АқмамбетовҒалихан Ғаламғалиұлы 1935 ж. 31 қаңтарында Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келген. 1956 ж. С.М. Киров атындағы ҚазМУ-ды бітіреді. 1956 – 1960 жж. Орал мемлекеттік педагогикалық институтында оқытушы қызметін атқарады. 1960 ж. Мәскеудегі КСРО ҒА Философия институтына аспирантураға түсіп, 1963 ж. кандидаттық диссертациясын қорғайды. 1964 – 1971 жж. ҚазКСР ҒА Философия және құқық институтында ғылыми қызметкер, 1971 – 1976 жж. ҚазМУ-дің Философия және этика кафедрасының меңгерушісі, 1976 – 1995 жж. ҚазКСР ҒА Философия және құқық институтының Әлеуметтік философия және антропология бөлімінің меңгерушісі (1992 ж. бастап ҚР ҰҒА Философия институты) қызметтерін атқарды. 1983 ж. Мәскеуде «Тұлға этикалық мәселе ретінде» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғайды. 1995 ж. Қазақ мемлекеттік заң университетінің құқық философиясы кафедрасының меңгерушісі, 2005 жылдан қазіргі кезге дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия кафедрасының профессоры. Ғ.Ғ. А-тің жетекшілігімен 25 ғылым кандидаттары мен 7 ғылым докторлары диссертациялар қорғады. 100-ден аса ғылыми мақалалардың авторы. Негізгі еңбектері: «Проблемы формирования сознания личности» (1972), «Проблемы нравственного развития личности» (Братислав, 1973), Проблемы субъекта и объекта философии» (1975), «Природа нравственного конфликта» (Берлин, 1982), «Я и общество» (1989), «Сознание в социокультурном контексте» (1993) т.б.
АҚПАРАТ, информация (лат. informatio – түсіндіру, баяндау, хабардар ету) – 1) істің жағдайы, қандай да болмасын оқиға немесе біреудің қызметі туралы хабарлау, мәлімет беру; 2) ХХ ғасырдың ортасынан бастап адам мен адам, адам мен автомат, автомат пен автомат арасындағы деректер алмасуды, жануарлар мен өсімдіктер арасындағы сигналдар алмасуды, тұқым қуушылық белгісін бір клеткадан басқа бір клеткаға, бір ағзадан (организмнен) екінші бір ағзаға жеткізуді қамтитын жалпы ғылыми ұғым; 3) кибернетиканың негізгі ұғымдарының бірі. Ақпарат үздіксіз (аналогты) не үзілісті (дискретті) болуы мүмкін. Ақпаратты жеткізу, қабылдау, түрлендіру және сақтаудың жалпы мәселелерімен ақпарат теориясы айналысады. Ақпаратты зерттеуде математикалық статистика әдістері де қолданылады. Әдебиет: ҚҰЭ. Т.1., 201 б.
АҚПАРАТТЫҚ ҚОҒАМ (лат. іnformatіo – түсіндіру, хабарлау) – 1945 жылы жапон ғалымы Е.Масуда енгізген термин. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дамыған елдердегі капитализмнің бұрынғы индустриалдық капитализмнен бөлек екендігі айқындала түсті. 1960 – 70 жылдары Батыс ғалымдары (Д.Белл, Р.Арон, З.Бжезинский, О.Тоффлер, Рим клубы өкілдері т.б.) принципті жаңа қоғам қалыптастыру туралы ілімдерін көпшілікке ұсынады. Оны әртүрлі атаулармен атады: супериндустриялық өркениет, постиндустриалдық қоғам, технотронды, телекоммуникациялық, ақпараттық қоғам. 1990 ж. шыққан Д.Нэсбит пен П.Эбурдиннің «Мегатенденциялар. 2000 ж.» еңбегінде жаңадан қалыптасып келе жатқан өркениеттің төмендегідей басым бағыттары аталып өтті: 1) жаңа жоғары технологиялар; 2) социализмнің кейбір элементтерін еркін нарықтық қатынастармен үйлестіру; 3) әмбебапты өмір салты және мәдени ұлтшылдық; 4) жеке және мемлекеттік дәулеттіліктің ұштасуы; 5) өнер мен көркем мәдениеттің өркендеуі: 6) діни жаңғыру; 7) тұлға марапаты. Өркениеттіліктің басты тірегіне әмбебапты ақпараттандыру жатады. А.қ. тіршіліктің барлық салаларын қамтып отыр: техникалық салада – жаңа ақпараттық технологияларды өндірісте, іскерлік қатынастарда, білім беру саласы мен күнделікті тұрмыста қолдану; экономикалық салада ақпарат ең басты тауарға айналды, әлеуметтік салада ақпарат өмір сапасын көтерудің негізгі құралына айналды; саяси салада ақпараттың еркін және ғаламдық алмасуы демократия мен азаматтық қоғамды насихаттады, мәдениет саласында А.қ. жетістіктері мәдени сұхбат пен құндылықтар алмасуына себебін тигізді. Ақпараттың принципті жаңа түрлері адамзат мәдениетінің жазу бітімінен экрандық мәдениетке ауысуына негіз болды. Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Әлеуметтік философия. Т 17. Астана: Аударма, 2005: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004.