ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУҒА ОДА
Біздің ел қайыңдар арасында,
Көк Есіл, Күміс көлдер жағасында.
Туған жер, өжет батыр, дана жырау,
Гүлтөбе ұқсап кетті дара шыңға.
Толыбайсыншыұлы Қожаберген,
Ол бекзат текті әулеттен оза желген,
Атақты жырау, сардар, ордабасы,
Жарқырап шыққан дүлдүл тозған елден.
Оң қолы Әз Тәукенің, қолбасшысы,
Ақыл, ерлік, тәсілқой қолдатты ісі.
Төкпе ақын, мәліметер, ұлы ханға
Одан артық табылмас жолдас кісі.
Дәрежесін ол ханмен тең сақтады,
Жас Абылай бата алса, ел жақтады.
Бұқар жырау пір тұтты ұстазым деп,
Баптаушым деп Бөгенбай ардақтады.
«Жеті Жарғы» негізін салған адам,
Ұлт қорғаны, ұлы ойшыл тарлан бабам.
19-254
290
Қожаберген жырау – 350
Төле, Қазыбек, Әйтеке билерменен
Ел сыйлауда «Жарғыны» армандаған.
«Елім-ай» дастаны қырғыз «Манасындай»,
Дана жыршы, ақындық данасындай.
«Елім-ай» әні – қазақтың әнұраны,
Ел сақтаған көзінің қарасындай.
Осынау әнді жас күннен жаттап, естіп,
Қаратаушыл сарынын сақтап өстік.
«Алқакөл сұламаны» естігенде
Елдің мұңын жаттағыш салтқа көштік.
Қожаберген ел-жұрттан жабық жатты,
Бодан күннің азабын халық татты.
«Ханның досы әрі ұлтшыл, залалды» деп,
Ең үлкенін пәленің анық жапты.
Зұлымдықтың көкесі көрінгендей,
Жүрдік шыдап пәлеге көңіл көнбей.
Қолдан келер еш лаж болмаған соң,
Кештік күнді көз жасы төгілгендей.
Айта алмадық зорлықты бадырайған,
Білеміз ғой келгенін тағдыр қайдан.
Қабырғаны кетті ғой қайыстырып,
Даналармен кеңестік содыр майдан.
Тәуелсіздік көзді ашып асылдандық,
Қожаберген жырауды ашып алдық.
Пәле жапқан Мәскеудің залымдары
Үндері өшті жасаған басынғандық.
Ұлы ғалым, ақтұйғын қарқынды адам,
Жау шапса да шындықтан тартынбаған.
Қожаберген жыраудың кім екенін
Қозыбаев Манаш нақ айқындаған.
291
Қожаберген жырау – 350
Туған елдің жасатса мұңы жорық,
Солтүстіктің кетті ол ұлы болып.
Илиада мен Одиссеяға теңеп берді.
«Елім-айды» әділдік құлы болып.
Бүгін жырау ардақтым төрімдегі.
Ең қымбатты ашылды өмір кені.
Дана бабам оралып тұғырына,
Қайта жанды жұлдызым көгімдегі.
Кәкімбек САЛЫҚОВ
АБЫЗ
Жан айқай жыры болып «Елім-айлап»,
Халқымен бір жасаған абыз ата.
Соқса да замананың желі қайдан,
Санадан сен өшпедің, аңыз ата.
Барады бұрынғыдан өмір озып,
Тап енді бұзбас қамал қияс арнаң.
«Елім-ай» – жыр қалыбы, тәңір өзі
Көз жасын қазағымның құя салған.
Өмірге құштарлықтан жанып тұрып,
Жүрек-ай, жыр толқытып, ән шығарған.
Халқының қайсарлығын таныттырып,
Өрт болып жалындаған өршіл арман.
Жалынмен шарпып жазып жан жарасын,
Маздатқан үміт отын тамұқта да.
Рухына абыз ата таң қаласың,
Қырандай биік шырқап қалықтаған.
292
Қожаберген жырау – 350
Айналып ұлт арына, намысына,
Толғады жер тағдырын, ел тағдырын.
Дем берді алты алаштың арысына,
Сезімнің төгіп сазды сел жаңбырын.
Сай болған өнеріне ерлігі де,
Сан рет жауға шапқан атойлатып.
Тұлпардың тер қатырмай терлігіне,
Найза сап, қылыш қаққан, ат ойнатып.
Жырымен жазбақ болып жан жарасын.
Маздатқан үміт отын кеуделерде.
Қазақта Қожаберген – шын дара шың,
Рухына бас иетін сен де, мен де.
