Тақырыптың мазмұнын бекіту үшін қойылатын сұрақтар:
1. Қазақстан қалалары және олардың ерекшеліктері.
2. Қалалардың саяси және мәдени орталықтар ретіндегі рөлі.
3. Қазақстан қалаларының өмірі.
42
7.
Жаңа әлеуметтік топтардың қалыптасуы
Қазақ аулының экономикасына тауар-ақша қатынастарының енуі,
малшылардың бірте-бірте күйзелуі және малы жоқ қазақтар санының көбеюі
егіншілікті олардың күнделікті мұқтаждығына айналдырды. Егіншілер өздерін
астықпен қамтамасыз етіп қана қоймай, оның бір бөлігін қала базарларына
шығарып сатып, қосымша пайда түсіріп отырды. Осылайша егіншілікпен
тұрақты түрде айналысатын жаңа әлеуметтік топ жатақтар пайда болды.
Ғылымда осынау топқа мынадай анықтама берілген. Жатақтар кедейленген,
жазғы жайлауға көшу кезінде тіршілік ету және көшіп-қону құралдарынан
айырылған, өз отбасын жалдама, негізінен, маусымдық еңбекпен асыраған
немесе отырықшылық шаруашылық өзгерістердің ықпалымен мал бағудан егін
егуге көшкен малшы қазақтардың бөлігі.
Жатақтар егіншілікпен қатар Орынбор, Ташкен, Сібір магистралдары
құрылысының маусымдық жұмыстарына қатысты. Жатақтар темір жолдарды
салуда ең ауыр жұмыстарды атқарды. Бұны мұрағат құжаттары былай
айғақтайды: «Бәріне дағдыланған қазақтардан басқа өздерінің сенімді көлігі
түйелерімен және өгіздерімен бұл материалдарды, әсіресе, күн күйдірген далада
астықты жаз кезінде тасуды, әрине, басқа ешкім қолға алмайды...». Осындай
адам төзбейтін ауыр жұмыстарды қазақтардың атқарып, сол үшін небәрі 10-20
тиын еңбекақы алуларының есебінен Павлодар уезіндегі Воскресенье темір
жолын салу патша әкімшілігіне арзанға түскен. Жатақтардың тағы бір бөлігі
орыс деревняларына, казак станицаларына барып, жалданып, табыс тапты.
Мұрағат деректері көшпелілердің жалпы санындағы жатақтардың үлес
салмағы елеулі болғандығын дәйектейді. Мысалы, 1901 жылғы деректер
бойынша Көкшетау уезінде жатақтар барлық тұрғындардың 4,6%-ын, Атбасар
уезінің солтүстік болыстарында 5,3%-ын, оңтүстік уездерінде 7,9%-ды құраған.
Дегенмен, қазақ жатақтарының саны туралы мәліметтер жоқтың қасы. Мұның
өзі жатақтардың жалпы санын анықтауға мүмкіндік бермейді. Оның үстіне
халық санағы әдетте қысты күндері жүргізілгендіктен жатақтар өз
отбасыларында болған. Осы орайда өз кезегінде пролетариаттың көсемі атанған
В.И. Ленин: «Шетке кәсіп іздеп кетушілердің белгілі бір бөлігі ...қалалардың
нақты халқы қатарында тіркеледі... Бірақ бір бөлігі ғана, өйткені бұл халықтың
кезбелік сипаты жағдайында оны жекелеген тұрақты орталықтардың санағында
есепке алу, сонымен қатар халық санағы әдетте қыста жүргізіледі, ал кәсіп
іздеген жұмысшылардың ең көп бөлігі үйінен көктемде кетеді», – деп жазған.
Жатақтардың түрлі кәсіптермен шұғылдануына байланысты әр алуан
әлеуметтік топтардың, мәселен, егіншілердің, жұмысшылардың қатарын
көбейтті. Десек те, олардың басым көпшілігі отырықшы мал шаруашылығымен
айналысты. Ал кәсіп іздеп кеткендердің біраз бөлігі қалалар мен ірі қоныстарда
өнеркәсіп пен шағын кәсіпшіліктің, темір жолдардың жұмысшыларына
айналды. 1894 жылғы Семей облысының шолуында былай делінген: «Жұмыс
қолының қажеттілігі әрқашан аңғарылатын және жұмысшының еңбегіне ақы
жақсы төленетін Семей қаласының арқасында Семей қазақтары қазірдің өзінде
далаға бармай өмір сүруге дағдыланып алды. Сібір темір жолын салуға жақсы
43
ақы төленеді, жұмысшылар қажеттігі туралы бірінші болып біліп, дала тұрғыны
немесе диқан өмірін тастап, табыс табу үшін сол жаққа кетті.
