Ақыл, Интеллект (лат. Intellektus – түсінік, таным) – мәселелерді тануға, ұғынуға және шешуге жалпы қабілеттілік. И. ұғымы тұлғаның сезіну, қабылдау, есте сақтау, ұғыну, ойлау, қиялдау сияқты барлық танымдық қабілеттерін біріктіреді. Академик Н.Н. Моисеевтің айтуынша, И. ең алдымен, мақсат қою және сол мақсатқа жететін ресурстар мен стратегияларды жоспарлау. И-тің бастапқы нышандары жануарларда да болады және осы деңгейде де И. мақсат қою және мақсатқа жету арқылы жануарлардың дамуына ықпал еткен және ықпал етеді. И. ықпалы бір адам өмірімен шектелмейді. homo sapiens түрінің интеллекті дамығаны сонша ол оны жанурлар әлемінен бөліп әлеуметтік және өркениеттік дамуға көшірді. В. Прайдтың айтуынша, И. адамзат дамуының қазіргі және келешектегі динамикасын анықтайды. И. қабілет ретінде басқа қабілеттер арқылы жүзеге асады. Олар тану, үйрену, қисынды ойлау қабілеттері, зерделеу арқылы ақпаратты жүйелеу, оның пайдалылығын анықтау, онан байланыстар, заңдылықтар және айырмашылықтар табу, ұқсас нәрселерді бір бірімен салыстыру. Адам ақылының мәнді қасиеттері ретінде ақылдың сыншылдығы мен тереңдігін, елгезектігі мен икемділігін, қисындылығы мен уэжділігін атауға болады. Ақылдың кейбір қасиеттерінің дамуы бір жағынан генотипіне тәуелді болса, екінші жағынан өмірлік тәжірибесіне байланысты. Тоталитарлы әлеуметтерде тар ойлау шеңбері пайда болады, ол өз өзіне тек мансапқор, пендеуи мақсаттар қою, ол зердеуи балаңдыққа әкеледі. Тұлға тек топтық, тобырлық стереотиптермен тірлік етеді. И. мазмұнында деформация пайда болады. Ондайда ой ригидтік нәрсеге айналады, өзгеріске көнбейді, бәріне тек шаблонмен қарайды. Бұл интеллектің басты қасиеттерін жоғалтумен бірдей.
АҚЫН – поэзиялық шығармаларда (өлең, жыр-дастан т.б.) ауызша айтып не жазып шығаратын өнер иесі, халықтың көркемөнер мәдениетін қалыптастыратын тұлға. Көшпелі қоғамда әлеуметтік пікірді жеткізуші. Қазақтың сөз мәдениетінде жырау, жыршы, өлеңші сияқты тұлғаларды қамтыған. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде шынайы А. өзінің суырып салып өлең айтуымен дараланған. Ол өлеңді, жырды домбыра немесе қобыз сияқты музыка аспаптарының сүйемелдеуімен орындаған. А-ға тән қасиеттер: а) ескіше оқыған, көп білетін адам; ә) қасиет пен құндылықтардың бейнешісі, суретшісі, демеушісі, жасаушысы, содан әлеуметтік мәртебесі жоғары дара тұлғалыққа ие болды; б) халықтың көркемдік талғамын қалыптастырып, жалғастырған сөз шебері, ауызша жырлап не жазып шығаратын өнер иесі; в) А. айтыста тіршіліктегі ащы-тұщының себепті байланысын есінде сақтады, реті келгенде ашық, жанға батыра еске салды. Оның асыл сөзі – ақиқаттың айқын үні, ойшылдың өткір ойы. Оның серпілісі өз қиялынан, таным объектісінен қанат тапты, нақты оқиғаны өрнектеуімен көп құлағына жақты. Әрекет бастауын адамдыққа және бітімге арнады. А. тойда, ойын-сауықта көптің іліп аларына көңіл бөлді. Ол бұралқы сөзбен емес, батыл оймен, әнді дауыспен көпті өзіне қарата алды. Мұндай тұлғалық пен тектілік қазақы танымды ерекшеледі.Тілдері нық, ойлары анық болды. Ашық сөз саптауда немесе жарыста сөзін жинақы таратты, ойын тартымды, әдет-ғұрыптың жағымды, оң жақтарын жеткізумен көптің көңілін жаулап алды. А-дар туралы «Тәңірі қуат берген, Тәңірі жарылқаған шабыттылар» деген түсініктер таралған. А-ның жаны таза. Жаны тазаның ағартушылығы арыдан басталады. Оның талғамы, ой өрісі, мәдениеті көп алдында сыннан өтті, ширатылды. А. дүние танымын, адамдармен қарым-қатынасын, нені сүйіп, нені жек көретінін, кімнен үйреніп, кімнен жиренгенін де дер кезінде нақышына келтіре өрнектеген. Шығармаларының көпшілігінде заман туралы айтады, шындықты айтып, халық қамын білдіреді. Осы тұрғыдан қазақтың жаман мінездерін, ескі қалдықты, билердің үстем қылықтарын сынайды. Бұл А-дық қабілет пен мұратқа тән ерекшелік. А. қабілеттің арқасында табиғатқа тіл бітіп, адамның тұла бойындағы құдірет, бас бостандық, ел мен жер танытқан шындық (Шал, Шернияз, Мәделі, Ақмолла, Майлықожа, т.б.) көріністері ашылды; ел мұңы, заман зары мен жыры (Махамбет, Дулат, Шортанбай,т.