Практикалық конференциялардың материалдары және ақындардың арнау өлеңдері мен жыр-дастандары енгізілген



Pdf көрінісі
бет20/22
Дата29.01.2017
өлшемі13,56 Mb.
#2961
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22

ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУДЫҢ 
СОҢҒЫ СӨЗІ
Лә иллаха илла Аллаһ,
Мұхаммад дүр расул Аллаһ!
Жебей көрші, Тәңірім,
Қолдай көрші, аруақ!...
  * * *
Азуын айға білеген,
Төбесі көкті тіреген,
Қарсы да келген қас жауын,
Ақ семсерімен іреген,
        Айбарлы жұртым Алашым!
Кеудесі тұнған жыр-өлең,
Алладан рахым тілеген,
Тамыры терең жайылған,
Өзегі мықты бір емен,
      Айдарлы жұртым Алашым!
Атырау – Алтай арасын,
Жетісу – Арқа даласын,

316
        Қожаберген жырау – 350
Найзаның қорғап ұшымен,
Жерұйық жердің саясын 
     Жайлаған жұртым Алашым!
Заманмен тауып жарасым,
Төмендетпеген бағасын,
Қанаты кеңге жайылып,
Қырандай бейне тау асып, 
     Самғаған жұртым Алашым!
Қасиетті дінін сатпаған,
Құранның сөзін жаттаған,
Талайлы ғұмыр кешсе де,
Тамырлы тінін сақтаған, 
          Аллашыл жұртым Алашым!
Қырса да нәубет ұрпағын,
Өткеріп тағдыр бұлтаңын,
Күдіктен ойын арылтып,
Үмітпен күткен нұр-таңын,
              Тәубашыл жұртым Алашым!
Қастерлі Атамекенім,
Қатерлі еді-ау кешегің.
Азаттығыңды айғақтап,
Түнектің түрші етегін, 
       Арналы жұртым Алашым!
Еңсеңді тіктеп, көтеріл,
Елім деп өтсін өсер ұл,
Бабадан қалған мұраның,
Қасиетіне жете біл, 
      Ордалы жұртым Алашым!
                 ***
Қазақтығым – қанымда,
Алпыс екі тамырда.

317
Қожаберген жырау – 350
«Елім-ай» деп егілдім,
Жөнімді айтып қауымға.
Байлығым да, барым да,
Азаттығым – жанымда.
...Туған жерге ту тігер,
Туар әлі нар ұлдар!
«ЕЛІМ-АЙ» ДЕП ӨТКЕН ЕР
«Алла өзі алсын бізді панасына...»
Қожаберген жырау
Запыран құсқан заманның зарын айтатын,
Сұрапыл едің өзегі – өрт, жаны – мәрт ақын.
Ақ сауыт киіп ақ найза түйредің жауға,
Бостандық үшін күрескен сәруар хакім.
Тамыры текті бекзатым, асыл да туған,
Жүрегі түкті, санасы ақылға тұнған.
Шерлі де мұңлы зор дауысың «Елім-айлаған»,
Жетеді бізге жаңғырып ғапыл ғасырдан.
Қаламның ұшын қайғы мен құсаға малып,
Ілім іздедің Самарқанд, Бұхара барып.
Қараша үйден қара үзіп, қатардан оздың,
Тілекшің болып әманда бұқара халық.
Сусындап Шығыс өлкенің шайырларынан,
Жүректі қозғап, ұсындың қауымға жыр-ән.
Сөз бастап, бірде қол бастап атойлап шықтың,
Даланың ғана заңына бағынған ұлан.
Батырлық рухтың тамырлас, жалғасы болған,
Баһадүрім-ай, тарихта таңбасы қалған.

