Практикалық конференциялардың материалдары және ақындардың арнау өлеңдері мен жыр-дастандары енгізілген



Pdf көрінісі
бет21/22
Дата29.01.2017
өлшемі13,56 Mb.
#2961
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22

ЖАУ ШАПҚАНДА
«Тәуке хан қайтыс болған соң қазақ халқы 
бірлігінен айырыла бастады, алауыздық өршіді. 
Осыны пайдаланған жоңғарлар қазақ жеріне 
қапыда шабуыл жасады...»
«Қазақстан тарихы» оқулығынан 
Дей көрмеші «мынау нені қозғады»,
Жау шапқанда есімде ел тозғаны.
Алатауым ала бөтен дауыс сап,
Қаратауым қарс айырылып боздады.
Сабырымды өлеңіме сарқайын,
Сезінбесем жыр азабын тартайын.
Жау шапқанда Тарбағатай зарлады,
Күңіреніп, қайғы жұтты Алтайым.
Ұлытаудың қабырғасы сөгілді,
Балқашымнан қаншама жас төгілді.

337
Қожаберген жырау – 350
Қасыреттен далам жатты дал-дал боп,
Жоңғар шауып, бұлт құрсады көгімді.
Жау шапқанда түсті қанша шаңырақ,
Бірін-бірі ел жоқтауда аңырап.
Қауымдарым азар болды жамырап,
Ауылдарым мазар болды қаңырап.
Жау шапқан кез еске салар құйынды,
Қайтып айтам ұшқан бақыт, күйімді?
Жекпе-жектен тайсалмайтын ерлерім
Қапы қалып, тау-тау болып үйілді.
«Елім-айлап» шығарамын дауысымды,
Қапияда құдай атсын жау сұмды.
Аруларым аруаққа айналып,
Бесіктегі балам дағы шаншылды.
Жоңғар жауым қойнына тас тыққан,
Айдаһарға айналғандай қастықтан.
Қазақ қалай өз елінде бодан боп,
Қазақ неге көз жұмады аштықтан?!
Енді қалай болады екен тірлігің,
Туған елмен бірге еді ғой кіндігің.
Ынтымағым айрандай ед ұйыған,
Іркіттейін іріді ме бірлігім?!
Жау шапқанда тынысым да тарылды,
Кім ұрлады ырысым мен барымды?!
Ең болмаса бірлігімді қайтаршы,
Тыңда, құдай, «Елім-айды» – зарымды!
«Елім-ай, елім-ай...»
22-254

338
        Қожаберген жырау – 350
БАБА РУХЫМЕН СЫРЛАСУ
(Қожаберген Толыбайұлына)
Рухыңа бас иемін, тұғырлым-ау,
Ел қорғап сан сүрініп жығылдың-ау.
Мен сендей сом алтынның сынығымын,
Майданнан еш кем емес ғұмыр мынау.
О, бабам!
Ескерткішім – жыр, сарыным,
Төбемде баянды боп тұрса күнім.
«Елім-ай» жырыңдағы үніңмін – мен,
Қорғаған жеріңнің бір жусанымын.
Жау шапса жер апшысын қуырғандай,
Сендей ер ел қорғауға туылғандай.
Жырларың өр Рухымның сауытындай,
Күйлерің ұрпақ үшін  дулығаңдай.
«Елім-ай» зары келер құлағыма,
Алланың шыдап бердік сынағына.
Дәуірмен бірге мен де жыр оқимын,
Қазақтың Қожаберген жырауына.
Ел азбас құшағында ақын барда,
Өзегің өрт боп еді аһ ұрғанда.
Жаныңа жалғыз Хақтан жақын бар ма
Жауыңа жебе болып атылғанда?!
Елдікті ұрпақтарың саялаған,
Қанатын қыран құстай жаяды адам.
О, бабам!
Майдандарда найза болып,
Иманын бейбіт кезде аялаған!