Отаршылдық езгінің күшеюі салдарынан халық бұқарасының жағдайы күрт
нашарлап, қазақ шаруалары күйзеліске түскен, кедейлердің көпшілігі малынан
айырылып, кәсіпсіз адамдар тобыры толықтырылған тұста Абай оларға тіршілік
ету жолын нұсқап, жалпы еңбектің ең прогресшіл нысаны – жалдамалы
еңбектен бойды аулақ салмауға шақырды. Өйткені қайыршылыққа ұшырап,
ашаршылықты бастан кешіргеннен гөрі жалданып еңбек етудің өзі жағымды
әрекет болып табылады. Сондықтан мұның өзін Абай айтқандай өркениетті
құбылыс деп сануға болады.
Біз қарастырып
отырған кезеңде ауылдың әлеуметтік өмірінде
«атқамінерлер» дейтіндер пайда болып, олардың рөлі өсе түсті. Атқамінерлер
деп іскерлік ынта-жігерлі, билікке ықпалды және құрмет-марапатқа ие адамдар
аталды. Халық арасында оларға «өзін аса бақытты адам деп сезініп, күнін ет
жеп, қымыз ішумен өткізетіндер» деген баға берілді. Өйткені олар билікке
үміткерлерді жағалап, оларды мақсат-мұратына жеткізгенше әрекет етумен
болатын. Содан соң келесі үміткерлерге ауысқанда сөзсіз құрмет пен түрлі
меймандостыққа бөленетін. Мұның өзі көшпелілір арасында іскер адамдардың
бөлектеніп шығуына ықпал етті. Осылайша ауылдың әлеуметтік топтары озбыр
отарлау саясатына бейімделіп қана қоймай, тығырықтан шығу жолында тиімді
тәсілдерді де іздестірді. Сол кездегі осындай әрекеттердің өзін бодандық
бұғауында туындаған ұтымды әрекет деуге келеді. Себебі атқамінерлер
халықтың арасынан бөлектеніп шыққан ауқатты әрі жергілікті биліктен үміткер,
ұлттың қамын ойлаған адамдардың мүддесін көздеді. Отарлау саясатына
мойынсұнғанымен іштей өз елінің әл-ауқатын жақсартуға, көкейкесті
түйіткілдерін шешуге ұмтылған атқамінерлер көптің ортасынан айтулы
тұлғалардың шығуына елеулі ықпал етті.
ХІХ ғасырдың соңына қарай ауылда патриархатты шаруаны жаңа әлеуметтік
топтармен ығыстыратын үрдіс жүрді. Бұл үрдіс қазақ ауылына капиталистік
элементтердің енуімен, осыған орай шаруаның түрлі әлеуметтік топтардың
өкілдеріне айналуымен байанысты өрбіді. «Осы жаңа күштің, яғни капиталдың
пайда болуы, – деп жазды В.И.Ленин, – жаңа шаруа қожалықтары типтерінің
қалыптасуымен ілесе жүреді; біріншіден, ауқатты, экономикалық жағынан
мықты, дамыған тауарлы шаруашылықты жүргізетін, мердігерлікке кедейлерді
жалдайтындар; екіншіден, өзінің жұмыс күшін капиталға сататын шаруа».
Көріп отырғанымыздай, капиталистік қатынастардың ауыл шаруашылығына
енуіне байланысты шаруалардың жаңа тобы – батырақтар пайда болды.
