Р. А. Авакова филология ғылымдарының докторы, профессор



бет85/111
Дата22.09.2022
өлшемі0,6 Mb.
#39921
1   ...   81   82   83   84   85   86   87   88   ...   111
Байланысты:
annotation30756

3.2.2 Лақап аттар
Адамға туғанда қойылған есімнен басқа жүре келе әртүрлі қасиеттеріне қарай қосымша атқа ие болады. Олар лақап ат делінеді. Лақап аттардың төркінін халық ауыз әдебиетінен де іздеуге болады.
Қазақ шешендік өнерінің атасы Жиренше аты жөнінде ғалым-академик Ә.Марғұлан: «Бұрынғы кездері қария жыраулардың Жиренше деп аталуы олардың ылғи «жирен атқа» мініп, ел аралап, қобыз тартып жүруінен болған, бұл әдет, әсіресе, оғыз, қаңлы, қыпшақ руларының ортасында көбірек орын алған. Халық аузында айтылатын Жиренше бір кісінің аты емес, ол үйсін заманынан келе жатқан қария жыраулардың жинақ әрі лақап аты» [159,77], – деп топшылағаны көңілге қонады
Қазақ ономаст-ғалымы Т.Жанұзақов лақап аттарды көп зерттеді және олардың төмендегідей белгілерін атап көрсетті: 1.адамның бет-әлпеті; 2.жүрісі, тұлғасы; 3.дене мүшесінің кемдігіне байланысты; 4.мінез-құлық; 5. негізгі кәсібі [160,81]. Лақап аттар жазушылардың шығармаларында да көптеп кездесіп отырады. Мысалы, Жұман қырт, Дөнен қырт, Жүзтайлақ, Бойбермес (М.Әуезов), Қарақатын, Ақкемпір, Көткеншек Көшен, Сары Шая (Ә.Нұрпейісов).
Жазушы С.Мұқанов кейіпкерлерінің жүріс-тұрысын, мінез-құлқын, болмысын сын көзбен қарай отырып, Балғабайдың сумұрын Нұртазасы, Жыланкөз Ыбырайдың Ахметі, Өстемірдің Қалтаңбас Ғабдеші, Сархан қатынның Ұзын Әшкері, Тапалтақ Әбділман, Омардың таз Сұлтанқайы, Қойшығалидың Арықбаласы, Төлебайдың айранкөз Уәлиі, Көшекбайдың шұбар Өтегені, Құсайынның бұжыр Ережебі, суылдақ Құдыярдың балалары және ұзынмұрын Құрманның інісі Мәжен [161, 303-304] жүр.
ЛА арқылы кейіпкердің аттарын уәждеп, негіздеп тұрған ұғымдар арқылы тұлғалап тұр. Адамның толық аты-жөнінің бірі – әке немесе шеше атымен атау қазақ тұрмысында, оның тарихында ежелден бар жәйт. Осы кейіпкерлердің әрқайсысына тоқталсақ, Балғабайдың Нұртазасы – сумұрын Нұртаза, Ыбырайдың Ахметі – жыланкөз Ыбырай, Өстемірдің Ғабдеші – Қалтаңбас Ғабдеш, Сарханның Әшкері – Ұзын Әшкер, Омардың Сұлтанқайы – таз Сұлтанқай т.б. кейіпкерлердің лақап аттары әкесінің атымен қоса жүр.
Өмірде де адамдардың ЛА-тары болады, ол адамның жүріс-тұрысына, сөйлеу, күлу ерекшелігіне, мінез-құлқына, бойының ұзынды-қысқалығына, кәсібі мен мамандығына т.б. түрлі сыртқы белгілеріне байланысты қойылады.
Ал сатира мен юморда да осы белгілер есепке алынады, бірақ ол ЛА-тар деп емес, кейіпкерге берілген ат болып есептелінеді.
Әдебиетімізде түрлі жанрда балалар тақырыбына жазылған шығармалар жетерлік. Бұл жерде біз аты «айқайлап тұрған», есімі ерекше қойылған кейіпкерлері бар шығармаларды (Ш.Смаханұлы «Шимайбек пен Шыңқетпе», Ә.Табылды «Қайырлы таң, балалар», «Жыр-өмір», Қ.Мырзалиев «Күміс қоңырау», Б.Соқпақбаев «Менің атым Қожа», Е.Жаппасұлы «Тәмпіштің Таңқыгүлі», А.Байтелиев «Тілімнің уы бар», Қ.Баянбай «Жүз жыл жаз») т.б. көптеген балаларға арналған туындыларды саралап шықтық. Кейбір аттар кейіпкердің іс-әрекетіне, не мінез-құлқына сай емес, Марат, Мұрат деген тәрізді күнделікт өмірде жиі кездесетін есімдер көп. Мәтін ішінде баланың есімдерін таңдап, оқиға құрылымына қарай алудың орнына орынды, орынсыз ұйқасқа пайдалану белең алған.
