Негізгі ұғымдар: ғылыми зерттеу әдістері, ғылыми дәлел, заңдылық, ғылыми ақпараттың анықтығы, жүйе, модель.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
Әдіснама - ғылыми таным әдістері туралы философиялық ілім ретінде.
Эксперименталды-эмпирикалық деңгей әдістерінің өзіндік ерекшеліктері қандай?
Теориялық деңгей әдістері.
Ұсынылатын әдебиеттер:
Әбиев Ж.,Бабаев С.,Құдиярова А. Педагогика.-А. 2004
Р.С. Немов Учебник для студентов высших пед. учебных заведений. Т2. (Психология образования) – М.,2003
Бабанский Ю. Педагогика. –М.,1988
Педагогика: Педагогикалық жоғары оқу орындары мен педагогикалық колледждер студенттеріне арналғаноқулық / Ред.басқ. П.И.Пидкасистый. – Алматы: Қазақ университеті, 2006
3-тақырып: Дидактика білім беру және оқыту теориясы.
Дидактика пәні және категориялары.
Оқыту процесінің ерекшеліктері.
Педагогикалық процестің құрылымы.
Оқыту процесі, тәрбие процесі секілді педагогиканың аса бір маңызды саласы. Оның ғылыми анықтамасы – дидактика немесе оқыту теориясы деп аталады. Дидактика (didaktikos) деген ұғым грек тілінен алынып, оқыту немесе үйрету деген мағынаны білдіреді.
Педагогикада бұл ұғымды тұнғыш рет еңгізген неміс педагогы В. Ратке (1571-1635) болды. Оның пайымдауынша дидактика оқытудың теориялық негіздерін зерттеумен айналысатын ғылыми пән.
Дидактиканың зерттейтін пәні – ол білім беру мен оқытудың теориясы мен практикасы, басқаша айтқанда, білім беру мен оқыту процестерінің заңдылықтары мен ерекшеліктері.
Сонымен бірге дидактика білім беру мен оқытудың мазмұнын, оқыту принциптерін, оқытудың ұйымдастырудың формалары мен әдістерін қарастырады.
Дидактиканың міндеті: «нені оқыту» және «қалай оқыту керек» (Я.А. Каменский бойынша) – деген сұрақтарға дәлелді жауаптар беру. Сондықтан да дидактиканың қарастыратын негізгі мәселелері:
оқыту процесінің мәні мен оның заңдылықтарын ашу;
оқытудың білімділік мазмұнын анықтау;
оқытудың негізгі қағидалары, яғни принциптерін белілеу;
оқытудың тиімді әдістері мен ұйымдастыру формаларын анықтап, олардың түрлерін жасау.
Дидактиканың категориялары: білім беру, оқыту, оқыту принциптері, оқыту процесі және оның негізгі компоненттері: мақсаты, міндеттері, мазмұны, формалары, әдістері, құралдары, оқытудың нәтижесі.
Оқыту – қоғамдық қүбылыс. Себебі, оқытудың мақсат, міндеттері және оның мазмұны мен әдістері туралы мәселелер қоғамның қажеттілігінен туындап, тарихи дамып, қоғам дамуының барлық кезеңдерінде мектеп алдына қойылған міндеттерді қарастырып отырады.
«Процесс» деген ұғым – бүл ілгері қарай қозғалыс, бір ізділік әрекеттің заңдылығын көрсететін түсінік. Оқыту білімді, біліктілік пен дағдыны меңгертетін, оқушыларда дүниеге ғылыми көзқарасты қалыптастыратын, олардың дүние танымы мен шығармашылық күш-қайраты және қабілетін шыңдап дамытатын процесс.
Л.В. Занков оқыту – оқушының жалпы рухани дамуын қамтамасыз етуі қажет дейді. Оқыту – дидактикалық процесс болғандықтан, болашақ мұғалім оның өзіне тән психологиялық, педагогикалық ерекшеліктерін білуі өте қажет.
Оқыту – мақсатты процесс. Оның мақсат, міндеттері мен мазмұны және ұйымдастырдағы амал-тәсілдері тек қоғамның талабымен, қажеттілігімен байланысты туындап, өзгеріп, жаңарып отырады.
Оқыту – таным процесі. Себебі, оқыту барысында оқушыда білмеуден білуге қарай ілгері қозғалыс болады.
Оқушының білім алуда ілгері қарай басуына себепкер болатын негізгі күш – түрлі қайшылықтар. Бала білмеуден білуге басқанда, әртүрлі қайшылықтар мен қиындықтарға кездеседі, оларды шешу, жеңу нәтижесінде оқу міндеттері жүзеге асырылады.