339
Қожаберген жырау – 350
Ғасырлар ел жарасын емдегендей,
Қазағым Жерұйығын көрген елдей.
Ақындар өмір сүрер аңыз болып,
Батырлар күн кешеді өлмегендей!
Саят ҚАМШЫГЕР
ҰЛЫ ЖЫР
Жазира жапан түз жамылған кежім – жыр,
Тарихым қашалған тастарға көгілдір.
Күн түбін жаңғыртқан тұлпардың тұяғы,
Жұп-жұмыр әлемді айбатым кезіп жүр.
Тамырым тараған көк мәрмәр тастардан,
Бұтағым бұлдырап көрінер аспаннан.
Қаны мен жасына қауырсын суарып,
Еһ, есіл бабам-ай!
Хұсни хат жазған.
Орманбет өлгенде, 
Он ұлым бүлгенде,
Дұшпаным дүбірлеп, ат ойнап іргемде.
Көлікке қос артып еңіреп ел көшті,
О, жалған! 
Ес кетіп, бақ ауды бізден де.
Омбыдан ойқастап ышқынған қара жау, 
Қу қонбай құлазып мұнартқан жағалау.
Ежелден дұшпанның көз сұғы сұқтанған,
Самұрық қанаты 
Талатын далам-ау.
Шығыстан ысқырып жебесі қалмақтың,
Жел қуған тағдыры жазылып қаңбақтың.

340
        Қожаберген жырау – 350
Мұсылман баласы Қоқаннан не қайыр?
Қай жақта Хиуа, Түрікпен ардақтым?
«Құл көнді, Құдайдың салғаны осы» деп,
(Расы қазақтың өзіндей досы жоқ).
Ел көшті ағайын-туғаннан айырылып,
Ел көшті бөлінбес іргесі сетінеп.
Азабын арқалап ауған ел ақтабан
Алқакөл сұлама, ақ түтек, ақ боран...
«Елім-ай» ақтарам... 
Сөйлейді ғазиз жыр: 
«Қазақтың көз жасы көлкіген хат болам».
Оқимын үздігіп,
Үңіліп өткенге,
(Көп сырым тұр анау – Туым да көкпеңбек).
Сорасы сорғалап қазақтай қай жұртта,
Зар айтып Қаратау басынан көшкен жоқ. 
Көшкен жоқ... Қара тау басынан нар құлап,
Қу томар сүрініп құлан жал арғымақ.
Қайыңды идіріп сүт – сөлін сауған ел,
Құзғынды қуантты сүйегі саудырап.
Әулиеге ат айтып, Тәңірге зарладық,
Қорасан қой айттық, Құдайсыз қалмадық.
Қожекем қобызы «Жеңістің» толғауын
Тартқанша пәниді мансұқтай жаздадық.
Қазақтың қарғысы – «тұқымың құрығыр,
Қан ағып көзіңнен, сүйегің шірігір!..»
Жер беті жеркенді қалмақтың ізінен,
«Ұмытпа!» деп өткенді өксиді ұлы Жыр... 
«Елім-ай», «Елім-ай», «Елім-ай», «Елім-ай»...
Боздасам бозарған кетердей еріп Ай.

341
Қожаберген жырау – 350
Қожекем жырлаған запыран заманды
Жазмышқа жазудан сақтай гөр,
Е, Құдай!  
АТА ЖОЛЫ 
(Қожаберген жырау рухына)
Ұмыта жаздап, ұмыта жаздап тегімді,
Тулап аққан өмір – өзен сеңі ұрды.
Кешір, баба!
Кешегі өткен кер заман
Көзімізге көрсетпеді теңізді.
Боздағына бұрыла алмай бодан ел,
(Әділетсіз тарихтан тозады ел).
Ұмытшақтау рухымды ұшықтап,
Қайран баба, тұғырыңа қона гөр! 
Тым зілмауыр үнсіздікке шатылған,
Ұйықтап кеттік...
Ұзақ ұйқы ғасырдан.
Жалыны жоқ жанарымның түбіне,
О, жауыздар! 
Жанартауды жасырған.
«Дұғасымен» дуаланған көршімнің,
Биігіне үңіле алмай сол шыңның.
О, қаншама бейбақ бастар ағарды,
Дедек қағып жетегінде жел сұмның.
Уысында уақыттың обалы,
Ақтабанның арылмаған бораны.
Желтоқсанда жетімсіреп жер үсті,
Боздады-ай кеп Қожекемнің сол әні. 