Батырақ капиталистік шаруашылықтағы жалдамалы жұмысшы болып
табылады. Оның кейбіреулерінің жер телімдері болса, енді біреулері мүлде
жерсіз, малсыз болып келді. Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстанда батырақтың
әлеуметтік-экономикалық болмысының ерекшеліктеріне байланысты бұл
әлеуметтік топ «таза» күйінде көрінген жоқ. Тіпті батырақ сөзінің өзі ауылға
танымал емес болатын. Бұл сөз тек ХІХ ғасырдың екінші жартысында
қолданыла бастады. Батырақтарды қазақ ауылында дәл осылай немесе малай,
44
жалшы деп те атады. Себебі ауылда капиталистік емес, патриархаты-рулық
қатынастар үстемдік етті. Осыған орай шаруалардың әлеуметтік жіктелуі
капитализмнің ауыл шаруашылығында даму сатысына тән дифферециациялық
сипатқа ие бола алмады.
Көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықта батырақтар жалдамалылар
ретінде әртүрлі топтарға бөлінді. Мәселен, қонысы бай шаруаның маңына
қоныстанған – жұмыскер, жалшы отбасы. Малай – үй шаруасындағы жұмыскер
немесе жалшы; жалшы – жалдамалы жұмысшы немесе малшы, яғни қойшы,
т.с.с. Осындай батырақтар немесе батырақтарға жақын топтар қоғамның
әлеуметтік құрылымынан орын алды.
ХХ ғасырдың ортасында көшпелі шаруашылықта бай, ауқатты және кедей
шаруалардың өмір сүргендігі белгілі. ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың
басындағы орта бай шаруашылығында мыңға жуық қой мен ешкі, 40-50 түйе
жіне осыған сәйкес жылқы болған. Осыншама мыңғырған малды бағуға бай 4-5
жалшы-батырақты жалдауға мәжбүр болған.
Ірі байдың 2 мың қойы мен 150-200 жылқы, түйесі арқылы атағы шыққан.
Қора-қора қойды, тең-тең түйені, үйір-үйір жылқыны жайылымда ұстау үшін
байға 3-4 қойшы, 2-3 түйеші, 3-4 жылқышы, барлығы 10-11 жалшы қажет
болған. Бұлардан өзге құдық қазатын, оларды жөндеп отыратын жалшылардың
еңбегіне әркез сұраныс туындаған.
Күн суытып, қар түскен кезде қонысты қардан тазартып, малдың жатын
орнын дайындау аса ауыр жұмыстардың бірі болған. Міне, осылардың
барлығын қосқанда, мал жаюдан басқа көшпелі шаруашылықтағы көптеген
жұмыстар үшін байға жиырмаға жуық қосымша жұмыс күші керек еді.
Осылайша бай шарушылықтары батырақтардың еңбегін кеңінен пайдаланды.
Жалшылар жылдық, мерзімдік, көтермелі деп бірнеше түрге бөлінді. Қазан
төңкерісіне дейінгі Қазақстанда батырақтарды жалдаған шаруашылықтар
Верный уезінде барлық шаруашылықтардың 15, 7%-ын, Қопалда – 17, 6%,
Лепсіде – 14, 0%-ын құрады. Әрбір жылдық жалдамалы жұмысшыларды
жалдаған 100 шаруашылықтағы батрақтардың үлес салмағы Верный уезінде –
81,2%, Лепсіде – 60,9%, Жаркентте – 73%, Қопалда – 55,05% болған.
Отырықшы және жартылай көшпелі мал шаруашылықтары жалдамалы
батырақтар еңбегін көшпелі мал шаруашылығына қарағанда көбірек
пайдаланды. Әсіресе мұндай үрдіс солтүстік аймақтарда айқын көрініс тапты.
Мысалы, Ақтөбеде барлық шаруашылықтардың 42,3%-ы, Қостанайда – 28,1%,
Өскеменде – 17,0%, Ақмолада – 26,7%, Атбасарда – 13,7%, Петропавловскіде –
19,0%, Павлодарда – 14,5%, Қарқаралыда – 13,5%, Омбыда – 24,5%-ы
батырақтарды жалдады. Қазақ батырағының шағын болса да, негізінен, өз
шаруашылығы болды. Бұл оның орыс батырағына қарағандағы басты
айырмашылығы болды. Батырақтардың жартысына жуығы отағасы саналып,
дербес шаңыраққа иелік етті. 5-6 шаңырақтан тұратын өзге де кедей
туыстармен және 2-3 бай киіз үйлерімен қосылып, тұтас бір ауылды құраған.