Сан ғұмыр өтті бұрын сан ғасырың,
Жаңғырар санада одан із біртіндеп.
Арқасы аға ұрпақтар арғы, асылы,
Бар болсақ, бүтін болсақ біз бұл күнде.
Ербол ШАЙМЕРДЕНҰЛЫ
ҚОЖАБЕРГЕН
Азап пенен ғажаптың
Бұл өмірде сыны көп.
Олпы-солпы қазақтың
Жүре алмады ол бірі боп.
Шырақ етпей шындығын
Шығам демес шыңға бір,
Толыбайдай сыншының
Толғағынан туған ұл.
293
Қожаберген жырау – 350
Үрлеп үміт ұшқынын
Ұсынбасын неге өнер,
Кеніш ойлы үш биден
Кеңес алған кемел ер?!
Балаң шақта Бұхар мен
Үргеніште сүрді өмір.
Батырлық пен білімнің
Бап екенін білген ұл.
Өткізерде өмірдің
Жиырма бес көктемін,
Ордабасы сайлану
Оңай кәсіп деп пе едің?!
Аларда ел алғысын
Жау қарғысын қоса алған.
Әз Тәукенің «Жарғысын»
Жаза ала ма осал жан?!
Тентегі мен телісін
Тізгіндеген төте кеп.
Жөнге салды ел ісін,
«Жеті Жарғы» жетелеп.
Елдің шетін торымай
Еңкейсе де жатпаған.
Жырдағы ерлік – «Елім-ай»,
Қырдағы ерлік – «Ақтабан...»
Діңкелетіп төбеңнен
Дүйім жұртқа төнсе сын,
Сол «Елім-ай» көтерген
Езілгеннің еңсесін.
Арайланған арманнан
Алқабына дарып нұр,
294
Қожаберген жырау – 350
«Ақтабаннан...» сау қалған
Қаратабан халық тұр.
«Бұлт ала да, жер шола
Булықтырған шерім-ай.
Шұбыру жоқ болса да,
Әлі айтылад «Елім-ай».
Жоңғария жоқ, ғажап деп
Жүргендер бар боп мазақ.
Қазақия бар,
Қазақ деп,
Жанын үзген жоқ қазақ.
Көзін сүзген сәніме
Көршім бейне шырмауық.
Сейілмей тұр әлі де
Секемі зор бір қауіп.
Ұлттың жүгін жүгім деп
Ұл қалмады бөгелер.
Қат болып тұр бүгін де
Қожаберген деген ер.
1. Тебіну
Шұбырынды...
Ақтабан шұбырынды,
Шыдам атты шарт үзді
шығырымды.
Орыс, қытай құтыртқан
Себан Рабдан
Ойрандамақ ту тіккен
тұғырымды.
Шұбырынды...
Ақтабан шұбырынды,
295
Қожаберген жырау – 350
Тегі тарпаң тарих – бұл,
түбі мұңлы.
Босқан халық...
Алдан жау тосқан халық,
Кім төлейді қан-қасап
шығынымды?
Шұбырынды...
Ақтабан шұбырынды,
Түнек түнге батырмақ бүгінімді.
Самалды бел, саумал көл
жауда қалды
Сауғаға алды бұйрат бел –
Бұғылымды.
Шұбырынды...
Ақтабан шұбырынды,
Шәуліңізді шаптыққан
шыбын ілді.
Айла таппай, алқынды
ақылды хан,
Амал таппай, мұң басты
тұғыр ұлды.
Шұбырынды...
Ақтабан шұбырынды,
Отап кетті көк өрім шыбығымды.
Төрт ғасырға созылған бұл
шайқастың
Жарылқары белгісіз түбі кімді.
Шұбырынды,
Шұбырынды,
Шұбырынды...
2. Сарыжеліс
Қалмақтан қан-жоса боп тамам елі,
Қазақтың қалжыраған заманы еді.
296
Қожаберген жырау – 350
Бірі ойда, ағайынның бірі қырда,
Аулақта ат шалдырып аман ері.
Сөйлесе ерітетін сары майша
Қосағы Қожаекеңнің ару Айша
Төркіндеп туған елге бармақ болды,
Аңсатып Сыр бойының бағы майса.
Боларын кім біліпті, қандай заман,
Қалмағың аласұрған аңдай жаман.
Әкесі Қабылан би қартаң тартты,
Ер еді шүберекке жан байлаған.
Сипаты көрсетсе де кәрі нарды,
Қожаның жол жүрердей халі бар-ды.
Шын сүйіп, сыннан өткен жан жарының
Қайт қылмай, айтқан сөзін қабыл алды.