342
        Қожаберген жырау – 350
Сен не дейсің,
Ей, киелі қобызым!
Мына жұрттың миы ашыған, сөзі – ірің.
Жаттың жаман жәутігіне жалбақтап,
Кеудесінен итереді өз ұлын.
Қазағыма артық па екен нар ұлдар?
Ирек-ирек, қара-қара жазулар.
Қожаберген...
Анау Сегіз серімді,
Ұмыттыруға ұмтылады жауыздар.
Өсер елдің жоғын таппақ – жосыны,
Бұл ел неге өз-өзінен шошыды?
Бассыздыққа бағынбағаны үшін бе,
Сөзге ілетін қазағымның қос ұлы...
Ақ былғары* шиыршығы жазылар,
Ата жазған атам қазақ заңы бар.
Ерге күйе жаққан жалақорларға
«Жеті Жарғы» үкім кесер бабы бар.
Әттең, өмір сүрсек ата заңымен,
Талай ұлдың ұлылығын таныр ем.
Кешір, баба!
Көз – ноғала, жүрек – тас,
Мыңқ етпейтін миы ауысқан дәуір ем...
Ырысбек ДӘБЕЙ
*Ақ былғары – Қожаберген жырау Әз Тәукенің тапсырмасымен «Жеті 
Жарғыны» ақ былғарыға жазып, ханға табыстаған дейді.

343
Қожаберген жырау – 350
ЕЛІМ-АЙДАН ЖЕТКЕН МҰҢ
Бұл заман болды елге қиын заман,
Шіріткен тамам елдің миын заман.
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,
Қағынды қазақ үшін биыл заман.
Қожаберген жырау
Жусансыз күрең бел, сүреңсіз мола құм,
Сөйлетіп көрейін даланың жанарын.
Шұбырған ақтабан жылдардың үнінде,
Күбірлеп үн қатар үздіккен қаламым.
Жаспенен ұрғылап ғасырдың қамалын,
Жасберен қанатып балтырын, балағын.
«Алқакөл сұлама» сұрапыл қырғында,
Шөгірді таптаған тілінген табаным.
Дауылын тұрғызды меңіреу даланың,
Тастарды үгіткен екпіні тағаның.
Бураны боздатқан мұнар күн астында
Тайлақтай тентіреп бос кетіп барамын.
Маңдайға тигізбей мамық кеш самалын,
Таңдайға тамшы жас ерітіп аламын.
Көбікті лайлап, толқындар жар сүзіп,
Шайқаған Алаштың тұп-тұнық заманын.
Қобыздың үнімен  рухым  егілді,
Қазақтың көзінен қайғы жас төгілді.
Бірліктің тұғырын талқандап тасқындар,
Асусыз қыратты сел жүріп кемірді.
Қураған қалпында бәйтерек түбірі,
Шулаған орманның құлақта күбірі.
Жүгенсіз, жүйріксіз жабағы мінгендей,
Ерлерді теңселтіп, тебінгі шіріді.

344
        Қожаберген жырау – 350
Қаңбақтай бағытсыз, сайларды сағалап,
Қазықта тыпыршып байлаулы қазанат.
Иесіз кісінеп қазығын тарландар тарпыды,
Найзаға сүйенген батырды мазалап.
Белдеулер кесіліп, кереге сынғандай,
Өрт шалған туырлық тұл болып тұрғандай.
Уықтар шықырлап, босаға сықырлап,
Азалы дауыстар жартаста тұнғандай.
Жұртымыз жұртынан түн қатып босыған,
Шұбырып барады бақ ұшып басынан.
Танымай қалғанда Алашым бағытын,
Елім-ай деген бір естілді асыл Ән.
Ел есін жиғанда, арнаға сыйғанда,
Түндегі ай, 
Күндіз күн шуағын құйғанда.
Алашың көтерді ақ туын аспанға,
Ел есін «Елім-ай» жырымен жиғанда.
Бірліктің бесігін, татулық тұғырын,
Шайқамай Алашым тік қадап уығын.
Шалмалап асауды, кигізіп құрығын,
Ақ тудай желбіреп шығарды бір үнін.
Жау түгіл дауыл да екпіннен ығады,
Өтті ақыр осылай уақыт сынағы.
Түйелі көшіміз бағытын түзеді,
Дүбірге ұласты батырлар ұраны:
«Елім-ай!»