Батырақтардың еңбекақысы көшпелі мал шаруашылығында ақшалай емес,
мал және мал өнімдерімен төленді. Жалдамалы малшы-көшпелілер өте
45
мардымсыз ақы алды әрі еңбек жағдайлары адам төзгісіз ауыр болды. Әсіресе,
қойшылардың жағдайы өте қиын еді. Егер түйеші, қорашы, қауғашы, отыншы,
сушы ауыл ұзақ аялдама жасаған кезде дем алса, қойшының мұндай мүмкіндігі
болмады. Олар күнделікті мал жайып, солармен бірге жүруге мәжбүр еді.
Сондықтан да халық арасында қойшының еңбегі туралы көптеген аңыз-
әңгімелер тарады. Қай аймақта қой көп болса, сол жерге барғанда бұрынғы
қойшылар өздерінің кәсібін жасырып отырған. Содан болса керек, ел аузында
«Жетісуға барсаң, қойшымын деме,
Арқаға барсаң, жылқышымын деме,
Атырауға барсаң, түйешімін деме», –
деген нақыл сөз ұрпақтан ұрпаққа жеткен.
Бір ғана батырақ бүкіл отбасын асырай алмағандықтан оның әйелі мен
балаларына да жалдануға тура келген. Олардың жұмысы ауыр болған.
Батырақтардың ауыр еңбегі сол кездегі мерзімді басылым беттерінен көрініс
тауып отырған. Мәселен, «Сибирская газета» қазақ батырақтарының еңбегі мен
тұрмысы жайында былайша жазған; «Бай қырғыз-қазақ бірнеше малшыны,
жылқы бағатын жылқышыларды, қой жаятын қойшыларды, сиыр өргізетін
бақташыларды, түйе бағатын түйешілерді және үй шаруасы үшін екі-үш
жалдамалы еркек пен әйелді ұстайды. Осы адамдардың барлығы күні бойы,
тіпті қатты аязда да, аптап ыстықта да шаршамай жұмыс істейді. Қожалары
оларды құл деп атайды. Батырақтардың адам төзгісіз ауыр еңбегі мен
қожайындарына бағынуына қарап, құл деген атаудың оларға лайықты
қойылғандығын мойындайсың». Айта кетерлік бір жайт, темір жолдарға, қоныс
аудару қоныстарына, казак станицаларына, қалаларға жақын орналасқан
жерлерде батырақтар еңбегі көп әрі кеңінен пайдаланылды. Мұндай жағдайға
отырықшы мал шаруашылығындағы тауарлы-капиталистік қатынастардың
жылдам дамуы ықпал етті. Кедейленген қазақ шаруасы аз ғана еңбекақыға
батырақ болып жалдануға мәжбүр болды. Отырықшы мал шаруашылығында
батырақтардың жалақысы мал және мал өнімдерімен, ал кейде ақшалай
берілетін еді. Батырақтың орташа бір күндік ақысы 20 тиыннан 80 тиынға дейін
жетті.
Осылайша, қазақ кедейлері ауылға жаңа экономикалық қатынастардың
енуіне байланысты малсыз қалып, ендігі жерде өзінің еңбек күшін сатып күн
көруге болатынына көз жеткізді. Мұның өзін ол заманауи құбылыстары деп
таныды. Сондықтан да сондай жаңалықтарға бейімделуге тырысты. Дәстүрлі
экономикалық қатынастардан жаңа құрылымға өтудің өзін сол кезеңүшін
прогрессивті мәні бар құбылыс деп санауға болады. Өйткені, малсыз,
күнкөріссіз босқа аштан өлгенше ауылдан тыс жерлерге барып, табыс табуды
көксеген кедей үшін бұл тың бастама еді. ХХ ғасырдың бас кезінде
капиталистік қатынастардың анағұрлым тереңдей түсінуіне орай қазақ
қоғамында жалдамалы жұмысшылардың, соның ішінде батырақтардың қатары
көбейді. Мысалы, 1908 жылы Ақтөбе уезіндегі бай, ауқатты шаруалардың
қожалықтарында 10372, Қостанай уезінде 7510 батырақ тіркелген.