318
        Қожаберген жырау – 350
Сен шерткен шерлі жыр-қисса, шежіре-дастан,
Құйылған сынды батпандай қорғасын ойдан.
Қазақы қаның туласа арман мен кектен,
Азаттық үшін алыстың жаулармен де өктем.
Қалың ел сеніп, өзіңді қолбасшы сайлап,
Құлағын тосқан сөзіңе хандар мен бектер.
Қайран да қазақ шұбырып «Ақтабанда» да,
Тап болған шақта жалаңаш, аш заманға да.
Керуен де керуен жұртыңа жұбаныш тілеп, 
Мінәжат айттың күні-түн Жаппар Аллаға.
Тілім де тілім боп кеткен тіліңді ойлап,
Дендеген шақта кәпірлер дініңді бойлап,
Алысып өттің арысым жауларыңменен,
Қызыңды күң қып, әкеткен ұлыңды байлап.
Балуан бабам жауырыны жер иіскемеген,
Жігері мығым намыс пен жеңіске деген.
Білектің күшін ақыл имен иманға байлап,
Құранның сөзін құп алып, терістемеген.
Сен туған өлке құнарлы, қарағайлы орман,
Қызылжар маңын шұрайлы жағалай қонған.
Қалың қол жиып қайыспас толағайлардан,
Қорғадың ел мен жеріңді қомағайлардан.
Тегіңнен тартып санаңа тағылым қонған,
Қазығын қаққан ордаға абызым болған.
Өзіңдей нағыз ұстаздың жанына еріп,
Үмбетей менен Бұқарлар тәліміңді алған.
«Елім-ай» жырың қаралы тарихым менің,
Алаштың қайрап намысын, жанитын кегін.
Өзіңдей дана ғалымның хаты болмаса,
Жылдардың зұлмат түр-түсін танитын ба едім?!

319
Қожаберген жырау – 350
* * *
...Елім деп өткен есіл ер, жерім деп өткен,
Намысын елдің қайрадың сөзіңмен өктем.
Қанқұйлы ғасыр дастаны –  «Елім-ай» жырың, 
Кітап боп қалың тұр енді төрімде көптен.
Оқысам кейде жырыңды жасындай бабам,
Ұйып тыңдайды әр сөзін асылдай балам.
Сәл ойға шомып, мақтанып, дейді ұлым маған:
– Өскенде мен де 
Ер Қожаберген батырдай болам!..
Алмат  ИСАДІЛ
 ҚОЖАБЕРГЕН БАБА РУХЫНА
«Қожаберген ғаділ ер,
Қадірін білген қалың ел.
Бөгенбайдай батырға
Билігін берген ардагер.
Қожекеме Бөгенбай
Шәкірт болған жан еді.
Сайлатқан оны ұстазым,
Қарадан шыққан хан еді».
          Бұқар жырау.  «Ғаділ ер»
Халықтың сөнер болса шамшырағы,
Тарих та көз жасына малшынады.
Басына туған елдің күн туғанда
Қарадан халқын сүйген хан шығады.
Шер тұнып домбыраның шанағында,
Батқанда қасіреттен дала мұңға,

320
        Қожаберген жырау – 350
Қолбасшы, сардарбегі – Қожаберген,
Қазаққа тұтқа болған заманында.
Астарлы ақиқаты ашылмаған,
Жоңғардан жапа шеккен ғасырда алаң,
Шындықты шырқыраған шежіре етті 
Ғаділ ер – Қожаберген, асыл бабам!
«Алқакөл сұлама» күн елестеді,
Басынан бұл қазақтың не көшпеді?
Жұртымыз жылағанда «Елім-айлап»,
Жұбатқан Қожаберген емес пе еді? 
Тұс-тұстан ата дұшпан анталаған,
Үмітін үш жүзімнің балталаған.
«Елім-ай» – қиын күндер дерегі ғой
Халқымның қайғы-шерін арқалаған.
Қайғырса «Елім-айлап» жылап алып,
Қайралып, қайта көшкен бұла халық.
Тарпаң жыр, 
Тархан ғұмыр тарих сырын
Тұмардай еске салып тұрары анық.
Қалмақтар қанға малып кең өлкесін,
Көшкен жұрт жау көргенде көлеңкесін.
Қайтпас ер, қажымас нар – Қожаберген
Көтерген жасын жырмен ел еңсесін. 
Жанарын ыстық жасқа бұлауменен,
Босқан ел жанға сауға сұрауменен.
Баталы Бұқар бабам сол заманда:
«Ұстазым – Қожаберген жырау», – деген. 
Танылып заңға жүйрік кемел жері,
Ел үшін маңызды істе еленді ері.
Әз Тәуке «Жеті Жарғы» заң жаздырған,
Даланың дархан ойлы кемеңгері.