345
Қожаберген жырау – 350
ЖОРЫҚТЫҢ ІЗІ БАР
Жүз жиырма төрт мың пайғамбар мен
Отыз үш мың сахаба да дүниеден өткен.
Солардан Қожаберген артық емес.
Қожаберген жырау
Сақтарда сақталған Ғұндардың жалғасы,
Күнге де қақталған Ай жүзді алмасы.
Топырақ қабірлі қобызбен үндескен,
Жеті қат жер үсті – Алаштың ордасы.
Семсермен ойылған тастағы таңбасы, 
Құрғаған заманда ғасырдың көз жасы.
Жылдармен жарысқан тарих шындығы,
Домбыра үніндей күйлетіп толғашы.
……
Ақ тудың астында 
Ұлы ұран шалқыған,
Рухты жалынға болат та балқыған. 
Қара тас үгіткен, көк мұзды жібіткен,
Жолбарыс күштерін жорықта сарқыған.
Алла деп ат мінген Абылай жорығы,
Айлалы дұшпанды әулие таныды.
Абыздай ақылды, қарт жырау батыл-ды,
Шайқаста жорықтың жеңісін жорыды.
Таң қылаң бергенше қаңтарған тарланын,
Томаға білдірмес қыранның тоңғанын.
Бес қару асынып, дұшпанын қашырып,
Қанменен суарған майырылмас қанжарын.
Жасындай жарқылдап, азуы шықырлап,
Қабаққа түн түнеп, сауыты сықырлап,

346
        Қожаберген жырау – 350
Жебесі жел жыртып, найзамен түйреген,
Жауының сүйегі күл болып, 
Сыныпты бытырлап.
Тұяқты тұлпардың шаң ойнап астында,
Көкжалдың тұқымы айналып қасқырға.
Мекенін таптатпай, апанын қорғады,
Пана боп дауылда, бөгет боп тасқынға.
Күн күлмей ел үшін ұйқысыз түн қатқан,
Жас тұнған жанарын желменен құрғатқан.
Толыбай сыншының сынығы екенсің,
«Елім-ай» жырымен тарихым үн қатқан.
Қызылжар қыраны, 
Алаштың ұраны,
Ғұлама жыраудың әулие шырағы.
«Бүркіт қонғанда»  
Нулы орман ішінде,
Жыраудың, батырдың мәңгілік тұрағы.
Таулардан биіксің, 
Аспандай  асқақсың,
Жорықта жүйрікпен қолыңды бастапсың.
Жазық бұл далада құрсақта жаралған,
Тұлғаның тұлғасы екенсің асқақ шың.
Кесіртке қылғанмен біздерді кеңесім,
Рухпен жинады бүгінде ел есін.
Жорықтың ізі бар бұл жұмақ мекенде,
Алаштың ұрпағын Рухың жебесін!
Аманжол ЗАҒЫПАР

347
Қожаберген жырау – 350
    ЕЛ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ
Оң болсын, ұлы тойың, жұрағатым,
Жырласын ерлік іске құмар ақын.
Дүниеден неше арыстан асыл  өтті,
Түркінің даңқын көкке шығаратын.
Күндерде басың бір боп құралатын,
Өткеннің қандай түйген ұлағатын.
Тарихты даңғазаға сүйрелемей,
Ақиқаттың өлшемі сыналатын.
Ақтарып әр кезеңнің мұрағатын,
Қазақтың қастерлейік мұраларын.
Қазақстан – түріктің құт әлемі,
Ер Түріктің ұрпағы ұға алатын.
Қазақ жері – түріктің ұлы Отаны,
Кезінде шыққан талай дүр атағы.
Мынау жатқан кесіліп Ұлы Дала,
Түркінің туын тіккен ұлы одағы!
Беу, түрік, көтер бүгін еңсеңді тік,
Ежелден ер мінезді еңселі жұрт.
Жасай бер, Ұлы Дала ұландары,
Неше бір асқар асу еңсеріліп.
Бағзыны баян қылмай тек құралмас,
Текті жұрт кезі келсе тек тұра алмас.
Алдаспанын ойнатқан бабалардың
Көзіндей алтын қында жатты алмас.
Оянды дүйім  жұртым қайта бүгін
Шыққандай Алтайымнан асқақ үнім.
Ендеше Кеше, Бүгін, Ертең жайлы,
Беу, ақын, болашақтың толға жырын.

348
        Қожаберген жырау – 350
Жайым бар тарих тылсымына ене берген,
Ене берген, шындыққа сене бергем.
Сақ-скиф, Ғұн бабалар түседі еске
Сыр тартсақ әлімсақтан-көнелерден.
Әрбір сақ жауынгері батыр жандар,
Жауына жолбарыс болып атылғандар.
Көк Тәңірге сыйынып, Көкбөріге,
Ата-баба аруағын шақырғандар!
Ишпақай, Партатуа, Мәди хандар – 
Дабысы жарты әлемге танылғандар.
Атей, Палак, Скилдур, Идан-пірлер,
Томирис, Руғайла, Атиллалар!
Өтті ғой тарпаң мінез небір тарлан,
Жауласқан дұшпанынан кегін алған.
Парсының мың сан қолын адастырып,
Бір ғана Ширақ батыр қырып салған.
Ойында өртті мінез, қаны болған,
Ерлердің даңқы менен аты қалған.
Тоқсары, Анахарсис...
Әл-Фараби – 
Ғұламам түлеп ұшқан Отырардан.
Өмірге жасық болып жаралмаған,
Намысын ел мен  жердің сан арлаған.
Осындай жаужүрек ерлер барда
Сақ пен Ғұн жат езгіге көне алмаған.
Болғасын тумысынан нағыз текті,
Ешқашан жауға бермес намыс-текті,
Азия, Еуропа, Арабия
Тұяғы тұлпарларының алыс кетті!

349
Қожаберген жырау – 350
Жайым бар кең ғаламды шарпып өткен,
Жайылған жалпақ жұртқа даңқым өктем.
Кезім көп Қытай, Үнді, Таяу Шығыс,
Киев Русі, ары асып Балтық өткен!..
Осылай бабам менің дүрлеген-ді,
Көңілді талай-талай бірлеген-ді.
Кешегі көк түріктер заманында,
Көктегі жұлдыз-ғұмыр сүрген еді.
Атағы кеткен еді ғасырларға,
Түркінің басы бірге қосылғанда!
Күлтегін, Білге Қаған, Тоныкөктер,
Түркінің аруағын асырағанда!
Елтеріс, Естеми мен Бұмын өтті,
Түркінің жерін қорғап ғұмыры өтті.
Жапырап жарты әлемді түрік бабам,
Рухқа  ұйыстырды ұлы текті!
Жаралған жасын оттай ар намысты,
Айналдым аңыз болған Байбарыстан.
Ерлерім ат үстінде ғұмыр кешті,
Ақсауытын шешпестен арпалысқан!..
Түбі бір түрік тегін бөле алмадым,
Түріктің тұтастығы боп арманым.
Түріктің қаны таза, ары таза,
Тарихтың илеуінде жоғалмадым.
Ұлы сақ, массагет, ұлы ғұндардай,
Ашина, теле, тірек жауған оқтай.
Исседон, хетт, кемер, ұлы йозі, оғыз,
Тарихта тайпамыз көп алсақ хаттай.
Қаңлы, қыпшақ, арғын да түпкі тегім,
Алшын, найман, керей, уақ – бір тірегім,

350
        Қожаберген жырау – 350
Ноғайлыдан Едіге,
Қырық батыр,
Солардың бәрі түгел түріктерім!
Өтті ғой небір жойқын аттаныстар,
Шыңғысхан, Темір, Бабыр, Тоқтамыстар...
Түбі бір түрік жерін қорғау үшін
Жан пида етті талай текті арыстар.
Өшпейді ерлік дәстүр – ата ғұрып,
Қатепті нарлар барда атан жілік!
Ыстамбұл, Анкараны иеленді
Алып Арыслан, атақты Ататүрік!
Алса да қан-қасапта талай шепті,
Бақ, шіркін, қолдан сусып талай кетті.
Ағайын  алауыз боп іштей іріп,
Басына ерлерімнің зауал жетті!
Бірліксіз озған шақта бақ құбылып,
Текті жұрт бар айыбын жатты ұғынып.
Тарих талай мәрте бағамдатты,
Бірлік болмай, болмасын тәтті тірлік!
...Мінеки, Қожаберген де осыны айтты,
Өзгеден толған терең басым айтты.
Қысылтаяң кезде ол да жанталасты,
Қорғаймын деп Оғыз-Түрік – алты Алашты.
Бұл өзі заман-тұғын алмағайып,
Аталған жұрттар үшін қарбалас-ты.
Балбасы Таузар, Дәулен батыр болған,
Әкесі Толыбайсыншы аруақ қонған.
Шашақ би, Жанкісі жырау, Дәстем, Баһрам,
Салқара, Жанақ сынды ақын болған.

