Жамал – романның негізгі кейіпкері, оқыған, білімді, ақылына көркі сай, сөзге шешен, өнерімен ел арасында «екінші Сара» деген атаққа ие болған өнерлі қыз. Ата-анасы баладан зарығып жүріп, мойнына бұршақ салып, құдайдан жалбарынып сұрап алған бала. Жазушы Жамалды: «Сұлулық, ақыл, салтанат – үшеуі бір-біріне муафик келіп, Жамал сол елдің қызының алды болды. Олай-бұлай қалжыңмен сөйлескен бозбаланы сөйлетпейтін еді. Бұл артықшылығының үстіне Жамал сөзге де ұста болып, өз ойынан шығарып өлең де жазатын болды», – деп ерекше суреттеген.
Ғали – өнерлі де ақылды, алған бетінен қайтпайтын, сөзінде тұратын, Жамалдың сүйген жігіті. Жамалмен той үстінде танысып, айтыса келе бір-бірін ұнатқан екі жас қашып кетуге бел байлайды. Ғали: «Айтқан сертіне қыз жетіп, мен жетпей қалсам, маған тірідей өлім ғой, мен «тәуекел» деп бұл іске басымды байладым», – деп өзінің бірбеткейлігін көрсетіп, Жамалды алып қашады. Бірақ екі жастың бақытты өмірі ұзаққа бармайды. Ғали небәрі он үш күн ауырып қайтыс болады да, Жамал тағдыр талқысынан қашып құтыла алмай, өзін айттырған жеріне барып, көрген зорлығына шыдай алмай, қашып шығып, боранда адасып өледі.