321
Қожаберген жырау – 350
Көгерткен көрікті оймен көсегені,
Қазақтың Қожаберген көшелі ері.
Билерден беделімен басым түсіп,
Абылайға ақыл айтқан көсем еді.
Қалардай қарсы келсе қаймығып хан,
Ақберен ақын ел деп қайғы жұтқан.
Үмбетей, Ақтамберді, Тәтіқара,
Өр жырын бабамыздың үлгі тұтқан.
Бөгенбай, Көшек батыр, Асқан, Жабай,
Ақпанбет, Жайнақ жаудан жасқанбады-ай.
Болған соң пірі олардың Қожаберген,
Қала ма батыр рухы аспандамай.
Бесігін «бозым-айлап» тербеткенмен,
Қайран ел үміт күткен жөргекті ерден.
Қазақтың арғы-бергі бар тарихы,
«Елім-ай» дастанында өрнектелген.
Бірлікті айнымайтын мұрат қылып,
Басынан күйкі мұңды лақтырып,
Бабаның өзі айтады өз жайында,
Байқасаң әр  сөзіне құлақ түріп:
«...Атанған бабам Ғали Ашамайлы,
Өсірген мыңдап тайлақ, құлын-тайды.
Сібірге ұрпақтары қоныстанып,
Ел болып ерте кезден қанат жайды.
Мекендеп Тобыл, Ертіс екі арасын,
Қазақтың күйге бөлеп ен даласын,
Сауықшыл орта жүздің керейі едік,
Үш жүздің жат көрмеген еш баласын».
«...Арғы атам – ту ұстаған ер Көшебе,
Қай батыр тең келіпті Көшебеге,
21-254

322
        Қожаберген жырау – 350
Қазақтың кейінгі жас батырлары,
Жұрт ұстап, Көшебедей меңгере ме?»
«...Атыма көптен қанық қазақ, ноғай,
Есімім – Қожаберген, әкем – Толыбай.
Бөгенбайдан бұрынғы ордабасы ем,
Үш жүзде сардар болған қалың қолға-ай».
«...Қалмақтың қамалдарын бұзған талай,
Әз Тәуке тұсындағы қолбасы едім.
Кейінгі ақындарға нұсқа айтқан,
Қазақтың аға жырау жорғасы едім».
Жайылған сахараға күллі атағы,
Жампозым осылай деп тіл қатады.
Жылдардың желкенімен жеткен үні
Көз жасын жылағанның құрғатады.
Тұлпарды тани білген жүрісінен,
Қарт бабам – қазыналы ырысым ең.
Дауылпаз ақын да өзің, батырда өзің,
Қаламын тең ұстаған қылышымен.
Ел үшін басты тігіп бір өлімге,
Түн қатқан талай жылдар сүреңінде.
Ұрпақтың қамын жеген ұлы бабам,
Халқыңның мәңгі қалдың жүрегінде.