Осылайша, тауарлы-капиталистік қатынастардың элементтері қазақ
46
ауылына енді. Олар ғасырлар бойы қалыптасқан, қазақ қоғамының әлеуметтік
дамуында үстемдік еткен патриархаттық-рулық қатынастармен қоса өрбіді.
Осыған қарамастан батырақтардың еңбегін жалдау кеңінен орын алды.
Дегенмен, қазақ батырағының әлеуметтік-шаруашылық жағдайындағы
ерекшеліктерге байланысты өзіндік сипаты да бар еді. Десек те, ол жалдамалы
жұмысшылардың бірі ретінде әлеуметтік құрылымнан көрініс тапты.
Тұрмысы мен тіршілігі ауыр күйде болған, еңбекақысы толық төленбеген
батырақтың көкейінде бір ғана мақсат – өзінің еңбегін қанаушыларға қарсы
күрес тұрды. Ең алдымен батырақ өзінің ұлттық санасын көтеруге ұмтылды.
Содан соң еңбек және тұрмыс жағдайын жақсарту жолында сол кезеңге лайық
ереуілдер мен көтерілістерге, митингілерге шығуды жөн санады. Қазақ
даласындағы социал-демократиялық саяси ұйымдар, партиялардың әсерін
сезінген батырақтар патшалық Ресейдегі жұмысшылар қозғалысын, сегіз
сағаттық жұмыс күні, жалақыны көбейту, тұрмыс, еңбек жағдайларын жақсарту,
түрлі айып пұлдарды жою тәрізді талаптарды жақтады. Жақсы өмірді көксеген
батырақтардың осындай әрекеттері мен тілегін өз заманына сай бастама деп
санауға болады.
Дүниежүзілік жұмысшылар қозғалысы, олардың өз талап-тілектерін қоя
білуі, нәтижесінде дамыған Еуропа елдерінде орта тап өкілдерінің көп болуына
алып келгендігіне тарих куә. Ешбір төңкеріссіз, демократиялық жолдармен
жұмысшылардың бай-қуатты тұрмыс пен өмірге қол жеткізе алатындығын
өмірдің өзі дәлелдеп берді. Аталмыш кезеңде батырақтардан басқа тағы бір
әлеуметтік топ – жұмысшылар пайда болды. Жұмысшылардың қатарын қоныс
аударушы шаруалардан шыққан табыс іздеп кетушілер, қазақ кедейлері
толықтырып отырды.
1910 жылы Қостанай уезінің 20 кентінде статистикалық зерттеулер
жүргізілді. Зерттеудің мәліметтері көрсеткендей, қоныс аударып келген
шаруалардың
көпшілігі
бейшаралық
тіршілік
еткен.
Шаруалар
қожалықтарының жартысынан астамы кедей болған және өте нашар күнкөрісте
өмір сүрген. Күнделікті тұрмыс-тіршілікке мұқтаждық шаруаларды табыс іздеп
кетуге итермелеген. Соның салдарынан олар кәсіпшілікпен айналысып, жақын
маңдағы өнеркәсіп орындарына, темір жол құрылыстарына барып жалданды.
Мысалы, Қостанай уезінде барлық шаруашылықтардың 34,8%-ы, ал Ақтөбе
уезінде 34, 2%-ы кәсіпшілікпен айналысты.
Күйзеліске ұшыраған қолөнершілер мен ұсақ ісмерлер жұмысшы болып
кетті. Қазақстанда фабрика және зауыт өнеркәсібі нашар дамыған жағдайда
қолөнершілер саны едәуір көп болатын. Мәселен, 1894 жылы Ақтөбе
облысында 9307, ал 1895 жылы Семей облысында 10329 қолөнерші болған.
Орталық Ресеймен сауданың дамуына, әсіресе, сол жақтан фабрика-зауыт
бұйымдарын әкелудің күшеюіне байланысты Қазақстанда ұсақ қолөнер өндірісі
құлдырай бастады. Бұл Қазақстанның барлық дерлік облыстарының
«Шолуларында» атап өтілді. Мысалы, Ақмола облысының 1901 жылғы
«Шолуында» былай делінген: «отырықшы халық арасында қолөнер кәсібі...
ішінара байырғы халықтың қажетті білімдері мен техникалық машықтары
47
болмауы себепті, аракідік жергілікті қолөнершілердің туындыларына
айтарлықтай сұраным... оның дамуына қолайсыз жағдай қалыптасып отыр;
оның үстіне үй шаруашылығының көптеген бұйымдары, сондай-ақ киім-кешек,
аяқ киім, іш киім және басқаларын жергілікті саудагерлер Мәскеу мен Нижний
Новгород «жәрмеңкелерінен» дайын күйінде алып, едәуір оңтайлы бағамен
сатады және олар сапасы жағынан жергілікті ісмерлердің жасағанынан
әлдеқайда жоғары». Сырдария облысының 1913 жылғы «Шолуында», «Ірі
өнеркәсіп орталықтары қазірдің өзінде көшпелілерге фабрикада жасалған
мақта-мақта және жібек маталар мен киім-кешектер жіберіп отыр. Олар
арзандығымен ісмерлік бұйымдарды ығыстырып шығаруда. Соңғы жағдайға
байланысты кейбір ісмерлік өндірістерде қазір тоқырау мен құлдырау
байқалуда».
Көріп отырғанымыздай, қазақ ауылына тереңдей енген капиталистік
қатынастар оның шаруашылық жағдайын өзгертіп қана қоймай, әлеуметтік
құрымына да елеулі ықпалын тигізді. Ғасырлар бойы халықтың мұқтажын өтеп
келген он саусағынан өнер тамған, атам қазақ айтқанындай, он саусағы он
адамның еңбегін ендігі кезекте ығыстырып шығаратын өзге әлеуметтік топтар
қалыптасты. Байырғы халық ісмерлерге сұраным тапсырып, киім-кешек
тіктіргеннен гөрі фабрикалық дайын бұйымдарға әуестене бастады. Себебі
қазақ ауылына да еуропалық киім үлгілері ене бастады. Заман ағымына қарай
еуропалық тұрғындар тәрізді киінуге әуестік байқалды. Тек киіну ғана емес
күнделікті тұтынатын бұйымдарды өзгертуге, жаңа тұрмыс салтына икемделу
де қазақ отбасыларынан көрініс тапты. Сол кездегі жез самауырмен шай ішу,
түрлі жиһаздарды пайдалану, т.б. бірте-бірте ауқатты қазақ отбасыларының
күнделікті әрекеттеріне айнала бстады.
Аталмыш кезеңде қоғамның әлеуметтік құрылымында жаңа бір топ
жұмысшылар пайда болып, орын ала бастады. Жұмысшыларды, негізінен, қала
кедейлері, күйзеліске ұшыраған ауыл кедейлері қалыптастырды. Жұмысшылар
көбінесе өнеркәсіпте, темір жолда, шағын кәсіпшіліктерде еңбек етті. Өлкенің
темір жол бойының халқы өз кезегінде жұмыс қолдарын беріп отырды. Темір
жол бойының халқы айтарлықтай тез қарқынмен өсті. Атап айтар болсақ, 1906
жылы Орынбор – Ташкент темір жолы бойында 40846 адам, ал 1913 жылы 58
мың адам тұрды, яғни тұрғындардың саны 42%-ға өсті. Генерал-майор
Милеанттың мәліметтерінше, Орынбор – Ташкент темір жолының төменгі
қызметшілері, яғни кондукторлардың, стрелочниктердің бір бөлігін жергілікті
тұрғындар құраған. Қазақ жұмысшылары көбінесе ерекше техникалық
дағдылар мен кәсіптік даярлықты керек етпейтін әртүрлі ауыр жұмыстарды
атқарған. Сондықтан да оларға төмен ақы төленіп, еңбек жағдайлары толық
қорғалмады. Қазақ арасынан білікті жұмысшылар шыға қоймағандықтан
патшалық үкімет Ресейдің орталық аудандарынан өнеркәсіп және темір жол
мамандарын алдыруға мәжбүр болған.
