17 бөлімнен, 556 тармақтан тұратын «Насихат ғұмумия» толғауы жеке өлеңдерде айтылған ақын ойының қорытындысы, жинақтамасы іспеттес. Шығармада ақынның аты-жөні, тайпасы, шыққан тегі, жері, кітаптың 25 жасында жазылғаны туралы айта келіп, халқымен, замандасымен, елінің сөз ұғарлық азаматтарымен сырласқан. Толғау қара өлең үлгісімен жазылған.
М. Дулатовтың мысал үлгісімен жазған «Жұмбақ» өлеңінде патша өкіметінің отар елдерді билеудегі қатыгездігін жұмбақтап, көрген түс түрінде жеткізген. М. Дулатовтың «Азамат», «Терме» жинақтары да ақын мұрасынан елеулі орын алатын көркем туындылар болып табылады. Жинақтарға енген «Мұң» «Сырым», «Шағым», «Қажыған көңіл», «Елім-ай», «Шешенің балаларын сүюі» өлеңдері – ақынның азаматтық позициясын танытатын шығармалар. «Шағым» өлеңінде:
Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,
Пайдалан керегіңе жараса, Алаш! –
деп, саналы өмірін халқының азаттығы жолындағы күреске арнаған азамат атынан үн қатқан.
Ақынның біршама өлеңдері А. Байтұрсыновқа, Ә. Бөкейхановқа, Г. Потанинге арнау түрінде жазылған.
М. Дулатов драматургия саласында да қалам тартқан. «Балқия» пьесасы – қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтерген, қазақ әдебиетінде баспа бетін көрген алғашқы пьесалардың қатарынан орын алған туынды.
Сонымен бірге Міржақып Дулатовтың «Бүркіт кегі» поэмасы, оқу-ағарту саласындағы «Есеп құралы», «Қирағат кітабы» деген оқу кітаптары бар.
М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы – қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет роман деген жанрлық атау қойылған прозалық туынды. Роман тақырыбы – қазақ әйелдерінің бас бостандығы, әлеуметтік теңсіздік мәселелері. Романның негізгі кейіпкерлері:
Достарыңызбен бөлісу: |