323
Қожаберген жырау – 350
 ЕЛІМ-АЙ
(Қожаберген жырауша)
Басынан Қаратаудың көш келеді,
Сұлама, зарлы күндер сес береді.
Жан баба, ұрпағыңның әз басынан,
Тамұқтай талай зұлмат көшкен еді.
Қапыда құнттамаған ештеңені,
Қазаққа ақиқат сыр кеш келеді.
Тарихын жирен орыс бұрып жазып,
Тағдырын тағы да орыс  шешкен еді.
Жан баба, сөге көрме  ұрпағыңды,
Демеймін қасіреттен жұрт арылды.
Аспан көз, аузы түкті шегір көршің
Діңкесін ұрпағыңның құрта білді.
Көргеннен көп екен-ау көрмегенім,
Мұңдансам  «Елім-ай» деп шерленемін.
Кеткен соң қолдан билік, бастан ерік,
Қалайша дүниені кең көремін?
Бабаның сөзі бізге ем болмады,
Қаймана қазақ кімге жем болмады?
Жиырмасыншы ғасырдың алапаты
Жоңғардың шапқынынан кем болмады.
Бәлшебек, қайыс белбеу бастық болды,
Амалы ел қырудың аштық болды.
Тарыдай тентіретіп, тұздай құртып,
Қазаққа ойлағаны қастық болды.
Ол заман, ажал аран ашқан заман,
Тіреліп тығырыққа сасқан заман.

324
        Қожаберген жырау – 350
Аштық пен зобалаңның құрығынан
Шұбырып, шекара асып қашқан заман.
Соңынан соғыс келді, неміс келді,
Көп қала жермен-жексен тегістелді.
Айырылып талай қыршын боздағынан,
Зардабын жалпақ қазақ тегіс көрді.
Артынан атом деген бәле келген,
Алыстай қоймады ғой әлек елден.
Даламды айналдырып полигонға,
Қырғынды қыр қазағы және көрген.
Көп өтпей заман келді орыстанған,
Өтірік айла тауып болысқаннан. 
Тың игеру дегенді желеу етіп,
Арқаға мыңдап орыс қоныстанған.
Асығыс қырға қонған құмарланып,
Орыстың саясатын ұға алмадық.
Әліптің артын бақпай ана тілім,
Әп-сәтте шыға келді шұбарланып.
Жан баба, жырлап едің баба тілін,
Тілдің де қайырылды қанаты мың.
Өз елім, өз жерімде әлі күнге,
Өгейдей жаутаңдайды ана тілім.
Бұл күнде азат елміз егеменді,
Тәуелсіз ел деген сөз шегеленді.
Өз қолым өз аузыма жете бере,
Жемқорлық деген пәле ере келді.
Адалдық, асқақ мұрат тәмам болды,
Пиғылы шенеуніктің жаман болды.
Ақырзаман таяу ма деп қорқамын,
Қара қытай қаптаған заман болды.

325
Қожаберген жырау – 350
Төсінен Сарыарқаның көш келеді,
Тайлағы құр бақырып бос келеді.
Алдыңды көре алмаған жаман екен,
Екі көзден еріксіз жас келеді.
ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУДЫҢ  
АСҚАП БАТЫРҒА АЙТҚАНЫ            
Тебінгі теуіп түн қатқан,
Терлігін ерде құрғатқан,
Қасқая шауып қиырдан,
Көк Тәңіріге үн қатқан.
Еңку-еңку еңсерген,
Ер үстінде теңселген,
Еркіндікті еп көрген,
Еңселі жұртын сеп көрген,
Бас асау бабаң басынан,
Дүрия дәурен өткерген.
Сен сол тектінің тұяғы
Бүгінге Тәңірі жеткерген.
Ереуілдей жасанып,
Қарауылдай қасарып, 
Елдің мұңын мұңдадың,
Қалмақты қырмай тынбадың.
Мақтан етсе жарайды ел,
Өзіңдей асыл ұлдарын.
Атыңды ел деп арыттың
Алашқа ісің таныттың.
Атаның ғана ұлы емес,
Ардағысың халықтың. 
Атамыз біздің Ғұн еді,
Ашина тауда түнеді.