Ертеректе ақын Ө.Ақыпбеков осы мәселе төңірегінде сөз қозғап, «Іркіліс туғызар індеттеріміздің бірі – кешегі Қожа сияқты балалардың сүйікті кейіпкерлерінің бейнесін сомдай алмауымызда деп ұғамыз. Қане, қай автордың кейіпкері есімізде? Кейіпкерін есте сақтамақ тұрмақ, оның тым көптігінен кітаптың соңғы бетін жапқанда ойыңда біреуі де қалмайды. Оның себебі – автордың балалардың есімін орынды, орынсыз ұйқас үшін алатындығынан ба деп ойлаймыз. Мәселен: «әйнекті», «шайнекті» деген сөздерге ұйқас іздесек, қиналмай-ақ «Айбекті» деген баланы «кейіпкерлікке» ала саламыз»[119,] ,-деп қынжылыс білдіріпті.
Осы кейіпкерлер арасынан Шимайбек «мен мұндалап» тұр, өйткені ол – сатирик Ш.Смаханұлының ғана емес, бүкіл қазақ балалар әдебиетінде сәтті шыққан күлкілі де сүйікті кейіпкер. Шимайбек деп аталуы – партасын, кітабын, дәптерін, жүрген жерін бос шимайлап жаза бергеннен балалар қойған лақап ат.
Кәтепбек деген бала болды.
Не көрінсе, кесті, жонды.
Өзінің атын партаға да,
Қабырғаға да, картаға да,
Мөрмен жазды,
Ойып та жазды,
Қиып та жазды.
«Атымды жұрт білсін» деді,
«Есте сақтап жүрсін» деді.
Жұрт осыдан Кәтепбекті
Шимайбек деп атап кетті.
Өзі жалқау, сотқар, нансоғар –»Шимайбектің портфелі, Іші толған нан екен» деп басталатын өлеңді сол заманның балалары жатқа білетін. Есіміндегі ерекшелік пен әрекетіндегі өзгешелігімен ел есіндегі Қожа, Шимайбек, Шыңқетпе сияқты бала кейіпкерлер қатарымен ғалым-ұстаз Ә.Табылдының Бүлдіргені мен Күлдіргені өзіндік орын алады.
Қалтаңбайды мүмкін, танитын шығарсыз? Оны жұрт мінезіне қарай «Қалақай» дейді. (Ә.Табылдиев.қой бағу оңай ма?).
Көркем туындының ішінде қойылған ЛА-ға мысал келтірсек:
Қонысбай – Қоңқабай, Жүніс – Зыпберген (С.Адамбеков), Зарқұм Марқұм (А.Тоқмағанбетов), Кәтепбек – Шимайбек, Қарашаш – Көзжақсы, Қалтаңбай – Қалақай, Сапарбек– Содырбек, Сужұқпас – Майсалбек (Ә.Табылдиев), Жауар– Жануар, Дөңасаров – Тауасаров (Ғ.Қабыш), Қарала – Клара (Ж.Сабыржанов), Апырай – Афродита, Кеңесбай – Гиннес (А.Жайлыұлы), Мәдина – Мадонна (М.Шерім), Көкбай – Көкми (М.Жақыпов).
Сатирик С.Адамбековтің екі кейіпкері бар, екеуіне халықтың берген лақап аты жөнінде былай суреттеледі: «Қоңқабайдың өз аты – Қонысбай. Жас кезінде іске ыңғайсыз, мінезі ожар болғандықтан ауыл әйелдері Қоңқабай деп атаған. Ал Зыпбергеннің шын аты – Жүніс. Жасында сынаптай сусып, бөденедей жорғалап, біреуді алдап, біреуді арбап, қутыңдап жүретін қу болған соң, жеңгелері Зыпберген деп қойған. Кейіннен жұрттың бәрі осылай атап, документтерінде де осылай жазылған» [162,7].



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   81   82   83   84   85   86   87   88   ...   111




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет