ә) Жаңа материалды түсіндіру. Мұғалім сабақтың ең маңызды болып табылатын осы кезеңіне дайындалу үшін, ең алдымен, өтілетін материалдың жалпы көлемін анық белгілеп алуы керек. Мұнан кейін сабақта қорытылатын ережелердің немесе анықтамалардың оқулықта қалай тұжырымдалғанымен танысып шығуы керек. Ал, 1-сыныптарда оқулық бетіндегі суреттердің мазмұнын тақырып бойынша мағлұматтар беру тұрғысынан талдау қажет. Осылайша талдаулар жүргізу нәтижесінде оқулықтағы суреттердің, иллюстрациялардың немесе тұжырымдамалардың осы сынып үшін жарамсызы болса, оны қалай өзгерту керек екендігін анықтап алғаны жөн.
Математика сабағына дайындықтың бұл кезеңі осы сабақ үшін оқулықтың ролі қалай болатынын белгілеп алуға мүмкіндік береді. Егер онда ұсынылған тапсырмаларға өзгертулер жасау қажет болса, мұғалім оның өзгертілетін түрін күні бұрын анықтап алуы керек. Мұнан соң жаңа материалды түсіндіру барысында қолданылатын әдістердің үйлесімді ара-қатынасын анықтап алуға болады. Бұл орайда баланы жаңа материалды оқып-үйренуге ынталандырып, қызықтырып, оны белсенді оқу әрекетіне мәжбүр ететіндей әдіс-тәсілдерді таңдап алуға ерекше көңіл белген жөн. Мұнымен қатар жаңа материалды тұрмыспен, қазақ баласының ұлттық, психологиялық, мемлекетіміздің аймақтық ерекшеліктерімен, қоршаған ортамен, сондай-ақ бастауыш мектепте оқылатын басқа пәндермен байланыстыру ретін ойластыру мұғалімнін бас назарында болуы тиіс.
б) Жаңа материалды бекіту.
Сабақтың бұл кезеңіне байланысты ұйымдастырылатын жұмыстарға дайындалу барысында оқулықтан сыныпта орындалатын жаттығулар іріктеліп алынады. Мұғалімнің осы іріктеліп алынған жаттығуларды сабаққа дайындалу барысында өзінің орындап көруі міндетті жұмыс болып табылады, өйткені өзі орындап байқағаннан соң ғана ол әр жаттығудың ерекшеліктерін және оның міндетін түсіне алады, кейіннен сабақ өткізгенде оларды ескеретін болады. Жаттығуларды таңдап алуда ең алдымен, әрине, оқулықты пайдалану керек болады. Егер ондағы жаттығулар жеткілікті болмаса, онда басқа кітаптарды немесе есеп құралдарын пайдалану керек, әйтпесе мұғалімнің өзі сабаққа дайындалу кезінде жаттығулар (есептер, мысалдар т.б.) құрастырып алуы керек.
Мұғалім сабақ кезінде орындалатын жаттығулардың санын мүмкіндігінше сабақ уақытына сыятын шамада мөлшерлеп алуға да көңіл бөлуі тиіс. Мұны әсіресе, оқушылардың өздігінен орындайтын жұмысына арналған материалды сұрыптауда айрықша еске алған жөн. Бұл үшін мұғалімнің қолында математикадан дидактикалық материалдардың болғаны дұрыс. Дидактикалық материалдарды дайындауда алғашқы кезде біраз уақыт бөліп көп еңбектенуге тура келсе, толық даярланып біткеннен кейін керісінше, ол сабақ барысында уақыт үнемдеуге, сабақтың тиімділігін арттыруға игі әсерін тигізеді.