326
        Қожаберген жырау – 350
Құртқа анамыз демеген,
Ұмай анамыз жебеген,
Көкбөрі киең түзіліп,
Үйіркөктен үзіліп,
Абадан шыққан арланнан,
Қияға қарап қамданған,
Ердің сойы сен дедім,
Азаттықтың жолында
Жана берсін еңбегің.
Аман болсын өзіңдей,
Бөрі текті ерлерім.
Темірғали КӨПБАЕВ
    БАС САРДАР
(Қожаберген жырауға)                        
Батыр десем, жауға түскен салмағы,
Түмен-түмен қол төңкерген арланы.
Ширек ғасыр жоңғарменен соғыста
Қол бастаған қазақтың бас сардары!
Жырау десем, биік қойған мұратын,
Таңдайынан дауылды сөз туатын.
Отты жырын тыңдағанда сарбаздар,
Жалау тіктеп «жау қайдалап» шығатын.
Күйші десем, жорықтарда түн қатып,
Келген абыз сақалына мұз қатып.
«Елім-ай» боп төгіледі пернеден,
Домбыраның тұла бойын сыздатып.
Дана десем, асу бермес асқарым,
Тарихынан сыр шертеді тастағы үн.

327
Қожаберген жырау – 350
Тәуке ханның жарғыларын жасасып,
Жазып кеткен «Жеті Жарғы» дастанын.
Елші десем, хандықтардың санасын
Билей білген ерді қайдан табасың?
Парасатпен елдестірген сол қазақ
Түрікмен, Парсы, Хиуа, Қоқан арасын.
Діндар десем, Алла деуден танбаған,
Араб, парсы тілдерінде сарнаған.
Шариғаттың шамын іздеп шарқ ұрып,
Самарқанд мен Бұхараны шарлаған.
Ұстаз десем, айналаға жөн айтқан,
Асыл құны ат көтермес сөз айтқан.
Тәтіқара, Үмбетейлер үлгі алып,
Бұқар жырау «Ұстазым» деп өзі айтқан.
Асыл текті Қожаберген ер бабаң,
Өр тұлғасын уақыт өзі сомдаған.
Ей, қазағым, сол жыраудың тілімен
«Елім-ай» боп төгіліп ед шер-налаң.
Енді, қазір сол хас батыр хақында
Айтар наз көп алабүйрек ғасырға.
Жасықтарды алмастырып шатастық
Ақ алмастай жарқылдаған асылға.
Қайран бабам..., 
Езді бүгін ер қылды,
Құл-құтанның сөйлер жерін төр қылды.
Көлеңкеде қалмау үшін мәстектер,
Алыптардың атағына тор құрды.
Бодандыққа бой үйреткен бор кемік
«Елім» деген ердің сөзін қор қылды.
Төрт ғасырдан бері қарай қазақтың,
Көкірегінде аунақшыған сол жырды,

328
        Қожаберген жырау – 350
Көбесінен сөккісі кеп біреулер,
Төбесіне қарға-құзғын қондырды.
Айтпайды олар Бөгенбайға қалдырған,
Хан тағынан кем соқпайтын орныңды.
Қайран қазақ!
Самға, талма, көкті кез,
Қайда сол бір хас қыраның отты көз?!
«Елім-ай» деп өткен есіл бабамды
«Ерім-ай» деп еске алатын жетті кез!
           
ШЕРЛІ ТАРИХ ДАСТАНЫ
Қалмақтар аса жауыз жыртқыш тектес,
Қорлығы ол сұмдардың естен кетпес.
Қожаберген жыраудың 
«Елім-ай» шерлі дастанынан.
Айқасқанда алмас қылыш суырып,
Шайқасқанда жау тізесі бүгіліп,
Садақ жақты жырау шығып келеді,
Қан майданның ортасынан жырылып.
Шоңдарына шоқпар сілтеп келеді,
Нарларларына найза түйреп келеді.
Қолмен бұрап қоңтайшының айдарын,
Қалғанына қамшы үйіріп келеді.
Қаһарына мініп алған қарт жырау,
Келе жатыр, сақал, қасы ақ қырау.
«Қалмақтарға орыс, қытай болысып»,
Қазақтарды шауып жатқан шақ мынау!