Қырынан әрең шыққан қиын қыстың,
Сәуірі ед мың жеті жүз жиырма үштің.
Төрт ұлмен қайын жұртқа келіп жетті,
Түбіне жеткендей боп түйінді істің.
Көрісіп екі жағы көзайым боп,
Айшасын әке құшты: «Боз айым!» – деп.
Торқасы қуаныштың сәлден соң-ақ
Тұрғанын сезбеді ешкім тозайын деп.
«Түнектен басқа түк жоқ төбеңде өзге», –
Дегендей демде тиді тебен көзге.
Қоршауда қалып қойды Қожаберген
Еліне енді аттанам деген кезде.
Аптапта кеткендейін ақпан ұлып,
Бір құйын ойнап өтті лақпа, бүлік.
Қалың қол бейқам елді таптап өтті,
Қапыда кеткен селдей ақтарылып.
297
Қожаберген жырау – 350
«Шал-шауқан, – деп жатпады, – кәрі білем»,
Жасанған жау деп ұқты бәрі кілең.
Қылышы қарақшының жалаң қағып,
«Ойнады» жүкті әйелдің қарынымен.
Тыл күшті, тылмен бірге шебі күшті,
Тексіздер нақақ қанды тегін ішті.
Беті ауған жаққа қашқан бейбақ қауым
Сеңдей боп бір-бірімен соғылысты.
Айырм-ай, жауы қай бет, елі қай бет,
Қамықты Қожаберген: «Елім-ай!» – деп.
Белсенді берік туған емен тұлға,
Теңселді: «Текпі көрген жерім-ай!», – деп.
Наймандар Алтай таудан ажырады,
Арқаны сарыуайым сазы ұрады.
Қаратал, Іле менен Шу, Балқашың
Қалмаққа қорек болды қазыналы.
Құтырып Шона Доба дүрегейің,
Зеңдірді зеңбірекпен Іле бойын.
Дулат пен жалайырды дөң асырып,
Шілдей қып шашыратты шүрегейін.
Көріп ед бұрында да жау шапқанды,
Ал, мынау қан-қасапқа саусақ малды.
Төле би амалсыздан Шуға шұбап,
Қаңлының қара орманы қаусап қалды.
Әр күнді, әуре қылып әр жұманы,
Қастықтан қарашы жұрт қалжырады.
Қоршауда қалып кетіп сіргелілер,
Шанышқы, Ошақтымен зар жылады.
Өмірдің өлмес жанға өкімі – сын,
Қазақсыз қара орманның жетімі шын.
298
Қожаберген жырау – 350
Қараусыз қараң қалған қайран жұртқа
Орнатты орыс келіп бекінісін.
Арман-ай, қазағымның жері қандай,
Малына шөбі шұрат, көлі балдай.
Шалғыны соғып аттың омырауын,
Ойпаңда қалушы еді көріне алмай.
Тек қана қалмақ емес қимылдаған,
Бұл жерге Бұхара, Хиуа, ұйғыр да алаң.
Тек жатқан түрікмен тұр тап бергелі,
Сөйтеді боларында пиғыл жаман.
Орыстың зеңбірегі осып көкті,
Ойраттың мейманасы өсіп кетті.
Топ оқтан өлгені өліп, қазекеңнің
Қалғаны жаяу-жалпы босып кетті.
Күйіктен күңіреніп қарғап көкті,
Қазақтан сансыраған салмақ кетті.
Арал мен Түркістанның арасынан
Басқа жер... басы бүтін қалмаққа өтті.
Не қалды енді қазақ хандығынан?..
Күн туды арты – тұман, алды – бұлаң.
Қайғыдан қан қақырған Қожаберген
Қамығып, ат үстінде салды бір ән.
Сүйекті сырқыратқан дені қайғы,
Сол әннің өшпес аты – «Елім-ай-ды».
Алайда, әнге сыймай шер қайғысы
Дастан боп жүйе-жүйе желі жайды.
Қағаз не, қаламың не ақпа арынға?!
Қожаекең шығарды оны ат жалында.
Ұрпаққа өлеңімен ұран салды,
«Қалма, – деп, – қу қалмақтың қақпанында».
299
Қожаберген жырау – 350
«Елім-ай» – күш-қайраты тасып екі,
Жанардан тамып түскен жасын оты.
Тірілген өшіп барып бұл қазақтың
Тағдыры,
Тауқыметі,
Қасіреті.
«Елім-ай» – еңіреген ана үні,
Бала үні – жолда қалған балалығы.
3. Тізгін тартар
Аққан жоқ теңіз теріс, тоған кері,
Үш ғасыр өте шықты содан бері.
«Алқакөл сұламадан» аман қалған
Жазылды бүкірейген қоғам белі.
Мінәжат еткен естіп сыбырымды
Тәңірім нәсіп етті бұ күнімді.
Өкшесі тасқа тиген «ақтабан» жоқ,
Жоқ және «сұламалы шұбырынды».
Қарсы алып сенімменен біз бүгінді,
Қолыма алсам-дағы тізгінімді,
Әлі де асыл бабам, Қожаберген,
Естігім келіп тұрар ізгі үніңді.
Ер керек бүгінге де елді ойлаған,
Пендеңіз елді ойламай, болмайды адам.
Ұрпағың өскен де жоқ, өшкен де жоқ,
Сойлы емес,
Емес және соры қайнаған.
Қиқулап салғанымен қырқа дүбір,
Ұлт болып өспей қойды ұлпа ғұмыр.
Қан төккен бабаларым байтақ жерде
Қазақтың бір-ақ уыс ұрпағы жүр.
300
Қожаберген жырау – 350
Десеңіз құмықпасын қазған тұма,
Дем берер бір іс керек аз халқыма.
Жоңғар жоқ.
Тек, жоңғарды айдап салған
Қос көрші жүріп жатыр бәз
қалпында.
Дертіме жасырмаған ем етіңдер,
Ауруын бүркеп бағар өлетіндер.
Әлі бар Қазақстан аймағынан
Өз «станын» көргісі келетіндер.
Алсам да азаттықтың ерте төрін,
Білемін бейқамдықтың мерт етерін.
Сақтығым қалғып бара жатқан сәтте
Есіме ап «Елім-айды» селк етемін.
Жан баба!
Қадым күннен төте келген
Мың сәлем қадамыңа мекен-елден.
Елді Сіз көтергендей «Елім-ай» деп
Халқымды «Халқым-ай» деп
көтерем мен.
Қанымда қыр ұлының салты
қайнап,
Жаныма жебеу болған жалқы
байрақ.
...«Елім-ай» дейін десем, ел
орнында,
Халқымды іздеп кеттім
«Халқым-айлап!»
Абзал БӨКЕН
301
Қожаберген жырау – 350
ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУ. «ЕЛІМ-АЙ!»
Ай аунап, жүйрік жылдар оза берген,
Ғасырлар көш-керуен соза берген...
«Елім-ай» болып жұртқа сәлем айтқан,
Есіл ер, ерен жырау Қожаберген.
«Елім-ай» өлең шығар, дастан шығар,
Дастанға сыймай тасып, асқан шығар.
«Қарындастан айырылған...» деген кезде,
Қазір де қара көзден жас тамшылар.
«Елім-ай» – зарым менің, шерім менің,
Шебімнен шарасыздан шегінгенім,
Біртұтас Алаш жұрты жау тигенде,
Білеміз бөлшектеніп, бөлінгенін...
«Елім-ай» – еңіреген ер ұраны,
Еңкейсе не болады ел ұланы!
Ескерткіш мәңгілікке соғып кеткен,
Жырауды ардақ тұтсын Елі мәңгі!
«Елім-ай» – шежіремнің тармақтары,
Ескерген келер күнге арнап бәрін.
«Елім-ай» – туым болып желбіреген,
Ерлерім ата-жұртын қорғап қалып!
Бас иіп Бұқар жырау «Ғаділ ерге»,
Тайдырмай бастан жыға әбігерде,
Ұрпаққа жеткізіпті жырыменен,
Ұстазын ардақ тұтып қалың елге!
Әйгілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы,
Әлдилеп «Елім-айды» көкей үні,
Өсиет «Бабаңды сүй» қалдырыпты,
Өмірден өкінішсіз өтейіні...
302
Қожаберген жырау – 350
Жатқанда тоқсан тарау жол айрылып,
Жұртына оғыз -түрік орай бұрып,
Рухына Қожаберген тағзым жасап,
Жыр төкті Сұлтанмахмұт Торайғыров.
Мына жыр – сол сарынның жалғасқаны,
Жорықта «Елім-ай» жыр қол бастады.
Жұртымен Қожаберген қауышты ғой –
Жарқылдап асыл сөздің алдаспаны!
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ
«ЕЛІМ-АЙЛАП» ӨТКЕН ЕР
Әрі батыр, әрі аты мәшһүр ақын-жырау Қожаберген
Толыбайұлы туралы толғау-терме
Келер ұрпақ бақытты,
Керуен уақыт кешігер,
Тоқтата алмас уақытты,
Атағын кім өшірер,
Ғасырлар үнсіз жатыпты,
Ұрпағын бүгін кешірер,
Қожаберген батырым –
«Елім-ай» деп өткен есіл ер!
