Мифоним: Аяз ата, Албасты, Желаяқ, Жалмауыз кемпір, Жезтырнақ (қара күштер); Мыстанқыз, Жаппаргүл, Жан+қайша, Үрбіл (діни ұғымдар), Таусоғар, Сұрапыл – Алланың төрт періштесінің бірі. Арабтар Исрафил деп атайды, қазақтар сұрапыл дауыл болды дейді, қиямет күнінде жел тұрғызып дауылдатады деген мифологиялық түсінік бар.
Мифтер мен аңыздар туралы мағлұматтарды өз бойына сақтай алған бірден-бір дереккөз – тіл. Халық танымында ерекше күштерді аруақ, періште, рух, дәу, жын, пері, албасты, марту, шайтан, жезтырнақ, мыстан, үббе деп атайды. Осындай ұғымдардан Адыра, Албасты, Бадал, Бәдік, Безбүйрек, Жүгермек, Сайтан, Әбілет, Ібіліс, Албасты, Марту, Мыстанқыз, Малғұн, Түлен сияқты кейіпкер аттарыдіни көзқарас негізінде мифтік ойлау жүйесімен туындаған. Бұлар сыртқы зұлым күшпен байланысты көзге көрінбейтін зиянды мақұлықтар болып есептелінеді. Сондықтан қазақ жек көрген адамын «албасты басқыр, «әбілет бассын», «марту басқыр» деп қарғайды. Тілімізде сақталған ананизм де, шаманизм де, мифонимдер де – санада сақталған көне заманның елесі.
Қарғыс мәнді ПП-дер: Ақпақұлақұлы ~ ақпа құлақ, Әбілетов ~ әбілет, Бетбақова ~ бетпақ, Бұралқиев ~ бұралқы, Итбай Шошқаевич ~ ит шошқа, Жетесізов ~ жетесіз, Жынұрғанов ~ жын ұрған, Жындыбаев ~ жынды, Жарамсақов ~ жарамсақ, Есалаңович ~ есалаң, Қубасович ~ қу бас, Маубасұлы ~ маубас, Мисызов ~ мисыз, Ойбайқызы ~ ойбай, Тазыбайдың Қаншығы ~ қаншық, Тасжүрек бақытсыз, сорлы, Тасмаңдай қиындық көру, азап шегу, Топасұлы ~ топас, Төбетов ~ төбет, Сапалақович ~ сайтанның үрім-бұтағы т.б.
Балағат, қарғыс мәнді сөздер – қазақтың көне, байырғы классикалық сөз өрнектері, оның қойнау қабатында небір деректер, сан сыр бар. Қарғыс мәнді сөздер жағымсыз көзқарастан туады және адам баласының қоғамдағы немесе үй-ішіндегі бір-біріне жасаған дұшпандық, жамандық қарым-қатынасынан, іс-әркетінен туады. Тілімізде қалыптасқан балағат және қарғыс сөздердің өзіндік жүйесі бар. Бірақ біреуді қарғағанда не тілдегенде жөнсіз қолдана бермейді, «Жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады» деген осыдан қалған.Жағымсыз іс-әрекеттің иесіне жауап ретінде оған қарсы адамның күшті сезімі пайда болады.
Сөз магиясына сенудің енді бір көрінісі халықтың ертеректе қарғыс пен алғысқа немесе батаға өте мән бергенінен де айқын байқалады.
Қарғыс пен алғыстың өте ертеде пайда болғанын айта келіп, ғалым Ә.Болғанбаев былай дейді: «Бұлардың негізгі идеялары көбіне діни ұғымдармен тығыз байланысты. Кісінің аузынан шыққан алғысы мен қарғысы арқылы адам баласының, жан-жануарлардың өмір тіршілігін оңайлатуға немесе қиындатуға, ұзартуға немесе қысқартуға болады деген теріс ұғымнан келіп туған» [ Т.Джанузаков, 1982, 52 б]. Қарғыс мәнді сөздер – ұлтымызға тән ғасырлар бойы қалыптасқан қолданыстар.