329
Қожаберген жырау – 350
Қыз-қатынды жауға олжа ғып бөлдіртсең,
Жер бетінде одан өткен қорлық кем.
Ел қайғысы езіп келеді еңсесін,
Маңдайына удан да ащы сор біткен.
Айырылып мыңғырған мал, түліктен,
Қанша қазақ мекенінен үріккен.
Бір жағынан қоқаңдайды қоқандар,
Түн ұйқысын төртке бөліп түрікпен.
Сонда-дағы ел намысын ту қылып,
Жауға шапқан ердің жайын жыр қылып.
Естен кетпес сұм зұлматты сол жырау,
Қыл қобыздың шанағына сіңдіріп,
Күңірене жырлап кеткен дейді жұрт,
Көзбен көріп, кеудесіне тұндырып,
Көкірегін жанартаудай кернепті,
Шерлі күннің шежіресі булығып.
«Елім-ай» боп жетті бізге тарих,
Шыңыраудан шыққан үндей шыңғырып.
Баға жетпес жәдігерің сол болар,
Болшаққа алам десең үшін үлгі қып.
Ерлерім-ай айтқан сөзі серт болар,
Бұдан өткен қандай асыл, тек болар!
Ұрпағымыз жылап жүрмесе екен деп,
Көз жасымен дастан жазып кетті олар.
Сол дастанда бабалардың серті бар,
Сол дастанда жүректегі өрті бар.
«Елім-айды» тыңдап өскен анадан,
Елін ойлап еңірейтін ер туар.
Бір кездері басымыздан озған бақ,
Қайта оралды, енді қандай сөз болмақ?!
Ел болуым ертегі боп қалар ма ед,
«Елім-ай» деп боздамаса сол боздақ?!

330
        Қожаберген жырау – 350
БОСТАНДЫҚ КӨШІ
Исі алаштың арманы болып,
Ғасырлап күткен азат күн.
Талайын естен шығарғаны рас,
Қаймана көрген азаптың.
Алайда, бүгін мен саған арнап,
Салмағы жерей сөз айтам,
Қазақстаным – жер бетіндегі
Жалғыз Отаны қазақтың!
Буынсыз тілім бұралаңдамай,
Жүректе жатқан сөзімі айт.
Шет жақта жүріп, шет қақпай көріп,
Шерменде болған кезімді айт.
Өз елімде де өзгеден төмен,
Өмір кешетін өзімді айт.
Сырт жақта әлі жаутаңдап жүрген,
Қандасым – қара көзімді айт.
Іледей жөңкіп, Ертістей толқып
Ағарын жалғап қоса алмай,
Көкірегіндегі сағыныш толы,
Буырқанып жатқан сезімді айт.
Сан ғасырлардан әлі бітпестен,
Сарпалдаңға оны салған көш,
Қапыда жауы, қара нарының
Бұйдасын кесіп алған көш.
Белдің астында ботасы боздап,
Жете алмай әлі жүр неге?
Бостандық іздеп, көңілді зары,
Көзінің жасы тамған көш.
Азаттық үнін естігенде алғаш
Сәждеге кетіп көшеде,
Еңкілдеп жылап, еңіреп жеткен,
Халифа атамнан қалған көш!
Кеңсірігімді самалға тосып,
Сағынышқа удай ашыттым,

