауын қалыптастырады (әріне бұл мұғалімнің тікелей беделіне байланысты, сондай-ақ мұны қалыптастыру кез-келген мұғалімнің қолынан келе бермейтін нәрсе.
Үйге берілген тапсырманы бағалау өте қиын шаруа болып табылады. Мұнда да мұғалім әр түрлі әдіс-тәсілдерді үйлесімді түрде түрлендіріп отырғаны жөн. Жалпы алғанда, үй тапсырмасын қалай тексеру және бағалау керек? деген сұраққа бір мәнді жауап беру мүмкін емес. Дегенмен, жоғарыда біз оның кейбір жолдарын көрсетуге тырыстық.