Әдебиет: Қазақ диаспорасы: бүгіні мен ертеңі. Астана: Елорда, 2005. – 352 б.
ДИАХРОНИЯ (грек. dіa – арқылы, chronos – уақыт) – түрлі тілдік жүйе мен тілдік құбылыстың тарихи дамуы, бүтіндей алғанда лингивистикалық зерттеудің пәні. Синхронияға қарама-қарсы қойылады. Д. зерттеу объектісіне тарихи тұрғыдан келу бағдарында әдебиеттану мен семиотикада да қолданыс тапты. Д. зерттеу – мәдениетті тарихи тұрғыдан, уақыт жағынан түрлі кезеңде қалыптасқан мәдени құндылықтарды салыстыра зерттеу. Эволюциялық зерттеу – Д. тәсілі. Мәдениетті Д. тұрғыдан зерттеудің басты принцпі хронологиялық жолмен сатылай зерттеу болып табылады.
ДИДРО Дени(1713-1784) – француз философы, жазушы, өнер теоретигі. XVIII ғ. француз «Энциклопедиясын» ұйымдастырушы, әрі редакторы. Д. тұжырымы бойынша адамның өзін сүюі жақсы қасиет, бірақ Гельвеций тұжырымы бойынша адамның өзін сүюі эгоизмнің бастауы деген пікірге қарсы тұрады. Д-ның ірі шығармалары: «Философиялық ойлар», «Аллея, немесе Скептиктің серуені»(1747), «Көзі көретіндерге сабақ үшін соқырлар туралы хат»(1749), «Табиғатты тану туралы ойлар,» «Д, Аламбердің Д-мен әңгімесі», «Д.Аламбердің түсі», «Монахиня», «Рамоның жиені», «Жак-фаталист және оның қожайыны», т.б. Әдебиет: Дидро Д. Собр. соч. – М. 1935-1947. Т. 1-10; Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004, 238-239.
Диктатура (лат. dictatura – үстем билік) – мемлекеттік билікті жүзеге асырудың күш қолануға негізделеген тәсілі. Мазмұны мен мән жағынан демократияға қарсы ұғым. Д., әдетте, әлеум.-экон. дағдарыстың асқынып, әлеум. Топтар мен жіктердің арасындағы саяси күрестің шиеленіскен кезінде, төтенше жағдайларда пайда болады. Ол авторитарлық және тоталитарлық, әскери және азаматтық, революциялық, консервативтік, реакциялық, т.б. мемлекеттегі биліктің тармақтарға бөлінбейтіндігімен, азаматтық-қоғамдық бастаманы басып, жаншылдығымен сипатталады. Саяси және әлеум. Бақылау тәсілі дөркі күшке негізделіп, армияға арқа сүйеді. Елде қатаң тәртіп орнайды. Марксизм-ленинизм ілімі Д. ұғымын кеңінен қолданды, бірақ тек өзінің идеол. мүддесі тұрғысынан түсіндірілді; яғни белгілі бір топтың – әлеум. жіктің үстемдік құруы ретінде бейнеледі. Алғашқы кезеңде пролетариат Д-сы қанаушы топтың қарсылығын басу үшін керек, одан кейін ол әлеум.-әулеттік айырмашылықтың бәрін жояды, тапсыз қоғамға өтуге алғышарттар әзірлейді деп санады. Шын мәнінде, пролетариат Д-сы тұрпайы күштеу, зорлық-зомбылық арқылы орнап, басшылық жасады. Сондықтан сенімнен айырылып, көздеген мақсатына жете алмады. ДИЛЬТЕЙ, Вильгельм (1833-1911) – неміс философы және мәдениет тарихшысы, өмір философиясының көрнекті өкілі, философиялық герменевтика мен түсінуші психологияның негізін қалаушы. 1833 жылы 19 қарашада Висбаден маңында Бибрихте реформаторлық шіркеу пасторының отбасында дүниеге келді. Гейдельберг, кейінірек Берлин университетінде теология мен философияны оқыды. 1864 жылы Берлин университетінде доктор дәрежесін алды, ал екі жылдан кейін Базель университетінің профессоры болды. Одан ары Киль (1868), Бреслау (1871) және Берлин (1882) университеттерінің профессоры болып, 1911 жылы 3 қазанда Больцано (Австрия) маңындағы Зейсте қайтыс болды. Д. батыс өркениеті мен неміс ойына қатысты көптеген жұмыстары тарихнама мен әдебиеттанудың классикалық мұрасына айналды. Д. ұсынған «рух туралы ғылымдары» (Geisteswissenschaften) кеңінен танымал болды. Тарихи зерттеудің мәнін ұғынуға ұмтылу оны тарихтың әдіснамасымен айналысуға, әсіресе мәдени шығармашылықтың барлық формаларын оның негізінде жатқан дүниені пайымдаудың (Weltanschauung) көрінісі ретінде түсіндіруге тарихшыға мүмкіндік беретін түсінудің ерекше актын талдауға итермеледі. Интерпретация тәсілін Д. герменевтика деп атады. «Тарихи зердені сынауды» Кант жүзеге асыра алмады, бұл олқылықты Д. Рух туралы ғылымға кіріспеде толтырады. Ол дүниені пайымдаудың үш типін бөліп көрсетеді: натурализм (позитивизм), объективті идеализм (пантеизм) және еркіндік идеализмі (теизм). Д. методологиядан философияға ауысты. Зерттеп отырған оқиғасын түсінуге тырыса отырып, тарихшының өзі тарихқа батып кетеді. Оның жұмыс тәсілі, демек, Декарт пен Кант философиясында негізгі орын алатын абстрактілі және уақыттан тыс зерде арқылы түсіндіріле алмайды, бірақ анағұрлым дәлірек философиялық негіздемені – адамның өмір сүруін анықтайтын өмірдің тұтас ауқымын қажет етеді. Д-дің бұл идеялары психикалық өмірдің тұтастығына назар аударатын қазіргі психологиядағы үрдістердің және «экзистенциалдық философияның» пайда болуына әкелді.
Диоген Лаэрттік (ІІІ ғ. – ІІ ғ. жартысы) – грек жазушысы. Оның 10 кітаптан тұратын «Өмірі, ілімдері және атақты философтардың нақыл сөздері» деген көлемді шығармасының ежелгі заман философиясы тарихы жөнінен бізге дейін жеткен бірден-бір жиынтық еңбек ретінде маңызы бар; онда грек философиясының Секст Эмперикпен аяқталатын өкілдерінің өмірбаяндық мәліметтері мен ілімдері қамтылған. Д. кейде тіпті анекдот деуге болатын әртүрлі нақыл сөздер мен мәліметтерді жинастырушы ретінде назар аударуға лайық. Әсіресе стоиктер мен Эпикурға арналған бөлімдері қызықты, соңғы кітабында Эпикурдың бізге жеткен бірден-бір шығармасы оның үш хаты мен «ең басты ойлары» келтірілген. Д. стоиктерге сын көзбен қараған;ал скептиктер мен Эпикурға ілтипатпен қараған.