б.) ұрпақтар жанында әрдайым жаңғырды. Сергек ойлы ақындар, сыршыл әншілер, ұғымтал сазгерлер (Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса,) қазақ музыкасының мазмұны мен түріне, орындаушылық өнеріне көптеген жаңалықтар енгізді. Қазақы таным алдағы күнге деген үмітімен, өткен күнге деген сағынышымен ерекше.А. алдымен өз басы мен болмысының иегері болды, адамдық туралы ойланды, адамгершілікті түсіндіріп бақты. А-та елге, жерге, ағайын-жұртқа деген сезімталдық, сүйіспеншілік, сенімділік үнемі және үлгілі тұрғыда таратылады. Әдебиетте А-ды – әнші А., айтыскер А., жазбаша А. деп жіктеушілік орын алған. А-дық жырау мұраты – шығармашылық қажеттіліктен туындайтын көркемдік пайымдаумен және субъективті сапалықпен, яғни, өзін ұрпақ-ұлтымен үйлестіретін және еліне қызметін тездететін ізденістермен үндес. Мұндай тұлғалық пен тектілік қазақы танымды ерекшеледі. А-дық білімді өндіру қабілеті, тіл шеберлігіне деген жауапкершілік. Онда адамның тұлғалық деңгейі мен тіршілік тұтастығын жеткізетін, тұрмыс-салт мұқтаждарын көрсететін кемелдік айқын. А-дықта тіл мен білімнің жетілу эволюциясы қатар жетіледі. Өйткені А. халқымен тілдеседі, заманымен үндеседі. Тұлғалық пен тіршілік тұтастығын, тіпті халықтың идеялық, рухани біліктілігін нығайту – А-дық толғаныстың мәңгі тақырыбы. Оның басты бір сырын А. Байтұрсынов: «Ертедегі адамдардың табиғаттан ұзап кеткен жері болмаған соң адамның өзі де табиғатпен қатар, табиғатпен жалғас, сабақтас өзектес сияқты күйде өмір кешкен» деп түйіндейді. А. номадалық мәдениеттің синкреттік тұлғасы, ауыз әдебиетінің халық дәстүрлерін сақтаушы. Сондықтан олардың көрнектілерін «халық ақындары» деген (Нұрпейіс, Кенен, Жамбыл т.б.). Халық ақындары тек қазақта емес, сонымен бірге тыныс-тіршілігі ұқсас қырғыз, қарақалпақ, башқұрт, түркімен сияқты халықтарда да бар. Ақындық өнер қазақтың жазба әдебиетінде де жалғасқан. Жазба әдебиетіндегі А-дар бұрынғы фольклордың құндылықтарын сақтай отырып, заманның жаңа талаптарына сай жанрлық, стильдік, көркемдік, идеялық-мазмұндық өзгерістерге барған (Абай, Шәкерім, Мағжан, С.Торайғыров, С.Сейфулин, М.Шаханов, О.Сүлейменов т.б.). Зерттеушілер қазақ поэзиясының тарихи кезеңдеріне, мәдени ақпарат беру тәсілдеріне, стилі мен жанрына қатысты А-дарды жыршы ақындар және жазушы ақындар деп екі топқа бөледі. Қазіргі күндері ауызекі ақындарды шығарм. ерекшеліктеріне байланысты: айтыс ақындары, әнші ақындар, термешілер т.б. жіктеп таратады. Әдебиет: И с м а и л о в Е. Ақындар., А., 1956. Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Мәдениет философиясы. Астана: Аударма, 2006: Қазақ этикасы мен эстетикасы. Т 12. Астана: Аударма, 2005. Мәдени-философиялық энциклопедия. Алматы: Раритет, 2007.
АЛГОРИТМ (Орта Азия математигі әл-Хорезмидің арабша есімінің латынша algorithmi деп берілуінен шыққан) – бастапқы берілген мәліметтермен бір мәнде анықталатын нәтиже алу үшін қай амалды (жұмысты) қандай ретпен орындау қажеттігін белгілейтін есептерді (мәселелерді) шешу (математикалық есеп-қисаптарды орындау, техникалық обьектілерді жобалау, ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу, т.б.) тәсілдерінің дәл сипаттамасы. Әдебиет: ҚҰЭ. Т.1., 258 б.
АЛҒАШҚЫ САПАЛАР – Р. Бойль мен Дж. Локк енгiзген ұғым. Таным теориясының негiзгi ұғымы ретiнде А. с. жайындағы iлiмдi жасаған Дж. Локк болды. А. с. затқа тән және оның объективтiк сипатта болатын қасиеттерi (қозғалыс, тыныштық, өткiзбеушiлiк, фигура, ұзақтық). Механикалық материализм затқа тән кеңiстiк және уақыт тұрғысындағы сападан басқа сапалардың барлығын бекерге шығарады. Локк барлық сапаларды алғашқы және туынды деп екiге бөлдi. Туынды сапалар затқа тән емес, субъективтiк елес, қиял ғана, шындық дүниеде болмайтын, субъективтiк сипаттағылар – түс, иiс, дәм, дыбыс. Туынды сапалар адам санасына және оларды қабылдаушы субъектiге толық тәуелдi. Барлық сапаларды алғашқы және туынды сапа деп, объективтiк және субъективтiк деп бөлу, сөйтiп, оларды бiр-бiрiне қарсы қою – Локк мате-риализмiнiң үлкен олқылығы. Өйткенi сапа мен сан арасындагы байланыс бұл ұғымнан әлдеқайда күрделiрек. Барлық сапалар объективтi. Сапа заттың iшкi айқындығынан, сезiмдiк сипаттарының, қасиеттерiнiң тұтастығы мен жиынтығынан көрiнедi. А. с. жайындағы Локктiң iлiмi кейiннен Беркли, Мах, Авенариустың және Юм мен Канттың таным теорияларына арқау болды.