Тыңдауға елім тұр дайын,
Бұған енді не дейін.
Ағыл-тегіл жырлайын,
Ұрпаққа айтып берейін –
Қожаберген дегенде,
Бүлкілдеген көмейім,
Арғы тегі – орта жүз,
Ашамалы керейім!
303
Қожаберген жырау – 350
Керейім ғой киелі,
Ағылған жырдың тиегі,
Тағдыры бар зиялы,
Таузар әулет сүйегі.
Көшебедей рулы,
Тұлпар аттай жүйелі,
Жалаңтөстей баһадүр,
Қожаберген жиені.
Арылып даусы мұңды үннен,
Қырандай самғап жырды ілген,
Үргеніш, Бұхара, Самарқанд,
Араб, парсы тіл білген,
Шуақ шашып өмірге,
Кеудесінен күн күлген,
«Жеті Жарғы» жазуда,
Жеті арыспен бір жүрген!
Биік таудай бек тұлғаң,
Көрінген сонау көк қырдан,
«Елім-айлап» ұлты үшін,
Дұшпан, жауын жоқ қылған,
Қалың қазақ жұрты үшін,
Тұла бойы от тұнған,
Он үш жаста бақ дарып,
Ақындыққа бет бұрған.
«Елім-ай» ғой астанам,
«Елім-ай» ғой асқақ ән.
Қазағыма тірелер,
Бар әулетім баспанам.
Киелі ғой бұл өнер,
Шектен шығып аспаған,
Текті атаның ұрпағы,
«Ата тектен» бастаған.
304
Қожаберген жырау – 350
Өмір ғой көздің ұшында,
Ұшырған жырмен құсын да,
Сан тараулы тағдырдың,
Қақаған қарлы қысында,
Тіршіліктің тұңғиық,
Аударып ішкі тысында.
Елдестірер елші боп,
Әз Тәуке хан тұсында!
Әз Тәуке хан қасында,
Айналып от жасынға,
Бар қазақтың салмағы,
Бір өзінің басында.
Не дер жүйрік жырауға,
Не дер қазақ асылға,
Ордабасы бола алған,
Жиырма бестей жасында!
Әз Тәукеден қол алған,
Қаймықпай дауыл, бораннан,
Қоқан, Хиуа, Бұхара,
Елшіліктен оралған.
Қолдағасын жақсылар,
Бойында асқақ мол арман,
Сол жиырма бес жасында,
Бас қолбасшы бола алған!
Сол қолбасшы, сол бабам,
Қолдау тауып ордадан,
Қырып-жойып жоңғарды,
Туған жұртын қорғаған.
Батыр болды еліне
Бір құдайым қолдаған,
«Ұстазым» атты толғауда,
Бұқар жырау толғаған.
Күн мен айлы аспанын,
Шомылдырып жас жанын,
305
Қожаберген жырау – 350
Өлшеулі бір өмір ғой,
Өте де шығар қас-қағым.
Туған елін таң қылып,
Алатаудай асқағым,
Тарихқа жазды мәңгілік,
«Жеті Жарғы» дастанын!
Қозғалыссыз тұрмады,
Тылсым үнді тыңдады,
Бұл өмірдің құпия,
Маза бермей жұмбағы,
Бір бақыты – батыр боп,
Жырау болды бір бағы,
«Алқакөлді сұлама»,
«Елім-айлап» жырлады.
Жауларынан саспады,
Дұшпанға сыр ашпады,
Алға түскен жоңғардың
Қаза болды қашқаны.
Жастай батыр атанып,
Жауын жерге жастады.
«Баба тілі» дастанын
Атажұрттан бастады.
Ақын боп жырмен ашылдық,
Батыр боп жауға ашындық,
Еліміз аман жұрт тыныш,
Жауларды жеңіп басылдық,
Аллам қолдап тәңірім,
Жаратқасын асыл ғып,
Толыбайұлы осылай,
Жырлады жырды ғасырлық.
Баба жолын із білді,
Тағдырды ащы тұз білді,
Арпалысты тағдырмен,
Жауға бермей тізгінді.
20-254
306
Қожаберген жырау – 350
Бір құдірет батырлық,
Бір құдірет сөз білді,
Ел намысын сақтаумен
«Гүлтөбеде» көз жұмды.
Көз жұмса да көкке енер,
Тарту еткен көпке өнер,
Ат үстінде күн кешіп,
Қанын ел деп төккен ер,
Жаңғырығып даламыз,
Үні бізге жеткен ер,
Несін айта берейін,
Қожаберген бабамыз –
«Елім-айлап» деп өткен ер!..
«ЕЛІМ-АЙЫМ» СЕНІҢ АРҚАҢ...
«Елім-айда» тәуелсіздік үні жатты,
Жүректерге запыран мұңы батты,
Болашағы ертеңге сенімменен,
Балбұлақтар, өзендер күліп ақты.
«Елім-ай» бостандықтың арманы еді,
Қазаққа үміт отын жалғап еді,
Аққу-қазы, қыраны қанат қағып,
Құстары келешекке самғап еді.
«Елім-ай» тәуелсіздік үміті еді,
Төбесіне төнген мұң бұлыт еді,
Азаттықты армандап, ай-күнімен,
Қазақтың жұлдыз тұнған ұлы көгі.
«Елім-айлап» күресті бар қазағым,
Тауқыметті тағдыр да салды азабын,
307
Қожаберген жырау – 350
Ерлері басын тігіп күресті елім,
Азаттығын күткендей таңғы азанын.
Алатаудың шыңынан ар көрінді,
Қайғы басқан қашаннан зарлы өмірді,
Желтоқсанның желі де «Елім-айлап»,
«Елім-айлап» қазағым қан төгілді.
Келешекке бүгінім сенім артқан,
Берекелі қазақтың елі дархан,
Тәуелсіздік күн туды Алатаудан,
Бәрі де «Елім-айым» сенің арқаң!..
Жүзді бұлттай керуен көші бірге,
Бет бұрып қолын берер досы кімге?
Тәуелсіз туым көкке желбіреген,
«Елім-айым» жеткізді осы күнге!
«Елім» деп ұран солай тастала ма?
Қозғаусыз ұлы көшім бастала ма?!
Ұлтына ұлы жырау «Елім-айлап»
Жеткізді ақордалы Астанама!..
Шөмішбай САРИЕВ
ДАУЫЛПАЗ ЖЫРАУ –
ҚОЖАБЕРГЕН
Ақберені, абызы алты Алаштың,
Куәсісің қаншама жанталастың...
Ел мүддесін қорғаумен өмір бойы
Ішкі-сыртқы жаулармен тайталастың.
Көшебенің тұңғышы ақыл қонған,
Арғы атаң – Жауынгер батыр болған.
308
Қожаберген жырау – 350
Темірланның талай жыл қолын бастап,
Әмірменен пікірлес, жақын болған.
Түпнағашың айбары көк тіреген,
Ордабасы Жалаңтөс көпті көрген,
Үзеңгілес баһадүр Дәулен атаң,
Жамал қызды алыпты текті жерден.
Әкең – сыншы Толыбай аты шыққан,
Дос сүйініп, атынан қасы ыққан.
Майлы шешен, Қарабас тархандардың,
Інісісің тәлімін жақсы ұққан.
Самарқанд пен Бұхара, Үргеніште,
Алған білім жатпады бұғып іште.
Ақ былғары бетіне сен хаттаған,
«Жеті Жарғы» – ата заң енді күшке.
Араб, парсы, шағатай тілдеріне
Жетік болып, мың шүкір білгеніңе.
Тәуке ханның атынан шет елдермен,
Елшілікке жарады жүргеніңе.
Ерліктерің көрсеткен майдандағы,
Жаудың талай жоспарын талқандады.
Бата беріп Әз Тәуке, Әнет баба,
Ордабасы көтеріп ел сайлады.
Жиырма үш жыл үш жүздің қолын бастап,
Аттан түспей жүріпсің жоғын жоқтап.
Ер Бөгенбай, Бақсары, Жәнібектер,
Тәлім алды шәкірттік жолын сақтап.
Жас келгенде беріліп терең ойға,
Ықыласың ауыпты Бөгенбайға.
Тәуке ханға мән-жайды түсіндіріп,
Орныңа сайлаттың құрылтайда.
309
Қожаберген жырау – 350
Сардарлықтан қолыңды үзген шақта
Шора болып сайландың керей-уаққа.
Елді шашау шығармай уысыңнан,
Есен-аман тапсырдың ер Асқапқа.
Тәуке өліп үш жүзді біріктірген,
Төрелердің ішіне бүлік кірген.
Хан болуға лайықты Қайып сұлтан,
Аңға шығып ажалын іліктірген.
Уақыт күтіп тұрмайды, зымырайды,
Басы піспей төрелер қыңырайды.
Бірін-бірі ұқпастан би, сұлтандар,
Қазақ қайта бөлініп ыдырайды.
Бөліп, билік құруды олжа көрген,
Әйтеке би без деді төрелерден.
Қауіп-қатер төнерін болжап айтқан
Әйтекені қолдады Қожаберген.
Мансап қуған үш жүздің шонжарлары
Би сөзіне елітіп толғанбады.
Төрелерді жиында ашық қолдап,
Батыр көсем қарадан сайланбады.
Ұлы жүзге Жолбарыс хан сайланып,
Күн-түн демей жатыпты той тойланып.
«Қамдан» деген ақылын Төле бидің
Ой жіберіп ұқпапты басы айналып.
Әйтеке би мезгілсіз қайтыс болып,
Кіші жүзге кетті ғой жайсыз соғып.
Бөгенбайдың қайнысы Әбілқайыр,
Әскербасы сайланды бақыт қонып.
Әбілмәмбет, Сәмеке сұмдық қылды,
Орта жүзді бөлшектеп билік құрды.
310
Қожаберген жырау – 350
Барақ, Қайып сұлтандар бас сауғалап,
Хонтайшымен құда боп құлдық ұрды.
Тоз-тоз болған береке қашып елден,
Жау қаптады әйелше шашын өрген.
Қайран болмай үш жүзге төрелерден,
Көріпкел би болжамы анық келген.
Орыс, қытай елдері құлақ түріп,
Жансыздардан отырды сұрап-біліп.
Қару сатып ойратты айтақтады,
Қазақтардан өздері жырақ тұрып.
Батыс, шығыс елінің ұлықтары,
Жат қолымен «жемтігін» сұрыптады.
Ұлан-байтақ жері бар қазақтардың
Кетсе екен деп тіледі құрып бәрі.
Дініміз бір өзбектер қырын қарап,
Түрікпендер өшікті сұғын қадап.
Айырбасқа Хиуадан мылтық алып,
Қазақ жерін ойы бар жырымдамақ.
Жау жағадан алғанда көні кепкен,
Жармасады екен ғой бөрі етектен...
Қазақтарға Бұхара да қару сатпай,
Одан сайын жағдайы кері кеткен.
Жан-жағының бәрі де қастық ойлап,
Қалжыратты үш жүзді аштық жайлап.
Төрелерге сенгені бекер шығып,
Аңғал қазақ өкінді бармақ шайнап.
Жоңғар-қалмақ сығымдап екі тұстан,
Қазақтардың өкпесін еді қысқан.
От қаруға оқ шашқан төтеп бермей,
Арлы-берлі үдеріп ел ығысқан.
311
Қожаберген жырау – 350
Алакөлде тұтанған ұшқын лаулап,
Алты алаштың алады ырқын жаулап.
Тең жартысын қазақтың жалмап жұтқан,
Ақтабанға ұласты қырғын нәубат.
Тәрбиелеп Төле би «Сабалақты»,
Дұшпан көзден жасырды аманатты.
Ер жеткенде шәкіртін хан көтертіп,
Абылайды үш жүзге бағалатты.
Хан Абылай өзіңнен бата алған,
Тайдырмады қазақты ата жолдан.
Ордабасы тауында басын қосып,
Үш жүз қолы бірігіп атқа қонған.
Сардарлары үш жүздің қолды бастап,
Қарақалпақ, Ноғайлар ерді қоштап.
Жұдырықтай түйіліп сарбаздары,
Атой салып қалмақтың қолын шаппақ.
Қаламастан жау тізе батырғанын,
Намыс буды үш жүздің батырларын.
Әдіс-айла, қолданып жаңа тәсіл,
Рух берді жорыққа шақырғаның.
Өз отанын қорғауға көп күш салып,
Қазақ қолы кірісті белді жазып.
Қалмақ-жоңғар ығысып жерімізден,
Жарылқады Жаратқан елді ғаріп.
Сол дәуірдің өмірін көзбен көріп,
Аманаттап жеткіздің сөзбен өріп.
Төрелерді, орыстың саясатын
Сынаған соң келіппіз сенен «жеріп».
«Елім-айлап» ерсің ғой еңіреген,
Жырды оқып толғанам, тебіренем.
312
Қожаберген жырау – 350
Тілді білсе тәкаппар Байрон ақын,
Кетер еді дос болып сеніменен.
Жыраулардың, ұстазы батырлардың,
Сыйынатын пірісің ақындардың.
Әнші, күйші, шешенсің орақ тілді,
Жүзі жарқын сенімен жақындардың.
Санай берсем тағы да қырларың көп,
Шабыт қозып кетеді жырлағың кеп.
«Қолөнерші, шабандоз, сынықшы» деп,
Жұрт білген соң менсіз де, қумадым көп.
Сұлтандардан тілазар, орашолақ,
Баба тілді жүріпсің арашалап.
Ата текті қаузаған шежіреші,
Кім сенімен шендесіп, таласа алмақ?!
Елдің қамын ойлаған тарлан баба,
Кер заманға ұсындың бағдарлама.
Байыбына барады құндылықтың,
Өзің тектес дауылпаз жандар ғана.
Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара,
Әр шәкіртің өнерде шапты дара.
Абылайдың айыртіл ақылгөйі,
Бұқар жырау өзіңдей шықты дана.
Жастайынан ұстазын сыйлап өсті,
Тәліміңді бойына жинап өсті.
Өмір бойы өзіңді мақтан тұтып,
Үлгі етіп Алашқа жырға қосты.
Әр пендеге несібе тартылады,
Жүк ауыры нарларға артылады.
Тұлға болу жазылған пешенеге,
Азаматтар ел үшін қайғырады.
313
Қожаберген жырау – 350
Сенен алып өнеге хас дәстүрді,
Сегіз сері, Махамбет жалғастырды.
«Жеті Жарғы» – Қожаберген» қоры сенің
Өнегеңнің өшпесін қамдастырды.
Гомерменен иықтас данышпаным,
Құтты болсын ұлтыңмен табысқаның.
Алмас қылыш, қолыңа қалам ұстап,
Қазақ үшін барыңды қарыштадың.
Көз жеткіздік, ұғындық қадіріңді,
Өнегеңнің қалдырған бәрі құнды.
Өмір сүрген жалтақтап замананың,
Тәуелсіздік алған соң зәрі сынды.
Құтылғанбыз бүгінде бодандықтан,
Көтерілді еңсеміз, сана бұққан.
Жоғалтқанын іздеген қазақ елін
Алла енді сақтасын жамандықтан.
Шекарасын белгілеп еліміздің,
Әр пұшпағы қорғауда жеріміздің.
Салтанатты Астана Арқадағы,
Кие қонған айбыны төріміздің.
Ұлтымыздың рухынан ажар тайып,
Кетпеу үшін сананы тазартайық.
Қабылдатты мәдени бағдарлама
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев.
Терезені алғанбыз теңестіріп,
Енді бізге жүрмейді әбес қылық.
Бұрмаланған тарихты жөнге салып,
Алудамыз шындыққа үйлестіріп.
P.S. Ақсауыты кең байтақ даламыздың,
Аты өшпес дауылпаз бабамыздың.
314
Қожаберген жырау – 350
Тұрар әлі қасқайып ескерткіші,
Нақ төрінде ең басты қаламыздың!
* * *
Он жыл бойы соғысқа дайындалып,
Өршеленді жоңғарлар жанын салып.
Арқа сүйеп аш көзді көршілерге,
Жоймақ болды қазақты тауын шағып.
Ел аспаны қара бұлт жамылғанда,
Қандастары үдеріп сабылғанда,
Алдаспанға қаламын ұштап өскен,
Қарт жырауға дауылпаз дамыл бар ма?!
Қос ішектен зарлы күй төгіледі,
Қайран болмай қабырға сөгіледі.
Туған жерден еріксіз көшіп жатқан
«Елім-айлап» ел-жұрты егіледі.
Шау тартқанда қол бастар жастан өтіп,
Қайғы қосты қасірет бастан өтіп.
Қобыз алып қолына көргендерін,
Баба жырау жырлады дастан етіп.
Берекесін қашырған өрелі елдің,
Бетпердесін сыпырды төрелердің.
Тәлімдерін дәріптеп жырға қосты,
Қаз дауысты Қазыбек, Төлелердің.
Бос қайтқаны жіберген елшілердің,
Сатқындығы діні бір көршілердің,
Торға түскен арыстан кейпіндегі,
Зығырданын қайнатты есіл ердің.
Жыры болып халықтың, сыры болып,
Төгіледі қайғысы, мұңы болып.
315
Қожаберген жырау – 350
Жеке-жеке тоқталып тұлғаларға,
Шақырады бірлікке үні болып.
Жырыменен оятып бір ғасырды,
Қожаберген бабамыз бізге асырды.
Өлеңменен хатталып эпопея,
Жұмбағы көп дәуірдің сыры ашылды.
Кендебай АХАТ
Достарыңызбен бөлісу: |