3.5.1 Мелиоратив және деминутив аттар Мелиоратив (лат. melіoratіve «көтермелеу») – пейоративке қарама-қарсы тілдік құбылыс. Көркем шығармада кісі аттарына әлеуметтік мән беру, оларды кейіпкердің жағымды мінез-құлқына, іс әрекетіне лайықты пайдалану юморда ерекше орын алған. Жалпы образ жасауда юмордың алатын орны ерекше, өйткені юмор жағымсыз құбылысқа күле отырып, оны түзетуге тырысады Сондықтан мелиоратив және деминутив аттарды юморлық бейнелер деп тануға болады. Юмордың тұла бойы тұнып тұрған – әзіл-қалжың, зілсіз күлкі. Ал комизм, яғни күлдіру тәсілдерінің көбі – комедиялық шығармаларда. Қазақ комедиясының алғашқы қарлығаштары саналатын И.Меңдіханов, Қ.Кемеңгеров, Ж.Шанин, Ш.Хұсайынов, М.Әуезовтің драмалық туындыларында күлкілі бейнелер көптеп саналады. Оларды этнолингвистикалық жағынан талдау, номинативтік қызметінен басқа эмоциялық-экспрессивтік қызметін көрсету, тіл астарындағы құпия деректерді тану – небір қызық та күрделі зерттеуге алып келеді.
Мелиоратив аттар – күлкілі, аңқау, ақкөңіл, ұнамды кейіпкерлер. Мұндай патронимдер жеңіл оспақ, әзіл-қалжың, юморлық тілмен суреттелген де, жағымды, ұнамды жағы басыңқы келеді. Бұлардың семантикасы ашық, айқын, яғни кейіпкердің кім екені аты-жөнінен танылып тұрады: Алдар, Айтқышбеков, Әлләзи Әпендич, Әділгүл Жаңылмасова, Әділ Шындықбаевич, Әзіл Сықақұлы, Жебе Садақұлы, Жолтабар Жалықпасов, Жолдас Жанқалқаұлы, Жұмсақжанов, Зырылдауықов, Иісмай Момынова, Күлегешов, Көңілжықпасов, Талғампазов, Тазша, Тәмпіштің Таңқыгүлі, Тұрлан Турабеков, Уытбай Усойқынов, Ыржалақ Күлкішиев т.б. Бұл қолданыстағы патронимдер образ бітіміне сай ұнату, жақтау көзқарасын тудырған дәрежеде суреттеп отырған жайттарға юморлық нәзік рең беріп отырады.
Қалжың комедия элементтері қазақтың ұлттық ойындары мен сөз жарысы ойындарында және балалардың ойын өлеңдерінде, ән өнерінде мол сақталған. Сондықтан болар сықақшылар Әпитөк, Әлаулай, Гәкку, Япурай, Елімай, Илигай, Жайдарман, Көкшолақ, Саққұлақ, Желбір Жекен, Айдай, Бипыл, Әлди, Әридаш айдай, Әндірбай, Гүлдерайым, Тамтарам, Тойболсын, Тойбике, Дәйдім, Бүлдірген, Күлдірген, Шимайбек, Зырылдауық, Ешкіемер, Қақпақыл, Мыршым, Оңқа, Судыр-Судыр, Сылдырмак, Сырғанақ, Тымпи, Бүкшік, Топай, Оңқай, Шатыраш, т.б. аттарды таңдай білген.
Мелиоратив мәндегі кейіпкерлер фитофорлық атаулардан көп жасалған: Әңгелек,Зәйтүн Шибұт, Шиборбай. Ебелек, Тары+бай, Жүгерин, Күрішбек, Мақтажан, Гүлдерай, Гүлбазар,Инегүл, Қызғалдақ, Сарғалдақ, Гүлжапырақ, Бәйшешек, Ләйлікөк, Сарыкүл, Шайкүл. Мелиоратив мәнде жұмсалатын аттар зерттеуімізде көп емес. Мелиоратив патронимдер СЮП-дің 30 пайызын құрайды. Оның себебі юморда уыт-зілден гөрі жеңіл күлкіге ғана негізделген әзіл-оспақ болып келеді. Юмор жылы әзіл, жұмсақ күлкіден тұрады. Таза юморлық симпатиядан туған шарж, пародия, эпиграмма, юморескалар қоғамдағы тұрмыс-тіршіліктегі жағымсыз жақтарды, адам бойындағы әлсіздіктерді зілсіз жеңіл күлкі, сықақ-қулықпен іліп-шалып кетеді. Сатирамен иықтас жүретін юморлық кейіпкерлер арқылы да әжуа-күлкімен шығарма идеясы жүзеге асырылады. Белгілі сықақшы К.Әмір-Бек «Неменеңе жетісіп күлесің?» деген кітабында тарихтағы саяси ұлы тұлғалардың аттарын бас соматикасымен байланыстырыпты: Таспабас (Сталин), Қасқабас (Хрущев), Дыраубас (Брежнев), Қыраубас (Горбачев). Бұл кейіпкер аттары шығармада юморлық бейнелер мелиоратив мәнде, яғни жағымды мәнде жұмсалған.
Ғалым Б.Тілеубердиевтің «мейлінше саясиланған қоғам идеологиялық мәні бар есімдердің туындауына, аталуына негізгі себептер болады, ал санадағы қойылған атау – сол қоғамның «үйретінді» менталитетін қалыптастырудағы бірден-бір құралы болып табылады» [Тілеубердиев Б. Қазақ ономастикасының лингвоконцептологиялық негіздері. Алматы: “Арыс” баспасы, 2007, 263 б] деген пікірі осындай мақсатта туған кейіпкер аттарына қатысты.
Сатирадан гөрі юморлық тілімен елді «қытықтап» езу жиғызбайтын Е.Жаппасұлы өзі жазып отырған оқиға желісіне ғана емес, өз туындысы мен кейіпкер тағдырына бейжай қарамай, ат қою мотивіне көркемдік тұрғыдан өткір қарайды, өз кейіпкерін жақсы көрсе де, жек көру мақсатында оған құйтырқы аттар таңдайды, айтылудағы дыбыстық жағын да ескеріп, оқырманын елең еткізіп отыруды да мақсат еткен деуге болады.