Мыстанқыз – мыстан мифонимі көбінесе кемпір түрінде кездеседі. Аңыз-ертегілерде кемпірдің аталуы әртүрлі болып келеді: жалмауыз кемпір, мыстан кемпір, масаты кемпір, Келтірінді мағынасы «аяр, айлакер, сұм» дегенді білдіреді. Ал мыстан қыз «қу, арамза, зұлым» деп жұмсалады, зұлымдық пен залымдық коннатациясы жатыр.
Адыра. Тілімізде бұл сөз адыра қалқұры, жоғал деген мағынаны береді, біреуді қарғағанда, иесіз қал, қараң қал деген мағынада жұмсалып, экспрессивтік мәні күшейе түседі. Көне түркі тілінде адыр бөлініп шығару, ажырату мәнінде жұмсалған. Алғашқы қауымдық құрылыс заманында адамдар топ-топ болып қауымдасып күн көрген де, тәртіпке бағынбаған, шектен шыққан адамдарды айырып тастап, жалғыз қалдырып кетіп отырған. Осыдан адыра қал тұрақты тіркесі пайда болған» [қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 1 том. А-Ә, – Алматы: Ғылым, 1974, 142 б]. Ғалым Ә.Нұрмағанбетов якут тілінде адырай сөзінің «жын, шайтан» деген мағынасы бар екенін айтады [Нұрмағанбетов Ә. Бес жүз бес сөз. – Алматы: Рауан, 1994,7 б].
Бәдікгүл. Жынның атын ертедегі қазақтар бәдік деп атаған, аурудан құтылу үшін бәдікті сиқырлы сөздің қуатымен қуып тастамақ болған. Сатира, юмор элементтері бәдік өлеңдерінде айқын көрінеді. Профессор Кенжебаевтың айтуынша, бәдік «қол бос кезде бас қосып, ойнап-күлу, қалжыңдап – әзілдесу, көңіл көтеру» ретінде айтатын болған [Кенжебаев Б. Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті.
–Алматы: Қазмембас, 1995, 43].
Сайтан – діни ұғым бойынша адамзатқа қарсы күш, жын-пері, сапалақ баласы болып есептелінеді. Осы ұғымдар сатирада Сайтанбек, Сапалақович сияқты жағымсыз кейіпкер аттарын туғызуға себепші болған.
Қарғыс мәнді немесе балағаттау, ұрсу, сөгу мәнді кейіпкерлер қатарына Бадал, Жоқбол, Жоғал, Қарабет сияқты СЮП-терді көптеп мысалға алуға болады.
Бадал. Қазақ тілінде «Бармасаң бада бол, қара жерге қада бол» деген мақал бар, кейде бармасаң бадал, қара жерге қадал деп те айтылады. Бадал – жоғалу, құру дегенді білдіреді. Біреуді қарғағанда, ашуланғанда, көбінесе сөзін өткізе алмаған жағдайда, осы тіркес көзіңді жоғалт деген мәнде жұмсалады. Бадал – тұтасып өскен тоғайлы, бұталы жер. Бір орында тұрып өсетін қамыс, қоға, бұтаға қарап, «бір жерден қозғалмау, қатып қал» ұғымы туған сияқты.
Жоқбол< жоқ+бол < жоқ – бір нәрсені терістейтін сөз, етістіктің бұйрық райлы «бол» сөзімен тіркескенде, «жоқ бол», яғни, жоғалғыр, қараң өшсін, көзден таса бол, атың өшсін, құры деген мағына білдіреді. Осындай мағынада Жоғал деген де кейіпкер аты бар. Бұдан басқа да біреуді сөгу, тілдеуден туған СЮП-тер бар; Есалаң, Итбай Шошқаевич, Бетсіз, Бетпақ, Қақбас, Құзғын, Жынұрғанов Мыстанқыз, Найсап, Сұрқия т.б.