331
Қожаберген жырау – 350
Дүрия киген дүние жалған,
Көңілімді неге жасыттың?!
Алпыс да екі тамырымның қанын,
Тықыршыттым да тұлпардай,
Туым қадалған тұғырлы мекен,
Өзіңе қарай тасыттым.
Алламның салған махаббаты бар
Жұдырықтай мына жүректе,
Қоңыр таулардай қойыны жұмбақ,
Қоңыр қазаққа ғашықпын!
Сүйемін, сөйтіп...
Қайғысын көрем не түрлі,
Һәм көрем сенің өзгеге кеткен өшіңді.
Зобалаң жылдар
Даладай дархан көңілімен,
Бауырыңа басып өсірдің кірме, жетімді.
Қайран Отаным, қазағың неге шетте жүр
Кенесарының кесілген басы секілді?
Алай да дүлей ұйтқиды дауыл ішімде,
Бәрібір айтам, сен түсін, мейлі түсінбе.
Әй, неге рас батырларымның басы жоқ,
Оспанның бассыз денесін көрем түсімде.
Бассыз халықты басынбайтұғын жан бар ма,
Бес күндік жалған өтер-кетер арманда.
Ертеңің үшін еңіреп туар ұлдардың,
Езіледі ішің елдің сыртында қалғанға!
Тас қамалдарда талауға түскен тағдыры,
Көп елдің әлі көкейде жатыр зар-мұңы.
Босағаң төрдей бостандық желі аңқыған,
Бейопа күннің бостандық екен бар құны!
Амандығыңды Алладан сұрар ағайын,
Қазақстаным – бүкіл қазақтың жалғызы!
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

332
        Қожаберген жырау – 350
ҒАСЫРЛАР ҚОЛАМТАСЫНАН 
ЖЕТКЕН РУХ
(Қожаберген баба рухына)
«Көк темір көсеу арқалап», 
Күндік жол басқан күлікпен,
Толағай жартас жастанып тыныштығымды іріткен.
Қыл құйрығын тұлпардың адырна басы байлаған,
Қазақтың қанын жемі етіп жантықтан нөкер сайлаған.
Жер түбі кеткен Ерлердің желкілдеп туы келгенше,
Көр түбі кеткен Ерлердің қырық шырағы сөнгенше.
Алатауымды арбаған,
Қаратауымды қандаған.
Көкірек толы шерімді көметұғын жер таппай,
Шер құрсаған жанымды жуатұғын көл таппай.
Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Қазақ қанына құмар күн!
(Сен әкелген қайғыны ұмытпаған шығармын...)
«Есілдің бойы ен тоғай...»
Елім тозған кезінде,
Ел басына ауыр күн қолын созған кезінде.
«Елім-айлап» сен шықтың ата рухы дем беріп,
Аңырақай бойына аңыраған толды өлік.
Атаңа нәлет қалмақтың қабандай белін сындырып,
Ит жемейтін сұм басын иір найзаға ілдіріп.
Итішпестің айдынын қызыл қанға шомдырып,
Баянтаудың сай-қырын жат сүйекке көмдіріп.
Жатындасын түгендеп,
Қол бастаған түмендеп,
Бөрібас ту көтеріп жауға шапқан сүрендеп.
Таспиықтай түгендеп, саусақ бүгіп санадым,
(Сендей ердің даңқына зәру еді дала бұл...)

333
Қожаберген жырау – 350
Аспандағы жарық Ай айбын берді жолыңа,
Қуат берді қолыңа.
Үйде қалған есті ару есікте белін байлады,
Түзде қалған төсті ару бесікте қолын байлады.
Қошқар мүйіз құба тау – 
Қылыш бауыр мына тау,
Қарашада қар түспей қырау түссе деп күтті,
Сені аңдыған дұшпанға бұрау түссе деп күтті.
Жол бастадың түнімен,
Қол бастадың күнімен,
Айқайыңнан дұшпанның берекесі іріген.
Сен, сен болдың, сен болдың,
Еңіреген ер болдың.
Еңіреген сертіңнің арқасында ел болдым!
Бұлақ едім – көл болдым, 
Тәңірінің сынар шағында тау көшірген ер болдым,
Мен, мен болдым, мен болдым!..
(Сонау жылдар қайғысын бәлкім біреу ескермес),
Түйсігімде қалды ұзақ, жебе сеуіп өткен кеш...
.............................
Өткен заман ізіне қарап тұрмын тістеніп,
Әрбір тамшы қаныңнан мың қызғалдақ ұшты өніп,
Сендер берген ұлы рух сенім болып тұр, әне,
Байтақ Қазақ еліне ескірмейтін күш болып...
Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ
ҚОЖАБЕРГЕН
Қара түнді қақ айырған жебесі
Баһадүрді ұмыттық біз неге осы?
Қазақ жерін қорғапты Ол, 
Қан саулап,
Қара жерге көмілгенше денесі.