Сөйтіп, ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың бас кезінде жұмысшы
тобының көзі болып жергілікті қазақтар мен қоныс аударушы шарулардан
шыққан шетке табыс іздеп кетушілер, жергілікті қалалардың күйзеліске
48
ұшыраған қолөнершілері мен жұмысшылары, запастағы төменгі әскери
шендегілер және өлкенің қала халқы, сонымен қатар Ресейдің ішкі және басқа
губернияларынан келген білікті жұмысшылар мен күйзелген шаруалар болып
табылды. 1913 жылы Қазақстандағы жұмысшылардың саны шамаман жасалған
есептеулер бойынша 75 мың адамға жетті. 1913-1918 жылдарда жүргізілген
Бүкілресейлік өнеркәсіп және кәсіптік санақтың деректері бойынша
Қазақстанда 1913 жылы 675 фабрика-зауыт кәсіпорындары болып, оларда 51104
жұмысшы жұмыс істеген. Солардың 19851-і ірі зауыттарда еңбек еткен.
Өлкенің темір жол және су жолы көлігінде 25 мыңнан астам жұмысшы істеген.
Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында кәсіпорындар мен темір жолдарда,
кәсіпшіліктерде жұмыс істейтін жұмысшылар саны елеулі түрде өскен. Осы
тау-кен кәсіпорындарындағы жұмысшылардың саны 18 мың, ал темір жолдарда
30 мың адамға жеткен. Жалпы қазан төңкерісіне дейін ресми мәліметтер
бойынша жұмысшылардың саны 90 мың адам болған. Айта кетерлік жайт,
қазақстандық жұмысшылар жыл бойы өнеркәсіптерде жұмыс істей алмады,
өйткені олардың көпшілігі тек көктем, жаз айларында іске қосылып, күзгі,
қысты күндері қарап тұрды. Сондықтан да жұмысшылар сондай уақыттарда
басқа да кәсіптермен айналысуға мәжбүр болды.
Маусымдық кәсіпорындар қатарына көбінесе шағын кәсіпшіліктер жатты.
Мәселен, мақта тазалайтын, жүн жуатын, май шайқайтын, сабын қайнататын,
күріш тазартатын, т.с.с. кәсіпшіліктер, диірмендер шикізаттың жетіспеуіне
байланысты жыл бойы жұмыс істей алмады. Керісінше аталған ксіпшіліктерге
егін жиналып, шикізат көбейген кезде мөлшерден артық жұмсшылар қажет
болды. Мұндай кездерде олар қосымша жұмыс күшін жалдауға дейін барды.
Тұрақты түрде жұмыспен қамтамасыз ететін өнеркәсіптердің қатарына кен
өндіруші өнеркәсіп орындары мен темір жолдар енді.
Өлкедегі өнеркәсіп орындары техникалық жағынан артта қалған,
қарапайым, жабдықтары тозған және ескірген күйде болды. Кәсіпкерлер арзан
жұмыс күші мол болған соң өз кәсіпорындарын техникамен жарақтандыруға
мүдделі болмады. 1913 жылы Түркістанның өнеркәсіп орындарының 48 түрінен
23-і механикалық двигательдерсіз жұмыс істеді. Оларда жұмыс тек қол еңбегі
арқылы атқарылды. Жүн жуатын, ішек-қарын, спирт тазартатын, шарап
ашытатын, сабын, ірімшік, желім қайнататын кәсіпшіліктердегі жұмыс өте ауыр
әрі қол еңбегімен атқарылды. Соған қарамастан жұмысшыларға төленетін
еңбекақы төмен болды. Сондықтан да жұмысшылар еңбек және тұрмыс
жағдайларын жақсарту талаптарын үнемі қойып отырды. Талаптар көбінесе
бейбіт түрде арыз шағым айту жолымен қойылса, кейбір жағдайларда
ереуілдер, бас көтерулер арқылы шешімін табатын болған. Дегенмен,
жұмысшылардың талаптары ешқашан толық орындалып көрген емес. Мұның
өзі жұмысшыларды екі жақты күреске итермеледі, бірі кәсіпшіліктердің
иелерінен өздерінің жағдайларын жақсарту үшін күрес болса, екіншісі жалпы
патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына, езгісіне қарсы бұқаралық күрес еді.
Достарыңызбен бөлісу: |