Баланың оқуына күшті әсер ететін себептердің бірі- мотивтер. Мотивтер деп – белгілі әрекетке итермелейтін бағыттайтын себепті айтады. Оқушының мотивтері оның қажеттері мен қызығуларына байланысты болады. Бала жақсы оқу үшін – білімнің өмірге керек екенін түсінуі және сол білімге қызығуы қажет.
Оқытудың міндеті – оқушыны табиғат, қоғам және адам дамуының жалпы заңдылықтарымен қаруландыру. Оқушы дүние тануда ғылыми жаңалық ашпайды, ол бұрын ғылымда белгілі болған, зерттеліп дәлелденген фактілерді, заңдылықтар мен қағидаларды ұғынады, өзінің күнделікті практикасында қолданады.
Оқытуда ғылым негіздерін оқып үйренудің өзі, ғылым тарихымен, оның әдістерімен танысу, ұлы ғалымдардың өмірі мен қызметі жайлы ақпарат алады және мұғалімнің білімі мен мәдениет дәрежесі оқушылардың жеке басының қалыптасуына үлкен тәрбиелік ықпал етеді.
Прагматистер Д. Дьюидің басшылығымен оқыту процесінің мәнін айқындауда, оқыту барысында бала өзі өмір сүріп отырған қоғамдық құрылысқа бейімдей алса болғаны – деген пікірді ұсынады. Сондықтан, олар оқытуды баланың, тек қана өзінің, білімдерін жетілдіру, жүйелі түрде кеңейту және тереңдету процесі деген қағиданы дәлелдейді.
Оқыту – даму негізі. Бұл ретте көрнекті психолог Л.С. Выготскийдің мына сөздерін еске алғн жөн. Жақсы окыту деп, ол – баланың дамуынан ілгері жұретін, оны жетекке алатын оқытуды айтады. Л.С. Выготский баланың кешегі күнгі дамуына емес, ертеңгі күні дамуына керек деп ескертеді, осыған орай, ол – бала дамуының «екі зонасы» болатынын айтады. «Бірінші зона» – бала дамуының қазіргі қол жеткен сатысы, осыған қанағаттанып қоймай, мұғалімнің оқушыларды болашақтағы дамудың ең жақын сатысына («екінші зонаға») жеткізуге міндетті екендігін айтады.
Оқыту – екі жақты процесс. Оқыту процесі оқушы мен мұғалімніңөзара бірлесіп жасайтын әрекетінен тұратын күрделі әрекет. Себебі, оқыту – мұғалімнің білім берудегі жетекші әрекеті болса, оқу – баланың өзінің танымдық, практикалық әрекеті.
Оқыту – жоспарлы процесс. Мұғалім оқушылардың жалпы рухани дамуын жүйелі қамтамасыз етуі үшін оқыту процесін жоспарланған, ұйымдастырылған түрде жүзеге асырады. Оқушы білімді қысқартылған, педагогикалық тұрғыдан өзгертілген жолмен мұғалімнің және арнайы жазылған оқу құралдарының көмегіне сүйене отыра меңгереді.
Сонымен бірге, оқыту процесі оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отыра, таным қызметінің формасы мен әдістерін соған орай отырады.
Оқыту – бұл күрделі процесс. Ол тұлғаға білім беру, тәрбиелеу және ақыл-ойы мен шығармашылық қабілетін, яғни біліктілігі мен дағдысын дамыту негізінде жұзеге асырылады. Бұның мәнісі, жеке тұлғаға біртұтас ықпал жасауды көздейді. Осыған орай, оқыту процесінің бірінші қызметі – оқушыларға білім беру. Білім беру, біріншіден, ғылым негіздеріне сай оқушыларды нақты фактілермен, қағида және тұсініктермен, заңдылықтармен қаруландыруды міндеттесе, екіншіден солардың негізінде, дүниедегі әртүрлі құбылыстарға олардың ғылыми көзқарасын тәрбиелеу.
Екінші қызметі – тәрбиелеу. Оқыту процесі барысында оқушыларды теориялық білімдер жүйесімен қаруландырып, жеке тұлғалық қасиеттерін қалыптастырып дамыту. Тәрбие процесі дұрыс ұйымдастырылған жағдайда оқытудың барысына қолайлы ықпал етеді, соның негізінде тұлғаның танымдық қызметі мен оқуға деген қызығушылығы артады.
Үшінші қызметі – дамыту. Оқыту барысында оқушыларға білім беру, оларды тәрбиелеу негізінде тұлғаның ақыл-ойы, сана-сезімі, шығармашылық қабілеті т. б. Көптеген тұлғалық қасиеттерінің дамуына, біліктіліктері шыңдалып, қабілеттерінің артуына оң әсер етеді. Яғни, тұлға жан-жақты қалыптасып дамиды.
Достарыңызбен бөлісу: |