351
Қожаберген жырау – 350
Дүреген бұл әулеттен Сегіз сері,
Бәрі сал, бәрі батыр маңмаңгері.
Осындай орта көрген Қожаберген
Топ жарған арғымақтың ақтаңгері.
Өзіне түп нағашы Жалаңтөс-ті,
Жасынан асыл тектің қолында өсті.
Үргеніш, Бұхара мен Самарқандта
Білім ап болды азамат ерте есті.
Шақырып ерте бастан жыр шыңдары,
Шақырып ғылым-білім тылсымдары:
Рашид  ад-Дин, Мырза Хайдар Дулати,
Қадырғали Жалайыри,
Жәми, Низами, Науаи, Физули, Фирдоуси,
Сағди, Рудаки – Шығыс пен түркінің
Ғұламалары мен сыршылдары!
Нәр алып, міне, осындай құнарлардан,
О бастан оған білім, өнер қонған.
Неше бір мүридерден дәріс алды,
Неше бір атышулы шаһарлардан.
Өзі де толғап сол бір дәуір үнін,
Байқатты даусын заман шайырының.
Бар ғұмырын сатп етті бір-ақ жолда – 
Тисе деп қазағыма қайырымым.
Қорғаштап Алтай мен Сыр, Алатауын,
Қорғаштап Енесай, Каспий, Қаратауын,
Қорғаштап Еділ, Ертіс, Тобыл, Ертіс,
Қорғаштап қазағымның әр отауын.
Ту ұстап, ғаскер бастап атқа мінді,
Жау көрсе, екі көзі отқа тұнды.
Ойы да бір, сөзі де мір оғындай,
Бас қолбасшы сайлады мақтап ұлды.

352
        Қожаберген жырау – 350
Күңірентіп жүректің толғамасы,
Тебірентіп тағдырлы кең даласы,
Қазақ үшін қайыспай қанын төкті,
Жиырма бес жыл атанып ордабасы.
Қазақ, башқұрт, ноғай мен қарақалпақ,
Татар менен ескектің арын арлап,
Ұлы Дала ұранын ұлықтады ол
Жауға шауып қазағы «Абылайлап!»
Бұл заман болды-ау заман, қысыр заман,
Алаштың басына бір түсіп заман,
Жан-жақтан үш аждаһа қатар қысты,
Састы Алаш бұған дейін қысылмаған.
Түркім-ай, садақ, сүңгік жолда қалды,
Тұлпар-ай, дүрілдеткен кең даланы?!
Айылыңды  жиғызып атылғанда
Зеңбіректің доптары доңғалады.
Дес бермес ең алыссаң ат үстінде,
Жеткізбеді ал енді жеңіс мүлде.
Үш жағынан үш тажал қысып келді,
Қазағым-ай, тарылды-ау өріс мүлде.
Жанарға күндер кешіп мұң тығыла,
Сенделді ұлы дала жұрты мына.
Айдаһар мен арыстан айдап салып,
Қалмақтың тап келгесін қырғынына!
Түркістан, Тұран, Алтай, Ақжайығым,
Тараз, Шу, Сыр, Маңғыстау – әр қиырым.
Бәрі де дүниеден баз кешкендей,
Боздады Қожаберген ақиығым.
Замана болса да қан-қасаптағы,
Өлместің күнін кешті қазақ тағы.

353
Қожаберген жырау – 350
Қожаберген, Төле, Әйтеке, Қазыбек,
«Жеті Жарғы» заңын да жасақтады.
Осылай терең бойлап ел ісіне,
Елдіктің құлаш ұрды өрісіне.
«Жарғыны» ханға әкеліп тарту етті,
Түсіріп боз бұзаудың терісіне.
Бас қосып билер елді ерлікке үндеп,
Атқарды зар заманда елдік міндет.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» 
Түткендей Алаш сынды елді жүндеп.
Тайғандай бақ-береке кең даладан,
Күн кешті қазақ солай қорғалған.
Құйылды қара нөпір қарақшылар –
Торғауыт, жоңғар,ойрат сан-саладан.
Бір өзіңе сақта деумен, о, Құдайым,
Толғады Қожаберген «Елім-айын».
Зарлы әуен құлағына жеткендей ме,
Қазақтың басын қосты Абылайым.
Бұл қазаққа талай-ақ бақ қонып ең,
Иемін деп далаңа мақтанып ең.
Болғанда небір сұлтан мәртебелі,
Қаһарман Қожаберген қарт еменім.
Әбілқайыр үш жүзге хан сайланды
Жиылғанда басында Күлтөбенің.
Үш жүздің туын тігіп Бөгенбайым,
Семсерін серпе сілтеп ұрандайын,
Бас қолбасшы міндетін қолына алды,
Құрметтеп  Қожаберген ағатайын.
Сонда да сауытын ер шеше алмады, 
Өзгенің езгісіне төзе алмады.
23-254