334
        Қожаберген жырау – 350
Аямапты аяр жауын, дұшпанын,
Ен даланың жастаныпты пұшпағын.
Қоғалы көл, қом суларды жырлапты
Көңілінің шаңқылдатып құстарын.
Сақтай сардар бес қаруын қолға алса,
Сап түзепті салуалы қол орманша.
Шақырыпты жекпе-жекке ұран сап,
Атылыпты айқасқанда көкжалша!
Түнергенде қабағы пәс күрең шақ,
Жау ішіне кіріпті өзі түрен сап.
...Тұяғынан түз сілкінген күрең ат
Балуан бел бабаларды жүр аңсап!..
Кісінейді түгі түлеп, тұлпарым,
Дауысынан керуен көшіп мың сағым.
Ер Бабаның, 
Неге мына жануар,
Танымайды ұрпағының ұрпағын?!..
Осыны ойлап құса құштым, дерт іштім,
Әй, дүние-ай, көзді арбайтын көркі ұшқын.
Сом бабаны ұмытуға бола ма,
Өзің айтшы, ей, өр толқыны Ертістің?!
Қасіреті қара тастай, батпандай,
Ойлан, Алаш! Ол өткерген шақ қандай?!
Архивтерден әлі-ақ аршып алар деп,
Баба рухы бізді күтіп жатқандай!..

335
Қожаберген жырау – 350
АМАНАТ
Жас келіп көздеріне мөлт-мөлт етіп,
Қарайды таудың тарғыл тастарына.
«Елім-ай» дастанынан
Буырқанған жай отындай бұлт ішінен, 
Айбынды ой, айбарлы сөз – ғұрпы шүлен,
Сен неге жатсың үнсіз әлі күнге,
Бағзы жыр бабалардың рухы сіңген?!
Қу қонған қиқулы көл, құмыл далам,
Қазақ па, қасиетіңді ұғынбаған.
Оқысам, өзен ұлып өзегімде,
Көз жасым ақ парақта шымырлаған...
Ол айтса, мақұлдапты ұлық пәндең,
«Бар ғой, – деп, – көкіректе тұнық сәулең».
Өткен күн бізді сірә, ұмытар ма, 
Өткенді өскін ұрпақ ұмытқанмен?!
Ұмыттық, уа, Жаратқан, тағы нені?
(Әр қазақ – бір-біріне бауыр еді).
Басынан қаралы көш шұбап көшкен, 
Қаратау, қайғың неткен ауыр еді?!
Ия, рас, сенің қайғың – менің қайғым...
Тұр аман, шүкір, тәуба, көгімде Ай, Күн.
Әйткенмен, «Елім-ай» деп еңіреген,
Ұғамыз ер бабаның сөзін қай күн?!
Ұстатпай шылбырынан дәуір-қашқын,
Тар заман – тасын бастың, тауын да астың.
«Өз басын ойласа тек Ер дегенің,
Көз жасы кешіре ме Қарындастың?»

336
        Қожаберген жырау – 350
Дегендей жырау кейде қапалы үнмен...
(Боздайды боз беткейде боталы інген).
...Бейуақ Күн астында күңіреніп,
Қобыздың күйін тыңдап жатамын мен...
Алмадым одан артық үн қайтара,
(Ол сырын күнге айта ма, түнге айта ма?)
Тарихын танығысы келсе қазақ
Оқысын «Елім-айды» мың қайтара.
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет