4. Әдеттік құқыққа байланысты туған ЭП-тер. Қаламгер халық тілінің бар байлығын, сөз айшықтарын қолдану, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, өмір салтында қалып кеткен сөздерді пайдаланады. Әдет, әдет-ғұрып сөздері тек жалпы салт-санадағы, әлеуметтік өмірдегі емес,адамдардың әрекетіндегі нормаларды білдіреді.Осындай аттар қатарында Заңғой < заң, Айыппұл < айып, Барымталин < барымта ‘жасырын есе қайтару әдеті’, Бітімбай < бітім, Даугүл < дау, Даңғой < даң, Даусоғар < дау, Даулан < дау, Даубаев <дау, Домалақарызов < домалақ арыз, Жарлық < әмір, Үкімбай < үкім, Шағымбек, Шағымпері < шағым, Балаби, Мырзаби, Тампаби Би сөзімен келетін ЭП-тер – Тура+би, Бала+би, Мырза+би, Тампа+би.
В.Радлов би – князь, патша, қожайын, сот, дана, шешен деп, одан беріректегі зерттеулерде би – сот, судья, билеуші, бек – ханнан кейінгі билеушінің титулы, ал би – ру-тайпаның басшысы, билеушісі немесе билеуші топтың өкілі деп түсінік берілген. Дала заңының білгірі, қазақ құқығының қарлығаш заңгері Ш.Уәлиханов: «Би атану үшін қазақ халық алдында әлденеше шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң-жораны білетіндігін, шешендігін танытатын болған. Сөйтіп би атағы сот пен адвокаттық істегі патентке айналады» [149,53б],– деп түсіндірген.
Заңғой< заң сөзі – қытай тілінде Ян деген екі элементті иероглиф, ереже, үлгі, түр, қалып, стиль, тәсіл деген мағыналарға ие. Қазақ тіліндегі заң сөзі –ян сөзінің ерекше, үлгідеген мағынасында қалыптасып, тұлғалық өзгеріске түскен түрі. Ян – түбір, ңзы– есімдік жұрнағы болған ұйғыр тілінде янза– түр, сорт деген мағынада қолданылатын сөз бар. Кезінде көп қолданыстағы заң сөзі бірте-бірте, юристік ұғымдардың дамуы нәтижесінде іріктеліп термин ретінде қалыптасқан. Ғалым-юрист Т.М.Күлтелеев бұрын қазақ тілінде заңсөзінің обычное право деген ұғымда және қазақ қоғамының өзіне тән ертеден келе жатқан тұрмыстағы дәстүр, әдет деген сөздердің синонимі ретінде қолданылғанын да айтады.