Байланысты: Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)
Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004; Әлемдік философиялық мұра. Алматы: Жазушы, 2006.
ЕС – өткен өмір туралы түсініктердің белгісін сақтап, керек кезінде жандандыра алатын құбылыс. Е. 5 қосындыдан тұрады:1) естеліктерді орнықтыру 2) оларды сақтау 3) еске түсіру 4) тану 5) орынды пайдалану.Е-тің орнықтыру қабілеті бұзылса, амнезия (еске түсіре алмау) ауруына шалдықтырады. Белгілі нәрсені еске сақтау үшін біз оны түсінуіміз қажет. Тек жақсы ұғынылған нәрселер ғана Е-імізде оңай жаңғырады. Е., Е-ке сақтау сана-сезімнің басты құралының бірі.
ЕУРОАЗИЯШЫЛДЫҚ – ХХ ғасырдың 20 жылдарында ресейлік эмигранттар арасында пайда болған тарихи-мәдени концепция және оның негізінде қалыптасқыан қоғамдық-саяси ағым. Е. Ресей мәдениетінің өзіндік ерекшеліктеріне басты назар аударады. Оның басты өкілдері Л.П.Карсавин, Н.С. Трубецкой, П.Н.Савицкий, Н.А.Алексеев, Г.В.Флоровский (кейін ауытқыған) Ресей болашағының даму жолдары мен сипаты жөнінде батысшылдар және славянофильдермен пікірталас жүргізген (бағдарламалық жинақ: «Шығысқа ауысу. Сезімдер және жасалымдар. Е. тұжырымдары»). Е. Ресей және орыс этносының ерекшеліктерін славянофильдерден өзгеше дәлелдеген. Бұл ерекшелік, дейді олар, орыс этносының синтетикалық табиғатымен сипатталады. Ресей Батыстан да, Шығыстан да өзгеше, айрықша өркениет типі болып табылады. Бұл еуразиялық мәдени типке, Ресей тарихы мен орыс діліне шығыс «тұрандық», негізінен татар-моңғол жаугершілігінен қалған түркі-татарлық ықпал зор болған. Е-дар азиялық мемлекеттермен тығыз қарым-қатынасты орнықтыруды жақтаған. Олар Батыс мәдениетіне еліктеуге қарсы шығып, оны «Еуропаға бас ию», «руханисыз интернационализм» деген.Кеңес Одағы тарағаннан кейін Е. идеясы кейбір жаңа тәуелсіз мемлекеттерде де қайтадан жанданды. Мұны бұрынғы тұтас өркениеттілік типке (Кеңес Одағы) тән ортақ құндылықтарды аңсау немесе ұлтаралық келісімді тұрақты етуге бағытталған саяси идея деп бағалауға болады. Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004, 267-268 бб.; Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Мәдениет философиясы. Астана: Аударма, 2006; Мәдени-философиялық энциклопедия. Алматы, 2007; Евразийство в ХХІ веке: проблемы и перспективы. – Алматы, 2009.