354
        Қожаберген жырау – 350
Қазақ елі, жері тұтастығы –
Көкейден кетпейтұғын әз-арманы.
Ұлтына өрлік рух нәрін септі, 
Бойдағы отты жырдан жалын төкті.
Ел сүю мен ел қорғау – өшпес мұрат,
Ерлердің бойындағы асыл текті.
Солардың Қожаберген соқталысы,
Кеудеде қан боп тұнған от намысы.
Керей емес, қазақтың туын тіккен,
Алты Алаштың бетке ұстар мақтанышы!
Қожаберген, Қабанбай, Ер Шотаным,
Наурызбай, Кенесары, беу, қаһарлым!
Ер соңы – Есет батыр,
Пірдің соңы – 
Бекет бабам, алысқа кетті атағың!..
Бүгінде ерлер аз ба жырға лайық,
Қазақты бөлмей, рухтас бір болайық!
Қожаберген керей демей, ту көтерген
Тумысы тектілерден үлгі алайық!
Осындай ерлер туған аналар-ай,
Көш бастап, қол бастаған даналар-ай !
Қазақ бүгін ел болып өз алдына,
Күн туды барымызды бағалардай!
Сол хандар мен ерлердің ұрығы бар,
Қазақ сынды халықтың ғұмыры бар.
Ұлы Дала киесін әспеттеген,
Астананың мәңгілік тұғыры бар!
Ұлы нарлар дүресе ұлы жерден,
Ұлт боламыз ел деген ұлы ұғыммен.
Қазақстан!

355
Қожаберген жырау – 350
Көш бастап Назарбаев,
Түркі әлемнің табылды жүрегінен!
Түркі әлемге қашанда өріс керек,
Біз жер үшін өліспей беріспек ек!
...Қожаберген аңсаған өмір осы,
Қазақ үшін бұл заман Жеңіс дер ек!!!
«Елім-айлап» енді келмес аңырағым,
Шырқалып шырқау биік Әнұраным!
Қазағымның қасқайып Елтаңбасы,
Көгімде желбірей бер, Көкбайрағым !
Жасай бер, ана тілім – жаным, арым!
Сыртың бүтін болмаққа, ішің  бүтін,
Бүтін болсаң, ұшады түзу түтін.
Ата-баба аңсаған Тәуелсіздік,
Ел болғасын жайнайды жүзің бүгін.
Қазаққа ырыс дарып, бақ күліпті,
Жасанып, Ұлы Далам жаңғырыпты!
Қайыспастай қабырғаң қаһарлы бол,
Қазақ Елі, аңсаған мәңгілікті!
Түрік дүние, текті жұрт, қыран елім,
Түрік дүние, тұтас бол, Тұран елім !
Туын ұстап түріктің Қазақстан,
Мәңгі жаса, кең дала Құлагерім!
Мәңгі жаса, мирасқор Мұрагерім!
Ғалым ӘРІП 

356
        Қожаберген жырау – 350
ҚОЖАБЕРГЕН
Зарық-сөздің, зар-дастанның,
Зауалдай дерттің,
Қанға суарылған алдаспанның,
Замандай серттің,
Текті қанның
тамырдағы
Сұлтандай сойдың,
Он үшінші қабырғаның,
Он төртіндегі айдың
Аты – 
Қожаберген!
«Жеті Жарғының» – ғаділдіктің,
Аталы сөздің,
Қазаққа біткен қоңырлықтың,
Баталы кездің,
Хақ жолында Хақ құрбанының,
Ғасырдың арлы,
Ең қасиетті ақ былғарының,
Қаламның – ең зарлы
Аты – 
Қожаберген!
ҰЛЫ ДАЛАМ ТҮС КӨРЕДІ...
Уай, данышпан дәуірлердің байтағы,
Ардың Тәжі, сөздің Мөрі, ой Тағы!
...Ұлы Далам түс көреді...
Сол түсті
Ұлы жұртым аңыз қылып айтады!
Ұлы Далам түс көреді Тәңірдің
Жазуындай,
Азуындай бөрі-ұлдың!

