*Жиренше. Жиренше аты жөнінде ғалым-академик Ә.Марғұлан: «Бұрынғы кездері қария жыраулардың Жиренше деп аталуы олардың ылғи «жирен атқа» мініп, ел аралап, қобыз тартып жүруінен болған, бұл әдет, әсіресе, оғыз, қаңлы, қыпшақ руларының ортасында көбірек орын алған. Халық аузында айтылатын Жиренше бір кісінің аты емес, ол үйсін заманынан келе жатқан қария жыраулардың жинақ әрі лақап аты» [Марғұлан Ә. Қорқыт күші, 1944, 77], – деп топшылағаны көңілге қонады.
«Қатар – қатар тас қойдым,
Жирен атты бос қойдым»,– деген жұмбақ бізге бала кезден таныс. Мұндағы тас – тіс, жирен ат – тіл. Адамның тілінің түсінің қызылдығын жирен түспен салыстырған халқымыз тіл мен жағына сүйенген шешен адамға Жиренше деп ат қоюы тілдің жирен түсімен салыстыруынан туған болар деген ой келеді.
*Жорж Французша George деп аталады, Мольердің «Жорж Данден, или Одураченный муж» комедиясының персонажы. Оның «Мұны қалаған өзің емес пе, Жорж» («Ты сам этого хотел, Жорж») дейтін сөзі мәтелденіп, халыққа кең тараған. Бұл есім – Еуропада кең тараған: немістер – Георг, ағылшындар – Джордж, поляктар – Ежи, чехтар – Иржи, орыстар – Егорий, Юрий, Жоржик, Гюрги, Дюрги деп те атаған. Георгий (гр. ге – жер, эргон жұмыс, еңбек) «диқан, егінші мағынасын білдіреді.
Аңыз бойынша, зәйтүн ағаштың құдайы Зевсті де Георгий деп атаған. Орыстар бұл атты өзгертіп, Егор, Егорий, Юрий деп, ал чехтар – Иржи, ағылшындар – Джорж, немістер – Георг, француздар Георгин деп атайды. Төңкеріске дейінгі Ресейде Юрий дегеннен гөрі Жорж деп атау аристократтық мәнде жұмсалатын. Осыдан «жоржик» деп кекесінді атау шыққан [Толстой Л.Н. Война и мир,1959, 324 б]. Өткен ғасырдың 20-жылдары теңізшілер арасында кездейсоқ адам пайда болса, оны «жоржик» деп атаған. Ал Азияда дала өңірінде әулие Григористі Жарған немесе Жиржип деп атаған, түркі тілінде «ержүрек», «көзсіз батыр», «салт атты» бейнесі қалыптасты. Айтылғандарды түйіндесек, батыста кең тараған күлкілі бейнедегі Жәгөр, Жорж, Иван тәрізді аттарды қазақ сатириктері де қағыс қалдырмай, өзінің қазақи кейіпкерлеріне берген. Қазақ сықақшыларының өзге елдің күлкілі персонаждарын алуы сол аттардың халық арасында тым танымал болуынан ба деп ойлаймыз.