ЕУРООРТАЛЫҚТЫҚ – философия мен мәдениетанудағы адамзат өркениеттілігінің басты құндылықтары тек Батыс Еуропада қалыптасты дейтін ұстаным. Е-тың түп-тамыры антикалық өркениетті варвар-тағыларға қарсы қоюдан бастау алады. Бұл ұстаным бойынша, бүкіл Шығыс енжар, әрекетсіз, тұлғасыз, мүлгіп жатқан өркениеттілік үлгілерін ғана дүниеге әкелді. Адамзат мәдениетінің шынайы бастауы тек Ежелгі Грекиядан нәр алады. Орта ғасырларда Е. ұстаным христиандық-батыстық үлгілерді ғана мәдени құндылықтар деп есептеген католицизмге тән болды. Жаңа заманда Е. көзқарастар Батыс елдерінің отаршылдық пиғылдарын бүркемеледі. Крест жорықтары мен географиялық жаңа ашулар, қатігез отарлық соғыстар, Еуропадағы индустриалдық қоғамның жетістіктері тек бір ғана үлкен әріппен жазылған Еуропа өркениеті бар деген көзқарастарды тудырды.Ағартушылық мәдениеттің өкілдері білім мен мәдениетті теңестіріп, еуропалықтардың басқа «надан» және «таза» халықтарды өркениеттендіру миссиясы туралы айтты. Мәдени прогресс деп олар еуропалық өркениеттің әлемнің барлық түкпірлерінде жеңіске жетуін (вестернизация) қабылдады. Еуропалық ағартушылықтың кейбір өкілдері (Монтескье, Вольтер, Гердер, Гете) Е-тың әсіріленген түсініктерінен бас тартып, бірегей жалпы адамзаттық мәдениет тарихы идеясын ұсынды. Егер Гердер Шығыстағы табиғи-идиллиялық бастауларды сөз етсе, Гегель адамзат руханилығының таралуындағы Иран, Үндістан, Египет мәденеиеттерін рөлін жоғары бағалады. О.Шпенглер мен Леви-Строс Е. мәдени жүйенің дағдарыстарына басты назар аударды. Алайда, еуропалық мәдениеттану Е. көзқарастардан ХХ ғ-да да арылмады. М.Вебер еуропалық рационалдықты басты ғылыми әдістеме деп қарастырды. Э.Трельч Еуропадан тыс этникалық өзіндік сана бітімдері жоқ, тек Еуропада тұлғалылық бар деп есептеді. Оның пікірі бойынша, антикалық-жерортатеңіздік мәдениеттерден бастау алатын ағылшын-саксондық және романдық өркениеттер серпіні ғана әлемді біріктіре алады. Ол әлем өркениеттілігі үшін «сары нәсіл» қауіптілігін жариялайды. Е. ұстанымның белгілі бір нышандары С.Хантингтонның «өркениеттер қақтығысы» және Ф.Фукуяманың «тарихтың ақыры» ілімдерінде байқалады. Алайда, қазіргі әлемдік мәдениеттануда Е. көзқарастардың шектілігін түсіну басым. Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004; Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 18. Таным теориясы. Астана: Аударма, 2006.
ЕШТЕҢЕ – қандай да бір сапаның, айқындылықтың, болмыстың жоқтығын белгілейтін онтолологиялық категория. Мән, болмысты сыни онтология ұғымдарына қарама-қарсы ұғым ретінде. Е. философия тарихында бейболмыс ұғымымен сәйкестендіріледі. Кейде бұл ұғымдар сипаттамасы бір-бірінен ажыратылды. Бейболмыс болмыс ұғымын терістеуде ештеңе ұғымына қарағанда неғұрлым абстракттілі түрде түсіндіріледі. Е. категориясы ежелгі философияда онтологияның қалыптасуымен бірге пайда болды. Ежелгі грек философиясында ештеңе алғаш рет Демокриттің болмыс (атом) және бостық (ештеңе) туралы ілімінде дербес категория ретінде көрінеді. Е. көптіктің, қозғалыстың және өзгерістің болуының қажетті шарты ретінде қарастырылады. Софист Горгий ештеңені элейлік болмыстың сырт жағы ретінде түсіндіреді. Болмысқа (эйдостардың жиынтығы) қарама-қарсы бастаудың бір белгісі ретінде Е. Платон мен Аристотельдің онтологиясында маңызды рөл атқарады. Платон мен Аристотель болмыс және ойлау тұрғысынан Е-ні бейболмыс ретінде, эйдостар бірлігі тұрғысынан – Е. өзге ретінде, сезімдік дүние заттарына қатысты қарағанда Е. материя ретінде түсіндіріледі. Е. – бұл таза мүмкіндік, пассивті (енжар) және тәуелді. Бұл сапаларды Е. әрбір нақты затқа береді. Платон дүниетанымында – Е-нің платоншылдықта ашылған негізгі мазмұны сақталады. Алайда, Е. мен зұлымдықтың сәйкестілігі ерекше атап көрсетіледі. Зұлымдық – бұл жақтың немесе болмыстың кемшіңдігі, ештеңенің болмысқа басып енуі. (Кейін бұл идея христиандық теодицеяда қолданылды. Августин зұлымдыққа ешбір онтологиялық мәртебені берген жоқ).