Рахат – Ертедегі грек ойшылы Эпикур адам рахаттану үшін өмір сүруі қажет деген екен. Р. бақыттың ажырамас бөлігі болса, азап бақытсыздықтың серігі. Р. шынайы және жалған болуы мүмкін, шынайы рахат адамның рухани өмір сүруінің басты арқауы. Шынайы Р-тың бірнеше түрі бар. Олар дене қажеттіктерін өтеу (тамақтану, сусындау, ұйқы, т.б.). Оларды тән Р–тары деп атауға болады. Бұлар хайуанаттар әлемінде де кездеседі. Р–тың енді бір көрінісі – жан Р-ы. Ол білсем, көрсем, үйренсем екен деген түсінік. Бұл екеуі де бала кезден ерекше байқалып жүрген Р-тың түрі. Кішкентайдан қалыптасқан жан Р-ы, ес кіріп, етек жапқан кезде тән Р-ының құлына да адамның айналып кетуі де мүмкін. Осыдан барып басқаның азабына рахаттану, нәпсіқұмарлық, қатыгездік, өзін-өзі қинаушылық пайда болып, жалған Р-тар адам өміріне қайғы мен қасірет әкелетін кездері де болады.
Рахымдылық– қайырымдылықпен егіздің сыңарындай болып келетін жақсы қасиет. Иманды адамның басты қасиеті – оның Р-ғы. Қасиетті Құран Кәрімде: «рахым, рахмет – жақсылық, ізгілік, мейірім, қамқорлық» делінген. Үйде де, түзде де басқаларға ерекше бір мейірімділікпен қарау, олардың қамын ойлау, жан ашырлық пен қамқорлық жасай білу – Р. Үлкеннің кішіге қамқорлығы, кішінің үлкен алдындағы ізеттігі, баланың ата- анаға деген мейір-шапағаты Р-тың тамаша көріністері. «Ағасы бардың жағасы бар», «інісі бардың тынысы бар» дегенмен кісінің Р-ғы тек өзінің жақын туған-туыстарына ғана емес, сонымен бірге бүкіл адамзатқа арналуы тиіс. Әсіресе, мүгедек, әлжуаз, жарлы-жақыбай кісілерге Р. жасау керек. Құранда да ондай кісілерге жәрдемдесу қажеттілігі ерекше ескерілген. Р-қа қарама-қарсы жаман қасиет – Р-сыздық. Ондай адам басқалардың тыныс-тіршілігіне немқұрайды қарайды. Ол тек өзі үшін, өзінің жеке басының баюы үшін ғана өмір сүруді ұнатады. Р-сыздықтың тағы бір көрінісі – адамға жаны ашымаушылық. Р-сыз бала ата-анасымен, ұстазымен, басқалармен дөрекі сөйлеседі, бейпілауыз келеді. Ол көп жағдайда өз қылығының әдепсіз екенін біле тұра, айылын жимайды, әдеп, ұят дегенді жинап қояды. Р-сыз атаулыдан сақтану керек. Әр кезде басқаға Р-ды болуға тырысу қажет. . РахматуллинҚасым Халиуллинович(1920 – 2008). Р. Қ. Х. 19 қыркүйек 1920 ж. Қостанайда, теміржол саласындағы жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1928 ж. бірден екінші сыныпқа түсті, ал 1932 ж. – Қостанай педагогикалық техникумына және 4 жылдан кейін (7 жылдың орнына) оқу үздігі ретінде бастауыш мектеп мұғалімі аттестатын алды. 1935 ж. Қ.Р. Қостанай облысы Жетіөзен ауданы жетіжылдық мектебінің директоры болды. А.С.Пушкин ат. Орал пединститутының география факультетіненде өзінің білімін жалғастырды. Чкаловскідегі әскери училищені аяқтағаннан кейін, I-ші Украин майданының артиллерия полкының взвод командирі ретінде соғысқа аттанды. 1951 ж. Қ. Р. ҚазКСР ҒА философия секторының аспиранты атанды. «Кеңестік ғылым дамуы үшін сын мен өзіндік сынның дамуы» (1955 ж.) тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын табысты қорғағаннан кейін Құқық институтында, Алматы жоғары партия мектебінде оқытушылық қызмет атқарды. 1968 ж. Р. К.Х. «Астрономиядағы даму принципі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 1969 ж. профессор атағын алады. 1971 ж. Күзінде Қазақстанның Орталық комитеті Қ.Х-ті С.М. Киров атындағы ҚазМУ философия кафедрасының меңгерушісі ретінде жолдайды, бұл жерде жиырма жылға жуық меңгерушілік етеді. Оның жетекшілігімен 50-ден аса адам кандидаттық және докторлық диссертация қорғады. ҚазСРО Жоғары Кеңесінің Мақтау қағазымен екі мәрте марапатталып, 1984 ж. «ҚазСРО ғылымының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы беріледі. Негізгі ғылыми еңбектері: Диалектический материализм и современная астрономия. – Алматы, 1965; Дүниенің қазіргі заманғы ғылыми картинасы. – Алматы, 1985; Принципы диалектики. – Алматы, 1994.
РАССЕЛ Бертран (1872-1970) – ағыл. философия, логика, социолог-моралист, қоғам қайраткері. Р. қазіргі матем. логиканы дамытуға елеулі үлес қосты. Ол қатынастар логикасын дамытты, логикалық рәміз тілін жетілдірді. Уайтхедпен бірге Р. ғасырдың бас кезінде Фрегенің ізінше математиканы логикалық негіздеуге әрекет жасады (Логицизм). Оның қаламынан жаратылыстанудың филос. мәселелері жөнінде бірқатар еңбектер мен әртүрлі социол. Тақырыптарға арналған көптеген эссалар туды. Р. философия ғылымның, діннің және дағдылы сананың арасындағы «бейтарап жерді алып жатады, ал философияның мәні логикада, логикалық талдауда деп санады. Р. ағыл. неореализмінің, неопозитивизмнің бір түрі– «логикалық атомизмнің» негізін қалаушылардың бірі. Р. бойынша, адам сезімдік деректермен істес болады, олардың сыртында әлдебір тәуелсіз сезімдік элементтер («сенсибилиялар»), әлдебір «фактілер» немесе «фактілердің» агрегаттары тұрады. Фактілерді физ. деп те, психикалық деп те санауға болмайды – олар бейтарап («бейтарап монизм»). Р. бойынша «бейтарап монизм» кезеңінде эмпирикалық жағынан дәлелденетін нәрсені таза физика саласына емес, физиканың психологиямен ұштасуына жатқызу керек, ол қандай болса да эмирикалық ғылымның елеулі құрамдас бөлігі ретінде қарастырады. Негізгі шығармалары: «Біздің сыртқы дүниені тануымыз». 1915, «Ақиқаттың маңызын зерттеу». 1940, «Адам танымы, оның өрісі мен шекаралары». 1948