357
Қожаберген жырау – 350
Атыменен ақиқат пен аңыздың,
Есімімен өмір менен өлімнің!
Ұлы Далам көрген түсті мен көрем,
Мен көрем де мең-зең күйде сенделем.
Сұңқар көрем отқа оранған қанаты,
Тұлпар көрем, тұлпар көрем кермеден...
Ұлы Далам көрген түсті көрем мен,
Көремін мен дәуірлерді көнерген.
Екі дүниеге теңдей көшкен ел көрем,
Шер көремін екі дүниені тел емген.
Ғасыр көрем ғұсни арлы, ғаусар мұң,
Ғаусар мұңды қалай толғап тауысармын.
Қос көзінен қан жаудырған кезеңім,
Сенен тамып,
Тұнып қалған аңсармын!
Запыран-запыран зар көшкенін көремін,
Заманадан ар көшкенін көремін,
Тау көшкенін, көл көшкенін көремін,
Қара жермен қан көшкенін көремін.
Көш көремін, ел көремін басы күн,
Күндей басын бұлтқа тыққан жасырын.
Тағдыр шайқап тайлақ емес, тай емес,
Бос келеді ақтабанды ғасырым!
Бос келеді өрт шарпыған өзегім,
Өрттей болып дүниені кеземін.
Жерден ауып атан емес, нар емес,
Бос келеді сұламалы кезеңім!
Қан көремін, зар көремін – 
айрауық,
Қыжылдаған уақытпен қайралып.

358
        Қожаберген жырау – 350
Бара жатыр бүкіл қазақ тағдыры,
Бір дұғаға, бір дұғаға байланып.
Уай, данышпан байтақ жұрттың дәуірі,
Серттен кеткен мұсылман мен кәуірі!
Бос келеді батырлардың иығы,
Бос келеді аналардың бауыры!
Қаратаудың көш келеді басынан,
Жетім тағдыр көшке ереді жасыған.
Ханның тағы бос келеді, Тәңірім,
Ханның тағы бос келеді, шошынам!
Қазақ көшіп, қазақ көшіп барады,
Алты алашым азап кешіп барады.
Алтай, Арқа, Атырау мен Маңғыстау,
Жетісу, Сыр, Созақ көшіп барады!..
Қайда барып тұрақ табар екенсің,
Қайда барып жұмақ табар екенсің,
Қайда барып қор болады екенсің,
Қайда барып жылап қалар екенсің?!
Заманалар шайқап есіп жатады,
Бір оянып, қайта ұйықтап дәт-ары.
...Ұлы Далам әр сәт сайын түсінде
Ақтабанды қайта кешіп жатады.
Менің далам әр сәт сайын түсінде,
Арпалысып өмір-өлім ішінде,
Ғасырларды қайта кешіп жатады
Өңінде оны қайта көрмеу үшін де!
Далам, далам, сен көргенді мен көрем,
Мен көрем де шарқ ұрамын, шерленем.
Ең ақырғы жетім құлын бар кезде
Ең ақырғы тұяқ барда өлмеген.

359
Қожаберген жырау – 350
Сен өлмейсің
Күнің барда төбеңде,
Ұлың барда, қорамсақта жебем де!
Сен өлмейсің!
Кешкен өмір – көрген түс,
Көрген түсті жорытпаймыз кереңге!
Дәуірлерді кешір, далам, кешірген,
Көшпесе де, өшпесе де есіңнен.
Енді шошып оянбайсың түсіңнен,
Енді босып ел көшпейді төсіңнен!
Бар тағдыры байланып бір аятқа,
Бар тағдыры айналып бір аятқа,
Қазір, бәлкім, түс көруде ол аяулы,
Ей, кезеңім, сен даламды оятпа!
Уай, данышпан дәуірлердің байтағы,
Ардың Тәжі, сөздің Мөрі, ой Тағы!
...Ұлы Далам түс көреді...
Сол түсті
Ұлы жұртым аңыз қылып айтады!
Ерлан ЖҮНІС

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет