3.2.1.2 Туыстық атаулардың қатысымен жасалған аттар Адам есімдерінің табулануын А.Н.Самойлович этнографиялық тұрғыдан қараса, антропонимист Т.Жанұзақов ономасиологиялық қырынан талдайды. Қазақ есімдерінің сырын ашуға көп еңбектенген профессор Т.Жанұзақов қазақ тіліндегі туыстық атауларды ат тергеудің үлгісі ретінде қарастырады [163,84 б]. Т.Жанұзақов ауылдағы жасы үлкен адамдардың атын тура атамай, бұрмалап атау, жалпы есім сөздермен алмастырып айту кеңінен етек алғандығын айта келіп, мысалдармен дәлелдейді: «Жоламан» деген атасының атын атай алмай, оның келіні «Соқпақ атты» деген. Сүттібай – «Уыз», Бұқабай – «Сүзербай», Қарабас – «Баран шеке», Сарыбас – «Шикіл шеке», Көжекбай – «Қоян ата», Үзікбай – «Дөдеге», Жамантай – «Жайсызтай», Ақбай – «Қылаң ата», Түңлікбай – «Қайырма», Қозыбақ – «Кепе», Қойлыбай – «Жандық», Еламан –»Халық есен», Асаубай – «Тарпаң», Қамысбек – «Құрақ ата», Асыл – «Бекзат ата», Бүйенбай – «Жуан шек», Мергенбай – «Атқышшыл», Ақылбай – «Ой ата» т.б. [160, 57-58 бб].
Ағылшын ғалымы Дж.Фрэзер бұл туралы: «Киргизка ни в коем случае не решится произнести имена старших родственников своего мужа или употребить слова, напоминающие их по звучанию. Если имя одного из родствнеников к примеру, означают, «пастух» она должна исключить из своей речи и слово «овца», заменив его словам блеющее животное»,– деп атап көрсеткен [164,703 с].
Бұл да бір біздің ұлтымызға ғана тән әдемі қасиет, салт-дәстүрдің ерекше түрі болып саналады. Ат тергеу үлгісімен жасалған және туыстық атауды білдіретін ЭП-ді екі топқа бөліп қарастырамыз. Табу мен эвфемизм – тіл-тілде кездесетін этнографиямен байланысты тілдік қүбылыс. Қазақ халқында табу мен эвфемизмнің бір көрінісі ат тергеу ғұрпымен байланысты.
1.Ат тергеу үлгісімен жасалған ЭП.
Қазақ – халқының салт-дәстүріндегі бір ерекшелік, жақсы дәстүр жалғастығы – кішіпейілділік пен сыпайылық танытуды көздеген ат тергеу салты. Қазақ әйелдері ат тергеуде кім болса, соны тергемейді немесе кез келген атты қоя салмайды. Келіндер өздеріне, әсіресе күйеуі жағының жақын туыстарының атын атамаған, ерекше тапқырлықпен қайын жұртындағы адамдарға неше түрлі аттар қояды. Осындай аттардың бірқатарын сатириктер де қолданған: Мырзаға, Қайнаға, Қайынсіңлі, Ғашықбала, Мырзақыз, Дәрібала, Күшікбала, Шырақ, Бикеш т.б.
Ш.Смаханұлының қай сықағы, әзілін алмайық, дидактика, ақыл-нақылға толы. Оның юморы зілсіз қалжыңмен, биязы күлкімен, жеңіл стильмен жазылады. Сондай әзіл әңгімесінің бірінде бейтаныс жас қыз болашақ атасының үйіне келеді, олар қызды танымайды.
Кәттебай (атасы). Мен кіммін ? Атымды атай қойшы?
Шекер (келіні) . Сіздің атыңыз Дәубай.
Кәттебай. Дәубайы несі ?
Ақтеңге (енесі). Сен жаңылысып кеп тұрған жоқсың ба?
Шекер. Мен сіздің атыңызды тура айтуға ұялдым. «Кәттенің» сыңар сөзі «Дәу» ғой.
Кәттебай. Мына әжеңнің атын атай қойшы?
Шекер. Әжемнің аты – Күміс ақша (Ш.Смаханұлы. Елпекбайдың телпегі.).
Тек ғана келіндеремес, әжелер де жасы шешеге келсе де, жас кезінде айтып қалған ат тергеу үлгісінен жаңылмайды.
Екі әже сөйлесіп отыр.
–Е, құдай, Зайысбай қайнымды айтасың ба? –Зайысбайы несі, бәтшағар-ау. (Т.Әлімбекұлы.Ләм-мим.)
Қайнысын Зайысбай деп отырғаны – Заяц+бай, яғни Қоян+бай.
Бұл оқиға өткен ғасырдың 87-жылдары болған. Арада 20 жыл өткенде белгілі юморист Ү.Уайдин осы салттың қазір қалай өрбіп жатқанын сықақтап, «Аттергеу» деп аталатын юморлық туынды жазды.
«Ата-ененің атын атамайды»,– деп, «Қайын, қайынсіңлінің атын атамайды»,– деп, Аттергеудің мәнісін Шешесі қызына үйретудей-ақ үйретті. Сонымен, қайнысы Нәғиға –Нантабарка, Нәбиге – малтабарка, атасына – Алдавайка, әжесі Айғанымға – Айдаһар, қайынсіңлісі Саяға – Саина, деп, тәлпіш келін бүркеншік ат қоймаған елде адам қалмады, бірқатары мынадай: Касемсот, Тыри, Тырқыл, Самопал, Ойбай, Күлегеш, Лапшамұрын [165,5 б] аталды.
Екі туындының арасында 20 жыл болғанмен, қазақ отбасының өзгеруін, тәлім-тәрбиенің, ат тергеу салтының мүлдем басқа арнаға бұрылып бара жатқанын көруге болады.